Майқы би (ХІІ – ХІІІғғ.) – халықтың ауызша тарихының айтуында, Шыңғысты хан көтеруге қатысқан атақты 12 бидің бірі. Әділ билігімен, тапқыр шешендігімен бүкіл қазақ қауымының арасында атағы шыққан адам. Халық арасында: «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» деген ескі сөз бар.
Шежіре деректері бойынша Ұлы жүздің түп атасы Ақарыстан Ұзынсақал Ыбрайым, одан Кейкі, одан Төбе би, одан Қойылдыр, Қоғам, Майқы, Мекре тарайды. Майқы есімі қазақтардың шығу тегіне қатысты көптеген аңыз әңгімелерде кездеседі. «Қазақ Совет энциклопедиясында» оның Шыңғыс ханның ел бастау ісіне көмектесіп, ақылшысы, өзі жорыққа аттанғанда орнына қалдыратын биі болғаны, Жошы ханның Батысқа жасаған жорығында моңғол әскерінің он қанатын басқарғаны айтылады. Осыған қарағанда, Майқы би жас жағынан Шыңғыс ханмен қарайлас, болмаса ептеп үлкен болуы мүмкін.
Ал қазақ аңыздары оны одан бірер ғасыр кейін жасатып, қазақтардың үш жүзге бөліну кезеңінде үлкен рөл атқарды дегенді айтады. Мұнда Майқы би Орманбек би өліп, он сан Ноғай елі бүлінгенде, қазақ ұлысын құрған тарихи қайраткер есебінде көрсетіледі.
Майқы би қазақ руларын үш жүзге бөліп, Үйсін бастаған бөлікті Ұлы жүз, Арғын бастаған бөлікті Орта жүз, Алшын бастаған бөлікті Кіші жүз деп атайды. Ноғайлы хандарының бірі – Қызыл Арыстанның баласы Ахметті Ұлытауда үш жүздің ханы етіп көтереді. Ол ұлысқа кірген 40 руға таңба таратып, таңбаны әр рудың ерекшелігіне қарай белгілейді. Ұлыс туын ұстаған Үйсінге «жалау», ортада жүрген Арғынға «көз», жауға алдымен шабатын Алшынға «найза» таңбасын берген. Аталмыш 40 рудың таңбасын жартасқа қашатқан. Кезінде «Майқының таңбасы» деп аталған бұл таңбалы тас кейін жер атымен «Нұра таңбасы» аталып кеткен.
Майқы би қазақ ұлысын құра отырып, кейінгі ұрпақтарына: «Хан ақылды, әділ болса, қарашасы ынтымақты, батыл болса, қара жерден су ағызып, кеме жүргізеді... Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, ел болуды ойлаңдар» деп өсиет қалдырған.
Ел аңыздарының деректеріне қарағанда, Майқы бидің өз заманында ел қамын ойлаған үлкен ойшыл адам болғаны аңғарылады, халықтың әдет-ғұрып, салтын, жол-жоралғысын заңға айналдыруда Майқы бидің орнының ерекше болғаны көрінеді.
Майқы биді өзбек, татар, башқұрт халықтары да өз биіміз деп есептейді. Бұған шежіреде көрсетілгендей, Төбе биден тараған Қойылдыр, Мекре есімді балаларының осы халықтардың арасына барып, сіңісіп кетуі себеп болса керек.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі