Алғыс сөз
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Сүлеймен Баязитовтің аталмыш кітабына «Жарылыс» атты романы еніп отыр.
Роман оқиғасы Павлодар, Баян өңірінде, тіпті тұтастай қазақ даласында кеңестік кезеңдегі байларды кәмпескелеу, аштық ұйымдастыру, қуғын-сүргін, Ұлы Отан соғысы, Семей ядролық полигонындағы алғашқы атом сынағы, тың игеру, бір сөзбен, қазақ халқының басынан кешкен ауыр да азапты жылдар роман кейіпкерлері Әділ, Ғайша, Айтқожа, Валя, Әнуар, Адольф, т.б. тағдыры арқылы сөз болады.
Автор боямасыз өмір шындығын шама-шарқынша әділ бейнелеуде. Атомсыз әлемге жол ашқан Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 1991 - жылдың 29 - тамызындағы «Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы туралы» № 408 - Жарлығы романның толғақты түйіні ретінде ұсынылуы автордың сәтті шешімі екені деп білеміз.
Сүлеймен Баязитов 1944 - жылы Баянауыл ауданына қарасты Ж. Шанин елді мекенінде өмірге келген. Оның - 5 повесі, бірталай поэмалары бар. Әдебиетсүйер қауым оны балалар ақыны ретінде де біледі.
Тәуелсіз Қазақстан қазіргі заман әдебиетінің үш томдығының бірінші томында .... 2016 - жылы Москва «Художественная литература» баспасы топтама өлеңдері жарық көрді.
2014 - жылы «Қазақмыс» тобы компаниясы Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырған балаларға арналған әдеби шығармалардың «Балауса» бәйгесінде жүлделі 3 - орын иегері атанды.
С. Баязитов Омар Хайям, П.Неруда, Ф.Тютчев, Л.Украинка, Р.Бехер, И.Вашингтон, М.Твен сынды әлем әдебиеті классиктерінің поэзиялық және прозалық шығармаларын қазақ тіліне аударды.
Жергілікті орыс ақындары О.Григорьеваның, Е.Игнатовскаяның өлеңдерін тәржімалады.
Жарылыс
(роман)
Осы еңбегімді қызығымды
көре алмай кеткен ардақты
әкем Құттыбайұлы Баязитке,
аяулы анам Бәженейқызы
Шалатайға арнадым.
(автор)
Қыр төсі қыс құшағында. Таулы - тасты өңірдің біріне-бірі иық тірестіріп жатқан биік шоқылары мен адырларының ара – арасында кездесіп қалатын алақандай жазық алқаптардың жабағы жүндей ұйысқан қалың қары қазекең «бір беті мүйіз, бір беті киіз» атандырған наурыз айы келіп жетсе де, әлі жіпсір түрі жоқ. Тіпті, осы ай басталғалы қыр елі қыс бойы көрмеген боран мен аяздан көз ашпай-ақ қойған.
Қар басып, сары аяз сақылдап, мүлгіп жатқан сол дала төсінде үш салт атты, бір ат жеккен шаналы жолаушылар келеді. Ат үстіндегілер үнсіз, тек шанаға жегілген аттың божысын ұстаған қатпа қара жігіт ағасы ара-тұра өзінен сәл әрірек отырған орыс жігіті мен келіншегіне:
– Не замерзал, смотри?! - деп тіл қатып қояды. Онысын мына ат үстіндегілер естісін дегендей көтеріңкі леппен айтады. Аналар әлдене деп міңгірлейді. Ал ат үстіндегілер болса мұның өзіне де, сөзіне де, тіпті ауылдан шығар-шықпастан торғайдай бүрісіп сала берген, қазір де тістері тістеріне тимей қалтырап тоңа бастаған шана үстіндегілерге де мән беріп келе жатқаны шамалы. Әрқайсысы сар дала төсінде шамадан тыс сақылдаған сары аязбен алысып, біресе домбыға бастаған бет-ауыздарын, біресе қолдарын ысқылап әлек. Жиі - жиі аяздан жүздерін теріс бұрады.
– Апырай, анау көрінген Ақкезең ғой, содан бір аман - есен асып түссек, - деп терең күрсінген колхоз бастығы Бөлекбайдың дауысы ауыл орталығынан шыққаннан бері үнсіз келе жатқан салт аттыларды бір серпілтіп тастағандай еді.
– Несін айтасың, абырой болар еді - ау, - деп қостаған оны қызыл шырайлы өңіне кеудесіне төгілген ақ сақалы әр беріп тұрғандай болып көрінетін кіші мал дәрігері Шақан. Осы сәт зоотехник Дастан сөзге араласқан.
– Ал, Шақа, ендігі жолды өзіңіз бастаңыз, біз сіздің ізіңізбен жүріп отырайық, ана шанадағылар да сүйтер.
Ақкезеңге іліккен жерде қар тіптен қалыңдап сала берген. Жол бойғы қарды қалың деулерінің өзі артық екенін енді ұғынған жолаушылар бірінің соңынан бірі ілбіп, қалың қарды әлді аттың омырауымен талқандап, сеңгір сеңді бұзған кемедей алға баяу жылжып келеді.
Өрдің орта тұсына жақындаған шақта Шақанның астындағы ақжал айғыр мұнан әріге жүрер шамам жоқ дегендей басын төмен салбыратып, қанша қамшыласа да, аяғын адым аттап баспай тұрып қалған.
– Қой енді, мен біраз алға түсейін, - деп колхоз бастығы Бөлекбай атын тебінген. Әлсін-әлсін бауырына дейін қарға малтыға сіреу болып қатқан қатты қарды бұза-мұза ышқына ұмтылған бәйгекер де әлден соң қос құлағын қамшылап, аяғын қалың қардан суырып ала алмай ышқына кісінеген.
Мына қалың қардан аттың өзін алып шыға алмасын бірден ұққан Бөлекбай жан дәрмен ерден аударыла түсіп, қалың қарға малтыға шылбырға жармасып, жан ұшыра қаншама улап-шулап алға жетелесе де басын оңды-солды шайқап, дір-дір еткен ат орнынан қозғалар болмады.
Бұдан нәтиже шықпасын ұққан Шақан бәйгекердің жонынан қамшымен салып-салып жіберген еді. Онсыз да сіреу қардан адым аттай алмай шошынып, дірілдеп, қалтырап үркіп тұрған бәйгекер жонына қамшы тиген сәтте соңғы күшін сарқа, ышқына алға қарай қарғи атылғанда шылбырынан ұстап демеп тұрған Бөлекбайды омырауымен қағып кетіп мұрттай ұшырған. Қолындағы шылбырдан айрылып қалған ол ойға қарай доптай домалай жөнелді.
Абырой болғанда, бәйгекер тағы да сіреу қарға кептетіліп, тұрып қалған еді, әйтпегенде талай аламан бәйгеде шашасына шаң жұқпай топты жарып жүлде алған оны жуыр маңда ұстап алулары да екіталай еді.
Қалың қардан аяғын ала алмай, үсті-басынан тамшылаған тері бауырына сіреу мұз болып қатып, жон арқасын ақ қырау көмген құс қанатты есті жануар жаңа ғана шылбырынан жетелеп, өзін жанын мұрнының ұшына жақындатқан мына бір беймәлім құрсаудан құтқаруға жан салып жүрген иесінің шапанының шалғайы желпілдеп әлденеден төмен қарай домалап бара жатқанын көргенде неге екені белгісіз қыстыға кісінеді. Тіпті, шамасы жетсе қалың қарды талқандап шыққысы келгендей.
Тек орнынан қозғала алмаған. Бұл сәтте салт аттылардың біреуі бәйгекерді ұстауға ұмтылса, екіншісі орнынан сүлелене тұрып, қойны-қонышына толып кеткен қарды қағып, әлек болып жатқан Бөлекбайдың анадай жерге ұшып кеткен тымағын әперіп, басына кигізген.
Ал шана үстінде көздері өлгелі жатқан қойдың көзіндей бозарып, тістері-тістеріне тимей дірілдеп, қалшылдап, саудалары бітуге шақ келе жатқан жігіт пен келіншек шанадан түсе қалып олай-бұлай жүгіріп, алысып, секіріп, бойларын жылытып, бір жағы жол бойында әлек-шәлектері шығып әуреге түсіп кеткен жол басшыларына қарқылдай күліп, мәз болған еді.
Шанаға көшір болып келе жатқан «Көпшілік» колхозының есепшісі, Есентай Бәдіғұловтың айтуынша, Панкрат Пангурин аз-кемсіз молдаван халқының тыңға жіберген өкілі көрінеді.
Ол Молдавияда талай жыл қой бағып, ақтылы қой түлігін дамытуға адам айтқысыз үлес қосқан, тіпті ашқан жаңалығы да барға ұқсайды. Ал оның әйелі Варвара Цветкова да малдың жайын өзінен артық білмесе, кем білмейтін көрінеді. «Міне, осындай іскер де білгір мамандардың басқа колхозға емес, тура «Көпшілік» колхозына тап болуы мұндағы кетеуі кете бастаған тірлікті қиюластырып, ақтылы қойды әлі күнге дейін ата-баба дәстүрі деген сайтан алғыр тәсілмен бағудан көз ашпаған, шілде, тамыздың өзінде қаудыраған ақ тондары иіндерінен түспейтін, қырықтың қырқасынан сәл асса болды, сала құлаш сақал қоятын надан қойшылардан бірте-бірте арылтып, істі жаңаша, тіпті ғылыми негізде ұйымдастырудың бастау көзі болмақ», – дейді Есентай желдей есіп.
Мұны естігенде колхоз активінің кейбірі соншама іскер, білімдар бола тұрып бұлардың жел айдаған қаңбақтай бір-ақ күнде асулы қазан, тігулі үйлерін тастап көтеріліп жүре бергендеріне жол болсын. Жастықтың әсері ғой дейтін аса жас адамдар да емес, әлде...
Отырған орындарынан су шықпаса да шу шықты ма екен, әйтпесе қияндағы Қазақстанға мына қыс көзі қырауда қой бағамын деп келгендері қай сасқандары десіп, өзара күңкілдескен.
Кейбірі өздерін толғантқан сауалдарына жауап алуға да оқталған, тек олардың білетін орысшаларының бас-аяғы «здрасти» -мен шектелетін. Ал мұның патриот Панкрат жолдаспен жөн сұрасуға тіпті аз екендігі белгілі.
Кейбіреулері Есентайға қыңқылдап көріп еді, ол: «Сендердің күдікке толы шатпақтарыңды Панкрат жолдасқа аударып беремін деп ұятқа қала алмаймын, мыналарың чистай саяси сауатсыздық, райком естісе не демек?» – деп өздеріне бастырмалата жөнелген соң ауыздарын жапқан. Қорлық-ай десеңші, біреумен жөн сұрасу үшін екінші біреудің аузына жапақтай қарап: «Әй мынауың не дейді, айтсаңшы енді бұлданбай!» – деп саңырау, сақау адамдай емініп отырғаннан асқан азап жоқ екенін кім білген. Тіпті, біле қалған күннің өзінде түбің түскір орысшасы құрғырды алты қырдың астында жатқан алыстағы қазақ ауылына кім келіп үйрете қойсын?..
Жолаушылар аттарын жаяу жетелеп онан әрі жылжыды. Жаңа ғана үсіп қалуға шақ келе жатқан олардың қай-қайсысы болмасын бұл сәтте қарға малтыққан аттарды сүйрелей-сүйрелей қос өкпелері өшіп, өне бойларын ащы тер буып, алқына демалып келе жатыр еді.
Аяқ астынан көтеріле қалған ызғырық жел де оларға бір түрлі қолайсыз тиген. Оның үстіне қырдың жаяу борасыны айнала-төңіректі тұмшалап, басталып кеткен.
Бөлекең үсті-басын қағып, атына жақындаған тұста ерлі-зайыптылардың өзіне: «Ну и преседатель, ей богу как бочка», – деп қарқылдай күлгендерін құлағы шалып қалғаны.
Оның үстіне екі езуіне күлкі үйірілген Есентай: «Мына кісілер біздің Бөлекеңді тура бөшке сияқты», – дейді, деп аударған аналардың сөзін. Бұл сәтте председатель «бочка» деген сөзді орыс тілін білмесе де, өздерінше топшылап ұғынған Шақан мен Дастан жауар күндей түнеріп тұрған бастықтың алдында өздері айыпты болып қалғандай-ақ төмен қарап, жүздерін теріс бұрған.
Азамат атанып, ат жалын тартып мінгеннен бергі жерде ауылдың үлкен мен кішісі – Бөлеке, «Бөлеке» деп сыйлап келген бұған әлдебір келімсектерден ойламаған жерде «бөшке» деген сөзді есту мейлінше ауыр тиген. Жазықсыздан жазықсыз мына оспадарлар арына тиіп, қатты тілдегендей әсер еткен.
– Жә, шеттеріңнен жырқылдауларың жетер енді, -деп гүж ете түскен бұл. Атының тізгінін қолына ала беріп кімге айтқаны белгісіз: «Үлкен сыйлап көрмеген әдепсіз иттер-ай!» – деген назалана тіл қатып.
Ойпырай, бұрынғылардың «Ел іші– алтын бесік» дегендері айна-қатесіз рас екен-ау. Қарамағындағы жұрттың мынау ит тірлікте қысылған сәттерінде қол үшін беріп, қолтығынан да демеген болар, сөйте тұра қысастығы да, қиянаты да аз болмаған шығар, өйткені сұм тірлік, сұрқия өмір кімменен бет жыртыстырып, кімменен жүз шайыстырмады дейсің.
Тек солардың бірде-бірі мұны дәл осылай мазақ етіп күлмек былай тұрсын, бетіне тіке келіп көрген жоқ-ау, көрген жоқ. Тіпті, қос үйді қоса қондырмайтын дарақы атанған кей әйелдердің өзі кейде қатты ашуланып, шешіміне наразы болғанда: «Осыңыз обал емес пе?
Құдай бар болса түбі табар», – деп көз жастарына ерік берер еді. Мұндайда екі оттың ортасында қалғандай болған әлгілердің күйеулері:
-Бөлеке, ежелден-ақ «әйелдердің шашы ұзын, ақылы қысқа» демеуші ме еді, оның үстіне ашу үсті ғой енді, – деп жуып-шайып жатқандары.
Көп ұзамай әлгі әйелдердің өздері де: «Қайнаға, қайным, анда ашу үстінде әлденені артық ауыс айтсам кешірерсіз, сол күні өзім үйдегілермен қырық пышақ болып қырқысып отыр едім», -деп қиылып тұрар еді-ау.
Біздің сол дәуреніміз де алды-артына қарамай өтіп бара жатыр-ау, зайыры, деген ой өзегін оттай қарыды. Дүние есігін ашқанда ана сүтімен бойына дарып, әр саналы азаматқа өмірлік мирас болған үлкенді сыйлау, құрметтеу, кісі көңіліне қарау сияқты ұлттық тәрбиенің терең тамырына бара-бара жаңа заманның ашқарақ ақбас құрты түсерін осы күнге дейін елді алдында құрдай жорғалатып, тізгіндеп, тежеп келген ата-дәстүр аталатын ұлы үрдістің де күні өтіп, айы батып бара жатқанын тап басып білмесе де, Бөлекең іштей сезінген. Сонан да ет жүрегі сағызып, қабағын мұң торлаған. Бұл сәтте жолаушылар Ақкезең асуын артқа тастап қара жерге табан тіреп, өзара дабырласып аттарына міне бастаған.
– Жарықтық, бауыр десе бауыр-ау, қыс қанша қатты қар белуардан болса да міне осылай әманда қап-қара болып жатқаны. Ой, Алла-ай, бәрінен де жаңағы бірте-бірте көтеріліп бара жатқан жаяу борасынның бұл жерде өзі түгіл, ізі де жоқ екенін айтсаңшы, –деген Дастан таңдана сөйлеп.
– Есентай , енді сенің қар қуалап жүріп отыруыңа тура келеді. Саған шананың табаны сыдырылмай осы бауырдан аман қайтсаң сол олжа.
Шақанның бұл сөзіне жолаушылардың біразы кеңкілдей күлісіп, бір жасап қалған. Тіпті, ауылдан шыққалы жол азабын тартып тоңып, тарығып келе жатқан жүргіншілер қап-қара болып жатқан аймаққа табан тірегенде бір түрлі серпіліп сала берген.
– Құдайдың құдіретімен осы бауыр жаққа қар түсті дегенді естіген емеспін. Түскен қарды жел қағып, сай-сала, су ағарларға апарып тастайды, содан тобылғысы мен көдесі қыста да, жазда да сар самалмен баяу тербеліп жатқаны, нағыз ақтылы қойдың өрісі ғой, су көзі де жетерлік.
– Несін айтасыз, несін айтасыз, Бөлеке.
– Ей, вы что только между собой разговариваете? А что мы не люди? –деп шәңкілдей шыққан әйел дауысы жаңа ғана мамыражай басталып келе жатқан әңгімені кілт үзген.
– Әй , Есентай, суырдың айғырындай болған ана пәлең не деп шәңкілдеп тұр, айтып өлтірсеңші?!
Есентай бастықтың сауалын елемеген сыңай танытып, айнала төңірекке маңғаздана қарап, қолындағы божысын жинақтап, сонан соң барып: «Не дедіңіз?» – деген оған бұрылып. Бөлекең сауалын қайталаған.
–Бұл кісінің, –деген анау әлденеден қабағын түйіп, сыздана сөйлеп, – сіздердің қазақша гу-гу сөздеріңізден басы ауыра бастапты, сөйлесеңдер орысша сөйлеңдер дейді, – деген екпіндеп. Мұны естіген ат үстіндегілер бір-біріне аңтарыла қарады. Әлден соң барып колхоз бастығы:
– Мынанікі есіктен келіп, төр менікі деген сыңайлы болды-ау. Ойбай-ау, туғалы орысша бір ауыз сөз сөйлеп көрмеген біз енді бұлар ұқпайды екен деп аяқ астында орысшаны қайдан үйрене қоялық, мынаның сөзіне қарағанда, өз тілімізде сөйлеуді қоюымыз керек сияқты ғой, оның реті келе қоймас.
– Бөлеке-ай, осы сіздің бір нәрсеге тесіле, қазымырлана сөйлемесеңіз ішіңіз кебе ме? Турасына келер болсақ, сіздің орысша білмейтініңізге бұл кісі виноват па, оның реті келе қоймас деп қомпиуыңызға жол болсын. Онан да орысша білмесеңдер неге үйренбейсіңдер? Мына өзіміз үйрендік қой, ал үйренбейді екенсіңдер, жаман айтпай жақсы жоқ, түбі...
– Иә, орыс тілін табан астында үйренбесек итжеккенге айдаласың демексің бе? – деген Бөлекбай жүзі күреңітіп. Осылай бір қатты қыстығып ашуланғанда кімге де болсын «оттама» дейтін әдеті болушы еді, сайтан алғыр оттаманың дәл осы тұста ауызына сап ете түскені.
– Сіз кімге оттама дейсіз? – деп ананың да шап еткені. Маған ба, жоқ әлде ?.. Иегімен шана үстінде бүрісіп отырған әйелді мегзеп: «Анаған ба?».
– Керек болса екеуің де оттамаңдар! – деп Бөлекең ақырып жіберген.
Оның ащы дауысынан селт етіп бетіне қараған Варвара өңінің өрт сөндіргендей екенін көргенде Есентайдан:
– Бұл неге осыншалықты айқайлап, әңгірлеп тұр? – деп сұрады.
– Он материт вас, – деп сұқ саусағын оның кеудесіне қарай безей келіп, Есентай аузына түскен орысша былапыт, боқтық сөздің бірін соға салған. Сол екі ортада шанадағы екеудің өре түрегеліп, әлдене деп кіжіне, айқайлай сөйлей бастағандарынан не деп жатқандарын ұқпаса да, әлдебір жанжалдың бұрқ ете түскелі келе жатқанын аңғарған Шақан колхоз бастығына:
– Бөлеке, тер қатты ма, тісім-тісіме тимей, тоңуға айналдым, біз жүре берейік, Есентай жолды өзі біледі ғой, Қаражыраны тауып келер, енді алыс емес қой, – деп атына қамшы басқан. Олардың соңынан тарта жөнеліп, сәлден соң атының тізгінін іріккен Бөлекбай:
– Әй, Есентай, андағы кісілерді Қиманның үйіне апарып түсірерсің, –деп атын тебінген.
– Қыр төсін дүбірлетіп шаба жөнелген бұлардың соңынан қарап қалған ерлі-зайыпты Пангуриндер:
– Подождите, проклятые басмачи, мы еще с вами поговорим, еще как поговорим, –деп жұдырықтарын түйіп, кіжініп қала берді.
Сол сәт Есентайдың жүзі жайнап сала бергенін бұлардың бірде-бірі байқаған жоқ еді.
Тың игеруге Ресейден,басқа да одақтас республикалардан жұрттың ағылып келе бастауы Есентайдың Совет үкіметінің алғашқы жылдарында бас көтеріп, іле-шала естен танардай соққыға тап болған шенқұмарлық сайтанын мең-зең ұйқыдан түртіп оятқандай еді.
Кейде оңашада екі алақанына түкіріп:
– Е, тәңірім, бере гөр, бұлар осылай көбейе берсе, бастықтың да орыс тілін білетін адамнан сайлануы мүмкін ғой, мүмкін. Осы ой оның жан-дүниесін меңдеп алғандығы соншалық– күні кеше көрші колхозға есепші болып істеп жүргенде ішкен-жегенінің беті ашылып, заң орындарынан қырғидан үріккен торғайдай болып Бөлекеңнің қолтығының астын паналап, жан сақтаған Есентай енді, өзінше айтсақ, әкесі жасамаған жақсылықты жасаған сол Бөлекеңді есебін тауып, тезірек аттан аударудың амалын қарастыра бастаған.
Жайшылықта айлық есептің кезінде міндетті қызметі болғандықтан ғана атқа қинала, қынжыла қонатын Есентайдың осы жолы Пангуриндерге шананың реті болмағанда өзінің жылдар бойы мінілмей тұратын қара шанасын жегіп шығуында да ішкі есеп жоқ емес еді.
Оның, ең бастысы, өзінің сырын жете біле бермейтін сырттан келгендерді бір-бірлеп бауырыма тартсам, сонан соң оларды Бөлекбайға қарсы қойып, бағымды сынасам деген ой еді. Оның онысына Бөлекбайдың:
– Есеке мына Пангуринді Қаражыраға қоныстандырып, Әділдің отарын осыған санап өткізейік, бірге жүріңіз, –деп өтінуі дөп келген. Ал осылай шығар алдында Бөлекбайдың:
– Ендігі жерде қызмет істеу үшін орыс тілін білу керек болатын түрі бар-ау, – деп әлдеқалай айта салған бір ауыз сөзі Есентайға түбі орысша білетін сенің күнің туғалы тұр деген сияқты болып естілген...
Күні туғанда қандай, тек Бөлдекең кәрі қойдай тырыспай, тізгінді өз қолымен бере қойса, шыр көбелек айналдырар еді-ау. Тек бере қоюы екіталай-ау... Тәтті қиялға беріліп кеткендігі соншалық– ол қара жерге шананың табанының шақұр-шұқыр соғылып, жарқылдай от ұшқындағанын да алғашқыда аңғармай қалған.
–Қап, шананың табаны құрыды-ау!
Бұлар бастық айтқан Қиман қойшының үйіне келіп аттың басын тірегенде, малды ауылдың үстіне қоңыр кеш жаңа ғана үйіріліп келе жатыр еді. Қойын қоралап үйіне беттеген Қиманның мұғалімнің үйінің алдындағы қарғашада байлаулы тұрған екі-үш атқа көзі түскен.
Солардың арасынан ол бәйгекерді жазбай таныған.
– Е-е, бастық келген екен ғой, –деп ойлады ол. Жанындағылары кім болды екен? Енді ол қалған аттарға назарын тігіп, қадала қарады. Мына басын салбыратып тұрған Шақанның ақжал айғыры, анау зоотехниктің көкшолағы ғой. Опырай, отчет кезінде болмаса, әдетте бұлар тізіліп жүрмеуші еді, жайшылық па екен?
Бір сәтте оның көзі өз үйінің алдына тұмсық тірей тоқтаған ат-шанаға түсті. «Атын доғармағанына қарағанда, келгеніне аса көп бола қоймаған-ау, шанасының үстіндегі жүк пе өзі, бұл кім болды екен?» деген ой оны үйіне жетуге асықтырды.
Ауызғы бөлмеде қазанға ас салып жүрген әйелін көрген ол жанынан өте беріп:
– Қонағың кім? – деп күңк етті.
– Қонағың дейді ғой, құдай, әлдеқандай қылып, менің төркін жұртым ат арылтып келіп қалды дейсің бе? Мені олар өлсем де іздемес, –деп Гүлсім дүңк ете түскен. Жай сөзінің өзі ұрысқа бергісіз әйелінің мінезіне әбден сыралғы Қиман сөзді онан әрі созбай, сыртқы киімін шешіп жеңілденіп алған соң төргі үйге бас сұққан.
Төрде қаз-қатар сұлап жатқан ана үшеуі мұның келіп кіргенін аңғармады ма, әлде көздері шынымен ілініп кеткен бе, тіпті көсілген аяқтарын да жимаған. Шашы жалбыраған толықшалау келген сары әйел Есентайдың төсіне басын түйістіре жатыр еді. Босағада тұра беруді қолайсыз көрген Қиман кері шегіне бергенде аяқ астынан жөткірініп қалғаны. Осы сәт орнынан апалақтай көтерілген Есентай көзін уқалай отырып: «А, Қимеке, ассалаумағалейкум», – деді қос қолын созып.
Ал ана екеуі болса, бастарын жастықтан сәл көтеріп, амандық ишаратын жасаған соң қайтадан сұлай кетті. Пеш түбіне жайғасқан Қиман Есентайға сұраулы жүзбен аңтарыла қарап:
– Өй, атаңа нәлет, мына сұлап жатқандарың кім? – деді.
– Көріп отырған жоқсың ба, бұлар да өзіміздей адам, – деп суырыла сөйлей жөнелмек болған Есентайдың алдын орап:
– Оттап отырғаның жай ма,ей, атаңа нәлет?!Саған мен бұларды адам емес дедім бе? Жөнін айтсаңшы?!
–Жөні болғанда, –деді анау күмілжи сөйлеп, тыңға келген патриоттар ғой, қой бақпақ, – деп қысқа қайырды.
– Е, солай де. Мұнан әрі Қиман түксиген қабағын төмен салбыратып, үнсіз қалды.
Ертеңгісінде бұлар таңғы шайларын алдарына жаңа ала бергенде, үйге колхоз бастығы Бөлекбай бастаған адамдар сау етіп кіріп келді. Оларды көргенде қашанда болмасын құдайы қонағына есігі айқара ашық, дастарханы жаюлы, төрінде құрақ көрпесі төсеулі, бәрінен де бұрын риясыз көңілмен: «Жоғары шығыңыздар, жоғары шығыңыздар!» –деп жарыса, жамыраса қалатын үй иелері бұл жолы жылы қабақ танытпаған. Тіпті, бұлардың берген сәлемін де салқын қабылдап, елемеген сыңай аңғартты .
– Қимеке, немене үйіңізге жиі келіп мазаңызды алдық па, жоғары шығыңдар деуге де жарамағаныңыз қалай? –деді колхоз бастығының жеңіл әзілін де қаперіне алмаған сыңай танытқан, оның есесіне төрде төбедей болып отырған Есентай бастығының жаңағы сөзіне кеңкілдей күліп:
– Жоғары шығыңыздар, жоғары шығыңыздар– ! деп төрден төменге қарай лықси, сығыса бергенде, қасында отырған Варвараны қағып кетті. Қазақы дастарханға онсыз да қолайлана алмай әбден мазасы кетіп, шыр-пыры шығып отырған ол:
– Да есть же места, пусть там сядет, –деді төменгі жақты нұсқап. Тек оның мұнысын түсінген де, елең қылған да аналар жоқ, жоғары шығып, жайғаса отырды, ыстық шайды ұрттай отырып:
– «Сүт сұрай келіп шелегіңді жасырма» деген ғой, Қимеке, өзіңе қонсы әкеліп отырмыз. Қыс шығып, жер кепкенше аз уақытқа бірдеңе қылып сыйысып шығарсыздар, –деді Бөлекең үй иесінің жүзіне барлай қарап.
– Сонда бұлар да қой бақпақ па? – деген шай құйып отырған Гүлсім сөзге араласып.
– Иә, бағады.
– Қарағым, орыстың қой баққанын кім көрген? – деген ол бір түрлі таңырқап.
– Көрмесең, көресің енді, сөзді бөлме.
Осы сәт тағы да әлдене дегелі келе жатқан Гүлсім аузын жия қойды.
– Өй, атаңа нәлет, күлбілтелемей ашығын айтшы өзі, сонда бізге не қыл дейсің?
–Не қыл дегенде мына қонсыңызға төргі бөлмені босатып беріңіз.
– Иә, сөйтіңдер, төргі бөлмені босатып беріңдер, – деген аналар да бірімен бірі жарыса.
«Қоңсы әкелдім, төргі бөлмені босат» деген сөз жаман-жақсы болсын осы колхоздың іргетасын қаласып, ыстығына күйіп, суығына тоңып дегендей, сол колхозбен бірге жасасып келе жатқан Қимекеңе алғашқыда бұлтсыз күнде найзағай ойнағаннан кем әсер етпеген. «Апырай, ә?! Енді төргі бөлмеден сырылып мыналардың аяғының астында жататын болдым-ау!» –деп қорланған ол аз-кем аузына сөз түспей үнсіз қалды.
– Қимеке, сізді тосып отырмыз, – деген бастықтың сөзі құлағына жеткенде ол өңі нарттай болып қызарып, түкіргі шашырай түтіге:
– Атаңа нәлет... Төрдегі басымды жерге сүйреп отырып Қимеке дейді ғой әлдеқандай қылып. Қаны басына шапшыған ол енді бастыққа шақшия қарап:
– Мына итің ауызғы бөлмеге кірсе, кіндігінің тұсына кірне қадала ма, жоқ әлде...
Оларды үнсіз тыңдап, не деп жатқандарын ұға алмай пұшайман болған ерлі-зайыптылар бұл сәтте бір-біріне жетім баладай жаутаңдай қарасқан. Әлден соң кешегі қыжылы есіне түскен Варвара Васильевна:
–Ты, сукин сын, я же тебе вчера говорила, при нас говорите по-русски! –деп долдана тіл қатқан.
– Өй, мынауың не дейді? –деген отырғандар жарыса Есентайға қарап, –аударсаңшы.
– Не дегенде, енді сіздер қызықсыздар, бастыққа күні кеше ғана біздің көзімізше қазақша сөйлеуді доғар деген жоқ па еді? Сөз ұқпайтын не қылған мақұлықсыңдар деп отыр бұл кісі, –деп Есентай өзі де аса оңып тұрмаған сөзді аналардың жынына тие бұрмалай аударған.
–Мына кәпірі құрғылар менің сорыма келмесе не қылсын.
Осы сәт оның сөзін бөлген Есентай:
– Мына Пангурин жолдас сіздерден осы маңда магазин бар ма деп сұрап отыр? – деген.
–Әй, қарағым, магазиннің қай жерде екенін отчетқа келген сайын бөтелке-бөтелке арақ алып ішетін өзің білмейсің бе? –деді Қимекең кекей тіл қатып. – Анауыңа өзің-ақ жол сілтесеңші.
– Өй, мыналардың бірі патриот Пангуриннің әйелін кәпір десе, екіншісі мені пияншік деп не қыл деп отыр өзі, хватит аскорблять, а то ругается, –деп онан әрі сөзін ана екеуіне мұң шаққандай орысша сабақтаған.
Манадан Қимекеңнің өне бойын билеп сыртқа шығар жол іздегендей аласұраған ақикөз ашу сол сәт өз арнасын тапқан көктемдегі тасқынды судай ақтарылып жүре берген.
–Әй, әкеңді , мынау орысты кәпір деді, мені пияншік деді деп сен бізді мына түріңе қарағанда жер аудартпақсың ғой, қолыңнан бір келсе екі қыл, тек шошқа мен қойды бір қораға қамағанды қай атаңнан көрдің, соны айтшы өзің? –деген тепсіне сөйлеп.
Оның қызып кетсе қол салып жіберуден де тайынбайтын оспадар мінезінен хабардар ана үшеуі енді Қимекеңе: «Бір ашуыңызды бізге беріңіз, қойыңызшы енді», – деп жалынып-жалпайып әрең басқан. Ал бұл сәтте Есентай бастықтың және Қимекеңнің сөздерін шамасының жеткенінше тұздықтап, былдырап орысшалап аналарға жеткізіп те үлгерген. Тіпті, сөз арасында: «Кто капир, кто свинья, мы еще посмотрим, подождите», -деуді де ұмытпаған.
-Босат десең бөлмені босатайық, осы аядай екі бөлмеде күні кешеге дейін төрт отбасы түтін түтетіп келдік қой, бір лажын тауып сыйысармыз. Қой мен малымды өріске шығарайын ,-деп бұрқ-сарқ етіп қайнап басылған самаурындай бұл сәтте сабасына түскен Қимекең дастарханға бата жасалған соң орнынан көтерілді. –Ал, Гүлсім, төргі бөлмені босат, -деді бұйыра сөйлеп.
Біраздан соң Пангуриннің отбасына колхоздан бөлініп берілген екі кереует пен төсек-орынды, ыдыс-аяқты үйге кіргізген бұлар жолға шығуға қамдана бастаған. Бұл кезде Қимекең де отарын өріске беттетіп бара жатыр еді. Оның соңынан сұстана көз тастап тұрған Есентай жанындағыларға естірте:
-Мына төбет Қимеке, Қимеке дегенге тым құтырып кеткен екен, тоқта бәлем, мен саған шошқаны көрсетермін, күні ертең бармағыңды шайнамасаң маған кел.
-Әй, сен өзі не шатып тұрсың? Қимекеңнің бармағын шайнататын сен қайдан шыққан геройсың, оның тағдыры сенің қолыңда тұр ма еді, тәйт әрі, беталды шаптықпай!-деген Шақан атына мініп жатып.
Есентай мен Пангурин де мұнан әрі шанамен жүре алмайтын болғандықтан, салт атпен жүретін болған. Бөлекең осы ауылдан тауып берген қой торыға құжырайып қонжиған Пангуриннің ерге отырысына осындағы елдің естиярларын былай қойып, үзіліске шыққан бастауыш мектеп оқушыларының күлмегені қалмаған еді. Бір қолымен тізгінді, екінші қолымен ердің қасын қапсыра ұстаған ол ат орнынан қозғала бергенде қопаңдап, ерден түсіп қала жаздаған.
-Есентай, біз ертерек барып малды өрістен қайтарта берейік, сендер келе жатарсыңдар,-деп бастық атын желдірте жөнелген. Шақан мен Дастан оның соңынан ілескен.
***
– Апырай, мына иттер бүгін де келмейтін болды ғой, үйге сөйлей кірген Айтқожа төргі бөлме жақта Әділдің әдеттен тыс қинала ыңқылдағанын құлағы шалып босағадан басын сұға беріп, кілт іркілген.
Әділ бұтына қалың тері шалбарын, аяғына саптама етігін, үстіне қой терісінен тігілген желеткесін киіп, енді иініне күпісін ілгелі жатыр еді.
– Ағатай-ау, мұның не, мұншама киініп қайда барасың?
Әділдің мына сөзін естіген Айтқожа:
– Ағатай-ау, мына түріңмен қой баға аласың ба, далада қаласың ғой?! – деген тіптен абдырап, сасып.
–Шешінші, орныңа жатшы, қойды өзім бірдеңе қылып өріске шығарармын, –дауысы дірілдеп, жанарына жас үйірілген ол жалғыз қолымен Әділді шешіндіруге әрекеттенген.
Бұл сәтте самайынан тер сорғалай ағып, тынысы тарылып, ыңқылдап, гүрсілдеп әрең тұрған Әділдің екі аяғы талып, басы айналып сала берді. Өзінің әлсіздігін сонда ғана айқын аңғарған ол қойды өріске шығаруға халінің келмесін түсініп, Айтқожаның ырқына көнген.
Жастыққа жантая беріп: «Беу, дүние-ай, басыңнан дәурен озды деген осы екен-ау!» –деп, мұңлы ойға берілген. –Үй ішінде аз ғана жүріп, киінгенге осыншалықты шаршап шалдығармын деп кім ойлаған, енді қос өкпесі аузынан шығып кетердей алқынып, екі иінінен демалып отырғаны мынау. Тіпті, Айтқожа көмектеспесе, өз бетімен шешінуінің өзі екіталай екен-ау. Оны жатқызып, үстіне көрпесін жауып, қасында өзіне- өзі келгенше аялдаған Айтқожа:
–Ал , Әдаға , қазір жеңгей де келіп қалар, олар Валя екеуі мына қорадағы малды жайлауға кеткен еді, мен енді қойды өргізуге әзірленейін, –деп орнынан қозғалды.
Сол сәт Әділ бұған әлдене айтқысы келіп аузын аша бергені сол еді, аяқ астынан тамағы жыбырлап, жөтел қысып, қоя бергені. Алғашқыда тіпті оның жақ жаптырар сыңайы жоқтай көрінген. Тек әлден соң ол жан дәрмен қолын сермеп:
– Аға, қойға алаң болмаңыз, тек өзіңіз тез сауығыңызшы, –деп апыл-ғұпыл киіне бастаған.
– Айналайын –ай, тез сауығыңызшы дейді, –деп тебірене ойға берілген Әділ, –мен дегенде шығар да жаны бөлек-ау, тез сауығыңызшы дейді... Соның өзі екіталай-ау, тек жаратқан ием қинамай жалғызымның алдында алса болғаны да. Ол терең күрсінді.
Былтыр күзден бері ішкен асы бойына батпай жиі-жиі құса салатын бір кеселге тап болған ара-тұра кеуде тұсы шаншып, асқазаны бүріп ауыратын. Бұрын ауырып төсек тартып көрмегендіктен бе, тек оған онша мән бере қоймай, сүлесоқтанып жүріп жатты. Бірде: «Ас жақпады ма?» –десе, енді бірде: «Қыңқыл-сыңқылсыз кім бар дейсің, тәйірі», –деп аса елемей жүре берген. «Ауруды елемеген өлер» дегендей ақыры алып ұрғаны мынау. Содан екі-үш ай төсек тартып жатып қалған.
Күннен-күнге бүгін болмаса ертең тұрып кетермін деген үміті азайып, күдігі молая түскендей. Алғашқыда қатты шайнама жей алмаса да, бірер кесе сусыны болушы еді, соңғы күндері одан да қалып барады.
Сырқаты меңдей бастаған сәтте-ақ колхоз бастығына Айтқожаны арнайы жіберіп: «Мына үкіметтің малын санап алсын, жаман айтпай жақсы жоқ, ертең олай-бұлай болып кетсем, малы кем шықты деп улап-шулап жүрмесін, тым-құрыса көрімде тыныш жатайын», – деп дұғай сәлем айтқан.
Сол жолы бұл оларды шыққалы жатыр деп келіп еді, оған да міне бесінші жұма, ат ізін салған тірі пенде жоқ, зайыры, ұмытып кетті-ау.
Бұл сәтте үстіне ұзын тон, аяғына саптама етік, басына түлкі тымағын бастырта киіп, бір жеңін белбеуіне қыстыртып алған Айтқожа үйден шығып, қадада байлаулы тұрған ерттеулі атқа қарай аяңдаған. Бұл жақындаған сайын ат тұрған орнында тықыршып, алға қарай оқырана жұлқынды.
Шылбырын шешіп, тізгінді қолына алып, аяғын үзеңгіге ілген сәтте-ақ үйреншікті әдетімен орнынан ытқи ыршып тарта жөнелді. Әлі де ер үстіне толық қонып үлгермеген Айтқожа анадай жерге кескен теректей гүрс етіп ұшып түсті.
Сол сәт одан осқырына үркіп, құйрығын көкке тігіп құла түзге құлдырай ағындай жөнелген кербесті әлден соң соншалықты шошитындай қауіпті ештеңе де жоқ екенін сезді ме, текіректей желіп, өзінің жем жейтін үйреншікті орнына қайтып оралды.
Бұл кезде қорадағы шаруаларын реттеп шыққан Ғайша мен Валя Айтқожаға малды өріске шығаруға көмектеспек болып, қора алдында күтіп тұр еді, оның аттан құлағанын көрген екеуі бұған қарай құстай ұшты. Олар жете бергенде Айтқожа да басын көтерген. Алғашқыда әлдене болып қалды деп сасқалақтап қорқып қалған Валя оның аман-есен екендігін көргенде, қуанғаннан күліп жіберді.
– Қайтсін-ай, бұл мұңлықтың бұдан басқа кімі бар, жалғыз баласы Арман болса ол да шетінеп... – Ғайша аяқ астынан көлденеңдей қалған кермек ойға шым батып, өткен өмір өрнектерін есіне мұнан әрі түсіре берер ме еді, кім білсін, осы сәт Айтқожа:
– Жеңгей, кілт сізде ме, барып қораның аузын аша беріңіз, мен қазір атты ұстап алайын,-деді.
– Жоқ,-деген бұл сасқалақтай тіл қатып, –Айтқожа қарағым, ағаңның аты өзінен басқа кісіні мінгізбейтін бас асаулығы бар екенін білесің ғой, әуре болып қайтесің, жығылып мертігіп қалып жүрерсің, қойға бүгінше Валя екеуміз барайық, ауыл жақтан да бір хабар болар, ал сен ағаңның қасында бол.
– Ол не дегеніңіз, күн болса суық, сіздер тоңасыздар ғой!- деп қасырысып-ақ еді, тек Валя:
– Жеңгей дұрыс айтады, жүріңіз қойды екеуміз шығарайық, ал сен ана ағаңның атын ұстап ал да, отқа қой. Пештің оты сөніп қалмауын қадағаларсың. Ағаңның шайын бер,-деп бұйыра сөйледі. Валяның сөзі бұл үшін әманда заң, бұл жолы да солай болды.
Бұл кербестіге қарай беттеген, ал әйелдер мал қорасының есігін ашып, әлден соң отарды өріске шығарды.
Кербестінің ерін алып, оны қорадағы орнына байлап, оттығына жалғыз қолымен шөп салып жүрген Айтқожаның сол сәттегі көңіл күйі астан-кестен еді. Оның осы бір ұнжұрғасы түсіп, еңсесі езілген сәтін аңдағандай-ақ, сайтанның сапалағындай сансыз сайқал ойлар меңдей жөнелген.
О, тәңір-ай десеңші, сонау 1931-32 жылдары жұрт аштықтан қынадай қырылып жатқанда бұл заман ағысын дер кезінде аңғарған еті тірілеу ағайындарына ілесіп, ішке түсіп, тірі қалды. Содан кешегі қан сасыған соғыста қатты жараланып, бәлен күн ес-түссіз жатып, госпитальде есін жиғанда, бір қолынан айырылғанын, аяғын кесуге отаға әзірлеп жатқанда сол тұста әскери дала госпитальдерін тексеруге арнайы келген мәскеулік профессор мұның снаряд мыжғылап, паршалаған аяғын олай-бұлай айналдырып көріп, өзі ота жасағанын, сөйтіп аяғының кесілмей аман қалғанын жанындағылардан естіген. Сол жаралылардың бірі:
– Әй, дегенмен бақытың бар екен, аяғың кесілмей аман қалды, мұнда сорлап қалды деп мені айтсаңшы, жарам сенікіне қарағанда әлдеқайда жеңіл еді, соған қарамастан менің аяғымды кесіп тастады. Профессоры құрғырдың ол кезде мұнда келмей, басқа жақта болғанын көрмейсің бе?!-деп жылағанда, оны қалай жұбатарын білмей қатты сасқаны есіне түскен. Тіпті, кесілген қолы мен ота жасаған аяғының сыздап ауырғанда шыбын жанын көзіне көрсетіп жатқанына қарамастан, бұл сол сәт өзін бір түрлі бақытты сезінген еді-ау.
Сол бақыт шоғы госпитальде Валяға кездейсоқ кездескенде онан әрі алаулай жанып, мұның өмір сүруге деген құштарлығын еселей арттырғандай еді-ау. Ал өмірге Арман келгенде, жалғыз ұлы келгенде, мына жарық дүниеде өзінен асқан бақытты жан жоқтай көрінген. Тек соның барлығы алдамшы жалғанның алды-артына қарамай өте шығар қас-қағымдық қана сәті екен-ау.
Былтыр көктемде Арман бір-ақ күн ауырып, әлдебір белгісіз дерттен аяқ астынан көз жұмып, мұны ауыр қайғыға салып кетті.
Тіпті, көңілінің қарайғандағы сонша – құдай-ау деп өзегі өртене ойлаған ол сонда: «Анау алапат аштықтан, оқ бүркіп, қан түкірткен, талайлардың жалғызы мен жартысын жалмап кеткен сұрапыл соғыстан аман алып қалғанда, өмір бақи әлдекімдердің есіркеуімен өмір сүргізу, жалғыздың күйігін тарттыру үшін алып қалғаның ба, қазынасы кең құдай маған тартар бар сыбағалы сыйың осы болғаны ма? Мұндай ит тірлік кімге, неге керек? Бұлай көз түрткі болғанша...»-деп қатты күйзеліп, қапаланып ботадай боздап жылап жіберген. Аздан соң есін жиып:
–Астапыралла, тегінде осы маған бірдеңе көрінер, тектен тек жылағаным не, жаманшылық шақырып. Пәлі, күн көтеріліп кетіпті ғой. Әлдекең іздеп қалған жоқ па екен, қой жайып кеткен әйелдердің халі нешік? Үйге асыға-үсіге беттеп келе жатып жаңағы бір сәттік әлсіздігі үшін өзін-өзі іштей сөгіп, жерлеумен болған.
Атқа міне алмадым деп... бір қолым жоқ деп сонша кейігеніме жол болсын. Баланы берген Алла, алған өзі... тектен-текке күнәға белшеден батып, Аллаға шүбә келтіргендей болғанымды қарашы, деп налыды.
Әділ-әдетте қыс айларында да отарын өрістете өргізіп, ауыл маңындағы шұрайлы жайылымды қатты аязды, боран-шашынды күндерге, қала берсе, мал төлдейтін кезеңге сары майдай сақтайтынын білетін Ғайша отарды бірден-ақ Теңбілсайға қарай беттетті.
Бұл сай ауылдан әрі кетсе бір шақырымдай жерде еді. Жаз, күз айларында мал тұяғы қия баспайтын, тіпті қыс айларының өзінде қатты боран мен аязды күндерде болмаса үнемі тың жататын айналасын асқар шыңдар қоршаған алқаптың біраз бөлігін алып жатқан Теңбілсайдың шөбі жылдың қай мезгілінде болмасын шүйгін, бітік қалпында сақталатын және шөптің сан алуан түрі өсетін.
Сонан соңғы бір ғажабы, жаяу борасын сырма түгіл аспаннан қар жауа бораған күннің өзінде айнала қоршаған биік таулар ықтасын бола ма, тіпті, шайдай ашық қалпында жататын. Небір көзге түртсе көрінбес борандарда Теңбілсайға жетіп жығылған мал өмірінде ығып көрген емес. Емін -еркін жайылып, қақаған қыс айының өзі де аса бауырлап қата қоймайтын жылым бұлақтың суын сүйсіне ішер еді.
Ғайша мен Валя отарды көп ұзамай осы сайға әкеліп құлатқан. Сәлден соң-ақ шүйгін шөпке бас қойып, шоқтай болып тебіндеген отар аса қалың болмаса да сүрлене бастаған қарды болат тұяқтарымен талқандай теуіп, астынан бұрқырай шыққан шүйгін шөпке бас қойды. Олардың осы қимылына қызыға қарай отырып, ана екеуі күннің суықтығына қарамастан, сол күні тұңғыш рет ұзақ армансыз сырласты.
Бір ғажабы, бірнеше жылдан бері бір шаңырақтың астында бірге тұрып жатса да, дәл сол күнгідей сырласып, мұңдасуға қолайлы сәт бола бермеген екен. Жаз болса мал сауып, одан алынатын өнімді ұқсатып, үй-ішінің кір-қоңын жуып, келген қонақтарды қарсы алатын, қала берді ақсақ қойларды жайып, қайырып, қозы суаруға, тағы да басқа шараларға атсалысатын. Ал күзге, қысқа қарай жұмыс тіпті бұрынғыдан да арта түсетін.
Қора-қопсыны жөндеу, диірмен тартып, нан салу, арық-тұрақты күту, қойшы әйтеуір, таң атқаннан күн батқанға дейін үй ішінің күйбеңді тірлігі бір бітпейтін, қала берді малға көмектесіп, қара кеште «уһ» деп ұшып жығылатын. Сондықтан да болар сахара төсінде екі әйел әңгіменің тиегін алаңсыз ағытты. Әдеттегідей әңгімені осыны өзіңнен бір сұрайыншы деп ұмытып жүр едім деп Ғайша бастаған.
–Сұраңыз, сұраңыз,-деген Валя оған ерекше ықылас танытып.
–Сұрағанда енді жаңылыс ұқпасам сен «ес білгенде әке-шешең менің туған-туысқандарым Түменнің қалың орманы арасында тұратын еді» дедің ғой деймін, зайыры.
–Иә, сонда тұратын.
– Сонда ол кісілер бұл жаққа қайдан келгендерін, қалай келгендерін сендерге-балаларына бірде бір рет айтпағандары ма?!
– Жоқ,апа, айтқан емес. Бәлкім, оны айтып сәби жүрегімізді жаралағылары келмеген болар.
–Ал сен өздеріңнің сол жерге басқа жақтан көшіп келгендеріңді, алғаш қай кезден бастап сезіне бастадың.
– Ұмытпасам, 1939 - жылы болса керек. «Пионерская правда» газетін алдырып тұратынбыз. Сол газеттің бетінен түр-түстері, бет әлпеттері тура өзімізден айнымай қалған балалардың сүретін алғаш көріп, олардың Қазақстанда тұратын қазақ балалары екенін оқып біліп, әке-шешеме газетті ала жүгіргенім есімде қалыпты. «Біз де қазақпыз ғой, ендеше Қазақстанда неге тұрмаймыз? Ол алыста ма?» –деп сұраудың астына алып жатқанымда сіздің шешеңіз-Бөпе тәтем- кіріп келгені.
Әкем жеңгесімен суық амандасты да сытылып далаға шыға жөнелді. Сауалымды естіген Бөпе тәтем мен шешемнің әлденеден дауыс салып жылағаны, әлдекімдерді қарғап-сілгені есімде қалыпты.
–Сонда да саған шындарын айтпаған ғой.
–Жоқ, айтқан жоқ,-деді Валя пимасының табанына сіреуленіп қата бастаған қарды қолындағы таяғымен қағып тұрып. Онан кейін мен де олардан ол жайлы сұраған емеспін.
Ал кезінде сізбен табысуға бірден-бір себеп болған мына жүзікті шешем неге екені белгісіз жерден жерге, көрден көрге тығатын. Тіпті, қолыңа салу былай тұрсын, ұстап көруге рұқсат етпейтін.Мен өлген соң бұл жүзігі құрғырды сен тақпағанда кім тағар дейсің, тек әзірше менің көзім тіріде соқтықпашы, жоғалтып аларсың,-деп шырылдайтын.
– Қайтсін-ай енді, бұл жүзік шешең байғұстың бойындағы туған жердің бірден-бір белгісі ғой.
– Ойпырай, апа, неткен қырағы едің, арада сан жылдар өтсе де, сол жүзіктің менің шешем Мақпалдікі екенін жазбай танығаныңызға күні бүгінге дейін қайран асырмын.
–Әй, қарағым-ай, қайбір қырағылық бар дейсің, арғысын білмедім, біз ес білген шақта Қани ағаға қара ала, күміс жүзік соқтыратындардың саны саусақпен санарлық болатын.
Содан ба екен, жоқ әлде сол бір қайталанбас шебердің қалыптасқан дәстүрлі қолтаңбасы ма, тек Қани ағаның қолынан шыққан әр қара ала күміс жүзіктің өзіне ғана тән таңбасы болатын.
Сол таңбаның ортасында жүзік иесінің атының алғашқы әрпі араб әрпімен бейнеленетін, сендегі мына жүзікте,-деп көрсетті ол,- мына жарты айды көріп тұрсың ба? Көрсең, соның орта тұсына таяу тұрған мына бір таңба «М» әрпі, ал оны танымай мені Құдай атып па қарағым-ау?!
– Осындай жүзіктің біреуі сізде де бар ғой?!
– Иә, бар, марқұм Мақпал екеуімізге Қани аға осы жүзіктерді он- он бес күннің ішінде соғып берген еді. Сендер келген алғашқы күні-ақ шай ішіп отырғанда, саусағындағы жүзікке назарым ауғаны. О, тәуба-ай, көзіме бірден жылы ұшырамасын ба. Қолындағы жүзікті сан рет сұрап алып көруге оқталсам да, батылым бармады. Тек құдай сәтін салғанда бірер күннен соң ойда жоқта саусағыңды кесіп алғаның.
Соны ақ шүберекпен орай тұрып, жүзіктің Мақпал жеңгемнің жүзігі екендігіне көзім жеткен. Тек саған бұл жүзік қайдан тап болған әлде... сен Мақпал жеңгемнің, Әжібек ағамның, қала берді аяулы анам Бөпе мен әкем Қалабайдың қасық қанын судай шашқан қандықол қарақшының қаншығысың ба, олай болса сен менің құныкерім болмақсың ғой.
Мұны біле тұра бұдан былай бір шаңырақтың астында тұрып, қалай ғана ғұмыр кешпекпіз, саған қайтіп ішім жылымақ... Бәлкім, сен бұл жүзікті тауып алдың ба екен, онда сенің қандай жазығың бар, бірақ бұл сияқты жүзікті кім жоғалтпақ?
Міне, осы сияқты сан алуан сауалдар менің шарадай басымды шақшадай еткен. Әлденені бүлдіріп алмай тұрғанда мен не болса жүзіктің жайын өзіңнен сұрап анықтауды жөн көрдім. Ал сенің шешеңнің Мақпал, әкеңнің Әжібек Сәрсенұлы екенін естігенімде қуанған мен қорыққан бірдей дегендей, талықсып кеткенім.
–Сіз есіңізді жиған соң: «Арманда кеткен, арыстарым-ай, бір деректерің болар деп үміттенуші едім, ақыры шықты-ау!» – деп аңырай дауыс салғаныңызды көргенде сенер болсаңыз өзімді қоярға жер таппадым. Шешемнің өлер сәтте: «Ал, қарағым енді оңы -солыңды танитын халге жеттің, біздің ата-бабамыздың, тіпті мына сенің де кіндік кескен жерің– Қазақстан, біз мұнда конфискеге ұшырап, жер ауып келгенбіз.
Ол кезде сен үш жаста едің. Маған да әкең Әжібек пен апаң Бөпе, яғни қайнағам Қалабай сияқты жат жерден топырақ бұйыратын түрі бар. Тірі болсаң, лажын тауып, туған жеріңе қайтып оралуға тырыс. Қазақтың итінің етегінен ұстасаң, менің саған аруағым риза, бұл менің ғана емес, әкеңнің, Бөпе апаң, Қалабай ағаңның да айта алмай кеткен аманаты.
Беу дүние-ай десеңші, олар өле-өлгенше туған жерлерін түстерінде көрумен өтті ғой. Сонан соң сол жақта тұрмыста қалған Ғайшаларын керемет аңсайтын еді-ау», –дегені есіме оралған.
Бұл сәтте қойлар бір орыннан екінші орынға жылжып шоқтай болып тебіндеп жатыр еді. Әйелдер де көңіл тербетер жаңағы әңгімелерден кейін әрқайсысы өз ойларына беріліп біршама үнсіз қалды.
– Содан соң,-деді Валя баяу үн қатып, біздің жылаған дауысымызды сырттан естіп үйге сендерге не болды деп жүгіре кірген Айтқожаның мән-жайды түсінген соң жайымен ғана: «Ғайша жеңгей, мына Валя сонда сіздің туған сіңліңіз болды ғой, аяқ астында мен сізге күйеу бала болып шыға келдім-ау ә?..
Нанайын ба, нанбайын ба?» -деп жан-жағына алақтай қарап, бұрышқа отыра кеткені, тек біраздан соң барып: «Алда жарықтық-ай, мына менің өзім осал емес екенмін-ау, ә? Түріме қарамай текті жерден қыз алғанымды көрмейсің бе?!
Қой, ойбай, не ғып мелшиіп отырмын?» -деп кермеде байлаулы тұрған атқа міне шауып, өрісте жүрген Әлдекеңнің отарымен ауылға дүркірете қуып келгені, Әдекеңнің сасқалақтап екеуміздің бетімізге алма-кезек қарап: «Рас па? Мына Айтқожаның айтып жүргені рас па?» -деп абдыраған түрі есіме түскенде әлі күнге дейін күлкім келеді.
– Сонда менің әкем мен шешем 1940 - жылға дейін тірі болған екен-ау.
–Тірі болғанда қандай?! Арттарында Валерий, Игорь атты ұлдары, Мария атты қыздары қалды.
– Сенің елдегі атың Бақытжамал еді, оны неге Валя деп өзгерткендеріне, сонан соң ана бауырларым мен сіңіліме неге орысша ат қойғандарына таңмын.
– Біздің атымыз ғана емес, -деді Валя оған жымия қарап, паспортта әкелеріміздің аты да орысша жазылған, тек фамилияларымыз ғана қазақша сақталған.
Орыс басшылары өз ыңғайларына орай біздің документтерімізді орысша толтырып жіберді ме, жоқ әлде ерте ме, кеш пе жұлдызды сәт туып, ұрпақтарымыз Қазақстанға қоныс аудара қалған жағдайда бұлар кешегі конфискеге ұшыраған байдың балалары екен деп әлдекімдерге көз түрткі болмау үшін жасалды ма екен, оны кім білсін?..
–Тағдыр сені ойда жоқта кезіктірмесе, олардың Түмен жеріне аман жеткенін...
–Тюмень деңіз.
– Иә, Түмен, аман жетіп, естерін жиып, ел болды. Ұрпақ өсірді дегенге сену түгіл мен байғұстың солай ойлаудың өзіне батылым жетер ме еді. Алланың дегеніне дауа жоқ қой.
Әке-шешемді, олардың туған-туысқандарын жер аударып жіберетін күні мен ата-анамның туысқандарымның ризашылығын алып Әділмен қол ұстасып, Баянға бет алған едік.
Әділ өзінің Еренғайып бауырын сағынып, мен туған-туысқандарымның тағдырын білмек болып, арада бір айдай уақыт өткенде Қарашеңгелге лау жалдап келдік. Сонымыз ақыл болыпты.
Келсек, Әділдің інісі Құбайдолланың тапсырмасымен жол жүріп кетіпті. Ал менің әке-шешемнің, туған - туысқандарымның үйлерінің орны жатыр.
Жұрттың да бізге деген қарым-қатынасы, көзқарастары күрт өзгерген, тіпті кейбірі кешегі шұбартөс, шынжыр балақ Қалабайдың қаншығын бауырыңа басқан сенің де кім екеніңді анықтатамыз, асықпа, онда Ақжігіттің малы бөліске түскенде тігерге тұяқ алмағаныңнан-ақ шошынып едім, тұра тұр бәлем, ертең үкімет адамы келсін, -деп Әдекеңнің бетіне де жел болып тие бастады.
Туысымыз деп ат басын тіреген үйдің иесісі бізбен салқын амандасып, үйіне кірмей жатып «Қашан қайтасыңдар?» – деп сұраумен болды. «Қайда тұрасыңдар?» –деп сұрап қоймады. - Қарағандыда. Ақыры қойшы Әділ әке-шешесінің басына құран оқып, қайтадан жолға түстік. Баянға келсек, көрші қазақ: « Әділ сені Бөлекбай деген біреу іздеп келді.
Кешке қарай соғам үйде тоссын», –деді. Көп ұзамай Бөлекбайдың өзі де келді. Ол Қарқаралыдан бір-екі айлық оқу бітіріп, Баянға жолдама алған екен. Осы Көпшілік колхозына бастық болып сайланыпты. Содан бізді алды- артымызға қаратпай көшіріп алды. Әдекең көп ұзамай бір отар колхоз қойын санап алды да, осы жерден бір-ақ шықтық. Бұл Мерген – біздің колхоздағы жырақ нүктелердің бірі.
Сөйтіп, жұрттың сөзінен құтылып, құлағымыз тыныш болды. Жылдар өткен соң барып әке-шешеммен бірге айдалған Ақжігіттің және оның бәйбішесінің Керекуден айдалып бара жатқан жерде қайтыс болғанын естідік.
Мен алғашқыда «олармен бірге әкемдер де көз жұмған шығар, шіркін, дүние-ай, сүйектері қай жерде қалды екен, білер ме еді, бастарын көтеріп белгі қояр ма еді?» деп қысқа күнде қырық ойлаумен болдым. Бірте-бірте «көзден кетсе-көңілден таса» дегендей, күнделікті күйбің тірлікпен ұмытылып естен шыға берді, тек әлдеқалай аруақтарға құран оқыла қалған жағдайда оларға да іштей дұға бағыштап отыратынмын.
–Әкемдердің айтысына қарағанда, -деді Валя, -тоңази бастаған қолын бірін-біріне ысқылап, Ресей жеріне аяқ басысымен-ақ олардың жолын құдайдың өзі оңғарғанға ұқсайды.
Мұнда әр қиырдан жер аударылып келгендер бірін-бірі тұңғыш рет көріп тұрғандарына, ұлтына қарамастан, бірден-ақ тығыз топтасып, бірігіп кетсе керек. Сөйтіп, олар мазаларын алған маңайдағы деревнялардың бұзықтарының ғана емес, тіпті жергілікті үкіметтің де бетін бірлесіп тойтарып отырғанға ұқсайды.
Бірде, деп отыратын шешем, көрші деревняның ішіп алып әдейі жанжал іздеп келген жергілікті тұрғындарына жер аударылып келгендер оңдырмай тойтарыс берді.
Сол шайқаста ағаң мен әкең және де басқа қазақ жігіттері қатты қайрат көрсетсе керек, жер аударылып келгендерді былай қойғанда тіпті көрші деревняларда олардың сол шайқастағы батыл қимылдары, қажыр қайраттары ауыздан-ауызға аңыз болып таралады. Содан кейін төңіректегі тентектер түгіл үкімет адамдары, милициялардың өздері бізден аяқтарын тартып ұстайтын болды деп отыратын.
– Жарықтықтар-ай десеңші, түу аяғымның тоңа бастағанын қарашы,-деп ол орнынан көтеріліп, ерсілі-қарсылы жүріп жылытуға тырысқан.-Иә, құлағым сенде.
–Көп ұзамай жер ауып келгендер сан алуан кәсіппен айналасып, жұмысқа араласыпты. Деревня салып алыпты. Ал біздің әкелеріміз бен шешелеріміз мал бағуға киліктік дейтін.
Олар жеке ауыл болып тұрды. Біз деревнядағы мектепке жазда арбамен, қыста ат шанамен қатысып оқитынбыз, ал каникул кезінде үлкендерге малды бағып-қағуға көмектесетінбіз.
Сөйтіп, соғыс басталғанға дейін тұрмысымыз біршама түзеліп те қалған сияқты еді, тіпті әкем: «Алла берген ырзыққа дауа жоқ екен ғой, Қазақстаннан жер ауып келіп, Тюмень жерінде мұншалықты байимыз деп кім ойлаған?»-деп күліп отыратын.
– Е-е, Алланың берген несібесі үзілмесін десеңші,-әлдене есіне түскендей сәл іркілген Ғайша,- кейінгі кезде ол жақтан хатта үзілді-ау,- деген баяу үнмен. – Ауыл жақтан қатысып жатқан ешкім жоқ, хат келсе де, поштада үйіліп жатқан болар.
–Айтқожа мен Әдекең не істеп жатыр екен қазір? Оның бұл сауалын жауапсыз қалдырған Валя жүзіне жаутаңдай қарап:
–Апа, апатай,-деген қобалжи тіл қатып, –өзіңе біраз уақыттан бері айтуға бата алмай жүрген бір сырым бар еді. Оған аңтарыла қараған Ғайша маңдайынан төмен қарай түсіп кеткен түбіт шәлісін түзеп:
–Иә, – деген жайымен, –ол не сыр?
–Апа, сенесіз бе осы мен жүкті сияқтымын?
– Қойшы, айналайын, әзілің бе, шының ба?
– Шыным, апа. Ішімде сәби барын сезгеніме бір айдай уақыт өтті, тек «аузы күйген үріп ішеді» дегендей сізге де, Айтқожаға да тіс жаруға батылым бармады. Тіпті, кей сәттерде өзіме менің екіқабат болуым мүмкін емес сияқты көрінді.
–Жарығым-ау, ол не дегенің, тәңірдің қазынасы кең ғой, жарылғайын десе...
–Қайдам, әйтеуір қорқа берем. Сол сәт екеуі де терең күрсінген... Ал қыр төсінде түс ауып бара жатты.
Айтқожа асыға-аптыға үйге келіп кіргенде, Әділ көзінің шырымын алып тыныстап жатыр еді.
–Алда жарықтық-ай, кеше түнімен кірпік ілмей қайта-қайта қатты қысылып шығып еді, шаршаған ғой. Қой бұл кісі көзін іліндіріп жатқанда пештің отын үстеп, шай қойып, кешкіге қазан қамдайын, қойға кеткен әйелдер мына сақылдаған сары аязда қайбір жетісіп келеді дейсің.
Ол асықпай шешініп, ойға алған шаруаларын жайғап бола берген кезде Әлдекеңнің:
–Әй, қайсың барсың?-деген қарлығыңқы үні естілген.
–Мен, мен бармын, Әдеке. Қасына келген бұған үнсіз еті қашқан қос қолын созған Әділ әлден соң арқа тұсына тасталған жастықтарға сүйене еңсесін тіктей отырды. Сонан соң:
–Мына қақаған қыстың күнінде ауыр киіммен атқа мініп-түсудің өзі қиын, сенің үйде қалғаның жақсы болды-ау, қарағым, – деген жеңіл күрсініп. Сезімтал қарт шай үстінде әңгіменің бетін басқа жаққа бұрған. Қолындағы кеседегі әбден суыған шайды аз-аздап ұрттай отырып:
–Сенімен дәмдес-тұздас болғаныма да құдай жазса келер күзде он шақты жылдың жүзі болады екен, Аллаға шүкір, бұл күнге дейін он ауыз сөзге келіп сен дескен жеріміз жоқ. Алғашқы кездескен сәттен-ақ сен іні, мен аға болып жарасып-ақ кеттік.
–Сөз бар ма, о не дегеніңіз, қолындағы кесесін үстел үстіне қойған Айтқожа ағасының жүзіне аңтарыла қараған.
-Оған бәлкім біздің үйдегі жеңгең мен Валяның әкелерінің ақыр соңында жақын, туыс адамдар болып шығуы да себепкер шығар, ал олардың апалы-сіңлілі екенін төртеумізден басқа тірі жан білмейді. Былайғы жұрт, әсіресе сырттан келгендер мен жастар жағы сені мен мені аталас ағайын деп есептейді. Мұның әңгімесіне беріле құлақ салып отырған Айтқожа осы сәт жүзі жайнап:
-Солайы солай ғой енді, өйткені, сізді мен де, Валя да аға, ал Ғайшаны жеңге дейміз ғой, содан былайғы жұрт сіз бен біздің туыстық ара-қатынасымызды қайдан білсін? Жалпы, сіз де, біз де сыр сақтауға келгенде осал жандар емес екенбіз деп қарқылдай күлген.
Қолындағы кесесін мұның алдына қарай ысыра қойып, орамалымен бет-аузын сүртіп, көрпесін қымтана жамылған Әділ де оның бұл сөзіне сәл езу тартқан, сонан соң:
-Біздің Ғайша кешегі ұлы конфескеге іліккен байдың қызы, ал Валя болса жақын-туысының басына іс түскен сәтте әлдекімдердей одан іргесін аулақ салып, өз басының амандығын күйттеуден гөрі қадірлес, сыйлас ағасының отбасымен қиын сәтте де тағдырдың салған тауқыметін бөле-жаруға жараған жақын інісінің қызы. Міне. Сондықтан да олардың сырт көзден бұл құпияларын жасырын ұстағандары жөн. «Үй өзімдікі деме, үй сыртында кісі бар» дегендей.
Осы сәт әлдебір жері шаншып кетті ме Әдекең ауырсына қабағын шытып, қинала тыныс алған. Мұны көргенде Айтқожа абдырап орнынан бір тұрып, бір отырды.
–Алда жарықтық-ай, тағы да қатты қиналды-ау. Төсегіне жатқызсам ба екен? Мұның «Әдеке» деп орнынан тұра бергенін көрген ол қыстыға:
– Отырааа бер, басылаар, –деген екі иінінен ентіге демалып. Сонан соң аяқ жағында тұрған түкіршігін алып түкірген. Қатты қиналғандықтан жасаурай қалған жанарын көлдей орамалымен ықияттай сүртіп, бұған әлденеден жымия қараған, сонан соң:
-Ол кезде есіңде болса, біз Еспе бойында балағанда отыр едік қой. Сол күні таң атқалы жаңбыр жауып, малда да, менде де маза болмай, Баяннан келетін қара жолдың бойын өрлете қойды балағанға беттетіп келе жатқан бетім еді, кенет қырдан құлап келе жатқан арбалы жүргіншілерге көзім түсе кеткені. Бірден таныдым, біздің колхоздың қызыл керуеншілері, олар да мені көрген сәтте қол бұлғап шақыра бастады. Ә дегенше-ақ мен де олардың жанына желдіртіп жетіп келдім.
Сәлем беріп жатырмын. Қызыл керуеншілердің басы Байтеке ақсақал: «Әй, Әділ, мұсылман баласысың ғой, ана бейбақтарды, – деді иегімен жаңа ғана өздері асып түскен қырды меңзеп, –балағаныңа апарып паналатшы, жауыны бар болғырдың барған сайын үдеп бара жатқаны мынау. Жер езіліп, жүріс өнер емес, арбаға отырғызайық десек, өгіздер қалжырап әрең жүріп келеді. Өзіміздің де әбден ит әуреміз шықты»,-деген ол.
Мен сол сәтте жол бойына қарағам. Бір-бірлеріне сүйеніп, қарсы алдарынан жауған жаңбырдан ықтай сенделе басып келе жатқан бейтаныс жандарға көзім түсті. Үсті-бастары малмаңдай су еді.
-Алда жарықтық-ай, соның бәрі күні бүгінгідей есіңізде екен-ау. Сол жаңбырлы күні сізді алдымыздан кездестірген құдай бізді өлтірсін бе?!
-Хош деңіз. Содан екеуіңді қыр астындағы балағанға ертіп келдім. Дәмнің жазуы шығар, содан бері іргеміз бөлінген емес, -деген ол өткен күндердің қимас кезеңін еске алып, жымия күліп.
Жасыратыны не бар, алғашқы күндері сендердің мұнда қалай тап болғандарыңды, жаппай кім екендеріңді, ағайын, туыстарыңның кімдер екендігін білуге бір аңсарым ауған, тек сол жолғы қалың жаңбырдың астында қалып, қатты суық тигендіктен бе, өзің бір айдан астам төсек тартып қалдың, келін де жарытып ештеңе дей қоймады.
Бізге қарағанда әйел жаны сезімтал ғой, бірде Ғайни: «Сорлы-ау, Айтқожаның кім екенін, қайдан шыққанын неге қазбалап сұрай бересің? Сенің сол тікелей болмаса да астарлай қойған сауалыңнан ана өлгелі жатқан байғұс та, тіпті келін де өздерін қоярға жер таппай абдырап қалатындықтарын, өңдері қашып, өне бойларын үрей билейтінін байқамайсың ба?! Бәлкім,қайдан келгендерін, неге келгендерін айтпайтын, айтқысы келмейтін себептері бар шығар?» – дегені.
-Алда жарықтық-ай, тамыршыдай тап басуын!
-Ғайнидың сол сөзі себеп болды ма, мен де содан кейінгі жерде сендердің жан жараларыңды тырнай беруді жөн көрмегем.
-Алда жарықтық-ай, біз сияқты панасыз мүскіндерді аяған ғой, аямай қайтсін енді. Бір түрлі толқып, тебіреніп кеткен Айтқожа әлден соң:
-Әдаға, баяғыда біздің елде бір есерсоқ белің бүгіліп кетіпті-ау деген адамға:
-Е, бұл жонарқа мен белде кезінде кімнің қамшысы, кімнің құрығы ойнамады дейсің, өзіміздің байекеңді былай қойғанда ел көшті, жау жеттілеп күн құрғатпай алашапқын болып жүретін болыстың шабармандарының да қамшысы сан осты ғой.
Оны айтасың, бұл жонарқа мен бел Бадамшаның да құлаштай соққан көсеуін көрді ғой, содан да болар, бүгілгені болмаса, құдайдың әмірімен бүгінге дейін құяң-сұяңға шалдыққан емес,-деп мақтанған екен.
Сөйткен Бадамшасы өзінің әйелі болса керек. Сол айтпақшы, аз ғана ағайынның қамшысы жонарқамызды тіліп, басымызға ойнаған сәтте азар көрген соң қара қан қара басымызды қорғаштап, белден бел, елден ел асып, тұнығымыз шайқалып, тынышымыз кеткен кез еді ғой ол,-деп баяу күрсінген.
- Құдай сізге жолықтырды, ол да болса көрер күніміздің, татар дәміміздің таусылмағаны шығар. Осылай деп ол ұзақ уақыт үнсіз қалған. Оның қатты толқып отырғанын байқаған Әділ:
-Қарағым, қиналсаң айтпай-ақ қой, азамат басынан не кешпейді. Жай жатпай жараңды тырнағандай болдым-ау.
-Жоқ, неге? Айтайын. Айтқожа әңгімесін енді бастай бергенде далада иттердің абалап үргені естілді. Аздан соң:
-Жат, жат, мыналар кісі жара ма?-деген әлдекімдердің самбырлай шыққан дауыстары құлақтарына жеткен.
Сыртта дыбырласып аттан түсіп жатқан адамдарды әйнектен байқаған Айтқожа орнынан ата тұрып, дастарханды жинап, далаға шыққан. Әлден соң оның үйдің есігін айқара ашып әлдекімдерге: «Жоғары шығыңыздар, күнде-күнде күте-күте екі көзіміз төрт болды ғой»,-деп бәйек болған майда дауысы естілген.
Әділ оның осы сөзінен-ақ: «Бұл келгендер ауыл арасының жай жүргіншілері емес, Бөлекеңдер болды ғой»,-деп топшылады. Көп ұзамай ауыз үйге сырт киімдерін шешіп, бірінен соң бірі келіп бұған сәлем беріп, қол алысып төрге озған. Олар жайғасып отырып, ауыл үйдің аманшылығы сұралып болғаннан соң барып Бөлекбай:
-Әдеке, сырқаттанғаныңызды естігенімізге біраз болса да жеткеніміз осы болды. Жүдеңкіреп-ақ қалған екенсіз,-деді бұған назар аударып.
-Ол не дегеніңіз? Ауырған адам жүдемей тұра ма? Тәйірі, тек ауырып тұрдың, аунап тұрдың деген ғой, Алла шипасын берсін деңіз! –деген Шақан.
-Алда жарықтық-ай, соны айтсаңызшы,ондай атты күн болып, Әдекең қатарға қосылса, ақ түйенің қарны жарылды дей беріңіздер, дүркіретіп той жасаймыз ғой, жасамағанда ше?! -деген Айтқожа риясыз ақ көңілмен.
«Сәби мінезді, пәк жүректі Айтқожажан-ай, оның ауылы алыс екенін мына жатқан мен ғана емес, осы отырған барлықтарың да сезетін боларсыңдар, тек сенің менің көңілімді аз да болса аулағың келеді ғой, оныңа да рахмет».
Сыртқа шығармаса да Әдекеңнің осы ойын оның мұң торлай қалған қабағынан айқын аңғарған колхоз бастығы әңгіменің бетін басқа жаққа бұрып:
- Осы Ғайни мен келін көрінбейді, солар, зайыры,
қой жайып кеткен болды ғой, әйелсіз үйдің сәні келе ме? Сен мына Айтқожадан малдың қай жаққа өріске шыққанын біліп ал да, қойды ауылға қарай беттет, әйелдерді үйге қайтар.
Сонан соң сен, Айтқожа қарағым, шай қоя бер, таңғы шайды Қаражырадан ерте ішіп шығып едік, аяз бүгін тіпті бет қаратпай тұр ғой, содан ба, осы екі ортаға жеткенше үсіп қала жаздадық,-деп Дастан мен Айтқожаға тапсырма берген Бөлекең құрақ көрпеге жайғаса отырып, пеш түбіндегі төсек үстіндегі Әділге көз тоқтата қарады.
Сол сәт «ер арыса аруақ» деген осы екен-ау деген ойға қалған. Иық сүйектері еттен әбден арылып, саудыраған құр сүйегі қалған екі қолы тырнаның аяқтарындай тырбиып, жақ еті суалып, ал мейірім шүпілдеп тұрғандай көрінетін қос жанары шыңырау құдықтың түбіндегі тартыла бастаған болмашы судай жылтырайды.
Өне-бойында қырып алар ет қалмаған арса-арса болып төсек үстінде отырған осы қаудиған қара шал бір кездерде ұстасқанның белін қайыстырған, тістескеннің күрек тісін қағып алған қара нардай қайраттылығына, қара қылды қақ жарған әділдігі сай, іскерлігі мен қайырымдылығы ел ішінде ауыздан ауызға аңыз болып тараған Әділ еді дегенге сену қиын. Ана бір жылдары осы елдің іргесі бүлінбеген заманның тұнық кезінде бұл екеуі Ақжігіт атты байдың есігінде бірге жүрген жалшылар еді.
Бесіктен белдері шыққаннан-ақ бай үйінің суын әкеліп, тезегін теріп, ағашын жарып, басқа да шаруасын жайғап, сонан соң бірінің үстіне бірі үйіліп-төгіліп келіп жататын сансыз қонақтарының аттарын жайып, шөп беріп, суарып, астын тазартып, жаз болса қозысы мен лағын бағып, отымен кіріп, күлімен шыққан бұлар есейіп, ержете келе енді байдың жылқысын баққан. Осы сәт далаға шығып кірген Айтқожаның:
-Алда жарықтық-ай, жаңа Дастекең менен отардың қай жаққа беттегенін сұрап біліп алғаннан соң атқа қамшыны аямай басқанынан-ақ көп ұзамай-ақ отарды тауып, қораға қарай дүркірете қуарсың деп ойлаған едім, ойымның дөп шыққанын қарашы, ә? Ауылдың алдындағы бейіттің ар жағындағы қырдың астына «шай былай»,-деп қой қайырған Дастекемнің дауысы естіледі.
Әне-міне дегенше келіп те қалар. Қой, мен барып қораның есігін аша берейін. Оған дейін әйелдер де келіп қалар, шайды өздері жасар. Нұры өше бастаған жанарын бұған тіктей қадаған Әділ кеудесінен толассыз шығып тұрған сырылдың үнін тұншықтырғысы келгендей:
-А, Бөлеке!, -деген қаттырақ дыбыстап, -менің көңілімді сұрай келмеген боларсың. Осы сәт Бөлекбай бір кездегі үзеңгілес замандасының үнінен өкпенің ұшығын аңғара алмаса да, көңілі жетер адамына еркелеп, еркінсіп айтар достың базынасын жан дүниесімен ұғынып, ұялғанынан екі бетінің ұшы нарттай болып қызарып сала берген.
- Айтуың жөн енді, Әдеке, екі күннің бірінде жиналыс, қала берді тың игерушілердің қалай орналасқанын көріп, танысуға келген комиссиядан көз аша алмай қалдық, содан өзіңе ат ізін салып қайтуға да, сенер болсаң, уақыт таппадым,-деген кінәлі адамдай.
-Түсінемін ғой, саған әзілдеп жай айтамын, әйтсе де қасыңда отарды санап алып беретін адамың көрінбейтін сияқты, әлде өзің бақпақсың ба? Оның бұл сөзіне Шақан мырс етіп күліп жіберген.
- Пай, пай, Әдеке-ай, сенің осы бір әзілің-ай! Соны кезінде түсінбей қалып, бармағымды шайнай жаздағаным, сенер болсаң, күні бүгінге дейін есімнен кетпейді. Ал мына әзілің соның әдемі жалғасындай екен. Мен де оған өзімше әзілмен жауап беріп көрейін,-деген ол жымиып.
- Өзің төсек тартып жатқан екі-үш жұманың дересінде үш ұйықтасаң түсіңе кірмейтін жаңалықтар болып жатқанынан тегінде бейхабарсың-ау, Әдеке. «Шығасысына иесі басшы» дегендей құдай ұрғанда күні бүгінге дейін бірімізбен біріміз кеңірдегіміз қызарғанша қазақша кәукілдескенге мәз болып жүре беріппіз-ау.
Орысша тіл үйренейік, орысша сөйлейік дегенді қаперімізге де алмаппыз. Ал ендігі жерде орысша білмейтін біз сияқты бейбақтың қойшы болуының өзі екіталай болар түрі бар, әйтпесе өзім-ақ санап алып, бағар едім.
-Апыр-ай, Бөлеке, мынауыңыз әзілден гөрі...-дей берген Әділдің сөзін бөле:
-Ата сақалымыз аузымызға біткенше келер күннің талабын зерделеп, соны ұға алмаған, орысша үйренбеген өз обалымыз өзімізге дейміз де.
-Бізді қойшы, асарымызды асап, жасарымызды жасадық қой, жастарды айтсаңшы, көбінің орыс тілінде нан сұрап жер халі жоқ,-деген Шақаң әңгімеге араласып.
- «Таңдағы ырзық тәңірден» деген ғой, жастардың келешегі алда, бір қисынын табар да, әйтпесе ел не болса олар да сол болар, а Бөлеке, менің сізге айтайын дегенім жаңағы жарымжан пақырдың жайы еді. Күні ертең мына малды санап алған соң ол немен айналыспақ, қайда қалмақ? Осы сөздерді ыңқылдай отырып бөліп-бөліп әзер айтқан Әділ бұған назарын тіктеген.
Осы сәт ұйи бастаған аяғын алдына қарай жазған Бөлекбай:
-Сіздің отарыңызды біз тың игеруші Пангуринге санап, өткізбекпіз. Олар артта келе жатыр, Қаражырадағы Қиманның төргі бөлмесін семьясына босаттырып бердік.
Малын қыс шыққанша сондағы бос тұрған екінші қораға қамайды. Оған жеңіл-желпі жөндеу жүргізілді. Ал Айтқожа (сәл ойланып барып) күн жылығанша өзіңіздің қасыңызда қала тұрады, көктемде төл алуға пайдаланамыз, келін жазда қырықтыққа қатысар, ал күзде шопандардың біріне болмаса біріне көмекшілікке жіберерміз, қам жемеңіз,- деді.
-Сөйткеніңіз дұрыс, сөйтпей бола ма?-деген оның бұл сөзін Шақан да құлшына құптап.
Кешеден бері суық өтіп, бойын жел қармағандықтан ба, бұл сәтте Бөлекең аяқ астынан қызуы көтеріліп, өзін бір түрлі шаршаулы сезінген. Отырған орнынан баяу көтерілген ол қабырғаға жанастыра төрт қабаттап төселген текеметтің үстіне жиып қойған жүктен қос жастықты қармай алып, бірін Шақанға ұсынып, бірін өз басына салып, жайғасып жатты. Жастыққа басы тиісімен-ақ Шақанның көзі ілініп жүре берген. Ал Бөлекбай жаңа ғана аяқ астында үзілген ой сорабына тағы да қалай түсіп кеткенін аңғармай да қалды.
... Сол жолы мұның ауылға баруынан қайтуы тез болған. Астындағы атына қамшыны үсті-үстіне көміп, қырдан құйындата түскен мұны басқа жылқышылармен қатар осы Әділ де дүрліге қарсы алған:
-Опыр-ай, екпінің тау құлатардай ғой, ауыл аман ба өзі? -деген жылқышылар қосының басшысы Есентай өзгелерден бұрын, үрейлене тіл қатып:
-Аман, аман,-деді бұл екі иінінен демалып. -Не ғып тұрсыңдар, тезірек атқа қоныңдар, тез жылқыны ауылға айдау керек!-деп қос маңындағы адырларда үйір-үйірімен үйездеп тұрған жылқыға қарай өзі бірінші болып ат қоя беріп қолында құрығы жоқ екені есіне түсіп, қосқа қайта оралған.
Бұл сәтте кермеде байлаулы, ерттеулі тұрған аттарына қарғып мініп, қарларына құрықтарын іліп үлгерген жылқышылар мұнымен қапталдаса шауып келе жатып:
-Өй, Бөлекбай, жөніңді айтсаңшы жылқыны ауылға айдап әкеліңдер деген байекең бе, бие байлайтын кез емес, оны қайтпек?-деп шуласа сұрады. Бұл сол сәт аттың басын іркіп:
-Мен ешқандай да байекең-сайекеңді білмеймін, кедей-кепшік малшы, жалшының үкіметі кеңес дегенді қапелімде есіне түсіре алмай соның атынан пәрмен етем!- деп көпшілік бір көргеннен көбік ауыз атандырған өкілдің аузынан естіген сөзін қайталап көки жөнелгенде аналар аңтарылып бір-біріне қарасқан.
-Мынаның оттап тұрған кедей-кепшігі, малшы, жалшысы кім өзі?
-Үкіметі не ей?
-Ол қайдағы үкімет?-десіп, өзара даурығысып, дуылдасқан олар:
-Әй, сенің осы есің дұрыс па? Бірдеңе шалып кеткеннен саумысың?- десіп, өзіне шүйліккен, ал мұның мына жылқының бәрін, бұл аз десең байдың сиырлары мен қойларын, ешкілерін, түйелерін өздері сияқты жыртық тонды, жалбыр тымақты кедейлер мен жалшыларға бөліп бергелі жатыр дегенін естігенде бұрын мұндайды көрмек түгіл құлағы шалмаған байғұстардың көздері тіптен атыздай болып кетті. Олардың өн-бойларын әлдебір белгісіз үрей билеген.
-Мынаның бай-сайыңды білмеймін деп аспаннан түскендей болып көпіруіне қарағанда, Ақжігіттің үйіндегі жеңгесінің абысын-ажындарына пістіре-пістірте, сапырта-сапырта майын шығарған түнемелді қымызына қызып қалған ғой,-деген Әділдің әзілінен соң барлығы да қарқылдай күліп:
-Е, бәсе деймін-ау.
-Бір лептің бар екені анық.
-Жоқ, екі ортада біз ұшырап қала жаздадық-ау, менің мынадан жылқыны байекеңнің өзі айдап кел деп айтты ма деп сұрағаным мұншалықты абырой болар ма?! Қос басы Есентай әйтпегенде пәлеге қалады екенбіз,- деп кәдімгідей-ақ мардымсып қалған. Оларды бірінші байқаған – Есентай.
-Ойбай, мыналарың кім тағы да, пәлекеттердің иықтарындағы мылтықтарын қара? -деген ол өңі сұп-сұр болып.
Манадан мыналарға ауылдан әкелген хабарын жөндеп ұғындыра алмай екі ортада өзі күлкі болып, ызадан жылап жіберуге шақ тұрған бұл оған ештеме деместен аналарға қарай атын борбайлатып шаба жөнелді. Жеткен жерде асыға-үсіге:
-Жылқыны өзіміз де ауылға айдағалы жатырмыз,-деді жолдастарына естірте қаттырақ сөйлеп.
-Онда не тұрыс, айдаңдар кәне, жылдам айдаңдар!-деген мылтықты өкілдердің ересектеуі бұларға бұйыра сөйлеп.
Бүгіннен қалдырмай кеңес заңына сәйкес осы малдың барлығын кедей-кепшіктерге бөліп береміз. Өмір-бақи қара сабаны қарны жуан байлар мен азулары алты қарыс билер мен молдалардың үйінен көріп, сапырылып жатқан сары қымыздың қышқыл иісі кеңсірігін жара жаздап, бір жұтып шөлін басуға құмартып,сілекейлері шұбырумен өткен кедей, жалшы сорлылар ендігі жерде сол биеге де, сабаға да, жерге де, тіпті елге де өздері ие.
Алқалы топта осылайша екпіндей сөйлеп, ұран тастауды әдетке айналдырған ол осылай дей келіп, иығындағы мылтығын жұлып алып, қолын алға ұмсына көтерген.
Мұның: «Жылқыны ауылға айда... кедейлерге бөліп береміз»,- дегенін толық ұғына алмай, бәрінен де бұрын иығындағы мылтығын жұлып алып көкке көтергенінен секем алған бұлар жылқыны әп-сәтте шоқтай қылып иіріп, ауылға қарай беттетті. Осы сәт жаңағы мылтықты өкіл: «Қос басы қайсың?»-деп дауыстаған.
-Мен!
Манадан оған қалай жұғысудың ретін таппай, желе жортқан жылқының біресе оң жағынан, біресе сол жағынан шығып, сөмпеңдеп, ит әуре болып келе жатқан Есентай сол сәтте-ақ мұның қасына тазының күшігіндей жылмаңдап жетіп-ақ барды. Оның көкірегін кере: «Мен!»,- дегендегі жымысқы жымиысынан тарысы піскеннің тауығы болуға әзір екендігін айқын аңғартқандай.
-Е-е, бізге де ақыры жеткен екенсіңдер ғой, өздеріңізді көптен күтіп жүр едік,-деген анаған жақындаған тұста жағымпаздана жылпылдап.
-Солай де, сөзіңе қарағанда, жаңа үкіметтің кедейдің үкіметі екенін түсініп, жолын қуаттайтындардың бірі сияқтысың?
-Әрине, қуаттаймыз ғой, біз қуаттамағанда, кім қуаттамақ? -деген ол абайсызда әлденені бүлдіріп алдым ба дегендей сасқалақтай міңгірлеп.
-Міне, енді мұның – нағыз азаматтық, білетін адамның ісі.Жә, іске көшелік. Қазір жылқыны ауылдың ортасына иірген соң, оны өкіл кедейлерге үлестіріп береді, бұл – оңай шаруа емес,- деген ол қабағын түйіп,- саяси науқан, өйткені күні бүгінге дейін байдың ашса, алақанында жұмса, жұдырығында болып келген, сөйтіп оның басыбайлы құлына, күңіне айналған өзің сияқты малшы, жалшылардың алғашқыда ескі сенімнің әуенімен аруақ, құдайдан қорқып, былайғы жұрттың қаңқу сөзінен қорынып бөлінген малдың өзін алуға батылдары жетпеуі мүмкін.
Ал кейбір ой-санасы әлі пісіп, толыспаған бейшара пақырлар: «Бұл кісіде менің алатын ақым жоқ»,-деп көрінер көзге өтірік сөйлеп, -сіздер қанады дейсіздер, мен бұл кісінің қанағанын да, талағанын да білмеймін, байыса, бірден, бұл кісіге дәулетті құдай берді, екіден, ақылы мен адал еңбегінің нәтижесі,- деулері де кәдік.
-Ә, ананы қара, ол залым сөйтіп жатып ішер зәнталақтың бізді борсық тектес қалай теспей сорғанын, оған құдай берді, адал еңбегінің арқасы деп көлеңкелеп, көлегейлемек дейсіз ғой, жоқ, ондайға біз тірі тұрғанда сірә да ерік бере қоймаспыз. Байдың да,оның төңірегіндегі жандайшаптарының да жегендерін желкелерінен сығып алып, ауыздарынан қара қандарын ағызармыз.
Бұған ә дегеннен көпшік қойып, байға қарсы қайрап салмақ болған өкіл өзінің осы жолы да шаш ал десе, бас алатын ақикөз әпербақанды ат арытып алыстан іздемей-ақ тура төбесінен түскеніне тәнті еді. Әйтсе де, сөзді онан әрі пісіріп алғысы келген ол мұны әлі де шаптай түскен.
-Әй қайдам, күні бүгінге дейін талай-талай жылдар бойы қас-қабағын бағып,асыраушым, сақтаушым деп есептеп келген қабыландай қорқау, көкжал бөрідей азулы байдың иегінің астынан бірден сытылып шығып, қарсы келіп, пәлен демек түгілі бетіне тіктей қарай алмай жүрмесе.
-Оны енді бара көрерміз. Жігіттер, жылқыны тезірек айдаңдар!Жұрт күтіп қалған болар,-деген бұл өңі түтіге атына қамшы басып.
Онсыз да сар желіп сар дала төсін тұяқтарынан көтерілген қара шаңға бөктіріп, мына абыр-сабырда құлынынан ажырасып қалып шұрқыраған биелер, өзге үйірлермен мидай араласып кеткен өз үйлеріндегі биелер мен байталдарды сауырлай тістеп, ырқына көндірем деп әуре болып келе жатқан айғырлардың арқырай кісінеген үндері жапан даланы жаңғыртып жіберді.
Бұлар жылқыны ауыл алдындағы белестен құлатып түсіргенде кең жазықтың әр пұшпағынан ауылға қарай ағылып келіп жатқан табын-табын қой, ешкі, сиыр, түйелер әдеттен тыс алдарынан состиып қарсы алып тұрған топты адамдарға жақындаған сәтте-ақ шошына үркіп, жалт беріскен. Мұны аңдаған өкілдердің бірі мал айдаушыларға :
-Жә, сол жерлерге-ақ иіріңдер,-деп әмір берген. Бұлар да ә дегенше жылқыларын иіріп, көпшіліктің ортасында тұрған шыны көзді өкілдің сөзіне құлақ түріп, тына қалған. Оның да айтары –Кеңес үкіметі берген теңдікті пайдаланып, мына отар-отар, табын-табын малдарды тезірек бөліп алыңдар, кедей малшы, жалшы жолдастар белсенділік танытар кездерің келді.
Малшы, жалшыға теңдік әперген кеңес үкіметі жасасын!-дейді ара-тұра қызбалана ұрандап. Тек ол: «Төрт түлікті пышақ үстінде бөліп алыңдар»,- дегенмен, жиналған жұрт осының өзі қалай болар екен дегендей, бір-біріне жалтақтай қарасып, жапақтасып, иіріліп тұрып қалған.
-Апырай, енді ал десеңдер аламыз да,- деген топ арасынан әлдекім. Тек біреудің ақ адал малын тапа-тал түсте талап алуға құдайдан бір, аруақтан екі сескенеді екенсің, тіпті бар ғой, шынын айтқанда, жүрегің дауаламайды.
-Мен саған не деп едім?-деген мылтықты өкіл Есентайды оқты көзімен ата қарап.
-Айтқаным айдай келді де қойды емес пе?
Оның өзіне соншалықты сұстана қарағанынан сескеніп, селт ете түскен Есентай:
-Өй, Үкімет сендерге ал деп тұрғанда байға соншалықты немене жапақтап, жаутаңдай бересіңдер. Құдайың да, аруағың да, ана тұрған байың да маған қолынан бір келгендерін екі қылсын, осылардан келген керді көріп-ақ алайын,–деп атына қамшыны басып, байдың сырт шыққанда мінетін боз жорғасына құрықты тастап-ақ жіберген. Сонан соң топ ішінде тұрған інісіне: «Әкел жүгенді бермен!»-деп әмір бере айқалаған.
Мұны көрген басқалар да әрқайсы көзі түсіп, көңілі кетіп тұрған мама биелер мен құнан, дөнендерге бірімен бірі таласа құрық салғызған, сөйтіп бір-біріне жалтақтай, жапақтап тұрған көпшілік бір-ақ сәтте құдайды да, аруақты да, естерінен шығарып, байдың жылқысына жаудай тиген. Тіпті, кейбірі сүйекке таласқан иттерше ырылдасып, мал үшін бірінің-бірі жағасын жыртысып, қамшы үйіріскен.
Сол топтың ортасында қамал бұзар қаһармандығы болмаса да, қазан бұзар қаныпезерлігі бір басына жетерлік Есентай өкілдердің қолтығына дым бүріккеніне масайрап, бұл сәтте өзі де лаулай түскен отқа май құйып, масаттанғандығы сонша– бір кезде айнала төңірегінде болып жатқан осы бір алқын-жұлқын тірлікке сырт көз тастап, қинала қабақ түйіп тұрған Әділге шүйлікті:
-Әй, ел қатарлы үлесіңді алмай сен не ғып аққожасып тұрсың, әлде Ақжігіт сенің қаныңды аз сорып па еді?-деген бұған кекесінмен мысқылдай қарап. Сол сәт оған өкілдер назар аударған. Кейбір белсенділік танытып, екі білегін түрініп алып соқтығарға қара таппай жүрген мұның жақын-жуықтары:
-Жаман үлесінен құр қалады деп сенікі не, аққожасынғаның жай ма?Сен алмағанмен мына жұрттың Ақжігітке тігерге тұяқ қалдырар түрі жоқ,-десіп шуласып, бірі тоқтыны, бірі торпақты тоңқаландай қуған, енді біразы асау жылқыларды ырқына көндіре алмай, әлек-шәлек болып, шыр-пыры шығып жүрген жұртты меңзеген.
-Өкіл жолдас! -деді бұл олардың сөзіне құлақ аспастан, астындағы атын тебіне көзілдірікті өкілге жақындап. –Сіз жаңа ғана байда есесі кеткендерге үлесін алып береміз дедіңіз ғой, ал менің, мен түгілі ата-бабамның Ақжігіттің өзіңде, ата-бабасында да ақымыз кеткен емес. Сондықтан да мен оның қотыр тайын да алмаймын. Тіпті, қазбалай берсек, Ақжігіттің тікелей менде болмаса да, ата-бабамда кеткен ата-бабасының ақысы бар шығар, оны бір Алла біледі,- дегенде сол жерде тұрғандардың барлығы ду күлді.
-Айтасың-ау сен де.
-Саған Ақжігіт тіріде ақысын жегізе қоймас.
Осы сәт: «Сен, жолдас, не шатып тұрсың?»-деп ышқына шыққан манағы мылтықты өкілдің үнін жұрттың:
-Айтсын, айтсын.
-Аузынан неге қағасыңдар?
-Әй, «енеңді дегеніңді емеуріңнен танимын» дегендей бұл не жаңалық айта қояр дейсің?
-Соны айтам-ау, баяғы байдың жыры да.
-Тоқтат!
-Әділ, іркілме,-деген дауыстар басып кеткен.
Әкемнің айтысына қарағанда,-деді ол ер үстінде қозғалақтап қойып, бүкіл арғы ата-бабаларымыз Құндызбай әулетінің дастарханының шетінен дәм татып, ырзығын айырған екен, шүкір құдайдың, сонан соң Құндызбай әулетінің арқасында оңы-солдарын танып, ел қатарлы шаңырақ көтеріп, бала сүйген, ұрпағын өрбіткен.
-Мұнысы-қоспасы жоқ шындық енді. Мұның ата-бабаларымен біздің де ата-бабаларымыз осы Құндызбай әулетіне қызмет етіп, бірге жасап, біте қайнасқан ғой, білеміз.
-Білеміз,-деп шуласқан олар.
-Оу, ағайын, сәл сабыр қылыңдар, сөзін аяқтасын да.
У-шу басылған сәтте Әділ сөзін әрі сабақтады. Бірінен-бірі өткен сонау жұт жылдарында мына байтақ даланы мекендеген қалың жұрттың малы ғана емес, жаны да жұтап, талай шаңырақтың түндігі ашылмай қалды, ал біздің аман қалуымызға құдайдан кейін осы Құндызбай әулеті себепкер болды,-деп әкем өле-өлгенше аузынан тастамай кетті, бұл бір.
Екіншіден, жылқы баққан екі-үш жылда қарақосқа деп Ақжігіт байдың берген азды-көпті соғымын місе тұтпай мына тұрған Есентай інім жүген-құрық көрмеген не бір ту байтал мен бестілерді бай сұраса қасқыр жеді деп әкеп жыққанда, Алланың әмірі әлгінің етін жеген сайын ішімнен жылмай өтуші еді. Соған қарағанда, кісі ақысы маған кісәпір болса керек. Оның бұл сөзіне былайғы жұрт тағы да ду күлген... Е, ол оқиғаға талай уақыт болды ғой...
Осы сәт, орнынан баяу көтеріліп, есікке қарай беттеген Шақан қабырғадағы шегеде ілулі тұрған шапанын иығына желбегей жамыла беріп бұдан:
- Бөлеке, далаға шықпайсың ба?-деп сұрады.
-Жоқ, әлгі Есентайлар кешікті-ау. Далаға шықсаң, қарай салшы, көрінбес пе екен?
- Мақұл.
Олардың сөздеріне үнсіз құлақ түріп жатқан Әділ Есентай есімін естігенде бір түрлі селт еткен.
– Опырау, бұл қай Есентай?..
Әлде соның өзі ме екен. Мұның өзіне аңтарыла қараған сұраулы жүзіне көзі түскен Бөлекбай:
-Иә, бұл баяғыда өзімізбен бірге Ақжігіттің жылқысын бағатын Есентай.
-Байғұс бар екен-ау.
-Әдеке, естіген жоқ па едің, ол біздің колхозға көшіп келген. Екі-үш айдан бері есепші болып жұмыс істеп жатыр.
-Солай де.
Аунап түсіп шалқасынан жатқан Әділ қынқ етіп дыбыс шығармаса да, оның ерінін қанын шығара тістелегеніне қарап аунап түсудің өзі оған қаншалықты күшке түскенін айқын аңғарған.
Сол сәт әлденеден Бөлекеңнің есіне қазақтың жүгі, қаншалықты ауыр болса да, қабырғасы қайыспайтын түйені қара нар дейтіні, ал қажыр-қайраты мол жандарды сол нарға теңейтіні түскен. Бұл білетін қатар өскен азаматтардың арасында қайда салсаң да қайыспайтын қара нар осы Әділ еді. Жаратқан ием бір басына ер азаматқа ғана тән ерлікті де, өрлікті де, мәрттікті де үйіп-төгіп бере салған.
Әй, ана жүрегін ашып, ақтарып қараса, ерлігі мен өрлігі қызыл шоқтай алаулап, мейірімі мен пейілі, әділдігі мен пәктігі көрген жанның көзінің жауын алар ма еді. Сол өткен шақта, байырғы Ақжігіттің төрт түлігін жұрт пышақ үстінде бөліп алған кезде өкіл бұған өктем үнмен:
-Сен үлесіңді алмаймын деп мына жұрттың арасына іріткі салуды қой, білдің бе? Әйтпесе, көзіңе көк шыбын үймелетемін, -деп тепсінгені еске түсті.
-Өкіл жолдас, атып жіберсеңіз де өзіңіз білесіз. Мен сізге, мына жұртқа түсіндіріп айттым емес пе? Менің Ақжігіттен алар алашағым жоқ, сондықтан да сіз айтып отырған үлестен бас тартамын. Сол сәт бұған тұрған жұрт таңдана, аңтарыла қараған. Тіпті, айнала төңірегінде болып жатқан айтыс, тартыс, төбелеспен ісі болмай таспиығын тырсылдата тартып: «Иә, Алла, өзің оңғара көр!»-деп мүлгіп отырған діндар Ақжігіттің өзі мұның сөзіне бір түрлі елең етті. Тек әлден соң барып қайтадан қалғып кеткендей күй кешіп, таспиығын тартуды одан әрі жалғастыра берді.
Ұзақты күн таспиығын тартып, бір Аллаға сыйынып, мінәжат етіп отыру дүние сөзіне, тіпті күнделікті іске араласпау бұдан аттай алты жыл бұрын мұсылмандық парызын өтеп, қажыға барып қайтқан Ақжігіттің үйреншікті әдеті болғандықтан ба, оған сол арада ешкім мән бере қоймады.
О, ғажап-ай, содан бері ширек ғасыр өтсе де, Әділдің сондағы кескін-келбеті, салмақты да сабырлы жүзі, шегелеп айтқан әр сөзі күні бүгінге дейін мұның есінде қаз-қалпында сақталған екен-ау, тек...
Сол сәтте сырлас, мұңдас досының байдың жыртысын мұншалықты жыртқанына, көңілінің қара жер болғандығы сондай– оған сол арада аш қасқырдай тап беріп, түтіп жегісі келген. Тек жұрттың:
-Үлесін ала ма, алмай ма, өзі білсін!
-Иә, соншама неге қыстайсыздар, әлгі қиянат болмайды дегендерің қайда?-деген шуылы тежеген еді.
Өзге жұрт күні кеше ғана асыраушысы, сақтаушысы, қиын сәтте панасы болған байлар мен молдалардың, тіпті есігінде кісі ұстаған кейбір ауқатты орта шаруаның өзіне қанды қамшыларын үйіріп, ортамыздан аластатылсын,-деп жоғарыдан келген өкілдердің сөзіне еріп, бірінің айтқанына, бірі қонақ бермей, у-шу болып гүжілдесіп, кейде тіпті жаға жыртысуға дейін барып жатқанда әншейінде белсенді сияқты көрінетін Әділдің әңгіме атаулыдан сырт қалуы мұны қатты таңқалдырды.
Енді ойлап отырса, сол жиындарда айтылған көл-көсір сөздердің бірде бірі елдің есінде қалмапты. Ал мына кірпігі қимылдап, хал үстінде жатқан шалдың Есентай інім жүген, құрық көрмеген бестілер мен байталдарды байға қасқыр жеді дерміз деп әкеп жығып, қазан астырғанда Алланың әмірімен ұрлық малдың етін жеген сайын ішімнен жылмай өтуші еді, кісі ақысы маған кісәпір болса керек, үлесімді алудан бас тартамын деген сөзі осы өңірді мекендеген кәрі-жастың аузында аңыз болып жүргелі қашан. Әлі қаншама жүрерін кім білсін.
Бөлекбай терең күрсінген. Кісі ақысының тек Әділге ғана емес, өзгелерге де, оның ішінде өзіне де жақпағанын көзімен көрген. Тіпті, үлес ретінде алған екі жылқы, бір сиыр, он шақты қойына көп ұзамай -ақ бықпырт тигендей өліп, тігерге тұяқ қалмаған.
Ал өмірі тұсау көрмеген асау жылқының бірі ауыл алдындағы жыраға жығылып өлсе, енді бірін тапа-тал түсте көкжал бөрі жарып кеткен. Қойшы, үлес алғандардың бұдан басқаларының да қарық болып, шекелерінің шылқығандары шамалы еді.
Әйтсе де, солардың бірде-бірі Ақжігітке Әділ сияқты өз әулетінің атынан алғыс айтпақ былай тұрсын, өкілдерден қорқып, құн даулауға арлары бармайтындықтарын ашып айта алмай, өзара күңкілдесуден, сен айт, мен айттан аса алмаған.
Ең бір ғажабы, олар сол сәт әулекі сияқты көрінген мұның сөзіндегі ұлы шындықты тап сол жерде де, тіпті одан кейінгі кезеңдерде де ұғуға, мойындауға ой өрелері жете бермеген екен.
Жаңа үкімет қанаушы байдан құтқарып, теңдікке, еркіндікке қолымды жеткізді, алдыма қыруар мал салып, басыма шаңырақ көтертті деп есі шыға қуанған қара сирақ кедейлер былай тұрсын, солар үшін қан төгіп, жаңа қоғам орнатқан коммунистердің өздері де бай-кулактарды жою, ортадан аластатудың арты неге апарып соғарына толық есеп бермеген.
«Саясат» атты лай дарияның айдынында емін-еркін жүзіп, айдарынан жел ескен қоғамтанушылар мен тарихшылардың, заңгерлердің, ең бастысы-адам жанының инженері жазушылардың сол таңда құбыжық болып көрінген, соған орай еңбекші қауымның арасынан аластатылып, жер аударылып, атылып кеткен байлар мен кулактардың қанаушы таптың өкілдері, «паразит» деп небір жиіркенішті пікірлері үйіп-төгіп, қара шаңдарын аяусыз қағумен келген қоғамдық күштердің, оларды шаруа еңбегін ұйымдастырудың ұйытқысы, елдің асыраушысы, сақтаушысы, жердің иесі еді деп бір ауыздан мойындап, жоқтауларына әлі табаны күректей қырық жылға тарта уақыт бар еді... Осындай ой кешкен Әлдекең мен Бөлекбай шам жағыла қоймаған қараңғы бөлмеде бірте-бірте қалғи бастаған.
***
Шайды ұзақ сүйсіне ішкен қонақтар ас қайырған соң өзара қызу әңгімеге кірісті. Олардың сөзін Әділдің:
-Шақа, әніңді сағындық қой, бүгін құдай айдап келіп қалған екенсіз, -деген дауысы бөлді.
-Иә, қысыр әңгіме қайда қашар дейсің? Шақаңның әнін тыңдайық,-дескен. Әйелдер де оның сөзін қуана қуаттады. Олардың бұл тілегін жымия тыңдаған Шақаң жан-жағына қарады. Оның домбыра іздеп отырғанын бірден түсінген Ғайша төрде ілулі тұрған домбыраны қолына алып берді.
Шақаң оның аз-маз құлақ күйін келтіріп алғаннан соң дауысын кенеп, «а, а-лап» Ақанның әсем әндерінің бірі «Қараторғайды» тамылжыта бастап кетті. Жасы пайғамбар жасына жақындағанына қарамастан, оның дауысы әлі де қыр төсінде сылдырап аққан бұлақтың сылдырындай сазды, мәнерлі де қуатты еді.
Ол «Айрылдым қапияда сенен не ғып» деп әнді ырғақтата созғанында жаңа ғана нұр шалқыған жүзі өкініштен қуқыл тартып, құсынан айырылған қапалы бейбақ жанның өзегін өртеген өкінішін дауыс ырғағымен ғана емес, бет әлпетімен де, қимыл-қозғалысымен де тыңдаушылардың көз алдына елестеткен.
-О, жасап кет!
-Бәрекелді!
-Қайран біздің Шақан! Жастық шағында той-думанның гүлі еді-ау! Өткен күндерді сағынышпен еске алып отырғандар оның келесі әндеріне онан әрмен сүйсіне, беріле құлақ түрді.
Сол сәт Ғайшаның Шақанның Әділді өзіне бір тойда таныстырғаны есіне түсті.
-Ғайша, танысып қой, мына жігіт – Әділ деген замандасың, мұнда да өнер жетеді,-деген жайымен. Оның мұны неге айтып тұрғанын сол сәтте ұға алмаса да, жүрек шіркін әлденеден әлсіз дір еткен. Ол сол сәттен бастап той үстінде Әділге ұрлана көз тастаған.
Ол да мұны бірте-бірте іш тарта бастағандай еді. Тіпті, оның бар болғаны көрші ауылдағы Ақжігіт байдың жылқышысы, жалшысы, ал өзінің бай қызы екенін де қаперіне алмапты-ау. Бәлкім, бұлардың тағдыр қосып шаңырақ көтеруіне Шақанның таныстыруы ықпал етті ме екен, әйтеуір көп ұзамай, бұлар бір-бірімен қол ұстасып отау тіккен.Оның ойын:
-Шақа, сіз осы салдық құрып жүріп Аққыз деген аруға ұшырасып, әлгінің сұлулығы мен сымбатына, өзіңізге деген ынтық сезім, іңкәр пейіліне, жан дүниесінің судай тұнық, сүттей аппақ екендігіне тәнті болып, ауылынан аттанарда қоштасу рәсімімен ат үстінде толықси тұрып соған арнап өзіңіз шығарған әніңізді шырқады деген не сөз?
Менің білуімше, сол Аққыз біздің бұл өңірдің қызы болмаса керек,-деген Бөлекеңнің сауалы бөлген.
-Ой, антұрғандар-ай! «ит қорыған жерге өш» деп мыналардың ана Валя келіннің көзінше қойып отырған сауалдарының түрін қара. Ертең естігендеріңді кеше Шақанның өз аузынан құлағым шалды,-деп елге мың бір түннің хикаясындай қылып жаймақсыңдар ғой, сендерден шығады.
Жә, жеңгемізді үйге қалдырып, серілік құрып, аң қаға жүріп Аққыз деген әлдекімге өлердей ғашық болып ән арнаған жоқ па? Біз ол кісідей бола алмасақ та, ұқсап баққымыз келеді,-деп алда-жалда суық жүрістерің әйгіленіп қалса, тігісін жатқызбақсыңдар ғой, оның бұл сөзіне отырғандардың шек-сілелері қатқанша күлді.
- Бірде тағы да аңға шықтық,-деп сөзін онан әрі сабақтаған Шақан,-жол басшымыз – Бақтыбайдың Бәлтеші. Бәлтеш мырза құралайды көзге атқан мерген, сері жігіт еді ғой. Сол жылы біздің жақта түлкі аздау еді, содан Атасу өңіріне қарай ат басын бұрдық. Ол елде қаршыға, бүркіт салып, қақпан құрып, тазы жүгіртіп аң аулайтын саяткерлер жыртылып айырылатын.
Солармен құс алмасып, бірге аң аулап, бірімізге біріміз Арқаның ару әндерін үйретіп, қызық-думанмен жүргенде, біраз күндер өте шығыпты. Бір күні сол өздерің айтып отырған Аққыздың ауылына келіп ат басын тіредік,-деп терең күрсінген қарт әнші, айналасындарға шола көз тастай келіп, сонда ғой деген сөзін онан әрі жалғап Аққызға жолығып жүргенім. Сан естіген әңгімелерің ғой!- деді отырғандарға жымия қарап. Шақанның бұл әңгіме одан әрі жалғауға құлқы жоғын аңғарған отырғандар.
-Енді сол әнді айтып беріңізші, тыңдайық,-деп қолқа салды. Шақан домбыраға қол созған.
-Алда жарықтық-ай,Шәкеңнің әнін былай қойғанда, әзілінің өзі бір қаралық-ау,-деп сықылықтай күлген Айтқожа. Шақа «таздан тарақ қалғалы қашан» дегендей, мына басекең болмаса, бізге қара көлеңке бөлменің төрінде ұйқылы-ояу керіліп, сары майдай толықсып жатқан сұлудың көрпесін көтеріп, құс жастықтай мамық кеудесіне қол салып, әтір иісі аңқыған ақ тамағының астынан өліп-өшіп иіскелеу қайда. Оның бұл сөзіне алғашқыда мырс еткен жұрт біраздан соң үйді бастарына көтере қарқылдай күлген. Күлкіден екі иығы селкілдеп, жүзіне нұры шалқып шыға келген Бөлекбай:
-Бәрекелді Айтқожа бабалармыздың ұмытпасам «бес жас орамдас, он жас құрдас» дейтін сөзі бар еді, жасың кіші болса да мені қатырдың, азамат болып ат жалын тартып мінгеннен соң бұйырғаны болды ғой, -деп маңғаздана мұртын сипап, айнала отырғандарға еңсесін тіктей қараған, сонан соң Шақанға әнтек бұрылып:
-Әй, дегенмен «боз шапса, боз озбай ма буырылдан» демекші,жаңағы сөзге қарап, Шақанды не қылса да жігіттіктен қол үзіп, жер шұқып қалған екен деп ойлағандарың қателесесіңдер, осы таяуда ғана...
-Қой, мынау тағы бірденені бүлдіргелі келе жатыр,-деп жымия күлген Шақан әнін бастап кеткен.
Әннің сөзі де, әуені де алып ұшқан жастықтың іңкәр сезімі маздақ махаббаттан гөрі өмірімнің жастық атты жарқын кезеңмен қимай қоштасқан азамат ағаның ойда-жоқта ұшырасқан жас аруға ағынан жарылып, талайларды опынтып кеткен ұлы сезімнің күйрек те қораш, опасыздық атты ми батпаққа ұрынарын сыр қылып шертуге арналған.
Еліктің жанарындай жаудыраған қос жанарынан жүрек тереңінде іңкәр сезімнің өрт болып алаулай бастағанын ә дегеннен сыртқы сұңғыла көзге аңғартып алған албырт та аңғал, таңғы шықтай таза сұлуға сырын ақтара келіп, ағалық көңілден елжірей бақыт тілеген. Ән сазы бірде ойнақы, бірде мұңлы, кімнің де болсын сезімін селт еткізіп, жүрек қылын шерткендей еді.
Сондықтан да болар, біразға дейін жұрт жан жүректі баурап алып, қиырларға бастаған ән әсерінен бірден арылып кете алмай, дел-сал күй кешкен. Тек әлден соң барып: «Шақа»,- деген Әділ тамағын кенеп,-ауылы-мыз аралас, қойымыз қоралас болса да, өзіңіз айтып отырған Бақтыбай қажының баласы Бәлтеш мырзамен жақын араласып дәмдес, тұздас болуды тәңірім несіп етпепті.
Мына жұрттың біразы Бәлтеш мырзаны елім, жұртым деген азамат еді десе, енді біразы аз күн серілік құрып, селтеңдеумен ел үстінен күн көргендердің бірі, тіпті соңына ерген ел ішінен шыққан азды-көпті серілердің өзін қызметшісі ретінде ұстады дейді. Осының қайсысына сенейік... Сіз Бәлтешпен басқаларға қарағанда көп араластыңыз ғой.
Жаңа ғана айнала төңірегіндегілерді әсем де әуезді әнімен әлдилеп, соның әсерінен өзі де мәңгілік артта қалған енді оралмас қимас кезеңнің әр қырына ойша көз салып, сан тарапқа шарықтап кеткен қиял шіркінді әлі де бір арнаға ығыстыра алмай, қызыл көрген қыран бүркіттей дүр сілкініп әсерленіп отырған әншіге мына сауал қолайсыз тиген.
Терлеп-тепшіп, рахаттанып жылы үйде отырған адамның жеңіл-желпі киіммен сақылдаған сары аязға шыға келгендей әсер етіп, әлденеден өне бойы тітіркеніп кеткендей еді.
Тек сәлден соң барып өзіне-өзі келген ол қабағын түйе:
-Әй, Әлдеке-ай, естігеннің барлығы шындық бола бермейді ғой, сізге мұнан басқа не айтайын?-деп төмен қарап отырып қалған. Сонан соң жиырыла қалған қабағын жазып, жайраңдап сала берген. Оның осы бір ауыз сөзі отырғандарға әртүрлі әсер қалдырған.
-Е-е-е, «өлген арыстаннан тірі тышқан артық» деген осы да. Бір кездерде бірге жүріп, бірге тұрған, ішпесін ішіп, кимесін киіп, жемесін жеген Шақанның Бәлтеш мырза туралы көсіле сөйлеп, шешіле толғар жөні бар емес пе? Келте қайырғаны несі? -деп бірі Шақанға іштей өкпелесе, екіншісі, Шақанның сөзді осыншалықты келте қайыруы түсініксіз де емес-ау...
Бірге өсіп, біте қайнаған бізге неге сенбесін, сенеді ғой, Алла сақтасын. Әйтсе де, тіліңді тістетіп, үніңді өшіріп, діңкені құртқан заманның аузыңды ашсақ кеңірдектен алуға шақ тұрған қанды шеңгелі кімді де болсын сескентпей, айбынтпай қойсын ба? «Үй өзімдікі деме, үй артында кісі бар» дегендей, дәмі-тұзы араласқан талай сырлас, мұңдас дос-жарандарының арасында әлдеқалай айтқан бір ауыз сөзі үшін...
Бетін аулақ қылсын айдалып, атылып кете барған жоқ па? «Сақтансаң, сақтаймын» дегенді мына сергелдеңге толы аласапыран заманда әсте естен шығаруға болар ма,-деп толғанған . Ал Ғайша:
-Біздің Әділ де қызық-ау осы. Кейде тіпті бала сияқты сұрамайтынды сұрайтынын қайтерсің?! Елдің айтқаны шындық болса да, Шақан үзеңгілес жолдасын солай еді деп қалай жамандамақ, оған қайтып ары бармақ.
Тіпті, біздің халықтың өлген адамды жамандамайтын жақсы дәстүрі бар екендігін неге естен шығарып алды екен деген ойға берілген. Сөйтіп, сан алуан ойлар сорабына түскен жұрт бір сәтке үнсіз қалған. Осы үнсіздікті Әділдің:
-Сіздің Еренғайыппен кездесетініңізде сол жолы емес пе?- деген сауалы бөлген.
-Иә, сол жолы...- деп аз-маз үнсіз қалған Шақан,- Ерен десе Ерен, Ғайып десе Ғайып бір туар азамат еді ол. Бетті, әділ қылпып тұрған ақ алмастай жігіт еді деп отырған жұртқа барлай қараған.
Олардың көңіл күйін тамыршыдай тап басқан Шақан сол сәт Арқаның аруақты әншісі Жарылғапбердінің «Ардақ» атты кең тынысты әсем де әуезді әнін асқан бір құштар құлшыныспен әуелете бастай жөнелген.
Әсем ән, орындалуы тіпті ғажап!
Жұрт сілтідей тынып, құлақ түре тыңдап қалған. Тек аяқ астынан абалай үріп, аядай ауылды дүрліктіре басына көтерген иттердің дауысы, оған ілесе әлдекімдердің орысша, қазақша боқтаған үндері жұрттың алған әдемі әсеріне сызат түсіргендей еді.
Ит абалай бастаған сәтте-ақ далаға ата шыққан Айтқожа әлден соң Есентай мен Пангуринді алып үйге кірген. Олардың отырған жұртпен амандасумен ісі болмай, әлденеге өз беттерімен ыржақтай күліп, аяқтарын қалт-құлт басып, тар жерде біріне-бірі жол бермей, көктемде көшкен сеңше соғысуларынан-ақ үйде отырғандар бұлардың соншалықты неге кешіккендерінің себебін бірден түсінген.
Оның үстіне аяғындағы саптама етігі мен үстіндегі тонын әлек-шәлегі шығып, өлдім-талдым дегенде әрең шешіп, төрге қарай аяғын апыл-тапыл басқан жас баладай қалтақтай өрлеген Есентай отырған бастығының жанына жантая беріп:
-Шақан ауылды басына көтеріп ән салып жатқанын естігенде ана пеш түбінде жатқан тірі өлік перзентті болып, сіздер соның шілдеханасын жасап жатыр екен десем, -деген ол Әділге алая қарап кекесінді кейіппен, сонан соң өлетін қойдың көзіндей бозара қалған жанарымен жан-жағындағыларды шолып өтіп, -ән салдыртып, таза естерің жоқ қой ей, ана патриот Пангурин мына қырсық шалған қырдағы қаптаған төбелер мен адырлардың арасында адасып, көкжал бөріге жем болса, кім жауап бермек?! - деп ол өңешін жырта айқайлады.
-Онда сендердің істерің жоқ, сендер үшін бәрібір, солай емес пе?-деді тағы қалтырай дірілдеп.
–Куда это пойдет... Оның жоғарыда айтқан сөздерін енді орысша былдырақтағалы келе жатқанын бірден аңғарған Бөлекбай:
-Оу, Есеке, алжысаң жөніңмен алжысаңшы, хал үстінде жатқан Әділге сәлем берудің орнына, есіктен кірмей жатып қағытқаның не?
Түкірігіне қақала-шашала : «Мен бұл кісіге жолдан бұрылыс болса да Сандыбектегі дүкенді апарып көрсеттім. Дүкеншінің үйіндегі алтын тісті жеңгейдің қолынан қаймақ қатқан шай-суан ішкізіп, ептеп арақ-шарап...е, еһе, біз жүрген жерде онсыз бола ма енді, жеткеніміз осы.
Ато кешегі жәдный Қиман төбет мына патриотқа бір жарты құюға жарамады, мені қойшы, мына кісі біздің қазақ халқының қонақжайлылығы, пейілінің кеңдігі жайлы аз естімеген сияқты, әйтсе де Қиман төбеттің дастарханынан кейін қандай ойда қалмақ?
Вот где мәселе? -деп сұқ саусағын төбеге қарай көтерген... –сонан жеткен бетіміз осы. Сол сәт әлдене есіне түскендей: «Е-е, мен сіздерге де сарқыт әкелген екенмін ғой, пәлі оны ұмытып отырмын»,- деп жаңа шешініп төргі бөлмеге ене берген патриот Пангуринге:
-Давай на стол,-деген екі алақанын ысқылап. Анау босағаға ілген пальтосының ішкі, сыртқы қалталарынан алып шыққан «Портвейндерін» ортада жасаулы тұрған үстелдің үстіне сылдыратып қоя бастады. Сол сәт дәм әзір екендігін ескертуге Валя келіп кірген. Оған Пангурин әй-түй жоқ:
-Давай, быстро стакан,- деп әмір бере әкіреңдеген. Оның мұнысын ұнатпай қалған Валя:
-Вы сперва из стола уберите,-деді тыжырына тіл қатып.
Манадан Есентайдың сөзі қытығына тиіп, мына иттің басынуын-ай деп жарылардай болып ызасы келіп, әйтсе де үйге келген құдайы қонақты жаратпаса да, пейіл танытып жоғары шық дейтін ата салтынан аса алмай аласұрып, азу тісін басып жатқан Әділ.
-Құдай-ау! -деген терең күрсініп, -мына жарық дүниеде орысшаны Есентайдан артық білетін жан бар деп кім ойлаған? Айналайын, Валяжан-ай, сенің талай жыл орыс арасында өсіп, тіл үйренгенің бір кәдеге жарады-ау. Оның бұл сөзіне жұрт қыран жапқандай ду күлген.
Аяқ астынан шыға келген мына салпы етек ауыл қатынының орыс тілінде мұншалықты жатық, таза сөйлеуі Есентайды ә дегенде сең соққандай есеңгіретіп тастады.
Әсіресе, өзі ата жауы санайтын Әділдің жаңағы сөзі оған жұрттың қыран жапқандай болып күлуі оның жүрегіне атқан оқтай қадалды. -Малғұндардың мәз болып күлуін,- деген ол іштей күйініп, -көрермін әлі, тек мұны сыртқа шығарып айтуға дәрмені жоқ еді. Сонда да «ит ашуын тырнадан аладының» керімен:
-Мыналарың қайдан жүрген қатын өзі?-деген дүңк етіп. Жұрт ішерге ас, киерге киім таба алмай соғыс салған зардапты қалай жоямыз деп әлек-шәлегі шығып жүргенде, мына тірі аруақ тоқал алып қойғанның қай жағы?-деді қызарақтап.
-Саудың асын ішіп, аурудың сөзін сөйлемесең осы сенің ішің кебе ме, Есентай? Валя келін мына Айтқожаның зайыбы емес пе? Жә, қол жуайық,-деп Шақан орнынан кейіп көтерілген.
-Ә, мен қайдан білейін, қайдан білейін? -деген анау бір түрлі сасқалақтап. Отырған үшеуі біріне-бірі еріп ауыз үйге шыққан сәтте Есентай Пангуринге бөтелкенің бірін ашқызған. Оны екеуі шынының аузынан қақ бөліп тартып алған, сонан соң Есентай ананы өзіне қарай жақындатып, құлағына:
-Ты знаешь, это женщина муж нет, ты крути, хороши любовь,-деп сыбырлай сықылықтаған. Күні бойы ішкен арағы бұл сәтте кәдімгідей бойын ала бастаған анау оның бұл сөзіне имандай ұйыған. Тіпті, тәтті қиялға беріліп кеткендігі соншалық - келіншектің осы түні тек қана өзінікі екендігіне шүбәсіз сенген, ал Есентай қызу үстінде аузынан шығып кеткен осы бір ауыз сөздің енді бірер күнде бірталай жазықсыз адамның өмірлерін күрт өзгертіп, шаңырақтарын шайқап, мына тірлікте барын саусақпен ғана санарлық адам ғана білетін пақыр Пангуриннің есімін елдің елеулі азаматтарының қатарына қосып, есіктегі басын төрге сүйрерін сезген жоқ еді.
Оның сол сәттегі мақсаты қалайда патриот Пангуриннің қолымен қызыл шоқты көсеп-көсеп жіберіп, еркек өзінен гөрі орыс тілін әлдеқайда жақсы білетін мына салдақыны отырған жұрттың алдында беделін түсіріп, жер қылу еді. Сөйтіп, ол бір оқпен екі қоян атып, орайы келсе Әділ мен Айтқожаның да масқарасын шығаруды ойлаған еді...
Содан бері де арада қаншама жыл өтіп, буырқана аққан талай асау бұлақтың суы суалып, арнасы кеуіп, күні кеше көзінің жауын алып жайқала өскен жасыл құрақтың сан рет қурағанына, ең бастысы сол бір алыста қалған жылдарда талшыбықтай солқылдаған күдігінен үміті басым, жанарларында өмірге құштарлық оты маздаған жалынды жас жүректі жігіттердің де бұл күндері ата сақалдары ауыздарына біткен ақсақал атанғандарына қарамастан, шешуші сәтте Ғайшаның мені таңдағанына, сөйтіп мұнан мерейінің үстем болғанын әлі де ұмытпай, тіпті кешіре алмай келе жатқанын босаға аттамай жатып-ақ аңғарып алған Есентайдың арындаған артық ауыз сөздерін Ғайша өзінің мәңгілік махаббаты, жан жары Ғайша үшін кешіріп, тіпті оған деген мұның ыстық сезімінің әлі күнге дейін суымағанына, тіпті арта түскендей сияқты болып көрінуіне Әділ іштей сүйсінулі еді...
Тек оның мына бейтаныс орыстың құлағына әлдене деп сыбырлап, күлгенінен көңіліне күдік алған Әділ жаңа ғана жан жүрегін әлдилеген әдемі сезімнен арылып, оған бір түрлі жақтырмай адырая қараған.
***
Табақ тартылып, ет туралып болған соң Бөлекең:
-Ғайша, келін, екеуің де мұнда келіңдер, мына тамақ бәрімізге жетеді,- деп дауыстаған. Оған Ғайша: «Бізге алаң болмаңыздар!»- деп көріп еді еркектер жағы дастарханға қайта-қайта шақырып болмаған соң ұят болар деп үстел шетіне келіп жайғасқан.
-Нам бы стаканы,- деген сол сәт Пангурин Валяға елжірей қарап.
-А у нас нет стаканов, -деген ол, мұны естігенде бұл ортаға жаңа келген Пангурин түгілі осы елдің төл тумасы Есентайдың өзі таңқалғанын жасыра алмай.
-Стакан жоқ дейді ей... бейшара Әділ сенің болып-толғаның осы ма? Сорлы-ау, тым құрыса бірер стақан сатып алуға пұлыңның жетпегені ме?- деп Әділді жерлей жөнелгені сол еді.
-Сол стақаны бар болғыр жалғыз Әділ емес, осы елде, қала берді қызмет істеп жүрген біздің үйімізде де жоқ, -деген әдеттегідей Бөлекең шайып-жуып.
Босаға аттағаннан бері Әділге шүйлігіп, екі сөзінің бірінде оны кемсіте сөйлеуі қаншама шабына тиіп, шамырқанса да, үйге кірген сұр жыланның басына ақ тамызып шығаратын ата салтынан аса алмай, тілін еріксіз тістеп отырған Ғайшаға оның бетін тойтарып тастауға осыдан артық қолайлы сәт жоқ сияқты көрінген.
-Әй, Есентай, -деген ол бұған назарын тіктеп,- стақан мына сен сияқты арақ ішетін адамға қажет, біздің үйде Әділ де, мен де арақты татып алмаймыз, сондықтан да сол стақанның бізге қажеті де жоқ,- деген жайымен. Оның бұл сөзін отырғандардың көпшілігі:
-Иә, шынында да солай, дұрыс айтады,- десіп құптасқан. Әлденеден Есентай оның «Әділ де, мен де арақты татып алмаймыз» дегенінен: «Мына зымиян ел шетінде жатып-ақ әйеліміз екеуміздің той-домалақта жарысып стақан көтеретінімізді әлдекімдерден естіген болды ғой.
Ел ішінде сөз жата ма, тәйірі»,- деп топшылаған. Сол сәт оның әйеліне ашуы келген. -Аузы итаяқтай болған неме, осы арақты тым құрыса сен қой, біреуміз ғана ішейік десем өмірі тілді ала ма. Енді келіп мына жаман қатынға жұрт алдында күлкі болып, масқарам шығып отырғаны мынау,- деп күйінген, тіпті сол сәт әйелі осы арада бола қалса оны түтіп жердей еді.
Валя ауыз үйден әкелген кеселерге жаңадан ашылған бөтелкедегі қызыл арақты қақ бөліп құйған Пангурин оны бірінші кезекте төрде отырған бастық пен Шақанға ұсынды, ол екеуі де, тіпті басқалары да бастарын шайқап, алдарына қойылған кеселерді алғыстарын айта отырып Пангуриннің өзіне қарай жылжытқан.
-Пейте, что вы? - деп әлденеше рет қайталаса да бұлардан ештеңе шықпасын ұққан ол алдында іркіле қалған арақ құйылған кеселердің бірін Есентайға, екіншісін Валяға ұсынған. Есентай кесені әлдебір нәшпен қолына алып:
-Выпим за патриот Пангурин здоровья!- деп былжырап, Валяға соғыстырмақ болып кесесін ұмсынған. Тек ол рахмет айтып, бас тартқан. Мұны көрген Пангурин көзі шатынай шамданып:
«-Проклятые басмачи, вам патриот Пангурин не по нраву, уж извините, будете любите жаловаться, -деп ол кесені Валяға енді өз қолымен ұсынған.
-Выпей, красотка, это наша ночь, -деп бір қолымен оның мойнынан аймалауға тырысқан. Сол сәт қолын қағып жіберіп, орнынан ата тұрған Валя:
-Ради бога оставьте меня пожалуйста,- деп ауыз үйге қарай шыға жөнелген, оның мұнысын өзінше түсінген Пангурин.
-Я сейчас,- деп оның соңынан ере бермек еді, ата тұрған Айтқожа кеуде тұсынан жалғыз қолымен ұқсата ұрған. Оның соққысы соншалық қатты болды ма, жоқ әлде «сынғалы тұрған тіс быламыққа да сынатының» кері ме, әйтеуір Пангуриннің мұрттай түскені, «қырсыққанда қымыран іридінің» кері келіп, жаңа ғана табаққа тұғжыңдап бас қойған аналар қой-қойлап арашаға түсем дегенше Айтқожа тағы да жүремете-жүремете жұдырығын екі-үш рет сілтеп жіберген.
Сол кезде Ғайша мен Валя оны шап беріп ұстай алып, тырысып, жұлқынғанына қарамастан ауыз үйге қарай сүйрелей жөнелген.
Аяқ астында бұрқ ете қалған төбелестен төрдегі төртеудің қай-қайсысы болмаса да іш жиып шошынып-ақ қалған. Айтқожаның соққыларынан кейін Пангуриннің қушық маңдайының төменгі жағына дөңестене біткен қара екені, қоңыр екені белгісіз лай су тектес көзінің алды жарақаттанып қалғанын көргенде Есентай әжі қабыл болғандай жымың ете түскен. Оның күткені де осы еді.
Бөлекең Валяның кеңесімен Пангуриннің көзіне іле салқын су бастырды. Тек бұл сәтте Айтқожаны: «Қырам-жоям, мен саған патриотқа қол салғанды көрсетермін бәлем!»- деп әңгірлеп бой бермей аласұрып жатқан ол көзіне сол сулы шүберекті дұрыс бастырмады ма, жоқ әлде бірін-бірі басып, тыныштандырумен уақыт өткізіп алды ма, әйтеуір өзі де сұрықсыз сорлының таңертең орнынан тұрғанда үлкен шар аяқтай басының әр жеріне бірінен - бірі қаша екі-үш талдан селдірей өскен селеудей шашы қушық маңдайына дудырай түсіп, соққы тиген көзі жұдырықтай болып ісіп, екінші көзінің алдындағы соқа сойып кеткендей тыртығы түні бойы ішкен арақ пен ұйқысы қанбағандықтан кіртиіп тұр еді.
Оның жүзіне үнсіз көз тастап отырған Бөлекең ананың көзінің алдындағы тыртықты жаңа ғана байқады. Әлденеден кезінде содырлы сойқанның өзі болғансың-ау деп ойлаған.
Пангурин расында да жеңіл-желпі бас бұзарлығы үшін Молдавияда адам өз еркімен бара бермейтін жердің екі-үш рет дәмін татқан, ал қой шаруашылығында бар-жоғы жарты жылдай ғана еңбек еткен, сол аз уақыттың ішінде жатып- ішер жалқаулығы мен, қызыл көз пәлеқұмарлығымен айнала төңірегіндегілерді әбден-ақ мезі қылып үлгерген.
Оны реті келген тұста тыңға аттандыру ондағы басшыларға да оңайға соқпағанын, бұл үшін олар мұның әбден бүлініп біткен жазу мен мөрден беті баттасқан еңбек кітапшасын жаңалап, сотталып, отталғанын жасырып, «өмір бойы осы коллективте қой шаруашылығында еңбек етті, қол жеткен табыстары үшін Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің әлденеше рет жүлдегері атанды», -деп жалған документ жабдықтағанын, тіпті өзі былай тұрсын әйелінің де документтерін сайдың тасындай қылғанын қайдан білсін?..
Сол жаңадан әзірленген документтерді қолына ала отырып Пангурин:
-Біз мына документтермен балшықтан адам жасай алмай отырған Қазақстандағы тың өлкесі түгілі жұмыс күшін қайда сыйғызарын білмей, айына жүздеген, мыңдаған адамдарды толқын ұрып жағаға шығарып тастаған салындыдай әп-сәтте жұмыссыздар қатарына қосып жіберіп отыратын Американың өзіне тастай батып, судай сіңер едік, тіпті капиталистер бізді жұмысқа қабылдау үшін бірімен-бірі таласып, қырғи қабақ болар ма еді,- деп мәз болған.
Оларды Америка құшақ жая қарсы алар ма еді, алмас па еді, оны кім білсін?.. Ал оның тыңға аттанатынын естігенде, жергілікті комитеттің мәжілістерінен әбден мезі болған селоластарының көпшілігі-ақ жеңіл тыныстағандай еді. Аяқ астынан айнып қалып жүре ме деп қауіптенген кейбірі «Мына Пангуриндер дегеніңіз нағыз патриоттар ғой, немене, Қазақстанға екі-үш жыл барып ақшаны күреп тауып байиды да қайтады, сонан соң осы селоның таңдаған жерінен қатырып тұрып үй алып, бау- бақша салса мұртын балта шаба ма, жоқ оны айтасың-ау, ертең бұлардың «Волгадан» шіреніп түсіп жатқанын көресің»,-деп гуілдесіп ала жөнелген.
«Несі бар?!»- деп ойлады Пангурин, солай болса, солай болады да, еңбек кітапшасы анау, мінездеме мынау...
Тыңға ел сияқты өз бетіммен емес, партияның шақыруымен, шаруашылықтың жолдамасымен кетіп барамын ғой, бір-екі, үш жылда бәлкім байып та кетерміз. Барғандар ол жақта тұрмыс жеңіл, ақша көп деп хат жазып жатқан жоқ па.
Байымай бұған не көрініпті... ең бастысы, байып байымауда да емес-ау, бұрынғы тастаған әйелінен қалған қандыбалақ қарақшы ұлының жиі-жиі мазалауынан құтылады ғой.
Ит өлген жерге-Қазақстанға іздеп келер деймісің? Түрмеде отырған еді. Осы таяуда ғана әлдеқайдан сап ете түскенін ит біліп пе? Үйіне ат ойнатып, тапқан-таянғанын әп-сәтте сыпырып алып кеткен. Лағынет неме, жас кезімде шешем мен мені қаңғыртып жібергенсің, сол үшін де мен сені сүлікше соруға тиіспін, ал заң орындарына әлдене деп былжырасаң, ажалың менен,- деп қанжарын қылтыңдатады.
Сонан соң мына екінші әйелі Варвара Цветкованың да бұл арада иісі шыға бастады. Кейінгі кезде арақты салынып ішетіндігі соншалық- кез-келген үйдің бұрышында көйлегінің етегі түріліп, құлап қалғанын білмейді.
Ерінбегеннің ермегі болуға айналған әйелі, бәлкім, жаңа ортада тежеліп, арақ ішуін азайтар, ал ұлы мұны іздеп әуре-сарсаңға түспес, тыйылар деген ой мұның жолға жиналуын тым жеделдеткен еді.
Бұлар отырған эшелондағы жұрт түгелге дерлік тыңға аттанып бара жатқандар болатын.
Сондықтан ба екен, үлкен қалалардағы станциялардың басына аялдаған кезде әлденеше рет митингілер өткізіліп, жұрт:
-Тың игерушілерге жалынды сәлем!
-Тың игеруші патриотттардың даңқы арта берсін!
-Тыңды сендер көтерсеңдер, тың сендерді көтереді!- деген жалынды ұрандар тастап, бұларды гүл шоқтарымен көмкерген.
Бұрын мұндай сый-құрметті өңі түгіл түсінде көрмеген Пангурин қатты тебіренді. Әлденеден ол өзін осы сәтті өмір бойы аңсай күткен, тіпті ара-арасында осындай таңғажайып сәтті басынан кешу үшін туған жандай көрінген.
Сондықтан да болар, митингіге жиналған жұрттың қарасын көзі шалса-ақ болды ол вагоннан ата шығып екі қолын ербеңдетіп, уралап айқайлап, орынды-орынсыз қол шапалақтап, музыка әуені естілісімен ақ тапырақтай билей жөнеліп, жұрттың назарын өзіне аударуға тырысатын.
Енді міне сол армандай болған тың өлкесіне табаны тигеніне алғашқы апта өтпей-ақ оңбай соққыға жығылғаны мынау. Бұл сәтсіздік дегенді қойсайшы. Іші удай ашып, жылағысы келді. Міне, осы сәт әлдекім оның иығынан ақырын түрткендей еді. Қараса Есентай екен.
-Жүр, таза ауаға шығып сергіп келейік,- деген ол жұртқа естірте. Есентай алдында, бұл артында екеуі ауыл алдындағы белден әрі асып түскен. Соңынан үн-түнсіз сөлпеңдей ерген бұған әлден соң Есентай.
-Сені де патриот дейді-ау, шолақ қол Айтқожаның бірер жұдырығынан зәрең ұшып, жүнің жығылып, өзіңді қоярға жер таппай тұрғаның мынау, -деген қатулана сөйлеп. Қазір үйге кіре Бөлекбайға:
- Мен партияның шақыруымен тың игеруге келген патриоттардың бірімін. Мені мына сен және ана Айтқожа сияқты партия саясатына қарсы жікшілдердің жаулық әрекеті жасыта алмайды. Отарды дереу санап маған өткізулеріңді талап етемін дейтін бол. Олай дей алмасаң, мен сенен аулақ, сен менен аулақ.
-Деймін ғой, дегенде қандай деген анау бір түрлі апалақтай сасып. Тек сен мені қоштасаң болды да.
-Содан кейінгісін тағы да көрерміз,- деген анау ауылға қарай бет ала беріп.
Мұның түтіге екпіндей сөйлеген сөзін Есентай жарыса аударып отырған, тек неге екені белгісіз Бөлекбай оның жаулық әрекет...патриот тағы да басқа сөздерін құлағына да ілмеген сынай танытқан. Сабырлы қалпын сақтай отырып:
-Жарайды, онда отарды санап берейік, -деген.
Көп ұзамай отарды Пангуринге санап өткізіп, тиісті қағаздарға қол қойғаннан кейін Бөлекбай бастаған топ Әдекеңмен қоштасып шыққалы үйге қайтып кірген. Олардың қай-қайсысының болмасын жүздері сынық, көңілдері пәс еді.
-Әдаға,- деген Дастан, ойпырай саулықтарыңыздың шетінен түгін тартса майы шыққалы тұр, тіл-аузым тасқа, тіпті қыс көрген мал деп айтудың өзі қиын. Төлді биыл өзіңіз алғанда болады екен, әттең...
-Малды иесіне тапсырдың ғой, алады да.
-Әй Шақа-ай, сол Есентай мәжнүннің сөзін сөз деп қайталап отырсыз ба? Иесіне бердің алады да, дейсіз, әлде бұл мені кекеткенің бе? Ал осы қойдан күні ертең тігерге тұяқ қалмаса, сонда болады бізге, -деген ол ренішін жасыра алмай.
Неге екені белгісіз оларды аяқ астынан бұрқ ете қалған осы бір пікірталастарын мейлінше құлықсыз тыңдап, әлдебір терең ойға берілген Бөлекбай әлден соң:
-Ал, Әлдеке, рұқсат болса, біз жүрейік, Алла аманшылықпен жүздесуге нәсіп айласын, сау тұрыңыз,- деп орнынан көтерілген. Сол сәтте оның жанарынан ыршып кеткен бір тамшы жас сақалын жуып, омырауына тамған.
Сонау балалық балдауренді, онан кейінгі кезде жігіттік қимас кезеңді бірге өткізіп, осы күнге дейін араларынан қыл өтпей келген Әділмен қоштасу оны осы жолы қатты толқытты.
Сыртқа сыр бермегенімен бірден ажал тырнағына іліккелі тұрған Әділді аяп, оның күндерінің санаулы екенін іштей сезініп жаны күйзелсе, екіншіден, төбелеспен түйінделген кешегі кикілжіңнің арты немен тынары мұны аз алаң етіп тұрған жоқ еді. «Бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» деп ағайыншылықпен пәтуаға келіп, бітісе қалатын мамыражай кезеңнің сәт санап алшақтап бара жатқанын талай жылдардан бері ел басқарып келе жатқан сұңғыла көңілді қария біреудей-ақ ұғынатын.
Сонан соң мына Есентайдың Пангуринмен аяқ астынан ауыз жаласып, тым шүйіркелесіп, жақындасып, кетуінен ептеп күдік те ала бастаған еді.
***
Отарды аман-есен өткізіп, көңілі бірлегендей болған Әділдің ойына Еренғайып жайлы Шақанның «Ерен десе Ерен, Ғайып десе Ғайып, біртуар азамат еді» дегені оралған.
Сол Еренғайып мұның ізін басқан жалғыз інісі еді. Тағдыр, шіркін, екеуін ә дегенде-ақ бір-бірінен алшақтатып, ақыры, мәңгілік айырып тынды.
Әуелде Ақжігіт байдың қозы, лағын бағып, қыста отыншысы, сушысы болған бұл ер жетіп, еңсесін тіктей бастаған тұста жылқышы атанып, ұзын құрық сүйрете шу асауды үйрете бастаған тұста, інісін ауылға арагідік ат ізін салғанда құшағына басып мейірі бір қанар еді. Тек ондай сәт жиі бола бермейтін.
Кейде бұл келгенде ол Ақжігіттің бірде ел ішіндегі той-томалаққа, жабдыққа, енді бірде шалғайда пәуескесінің божысын ұстап, оның алыста тұратын ағайындарына кейде қалаға алып кеткенін бай үйінің төңірегіндегілерден естіп білетін. Інің Ақанмен бірге жүріп, бірге тұрып, ел танып, жер танып әбден ширады. Тіл аузымыз тасқа десетін олар.
Оның ойын есіктен енген Ғайшаның: «Сіздің төсек орныңызды далаға шығарып, қағып-сілкіп әкелейін»,- деген сөзі бөлген. -Сіз оған дейін мына жерге қисая тұрыңыз. Текеметтің үстіне құрақ көрпе төсеп, жастық тастаған. Бұл орнынан сүлелене тұрып бір басып,екі басып Ғайша нұсқаған жерге беттеген.
Сәлден соң төсек орнын далаға шығарған Ғайша бұған жақын келіп, жайғасып отыра беріп: «Ана иттің Есентайды айтам. Отырыстың шырқын бұзып»,- дей бергенде Әділ оның сөзін бөліп: «Сол иттің өзі кім, сөзі кім? Сен маған Ғұбайдолланың лагерден жазған естелік хатын оқып берші»,- деп өтінген.
Ғайша жеңіл бір күрсініп әбдіредегі кездем матаға оралған. Өңі өңіп кеткен қалың дәптерді алып оқи бастаған. Оқушы дәптерінің беттерін бір-біріне тігіп қолдан жасалған осы бір қалың дәптерді соңғы бес- алты айда Әділ бұған жиі-жиі оқытатын болған. Сондықтан да болар дәптер бетінде маржандай тізілген әр сөзі бұл жаттап алуға айналған жазбаны оқи отырып, Әділдің бетіне ара-тұра көз салатындықтан болар оның хаттан алатын әсері әсерлеп айтса, жан тебіренісі бұған әбден-ақ белгілі еді.
Әділ!
-Ә-ә?- деді ол Ғұбайдолланы құдды бір бетпе - бет тыңдап отырғандай-ақ әсерленіп.
–Саған жер түбі ит жеккеннен (калыма) хат жолдап отырмын.
–Қайтсін-ай,ит жеккенде ит тепкінің астында жүріп те бірге біте өсіп, біте қайнаған мені ұмытпауы азаматтық емес пе?! Осы сәт Әділдің кірпігі ілініп бара жатқанын байқаған Ғайша есікке беттеді.
– Алда, жарықтық-ай, мұның арты немен тынар екен? – деп сырттан сөйлей кірген Айтқожа жанына келіп жайғасқан. Әділ іле көзін ашып бұған жымия қарады. Ұзақ уақыт ауырғаннан еті қаша бастаған сүйріктей саусақтарымен мұның қолдарын сүйсіне қысып:
– Әй, Айтқожажан-ай сен бұл жолы да дұшпанға арын аяқ асты еткеннен гөрі «жаным арымның садағасы» деген бабалардың ұрпағы екеніңді таныттың-ау, ана балдызымның дені қары сау- сауатты офицерлердің бірін таңдамай саған неге тағдыр қосқанын енді түсіндім.
– Алда, жарықтық-ай, науқасың жаныңа батып жатса да, әзілің қалмайды-ау. Мен сол... Суға кеткен тал қармайды...
–Түсіндім, –деді Әділ ойға беріліп. –Иншалла, қол аяғы балғадай Пангуринді...Сол сәт кеуде тұсы қатты шаншып кеткен ол әлден соң барып,- уһ, Алла-ай!- деп сөзін әрі жалғады. – Сен сабады дегенге есі дұрыс адам сене қоймас. Анау Бөлекбай, Шақандар ара түсер, арашалап алып қалар.
–Алда жарықтық- ай, бір ауыз жылы сөзің... Алда- жалда басыма күн туа қалса балдызың өзіңе аманат.
Осы сәт ауызғы бөлмеден: «Мені кімге аманат етіп тапсырып жатырсың?» –деген Валяның дауысы естілді.
–Айеке-ау, күн жаумай су болғаның не? Қолыңмен істегенді мойныңмен көтерерсің, өзі екі жанның ортасында жатқан... Жездемді сен бір жағынан қалжырата берме.
***
Бастықтардың қыр асқанын көрген Есентай бабымен жайылып, алға баяу жылжып келе жатқан отарды желе жүріп әп-сәтте шоқтай қылып иіріп, біразға дейін жол ұттырмақ мақсатпен Пангурин екеуі екі жағынан тықсыра айдаған. Қыстан күйлі шыққан саулықтар саулап жүріп берген.
Сөйтіп, Пангуринге беттеген. Аяқ астынан соққыға тап болып, жүні біршама жығылып қалған Пангурин түндегі оқиға есіне түскен сайын зәре-құты ұшып, өзін қоярға жер таба алмай келе жатыр еді. «Апырай,- деп ойлаған,- ол әйелі құрғырда нем бар еді?Ана шолақ қолды пәленің жұдырығы соншалықты қатты болар ма?! Иттің әлдісін-ай, бір ұрғанда мұрттай ұшқанымды көрмейсің бе?! Егер әйелдер арашаламағанда тіпті өлтіріп те тастар ма еді?! Әйтеуір аман қалдым».
Бүгін үйіне барғанда Варвара Цветкованың қозы көш жерден алдынан шығып, көзінің көкпеңбек боп жұдырықтай болып ісіп кеткенін көргенде жүрегі ұшып, «не болды?» деп сұрары хақ. Бұл жасырып-ақ бағар «құлап қалдым... қораның қадасына соғып алдым...» тек ертең естілмей ме?
Ал әйелге ұмтылды дегенді құлағы шалса, Варвара Цветкованың өзі-ақ мұның бір көзін емес, екі көзін бірдей ана біздің ұшындай өткір, өмір бақи қырнап, үшкірлеп жүретін қып-қызыл тырнақтарымен жосадай қылып тырнап ағызып жіберері хақ.
Оған оның долылығы жетіп айырылады. Ол ойын саққа бөлген осы қаупін қасына келген Есентайға бүкпесіз ашып айтып, иесіне еркелеген иттей енді оның бетіне жаутаңдап қараған.
Мына ақымақтың ананың басы бос дегенде соншалықты иланып қалып, азғана ауылдың астан-кестенін шығарып, дүрбелең салғанына іштей қуанып, негізгі жоспарының аз да болсын жүзеге аса бастағанына көңілі шалқып келе жатқан ол мынаның: «Әйеліме не деймін?» – деп ақыл сұрағанына тіпті мерейі өсіп, шоқтықтанып сала берген.
Онсыз да зәре-құты қалмай үрейі ұшып, еңіреп жіберуге шақ тұрған су жүрек немені одан әрі ықтырып, өзіне таза тәуелді етіп, иегінің астымен жүргізіп тұрғызуды ойлаған ол:
–Да, дела совсем плохо, – деген түнере сөйлеп. –Казахский начальник не хорошо посмотрить на русский человек которым казахский женщина от так делает, – деп екі қолын алдына созып, әлдекімді құшырлана құшақтаған адамның тұрқын бейнелеп.
Оның осы бір былдыраған сөзінен қазақ әйелін құшақтағанға тек оның басыбайлы күйеуі, ана артта қалған анайы шолақ қол ғана емес, кеңсе біткенде жыпырлап отырған қазақ бастығы атаулының намыстан өртеніп, бұл бейбақты табаға салып қуырып жеуге құлшынып, тістері қышып отырғандай көрінді. Қайда болсын бір ит өмір ғой деп ойлаған ол:
– Көп болса соттар, ал түрме мұның тегінде көрмеген қоқайы емес, тек тың жерге табаны тимей жатып-ақ патриот Пангурин, патриот, –деп шашпауын көтеріп, шашасына шаң ілестірмей, бір айтқанын екі етпей айнала төңірегінде ентелей шауып жүрген жұртқа олардың мәнсіз, даңғаза марапатына еті үйреніп қалғаны соншалық – бір кездерде елмен қатар өмір сүрсем деген мақсат-мүддесін әлдеқашан-ақ адыра қалған сынайлы еді.
Сол шіркіннің көптен көз жаздырып, көңілден таса болған көңілдесіндей ойда-жоқта алдынан сылаң етіп шыға келіп тұрғаны мынау. Есентайға да әйелінің қаупін айтып тіл қаттырған да сол мақсаты құрғыр болатын.
–Енді, қайттім? –деді бұл ананың жаңағы қазақ бастықтары туралы айтқан сөзінен онан әрмен тіксініп, –бір лажын тапшы, істің тыныш жабылуына көмектесер болсаң, саған өмір бақи қарыздар болып өтейін, –деп салған.
–Саған қарыздар болып өтейін... Бұл Есентайдың бұдан көптен күткен сөзі еді. Қарыздар дегеннің өзі айтқаныңа жүріп, айдауыңа көнейін деген мағынаны білдіреді ғой, тек мына ит соның астарына терең үңіле алып тұр ма, жоқ әлде...
–Онда,- деді бұл, – сен менің айтқанымды екі етпей орындайтын боласың, ал алда-жалда бұлтаққа салып, күні ертең сырғақтасаң, кешегі кімді де болсын түтіп жеуге әзір отырған өзің көрген шалдарға мойыныңды бұрандадай бұратып, қасына қойғызу маған «түф» деген түкіріктен де жеңіл, ол үшін бар болғаны бейшара қазақтар тападай тал түсте әйелдеріңді Пангуринге құшақтатып отырғандарың мынау, намыс-жігерлерің қайда?
Сендердің бұл білместіктеріңе ата-бабаларыңның аруағы риза деп ойлайсыңдар ма? – десем бітіп жатыр. Ал кез-келген қазақ үшін «ата-бабаның аруағы» деген сөздерден асқан қасиетті ұғым жоқ. Олар оның жолында нені де болсын, кімді де болсын құрбан етуге бар. Тіпті, әкесі баласын, баласы әкесін аямайды, – деді бұл саз беттене анаған сыздана қарап.
Ал анау қорыққандығы соншалық:
–Қазақтарды мен де кекшіл халық деп естіп едім, – деп міңгірлеп, қалтырап, дірілдеп қоя берді. Тек әлден соң барып: «Көмектесе гөр!» – деп көз жасын көлдете төккен.
–Жә, сүрт көзіңнің жасын! –деді бұл жақтырмай. –Сонымен келістік қой, менің айтқанымды мүлтіксіз орындайсың. Анау басын шұлғыды. –Бар онда, қойдың бетін ана жазыққа қарай бұр.
Сонан соң маған келерсің! –деді бұл бұйыра сөйлеп. Ол қайтып оралғанда Есентай оған партия комитетінің бірінші хатшысының атына жазылуға тиіс арыздың негізін жіліктей отырып айтып берді, сонан соң өзінің де облыстық газеттегі танысына хат жазып, фельетон жариялауын өтінетінін айтқан.
–Тек екеуміздің сөзіміз бір жерден шығатын болсын. Сені Айтқожа колхоз бастығы Бөлекбайдың айтақтауымен таяққа жығып, балағаттап тіл тигізумен шектелмей, мына Молдованға отарды санап бергенше, оны далаға айдап жіберген дұрыс деп тепсінгенін, ал тың игеруге келгендерді біздің жерімізді тартып алмақ деп байбалам салғанын, партия саясатына қарсы шыққанын атап көрсете жаз, сонда ғана сен үшін дүбірлі болғалы тұрған «ыстық» уақиғаның өзі бірден суып, су аяғы құрыдымға кетеді әйтпесе...
–Айтқаныңыздың бәрі жөн, тек аудандық партия комитеті түскен арызды тексере қалса ше? Ана колхоз бастығы, оның жанындағылар, үй иелері, қала берді бүгін бе, ертең бе деп өлгелі жатқан шал өз бастарын пәледен арашалау үшін шындықты айтып шырылдамай ма, сонда менің сөзім...
–Сен нағыз патриот па десем, бір сөзіңе иелігің жоқ көп бәлтондардың бірі екенсің ғой, сенің арызыңды кім келіп тексереді? Оған әбігер болмай-ақ қой. Арыз қолдарына түскен сәтте-ақ аудандық партия комитетіндегілердің екі көзі атыздай болып, тыңға келген патриотқа қол салған жергілікті жікшілдердің мәселесін дереу күн тәртібіне қойып, партия шешіміне қарсы шыққандардың ініне су құймаса маған кел.
Әлі де көңілінде үмітінен гөрі әлдеқалай болып кетеді деген күдігі басымдау болып, ауыр ойдан арыла алмай келе жатқан Пангуриннің ананың «патриот, партия шешімі» деген сөздері құлағына бір түрлі жылы тиген. «Бәлкім, солай да болуы мүмкін-ау» деген, алыс үміт мен мұндалағандай еді.
–Жарайды, – деген ол қалжыраңқы үнмен, –тек арызды өзіңмен ақылдасып отырып жазармын.
Оның мына сөзін естігенде, әйелі ұл тапқаннан бетер қуанып кеткен Есентай:
–Әлбетте, ол не дегенің? Өзім айтып отырамын ғой, тек манағы айтқанға қосатын бір жайт, – деген ол қабағын кіржитіп, әлденені есіне түсіргендей болып. –Айтқожа маған: «Сен дереу осы арадан қараңды батыр, әйтпесе бұл күніңді өзіңе көп қылып, көзіңе көк шыбын үймелетемін», – деп ұрған сайын кіжінумен болды деуді ұмытпа.
Сонан соң Бөлекбай бұзақыға тыйым салудың орнына: «Кәпір неме, мен сені шақырып келдім бе? Сен үшін Айтқожадан өзім сөз естіп, таяқ жеймін бе?» – деп жерден алып, жерге салып сөкті,- деп жазарсың.
Оның мына соңғы айтқандарының Пангуриннің көңілінен шыққандығы соншалық:
–Арызды жазармын-ау, оны енді қатырамыз ғой,- деген қопиып. – Тек соны ауданға кім жеткізеді? Үнінен тағатсызданып тұрғандығы айқын аңғарылған еді.
–Тек жазуыңды біл, ал арғы жағын маған қалдыр.
Бірер күннен кейін аудандық партия комитетінің бірінші хатшысының атына жазылған Пангуриннің арызы, сонымен қатар Есентайдың облыстық газетте қызмет істейтін кездейсоқ танысына жазған хаты бірі ауданды, бірі облысты бетке алған сенімді жолаушылардың қалтасында кете барды.
***
Сырттан абалап үрген иттің даусына ілесе үйдің қасына келіп тоқтаған машинаның есігінің ашылып- жабылған дыбысы естілді. Әлдекімнің: «Жат-жат!» –деген дауысы шықты. Валя отырған орнынан ата тұрып, есікке беттеді. Даладағы жолаушы жол сұраған болса керек, Валя үйдің есігін ашып: «Ғайша апай, сыртқа шығып кетіңізші», – деген.
Әділдің ойына Еренғайыптың қайнағасы Ғұбайдолланың естелік хатындағы мына бір үзік сыр оралған: «Өзіңіз Ғайша жеңгеймен қол ұстасып, кіндік қаның тамған жерден тұрақ таппай, із өкшеңізді көтеріп кете бардыңыз.
Тіпті жан дегенде жалғыз бауырыңыз Еренғайыпқа жалт қарар мұршаңыз болмады. Білетіндер мұндай шұғыл шешімге келуіңізге Есентай белсендінің Қалабай байда әкемнің өтесі кеткен сол үшін оның қызы Ғайшаны маған қалыңсыз алып беріңіздер деген талабына өкімет өкілдерінің өздері нақ бір байламға келе алмай толқып отырған тұста Ғайшаның қалауым Әділ деген бір ауыз сөзі себеп болды деседі.
Сол сөзді бетке ұстап Ғайшаны алып бой тасалаған едіңіз. Мұныңыз бірден-бір батыл шешім еді. Әдеке содан хабарсыз кете бардыңыз. Сізді сілесі қатып іздегендер Есентайдың туыстары еді. Тек руластарының Есентайды белсенді ретінде арқа күзеу қыламыз деген есек дәмелері өзінен-өзі шорт үзілген еді. Сол оқиғадан кейін ол да елден безіп кеткен...».
–Солай деңіз, –дейді бұл өзіне-өзі. –Білсем не дейсіз?
–Иә, сіз білмейтін жайлар баршылық,- деп сол сәт Ғұбайдолла терең күрсінгендей болады. «Жас өспей ме, жарлы байымай ма» демекші Еренғайып ер жетіп, азамат атанды. Сұңғақ бойлы, еңгезердей бидай өңді, күш иесі, еркін ойлы жігіт боп ержетті. Менің қарындасым Гүлсімге үйленді. «Айналып кетейін-ай, менің үйлену тойымды ағам мен жеңгем көре алмады-ау! Тірі ме екен, бар ма екен?»- деп сендерді елжірей еске алды.
–Сөйтеді ғой, сөйтеді бізден басқа оның кімі бар дейсіз? –деп бұл өз-өзіне тіл қатып әлдебір беймәлім рахат сезімге бөленетін. Онан әрі Ғұбайдолла: «Бізде серіктестік құрылып, мені сол серіктестіктің басшысы етіп тағайындады.
Еренғайып сол серіктестікте артынан колхозда жылқы бақты. Жүйрік ат ұстады. Сол жүйрік аты құрғыр арамызға қырсық болып килікті. Бірде аудан орталығында колхоз бастықтарының жиналысы болатын болды. Ондай үлкен жиында райкомдағылар тіпті аудан тұрғындары да үстіңдегі киіміңе, астыңа мінген атыңа дейін сын көзімен қарайтыны белгілі. Еренғайыптан бәйге құланы сұрадым.
-Аға,- деді ол,- сол үшін қарындасыңызды қайтып алсаңыз да бәйге құланы бере алмаймын, сұрамаңыз. Үйге келіп Қадишаға айтсам: «Сұрама десе, сұрама. Сендердің бастарың қосылған соң ішесіңдер, ішкен соң ой демей, қыр демей жарысасыңдар. Ал бәйге ат аяғын шауып алуы мүмкін»,- деп бет бақтырмады.
Мен де болмадым бәйгі құланы тартып алғандай болып мініп кеттім. Содан арамызда дүрде араздық пайда болды.Иә бәйге құланың аяғы ақсап қалды . Аяғын шауып алса– колхоздың малы.
Соған бола... қой бұл иттің тәубасын есіне түсірейін өзгелерге сабақ болсын. Бір күні үйінің жанынан өтіп бара жатсам, ұлы қара нанды күйсектетіп соғып тұр.
Балаға: «Әкеңді шақыр!» – дей бергенде есіктен өзі шыға келді.
–Жай іздедіңіз бе?
–Жоқ, – дедім мен. –Осы колхоздың бастығы менің баламның түсіне кірмейтін қара нанды...
–Түу, ағай, сіз де сөз еместі сөз етеді екенсіз, түкті ауыз орыстың балалары күні-түні шайнап жеп жүрген қара наннан қазақ баласы ауыз тисе күнә ма? Жоқ әлде қазақ баласының аузы арам ба? – деп қарап тұр.
–Өй сенің түкті ауыз орысың не? –дей бергенімде сол маңдағы көрші- қолаң...
–Қайтесің Ғұбеке, өткен іс өтті ғой. «Шығасыға иесі басшы» демекші бәрін...
Ауыз бөлмеден самаурынды алып сыртқа шыққан Валя ойын бөлген еді. Іле-шала сыртта ағаш жарып, самаурын тұтатып жатқан әйелдің дыбысы естілді. Әлден соң әйелдер үйге кіріп, шай жасай бастады. Түскі шай үстінде әңгіме әрі жалғасқан.
***
Аудандық партия комитеті село орталығындағы бірден-бір еңселі екі қабатты ағаш үйге орналасқан. Уақыт ерте болғандықтан ба? Оған абыр-сабыр кіріп-шығып жатқан жұрт көзге шалынбайды. Осы үйдің сыртқы есігінің тұсында жолыққан осы мекеменің екі-үш қызметкері бір-бірімен дабырлай амандасып, босағадан аттай бере-ақ мұнда өздері келгенше әлдебір дүрбелеңнің басталып та кеткенін бірден байқады.
Тың игеру жорығы дабыл қағып, тың игерушілер келе бастаған алғашқы айдан бері небір қым-қуыт дүрбелеңге еттері әбден үйреніп кеткен олар: «Тағы да кім келе жатыр екен? Жоғары жақтан нендей нұсқау бар?» –деген сұраулы жүзбен өздерінің апшылары бір уыс болып, есік көзінде қарсы алған бөлім меңгерушілеріне жаутаңдай қараған. Олар бұлардың берген сәлемдерін де алмастан:
–Ой, сендер осы уақытқа дейін қайда жүрсіңдер? – деп жан-жақтан дүрсе қоя берді. –Жүріңдер қане!
–Соншалықты не болды? Тыныштық па өзі? – деген сауал әрқайсысының тілінің ұшында тұрса да, оны сыртқа шығаруға ешқайсының батылы жетпеген. Бұлар бөлім меңгерушілерінің соңына ілесіп екінші қабатқа көтерілетін баспалдақпен бірін-бірі басып, таптап кетердей ентелей ұмтылып, ақыры екінші қабатқа да көтерілген. Алдарында қабылдау бөлмесінің есігінің айқара ашық тұрғанынан хатшы қыздың өз орнында қаққан қазықтай қаздиып отырғанынан-ақ бірінші хатшының жұмысқа шыққанын бірден аңғарды.
–Келіп қалған екен-ау, әлі біраз уақыты бар сияқты еді ғой, –деп өзара күбірлей күңкілдескен нұсқаушылар бөлім меңгерушілерінің бастауымен ат шаптырып кабинетке келіп кіргенде, мұнда біріншіден басқа оның екі орынбасары, тағы да бір бейтаныс орыс жігіті отыр еді.
Отырғандар өлік шыққан үйдің адамдарындай қабақтарынан қар жауып, бұларды селт етпестен үнсіз қарсы алды, тіпті берген сәлемдерін де алған сынай танытпаған. Әлден соң бұлар кабинеттің қабырғаға жақын қойылған үстелінің шетіндегі орындықтарға қаздай тізіліп қатарласа отырған, бұлар келіп кіргенде бірінші хатшы әлдебір газетке шұқшиып отыр еді, әлі де содан көз алар емес.
Талай жыл осы райкомның қабырғасында келе жатқан сұңғыла бөлім меңгерушілерінің ешқайсы мұны сыртқа шығарып айтпаса да, жайшылықта кезекті демалысы біткеніне қарамастан кемінде үш-төрт күн қара көрсетпей, жұртты күттіртіп, зарықтырып қоятын, тіпті кейде бұл мен ғой деп қойып ауданды телефонмен жатқызып, тұрғыза беретін біріншінің демалысы бітпей жатып-ақ екі өкпесін қолына алып жетіп келіп отырғаны жайшылық болса игі еді. Мына жанындағы орысы кім?
Бұлар танымайтын обкомның жаңа қызметкері болса, бірінші хатшының үстеліне жанай қойылған үстелдің жанындағы орындықтың біріне жайғасар еді ғой. Екі хатшының қасында отырғанына қарағанда облыс орталығынан келіп-кетіп жататын көп өкілдердің бірі м? –деген сауалдардың төңірегіне бас қатырумен отыр.
Қай-қайсысы болмасын бұларға шешуін күткен жұмбақтай көрінді. Сол жұмбақтың шешуі бірінші шұқшиып оқып отырған ана газетте болмасын, бұған соқпай кетпесе басқа жақтан келіп кеткен тілші жоқ сияқты еді, деп ойлаған әлденеден насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі Алдан бұл кезде газетті оқып болып бұлардың әрқайсына оқты көзімен атып жіберердей ежірейе көз тастап шыққан бірінші хатшы:
–Ал бұған не дейсіңдер? – деген сыздана тіл қатып, қолындағы газетті серпе көтеріп.
Өзгелерден гөрі өзін біріншінің алдында емін-еркін ұстайтын, былайғы жұртқа бірінші хатшы, обалы нешік, аудандағы қандай шаруаны болмасын үнемі менімен ақылдасып шешеді, екеуміздің сөзіміз сөз, қалғандары... қолын сілтеп елге екпіндеп жүретін екінші хатшы орнынан бір қозғалып қойып:
–Мақсан Мәлікович, айыпқа бұйырмаңыз, не жайлы айтып отырғаныңызды ұқпай қалдым? –деді жайымен. Өзгелер де оны құптап: «Иә ұқпай қалдық, ұқпай қалдық», –дескен.
–Мынаны айтамын, –деген ол газеттегі фельетонды шұқи көрсетіп. Сонан соң айнала төңірегіне барлай қараған ол:
–Түрлеріңе қарағанда бірде-бірің әлі де оқымағансыңдар ғой, зайыры?! Бұған жарылып кетердей долданған ол шет жақта отырған нұсқаушылардың біріне:
–Оқы мынаны! – деді сұқ саусағымен газеттегі фельетонды нұсқап, – қаттырақ оқы! Аналар да естісін! – деді түтіге тіл қатып.
Газет қолына тиюі мұң екен күні кеше ғана пединституттың тіл мен әдебиет факультетін үздік бітіріп келіп нұсқаушы болып орналасқан жас жігіт институт қабырғасында қалыптасқан көркем сөз оқу дағдысымен «Тың игерушінің төбесінде ойнаған жұдырық» атты фельетонды мақамдап, мәнерлеп оқи жөнелгендігі соншалық – нұсқаушылар мен бөлім меңгерушілері демдерін іштеріне тартып ұйи қалған... «Ауру қалса да әдет қалмайды» деген емес пе?
Кешегі соғыс жылдарында тылда қалған кәрі -құртаң, шал-кемпір, әйелдер мен балалардың бастарына әңгір таяқ ойнатып, жон арқаларынан таспа тілген «Көпшілік» колхозының бастығы Бөлекбайға әлденеден тың игеруші Пангуриннің де жон арқасы жыбырлап, қамшы тілеп тұрғандай көрінбесі бар емес пе?» –деген тұсын оқығанда, отырғандардың біразы мырс ете түскен, ал әлден соң ол колхоздың қыстан әбден жүдеп шығып, тіпті жаз, күз айларында оңала алмаған тоқты торымы, тайша-тұйшасын бөлтіріктеріне қанжоса қылып талатып бөліп беретін көкжал бөрінің әдетін есіне түсірді ме кім білсін? Әйтеуір өмірбақи көлеңкесіндей қасынан қалмайтын Айтқожаға:
–Саба мына итті, саба, мұнда қайдан келіп едім деп өкініштен өзегі өртенердей қылып саба, жауабын өзім беремін, – деді екіленіп. Ал анау бастығының сөзін екі етпей Пангуринді соққының астына алсын-ай келіп.
Ол аз дегендей құлап жатқан тың игерушіні жерден қос қолымен көтеріп алып езгіледі дерсің бір. Бір сөзбен, жүнше тапалап, итше тепкіледі,- деген тұсында көпшілігінің екі иіндері селкілдеп, қарқылдап күліп жіберді. Бұған талағы тарс айырылғандай болған бірінші оларға: «Күлкіні тоқтатыңдар!» –деп әмір бере ақырған.
Сонан соң: «Милиция бастығын шақыртыңдар! Бөлекбайдың ана жандайшабы, аты кім еді? Иә, Айтқожаны ұстап әкелуге милиция жіберсін! Сонан соң,-деген ол әлдене есіне түскендей, - мына фельетонда тың игеруші Пангурин осыдан бір жарым ай бұрын менің атыма Бөлекбайдан көрген қорлығы жайлы арыз берген еді дейді, сол не сөз? оның арыз бергені рас па? Рас болса, арызы қайда, мен неге білмеймін?» – деп дірілдеген. Бөлім меңгерушілері біріне-бірі жалтақтай қарасқан.
–Иә, ондай арыздың болғаны рас еді, сіз курортқа жүргелі жатқан соң волновать етпейін деп...
–Иттің ғана баласы, мынаның сөзінің сұрқын қарашы-ей, волновать етпейтін деп менің қамымды жей қалғансуын, ал сенің бар ойлайтының менің көзімді қалайда құртып, мына орынға жайғасу ғой, –деп өзі отырған орынды нұсқады.
Сонан соң өңін бұзып: «Ол ойыңның жүзеге асуы екіталай»,- деп зіл тастай келіп, –аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Мақсан Мәліковтің атына тың игеруші Панкрат Пангуриннен түскен арызды жасырып, «Көпшілік» колхозының бастығы, жемтіктесі Бөлекбай Бәриевтің қылмысты ісін жасырғаны үшін бөлім меңгерушісі Алдан Алданғоровты қызметтен босату туралы жедел түрде бұйрық әзірлеңдер! – деген отырғандарға қарап.
–Ойбай-ау, Мақсан Мәлікович, жазығым не?!
–Мен айтарымды айттым, Алдан Алданғоровтың орнына мына тың игеруге келген тәжірибелі партия қызметкері, патриот Максим Гаврилович Кириленконы бөлім меңгерушісі етіп тағайындаймын, –дей келіп, ол отырғандарды жаңа бөлім меңгерушісінің өмірбаянымен таныстырды.
Сол-ақ екен бөлім меңгерушілері мен нұсқаушылар, қала берді хатшылар Максим Гавриловичтің алдына көгендегі қозыдай тізіліп асыға-аптыға қолын алып, құттықтай бастады.Тіпті кейбірі кез-келген сәтте қызметтері үлкендердің көзіне бір түсіп қалуды мақсат тұтатын қашандағы әдеттерімен:
–Райкомда хатшылардан басқа орыс тілін жетік білетін бір де бір нұсқаушыны былай қойғанда бөлім меңгерушісі де жоқ еді, апырай мұның өзі бір орайы келген шаруа болды ғой.
–Тіпті шыны керек қой, соның өзі айтарға ұят еді,- десіп шуласа жөнелген. Ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі әлдене айтардағы әдетімен көз әйнегін көтеріп қойып:
–Күні кешеге дейін облыс орталығынан шалғайда жатқан біздің аудан түгіл қаламен іргелес, тіпті астықты аудандардың өзінде аудандық партия комитетінің аппаратында бөлім меңгерушісін былай қойғанда, бірде-бір нұсқаушы орыс болған емес, ал тың игерудің алғашқы сәтінде-ақ Мақсан Мәлікович бұл мәселеден де өзгелердің алдын орап кетті, мұнысы әбден дұрыс болды, –деп біріншіге қарап маймылша майысқан ол ойда- жоқта жағынып қалудың сәті түсе кеткеніне іштей қуанышты еді.
–Дұрыс болса сол енді, – деді мақтанқұмар көңілі жаңағының сөзіне майша еріп.
–Так, так... Бізде кезекті бюро қашан?
– 22 майда ғой!
–Тааак, оған әлі үш күн бар екен, жарайды ана Бөлекбай Бөриевтің мәселесін сол бюроға дайындаңдар, сонда қараймыз. Оған дейін колхоз бастығы болуға лайықты кандидатураны қарастыра беріңдер.
Ах, да, Максим Гавриловичке қазірден бастап отыратын кабинетін көрсетіңдер, – деді ол ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісіне қарап. Сонан соң не кетіп қаларын,не тоса тұрарын білмей бірақ сәтте жұрттан шеттеп, судан шыққан тауықтай болып сүмірейіп тұрған Алдан Алдангоровичтан.
–Осы сіздің мамандығыңыз бар ма еді? – деп сұрады.
Ойламаған жерден басына түсе қалған нәубатқа іші удай ашып, өзін онсыз да қоярға жер таппай тұрған Алдан Алданғорович әйтсе де Мақсан Мәліковичтен мұншалықты қорлауды күтпеген еді, өйткені ол мұның жоғары білімді мұғалім екенін жақсы білетін.
Мектеп директоры болып жүрген жерінен қояр да қоймай аудандық партия комитетіне қажырлы да іскер, білімді жас ретінде нұсқаушылыққа шақырып, сонан соң бірер жылдан соң бөлім меңгерушілігіне көтерген Мақсан Мәліковичтің өзі еді.
Енді келіп мамандығың бар ма деуін. Алқымына тірелген ашудан дірілдеп-қалтырап, екі беті ду етіп, қаны басына шапшып шыға келсе де, алдағы бұлдыр тағдыры ойға түскен сәтте жынынан айырылған бақсыдай еріксіз басылып:
–Жоғары білімді тарихшымын ғой, – деген естілер- естілмес.
–Ә, ә, тарихшы мұғалім де. Осы күні не көп, мұғалім көп. Барған сайын мектептердің де саны көбейетін түрі бар. Өз мамандығың бойынша сол мектептердің біріне орналасарсың, ал қазір бара бер, – деген қабағын тарс жауып. –Иә, айтпақшы, –деді ол қаздай тізіліп шығып бара жатқан бөлім меңгерушілері мен нұсқаушылардың соңынан дауыстап, әлгі тың игерушіге қол жұмсап жүрген батырды, ең бірінші, маған алып келетін болсын, өз көзіммен көріп сөйлесейін, –деген паңдана сыздап.
***
Сол күні қияндағы жалғыз үйлі ауылға сау ете түскен бір топ милиция қызметкерлері амандық-саулық сұрасып жатпастан бірден іске кірісіп:
– Айтқожа Андақұлов деген кім? Шықсын қане, тез шықсын! –деп дігірлеген ауылды бастарына көтеріп. Оларға өршелене үрген иттерді әрлі-берлі қуып тыныштандырған соң барып: «Іздеген Айтқожа Аңдақұловтарыңыз мен боламын», – деп ат үстіндегі милиция қызметкерлерінің алдында әскери дағдысымен сымша тартылып.
Жол бойғы дүкені бар елді мекеннің итін үргізіп, көшенің шаңын көтеріп ақ арақпен шөлдерін басып, келе жатқан милиция қызметкерлері алдарында тұрған аласа бойлы, шолақ қолды, қос жауырыны құныса қалған бейбақты көргенде бір-бірлеріне таңырқаса қарасты. Сонан соң пысықшалау біреуі тез есін жиып:
–Өй, әкеңнің...шолақ қол неме, сен өзің кімді тәлкек қылып тұрсың ә? – деп атын тебініп, бұған қамшысын үйіріп шыға келген. Осы сәт бұлардың дауысын естіп үйден шыққан Ғайша:
–Ау, сіздердің бұларыңыз не? –деген сабырлы қалыппен, – іздегендеріңіз Айтқожа болса, ол осы кісі. Сол сәт жаңағы қамшы үйірген жігіт:
–Жеңгей-ау, дұрыс түсінсеңізші, бізге бұл сияқты калека емес, тың игеруші патриот Пангуринді есінен тандыра сабаған банды Айтқожа керек, – деген танауы делдиіп. –Ал мына есуас бізді тәлкек қылғысы келеді.
–Қарақтарым, түстің кезі ғой, үйге кіріп шай ішіп аттаныңдар, іздеп келгендерің Айтқожа болса, ол табылады, – деген Ғайша бұлармен онан әрі сөз таластырғанмен ештеңе өнбесін ұғынып.
–Жеңгейдің жүзі жылы екен, шайы да дәмді шығар, жігіттер, асығатын не бар? Айтқожа бізден қайда қашып құтылар дейсің,- деп әріптестерінің арасында тамақсаулығымен аты шыққан Аршын аттан түсе бастады. Басқалары да шайға кет әрі емес еді. Жол соғып шөліркей бастаған. Әлден соң олар да үйге кіріп жайғасты.
Бұлардың Айтқожаны ұстап алып кетуге келгенін естігенде Валяның өңі қуқыл тартып, есі шыға:
–Ағайтайлар-ау, мұның жазығы не? Өздеріңіз байқап отырсыздар, бұл байғұстың кімге шамасы келгендей, –деп шырылдаумен болған, ал Айтқожаның шынында да өздері сыртта алғаш кездескен мүгедек жігіт ағасы екеніне анық көздері жеткен соң милиция қызметкерлерінің бағанағы тау құлатар екпіндері басылып, тіпті кейбірі:
–Қит етсе, ел көшті, жау жетті деп шыға келетін біздің бастықтар-ай осы. Жұртты қарадай ұятқа қалдырады. Мына кісіні ұстап әкелуге осыншалықты топ құрып, басшы сайламай-ақ біреумізді жіберсе де жетіп жатпас па еді?
Үш бірдей аптал азамат бір мүгедекті алдарына салып айдап келді деген естіген елден ұят-ау өзі! – деп өзара күңкілдескен.
Дегенмен «бұйрықтың аты бұйрық» деп білетін олар шайды қанып ішіп, қонақжай ауыл иелерімен қимай қоштасып, Айтқожа пақырды алдарына салып айдап кетуге мәжбүр еді.
–Ал, аға, аманшылықпен көрісейік, – деп үйден шығып бара жатқан Айтқожаның дауысы құлағына жеткенде, соңғы күндері тіптен қалжырап, күн ұзақ көзін жұмып, төңірегінде не болып, не қойып жатқанымен де аса көп ісі бола бермейтін Әділ көзін ашып алған. Иегі кемсеңдеп: «Айтқожажан-ай, алланың ісіне не шара бар?Жолыңды оңғарсын!» –деген дауысы дірілдеп.
–Қарақтарым, басына іс түсті демесеңдер бұл да өздеріңдей алаштың азаматы ғой, алдарыңа салып айдасаңдар аттың тізесін көтере алмас, дімкәс адам ғой, мүмкіндіктерің болса аттарыңның артына мінгестіріңдер, ауданға жақындағанда жаяу айдап баруларыңыз тұрыпты ғой, –деген Әділдің өтініші әсер етті ме? Әлде ауылдан шығарда артына жалтақ-жалтақ қарап:
–Валя деймін, сен маған ренжіме, мен енді онда көп бөгелмеспін, – деп төмен қарап міңгірлеп тұрған мүскін жанның бейшара халі аяушылық сезімдерін оятты ма? Әйтеуір үш милиционер оны кезек-кезек арттарына мінгізіп, аудан орталығына жақындағанда ғана жаяу айдаған. Соның өзі-ақ соғыс салған жарақаттан әлі толық айығып кете қоймаған әлжуаз Айтқожаны титықтатып тастаған.
***
... Ертеңгісінде аудандық ішкі істер бөлімінің бастығының келіп тұрғанын хатшы қыздан естіген Мақсан Мәлікович қарап отырған әлдебір қағаздарын алдынан ысырып:
– Кірсін! –деген.
Ол кірген бетте:
–Қалай, тапсырманы орындадыңдар ма–? деп сұраған.
–Так точно орындадық, –деген анау ұшып кете жаздап.
–Қылмыскер қайда, маған алып келсін демеп пе ем?
–Осында, алып келдік.
–Шақыр, кірсін.
Милиция бастығына ілесіп есіктен кіре берген тапал бойлы, шолақ қолды, талдырмаш денелі, егде тарта бастаған шүйкедей жанды көргенде бірінші хатшының жанары бағжаң етіп ә дегенде аузына сөз түспей абдырап, әлден соң:
–Өй, сенің жігіттерің шатыстырып алғанның қай жағы? –деген бұған шұқшия қарап.
–Жоқ, ештеңені де шатыстырған жоқ, қылмыскер, кісі сабаушы Айтқожа Андақұлов қарсы алдыңызда тұрған сұмырайдың өзі,– деді ол отырған орнынан ата тұрып өкшелерін бір-біріне сарт ұрып.
–Солай де, қайсысыңа сенейін, ә? Газеттің қылқындырып өлтіріп тастай жаздады деп жазысына қарағанда қылмыскер Айтқожа Андақұлов қол-аяғы балғадай жігіт болса керек-ті. Ал мынауың, артық айтсам айыпқа бұйырмассыз, өлуге қолы тимей тұрған жүнін жұлған тауықтай бірдеңе ғой, тәйірі.
–Алда жарықтық-ай... Артық айтсам дейді. Кешірім сұрайды. Ел басқарған адам деген осы ғой, сіз текке әбігер болмаңыз, бұл арада кешірім өтінетін не бар? Айтқандарыңыздың бәрі имандай шындық. Айтқожа бірінші хатшының сөзіне соншалықты елжіреген. – Менің бір қолым анау майдан даласында қалған.
Оның сөзіне жарым-жартылай ғана құлақ түріп тұрған бірінші хатшының ойына фельетондағы «Бөлекбайдың қашанда болсын көлеңкесіндей қасынан қалмайтын жандайшап жансызы» деген сөз оралып «Көпшілік» колхозына қанша барып жүргенде осы бір бет-ауызын әжім аяусыз шимайлаған, өзі де, үсті-басы да соншалықты жүдеу бейбақты колхоз бастығының қасынан көрген-көрмегенін қанша тырысса да, есіне түсіре алмаған.
Бәлкім, мұның көзінен таса ұстаған болар, олай болуы да мүмкін ғой. Қой, жігіттерден сұрастырып көрейін деген оймен бөлім меңгерушілері мен нұсқаушыларды кабинетіне кезек-кезек шақыртты. Тек олардың бірде-бірі Айтқожаның бастықтың жанында жүргенін көрмек түгілі «Көпшілік» колхозында мұндай колхозшының бар-жоғын бұрын-соңды білсек не дейсіз дескен.
–Алда жарықтық-ай, –деген тағы да Айтқожа олардың бұл сөздерін естігенде, ел басқарған адамдарда екі сөз бола ма, тәйірі, бұл кісілер осыны бір жерден көрген сияқтымын деп біз сияқты күлбілтелей ме? Өлтірсе де шынын айтады, ағынан жарылады. Ай даладағы фермада жатқан мені бұл кісілер қайдан көрсін, тәйірі, – деген қарап тұрмай.
–Бөлекбайдың айтақтауына ермесең, оның емеурінімен іс қылмасаң тың игеруші Пангуринде әкеңнің көз құны бар ма? Оны соншалықты соққыға неге жықтың? –деген бірінші хатшы зілденіп. Оның аяқ астынан соншалықты сұстана қалған жүзінен айбынды ма? Айтқожа әйтеуір төмен қарап:
–Шатақ иттің ішіп алып, келініңізді құшақтамақ болғанынан шығып кеткені,– деген кінәлі кейіппен.
–Жақсы, ол әйеліңе қырындап жазалы болды делік, ал коммунистік партияны соншалықты неге тілдедің? Әлде ол да сенің әйеліңе таласты ма? – деген анау онан әрі тұнжырап, тұқырта сөйлеп.
–Алда жарықтық-ай, –деген Айтқожа екі көзі бағжаң етіп шошынып, – партияны тілдеді дегендері енді шиштай өтірік, ойбай-ау, аға, партия менің әкем, қамқорым емес пе? Оған тіл жарақатын тигізіп, боқтап мені жын шалып па, тәйірі? – дегенде отырғандар оның бұл сөзіне ду күлген.
Тек солардың арасынан әлдекім:
– Жолдас Айтқожа, дұрыс сөйлеңіз, партия сенің ғана әкең емес, ол барша жұрттың әкесі, панасы, ұлы көсеміміз Лениннің басшылығымен құрылған коммунистердің жауынгер ұйымы, – деп түсіндіруге әрекеттенген, тек Айтқожа:
–Алда жарықтық-ай, сенің ғана әкең емес дегенің менен партияны қызғанғаның-ау, зайыры, деген өз-өзінен назырқана тіл қатып.
–Бара беріңіз, милиция бастығын дәлізде күтіңіз.
Бірінші хатшы Айтқожа шыққан соң милиция бастығына:
– Мынаған тиісті айыбын салып, бүгіннен қалдырмай колхоздың орталығына жеткізіп тастаңыздар, өзі сырқат адам сияқты, бір жерде өліп қалып пәлесіне қалып жүрмейік, –деп қатты тапсырды.
***
–Қарағым-ай, жылай бермеші енді, ертең аманшылық болса Ғайша тәтең Бөлекбайға барып жолығады. Қолы тиіп, жөні келсе аудан орталығына оны ертіп апарар, бізден гөрі ат жалын тартып мініп, қызметке ерте араласып, ел таныған адам ғой, андағылардың біріне болмаса, біріне сөзі өтер. Тәтең қайтсе де де аманшылық болса, Айтқожаны алып келеді, тек сен жаман ырым бастап жылай берме, –деген Әділ әр сөзін бөле-жара ентіге отырып айтып.
–Қой, онда тәтем Айтқожаға ала барсын мен тамақ әзірлей қояйын, –деп жылауын қойған Валя ұн елеп, дөңгелек жұқарта бастаған. Қолы істе, ауызы сөзде.
–Алланың әмірі дегенді қойсаңшы медицина училищесін бітірісімен сол қалада орналасқан әскери госпитальдардың біріне жұмысқа жіберді. Міндетім– жаралы жауынгерлердің жараларын таңып, дәрігер тағайындаған дәрі-дәрмектерін таратып укол салу.
Бірде сол госпитальге осы Айтқожа келіп түсті. Қан көп кеткендіктен болар, ессіз-түссіз еді. Оны қабылдап алып жатып документіндегі «қазақ» деген жазуды көргенде ет жүрегім өзінен-өзі шым ете түскен.
Шешемнен, әкемнен естіген Қазақстан, қазақтар туралы там-тұм әңгімелері есіме оралып, ауыр халде әлі де есін жия алмай жатқан осы бір бейтаныс қазақ жігітінің ажал тырнағынан аман қалуын тілеп, маңайына қайта-қайта айналсоқтап келе берсем керек, – деген ол қолындағы оқтауын үстел үстіне қоя салып, дөңгелектің екінші жағын аударып жатып. Сол сәт үзілген әңгімені онан әрі сабақтатқысы келген болса керек Ғайша:
–Қайтсін-ай енді, қайда болсын адам өз қанына тартады ғой, – деген.
–Енді қалай онсыз бола ма? – деп Әділ оны қостап қойған.
–Содан мұнымды жаралылар да байқаса керек, –деп сөзін онан әрі жалғаған Валя, – тіпті кейбірі андағы жігіт туысқаның ба, жоқ әлде танысың ба? –деп сұрай бастады. Енді біреулері:
–Сенің туысқаның, танысың не ей, мүмкін ғашық жары шығар? – дегені есімде қалыпты. Содан қойшы, Айтқожа жүруге, тұруға жарап, өзіне-өзі келген соң бір күні ай-түй жоқ : «Алда жарықтық-ай, осы екеуміз екі жарты бір бүтін болайық та»,- демесі бар емес пе?
Жаппай қазақ тілін жақсы білгенмен, оның жаңағы астарлы сөзінің мағынасын бірден ұғына алмай, аяқ астында абдырап қалғаным. Мұның екі жарты бір бүтіні несі өзінің жарымжан екенін айтқаны ма? Жоқ, оған менің қандай қатысым бар?.. Әлде маған сөз салғандағы түрі ме? – деп ұзақ ойландым. Ал ол менен тағатсыздана жауап күтіп отыр еді.
–Ой, айналайын-ай, қайтсін-ай енді, сізге сөз салған түрі ғой, –деген Әділ жүзіне күлкі үйіріліп. –Тек жүрек сырын «алда жарықтық-ай» деп бастауы қызық болған екен. Үй ішін біраз уақыт күлкі меңдеген.
–Жә, жетер енді, –деген Ғайша жұрттан бұрын күлкісін тыйып. –Айтқожадай-ақ болыңдаршы осы, ол осал болса менің мына сіңлім оған тағдырын сеніп, әлдебір қиырда жатқан Қазақстанға етегінен ұстап келер ме еді?
–Соны айтсаңызшы, өткен іс қой. Маған сол госпитальда жатқан орыс, татар, басқа да ұлттың жігіттерінің сөз салғандары болды, тек тағдырдың жазуы шығар солардың арасынан жарымжан болса да мен осы Айтқожаны таңдадым.
Бәлкім, оған шешемнің өлердегі өсиеті де себеп болған шығар. Сонымен қатар екі сөзінің бірін «алда жарықтық-айдан» бастайтын, бір мүшесін ұрыс даласында қалдырған осы бір бейбақ, ақкөңіл жігіттің маған деген ыстық ықыласы мен ынтық пейілін аяқ асты еткім келмеді, қаншалықты ауыр, азапты болса да бақытымды сонымен бірге қол ұстасып іздеуді жөн көрдім.
–Дұрыс-ақ енді, – дескен ерлі-зайыпты ана екеуі.
–Тек... Сол бақыты бар болғыр екі адамның тағдыр қосып, ел қатарлы түтін түтетіп, шаңырақ көтеруімен шешіліп, шектелмейді екен, оны кейін білдім. Ал қол ұстасып «семья» атанған шақта бізден бақытты жан жоқ сияқты еді,– деген ол терең күрсініп.
–Қойшы, сонымен Айтқожа екеуміз қол ұстасып Қазақстанға аттандық. Жүрер алдында мен бауырларыма барлық жағдайды жасырмай ашып хат жазған едім. Көп ұзамай олардан хат келді. «Жазысыңа қарағанда, – депті бауырым, –жолдасың жарымжан адам сияқты. Сен онымен шын мағынасында өзің хатында жазып отырғандай бақытты бола алар ма екенсің?
Ақыр соңында, ол байғұстың майдан даласынан арқалап алып шыққан үміті мен сенімінің соңғы шоғын өшіріп алмасаң жарар еді», – депті. Осы жолдарды оқығанда әлденеден ет жүрегім езіліп қатты жыладым.
Мен күні кеше ғана тай-құлындай тебісіп бірге өскен өзімнен бір жас кіші бауырымның осыншалықты терең ойлай білетін үлкен жүректі адам болып ержеткенін сонда ғана аңғарғандай едім. Тек, оның бұл пікіріне менің ол кезде келісе қоюым қиын еді...
–Ех, – деп терең күрсінген әлден соң Валя, –бауырымның сол сөзінің имандай шындық екендігіне мен осы соңғы күндері ғана көз жеткізгендеймін. Шынында да, мен Айтқожаға өзім ойлағандай бақыт сыйлай алмай, сормаңдай еткен екенмін. Бала болса анадай...
–Қой, олай деме! Ғайша манадан иіріп отырған ұршығын жерге қойып: «Осы жұрттың бәрі сен екеуіңдей тату-тәтті, жарастықты семъя құрса жарар, бала...Алланың әмірі ғой».
–Жоқ, оны айтпаймын, мен Айтқожаның басына, шынында да, сор болып жабысқан сияқтымын. Олай дейтінім кезінде бір түнде ел-жұртын тастай қашып, осы жақтан бір-ақ шығуына мына мен, дәлірек айтқанда, менің жылтыраған түрім себеп болғандай, деп сәл іркілген ол терең күрсініп барып, «елім» деп егіліп келгенде, құшақ жайып қарсы ала қойған ешкім болмады, –деген сөзін сабақтап.
–Шын жанашыр туыс болмаған соң біреуді біреу қайтсін, тәйірі, оған өкпелеуге бола ма? – деген Ғайша оны тыныштандырғысы келіп.
–Содан сенделеп колхоз кеңсесіне келсек, колхоз бастығы Айтқожаға алыс ағайын болып қосылады екен, ол бізді бір құлап жатқан иесіз үйдің бір жағына орналастырып, Айтқожаны ауыл орталығынан үш шақырым жерге шопанға көмекшілікке жіберді. Ал мені қойманың жұмысшысы етіп қабылдады. Алғашқы кездескен сәттен-ақ әлгі бастығы бар болғырдың маған көзі түскені.
Кездесе қалған жерде тіпті кісілердің көзінше әр жеріме қол жүгіртіп, маңына жоламай жылыстап кетіп бара жатсам, жолымды кес-кестейтінді шығарды. Қолын сан рет қағып жіберіп, жұрттың көзінше ит терісін басына қанша қаптасам да, сүмеңдеп соңымнан қалар болмады.
Мен шырай танытпаған сайын тіпті өшіккендігі соншалық: «Сен қатын менен құтыламын деп ойлама, талайды көрген бұл көкең, сен сияқты айдай сұлу қатынды бір құшпай қояды деп ойлама», –деп ойын ашық айтатын.
–Иттің ғана баласы десеңші. Соғыс кезінде осында да қанды көз төбеттер аз болмаған еді, бұл да сондайлардың бірі де, – деген Әділ тістене сөйлеп.
–Бүйте берсе істің насырға шабатынын сездім де бір күні бастықтың бір жаққа кеткенін пайдаланып, кеш түсе Айтқожа жұмыс істейтін фермаға жаяу тарттым.
Ол да бастықтың маған қырындап қыр соңымнан қалмай жүргенін елден еміс-еміс естіген болса керек, аузымды аша бергенде-ақ:
–Талайды зар жылатып, бір жылда осы колхоздың күйеулері соғысқа кеткен он шақты әйелін екіқабат қылған бұл сұрқиядан бүгін түнде қашып құтылмасақ, ертең құтыла алмаймыз. Қой, аманымызда ерте күнді кеш қылмай өкшемізді көтерейік, –деп шарбаққа сүйеулі тұрған таяғына қол созған. Сол түні жолға шығып кеттік.
–Пәлі, азды-көпті жиған мүліктеріңе де қарамадыңдар ма?
–Ой, апа-ай, жаңа ғана үй болып түтін түтете бастаған біз де ол кезде қай бір мүлік болсын. Рас, Айтқожаның соғыстан әкелген чемоданы, бір-екі өңі таймаған гимнастеркасы, менің үр жаңа күзгі пальтом, қол сөмкем, бірер көйлегім қалып қойды.
–Ойпырай, соңдарынан қуғын-сүргін болмады ма? – деген Әділ біртүрлі таңырқай сөйлеп.
–Неге болмасын, ертеңгісінде кешке қарай сайын далада артымыздан колхоз бастығы қуып жетті.
–Тоқта әкеңнің, мен саған салдақы қатыныңды колхоздан алып қашқаныңды көрсетейін, –деп ағызып келіп қамшы үйірген. Оның қарасын көріп, дауысын естігенде өне-бойым дірілдеп, құрыған жеріміз осы шығар деп ойлағам.
Еңірегенде етегім толып: «Кешіріңіз, ағатай!» –дей беріп едім, қанын ішіне тартқан Айтқожа маған: «Тоқтат!» – деп ақырды. Сонан соң «Бұл иттің көресісін көзіне көрсетпесе болмас», – деп бастық тұсына ағызып келіп басына қамшы үйіре берген сәтте қолындағы таяғын сілтеп кеп қалған. Онысы ананың тобығынан тисе керек.
–Иә, сонан соң, – деген Ғайша біртүрлі үрейлене тіл қатып.
–Айтқожадан ат үркіп, жалт бұрылғанда анау жерге омақаса құлады. Оның құлағанын көргенде, өліп қалған екен ғой деп жүрегім ұшып тағы да ағыл-тегіл көз жасыма ерік берейін, сол сәт.
–Мына қан көрген қандыбалақ неме кісі өлтіре ме өзі, қайтеді? – деп жығылған орнынан ата тұрып қаша жөнелген бастықтың соңынан ә дегенше қуып жеткен Айтқожа жауырын тұстан қолындағы таяқпен тағы да бірер рет салып-салып жіберген, сонан соң: «Енді біздің соңымыздан қуғын салып, тынышымызды алатын болсаң, ант атсын де, әйтпесе ажалың менен!» – деп ақырды.
Анау қорыққанынан күзгі жапырақтай қалтырап, еріндері дір-дір етіп: «Енді сендердің соңдарыңа түссем, ант атсын, ата-бабамның аруағы атсын!» – деп еңірей тұрып, бір атадан жалғыз екенін, артында шиттей балалары қалып бара жатқанын айтып: «Шыбын жанымды қия көр», –деп шырылдаған.
Біраздан соң ол өз жөніне, біз өз жөнімізге бет алдық. Әлден соң атына мінген колхоз бастығының: «Сен ит андағы қасыңдағы қаншығыңды менен қызғанып, маған қол жұмсадың ғой, тек қызғанғаның қызыл итке жем болмаса, маған кел, қайда барсаң да, сен сияқты шолаққа аңдағыдай айдай аруды дені сау, намысы бар жігіттер құшақтатып қоймас, сонда бармағыңды тістеп өкінерсің әлі, маған жылап көріскендей боларсың!» –демесі бар емес пе?
–О, нәлет десеңші, –деген Әділ қаны қайнап.
–Содан Айтқожа мына иттің жағын біржолата қарыстырып, жоқтауын айттырайын, – деп анаған тағы да ұмтылсын кеп, әке-көкелеп әрең қойғыздым. Айтқожаның таяғы батқан болса керек бастық та онан әрі іркілмей атына қамшы басқан... Содан лаулап Семейге, Семейден Павлодарға келдік. Павлодардан Арқаның алтын алқасы атанған Баянауылға қарай бет бұрдық, – деді ол.
– «Адамның басы– алланың добы» деген осы. Ана қорқау лағынет болмаса, мен пақыр конфескеге ұшырап, жер ауып кеткен туыстарымның кейінгі тағдырларын өмір бойы біле алмай өтеді екенмін-ау, шындығында, қиыр жайлаған олар түгіл, Қазақстанда жүрген мына Валяның өзінің бар-жоғын білуім екіталай ғой, –деді Ғайша көзіне жас алып.
–Апырай, әке-шешең бертін келе де өздерінің туып-өскен жерлерінің аттарын ауыздарына алмағаны ма? Елге, жерге өкпелеп кеткен екен-ау, жарықтықтар! – деген Әділ жеңіл күрсініп.
–Неге атамасын, тіпті жиі айтатын. «Сарышоқы», «Ақшоқы», «Әулиебұлақ», «Қойтас» «Сарыөлең» «Қарақуыс», «Мерген» «Қара үңгір», «Қызылтау», «Үшшоқы», «Найзатас», «Сабынды», «Қатын көл», «Ауыз көл», «Бөкет» тағы да басқа жер аттарын ауыздарынан тастамайтын.
Тек бір ғажабы Семей жағында да, бұл жақта да мұндай жер атаулары жиі кездеседі екен. Алғашқыда құлаққа таныс жер аттарын естігенде жүрегім дір етіп, оған қалай баруға болатынын білуге асығатынмын. Бірте-бірте әке-шешем айтып отыратын жерлерді көруден күдер үзгендей ем, – деп аз уақыт үнсіз қалды.
–Иә, –деген әлден соң, –бұл тағдыр дегенді қойсаңшы, енді міне бауырымның айтқаны айна-қатесіз келгенін көрмейсіз бе? Мен оның бақыты болсам деп армандап едім. Ақыр соңында, соры боларымды білмеппін-ау. Өткен жолдағыдай бұл жолы да Айтқожаның мен үшін пәлеге қалғаны соның айғағы емес пе? –деген ол көзіне жас алып.
***
Таң сыз бере Әділді бір Аллаға, қала берді Валяға тапсырған Ғайша атқа қонып, «Көпшілік» колхозының орталығын бетке алған бұл екі аралық аз-кемсіз отыз шақырымдай жер болатын.
Атын бірде аяңдатып, бірде желдіртіп, жолды ә дегеннен-ақ ұтқан кей тұстарда төтелей тартқан Ғайша қызмет уақыты басталар тұста колхоз көшесіне келіп кірді. Ал бұл сәтте Әділ мен Валя дастархан басына жайғасып, өзара шүйіркелесіп, шай ішуге кіріскен.
–Астындағы атының қолқасы аман болса, апаң көпшіліктің қарасын көріп те қалған болар.
–Кім білсін, –деген Валя. Сонан соң әлдене есіне түскендей бұған күлімсірей қарап: «Апаң демекші, біздің апамызға сіз қалай кездестіңіз? Қай жылы, қалай үйлендіңіз?» – деген.
–Е-е, –деген Әділ, –қалай үйлендіңіз дерің бар ма? Үйленбеуге апаңа көзінің сұғы түсіп жүрген Есентай белсендің қойды ма?! Соның оспадар әрекетіне наразы болған Ғайша: «Әке-шешем, туған-туысқандарым, қала берді кеңес өкіметі өкілдерінің алдында қалауым– Әділ, соның ғана етегінен ұстаймын. Әйтпесе ел кезіп тентіреп кетемін, –деп жер тепкілеп отырып алды емес пе?!
–Жезде, қойыңызшы, Ғайша апам соншалықты бейапар адам емес қой.
–Е-е, балдыз-ай, «бұра сөйлеген күлуге жақсы» деген ғой. Бәрін жіпке тізген моншақтай етіп баяндауға... –деп ұзақ жөтелген. Жөтелі басылған соң барып:
– Тағдыр ғой! – деп қысқа қайырды. Оның денсаулығы күннен күнге кеміп, екі иығына екі кісі мінгендей аптал азаматтың азып-тозып шүйкедей болып қалғанын күнделікті көріп, іштей күрсінетін Валя да мұнан әрі өткенін қазбалап қыстамады. Көзін жұмып, ойға шомған Әділдің көз алдынан өткен өмір елесі кинолентадай өтіп жатты.
– «Менің қалауым –Әділ» дегенді естіген сәтте жұрт үкімет адамдары атаған комиссия мүшесі Жәнипа: «Мына кісі айтып тұрған Әділді шақырыңдар!» – деген бұйыра сөйлеп.
–Мына Ғайша: «Қалауым– сіз!» –дейді, бұған сіз не дейсіз? – деген қатқыл үнмен.
–Ғайшамен қол ұстасып өтсем арманым жоқ.
Сол сәт Ғайшаның туыстары:
– Әй, мынаны сен танисың ба?
– Жоқ. Мен де танымаймын.
–Қалеке, бұл қалай? Көзіңнің ағы мен қарасы Ғайшаны ат байлайтын жері жоқ көлденең көк аттыға?.. Осы сәт Жәнипаның:
– Милиция шақырайын ба? Жоқ әлде еріктеріңізбен шығасыздар ма? Үйді босатыңдар! –деген өктем үні естілді. Жұрт киіз үйден бірін-бірі қаға-маға сыртқа лықсыған. Жанипа милиция қызметкерлеріне киіз үй төңірегіне жиналғандарды таратуға пәрмен берді. Әлден соң: «Мынау– сендердің жеке куәліктерің», – деп, өзі жазып, қол қойған, мөр басқан қағазды бұларға оқып берді.
–Сіздер қазірден бастап некелі ерлі-зайыптысыздар! –деп құттықтады.
–Не дейді? Некені молда қимаушы ма еді? –деген Ғайшаның шешесіне: «Әкесі Қалабай балаң бақытты болса болды емес пе? Ал бұл сөзді осы мен түйіндеп, бәйбіше, қызыңның жеңіл-желпі жасауын әзірле! Ал біз сіздерден рұқсат болса сыртқа шығып сөйлесейік», –деп ұлдарын ертіп, сыртқа беттеген. Оларға ілесе шыққан белсенділер Қалабайдың тәркілеуге түсетін малын жұртқа бөліп беруге алаңға қарай беттеді.
Әлден соң Қалабай Әділді шақырып алып: «Ал, қарағым, Ғайшажан бірінші Аллаға, сонан соң саған аманат. Бұл бір, екіншіден, бұл жердің сендерге пана болмасын өзің де түсінетін шығарсың. «Үкіметтің беті» дегенді желеу етіп, қабаған иттей абалап тұрған желіккен жұрт ертең тоз-тоздарыңды шығармасына кім кепіл? Тілімді алсаң, бүгіннен қалмай қозғалып, із өкшелеріңді неғұрлым алысқа салыңдар.
–Жөн ғой, ата, тек Ғайша..
–Оған да айтамын. Жұрт қазір менің жиған-терген малымды қыл үстінен бөліп алуға жанталасып жатқанда...
Оның сөзін киіз үйден ата шығып айғайға басқан үлкен келінің үні бөлген:
–Қызыңды қалыңсыз берсең, менің бауырыма сүйек жаңғыртып... Сол сәт оны көк желкеге бір түйген күйеуі шашынан сүйреп отауына енгізген. Оның зар еңіреп жылағанына құлақ түрген жан жоқ еді. Қалабай өзі мініп жүретін тарантасты бұларға көлденең тарттырып, аз ғана болсын жасау-жабдығымен бұларды жолға салған.
–Алла, өзің бағымызды аша гөр! Махаббатымызды баянды ете гөр! Ойына оралған осы тілектерді іштей қайталаған Әділ қатарында отырған Ғайшаға ұрлана көз салды. Ұзатылған қыздардың ата-жұртын әлпештеп өсірген ата-анасын қимай қоштасатынын жақсы білетін ол. Ғайшаның сол сезім құшағында келе жатқанына күмәнсіз еді. Тек бет әлпетінен, қимылынан анау айтқандай күйзелісті аңғара алмады. Оның ойын Ғайшаның өзіне қарата:
–Мен бір Аллаға, қала берді тағдырымды саған сендім, – деген сөзі бөлді. Осы сөз Ғайшаны бұған бұрынғыданда жақындатып, ынтығын арттырып, жұдырықтай жүрегіндегі махаббат отын маздатып жібергендей еді.
–Ғайша, тақ түссе– таңдайымызға, бақ түссе– маңдайымызға, алдағыны Алла біледі.
Содан Алланың жазуы шығар. Бұлар өзара ақылдасып келіп, қалың қазақ жайлаған Баян жеріне ат басын тіреді. Баянның өз басынан жатақ жақтан құлап жатқан орыс-қазақтың үйін сатып алып, сонда қоныстанған. Ол жылдары Ақбеттаудан ағаш түсіретіндер болатын.
Солардан бөрене сатып алып, қыс түскенше үйлерін жөндеп алған еді. Қалабайдың қызына берген азды-көпті қаражаты бұларды ашаршылықта аман алып шықты. «Өлмеген құлға» демекші Көпшілік колхозына Бөлекбайдың колхоз бастығы болып сайлануы бұлардың өмірін күрт өзгерткен еді.
Көпшілік колхозына қоныс аударып, колхозшылардың жалпы жиналысының шешімімен колхоз мүшесі атанған бұлар бір отар қой алып, қиыр жайлап, шет қонған қойлы ауылда еңбек ете бастады.
***
Кеңсе жанында аттан түсіп жатқан Ғайшаны әлдеқалай әйнектен көрген Есентай сұп-сұр болып қанын ішіне тартып, терезеден зілдене қарады. Міне, ол кеңсеге қарай баяу аяңдап келеді.
Одан бері де сандаған жылдар өтсе де Ғайша бұл сол өзін алғаш көргендегі құлын мүшесін күні бүгінге дейін сара қалпында сақтап қалғандай көрінген. Тек сәл толыса түскен.
Мұның өзі оның төсіне кішкене тостағандай болып төңкеріле қалған қос анары мен бөксесін көз салған адамның ындынын құртардай, шебер мүсіншінің қолынан мінсіз қашалып шыққан өнер туындысындай-ақ құлпыртып жіберген.
Тіпті, оның осы кескіні үстіне киген бақай етек ұзын көйлегінің өзі сырт көзден жасыра алмай тұр. Тіпті, аяғындағы қара құрым етігі, басына салған ақ бөрте шәлісі, үстіндегі барқыт қамзолымен ерекше үндесіп, бидай өңін аша түскендей. Саусағының ұшына бүлдіргесінен іле салған сары ала қамшысын ерекше бір салтанатпен ұстап келеді.
–Түу, сайтан!
Есентайдың табан астында көкірегін удай ашытқан күйінішінің сыртқа лықсып шығып кеткеніне сасып қалғандығы соншалық– осынымды әлдекім естіп қойған жоқ па деген үреймен жан-жағына алақтай қарады.
Сағат әлі де тоғыз бола қоймағандықтан ба, жайшылықта айдың бетіндегі шүрегейдей шүпірлеп отыратын қызметкерлердің бірде-бірі көзіне шалынбады, тіпті көмекші бухгалтердің де қарасы көрінбейді. «Уһ!» –деп жеңіл демалған Есентай еркінен тыс құмарлықпен әйнек жаққа тағы да ұрлана көз тастады. Зайыры, бұл кезде Ғайша кеңсеге кіріп те үлгерсе керек, қарасы көзге шалынбады.
Есентайдың алдында тұрған шотына да, тіпті жазып жатқан қағазына да қарауға зауқы болмады. Оның есіл-дертін бұл сәтте Ғайша меңдеп алған еді. «Ой, алла-ай, – деп ойлады ол, –абырой шіркін төгілейін десе, аяқ астында екен-ау.
Ақжігіттің мал-мүлкін тәркілеу кезінде елден ерекше белсенділік танытып, ауылдың, қала берді ауданның белсенділерінің көзіне түсіп, аз күннің ішінде әлгілермен иттей ауыз жаласып, сенімді адамына айналып, аядай ауылдың кәрі-жасын былай қойғанда, осы маңайдағы күні кеше атқа мініп, күбідей күпілдеген еті тірі немелердің өзі мұны төңіректеп өзіңізге айтатын бір сөз бар еді, бәленшекең өзіңізге сәлем айтып жолық деп еді, деп қасынан тобыр, құлағынан сыбыр-күбір арылмайтын елдің білікті, белді адамы болып шыға келген еді, оның үстіне иініне ілген көнетоз киімдерін тастап, байдың тәркіленген түлкі ішігін, басына пұшпақ бөркін киіп, саптама етігін, тағы да басқа киімдерін иініне іліп шығуы, жыртық қосына бай үйінің іліп алар, іске татыр шаруасының біразын апарып кіргізу, оны аз күннің ішінде ел қатарына қосып қана қоймай, жүректілігі мен белсенділігі, ел арасында аңыз болып тарап мерейін асырған, мәртебесін жоғарылата түскен.
Мұның өзі оның кеудесіне жел бітірген еді. Енді ол өз ауылын былай қойып, басқа көрші ауылдардың байларын тәркілеуге де атсалысатын болған. Сондай күндердің бірінде көрші Қалабайдың ауылына белсенділермен еріп барып: «Қалабайда әкемнің еңбек өтесі кеткен,- деп әңгіме көтерген, – соның құнына деген бұл екілене сөйлеп, – маған Қалабайдың қызы Ғайшаны әйелдікке алып беріңіздер».
Кеңес заңын өкілдердің өздері де жете білмей ме, жоқ әлде біраз күн жолдас, дәмдес болған мұның тауын шаққылары келмеді ме?.. Әйтеуір, кейбіреуі мұның бұл сөзіне шыбындаған аттай бас шұлғысып.
–Е-е, Қалабайда әкеңнің өтесі кетсе, Ғайшаны қалыңсыз аласың, сен алмағанда кім алады?! Қалың сұрап көрсін қане! –десіп гуілдескен. Тек оқу-ағарту саласының өкілі Жәнипа атты әйел ғана:
–Жолдас, Есентай! –деген бұған өңін суытып, –сіз әйелдерге кеңес үкіметі берген еркіндік пен бостандыққа қарсы әрекет жасап отырғаныңызға есеп бересіз бе?! Егер де Қалабайда әкеңіздің өтесі кеткен болса, жаңа заң бойынша дүние, мал даулауға, өндіртіп алуға хақылысыз, ал ол үшін Қалабайдың қызын әйелдікке аламын деуіңіз – надандық, қала берді, Кеңес заңына қарсы шығу болып табылады. Оның бұл сөзін естігенде, жаңағы шұлғып отырған өкілдердің кейбірі шошып кетіп:
–Өй, сен не оттап отырсың өзі? Ойнасаң да, ойлап сөйле!
–Жоқ, Кеңес заңын түсінбейтін тоғышар неменің еще белсенді болғысы келеді. Қане, тырп етші өзің! –деп дүрсе қоя берді. Манадан өздерінен күш кеткенін айқын сезініп, сең соққан балықтай болып естері шығып, арты немен тынарына толық көздері жетпей аңысын аңдап, іштей тынып отырған Қалабайдың жақын туыстары да өкілдердің мына сөзін естігенде, бел алып өздерінше намысқа қызып, дүр сілкініп, ұлардай шулап қоя берген. Тіпті кейбірі, отырған орындарынан ата түрегеліп:
–Жіберші, иттің қолында өлейін!
–Өй, әке-бабаңды... Атаңа нәлеттің басынуын қарашы! –деп қоныштарындағы қамшыларын жұлып-жұлып алысты. Әйелдер жағы да қарап қалмай:
– Бейшараның дәмесін қара! –десіп, бірі қолын, бірі ернін шығарып, ит терісін басына қаптады. Азғантай ауылды басына көтерген айғай-шу, қоқан- лоқы тек өкілдердің «қой, қойлауымен» ғана әрең басылған.
Соны күтіп тұрғандай-ақ: «Мені ішке кіргізіңдерші, өкілдерге айтатын сөзім бар», –деген Ғайшаның нәзік дауысы естілді. Жұрт оған есік көзінен сырылып жол берді.
Төрде отырғандар тіл-ауыссыз қалған адамдар сияқты бірі бұған бақырая, бірі бажырая қарап не айтар екен дегендей іштен тынған. Ол да көп күттірмеді. Өкілдерге қарата сөзін бастап та кетті.
– Мына жаңа үкімет қыз-келіншектерге еркіндік, теңдік берді дейді ғой, сол рас па? – деді өктем үнмен.
– Рас, –десті олар бір ауыздан шу ете түсіп. –Онда, – деді бұл Есентайға ажырая қарап, –мына өкілдердің артынан салпақтағаныңды өзіңе дәреже санап, күндей күркіреп, кеудеңе нан пісіп жүрген, есуас неме, мен саған өз еркіммен тұрмысқа шыға алмаймын. Үкімет адамдары да Кеңес заңын бұзып, мен бейбақты еріксіз зорлап жылатпас деген ойдамын.
–Ол не дегеніңіз?! Заңды бұзуға жол беріп бізге не көрініпті? –деді отырған өкілдер бір-бірінен дауыстарын асыра гүжілдесіп.
–Олай болса, –деп сөзін онан әрі сабақтаған Ғайша, – ақ сүтін беріп аялап өсірген әке-шешем, ағайын-туысқандарым бізді жерге қаратты деп сөкпес, «заманың қалай болса, бөркіңді солай ки» деген ғой, әлдебіреудің зорлығы мен зомбылығына ұшырап, өмір бойы қор болғанша, өз таңдауымды айтайын, – деді сәл іркіліп.
– Астапыралла, Қалекеңнің батасын бұзбақ па мына қаншық?
– Өй, мал түгіл жан қайғы болып отырғанда Қалекеңнің батасы дейді ғой, қоя тұршы әрмен, – десіп өзара гуілдесіп кеткен.
Осы сәт өз шаңырағында өгей жандай болып, өкіл біткеннің аузына жетім баладай жапақтап, жетесіз жандардың өлгеннің аруағын күңірентіп, тірілердің ар-ожданына тиетін сөздері мен қылықтарынан ішқұса болып кірерге жер таппай жер шұқып отырған әкесі қызының топ жарып келіп өкілдерге сөз арнағанын алғашқыда ұнатпай, апырай «сасқан үйрек артымен жүзеді» дегендей қызым иттің етегінен ұстауға ризамын деп қалмаса жарар еді деп қауіптенген, ал оның анаған: «Саған тұрмысқа шыға алмаймын»,- дей келіп, өзінен, ағайын-туыстарынан кешірім өтіне тұрып, біреудің зорлығы мен зомбылығына тап болғанша рұқсат етсеңіздер өз қалауымды айтайын дегенін естігенде еңсесін тіктеп:
–Айт, қарағым, – деген, – айт ұялма. Сол сәт шешесінің: «Құлыным-ай, қайтейін обалың қарғыс атқыр заманыңа болсын!» – деген аңырай жылаған дауысы естілді. Абысын –ажындары, қала берді ауыл ақсақалдары оны басу айтып, әрең қойғызды.
– Айта бер, қарағым.
– Менің қалауым– мына көрші ауылдағы жылқышы Әділ, мұны естігенде жұрт біршама дүрлігіп-ақ қалды. Міне, осы сәтті пайдаланған бұл есіктен ата жөнелді.
Сонысы абырой болған екен, әйтпесе намысқа қызған ауыл жігіттерін былай қойғанда, «Кеңес өкілдерін масқара еттің» деп өкілдердің өздері-ақ оның миын аузына түсірулері ғажап емес екен. Содан бұл жылыстап, Жамбыл қаласынан бір-ақ шықты.
Әлі де қазақшылықтың қаймағы толығынан бұзыла қоймаған кезі ғой, қайда барса да жұрт мұны сырт теппеді. Тіпті аумалы-төкпелі мына заманда басына іс түсіп жүрген алаштың бір азаматы да деп іштей аяп, қай-қайсысы болмасын бауырларына тартқан...
Тек бұл сіңісе келе, өткен күнін ұмытып, жұрттың намыс атты тез тұтанғыш қопасы құрғырына отты қалай тастап жібергенін өзі де аңғармай қалатын.
Тәңірдің бойға берген туа бітті мінезі ме, жоқ өзінің алаңғасар әңгүдіктігі ме, әріден келе жатқан әйел намысы, ел намысы жаңа үкіметтің «әйел –қоғамның тең праволы мүшесі» деген қағидасын жұрт құлағына қанша құйса да, есіне сақтай алмай, талай жерде талай рет масқара болған екен-ау.
Әйтпесе Ғайшадан беті қайтып, масқарасы шыққаннан кейінгі жерде ойлануы керек-ақ еді, – өйте алмады. Жамбылдағы өзі орналасқан пәтердің қожайыны татар Әбзидің қысқа мерзімді курста оқып жүрген бүлдіршіндей қызына көзі түсіп, әкесіне: «Қызыңды маған бер!» – деп әлденеше рет қиғылық салып, басына әңгіртаяқ ойнатқан.
Ол байғұс майда-шүйде сататын алыпсатар еді, сонан да мұның: «Қызыңды бермесең, қылмысынды ашып соттаттырамын!» – деген сөзінен кәдүмгідей-ақ айбынатын.
Әйтсе де, қызын салт басты, сабау қамшылы, қала берді кім екені, қайдан шыққаны белгісіз қаңғып жүрген әлдебіреудің қанжығасына қалай байлап берудің есебін таба алмай, қан жылап жүргенде, Әбзидің алыпсатар епташтарының бірі келе қалғаны.
Ол оның қара қабақ көңілсіз екенін бірден аңғарып: «Ауырып жүрсің бе?» – деп жөн сұраған. Анау бұған арқасын аяздай қарыған жайды бүкпесіз баяндаған. Кісі жалдады ма?
Жоқ әлде жолдастарымен өзі іс қылды ма? Бірер күннен соң кештетіп жұмыстан қайтып келе жатқан Есентайды қаланың қараңғы көшелерінің бірінде бір топ адам бас салып сабай бастаған.
Тулақша тапалап, итше тепкілеген олар есі бір кіріп, бір шығып жатқан бұған: «Енді Әбзидің қызының атын атасаң, айтпады деме, ажалың– бізден!» – деп тайып отырды. Күрек тісі мен бірер қабырғасын күйретіп, Есентай ол қаладан да жылжып кетуге мәжбүр болды. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деген емес пе?!
Таңдайына қаншама тисе де, сонан кейін де бірнеше рет қыз үшін арандалып, абыройын айрандай төккен. Жарытып жұмыс та істемеген. Сөйтіп, сенделіп жүргенде ашаршылық жылы да келіп жетті. Жұртпен бірге бұл да Секпірайға түскен.
Күні кеше ғана аштықтан ісіп-кеуіп, құр сүлдерін сүйретіп Омбыға әрең жеткен бейбақтардың уақыт өте ісіктерінің беті қайтып, ыстық тамаққа еріндері тиіп, өңештері күйе бастаған сәтте естерін жиып, бұрынғыдай емес айнала төңіректеріне бағамдай, барлай қараған. Сондай күндердің бірінде қала орыстарының бір еңселі үйден қызара бөртіп, қарқылдай күліп, кейбірі шатқаяқтай тәлтіректеп сүйретіліп шығып жатқанын көрген бұл солай бұрылған.
«Жынға жын түс ауа күлтөбенің басында ұшырасады» дегендей ол осы күнгі әйелі Күлқатшаға осы арада кездесе кетті. Әй-шәй жоқ тұрған әйелдің бетіне ыржалақтай қарап:
–Жеңеше, мұнда не бар? – деген екпіндей сөйлеп. Мұның жеңеше дегенін бір түрлі жақтырмай қалған Күлқатша тыржаң етіп:
–Тьфу, қайны болғаныңа... Дөрекі, өзің қай жылғысың, мүмкін менен үлкен шығарсың, не құрығанда құрдасым боларсың? – деп ежірейе қарап, сонан соң әлдене есіне түскендей: «Мүмкін мында шақырарсың?» – деген жаңағы үйдің есігін меңзеп.
Жұмысқа орналасқанына бір айға толар-толмас қана уақыт болған Есентайға ресторанға кіретін ақшаны кім берсін? Жұмысшы асханасынан лаждап кәртішкемен күнін көріп, тамақ ішіп жүрген байғұс ыржалақтай күліп:
–Жеңеше, тоесть құрдас, мүмкін өзіңіз үйге шақырып, ерулік берерсіз? – деген ыржиып. Оның салт басты, сабау қамшылы екенін әңгіме барысында аңғарған аз ғана өмірінің ішінде екі рет тұрмысқа шығып, екеуінде де тиген күйеулерімен мінездері сәйкеспей бұл күнде тізесін құшақтап жесір жүрген Күлқатша әлі де еркек десе, етегі түрілгіш еді. «Әйел қырық шырақты» деген емес пе?!
Бәлкім, «бірде болмаса, бірде бағым жанар» деген есек дәмесі де жоқ емес, содан да болар, мұның жаңағы сөзі аузынан шығуы мұң екен: «Жүр, жүр ерулігінді же!» –деп қосына қарай жетектей жөнелген.
Екеуі түс ауа танысып, сол күні қоңыр кеш үйірілмей-ақ үйленіп үлгерген. Сөйтіп, Есентайдың Күлқатшамен мысықша тырнасып, итше ырылдасқан алқын-жұлқын өмірі басталып та кеткен. Тіпті, екеуі бірнеше рет қазан-ошақтарын бөлектеп, бір-бірін көрместей болып, айырылысып та көрді.
Тек бірде ол, бірде бұл райынан қайтып: «Жаздым-жаңылдым»,- деп, тіл табысып тынатын. Үйлегендеріне бірнеше жыл өтсе де, бұл шаңырақта іңгәлаған сәби дауысы естілген емес.
Бір ғажабы, Есентай да, тіпті Күлқатша да оны аңсап әбігерге түспегендіктері, өз тағдырларына мойынсынғандықтары соншама – арагідік «баласы бар болсын» деген сөз де алма-кезек ауыздарынан шығып кетер еді.
Не түрге, не мінезге жарымай қалған Күлқатша шынын айтып турасына келгенде Ғайшаның қолына су құюға да жарамайды. Мұны бұл баяғыда-ақ түсінген. Ара-тұра ептеп жұтып алған күні көз алды мұнарта отырып, өзін әйелден бағын ашпаған осыншалықты сормаңдай қылып қойған құдайды жер-жебіріне жете қарғар еді.
Асқан бір сағынышпен жүрегі сыздап, Ғайшаны еске алып: «Менің осылайша елден қаңғып кетіп, мына Күлқатша пәлеге тап болуым біле білсең– сенің қасіретің ғой, қасіретің...» – деп күбірлеумен қаншама күндері мен түндері өтті десеңші!
Тіпті, көрші колхоздардың бірінде есепші болып мойнына ақша мінгенде, Бөлекбайды іздеп келіп, қолтығына паналауының түп-төркіні де жігіттік қимас кезең, әлдеқашан-ақ алты қырдың астында қалса да шәу тартқан шағында болсын тым құрыса Ғайшаның қарасын көріп отырсам деген ішкі есеп те жоқ емес еді, бәлкім...
Ойлап отырса осы «бәлкімі бар болғырдан» бастау алатын үміт бұған өмір бойы көр соқырдың қолындағы таянар таяғындай сүйеніш болып келеді екен. Тіпті анау соғыс жылдары осы өнірдің әлдеқалай кездесе қалған адамынан Әділдің соғысқа алынғанын, алынбағанын сұраудан тынбаған.
Сондай сәттердің бірінде: «Осы Әділ соғысқа неге алынбайды?» – деп тіке сауал қойып, біреумен жанжалдасып, жағаласып қалғаны да есінде.
– Иттің ғана баласы, соғыс курорт болса, сен өзің неге бармайсың? Әділде не әкеңнің құны бар? – деп жағасынан бүркітше бүріп, сілкіп-сілкіп жіберген. Тек отырғандар арашаға түсіп абырой болған. Солардың бірі:
–Ағасы-ау, байқамайсыз ба? Мына кісі Әділдің жақын туысы, соғыстан контужный болып оралған. Екі ортада... Әділ соғыс басталған тұста аттан құлап аяғын сындырып алған. Содан қазір де сылтып басады. Сонан соң оны соғысқа кім алсын? – деп мән-жайды түсіндірген.
Енді міне, сол Әділ – әл үстінде. «Бүгін бе, ертең бе?!..» деп жатқаны анау. Әй, әйтсе де Әділ өле қалған күннің өзінде Ғайшаның бұған жылы қабақ танытуы екіталай-ау, екіталай...
Сандаған жылдар арманына айналып, қиялын тербеген Ғайшаға амандасуға, тым құрыса бір ауыз сөз айтуға жарамай діңкесі құрып отырғаны мынау. Бәлкім, созған қолымды қабыл алмаса да, өмір бойы бір өзіне ғана арналған жүрек сезіміме құлақ түрер ме еді? Қазір жетіп барып айтсам ба екен?!
Аяқ астынан бой көтерген осы бір сайқал ойдан келер сәтте қатты шошынған ол енді болмаса өзін-өзі тежей алмай, соқыр сезімнің жетегінде әлденеге арандалып қалуы мүмкін екендігін дер кезінде аңғарды. Осы арадан тезірек қарасын батыруы қажет екенін түсінді.
Сөйтіп, үстел үстінде жатқан қағаздарын тартпаға тастай салған ол есіктен ата шығамын дегенде көмекші бухгалтер әйелді қағып кетіп, шалқасынан түсіре жаздаған. Тек оған назар аударып жатпады.
– Мен қатты ауырып тұрмын, үйде боламын, – деп сытыла жөнелді.
Ал бұл кезде Ғайша өзінің Есентайдың жан жүрегін қаншалықты азапқа салғанынан бейхабар күйінде колхоз бастығы Бөлекбайдың үйінде қою шайды буы бұрқырап тартып отыр еді. Мана Бөлекбайдың кабинетіне кірсе, өзі іздеп шыққан Айтқожасы бастықтың алдында қапқанға түскен түлкідей аласұрып:
–Ағатай, мені тура қазір үйге жеткізіп тастауға көлік беріңізші. Әділ ағам мен келініңіз Валяға тез жетуім керек, олар менің милициядан аман-есен босағанымды білмейді ғой, – деп бір сөзін қайталаумен отыр екен. Есіктен кіріп келген мұны көріп:
–Алда жарықтық-ай, Айтқожаның аман-есен босағанын бұл кісі білген ғой, білген ғой, басеке, сіз енді маған көлік іздеп әуре болмай-ақ қойыңыз, жеңгемнің артына мінгессем де тура қазір жүріп кетем, – деген ол Бөлекбайға бір түрлі паңдана қарап. Мұның «жеңгемнің артына мінгессем де» деген сөзіне Бөлекбай да, Ғайша да шектері қата күлген.
–Ей, мынау не дейді? Әдетте ерке қайнысы жеңгесінің алдына отырар еді, –деп Бөлекең әзіл отына май құйып, маздата түсті. Сонан соң бір сәт өзін-өзі тежеп, Әділдің хал-жағдайын сұрады. Сонан соң Ғайшаға:
–Менің қызметте қалу-қалмасым екіталай. Сендер бүгіннен қалмай Сарқияққа көшіп алыңдар. Қазір осында арба тіркеген шынжыр табанды трактор келеді, Айтқожа тракторшыға жол көрсетер, ал сен менің тарантасымды ал, Әділді астына киізді қалың қылып төсеп, төсек салып сонымен жеткізерсіңдер, – деп, –қой үйге барайық, –деп орнынан көтеріле бергені сол еді.
–Ғапу етерсіз, –деген Ғайша, – мына Айтқожалар бізбен бірге көшеді.
Әдекең анда...
–Білем, білем айтқан. Тек оған соңғы кезде жағдай өзгерді, – деген жымия күліп, –артынан ести жатарсың...
Сол күні түн ортасында Әділдің көші Сарқияқтағы көп жылдан бері ешкім тұрмай, тозығы жетіп құлауға шақ тұрған ауылдың шетіндегі үйге ат басын тіреді.
–Жә, – деген Ғұбайдолла әйелінің сөзін бөліп, –Әдеке, мен... Әдекең, мен шындықты жасырайын, әлденені бүгіп қалайын деген болсам бұл сөзді бастамас едім. Жабулы қазан жабулы күйінде қала берер еді. «Абайсызда айтылған түкті ауыз орыс» деген бір ауыз сөз ақыр соңында Еренғайыптың түбіне жетіп тынды.
Баласы жетім, әйелі жесір қалды. Бар шындық– осы. Әдеке, күйеу баламның түбіне менің данққұмарлығым, ішітарлығым, шамадан тыс өзімшілдігім жетті... Оның әр сөзін қалт жібермей, іштей қайталап отырған Әділдің қаны басына теуіп, қалш-құлш етіп, бір сәтке ашуға ерік беріп алғандай еді.
Сол сәт ілкі сезімі: «Опырау, сен Еренғайыптың талайсыз тағдырына Ғұбайдолланы кінәламақсың ба? Ал ол қайнағасы болса, сен туған ағасы емес пе едің? Бауырыңа тартып, қамқорлығыңа алсаң, ол мұндай тағдыр тәлкегіне тап болмас па еді?
Мерт болмас па еді?»– деген сауал тастаған. Осы сауал мұны сабасына түсірді. Ал Құбайдолла болса, мұның жан-дүниесін астан-кестен еткен аласапыран құбылысты елеп- ескерместен әңгімесін онан әрі жалғастырып, жазықсыз жанның көз жасы жібере ме ақыры имандай сеніп, құдайдай көріп, қалтқысыз қызмет еткен сорлы басым, ақыры, өзім де сол үштіктің алдынан бір-ақ шықтым.
Манадан мұны іштей қайталап отырған Әділ: «Иәәә», –деген бір түрлі таңырқай тіл қатып. – Барлығыда майдан үшін деген ұранмен еңбек етіп аудандағы колхоздардың көшін бастап, жоспарды асыра орындаудан танбадық.
Сол үшін сан рет мақтауға да іліктік. Тек соның бәрі бір-ақ сәтте құмға сіңген судай болған соң қайтерсің?! Бірде тыл еңбеккерлері жанқиярлық еңбектері үшін медальдармен марапатталды. Барлық колхоз бастықтары алған сол медаль маған бұйырмады.
Жиналыстан қайтып келе жатқанда орынбасарым Жығатай: «Райкомның бұл шешімін құптамаймын!» –деумен болды. – Өй, Жығатай, қой! – десем қояр болмады.
Әбден мезі болған мен: «Сен өзің массың ба? Қой дедім ғой саған! Сол медальді алғандар-ақ жарылқасын! Мен шашпау тағатын байдың қызы емеспін!» – дедім.
Сөйтіп өзара кейісіп, ауылға да келіп жеттік. Ертеңгісінде түс әлетінде мені райкомға шақыртты. Сыртқы есікті аша берген тұста екі қолтығымнан қапсыра ұстаған жігіттер «қара қарға» атанған машинаға бір-ақ тықты. Қара көлеңке бөлмеге алып кірді.
–А-а, Ғұбайдолла Машімкович, бұл сен бе? – деді кабинет иесі. – Ананы алып келіңдер! Есіктен кіре берген орынбасарым Жығатайды көргенде, желдің қай жақтан соққанын іштей сезген едім. Ол байғұс мені көргенде-ақ: «Ғұбайдолла медальді байдың қызының шолпысына теңегені рас қой. Рас, ато кеше жаныңда болғандардың бірде-бірі...
– Сенен басқа, – дедім мен кекетіп.
– Иә, менен басқасы Ғұбайдолланың айтқанын естіген жоқпыз деп бой бермейді. Айттың ба? Айттың. Құран атсын айтты.
–Өй, сенің көкіп тұрғаның қай құдай?
– Жә, мұны қоя тұр. Артынан анықтармыз. Ал сіз бұған не дейсіз? –деді бірі.
– Айтқан жоқпын.
–Мына қағазға қол қойыңыз. Мұнымен тәжікелесіп тұратын уақыт жоқ. Қағазын тапсырыңдар! Этаптан қалмасын, –деді кабинет иесі. –Ал сен, –деді Жығатайға, –көзіңді жоғалт, ешкімге сыр ашушы болма!
Мені сол күні қанша итше тепкілеп, сабаса да қағаздарына қол қойдырта алмады. «Халық жауы» деген жаламен, үштіктің шешімімен он жылға соттап жіберді.
Соның 4-ші жылы бұл. Менің бұл естелік хатымды бір аяғы көрде, бір аяғы жерде аз ғана ғұмыры айдауда өтіп бара жатқан құдаң (Солай атауға хақым болса) Ғұбайдолланың кешірім өтінуі деп білерсің.
Ғұбайдолла
Ғұбайдолланың осы естелік хатын Ғайшаға оқытып, әр әрпіне, әр үтіріне дейін жаттап алған Әділ есіне ала отырып, қаншама рет бірде еңіреп, бірде өксіп, көз жасын көлдетті десеңші. «Көңіл кірі айтса кетеді» деген осы ма екен?! Естелік хатты оқыған сайын Әділдің жан дүниесі жеңілдеп, Ғұбайдоллаға деген ыза-кегі сарқылып, аяушылығы арта түсетіндей соңғы кездерде. «Алла кешсе, мен кештім» деген тілек тіл ұшына орала беретін болған.
***
Көпшілік колхозының колхозшыларының жалпы жиналысы ұзаққа созылды. Тың игерушілерге қырын қабақ танытып, советтік интернационализм талабына көлеңке түсірген қылмысты әрекеті таяуда ғана облыстық газетте айдай әлемге әшкереленген Бөлекбай Бәриевтің жеке басының тәртібіне тоқталып, бұдан былайғы жерде орыс тілін білмейтін бұл сияқты ұрда-жық адамның басшылық қызметте қалуға хақысы жоқ екендігін тілінің майын тамыза жеткізген екінші хатшы Бөлекбай Бәриевті аудандық партия комитеті колхозшылардан қызметінен босатуды сұрап отырғандығын қадап айтқан.
Сонан соң: «Қане, ұсынысты қолдайтындарыңыз қол көтеріңіздер!» – деген жиналған жұртқа. Жиналысқа қатысып отырған 200-ге тарта адамның тек он шақтысы ғана көтерген.
Оның өзінде де басым көпшілігі тың игерушілер, бірен-саран Есентайдың жақтастары еді. Бұлай болар деп ойламаған екінші хатшы жұрттың көңіл күйінен бірден-ақ секем алып, үстел шетінде өзімен-өзі болып отырған Бөлекбайдың бетіне қайта-қайта жетім балаша жаутаңдап, жалтақтай берді. Сонан соң:
–Бөлеке, мына жұртқа бірдеңе десеңізші, бірдеңе десеңізші! – деп сабырсыздана сыбырлаған. –Екі ортада мен ұятқа қалатын бодым ғой, сені орныңан алдырып қайт деп Мақсан Мәлікович қатты тапсырып еді, түсінсеңізші енді, – деген жапақтап.
Амалсыздың күнінен мінбеге көтерілген Бөлекбай біраз жұрттың тынышталуын күтіп тұрып айнала төңірегіне барлай зер сала қарады. Осы залда отырғандардың көпшілігі-ақ онымен бірге туып, біте қайнаған, өмірдің ащысын да, тұщысын да бірге көріп, осы колхоздың іргетасын қаласқан жандар еді.
Олардың мұны қимайтыны жаутаңдаған жанарларынан-ақ анық аңғарылып тұр еді. Бұл да оларды қимай қатты толқыды. Сол сәт мұның үнсіз тұрып қалғанынан секем алып: «Бөлеке, Бөлеке!» –деген екінші хатшының жалынышты дауысы құлағының түбінде ызыңдап миын шағып жібергендей еді. Содан ол қолын көтеріп, жұрттың тынышталуын өтінді.
– Жолдастар! –деген ол сонан соң дауысына діріл араласып, –бірталай жыл өздеріңмен бірге еңбек етіп, осы колхоздың іргетасын бірге қаладық. Қиын да, қызықты кезең еді ол.
Осы сәт тағы да құлағының тұсынан екінші хатшының: « Бөлеке, судь делаға көшсеңізші», –деп қынқылдаған үні естілді.
–Елге, жерге сіңірген адал еңбектеріңізге, ұзақ жылдар маған көрсеткен
сенімдеріңізге рахмет. Алайда «Әр нәрсе өзінің уақытында» дейді ғой халық, сол рас екен. Біздің уақытымыз озған сияқты.
Бұл– өмір талабы. Орыс тілін жетік білетін, мына заманға сай еңбек етіп, істі ұтқыр ұйымдастыра алатын басшы сайлап, мені орнымнан босатуларыңызды өтінемін. Тағы да алғысымды айтамын, –деп ол мінбеден баяу түсіп, отырған орнына қарай беттеді.
Манадан жағдайдың қалай қалыптасарына көзі жетпей, сонан соң да жынынан айырылған бақсыдай тыпыршып, өзін қоярға жер таппай, әркімнің бетіне бір жалтақтап, әбден-ақ жайы кетіп отырған екінші хатшы осы сәт еңсесін көтеріп, залда отырған жұртқа маңғаздана қарап, қолындағы қаламымен үстелді тықылдатып-тықылдатып қойды. Мұнысы айбын танытып, жұртты тәртіпке шақырған түрі еді.
Сонымен қатар: «Енді қайтер екенсіңдер, бәлем! Партия солдаты алдына қойған мақсатын өлсе де, тірілсе де орындайды, орындағыларың келмей қанша қиқалаңдасаңдар да, сендерге де есебін тауып орындатады, тіпті орындамасаңдар көздеріңе көк шыбын үймелетеді. Шәркелерің шыдаса, партия талабына бағынбай бағыңдар!» – деген астамшылық астар да жоқ емес еді.
Бұл кезде ашық дауыс беру аяқталып, Бөлекбайдың орнынан алынғаны белгілі болды.
– Колхоз басқармасының жаңа құрамын сайлау керек. Кімде қандай ұсыныс бар? – деді жиналыс басқарушы залдағы жұртқа қарап. Сол сәт манадан дуылдап толқып отырған зал кенет толқыннан кейінгі теңіздей тына қалды. Жұрт бір-біріне жалпақтап, алдыңғы қатарда отырғандар артқа мойын бұрып, үрпиісе қалған. Осы тыныштықты: « Разрешите мне!» – деген әлдекімнің өктем дауысы бөлген.
Іле залда отырғандар арасынан үстінде жеңі қырқыла бастаған көк костюмі, аяғында керзі етігі, бұтында жуыла-жуыла өңі кетіп, үлдірей бастаған сары галифесі бар, бетін әжім торлаған, самайына ақ кіре бастаған, бірер тал селдір шашын бір шекесіне қайырып тастаған, қоңырқай өңді күн қақты, көкшіл көзді адам мінбеге көтерілді. Колхоз мүшелерінің көбіне бейтаныс жаңағы жігіт бірден:
–Я, как коммунист, как целинник председателем колхоза предлагаю нашего уважаемого Есентая, – деді отырғандарға ежірейе қарап. Манадан тыныстарын іштеріне тартып, тына қалған колхозшылар осы сәт орталарына от түскендей азан-қазан болып кеткен. Тіпті, кімнің не айтып жатқанын ұғып болудың өзі екіталай еді. Жиналыс басқарушы мен екінші хатшы екеуі екі жақтап аяқ астында у-шу бола қалған жұртты әрең дегенде тыныштандырып, ырқына көндірді. Сол сәт:
–Өй, мынауың кім тағы? Кім де болса Есентайдың жемтіктесі шығар.
–Жоқ, кімнің жемтіктесі екенінде не шаруаң бар? Тегі бір колхоздың дәулетін суша сапырып, ішіп-жеп құртып келген мына Есентайды екінші колхозға бастық етіп ұсынуы қалай болмақ?
–Мұның өзі қасқырға қой бақтырумен бірдей емес пе?
–Е, оған неге таңқаласың? Жемқорлардың күні, бәлкім, қайта туған шығар?! Бұған екінші хатшы не дер екен? – деген дауыстар әр жерден естіліп жатты.
Бөлекбайдың орнынан алынуымен істің бітпегенін бірден түсінген екінші хатшы жаңағыларды тәртіпке, тыныштануға шақырды. Енді жиналысты жүргізу тізгінін өз қолына алды.
–Сірә, –деді ол отырғандарға сыздай қарап, –тың және тыңайған жерлерді игеруге партиямыз бен үкіметіміздің қаншалықты мән беріп отырғанын бұл колхоздың адамдары әлі жеткілікті түрде түсініп, ұғынып болмаған сыңайлы.
Бұған, –деді, ол жапалақтай болып жарбиып отырған колхоз партия комитетінің хатшысы Алдан Құсайынұлына алара қарап, – біріншіден сіз, екіншіден, аудандық партия комитетіндегі біздер кінәліміз. Партия саясатын дұрыс, дер кезінде жүргізе алмауымыздың салдары бұл.
Тіпті, басқаны былай қойып партияның шақыруына үн қосып, өз орталарыңа қоныс аударып келіп, бір отар қой қабылдап алып, еңбекке араласып жатқан патриот, коммунист Пангуринді танымауларыңыз, «мынау кім тағы?» деп сұрауларыңыз ұят емес пе?
Мұны естігенде басқа жұртты кім білсін, ал колхоз партия ұйымының хатшысының жерге еніп кетуге саңылау таппағаны рас еді. Апырай, мына Пангурині бар болғыр коммунист екен ғой, мұны партиялық есепке алдың ба десе құрыған жерім осы ау деп ойлағанда, оның маңдайы тершіп шыға келген. Тек осы сәтте отырғандардың арасынан әлдекімнің: «Айтуыңыз жөн, айып бізден»,- деген дауысы жұрт назарын басқа жаққа бұрып әкетті.
–Жаңағы коммунист Пангурин жолдастың айтқанына мен де қосыламын, – деді ол. – Есентайдай ел басқара алатын іскер де алғыр жігітіміз тұрғанда біздің басқа жақтан басшы іздеуіміз дұрыс болмас, қалай десек те Есентай осы елдің тумасы ғой, елге, жерге жаны ашыр, адал қызмет етер.
Өмір тәжірибесі мол, іс үстінде ысылған, жаппай басқару ісіне икемдігі байқалады, яки қателік, кемшілігі болса, ел емеспіз бе, түзетерміз, ақыл қосармыз,- деді отырғандарға ой сала сөйлеп.
Бұл дөңгелек жүзді, шоқша сақалды, қолында құраны аузында иманы бір сөзді, ауыл адамдарының арасында соған сай беделі бар осындағы рулы елдің жақсылармен кезінде жанаса жүрген белгілі, белді ақсақалы Әбіл еді.
Рас, Кеңес үкіметінің ата, ру мәселесіне қырын қарауы, ол жайлы жақ жазғандарды қатты жазаға тартуы, қазақ арасындағы атам заманнан келе жатқан аталастық, рушылдық сияқты өріске біршама көлеңке түсірген. Қашанда көңілдегі кез келген көрікті ойын өмірдің шым қайнаған шындығы ретінде ұсынуға бейім тұратын жеңіл ауызды әлдекімдердің ауызекі әңгімеде, тіпті беделді жиналыстарда біздің елде ата, ру мәселесі жүйелі күрес жүргізудің нәтижесінде түп-тамырымен жойылды деген алыпқашпа сөзі қазақты былай қойып, социализмге толық кіріп болмай, коммунизм қырқасынан асатын күніміз алыс емес деп айқайлап, өзін де, өзгелерді де сендіруге тырысқан көпірме мәлімдемелері Мәскеудегі әңгүдіктердің құлағына шалынуы мұң екен, баспасөзге, қала берді, партиялық құжаттарға көше бастаған.
Ал шынында да, ата ру мәселесі қазақ арасында мәңгіге бітпес бітеу жара екендігін әлеуметтік зерттеу жасап әуре болмай-ақ ауылдың көнекөз қариялары әсте жоққа шығарған емес.
Жайшылықта бір ауыз сөз үшін, не бір іс үшін өзара қырық пышақ болып қырқысып, кең далаға сыйыса алмай алакөзденіп отыратын ағайын ата, ру аты аталып, ұраны шақырыла қалған жерде ұялас иттей бірге бой көтеріп шыға келер еді.
Әбіл ақсақалды да көпшілікке сөз арнатып отырған сол ру намысы екендігін көбі-ақ іштей сезген, тек бұл солай ғой деуге Кеңес заңы, заман көтермейді. Олай деген адам, ең бірінші, ағайындарының, сонан соң партияның назалы назарына ілінерін жақсы біледі, әйтпесе осыдан бір-екі үш күн бұрын Есентайдың Әбіл ақсақалдың үйіне бүгжеңдеп кіріп бара жатқанын көргендер жоқ емес, тіпті оның қай сағатта келіп, қай сағатта қайтқанын да қаз қоятындар бар, тек...
Әбіл ақсақалдың өзі де,сөзі де аталастары былай тұрсын,онымен аралас осы ауылдағы басқа рулардың да бас көтерер азаматтары үшін жазылмаған заң еді. Көпшілігі-ақ: « Мына иттің ұрымтал жерден ұстауын-ай! Әбекеңмен жиналыс басталмай тұрып сөйлесіп, сыр тартқанда, пікірлескенде болады екен...
Қой, Әбекеңді жерге қаратқанмен болмас»,- деген ойға бекіген. Сөйтіп ашық дауыс беру барысында Есентайдың кандидатурасына қостамаған тек Әбекеңнің туған інісі, қойшы Қиман ғана қарсы дауыс берген және жұртқа естірте ағасына:
«Сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ жоқ» деген осы екен ау. Әбеке, мен сізден мұны күтпеген едім. Есентайды бастық сайлау мына елге күл болмасаң, бұл бол дегендік емес пе?
Ауыл шаруашылығынан хабарының жоқтығын былай қойғанда, -деген ол қызына сөйлеп, -елде, күнде жоқ есер, ұрда-жық, пияншік Есентай ел басқара алушы ма еді? Өз басым қарсымын, ал өзгелерін өздерің біліңдер!» –деп залдан шығып жүре берген. Оның мұнысын дұрыс, не қисынсыз деп ешкім жақ жазбады. Әбіл де үнсіз төмен қарап тұнжырап отыр еді.
Қиманның бұл қылығы Есентайдың көнере бастаған жарасының бетін аяусыз тырнап, оған деген өшпенділік отына май құйғандай еді.
Ертеңгісінде қос құла ат жегілген қара тарантастың үстіндегі шіліктен тоқылған әдемі қорапта әдетте кішігірім таудай болып отыратын Бөлекбайдың орнында тоқтының тоқпақ жілігіндей болып Есентайдың кетіп бара жатқанын көрген көшедегі жұрттың біразы оған шыбындаған аттай бастарын шұлғып бәйек болса, енді біразы: «Біз білетін Есентай болсаң, қаншаға барармын дейсің?!» –деген сынайда еріндеріне кекесінді күлкі үйірген.
***
Күн ұясына қонақтауға жақын қалған. Әділ ежелгі әдетімен отарын ауылға қарай беттетіп келе жатты. Әлденеден таяуда қалаға оқуға кеткен жалғыз ұлы ойына оралды. Оған ауылдың да оқуы жетер еді. Бөлекбай ғой: «Біздің балалармен қаладағы интернатта оқысын, білім алады. Ертең институтқа түсуіне де жеңіл»,- деп қояр да қоймаған. Сонысына қарағанда, оқуы... Осы сәт әлдекімнің:
–Сәлеметсіз бе?! –деген даусы ойын бөлді. Бұл дыбыс шыққан жаққа аңтарыла қараған. –Аға,- деген жолаушы әйел,- Мергеннің жолын көрсетіп жібермес пе екенсіз?
–Е, Мерген– ана қарсы алдыңдағы ауыл. Әйел: «Рахмет!» – деп жүріп кеткен. – Бұл кім болды екен жолаушы да? Әдеттегідей отарды қарсы алуға шыққан Валя: «Жезде, –деген бұған жымия қарап, -сүйінші келініңіз келді».
–Е –е, апыр-ай, ә? Манағы әйел?.. Бұл үйге асықты. –Апырай, ә? Бұл сонда...Еренғайыптың, жоқ мүмкін емес. Айтқожа: «Алда жарықтық-ай, өлгенің тіріліп, өшкенің жанды», –дегенде манағы жолаушы Еренғайыптың келіншегі екеніне күмәні қалмады.
–Аға, – деп мұны құшақтай алған Күләнда ұзақ егіле жылады. Оның өксікті үнінде қыршынан қиылған күйеуі Еренғайыптың өкініш пен өксікпен өткен өз өміріне мұң шағуы да бар еді. Әділ де жалғыз бауырын күңірене, күйзеле жоқтады. Шай үстінде келіні Күлән сөз бастады:
–Екеуінен қалған жалғыз тұяқ ер жетті, үйленген, бір баласы бар. Жасы –жиырма екіде, соны әскерге шақырып, келер айдың бесінде аттанбақ. Соған өздеріңізді батасын алсын деп шақыра келдім.
–Сонда сендер қайда тұрып жатырсыңдар?
– Қарағым, ием-ау, не дейсің? Жуалыда дейсің бе?
–Иә.
– Қашаннан бері?
– Жиырма шақты жыл болды.
–Сонда... Ұқтым, – деді ол күрсініп.
–Кезінде Еренғайып Сіздерді Жуалыға жақын тұрады екен, сұрастырып білдім деп жүрген, іздеп келмек те болдық. Тек сәбилі болып, одан кейінгі жерде өзі ұсталып кетті. Ал Жуалы менің жадымда жатталып қалыпты. Ол ұсталғанда, мен Әнуар ауырып, ауруханада жатыр едім. Түн ортасында кезекші дәрігер кабинетіне шақырып, барсам Лида Николаевна отыр екен. Ол аудандағы бір мекеменің бастығы еді.
Күйеуі мен Еренғайып дос болатын. Бірге аң аулайтын. Жиі араласып, туыстай болып кеткен едік. Ол мені оңаша алып шығып, Еренғайыптың ұсталып кеткенін айта келіп: «Енді сені де халық жауының әйелі ретінде жер аударулары мүмкін. Бүгін түннен қалмай қараңды батыруың керек. Баратын жерің бар ма?» –деп сұрады.
Жуалы аузыма түсті. Сол түні Лида Николаевна мені бакеншікке алып барып: «Ертең таң атысымен паромға мінгізіп жібер», –деп тапсырды. Кетерінде: «Мынаны сондағы дәрігерлік пунктке табыс етерсің», – деп төрт бүктелген қағазды қолыма ұстатты. «Осы қағазды Гельдерман ағаға тапсырарсың, тек сақ бол!» – деген. Солай жасадым. Ол қағазды қолына алып қарады да, көмекшісін шақырып: «Мына кісіні баласымен бос тұрған палатаға орналастыр. Өзім емдейтін боламын», – деді. Айтқанындай өзі емдеп жүрді.
–Қызым, – деді бір күні, –өзің әкелген хатта тек мына кісіге көмектес деген екен. Балаң тәуір болды. Енді менен қандай көмек керек? Сол сәт Лида Николаевнаның: «Ол кісіге толық сенуге болады. Барлығын ашық айт», – деген сөзі есіме түсті. Менің әңгімемді үнсіз тыңдады . Ол: «Бір-ақ күн осында жатып емделесіз, ертеңнен бастап анализ тапсырыңыз», – деген. Есікті жұлқи ашып қалғанда, есік әлдекімнің басына сарт ете түсіпті . Іле оның ой-ойлаған дауысы естілді. Техничка әйелдің:
– Еден жууға келе жатыр едім. Байқамай...
– Солай ма, көгершенім, сенің қолыңда не су құйған шелегің, не еден сүртетін шүберегің жоқ. Сонда... Бәсе еден неге кірден арылмайды десем... – деген, әлден соң:
– Түсінікті, жүріңіз, – деді даусын көтеріп.
Бұл жерде де тыңшы барын бірден ұғындым. Жөн сұрағандарға жарылып жауап беру түгіл сөздерін естімеген сынай танытамын. Берген дәрісін ішіп, уколын алып жата бердім. Бір күні Гельдерман аға:
– Сыртта арба тұр. Ол сені осы поселкенің шетіндегі Наташа апайдың үйіне апарады. Сонда тұратын боласың. Сол үйдің қасында алтын шайқау фабрикасы бар. Соның директоры Қабыш ағаңа мен жіберді дерсің, – деді.
Ұзын сөздің қысқасы, құдай жолымды оңғарды. Жұмысты да тез меңгеріп кеттім. Ал Наташа апай өмірден өтерінде Гельдермен ағаға:
– Азды-көпті жиған-тергенімді туған қызымдай болған мына Күлән...
Көп ұзамай Наташа апайдың дүние-мүлкін маған мұраға қалдырды. Қағазы әзір болды. Үй де менің атымда. Ал бұлардың: «Еренғайыпты кім көрсетті?» –деген сауалына анық білмеймін. Бірақ Лида Николаевнаның: «...Ағаңды аузыңа алма»,- деген сөзінен сезіктенем. «Уһ» деді терең күрсініп. Содан одан көп уақыт хабарсыз болдым.
Осы таяуда өзіммен бірге істейтін қыздың әкесі Жуалыға дәрігерге келген еді. Гельдерман ағаға көрсетуге көмектесуімді өтінді. Көңілін қимадым. Оның көп сөзінен ұққаным – ауылда бас көтерер жан қалмаған. Ғұбайдолла деген бастығымыз бар еді, халық жауы деген желеумен ұсталып кетті. Әйтеуір әйелі мен бала-шағасы қуғын сүргіннен аман, менімен көрші тұрады. Ағамның айдалып кеткенін естігенде есеңгіреп қалдым.
Сыр бермедім. Шал ауылына қайтарда қызы жұмыстан сұранып, оны апарып тастамақ болды. Мен оны оңаша шақырып алып: «Мынаны әкеңнің көршісіне бере сал», – деп өтіндім. Бұл қыз күнімде оның өзі сатып әперген моншағы еді . «Жақсы, тәте, ұқтым», –деуден әрі аспады. Моншақ қолына тиген жерде әлгі қыз бен жеңгем Жуалыға мені іздеп келді. Алла жазса, құрмалдыққа ол кісі де келеді. Қалған әңгімені өзінен естірсіз, – деген. Сол жолы Ғайша Ғұбайдолланың жазған естелік хатын алып келді.
***
– Апырай, ә ?! Жануар ауылдан шығар-шықпаста сыр беріп қалғанына қарағанд, ана иттер әбден титығына жеткен болды ғой, мал көрмегілер! – деп атынан сөйлей түскен Кәрімқұл оны алдындағы қос аяғын бірінен соң бірін көтеріп: «Алла, антұрғандар-ай! Әбден тасырқатып тастапты-ау!.
Оның үстіне терісінің сүйегіне ілініп, қос бүйірін қабысып тұрғанына қарағанда, күндіз-түнді байлауда болғанын қай жағы?». Жүріп келе жатып: «Сүріне-қабына жерден шөп алып жеуге ұмтылуына қарағанда, жөндеп жайылымағаны да көрініп тұр.
Қой, бірер сағат шалдыртып алмай болмас», – деп атына тұсамыс салып, ауыздығын алып, отқа жіберген. Әлден соң өзі де жерге жантая кетті. Даланың бұрқырай өскен көдесіне бас қойған қарагер ат ара-тұра пысқырып қойып, алаңсыз жайылуға кіріскен. Әлденеден Кәрімқұл «ұшқан құс, жүгірген аң – бәрі тамақ» деген қанатты қағиданы есіне алды.
– Рас- ау!
Асқазаны ауырып, жаны көзіне көрініп, басқа тамақ түгіл бірер кесе шайдың өзі батпай қалмаса, Алматыда, ондағы дәрігерлерде мұның несі бар? Бәрі бір құдайдың, қала берді, жалғыз ұлының арқасы ғой!
Ол болмаса осындағы сырқаттары жандарына батса да сыр бермей, ілініп-салынып жүрген шалдар сияқты бұл да тағдырын тәңірге тапсырып жүре берер ме еді?.. Алматыға дәрігерден дәрігерге сүйреп жүрген жалғыз ұлы-келіні ғой.
Көкөзек көктемнің бір күнінде солардың бастауымен бағымдағы отарын тапсырып, асқазаның емдетуге Алматыға аттанып кеткен. Содан дәрігерге көрінуі, ауруханаға жатып емделу бар, содан соң курортқа барып демалу бар, бас-аяғы үш-төрт ай жүріп, үйге келгені кеше.
Өз үйі өлең төсегінде бірер апта демалып, күзге қарай бір отар тоқты алмақ еді. Тек «үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады» демекші:
–Жуалыдағы құдаң қайтыс болды, намазы ертең, сізге соны арнайы хабарла деп құдағиың жіберді, – деген хабаршының бір ауыз сөзі мұны жаңағы жоспарының ойранын шығарған. Колхоз бастығына барып, мән-жайды айтып, мінетін ат сұрады.
– Ат дейсіз бе? Колхоз орталығына жақын орналасқан сиыршылардың бірінің атын әкеліп бер, –деп кісі жіберді. Бұл – соның әкелген аты. Ауылдан кештете шығуына да сол себеп болған. Бірер сағат жайылса, жануар біршама тыңайып та қалар. Кешкі салқынмен жүріп кетсе, әрі кеткенде он-он бірде Жуалының қарасына ілінер.
Осылай ойға беріліп жатып, аяқ асты көзі ілініп кеткенін өзі де байқамай қалды. Ояна келсе, айнала төңіректі тұман тұмшалап алған екен. «Тұман қанша қалың болса да, Жуалының жарығы көзге түспей қоймас», – деген оймен жүріп кетті. Ақыры, Жуалының жарығы да тұманды қақырата жарып,көзге шалынды.
Тек Жуалының жарығы байтақ қырда шашырай жайылып жатқан қойдай бір шоғыр боп жатушы еді. Ал мына жалғыз жарық айнала төңіректі күндізгідей жарқ етіп, көкке шаншылып тұрғаны қалай? Бұл маңайда Жуалыдан басқа елді мекендерде электр жарығы жоқ емес пе еді?
Жоқ, әлде ... Кенет жұрттың: «Әлімсақтан бос жатқан жерге әскерилер келіп, құрылыс салып жатыр», – десіп гуілдесіп жүретіні еске түскен. «Сонда мына жарық солардікі болғаны ма? Тек мен Алматыға жүріп кеткенше бұл маңайда жарық болған жоқ еді. Қой, не де болса барып білейін. Адасқан болсам, ондағылар жолға салып жіберер».
Кәрімқұл осылай қарай беттеп келе жатқанда, әскери бөлімнің КПП-сында (бақылау босату пунктінде) МҚК-ның (мемлекеттік қауіпсіздік комитеті) арнайы тапсырма жөніндегі өкілі Гавриил Константинович әбден ақ мазасы кетіп, от алып қопаға түсуге шақ отыр еді. Қатты ашуланғаннан болар онсыз да суалыңқы ұрты жағына қабысып, теке көздері шамадан тыс шатынап, бір тұрып, бір отырып:
– Алаңнан бір машина тақтай алып шығып жергілікті тұрғынға сатқан қай сержант?» – деп қайыра-қайыра сұраумен болды. Кезекшілер:
– Біз сіз айтып тұрған бір машина тақтайды, сатқан сержантты да көрген жоқпыз. Алаңнан бір машина қоқысты сыртқа төгуге әкеткені рас», – десті.
– Мен сендерді де, тақтай сатқан сержантты да, сатып алған жергілікті тұрғынды да қылмыстарыңды мойындатпай қоймаймын. Сонда өкініп жүрмендер! – деп тепсінді.
– Оны өзіңіз білесіз. Дәл осы сәтте машина келіп тоқтап, одан батальон командирі түскен. Оны көрген Гавриил Константинович амандық- саулық жоқ:
– Мен сіздерді сотқа беруге мәжбүрмін, – деген түтігіп.
– Ең бірінші сіз кімсіз? Бізді не үшін сотқа бермексіз?
– КГБ-ның ерекше тапсырма жөніндегі өкілі Гавриил Костантиновичті, яғни мені Семейдегі вокзалдан күтіп алу жөніндегі бұйрықты неге орындамайсыз? Жоқ, әлде ...
– Ондай бұйрық болған жоқ.
– Сонда мен... Оның сөзін:
– Әй, тоқтаңдаршы! – деген әлдекімнің даусы бөлді. Іле қараңғылық құрсауынан бір салт атты шал сытылып шыға келіп, күзеттен ауысқан жасақтардың алдын орап тоқтаған. Қазақша: «Бұл қай жер?» – деп сұрады.
–Тәңірім, ием-ау, мынаның өзі есі дұрыс па? Қайдағы Москва? Бұл мына жағы –Баян, мына жағы– Егіндібұлақ, мына жағы – Семей...»– дей бергенде.
– Шалды тұтқындаңдар! –деген бұйрық естілді. Жан -жақтарына жалт қараған бұлар қастарында тұрған батальон командирі мен бейтаныс офицерді көрді.
Бұл өзін өзгелерге таныстырғанда КГБ-ның ерекше тапсырма жөніндегі өкілі Гаврил Константинович еді. Кезінде Москвадағы институттардың бірінде Заң және құқық факультетінің екінші курсынан ішкі әскер бөліміне қызметке алынған, оны көп ұзамай мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне ауыстырған.
Бәлкім, бұған оның заң және құқық факультетінде оқығаны да себепші болған шығар. Майдан даласындағы комитет қызметкерлер арасында сол кезде бұл ең сауатты адам болып саналатын. Қаталдығы бастықтардың көңіліне жақпаған.
Офицерлердің көзін жойып жіберуге ептілігі көпшілігі шала сауатты офицерлердің көңілінен шығатын. Әскери шені өспесе де, күні бүгінге дейін КГБ комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі өкілі атауына оның іскерлігінен гөрі үлкендердің көңілін таба білетін жағымпаздығы қаныпезерлігі, тіпті қанішерлігі себеп болған сыңайлы.
Соғыс жылдарында Жоғары шенді офицерлер жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Бұл болса солардың тасасында қала берді. Содан да болар бұл әскери шенін көпшілік жағдайда аузына ала бермейтін. Айтпақшы, мұның сол кіші офицерлік шенін қызғанушылар да табылған.
Осы таяуда жас офицердің бірі әлдекімдердің айдап салуымен бастауыш партия ұйымының жиналасында кадр мәселесі туралы сөз қозғап: «Аға лейтенант Гаврил Константиновичтің арнайы білімі жоқ, өзі шала сауатты», – деп мұның атына әжептәуір ауыр сын айтқан. Оны кадр бөлімінің бастығы, тағы басқа бірлі-екілі офицерлер қуаттаған.
Жиналысқа қатысқан коммунист офицерлер Гаврил Константиновичтің күні осы мен біттіге санаған. Тек ертеңгісінде кадр бөлімінің бастығы бастаған үш-төрт офицердің саяси сенімсіздіктері үшін тұтқындалғанын білгенде, тіл- ауыздары байланып қалғандай еді. Сол күннен бастап Гаврил Константинович қатарлас қызметтестері үшін аса қауіпті адамға айналған. Бұларға бұйрық беруші бейтаныс офицер сол Гаврил Константинович еді.
Мұнымен бірге күзет орындарын тапсырып, аусымнан келе жатқан жауынгерлер шалды аттан жұлып алды. Сол сәт: «Ал мынаны кім тұтқындайды?» – деді жаңағы офицер мұны нұсқап.
Шал мен мұны алдарына салып батальон штабына айдап келді. Тергеу басталып кетті. КГБ-нің арнайы тапсырма жөніндегі өкілі Гаврил Констанович атаған жаңағы офицер шалдан:
– Қайдан келесің? – деп сұрады. Шал орысша білмейтін еді.
– Не знай, не знай, – деп тілін көрсетіп, басын шайқады. Оның орысшаны білмейтінін ұққан офицер:
–Мынаның сөзін кім аудара алады? – деп сұрады.
– Мен аударайын, – деді Әнуар.
– Жоқ сенен басқа, – деді Гаврил Константинович.
– Бар, мен қазақша Қарағанды орта мектебін бітіргенмін, – деді тұрғандардың бірі. Бұл Әнуармен екі жарым жыл бірге қызмет етіп жатқан Адольф атты жігіт еді. Ол Гаврил Константиновичтің сауалдарын шалға оның жауабын бұған қазақша аударып беріп отырды. Неге екені белгісіз Гаврил Константиновичке шалдың:
– Жуалыдағы құдам қайтыс болып, соның намазына бара жатырмын, жолдақалың тұман түсіп, осылай шығып кетіппін. Мені дұрыс жолға салып жіберіңдерші,- деген өтініші сенімсіз көрінді.
– Так, так... Сенің Ақтүбектегі Кәрімқұл екеніңді дәлелдейтін құжатың бар ма? –деп сұрады.
–Жоқ, – деді шал.
–Көпшілік жағдайда колхозшыларда құжат болмайды, солай дейік. Сонда сенің Кәрімқұл екеніңді кімнен сұрап білмекпіз? Адольф осы сөзді аударғанда:
– Өй, маған сенбесең, Жуалыда бәлен жылдан бері қызымның көршісі болған мына Әнуардан сұра, – деді ол дауысын көтеріп. Осыны аударғанда Гаврил Константинович аязды күнгі мұздай шатынап сала берген.
– Сен маған ақыл айтатын кімсің, кәрі ақымақ? – деп ақырды. –Мына шалды қаматыңыз,- деді ол батальон командирі С.И. Хохловқа.
–Қайда, не үшін?
–Не үшін, не үшінің қалай? Сіз мұның тыңшы екенін көрмей тұрсыз ба, естімей тұрсыз ба? Дереу қаматыңыз! –деп ақырды. Осы сәт тұрғандардың жүзіне күлкі үйірілді.
Бұл ара– күні ертеңгі сынақ алаңы. Сіз айтып отырған уақытша қамау орны мұнда қайдан келсін?
Онан да осыны әуре қылмай, өзіміз де әуре болмай, шалды Жуалының жолына салып жіберейік. Иә, сөйткен жөн.
Мұндай жағдай бізде екі күннің бірінде болады.
–Әй, сендер кіммен сөйлесіп тұрғандарыңды білесіңдер ме? Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жауапты қызметкеріне былай деуге қалай ауыздарың барады? –деп ақырды.
– Мына шалды алып жүріңдер! –деп есікке беттеді. Батальон командиріне: «Сіз мені осы арада тосыңыз!» – деп машинаға Әнуар мен аудармашыны, шалды мінгізіп ап жүргізушіге: «Әлгі жүк вагондары тұрған тұйыққа тарт!» – деп бұйырған.
Машинаны қызыл вагонның қасына тоқтатып:
– Ана шалды мұнда әкеліңдер! – деп бұйырды. Бұларға есігін аштыра бастағанда:
–Ағатайлар-ау, сендерге не жаздым? – деп аяқтарына жығылып, зар жылады. Шалды аяусыз тепкілеп, вагон ішіне лақтырып, есігін әлдеқайдан сым тауып, шатпақтап байлатқан. Машинаға беттей беріп:
–Мұнымен де, сенімен де ертең сөйлесемін, –деді Әнуарға ерекше ызбарланып. Машинасын тосып тұрған батальон командиріне: «Сіз ертең мына тілмашты, тыңшының көмекшісін менімен кездесулерін қамтамасыз етіңіз!» –деп бұйыра сөйледі.
***
Бұлар батальон командирі орынбасарының кабинетіне келіп кіргенде, Гаврил Константинович сәйгел тиген сиырдай кабинет ішінде ана бұрышқа бір, мына бұрышқа бір барып, өз-өзінен әлдене деп күбірлеп, тынши алмай жүр еді. Есіктен ене берген бұларды көргенде, кілт бұрылып Әнуардың жағасына шап берді.
– Иттің баласы, қайда? Кешегі тыңшы қайда? – деген түкірігі шашырап. – Оны сен ғой қашырып жіберген! Осылай деп Әнуарға көз тоқтап қараған ол оның мана тақтай сатты деп күдіктенген сержанты екенін танып:
– Сен тоқта дегенде неге тоқтамайсың? Неге қашасың? – деп ақырған. – Жоқ, мен қашқан жоқпын. Күзетті ауыстыруға асықтым.
Осы сәт бұлардың үстіне келіп кірген батальон командирінің орынбасары араға түспесе, Гаврил Константинович мұның кеңірдегін езіп жіберер ме еді?..
– Сіздер шыға тұрыңыздар, – деді ол Гаврил Константиновичке стаканға су құйып ұсына тұрып. –Тынышталыңыз, өтінемін, – деумен болды.
Әлден соң өзіне-өзі келген Гаврил Константинович:
– Тұйықта тұрған жүк вагондары қайда кетуі мүмкін? – деп сұрады.
– Оны тап басып айту қиын. Темір жол тармақтары бұл арадан Қарағандыға, Алматыға, Ақмолаға, т.б. қалаларға бағыт алады.
– Сұрап-білуге мүмкіндік жоқ па?
– Мүмкіндік өте шамалы.
Өйткені бұл жерге келетін жүк вагондары– Қорғаныс министрлігінің нұсқауымен әскери жүк жеткізетін вагондар. «Қорғаныс министрлігі» дегенді естігенде Гаврил Константиновичтің салы суға кеткендей еді.
Қолға түскен тыңшыдан қапыда айрылып қалғанына қапа болған ол сыртқа беттеді. Бар ойы әлгі екеуін, сонан соң батальон командирінің жүргізушісін тауып алып, қорқытып, үркітіп, жақтарын қарыстыру. Сөйткенде де тірі табылған күнде ана қақпас шалды қайтпек? Өне бойын қорқыныш меңдеген ол өзі шыққан кеңсенің көлеңкесіне отыра кетті.
Ал бұл кезде вагон есігін қақпақ болып орнынан сүлелене тұрған Кәрімқұл бір басып, екі басып есікке жақындай берді. Кешегі соққыдан ба, бет-аузы көнектей болып ісіп, әлі құрып, өз-өзінен шатқаяқтап, шайқатыла береді. Дәл осы кезде вагонға әлдене гүрс етіп соғылғандай болды.
Сол сәт Кәрімқұл байғұс вагонның еденіне қара құсымен гүрс етіп құлаған. Содан есін жия алмады. Қазақтың ен даласын көктей өтіп, Ресейдегі көп жабық зоналардың біріне ене берген тұста көзін ашып есін жиды.
Біраздан кейін тілін кәлимаға келтіріп: «Лә- иллалаһ, лә- иллалаһ», – деп қайталай берген еді. Бұл оның жарық дүниедегі бір Аллаға жасаған соңғы құлшылығы еді.
***
– Константин Гаврилович, мен сізді сынақ алаңына кеткен болар десем, не ғып отырсыз?
– Онда не бар?
– Не барыңыз қалай? Сынақтың бүгінгі күнге сағат жетіге ауыстырылғанын естіген жоқ па едіңіз?
– Ал сенің мәңес бастығың қайда?
– Ол кісі сонда. Мұны естіген Константин Гаврилович алды-артына қарамай құстай ұшып жүгіре жөнелді. Ол сынақ аймағындағы салтанатты қақпа жаққа көз салған еді.
Қара-құра, көрінбейді. Келіп үлгермеген сияқты ғой. Осы сәт оның көзі әдетте алаңда жұмыс істейтін құрылысшылардың кіріп-шығуына арналған қақпаға түскен. Сол қақпадан құрылысшыларды таситын күркелі машина алаңға еніп барады.
Әлден соң тоқтады. Оның қорабынан түскен үш-төрт кісі батальон командирін ортаға алып, жартылай жерден қазылып, бір-біріне көз көрім жерде орын тепкен темір бетон жер төлеге ұқсас бомба паналардың бірінен соң біріне кіріп, аралап жүр. «Мәскеуден келетін генералдар, әсіресе бес минутсыз «кеңестік атом бомбасының әкесі» атанатын Курчатов өлсе, күркелі машинаға мінер ме?.. Жоқ.
Бұл жергілікті басшысымақтар болар», – деп ойлады ол. Дегенмен жүрісін баяулатпады. Зыр жүгірген бойы сынақ алаңына келіп кірді. Ал батальон командиріне ерген топ та бұл тұста соңғы бомба панадан шығып (кейіннен «Курчатовтың бақылау пункті» атанған), мұндағы осындай құрылымдардың қай-қайсынан болсын көлемді, еңсесі биік соңғы бомбапанаға беттеді.
Бұл да барып салып солай қарай салдырта жөнелген. Олар болса сынақ алаңының тікенек сыммен қоршаған бөлігінен сәл әріде біріне-бірі іркес-тіркес қойылған Ұлы Отан соғысы кезінде пайдаланылған танкілері мен ұшақтар тұрған жаққа мойын бұрып, әлденелерді сөз етіп, асықпай аяңдап барады.
Тіпті темір бетонмен құйылған тұғыр үстінде темір жол да, оған қойылған паровоз да назарларынан тыс қалмады. Оның қасында біршама аялдап, қызу пікір таластырып жатты. Олар бақылау пунктіне таяқ тастам қалғанда, бұл да жетіп үлгеріп, пункттің есігін ашуға ұмтылғанда, әлдекімге соғылып мұрттай ұшты.
– Бұл кім? Анықтаңыз!
Жығылған орнынан ата тұра келген мұның қарсы алдында қабағынан қар жауған полковник тұр еді.
Бұл оған қолын фуражкесіне апарып:
– Сотрудник КГБ, – дей бергенде:
– Документтеріңіз, – деді анау. Мұның ұсынған куәлігіне көз жүгірткен ол оны қалтасына салып жатып:
– Бара беріңіз, куәлігіңізді Мәскеудегі Генштабтан аласыз, – деп, топқа есік ашып, өзін күтіп тұрған батальон командиріне қарай беттеді. Бұл да оның соңына ілесіп келеді.
Есік көзінде тұрған батальон командиріне қатарласа беріп:
– Есікті сырттан жауып жүре берсең де болады, – деді.
Сол сәт полковник:
– Мұнда бір адам артық болса, ол– сіз!- деді сұстана тіл қатып.
– Жоғалыңыз, сіз Мемлекеттік комиссия құрамында жоқсыз, –деді.
– Кіріңіз, жолдас батальон командирі.
Сол сәт дабыл қағылды. Ол мұның сынақ алаңдағыларға берілген белгі екенін бірден ұғып, бақылау пунктінің қасына етпетінен сұлай кеткен .
Әлден соң аспанға көз тікті. Күн шайдай ашық еді. Жүгіре-жүгіре өшкен өкпесі де бұл сәтте қалыпты арнасына түскен. –Так, әлгі полковник, иттің баласының...
Сол сәт тағы да біріне-бірі жалғасқан дабыл үні естілді. Бұл жолғылары алғашқысынан гөрі ұзақтау көрінді. Аспанға көз сала қараған. Көкжиектен күн сәулесіне шағылысып, ата шыққан реактивті ұшақ сынақ алаңының үстінен әлденеше рет ұшып өтті.
Оның соңына ерген жібек шудадай мамық түтіні ерекше әсем көрінді. Кенет жаңағы ұшақ шырқау биікке көтеріліп, сәл іркіліп қалғандай еді. Оның бауырынан үзіліп түскендей көрінген алмұрт тектес әлдене жерге қарай зымырап келе жатты. Кенет жер дүниені жаңғырта гүрс еткен дауыс... Шошына шоршыған жер... Жатқан жерінен әлдекім жұлып алып лақтырып жібергендей ме?..
Сынған, құлаған әлденелер... Ал бұл сәтте сәл бұрын Әнуар мен Адольфтің взводы бомбапананың біріне кіріп, жайғаса бастады. Жарылыс болған тұста әлденеден оның темір есігі ұшып кеткен. Есік толық жабылмай қалды ма, жоқ әлде сынақ бағдарламасына сай жасалды ма оны ешкім тап басып айта алмас еді. Солдаттар ашық қалған есікке қарай ұмтылғанда взвод командирі: «Шегініңдер, жатыңдар!» – деп бұйрық берді.
Ал бұл сәтте Курчатов әлденелерді асығыс қағазға түсіріп жатты. Бақылау пунктіндегілер мұның бірде-бірін сезген жоқ еді. Сәлден соң бірін-бірі құшақтап, құттықтап мәз болып жатты. Бәрінің сәтті аяқталғанына іштей қаншалықты қуанса да, сезімін сыртқа шығармай, тұрған орнында қала берген– Игорь Васильевич. Неге екені белгісіз, өзі ойлап тапқан осы аса қуатты қарудың күні кеше ғана Ұлы Отан соғысынан қан жұтып қалжырап шыққан отандастарына қаншалықты қалқан боларына көзі жетпей, іштей толғанулы еді.
Бір сәт оның көз алдынан Хиросима, Нагасаки көлбеңдеп өте берген. Көздің жауын алғандай қос қала араларына екі-үш күн салып, қас-қағым сәтте күлі көкке ұшқан. Күні кеше ғана сан мыңдаған тұрғындарының алтын бесігі, аяулы мекені жалғыз-ақ сәтте уақытша болсын мәйітханаға айналды. Атом бомбасының құрбаны болған мыңдаған шырылдаған сәбилер мен олардың үмітін алдан күткен ата-аналарының өлі денелері... Ет жүректі шошындырып, терең ойға батырған адам шошырлық сұрапыл сұрқай көріністер. Ақыр соңында, әлемдегі алғашқы атом бомбасының әкесі атанған (аты-жөні кім еді есіне түсіре алмады) ғалымның қайғылы тағдыры ойына оралды.
Атом бомбасының жарылысын басынан өткергендердің бірі – Жапония. Күні ертең әлемді аузына қаратар қуатқа ие, ғылыми жетістіктердің тал бесігіне айналар озық ойлы ел.
Екіншісі, атом сынағы өткен – Қазақстан. Мұнда таңқалып, тамсанып айтар ғылыми жетістіктер жоқ. Тіпті күні кешеге дейін «қырғыз» атанып, ұлт болып ұйыса алмай келген отар ел... Бірақ ерлігі мен өрлігінің арқасында орыстың да, қытайдың да улы уысынан үнемі аман сырғып кетіп, байтақ даланы мекендеген ел...
Досқа құшағын ашып, қасына қылышын сілтеген ел... Күні кешегі орыс елінің отары, бүгінгі одақтың іргелі бір мүшесі мына сынақтан кейін қаншалықты зардап шегетінін кім білсін?.. Өлгені өлер, қалғаны қалар. Тек... сол тірі қалатындардың арасында мұның ұзақ өмір кешуі екіталай-ау. Екіталай.
Атом бомбасы жарылмай-ақ зертханалық зерттеудің бірінде аз мөлшерде болсын радиация алғанын өзгелер сезбесе де, өзі сезеді. Ал оның қашан алып ұрары...
Бәлкім, бұлар жарылыстың сәтті өткеніне асықтары алшысынан түскендей болып тұрғанда, Израильде тіпті күні кеше атом қасіретін бастарынан кешіп, әлем алдында жүні жығылғандай болған Жапонияда радиациядан емдеудің тиімді тәсілі табылып жатқан да болар...
Тіпті онда емделуге Кеңес атом бомбасының атасын, мұны, кім жіберер? Тек онда барып емделу туралы өтініш білдіру түгілі, ойлаудың өзі... Ал қашан алып ұрары бір Құдайға ғана аян, құпия. Оған бас қатырудың қажеті шамалы. Онсыз да Құдайдың алдында... Ойына әлденеден шіркеу қызметшісі, нағашы атасы түскен. Ол, жарықтық: «Өмір – адамдарға Құдайдың берген өлшеусіз сыйы.
Құдай өзі берген жанды өзі алуға тиіс. Сондықтан да кісі өлтіру – Құдайдың алдында кешірілмес күнә», – дейтінін бұл шешесінен сан рет естіген. Ал бұл тікелей жеке адамның қасықтай қанына ортақтаспаса да, мына сынақтан өтіп жатқан бұл жасаған қару мыңдардың, миллиондардың... Сол сәт қатты қобалжи бастағанын сезген ол дереу күмәнді ойларды әлдеқайда сырып тастауға тырысқан. Бәлкім, уақыт өте келе жаппай қырып жоятын қару қажет те болмас.
Күні ертең атом қаруының бейбіт қалаларға тастау түгілі сынақ өткізуге қарсы шығатындар да табылар. Уақыт бір орнында мәңгілік тұрақтап қалмасы хақ қой. Бұл және басқалар айтып жүрген атомды бейбіт мақсатта пайдалану қолға алынар. Әзірше сынақ...
Кез келген нәрсенің басы және аяғы болары анық. Күндердің күнінде сынақ та тоқтатылар. Тек радиация алған адамдар, олардың ұрпақтары...Жүзіне әлдебір зымиян күлкі үйірілді. Ол жанындағыларға қарап: – Сіздер білесіздер ме? – деді, – біздің атом бомбасын американдықтардай Хиросима, Нагасаки сынды қалаларда сынамай, сынақ өткізу үшін сайтандар серуендейтін сар даланы таңдап алуымыздың өзі партияның көрегендігінің арқасы емес пе?
– Сөз бар ма? Сөз бар ма?
– Ал радиацияға келетін болсақ, ол сөзсіз болады. Тек аз мөлшерде. Осы сәт ол қасында тұрған ОК-нің төтенше өкілі мен генералдардың жүзіне көз тастады. Олардың ине жұтқан иттей ілмейіп, дыбыстары шықпай қалғанынан-ақ қатты үрейленіп тұрғандары аңғарылған.
– Тек оны анықтау біздің бар болғаны тыңдаушы құрал мен балғамен қаруланған дәрігерлеріміздің қолынан келуі екіталай. Сондықтан да олар сырқаттарға диагноз қойып емдегенде, кез келген симптомы ұқсас аруларға қолданылатын емді жасаумен шектеледі. «Атом радиациясы, сәулесі» деген олардың ойларына кіріп те шықпасы хақ.
Олардың оған әзірге ой өрелері жетпейді, – деді біртүрлі шалқи сөйлеп. Осы сәт қасында тұрған генералдардың бірі бұған: «Тікелей байланыста жолдас Сталин!» –деп сыбыр етті. Сынақ кезіндегі жағдайды аз сөзбен баяндаған ОК –нің төтенше өкілі, бұлардың топ жетекшісі: «Передаю трубку тов. Курчатову», – деп трубканы бұған ұсынды.
Ар жақтан орыс тілінде әдемі грузин акцентімен сөйлейтін Сталин жолдас қысқа қайырып, амандықтан соң: «Бұл кеңес ғылымының ұлы жетістігі», – дей келіп, бұған алғыс сезімін білдіріп жатты. Кеңес одағы сияқты ұлы державаның бас көсемінің осы қысқа құттықтауы оның жабырқаңқы көңілін көтергендігі соншалық – жаңағы бір сәттегі күдікке толы күмәнді ойынан із де қалмаған.
Генералдар, олардың адъютанттары небір тілдеріне оралған әдемі тілектерін үйіп-төгіп жатқанда да, ол өзінің өмірлік ұстанымына адал еді. Міне, ол батальон командиріне:
– Көгершінім, сіздің аты-жөніңіз – Серафим Игнатович Хохлов қой?
– Дәл солай Серафим Игнатович! Әскери тәртіппен қолын фуражкесінің күн қағарына көтеріп, өкшесін сарт еткізіп.
– Мен сізден, мүмкін болса, жарылыстан кейін полигонда қалыптасқан жағдайды маған жазып жіберуіңізді өтінемін. Бұл менің алдағы жұмысыма аса қажет.
– Құп болады!
– Ал мына бір аспап «дозатор» деп аталады. Мұнымен жарылыстан кейінгі радиация мөлшерін... Дәл осы сәт сырттан: «Мен КГБ-ның (ҰҚҚ) өкілімін, кіргізбеуге қақыңыз жоқ. Мен КГБ басшылығына мұнда орын алған жағдайды баяндауға тиіспін», –деген дауыс естілді.
Сол сәт іштен, дыбыс күшейткіштен, манағы адъютант: «Бұл тағы да сіз бе? Сізге дауа жоқ екен», – деген, ренішін жасыра алмай. Оның даусынан кім екенін бұлар бірден аңғарған.
Сол сәт Игорь Васильевич қолындағы қорапшаны мұның қолына ұстатып. Кенет жер ышқына шайқалып, мынадағыдан екі есе беріліп гүрс еткен жарылыс үні бәрі біттіге санап мәз-мейрам болып тұрған жандардың төбелерінен жай түскендей шошындырған.
Курчатов бақылау пунктіне орнатылған сыртты бақылайтын арнайы аспапқа қарай тұра жөнелді. Сыртта айнала төңіректе бейне бір күн батып кеткендей қоюлы қараңғылық басып, әлдебір қызыл жалын өршелене аспанға қарай өрлеп бара жатқандай көрінді. Ол жарылыстан төңіректе қаптай қалған қараңғылықтың жердің аспанға көтерілген жүздеген тонна топырақ аралас шаң екенін, ал қызыл жалын болса сол жердің лап ете түскен қалың қауы екенін бірден түсінді.
Лабороториялық зерттеп-зерделеу сынақ кезінде бұл толық анықталмай қалуы әбден мүмкін ғалымдардың өзара жиі айта беретін «неординарный случай» еді. Бұл бақылау аспанына арнайы қойылған баспалдақтан түсе беріп, төменде қалған сапарлас серіктерінің әлденеден абыр-сабыр болып жатқанын аңғарған.
– Игорь Васильевич! – деді бұған адъютанттардың бірі.Осы сәт оның көзі жиналмалы керуеттің үстінде ес-түссіз сылқ жатқан арнайы өкілге түсе кетті.
– Апырай, «кейінгі кезде жүрегім сыр беріп жүр» деп еді. Бәле болмаса не қылсың?! Өзінің сырқат екенін біле тұра ...Неткен даңққұмарлық?! Оның ойын: «Қауіпті ештеңе жоқ, укол салдым, қазір есін жияды», – деген емші адюътанттың даусы бөлген. Сәлден соң расында да есін жиды. Дәрігер оған: «Тағы да кемінде он-он бес минут жата тұрыңыз»,- деді. Генералдардың бірі:
– Серафим Игнатович, сіздің мында жиналмалы кереует, аптечка қойдырғаныңыз мұндай жақсы болар ма?! – деді батальон командиріне. Ал Курчатов болса: «Өгіздей өңкейген неме, мұншалықты қоян жүрек, қорқақ болар ма?!» – деп, іштей арнайы өкілді сөгумен тұр еді.
– Тұра беруіңізге болады.
– Ал, онда қозғалайық, – деді Курчатов жақындағыларға жымия қарап.
Содан адъютанттың екінші рет бомбапанаға енгізбей, батальон командирінің көзінше абыройын төккенін есіне түсірді. Сол сәт жер тағы да гүрс етіп, жарылыс үні жаңғырығы шыққанда, мұрттай түскен.
– Аспапты қалай қолдану туралы нұсқау ішінде, оқып танысарсыз, – деді.
– Ал мен біттім, –деп жанындағыларға жымия қарады. – Әлгі анау КГБ...
– Қам жемеңіз, – деді оның сөзін бөлген генералдардың бірі сенімді үнмен. Серафим Игнатовичті былайырақ алып шығып:
– Сіз машинаңызды менің адъютантыма бір жарты сағатқа беріңізші. Өзіңіз бізбен бірге болыңыз, – деді.
– Құп болады! Адъютантына не дегенін кім білсін?.. Сәлден соң батальон командирінің машинасы батольонға, ал әдетте құрылысшылар мініп жүретін кенеппен жабылған жүк машинасына мінген сынақ алаңының қонақтары қарсы бағытқа бет алған.
Адьютант батальон командирінің кабинетіне келіп кіргенде, мұнда тірі жан жоқ еді. Түскі астың кезі болатын. Жүргізушіге: «Асықпай тамақтанып келіңіз. Менің хабарласатын жерім көп», – деп қоя берген. Ол әлдебір құрттай аспаптарды кабинеттің көзге түсе қоймас жерлеріне, тіпті қабылдау бөлмесіне де орнатқан. Жүргізуші түскі асынан оралғанда, бұл далада тұр еді.
Сәл әріректе төбесі ортасына түскен, қабырғасы күйреген әлдебір құрылыстарға көзі түсе берген сәтте командирдің машинасы келіп, есігін ашып тоқтады. Жүргізуші бұл отырған соң жүріп кеткен. Құлаған құрылыс туралы бұл сұрамаған, ол айтпаған.
Әлден соң ол өз тобына келіп қосылды:
– Дала дастарханына қош келдіңіз! – деп мұны олар қуана қарсы алды. Бұларға арнайы маңайдағы әскери бөлімнен ұшып шыққан тікұшақтың да қарасы көрінді. Қайтар жолда Серафим Игнатович масаңдау еді.
– Көрдің бе? – деп жүргізушісіне саусағын безеп, – академик Курчатовпен, генералдармен табақтас боламын-ау деп кім ойлаған? Ертең мен де генерал... қалғып кетті. Оны жүргізуші кабинетіне қолтықтап әкеліп енгізді.
Константин Гаврилович ояна келе қатты мас екенін аңғарған. Жүрелей отырып өзін полковниктің: «Сіз мемлекеттік қабылдау комиссиясының мүшесі емессіз», –деп бақылау пунктінің ішіне енгізбей, күзетшілердің көзінше абыройын төккенін есіне түсірген.
Содан полигон ішінде сенделіп келе жатып жарылыс кезінде мұрттай түскені, содан дүние астан-кестен болған тұста әлдекімнің: « Жарылыс кезінде арақ ішу керек, сонда ғана атом сәулесінен аман қаласың», –дегені ойына түсіп, осында шығарда белдігіндегі құтысына құйып ала шыққан бір жарты арағын жұта бергені ойына оралған.
Енді әлгі иттің баласы Серафим Игнатовичті тауып алып, Семейге жеткізіп салуын өтіну қажет. Бір сүрініп, бір жығылып батальон орналасқан жерге келіп жеткен ол сәл іркіліп жан-жағына бажайлай қарады. Тірі жан жоқ. Қаз-қатар тұрған казармалар бірінің төбесі ортасына түсіп, енді бірінің қабырғасы құлап быт-шыты шығып жатыр.
Солдаттар қайда? Бәрі қырылып қалған ба? Өз ойынан өзі шошып кеткен ол мастығы лезде тарқап, батальон командирі кабинетінің есігін жұлқа ашып, ішке боқтай кірген. Бұл кіріп келгенде, ол үстелін құшақтап терең ұйқы құшағында жатыр еді. Әрең оянып, көзін уқалай тұрып: «Не болды?» – деп сұрады.
– Иттің тұқымы, солдаттарды қынадай қырып...
– Аузыңызға абай болыңыз!
– Өй, мынау не деп тұр ей? Сенің сенгенің ана генералдар болар. Бәлкім, Курчатов шығар?
– Бәріңді қабырғаға қойғызамын. Сталинге...
– Не үшін? – деді Серафим Игнатович.
– Арсыз неме, бағана осы арада қойдай өріп жүрген солдаттар қайда? Ана құлаған казармалардың астында ма?
– Сіз алжи бастағансыз ба? Казармалар құрылысшылардан қалған уақытша тұрақ. Сынақ боларда бұл арадан көшеміз деген жоқпын ба
сізге?
– Сен олай жалтарма маған. Сенің ауыз жаласып жүрген генералдарыңның бірі– халық жауының жиені. Бірі кеше совет еліне қарсы қару көтерген, бандиттің немересі екенін...
Бұл сәтте екеуінің өзара қызу айтысын мана кабинетке полковник орнатып кеткен аппарат арқылы рациядан әскери жоғары шенділер тыңдап отыр еді. ОК өкілімен Курчатов бұл сәтте Москваға ұшып келе жатыр еді.
–Адъютант, –деді генерал сыбыр етіп, –сенің әлгі «тойтарыс» командаң Мәскеуде әлі де бар ма еді?
– Дәл солай.
– Онда мына итті бүгіннен қалдырмай алдыртып жайын таптырарсың. Менің атымнан тікұшағымның командиріне Мәскеуге ұшуға тапсырма бер. Мына нәлетті түн ортасына дейін жеткізетін болсын.
– Құп болады...
– Сізді алып кетуге арнайы тікұшақ ұшып шықты дайын болыңыз. Осы хабар Гаврил Константиновичтідереу жолға әзірленуге мәжбүр еткен.
– Тікұшақ тек мені алып кетуге келе ме? Аяқ астынан мұндай құрмет... Сол сәт ойын әлдебір сезік меңдеген.
Жуынып-шайынып жүріп те осы ойдан арыла алмады. Ол сөйткенше болмай МҚК-нің осындағы бөлімшесінің қызметкері де есіктен кіре берген еді. Жол бойы да, тіпті тікұшақ ішінде де мұндай құрмет... Апырай түбі тыныштық болса жарар еді.
Жайшылық па екен деген ой мазалаумен болды. Әйтсе де сәлден соң өзін- өзі қолға алып, артық ауыз ойдан арылуға тырысты. Тіпті бір сәт есіне осында жүрер алдында өзіне тырнақтарын көрсеткісі келген үш- төрт бейбақтың бір-ақ сәтте індеріне су құйғаны есіне түсіп серігіп сала берген. Менен көбі қорқады, көзімізді жоқ қылып жібере ме деп қорқады. Өйткені мен ...
Мәскеу маңындағы әскери аэрофлотта мұны екі әскери офицер қарсы алып, жеңіл машинаға отырғызды. Жүргізуші үйінің мекенжайын сұрады. Бұл мекенжайын айтқан. Осы жолы мына жеңіл машинадан аман-есен түссем деген ой шырмауында отырған ол өздерінің Мәскеу көшесіне іліккенін көргенде жеңіл бір күрсінген.
Міне өзі тұратын Старопетровский даңғылы. Үйі осы арадан таяқ тастам жер. Осы сәт әлдене салдыр-гүлдір етіп, машина кілт тоқтаған еді. Жерге түсіп, машинаның астына үңілген жүргізуші карданы ұшып кетті. «Мен базадан техникалық көмек шақыртайын», – деп телефон- автоматқа беттеген еді.
Бұл да сапарлас офицерлерімен жылы қоштасып, күнде өзі жүріп жүретін жаяу жүргіншілер соқпағына түсті. Тірі жан жоқ еді. Қасынан зу етіп өте шыққан жеңіл машинаны да, отырған өзінің сапарлас серіктерін де аңғармай қалған. Ойына тыңшы шал орала берді. –Апырай, осының арты бір пәлеге соқпаса жарар еді.
Вагонға мұның қаматтырғаны анықталса, шаруасының біткені ғой. Талай тығырықтан аман алып шыққан, осы халге жеткізген Горбуновтың да өмірден озғаны анау. Жарықтық-ай, жараланып жатқан жерінен аман-есен алып шыққан мұны адъютанты ертіп алып, өзіне жапақандарды әсіресе астындағы тағына иегі қышығандарға талайының қылтасын бұған қидыртқан еді-ау.
Бұл оның айтқан орындау барысында талай адал жанды пәле жауып, ми батпаққа батырған болатын. Әсіресе қуғын-сүргін етек алған сол жылдарда көзі әбден жеткен. Осы сәт оның ойын сапарлас серіктерінің бірінің қорылдаған даусы бөлді.
Көңілі алаңсыз болса, бұ да көзінің шырымын алып алар еді-ау. Тек шалы құрғыр оның ойын алаң етіп ...бәлкім, ешкім сол құрып қалған шалды іздемес те. Әйтсе де батальон командирін, жүргізушіні, ана екі солдаттың көзін құртпай бұған атар таң, шығар күн жоқ. Тек қалай?.. Кенет оның ойына Елизавета Валентиновна түсе кеткен.
Ол мұның төсектес көңілдесі, талай шағымын жазатын хатшысы еді. Оның арыз жазғанда ойы ұшқыр, қалаамы жүйрік болатын. Тіпті бірде Горбуновтың ата жауына айналған бір генералды «Берия әдемі қатындарға қырғидай тиіп, о дүнииеге аттандырғанда, біздің әлдекіммен көңілдес болуға қақымыз жоқ па деді» деп жала жауып, бірер сағаттың ішінде мәңгілікке ес-түссіз жіберген, бұл түгіл талайдың мойынына қыл тұзақ салдырған Горбуновтың жағасын ұстатқан еді.
Әрине, бұл арызды жазған көңілдесі ме демеген, сол жолы мұны КГБ-ның арнайы өкілі қызметіне тағайындатылып, капитан атағын әпергені, майдан даласы түсіне еңбеген қызыл жұлдыз орденімен марапаттатағаны еді. Соқпақтың біраз бөлігінің шамы сөніп тұрды. Оған бұл пәлендей мән бермеді. Өйткені соғыстан кейінгі жылдарда Мәскеуде жарық жиі өшетін.
Кенет әлдене жүрек тұсынан сарт ете түсіп, құлап бара жатты. Таң ата аула сыпырушылар әлдекімнің жаяу жүргіншілер соқпағында қанға боянып сұлап жатқанын милицияға хабарлады. Іле келіп жеткен милиция қызметкерлері оның кеудесіне қадалған қанжардың сабына байланған қағаздан «Тойтарыс» командасы деген жазуды оқыды.
Ертеңгісінде «Красная звезда» газетінде Гавриил Константиновичтің қайғылы қазаға тап болғаны туралы шағын қазанама жарық көрді. Онда неге екені белгісіз оның тіршілігінде тындырған өзге істері былай қалып, «Ұлтшылдарымен» белсенді күресі тілге тиек етілген еді.
***
Әнуар мен Адольфті шақырып алған батальон командирі:
– Сендер бүгіннен бастап құрылысқа барасыңдар, –деді .
– Жоқ. Сендер сияқты сайыпқырандарды мерзімдерің біткенше ешқайда жіберу ойымда жоқ, –деп күлді ол. Сол күннен бастап бұлар құрылыс салуға кірісті. Бұл ара сынақ алаңынан кемі бес-алты шақырым жер еді.
***
– Ассалаумағалейкум, ата.
– Өй, сен Кәрімқұлдың кенжесімісің?
– Иә, атам құдасының қонақасында боламын деп кеше қас қарая ауылдан шығып кетіп еді. Содан мұнда келмепті. Апам: «Атаң Әділ атаңды сағындым бір барып қайтсам деп жүруші еді. Орайы келген тұста Әділ атаңдікіне тартып кетпесе, мүмкін бейіттің басында жолығарсың», –деп еді.
– Жоқ, айналайын, Кәрекеңді көрген жоқпын. Кеше Көпшіліктен марқұмның намазын шығаруға шақыртқан. Молда біздің үйге түсіп, шай ішіп аттанған екен. Біздің үйдегі әжең қайтыс болған Кәрімқұлдың құдасы екенін содан естіпті. Содан Кәрекеңді көріп, көңіл айтайын деп малды күндегіден екі сағаттай ерте өргізіп, келіп тұрғаным осы.
Осы сәт мәйітті артқан арба да келіп жетті. Бір орта жастағы адам қабірдің ішіне түсіп, топырағын тегістеген соң екі-үш кісі мәйітті қабірге ақырын түсірген. Іле бет тастары жабылып, жұрт топырақ сала бастады. Молда құран оқып бола берген тұста оны арбасымен осында алып келген шолақ аяқ Қабдыкәрім даусын созып, құран оқуға кірісті.
Оның оқыған құраны өздері құран оқи білмесе де, кешегі өткен ірі молдалардың оқыған құранына суарылған. Отырған жұрттың жүзіне күлкі үйірілді. Әлдекім: «Әлгі ақын Абай «Азат басың болсын құл, қолдан келмес іске ұмтыл» дегенді осындайларға айтқан болар», –деген. Дауысы қол жайып отырғандарға ғана емес, Қабдыкәрімнің де құлағына шалынды. Ал Шақпа Ғабиденнің:
– Әй, Қабдыкәрім молданы тағы бірер намазға апарсаң, сенің өзің де молда болып шыға келетін түрің бар, –деген сөзі молданың шамына тиген еді.
–Әй, ақымақ, соқыр-ақсақ, жаппай денесінде кемдігі бар адам, молда болмақ түгіл сүйекке түсе алмайды, – деді ол қыстыға тіл қатып.
– Әй, әкеңді... сенің ақсағың кім? Сол сәт Қабдыкәрімнің «фронт» деген даусы ышқына шыққан. Сол кезде Әділ орнынан көтеріліп: «Әй, Кәрімқұлдың немересі, сен мені шығарып сал, қойыма барайын».
Атына мініп жатып: «Кәкеңе, апаңа сәлем айт. Қайғыларына ортақпын», – деп желе жөнелді. Былай шыға: «Әй, біздің қазақ-ай, той-томалақты былай қойып, енді бейіт басында да дауласуды шығарғансыңдар ма?.. Сендерге дауа жоқ», – деген ішкі күйігін сыртқа шығарып. Отарын кері беттетіп, көктем суы іркілген өзеншеге жетіп, ат басын ірікті.
Отар суға бас қойған кезде, бұл да түскі тамағын алдына алды. Кенет есіне сағат 7- ден сәл аса бере ерсілі-қарсылы жер дүниені дүр сілкіндіріп, әлдененің гүрс етіп жарылғаны, іле аспанға атылған от алау, көк жүзін бір сәтке тұмшалап, байтақ дала үстімен баяу жылжыған қара шаң жұрт саңырауқұлақ тектес дейтін әлдене көзге шалынғаны есіне түсті. Оның он алты километрлік биіктікке көтерілген радиоактивті газ екенін бұл қайдан білсін?
Сол күні, сол сағаттан бастап Совет Одағы дүниежүзіндегі атом бомбасына ие болған екінші мемлекет атанғанынан да бұл бейхабар еді. Келесі сәтте жер дүниені бұлт көмкеріп, астындағы аты тұра қалған жел екпінінен шайқалақтап барып, құлауға шақ қалғанда, бұл отарына көз салды. Жарылыс дыбысынан сәл дүр етіп үріккені болмаса, жерден бастарын алмай жайылып бара жатыр еді.
Мұны көргенде: «Қойдан қоңыр жуас мал бар дейсің бе?!» деп іштей сүйсініп, жер бетін көзді ашып-жұмғанша тұман басып, тынысын тарылтқан қою қара шаң арасымен Кәрімқұлдың құдасы жерленуге тиіс бейітке қарай беттеген.
***
– «Ерден... иман құтылған ба» демекші сенің арқаңда айналасы бір айдың ішінде кірпіш қалауды да, тіпті еден төсеуді де біршама үйреніп қалдым, – деді Әнуар Адольфқа қарап.
– Сен, – деді ол, – осы мамандықты меңгеремін деп ағам түсірген медициналық институттағы оқуымды тастап кетіп, әке- шешемді жерге қаратқанымды білсең ғой. Сөйтіп екі жыл құрылыста еңбек еттім. Табысым жаман болған жоқ.
Тек әкеме неге екені белгісіз мен ұшқалақ, ұрыншақ болып көріндім. Түнгі кино, қыдырыстар. Мені әкем енді «түнгі кезбе» деп атайтын болды. Көп ұзамай маған келіп жүретін жігіттердің бірі қыз зорлаған ба, ұрлық жасаған ба сотталып кетті.
Сол күннен бастап әкемнің: «Сенің мына түнгі кезбе ұлыңды әскерге жібермесек, бір күні бұл да сотталып тынады», – деп құлағымның құртын жеумен болды. Ақыры, міне... Сенімен бірге... Жә, ана тақтайларды бері әперіп жібер, – деп қолына өлшеуіш алып. Өлшеп: «Мә, мынаны белгіленген жерінен кес», –деп бұған ұсынды.
Адольф жұмысты жылдам және сапалы атқаратын.
– Жә, бұл бөлменің еденін де тақтайлап біттік.Сен асханаға барып аспазға мен жіберді де. Бұл асханадан әкелген түбі тесіліп қалған кастрөлді айналдырып қарады. Ол далаға жүгіре шығып, электриктердің бірінен алюмин сым сұрап әкелді.
–Ал мынаны ұста, – деп кастрюльдің тесілген жерін алюмин сымды балғамен ұрғылап отырып бекітіп, сонан соң өздері ішуге әкеліп қойған суды құйып, –ақпай ма? – деп сұрады бұдан.
– Жоқ.
– Онда ішін жуып, аспазға апарып бер. Аспаз кастрюльді айналдыра қарап:
–Нағыз неміс қой ол. Неміс! –деді сүйсіне тіл қатып. Сонан соң кастрюльге ыстық тамақ құйып, әлдебір кішігірім банкіге ботқа салып, газетке ораған төрт тілім нанды ұстата берді. Сол күннен бастап бұлар жеке тамақтанатын болды. Түскі астан кейінгі үзілісте Әнуар:
– Адольф, сен неміссің бе? –деп сұрады.
– Сен қазақсың ғой дұрыс па?! – деді ол қуақылана тіл қатып. –Ал мен– неміспін. Тіпті оны әлгі Гаврил Константиновичтен де жасырған жоқпын.
– Сонда ол кісі де ұлтыңды сұрады ма?
– Сені шығарып жіберіп, мені алып қалды емес пе?.. Сенің ұлтың кім?
– Неміс
– Сені мұнда кім, қалай жіберген, топастар?! Москваға барған соң әкелерің... Бар, жоғал! – деді маған ақырып.
– Қызық екен.
– Оның не қызығы бар? Қой жұмысқа кірісейік.
– Жүр, ең бірінші, екінші бөлмеге төсейтін бөренелер мен біраз тақтайларды ішке кіргізіп алайық.
– Іске сәт! Бөрене көтеріп келе жатқан бұларға қарсы жолыққан батальон командирі ішке енді. Еден төселген бөлмеге кірген ол сүйсінгенін жасыра алмай:
– Жарайсыңдар, жігіттер! – деді қуана тіл қатып . –Мен сендерге түскі тамақты...
–Рахмет сізге, біз ол мәселені өзіміз-ақ шештік. Тек сіз бізге осында жатып-тұруға рұқсат етсеңіз. Біз жұмысты қалаған кезімізде...
– Ұқтым, –деп күлді ол. –Аңдар мен құстарды көміп жүрген жігіттерден шығатын иіс...
– Ол да бар, – деді бұлар қосарлана.
– Онда мен сендерге ішінара арнайы бұйрық шығарайын. Содан соң жиналмалы кереует алып қоныстанарсыңдар, – деп есікке беттеді.
– Жолдас батальон командирі, өлген аңдар мен құстар дедіңіз бе? Әлгі Кәрімқұл атаның аты...
– Оны өлген екен ғой деп машинаға артып, көметін жерге апарып аудара салғанда, кісінеп атып тұра беріп, сылқ ете түсіпті.
– Жануар-ай! командир Әнуардың сөзін түсінбесе де, даусындағы діріл мен кірпігіне іліне қалған мөлдір тамшы оның қатты күйзеліп тұрғанын аңғартқан.
***
Сол күнгі сынақ Көпшілік колхозының, қала берді Баян өңірінің елді мекендерінің ұйқы-тұйқысын шығарған. Көптеген жерде үйлердің терезелерінің быт-шыты шықты.
Ал Әділ қоныстанып отырған Мергендегі үйдің әйнегін қақыратып кеткені былай тұрсын, мал қорасының төбесін ортасына түсірді. Бұл жайды жайдақ атқа міне салып, Әділдің алдынан шыққан Айтқожа былай баяндаған:
– Біз қырылып қалдық. Алда жарықтық-ай, естімей тұрмысың?! –деді еңірегенде етегі толып. – Біз... Осы сәт төбесінен жай түскендей болған. Әділ астындағы атына қамшыны көміп-көміп жіберіп, «Ғайша, Ғайшалап» күңіренген дауысы жер жаңғыртып, ауылға бет қойды. «Бұған не болды?» деп, зәрелері ұшқан әйелдер алдынан ата шыққан.
Олардың: «Әділ, жезде, сізге не болды?» –деген дауыстарын естіген Әділ ат басын іркіп, жерге секіріп түсті. – Ойпырай әлгі Айтқожа «қырылып қалдық» деді, ал мыналар... Жоқ... Жоқ, мүмкін емес. Ол қолдары қалтырап, Ғайшаны құшағына алып:
– Ғайша, тірісің бе?..
– Өлсем, қарсы алдыңда қасқайып тұрам ба?
Сол сәт Әділ де, Валя да, тіпті Ғайшаның өзі де күліп жіберді.
– Е-е, дәнеңе етпес.
– Айтқожа қатты қорқып қалған ғой, өз-өзіне келе алмай... Қой мен оған ине салайын,- деп Валя үйге кіріп, аспаптарын дайындай бастады.
***
Ертеңгісінде батальон командирінің жарлығы шығып, ол жеке құрамға таныстырды. Енді олар түнде де өздері қалжырағанша жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Жұмыс та өніп жүре берді.
– Әнуар, ояусың ба?
– Иә.
– Онда біраз әңгімелесейік. Сен менің жөнімді сұрадың.
– Сен үнемі шешең жайлы айтасың...
– Оның себебін сенен несін жасырайын. Ол кісі менің есімді білер, білмес шағымда. Халық жауы...
–Әріқарай айтпасаң да түсінікті. Қазақтар сұрай-сұрай келе бір-бірімен қарын бөле болып шығады деуші ме еді? Екеуміздің маңдайымызға тәңір тумай жатып-ақ тағдырлас болуды жазған екен. Мен де қуғын-сүргінге ұшыраған немістердің ұрпағымын. 1941жылы Қазақстанға бірталай неміс жер аударылыпты.
– Иә.
– Соның 40 мыңы Павлодар облысына жер аударылған.Біздің отбасы алыс бір колхозға тап болыпты. Әкемнің шешесі қатты ауырып, Павлодарға ауруханаға түседі. Сол ауруханада әкемді ойда-жоқта бір кісі тоқтатып:
–Тәңірім-ау, бұл сіз бе Роберт Дейтер? Одаққа аты мәлім инженер? – деп сұрапты. –Мен сіз туралы одақтық газеттерге басылған мақалаларды жиі оқып жинап жүрем. Суретіңізді де сан рет көрдім. Әкем: «Жер аударылған Роберт Дейтер», – деп жөнін айтыпты. Сонда сіз осы ауруханада жатқан... Әкем оның сөзін бөліп:
– Ал мен осы облыстағы Жуалы жұмысшылар поселкесіндегі аурухананың дәрігерімін. Неміс тілін білемін. Сіздің анаңызды емдеуші дәрігерлер онымен сөйлесе алмай, мені аудармашы ретінде шақыртты. Сіз осы арада болыңыз.
Мен дәрігерлерге кіріп шығайын,- деп ішке еніп, әлден соң: «Анаңызбен тілдестім, қатты салқын тиген екен. Бірер аптадан соң қатарларыңызға қосылып қалар, қам жемеңіз»,- деп тыныштандырыпты. Артынан әжем айтып отыратын «ноқталы басқа бір өлім» деп.
–Мен түгіл сендерге қауіп төніп тұрғаны анық еді. Сонда істейтін бір балдақты қазақ дәрігері менің жер аударылған неміс әйелі екенімді білгенде, үлкен шу шығарды.
Тіпті мені емдеуші бөлім меңгерушісіне: «Сіз қанша еңбектенсең де, бұл әйел бұл жерден тірі шықпайды, шығармаймын», – деп бақырды. Оны емделіп жатқандарының біразы қуаттап шыға келді. Тіпті менімен бір палатада жататын орыс әйелдері: «Жолдас дәрігер, дұрыс айтасыз.
Біз мұны өзіміз-ақ тұншықтырып өлтіреміз», – десті. Құдай маған сабыр берді. Мен орысша не айтса да, басымды шайқаумен болдым. Мені емдеуші дәрігер кабинетіне шақырды. Бұрышта жұпыны киінген бір еркек отыр. Мені сүйемелдеп алып келген медбикелер шыққан соң, әлгі жігіт неміс тілінде: «Мен– дәрігермін.
Сізді түн ортасында алып кетемін. Басқа жерде емделетін боласыз. Дайын болыңыз!» – деді қысқа қайырып. Содан сол түні ол мені өзімен бірге Жуалыға алып кетті. Кейіннен Қарағандыға жеткіздірді.
Иә, жолда атын атамай: «Үлкен Астанадағы дәрігер сіздің ұлыңыз ба?» – деп сұрады. – Иә, –дедім. Деуін десем де, шыны керек, «жер аударылушының ұлы» деп жоғарыға арыз жазып жібере ме деп қатты қорықтым . Қабырғаға қойылуы мүмкін ғой.
Коменданттан өлердегі сөзімді айтып, тіпті әйелімнің әлдеқалай жасырып келген алтын жүзігін беріп, шешемді білуге келсем, –жоқ... «Қайда?» -деп сұрасам ешкім білмейді, қылар қайран жоқ. Сандалып қалдым. Бірер күннен кейін үстіне комендатура қызметкерлерінің киімін киген бір қазақ келіп, оңаша алып шығып: «Мені саған бір танысың жіберді. Үлкен Астана аман деп айт деді.
Ал жақсы», –деп қозғалып кетті, осы сөзді жүз рет тіпті мың рет қайталаған шығармын. Ақыры шешеңе айттым. Ол орыс тілінің маманы ғой, әлгі сөйлемді қағазға түсіріп, «үлкен» деген сөзді тұтас «Астана» сөзінің алғашқы үш қарпын сызып «аман» деген сөзді қалдырып: «Ал енді оқып көрелік»,- деді. «Ана Аман» деген сөз шықты.
Сондағы қуанғанымыз-ай. Бір күні комендант бұны оңаша шақырып алып: «Дейтер Адамович Роберт, сен қазір баракка барып жинал, кешкі пойызбен аттанасыз, барыңыз», – депті жекіре сөйлеп. Содан әкем баракқа келсе, шешем егіліп жылап отыр дейді.
Мектептің еденін жуып жүрген шешемді директор шақырып алып: «Сен – фашистердің жарқыншағы. Бірінші күннен-ақ маған ұнамап едің. Қараңды батыр. Комендант сені бараққа қайтар деді. Зайыры, ататын шығар», – деп кабинеттен қуып шықты.
–Япыр-ай, ә?! Сондай қара ниетті адамдар да болады екен-ау! – деді Әнуар таңырқай сөйлеп.
– Айтпа деймін, айтпа. Сол сәт әкемнің есіне коменданттың кешкі пойызбен аттанасың дегені түседі. Қой, атады деген жай сөз болар. Бізді ату үшін пойызға отырғызудың қажеті не? Осы жерде-ақ... Ол шешеме: «Елизавета Гансоновна, біздің о дүниеге ас ішпей, шала құрсақ барғанымыз жараспас. Сен шай қой», – депті.
Шайдан соң жолға жиналамыз. Шешем қазір де осы жайды жиі еске алып, шалының қандай қиын жағдайда болсын сабырлы қалпын сақтай білетініне ерекше таң қалады.
Бірді айтып, бірге кетіп қалдым ба? Содан кешке комендант бұларды өзің білетін қызыл вагонға әкеліп отырғызады. Жөн сұрайтын Құдайдың құлы жоқ. Ақыры есік ашылғанда «Қарағанды темір жол вокзалы» деген ірі жазуға көздері түседі. Бұларды қарсы алғандардың бірі:
– Дейтер Адамович жолдас, мені таныдыңыз ба? – деп сұрапты жымия күліп.
–Сан рет Мәскеуде, Ленинградта болған мәртебелі жиындарда бірге болдық қой, қазақ құрылысшысы, – депті әкем.
–Иә, –деді ол.
Олар бізді тозығы жете бастаған ескілеу үйге алып келді.
– Осында тұратын боласыңдар. Ертең өзім соғып, жұмысқа алып кетем. Міне, әке- шешем Қарағандыға осылай тап болыпты.
Ол тұста Қарағанды Қазақстан түгілі Совет еліндегі ірі құрылыс алаңы болса керек. Ал қарсы алдыңызда отырған мендей пақырың бар болғаны тоғыз жаста едім. Әкемдерге баспана болған сол үйде ер жете бастасам керек. Қой жатайық. Ертең жұмыс дегендей...
Екеуі де жастыққа бастары тие қор етіп қатты ұйықтап кеткен еді. Әнуардың түсіне Жуалының жазық даласы енген. Ұшы-қиыры жоқ кең далада келе жатыр екем дейді. Кенет кісінеген аттың даусы естілетіндей. Бұл жан-жағына қарап, аз іркіледі.
Сол сәт Кәрімқұл сынақ алаңына мініп келген құла ат мұны иығынан тістеп, жерге алып ұрып таптап өтеді. Бұл ата тұрып тұра қашады. Ал ат соңынан қалар емес. «Неге өлтірдің?» деп кісінегенді қойып, адамша ақырады. –Жоқ, жоқ мен өлтірген жоқпын.Жан ұшыра айғайлап орнынан ата тұрып, «ә» дегенше есіктің тұтқасына жармаса бергенде, Адольф тоқтатты.
– Саған не болды, Әнуар? – деді ол. –Әлденеден шошыдың ба?
– Ат, Кәрімқұлдың аты... –деді ол айналасына шошына қарап. Сол сәт Адольфтің де үрейі ұшулы еді. Ол да түс көрген. Түсінде Кәрімқұл шал: «Мен сенің алаңды мініп, құлаңды жетеледім бе? Сөзімді неге қисық аудардың?..». Сол сәт құлағы шыңылдап қоя берді.
–Апыр-ай, құрып қалғыр, Гаврил Константиновичке қазақ тілін білемін дейтін не ақым бар еді?..
Бұдан кейін де бұлар сан рет қорқынышты түс көріп шошып оянумен болған. Сол күні кешке қарай бұлар жұмыс істеп жатқан жерге жедел жәрдем машинасы келіп тоқтады. Одан түскен бір кекселеу әйел, екі қыз бұлардан:
– Батальон командирі қайда? – деп сұрады.
– Келіп қалар, – десті бұлар.
– Ал онда сіз боссыз, ертең сағат алтыда осы жерден табылатын болыңыз,-деді өздерін әкелген жүргізушіге. Әнуар әйелдерге командирлерінің кабинетін көрсетті. Әлден соң батальон командирі де келген. Ол батальонда қызмет ететін солдаттардың тек кешкі сағат тоғызда келетінін, жуынып тамақтанғанша біраз уақыт өтетінін баяндаған.
– Онда, –деді кексе әйел. –Бізге медициналық тексеруді таңғы сағат 5-те бастауға көмектесіңіз.
– Құп болады. Ал, әзірше біз осындағы екі жігітті тексеруден өткізейік. Командир шығып кеткен соң, қыздардың бірі бұларды медициналық тексеруге шақырды. Қыздардың біреуі бұлардың аты-жөнін тізімге тіркеп, кексе әйел бұрын бұлар көріп-білмеген әлдебір апараттармен бұларды кезек-кезек тексерді.
Әлден соң Әнуарға, жанына еріп жүрген қыздарға: «Сіздер шыға тұрыңыздар»,- деп Адольфті оңаша алып қалды. Оның аты-жөнін, әскерге қай қаладан шақырылғанын, әскерге дейін қайда оқығанын, қандай жұмыс істегенін, әкесі мен шешесінің аты-жөндерін тәтпіштеп сұраған. Содан кейін сәл ойланып барып:
– Сіздің қазақша жақсы біледі деп жазылған екен, – деді мұның бетіне бажайлай қарап.
– Иә, тек қазақша ғана емес, орыс, неміс тілдерінде де сөйлей алам. Сол сәт дәрігер таңырқаған сыңай танытып:
Сол сәт орнынан баяу көтерілген ол:
– Ана бұрышта тұрған жинамалы кереуетті маған құрып беріңізші, – деп өтінді.
– Рахмет. Ал мынаны Әнуар екеулеріңіз бөліп ішіңіздер. Бұл таблеткалар сіздердің денсаулықтарыңызды жақсартуға көмектеседі. Ал арамызда болған әңгімені ешкімге тіс жармаңыз, –деп нығарлай тапсырды.
–Барыңыз. Қыздарды маған жіберіңіз. Олар ішке беттей беріп:
– Бізді тосыңдар, байқаңдар ұйықтап қалмаңдар, – деген сыңғырлап күліп. Адольф шешініп жата бастаған Әнуарға:
– Қыздарға бір кереуетті берейік, –дей бергенде:
– Жоқ, олай болмайды, –деген қыздардың даусы естілген.
– Бір қыз, бір жігіттен жатамыз.
– Ой, қандай әдемі қазақ! – деді Анна атты қыз мұның жанына жантая беріп. –Ал сендер өз жөндеріңді табыңдар...
– Мынаны саған ана дәрігер әйел берді. Мынау маған, – деп таблетканы ұсынды Адольф, – ішетін бол.
Оған да он шақты күн өтті. Жарылыс онан әрі жалғасып жатты. Қуаты барған сайын артып бара жатқандай еді. Түс әлеті жақындаған тұста бұлар жұмыс істеп жатқан жерден сәл әрірек тоқтаған жедел жәрдем машинасынан түскен біреу:
– Адольф Адамович Роберт қайсыңыз? –деп сұрады.
– Сіз жылдам жиналыңыз, әскери госпиталға барасыз. Ол машинаға отыра беріп бұған: «Тірі болсам, хабарласамын!» –деді. Бірер айдан соң мерзімі бітіп, үйге қайтқалы тұрған тұста Адольфтан хат алды.
Онда да оқушы дәптерінің бір бетіне: «Тірі болсам, хабарласам!» – деген жалғыз ауыз сөз жазылған еді. – Адольфтің халі мәз емес - ау... Конверт сыртындағы жазу да оныкі емес, –деп ауыр күрсінді Әнуар. Өзін шығарып салуға келген Тоқтармен қимай қоштасып, автобусқа отырды.
***
– Тоқтай тұр, бәлем... Иттің баласы, мен саған қарсы дауыс бергенді көрсетермін! Тек сонда өкініп, бармағыңды тістеп, тіземді құшпасаң, маған кел.
Сыртқа шықпай, ел құлағына ілікпек түгіл Қиманның өзіне айтылмай қалған, айтып үлгермеген Есентайдың осы бір іштегі аласапыран кіжінісі, бір ғажабы, жиналыстан ата шығып, іле атқа қонып, алды-артына қарамай ауылына төтелей тартқан мұның құлағының түбінен саңқылдай естіліп тұрғандай еді, тіпті қыр соңынан қалар болмаған.
...Бажайлап отырса, ұзыннан өші, қысқадан кегі жоқ, тіпті аталас ағайын ретінде кейінгі уақытта дәм-тұздары араласа бастаған бұл екеуінің арасынан Пангурин өзімен қонсы қонып, Әділдің қойын алған күннен бастап қара мысық жүгіріп өткен екен.
Сол күні бұл түскі тамағын апұл-ғұпыл ішіп, өріске қарай желдіртіп келе жатты. Ойы өзін түскі асқа айырбастап, қой шетінде қалған көмекшісін тезірек ауылға қайтармақ.
Кенет қарсы алдындағы қырқадан қаптап бір табын ақтылы қой шыға келді. Анадайдан-ақ көздің жауын алатындай іріңдей-іріңдей саулықтарды көргенде бұл Әділдің қойлары екенін жазбай таныған.
Қой шетінде Пангурин мен Есентай аттарын баяу аяңдатып, өзара әңгімелесіп келе жатыр еді. «Апырай, – деп ойлаған бұл, – мына мал тіпті қыс көрген, буаз мал деуге ауыз бармайды ғой, түгін тартсаң, майы шыққалы тұр. Әділді былайғы жұрт шопан атаның өнері дарыған деп текке айтады дейсің бе?».
Бір сәт оның көзі саулықтардың шет жағын ала келе жатқан тайшадай архар мүйізді көк қасқа қошқарға түскен. Отардағы өзге қойлардан тұрқы биік, келепан құйрығы жер сызады. Жұрттың аузындағы сөзге қарағанда, осы колхоздағы ақтылы қой біткеннің атасы осы көк қасқа қошқарлар болса керек.
Кезінде бұл қошқарлар мен саулықтарды Ақжігіт шет жақтан арнайы саттырып алдыртқан екен.
Содан осы колхоздағы азды-көпті қой түлігінің бәрі осы көк қасқа қошқардың тұқымынан тараған. Мұның тұқымының әдетте жүні кере қарыс, еркек қойдың салмағы жүз килограмнан, саулығы 60-70 килограмнан асып жығылады.
Сонымен қатар саулықтары басқа қойларға қарағанда сирек қысыр қалатын төл бергіштігімен ерекшеленетін.
Текті түліктің жыл өткен сайын өзіне ғана тән ерекшелігі құмға сіңген судай жоғалып бара жатыр еді. Оған басты себеп колхоздарды ірілендіру кезінде бір колхоздың қойының екінші колхоздың қойымен мидай араласып кете баруы болса керек.
Тек Әділ колхоз басшылары қаншама үгіттегеніне, тіпті қыстағанына қарамастан өз бағымындағы көк қасқа қошқардың тұқымын басқа тұқымды қойларға араластырмай, көзінің қарашығындай сақтап келе жатыр еді. Бұл дүниеде мәңгілік не бар?
Сол Әділ де саптан шығып, аттан түсті. Әттең, дүние-ай, көк қасқа қошқардың тұқымының бұдан кейінгі тағдыры не болар екен? Араша түсер адам шығар ма?.. Әй, қайдан, сақталмайды ғой, сақталмайды!.. Өзегін өкініш өртеген Қиман өзіне-өзі осылай деп, аналарға жолықпастан атына қамшы басқан еді. Жолын Есентай кес-кестеді. Қызу екен, әй-түй жоқ:
– Сен, –деген Қиманға қамшысын шошайтып, – мына патриот Пангуринге отар қабылдап алғанына неге қайырлы болсын айтпайсың, ә? Жоқ, саған оның Әділдің отарын алғаны ұнамайтын болар, бәлкім.
Білем ғой сендерді, бәрің де пеш түбінде өлгелі жатса да, Әділді құдайдай көресіңдер. Ал мен! ... –деп ақырып жіберген. Бұл оған алғашқыда не дерін білмей бір түрлі сасып таңырқай қараса, ақырғанын, одан әрі Әділді балағаттағанын естігенде, қаны басына шапшып, долданып шыға келді.
–Бұл итке қайырлы болсынды сен айтып жатқан жоқсың ба, жетпей ме? Әділді қалай көретінімізде шаруаң болмасын, ол өз ісіміз, – деп алды-артына қарамай өріске шаба жөнелді. Ананың артынан:
– Сен қиқандамай қатының екеуің кешке көршің патриот Пангуриннің дастарханының басынан табылатын болыңдар, бұл отарын жуады, – деп айқайлағанын құлағы шалды.
... Ауылға қарай қойын беттеткен Қиман әлдебір әнді ыңылдап, ат үстінде сергек, көңілді келеді. Қанжығасында байлаған қоржынында мана өрісте туып, аяқтанған соң салып алған төл басы тыпырлап, ара-тұра тіпті маңырап қояды.
– Жарықтық, қой– малдың төресі-ау! Ақ қар, көк мұзда өрісте туып, ә дегенше аяқтанып, шаранасынан арылған соң, өз бетімен ауызданатынын қайтерсің. Соның барлығы қой сүйегінің асылдығы мен қатар отар иесі-қойшыға да көп байланысты-ау.
«Жақсы қойшының тұсағы түлеп тұрғанда, жаман қойшының сек қойы жүдеп тұрады» деп көзі малмен шыққан аталарымыз тектен текке айтқан дейсің бе? Осы сәт ол өзінің отарын мана жолай көрген Әділдің отарындағы қойлармен ойша салыстырған, сөйтіп, терең күрсінді. Енді бізге Әділдей қойшы қайда?
Ол шопан атаның өнері дарыған біздің арамыздағы санаулы шопандардың бірі еді. Онымен шеңдесу қайда?.. Әйтсе де шаруашылықтағы басқа шопандардың отарларына қарағанда, қойларының әлдеқайда күйлі екені талассыз, «семіздің аяғы сегіз» демеуші ме еді, алла жазса биыл да төлсіз болмас. Оның ойын өзара ырылдасып, әлденені ала қашып, таласып келе жатқан иттердің дауысы бөлген.
Ымырт әлі толық түсе қоймаған кез еді және талай жылдар бойы мал баққан Қиман біршама қырағы да болатын. Иттердің бірінен-бірі ала қашып жұлмалап жүргендері жаңа сойылған қойдың басы екенін бірден-ақ байқаған. – Өй, бұл қайдағы бас? – деген ой оған атына қамшы салдырды. Өздеріне қарай дүрсе ат қойып ақырып келе жатқан адамды көргенде, иттер жаңағы басты тастай салып, тым-тырақай ауылға қарай қашқан.
–О, тәңір-ай, өзің сақтай гөр, мынау шынымен соның басы ма?! Астындағы атынан жерге секіріп түсіп басты олай-бұлай аударып көрген Қиман иттердің өзара таласып жүргені манағы ақтылы қойдың айбынындай болып келе жатқан көк қасқа қошқардың басы екенін көргенде, өне-бойы қалтырап қатты шошынды. Әлден соң:
–Жауыздар-ай, саған қалай ғана батылдары жетіп, көздері қиып пышақ көтерді екен?! –деген еріндері дірілдеп. Сол сәт көңілі босап, көзіне шүпілдей толған ыстық жас тамшылары шоқша сақалының ұшына іліккен. Оның есіне бағана Есентайдың патриот Пангуриннің отарын жуамыз дегені түскен.
– Неде болса бұл сол сұмырайлардан келген кер болды, – деп ойлаған ол атына қарғып мініп, отарын тастай беріп, үйге қарай тұра шапты. Бұл келгенде шала мас Пангурин де аттан жаңа түсіп жатыр еді.
Мана « самый жирный баран» қошқарды жайлап, етінің біразын балтамен шауып, қазанға тоғытып, жолшыбай дүкеннен өздерімен бірге ала келген азды-көпті арақтарын ішіп тауысқан соң, Есентай мұны қарызға ақша тауып беріп Сәндібектегі дүкенге жұмсаған. Пангуриннің содан келіп тұрған беті еді бұл. Ол мұны тіптен елең қылмастан қолындағы арақ толы сөмкесін сүйрете үйге беттеді.
Сол сәт аттан секіріп түскен Қиман мұны үйге кіре берген жерде қуып жетіп, жон арқасынан ат жүргішпен тартып-тартып жіберген. Кеше ғана Айтқожадан оңбай таяқ жеп, жүні жығылып, зәресі ұшып қалған Пангурин жыланша ысылдап, жон арқасында ойнаған қамшыдан шыбын жанын қоярға жер таппай: «Помогите, помогите!» –деп ышқына айқайлап, қара көлеңке бөлмеге бір-ақ қойған.
Тек Қиман оны бұл жерде де құтқарар болмады. Мұның шырылдаған дауысынан шошып оянып, енеден тумай тыр жалаңаш қалыптарында арашаға араласпақ болған Есентай мен Варвара да жондарын қамшы тіліп, далаға қарай безе қашуға мәжбүр болды.
Қойын қоралап, дәлізге енді еніп сіріңке жаққан Гүлсім өзінің қарсы алдынан ата шыққан мыналардың түрін көргенде, ұялғанынан бетін шымшып, теріс айнала берді. Тек:
–Атаңа нәлет, иттер, сол қошқардан басқа соятын мал таппадыңдар ма? Ұрпақтарың мал көрмей өткір, өңшең иттер! –деп күжілдеген Қиманның дауысын естіп, үйге жүгіре кіріп, арашаға араласуға мәжбүр болды. Қараңғыда бірде жерді ұрып, бірде көрпе астына жып беріп, басын бүркеп алған Пангуринді төпелеп, сабап жүрген шалын ұстай алып:
–Жазған-ау, қойыңды далаға тастай беріп үйге тіке тартқанға ауырып келді ме десем?... Бұл пәлелерде нең бар? Ойбай, сотталып өлейін деп пе ең? Гүлсімнің дауысын естігенде, мұң шағар адам табылғанға қуанғандай Қиман өзі тұратын ауызғы бөлмеге қарай беттей беріп, әйеліне:
–Жоқ, енді қалай ыза болмассың, атаңа нәлет қасиетсіз немелердің колхоздағы қой түлігінің басы көк қасқа қошқарға пышақ көтергенін көрмейсің бе? Осыдан кейін бізді құдай көгертер ме? Әй, екіталай-ау, екіталай!.. Құдайдан қайтіп қана үміт күтпекпіз? Қайтіп қана мал басы өсіп-өркендемек?
Мына нәлеттердің кесірінен өзгені қойып, шопан ата аруағыңа шет болып, Әділдің бетіне тура қарар бетіміз қалмады емес пе? – деп күйініп сөйлеп, күңіренумен болған. Бұл кезде Гүлсім үйге шам жағып бурадай буырқанған шалын тыныштандырып, шай жасау қамына кірісті.
Мұның үйге кіріп, арашаға араласқанын пайдаланып, мана қораға ата шыққан ана екеуі де бірінен соң бірі сүйретіліп үйге енген. Жатқан орындарынан енеден туғандай тыр жалаңаш қалыптарында ата шыққан бейшаралардың тоңғандықтан еріндері көгеріп, тістері тістеріне тимей дір-дір етеді. Олардың тыр жалаңаш екенін жаңа байқаған Қиман ұялғанынан назарын төмен салып: «Түфә, түфә, мына иттерге дауа жоқ екен!» – деп қисая кеткен.
Есентай төргі үйге жып бергенде, Варвара сол тыр жалаңаш қалпымен Қиманға қарай беттеді. Осы бір ұяттан безген пияншік, жезөкшенің ойында не бар екенін ұға алмай, жаңағы жантайып жатқан жерінен шошына ата түрегелген Қиман, бар білетін орысшасы: «Что такой, что?» – деп безек қағып, екі қолын ербеңдетумен болды. Әлден соң қазандық алдында өздеріне таңырқай қалтиып қарап тұрған Гүлсімге көзі түсіп:
–Атаңа нәлет, Гүлсім, неғып тұрсың, ойбай, мына перғауынның үстіне бірдеңе жапсаңшы?! –деп бажылдаған, ал анау болса мұның қолын сермегеніне, бей-берекеті шығып, бажылдағанына назар аудармастан, жон арқасы мен жамбасына, жұқа шабына тиген қамшының білеуленіп, қара қошқылданып шыға келген іздерін олай бір айналып, былай бір айналып көрсетіп:
–Ты, гад, старый хрен, посмотри что сделал? Подожди, ты у меня перед судом ответишь! – деген кісімсініп. Оның не деп жатқанын ұқпаса да, ашу үсті қол жұмсап артық кеткенін ұғынған Қиман кәдімгідей абдырап:
– Хороший матушка, хороший матушка, – деп міңгірлей берген.Осы сәт Варвараның иығына босағада ілулі тұратын көнетоз шапанды жаба салған Гүлсім оны өз бөлмесіне қарай ығыстыруға әрекет жасады. Бәлкім, Варвара оның: «Бар енді, бар енді», –дегеніне кете қоймас та ма еді, жоғарғы бөлмеде еркектердің бөтелкенің аузын ашып, стақандарға арақ құйып жатқанын естіген ол иығындағы шапанды жерге атып ұрып:
–Ей, вы, мужики, оставьте мне! -деп өз бөлмесіне қарай ата жөнелді.
Былайғы жұрт сан- саққа жүгірткен осы оқиғаның аяғы бірер күннен кейін Қиманның «Шұбаршілікке» көшуімен тынды.
Бұл сияқты ірі жанжалдың отсыз, сотсыз бітуін: «Қиман Есентайдың ағайыны ғой, өкпеге қиса да, өлімге қалай қисын, Пангуриндерді тоқтатып, істі сотқа бергізбеген сол көрінеді»,- дескен жұрт.
Бұған кейбіреулер: «Есентай ағайын еді деп Қиманды аяды дегенің не сандалғаның? Ол есебі келсе әкесін де итжеккенге айдатып жіберетін сұмырайдың өзі емес пе?
Онан да сен айта бер, Қиманды соттай қалған жағдайда көк қасқа қошқардың әңгімесі дүркірей көтерілмей ме? Үкімет сені мен мені іздемесе де, көк қошқардың құнын әкесінің құнындай дауласын. Сөйте қалған жағдайда сабаған Қиман емес, сол Есентайдың өзі екі көк көзімен бірге айдалып кете барар», – дескен.
Ал Қиманның өзі олай ойлап, былай ойлап әлденеден: «Есентай қаншама ит болса да, бір атаның баласы емес пе? Соттатуға қимағаны ғой, ана пәлелерді тоқтатқан сол болар», – деп түйген. Енді міне, сөйтіп, кісілік танытқан інісіне ашық қарсы шығып, дауыс беріп келе жатқаны мынау. «Бұл мінез дегенді қойсаңшы.
Осыным артық болған жоқ па өзі?..» деген ойға берілген. -Жоқ, несі артық? Ондай өз орнын білмейтін айуанға солай жасамағанда қайтпек?! Өкпелесе көшке берген тайын алсын. Есентайдан келген керді күтіп алдым, – деген берік байламға бекінген ол.
Бірнеше күннен кейін ауыл орталығына барып қайтқан Гүлсім:
-Ойбай, Есентай қайным қызметіне қайырлы болсын айтайын деп амандассам, тіпті сәлемімді алмайды.
Екі көзі ежірейіп: «Сен ана жаман байыңа айт, менің Варварамен болғанымды жұртқа жайып жүрген көрінеді, оттауын тоқтатсын, осыдан абыройымды айрандай төге берді бар ғой тісін жұлып алып артына қағамын!» – деп өңін өзгертіп зілденеді.
Содан бұрылып кете беріп едім: «Етеңнен қалдырмай қойын агрегатқа айдайтын болсын, мен екі айтпаймын!» –деп шіреніп, қырып жіберер түрі бар тегі», – деді. Оның бұл әңгімесін алғашқыда шамадан тыс, шамырқана қыстыға тыңдаған Қиман әлден соң: «Үре берсін!» – деген жайымен. Үй-ішіндегілерге айбат танытып, осылай деуін десе де, әлденеден өңі қуқыл тартып, жүрегі дүрсілдеп қоя берді.
***
Сарқияққа көшіп келгелі Ғайша мен Валяда, Айтқожа үшеуінде тыным жоқ. Уақытша күрке тігіп, Әділді сонда орналастырып, өздері төбесі ортасына түскелі тұрған екі бөлмелі кірпіш үйді ашып-жабуға кірісті.
Олардың бұл әрекеттеріне алғашқыда таңырқай, таңдай қағыса қарасқан көршілердің көбі көп ұзамай көмекке келіп, бірі мәтке, бірі тіреу, енді кейбірі үйдің үстіне жабатын шырыш, шілікті жеткізіп берді.
Сөйтіп, айналасы екі-үш күннің ішінде көршілердің көмегімен үйдің төбесі қайтадан ашылып, жабылып, пеші салынып, іші-сырты қара балшықпен, онан соң ақ балшықпен сыланған. Едені майланып, аруақтарға құран оқытылып, көрші-көлемге таумайлар берілген.
Әділдің пеш түбіне жайғасқанына да екінші күн. Жаңа орынға көшіп келіп абыр-сабыр әрекет үстінде жүрген жұртты көріп, өзінің көңілін сұрай келушілермен шүйіркелесіп әңгімелесіп, аурудан да гөрі жалғыздықтан езілген еңсесі көтерілді ме екен?..
Әйтеуір бұл күндері өзін біршама сергек сезінген. Бұған, бәлкім, күніне бір мезгіл аздап болсын ұрттайтын қымыз да әсер еткен болар. Қазірде көзі ілініп, маңдайы жіпсіп жатыр. Түсіне сонау жылқы баққан жігіт кезі кірген. Сол баяғысынша Ақжігіттің жылқысын бағады екенбіз дейді.
Әлдеқалай бөлініп кеткен жылқыны іздеуге шыққан. Ақшиді асып, Айырықтан өткені де қашан?.. Беті Абыралы әулиелі Қызылтау барған сайын алыстап, көз ұшында қалып барады. Жайдары жаздың іші. Көк шалғын арасынан адамды селт еттірте, астындағы атын қос құлағын қайшылатып үркіте пырылдай ұшқан бөдене, шырылдаған бозторғай, гүлден гүлге қонып, уілдеп ұшқан аралар.
Қатарласа, қапталдаса қонған қалың ел. Ақшаңқан үйлердің төңірегінде алаша, көрпе төсеп, өзара қызықты әңгімеге көшкен ақсақалдар. Сары қымызды сапырған бәйбішелер. Желіге құлын байлап, көгендегі қозыларды ағытып, өріске беттеткен бала-шаға, келін-кепшек. Сәйгел тиіп, құйыршығын аспанға шанша шапқылаған бұзаулар. Алаша тоқып, енді біразы киіз басқан қыз-келіншектер.
Қой қырқып жатқан ауыл азаматтары. Айнала төңіректі әуезді үнге бөлеп, өріске беттеген төрт-түлік мал сонадан-ақ көз тартатындай. Анадайда қима құдықтың тістен өткендей салқын суынан қана ішіп, әлден соң қауға шелекті әрірек апарып, бір-біріне салқын су шашып, шомылып мәз болған қарасирақ балалар қу медиен дала сәнін асқақтата аспандатып тұрғандай. Кенет аяқ астынан жер-дүниені тітіренткен әлдебір гүріл пайда болған екен дейді. Көп ұзамай-ақ сол гүріл мен шуылдың иесі, алып инелік те, көзге шалынған.
Оның дауысын естіген сәтте аққу-қаздар қинала қиқылдап, тырналар адамның құйқа тамырын шымырлатардай қорқынышты, үрейлі үнмен тыраулай ұшып, сай-салалардан еліктер мен архарлар үрке қашып, түлкілер мен қасқыр, қарсақтар жонға қарай жортақтап жөнелген. –Апырай, аң біткен сонша неден запы болды екен?!
Ең ақыры, жыландардың да ысылдай орғып, бет-бетімен тым-тырақай қашуына жол болсын!.. – деп ойлап үлгергенше жаңағы күннің көзімен шағылысқан, алып инелік аспанға тік шаншыла көтеріліп, әлден соң қанаттарының астынан әлдене үзіліп түсе берген. Кенет дүниені, бұрын соңды болмаған қызыл жалын көмкеріп, іле қара мұнар басты.
Гүрс еткен үрейлі дыбысқа ілесе аңыраған, азынаған, қыңсылаған, шыңғырған дыбыс дүниенің астан-кестенін шығарып, ерекше бір үрей туғызғандай еді, тек мұнар серпіліп, айнала төңірек айқындалған сәтте бұл мыңдаған адамдардың арасында көктен аққан жұлдыздай жерге қарай құлдилап, құлап келе жатқанын аңғарған. Жаңа ғана қызыл жалын бұрқ етіп, қара мұнар қаптаған жер жалмауыздың жұтықы өңешіне айналып жүре берген екен дейді.
Міне, жеті басты айдаҺар бейнесінде сол жалмауыздың өзі де жаңағы жанарға ұқсаған су астынан басын көтеріп, жерге қарай құйындай ұшып келе жатқан адамдарды қылғып жұта бастады. Сол сәт бұл шошына айнала төңірегінде ұшып келе жатқан жандарға еріксіз назар аударды. – Құдай-ау, мынау әлгі көрші ауылдағы қаба сақалды қарт, мынау Айтқожаның Төлегені ғой!
Пәлі, мынау– Александар Захаров... Ана біреудің аты кім еді, құдай-ау?! Өзімен көрші фермада тұрушы еді ғой, байғұс әйелімен келінімен, бала-шағасымен жеті басты айдаһардың өңешіне жұтылып, әп-сәтте-ақ жоқ болғанын қарашы?!.. Бұл пақырлар таяуда ғана жайлауға көшкен жоқ па еді? Мұнда қайдан жүр? Әлде?..
Бұл сәтте өзі де үңірейген өңешке қарай тоқтаусыз зымырап келе жатыр еді. Кенет «аға, ағалаған» әлдекімнің таныс дауысы құлағын жарып жіберердей болғаннан соң жалт қараса, бұл ағып келе жатқан Айтқожа екен.
–Ей, қайда асығып барасың? –дегенше болмай іле жанынан зу етіп өте шыққан. -Тоқта, тоқта, қайда асығып барасың, бейшара-ау?! Өлдің ғой! –дей бергенде Айтқожа жаңағы жалмауыздың арандай ашылған өңешіне топ ете түскен еді.
Сол сәт бұл ышқына: «Айтқожа, Айтқожа!» –деп айқайлап, шошып оянған. Бесін ауып бара жатқан шақ екен, үйде ешкім жоқ сияқты, мұның тыныс алып, көз ілгенін байқаған үйдегілер тыста шаруаларын жайғап жүрсе керек. Бұл оларды дыбыстап шақыруды артық санаған. Бет-аузын, өне-бойын жуып кеткен суық терді сүртіп, аз-маз өзіне-өзі келген соң, Әділ ойға берілді.
–Тәңірім-ау, бұл не болды екен? Айналасын қара масадай қаптап, қоршай ұшып, жеті басты жалмауыздың жемсауына түсіп жатқандарын арасынан мұның көзі шалып танығандардың алды, бұдан үш-төрт жыл, соңы бір-екі ай дересінде о дүниелік болғандар екен. Мұның солармен қанаттас бірге ұшып жүргені мынау тірлік атты кең дүниедегі көрер қызығының, татар дәмінің, ішер суының сарқылып келе жатқаны болар.
Иә, солай шығар. Көктемнен қалдым, осы шөп буыны қата күзде халім нешік болар екен?.. Өмір, шіркін, тәттісің-ау! Жан-дүниесін мұң торлаған ол жеңіл күрсінген.
Сол сәт оның есіне әлденеден жаңағы қаптаған марқұмдармен қатар тажалдың өңешіне өзінен де бұрын қапталған Александр Захаров пен Айтқожа түскен. –Тәңірім-ау !... Олар да сонда... Астапыралла! Өз ойынан өзі бір түрлі шошып, өне-бойы қалтырап кеткендей еді.
Әлден соң «Әділ аға», «ағалап» күн ұзын қой баққан мұның жанында төңіректеп жүретін Александр Захаровты көз алдына елестетті. Әлдебір құпия қаруды сынау кезінде жұртшылық арасында түсінік, тәрбие жұмысын жүргізу үшін келген солдаттар мен офицерлердің арасынан мұның және маңайдағы бір ауылдың еншісіне осы Александр Захаров тиген. Бұл 1950 жылдың соңы,1951 - жылдың ортасы еді.
Александр бірден-ақ бұларға бауыр басып, қазірде Кереку қаласындағы мектеп-интернатта оқып жүрген мұның жан дегенде жалғыз баласы Қабашпен тез тіл табысып кетті. Айтқожа мен Валя онымен орысша сөйлесіп, ұмытқандарын естеріне түсіріп, бір жасап-ақ қалған.
Бұлармен бірге бір айдай тұрған Александр жарылыс болатын күні бұларды үйден шығарып, әйнек-есіктерін шегелетіп, жарылыс болған кезде көздерін жұмып, бастарын төмен тұқырулары, жарылыс болып жатқан жаққа қарамаулары қажет екендігін мұқият түсіндірді.
Оның сөзін Валя мен Айтқожаның аударуымен ұққан бұлар күн ілгері берген осы кеңестерді мүлтіксіз орындауға бел байлағандай еді, тек аспан жүзін ерсілі-қарсылы шимайлап, артында шумақ-шумақ із қалдырып жүрген күміс қанатты лайнерді көрген сәтте Төлеген мен Қабаш былай тұрсын бұлардың өздерінің де ауыздары аңқиып ашылып, аспанға кірпік қақпай көз тігумен болды.
Александр бірер рет ережені сақтауды өтініп қыңқылдап көрген. Тек одан ештеңе де шықпасын аңғарды ма екен, ол да бұлардың ыңғайына көшкен. Ал жарылыс болған кезде аспаннан ай сияқты жарқырап, жерге қарай құлдырап келе жатқан алып қызыл шарға ынтыға, тамсана қараған.
Әлден соң құлақ тұндырған жарылыс, іле саңырауқұлақ тектес болып аспан мен жердің арасын жалғастырған әлденені бұлар бір жағы қызыға, бір жағы ет жүректері шымырлай, қорқа қызықтаған... Тоқтай қал!..
Астапыралла, жаңағы түсіне кірген қызыл жалын, одан соңғы қара түнек, ең ақыры, аспан мен жердің арасын тұтастырып жібергендей көрінген алып саңырауқұлақты сол жарылыс кезінде көрген екен-ау!
Сонда... сонда... Сол бір қорқынышты жайдың араға бәлен жыл салып түсіне қайта кіргені несі екен? Әлде бұл аурудың әсерімен қан қысымы артып, сандырақтай бастағаны ма?..
Қызмет уақыты аяқталып, әскер қатарынан босаған Александрдан алғашқыда бір жылдай үзбей хат келіп тұрды. Оған Айтқожа мен Валя бұлардың атынан жауап жазып жататын. Соңғы үш-төрт жылда хат кілт тоқтаған. Тек осында көшіп келіп қоныстанған күннің ертеңгісінде пошташы қыз келіп:
– Мына хаттарды сіздерге кімнен беріп жіберерімді білмей, дал болып жүр едім, өздеріңіздің осында көшіп келгендеріңіз жақсы болды,-деп он шақты хатты әкеліп берді.
Соның бірі Александрдан екен. Ол соңғы үш-төрт жылда ауыр науқасқа шалдығып, өмірі ауруханаларда өтіп келе жатқанын, дертінің беті қатты екенін жаза келіп: «Енді үйленем бе деп жүрген қызым менің ақ қан ауруына шалдыққанымды естігеннен кейін, ізім-қайым жоғалды, хабарласпай кетті», – депті.
Оның хатының осы тұсына келгенде, әйелдер ғана емес, Айтқожа екеуі де қатты тебіреніп , көздеріне жас алды. Ал хаттағы Александрдың: «Көз жұма қалсам, артында (балалар үйінде тәрбиеленгенімді айтқан сияқты едім) жоқтайтын ешкімнің жоқтығы жаныма қатты батады», –дей келіп, мүмкіндіктері болса, есімін естерінде сақтауды өтініпті. Мұны естігенде басқаларды кім білсін, Әділдің мейірбан жүрегі аунап түсе жаздады. –Азамат-ай!..
Жас қыршын-ай, есімімді естеріңде сақта депті-ау! – дей берді. Сонан соң Валядан оның дертінің мәнін сұраған. «Ақ қан атом сәулесімен сәулеленуден пайда болатын дауасыз дерт», – деді ол.
«Сонда атом дегені не? Қайдағы сәуле?» қанша ойласа да, миы жетпей-ақ қойған. – Күннің көзінен, оттың, шамның жарығынан басқа қандай сәуле бар? Оның ойын есіктен енген әлдекімдердің: «Жеңгей, жыламаңыз, төсек салыңыз, жігіттер ақырын, абайлаңыздар!» – деген дауысы бөлді.
–Дәрігерге хабар беріңдер, ауданнан жедел жәрдем шақыртыңдар!
Осы сөздерді құлағы шалған ол ауыз үй жақта не болып жатқанын білгісі келіп, жастықтан басын көтеруге әрекеттенді. Сол сәт бөлмеге келіп кірген Ғайша:
– Әдеке, – деді сұры қашып, еріндері дірілдеп, – Валя екеуміз далада құрт жайып отыр едік, Айтқожа бізден сәл әріректе газет қарап отырған, бір кезде Валяға: «Мұнда екіқабат әйелдің өзіне-өзі қалай күтім жасауы керек екендігі туралы мақала басылған екен, мә, оқы», – деп орнынан атып тұра бергені сол еді, бір жағына қарай қисаң етіп құлай кеткені.
–Алда, байғұс-ай, бір жерін ауыртып алғаннан сау ма өзі?
–Ауыртып алғанды айтасың-ау, сол қолы мен сол жақтағы аяғы бос қалған сияқты, былқ-былқ етеді.
–Не дейді? –деді бұл шошына дауыстап, – сөйлей ме өзі?
– Жоқ, тілі байланып қалған сияқты, қос жанары жаутаңдап, тек ыңқылдай береді. Қой, мен солай қарай барайын, –деп келесі бөлмеге беттеді. Осы сәт Валяның аңырай жылағаны, оған: «Қойыңыз, мұныңыз не жаманшылық шақырып?» – деп басу айтқан ауыл адамдарының дауысы естілді.
Сол сәт Әділдің есіне жаңағы түсі түскен. –Бұрынғылар «түс түлкінің тезегі» демеуші ме еді?! Апырай,ә?! Ол өзегі өртене терең ойға берілді.
Әлден соң Айтқожаның демі үзіліп жүре берген.
***
Айтқожаның қонақасына маңайдағы малды ауылда тұратындардың көбі жиналды. Араларында жұрт фронт атап кеткен кіші мал дәрігері Матай ауыл молдасы Қабдыкәрім, басқалары бар.
Әділ де жан-жағына жастық қойғызып, көпшілікпен бірге дастархан басына жайғасты. Гу-гу әңгіме біреуді-біреу іреп сойып, қарқ-қарқ күлкі Әділдің бірден-ақ мазасын кетірген. –Қайран бұрынғының адамдары-ай! Мұндай бас-қосуда өткен-кеткен шежірені, ұлы ақындардың тәлім-тәрбиесі толы сөздерін...
–Әй, – деді ойын бөліп осы сәт молдамен тізе түйістіре қатар отырған қара шал. –Осы сендердің көбің ит мініп, ирек қамшылап жүргендеріңді білесіңдер ме? Ат деп менің қара айғырымды айт.
–Иә, –деді Қиман. – Сенің қара айғырың Ақан серінің құлагері ме еді? Оның несін айтамыз?
–Өй, мынау не тантып отыр өзі? Қара айғырдың басқасын былай қойып, үйірге түскенде жалы желбіреп желпілдегенін өзі неге тұрады қайрып-қайрып кісінегенінің өзі... Әлдекім итін, әлдекім бұқасын мақтап, дастархан басы азан-қазан болып кетті.
– Әй, бірің айғырыңды, бірің бұқаңды, бірің итіңді мақтап не тантып отырсыңдар түгі? –деді Қиман. – Онан да молдаекеңнен шариғат сұрамайсыңдар ма түгі?
–Өй, молда шариғат айтса қой дедік пе?
Жұрт назары өзіне ауғанын аңғарған Қабдыкәрім орнынан қозғалақтап:
– Аллаға шек жоқ қой, шек жоқ. Мына отырған Әділ ауырғалы не заман, төрт- бес жылдың жүзі ауып барады. Әне кетті, міне кетті деген Әділдің әлі күнге көр тышқандай көзін жылтырап отырғаны мынау. Аттай шауып жүрген талайлар, тіпті мына Айтқожа... Осы сәт:
– Әкеңнің ... Сен не оттап отырсың? – деген Қиманның айбынды дауысынан отырғандар молдаға сұрақ қоймақ түгіл өздерін қоярға жер таппай қалғандай еді. Әлден соң «ә» деуге жүректері дауаламай отырған. Жиналғандардың бірі:
– Молдеке, молдеке дегенге көзіңнің еті өскен екен сенің! Өй, ана әлгі аты кім еді?.. Қайтыс болғанда оң жаққа саларда: «Әй, осы үйдің құбыласы қай жақта өзі? Далаға шығып байқап келіңдер», –деп кісі жұмсаған сен емес пе?
–Надан немелер! Өздері шариғат сұрайды да, өздері мені кінәлайды.
– Шалтайт, балтайттың керегі не? Марқұмға құран...
–Өй, шойнақ ит, шошталаңдамай отыр әрі! Өлік үйден шықпай тұрып...
– Әкеңнің... Мен саған шойнақты көрсетейін, фронт! – деп Қабдыкәрім молдаға қарай тұра ұмтылды.
–Оны қойыңыз, Қадыеке! –деп отырғандардың бірі ұстай алды.
– Көздеріңе шыққан сүйел мен болсам, кетейін...
– Әй, Әбдіраш, мені ауылға жеткізіп сал.
–Ойбай, Айтқожаның намазын кім шығарады? Намазды айтады ғой, кебінін кім пішеді?..
Айтқожа марқұмның қонақасы осылай ырың-жырың боп тараған тұста Әділ: «Опыр-ай, мына жұртқа не болған?» –деді ыңырси тіл қатып. Өзі де, үні де қалжыраулы еді. Осы сәт үйге Күлән, Күләйда, Әнуар келіп кірген. Қысқа амандықтан соң, олар Әділге: «Дем алыңыз», – деп сыртқа беттеді. Сол күні ел Айтқожаны соңғы сапарға шығарып салу қамына кіріскен.
–Күләйда, –деді жұрт сыртқа шығып кеткен соң, –сен осы ит жеккеннен жазған хатты...
–Түсіндім, –деді Күләнда, –соғыс жылдары қара Диуана аудан орталығынан жаяу хат таситын еді. Сол кісінің Славгорд жақта
туысы қайтыс болып, соған топырақ сала барған ба? Әлде басқа бір жағдай ма? Ол кісі ешкімнен көлік сұрап...
–Иә, білем ғой, жарықтық, жаяу жүре беретін еді ғой.
– Сол кісіге сол жердің қазақтарының бірі бір адамды жолықтырыпты.
–Иә, ол кісі біршама орысшада білетін еді ғой. Сөйлесе келе әлгі кереует үстінде отырған орыс шалы: «Ғұбайдолла деген қазақ менімен айдауда бірге болған еді. Мынау соның Колымадан әйеліне жазған хаты. Сізді Қазақстаннан келді деп естіген соң... Сол сәт қара диуана:
–Әйелінің аты Күләйда ма? –деп сұрады.
кеудемде болса жеткіземін,- деп уәде берсе керек.. Жарықтық сөзінде тұрды. Бары осы құда... Қой мен сізді қалжыратпайын деп орнынан тұрған.
Ертеңгісінде Айтқожаның сүйегін ауыл алдындағы жақсының да, жаманның да мәңгілік мекеніне айналған бейітке жерлеуге әкетіп бара жатты. Артында дауыс қылып әйелі, әлі де жарық дүниеге келіп үлгермеген шынашақтай қызы қалды. Ол әкесінің қырқын беріп жатқан күні жарық дүние есігін ашып, Айдана атты әдемі есімді еншіледі.
***
–Я, как коммунист,- деп жиналыста әлдеқалай айта салған бір ауыз сөзі өзін соншалықты биікке көтерерін Пангурин пақыр қайдан білсін?! Жиналыстан соң колхоз партиясы комитетінің хатшысы сүріне-қабына жетіп келіп:
–Сіз коммунист екенсіз ғой, бізді сайтан шатыстырып соны дер кезінде білмей де қалдық, оған кешірім өтінеміз. Мен сізді осында көшіп келген күндеріңізден бастап партиялық есепке алып қояйын, ақшаңыз жоқ болса жарнаны өзім төлей салармын, билетіңіз бен есеп карточкаңызды алып парткомға соғарсыз, – деп тазының күшігіндей жылмыңдап, қайта-қайта кешірім сұраумен болған.
Бұл сол сәтте өзінің «коммуниспін» деп аузынан қағынып артық кеткенін сезінді. Ол енді өз сөзін қайта жұта алмай, өтірікті онан әрі өршітті.
– Ә-ә, парткомға баруын барамын ғой, біздің деревняны неміс басқыншылары басып алғанда барлық партия документтері өртеніп кетті, – деді жүзі жанбай.
– Сіздің партия билетіңіз де ме? – деді хатшы бір түрлі шошынып.
– Иә, соның алдында ғана партия ұйымының хатшысы біздің партия құжаттарын алып шығамын деп жүргенде үстіне төбе құлап, құжаттармен бірге өзі де жанып кетті, –деген бұл шімірікпестен.
Мұны естігенде хатшы көңілі марқайып:
–Біздің партия ұйымының хатшылары шетінен сондай ержүрек, жанкешті жандар ғой, олар қажет болса қасықтай қаны түгіл кеудесіндегі шыбын жанын партия үшін беруге бар, – деді екпіндей сөйлеп. Сонан соң:
– Қай жылдан партия мүшесі едіңіз? –деп сұрады.
– 1939 - жылдан, –деген бұл.
– Жақсы, біз сіздің партиялығыңызды қалпына келтіруге тырысармыз. Әрине, ол үшін біраз мәселені анықтай түсуіміз қажет болады. Осы сәт Пангуринге: «Мына ит ана жаққа сұрау салып, өтірігім шығып, аяқ астында бір пәлеге қалып қоймас па екем?..» – деген суық ой сап ете түскен. Әлдене деуге кеш екенін дер кезінде ұққан ол қолын бір сілтеп: «Мейлі, болғаны болады да», – деген күйіне күбірлеп.
Жарты ай шамасында фермаға мұны арнайы іздеп келген колхоз партиясы ұйымының хатшысы амандық-саулықтан соң екі езуі екі құлағына жетіп: «Сіздің партиялық құжаттарыңыз өз айтқаныңыздай шайқас кезінде өртке жанып кеткен екен, міне тиісті органдардың берген жауабы», – деп әлдебір қағазды бұған ұсына берді.
Өз құлағына өзі сенбей қорқыныштан екі көзі шарасынан шыға қолдары дірілдеп кеткен бұл әлден соң барып өзіне-өзі келген соң қағазға қол созды. Онда соғыс жылдары Калинин колхозының партия комитетінің өртеніп кетуі анық делінген екен.
Мұның партиялылығы жайлы жарты ауыз сөз болмаса да, осының өзі Пангуринді мұндағылардың коммунист деп тануына толық негіз болғанға ұқсайды. Бір жағынан: «Бұл не қылған сенгіш халық еді?», - деп жиіркене қараса, екінші жағынан, өтірігінің өрге басқанына жүрегін қуаныш толқыны меңдеген Пангурин:
– Мен сізге айтқан жоқпын ба? – деген оған бір түрлі масаттана қарап. Оның мұнысын өзінше түсінген хатшы:
– Бағың бар жан екенсің, Пангурин жолдас, бірінші хатшыға кіріп, мына қатынас қағазды көрсетіп, осылай да осылай деп жағдайыңды айтып түсіндірген едім, ол: «Партиялығын дереу қалпына келтіріңдер, содан соң өзін алдағы болатын аудандық есеп беру, сайлау конференциясына делегат етіп сайлаңдар, қалайда қалай тың игеруші ғой, содан кейінгісін тағы да көрерміз», –деп жатыр. Не істесе де біріншінің қолында ғой, бәлкім... Ал оның тапсырмасы бұл үшін заң, – деп сөзін онан әрі жалғастырған.
– Отарыңды мына жігіт бірер күн баға тұрады, колхоз бастығынан сұрап алдым, –деп өзімен бірге ерте келген жас жігітті нұсқады. –Ал сіз қазір менімен бірге аудан орталығына жүресіз. Партиялығыңызды реттейміз.
Сонан соң есеп беру, сайлау жиналысына дайындалуымыз керек, тек тезірек жиналыңыз, –деді аптыға сөйлеп.
Аздан соң олар мінген машина қара жолдың шаңын аспанға үйіріп, аудан орталығына тіке тартып бара жатты.
... Екі-үш күннің ішінде Пангуриннің партиялығы қалпына келтірілген. Бұл туралы аудандық, облыстық, өлкелік, тіпті республикалық баспасөздер бірімен бірі жарысып жазып жатты.
Соларды оқыған ауыл азаматтары, бір ғажабы, газет тілшілері оның тыңда шопан болып еңбек ететінін айта отырып, Молдавияда қол жеткен табыстарын тілге тиек еткен, ал тыңға келгеннен бергі еңбек көрсеткіші жайлы жұмған ауыздарын ашпады.
Мұнысы қалай дескен?.. Көпшілік колхозының колхозшылары: «Е-е, оның қалайы болып па? Осында еңбекке араласқан бес-алты айдың ішінде бір отар қойдың жартысынан астамын қырып тастаған жоқ па? Газеттер бұл туралы қалай жазсын? Бәлкім, тілшілер жазар ма еді, оларға мұндай деректі колхоз, қала берді аудан басшылары өлсе берер ме?» –деп өзара күңкілдесіп басылған.
Ал колхоз партиясы комитетінің есеп беру, сайлау жиналысында коммунистер Пангуриннің кандидатурасын аудандық партия конференциясына делегат ретінде ұсынғанда, коммунистер оның шаруашылықта жұмысқа араласқан бес-алты айда не бітіргеніне, сонан соң Коммунистік партияға қайтадан Молдавияда жүргенде өтуге неге талпынбағанына зер сала қатты шұқшиған.
– Коммунист қандай жағдайда болмасын өзге жұрттың алдында болып, үнемі өнеге көрсетуге тиіс. Сіз алғашқылардың бірі болып тыңға келдіңіз, отар қабылдап алып еңбекке араластыңыз.
Мұны өзге жұрт үлгі алар өнеге делік, айналасы бес-алты айдың ішінде қабылдап алған отарыңыздағы саулықтардың тең жартысынан астамы шығын болды, қозы алуды дұрыс ұйымдастыра алмадыңыз, колхоздың қошқарын ешкімнің рұқсатынсыз сойып жеп қойдыңыз, онымен қоймай үнемі ішімдікке салындыңыз, мұны қалай түсінуге болады?
Осы коммунистің атына лайық іс-әрекет пе?– деген Шақанның сауалын отырғандардың бірі аударып жеткізгенде, Пангурин бұған жауап таба алмай, жер шұқып-ақ қалған еді. Тек колхоз бастығы Есентай оны тығырықтан шығарып жіберген.
– Пангурин жолдастың отарындағы саулықтарға індет килікті, ажал келсе адам да өледі, жаппай бұл шаруашылық жиналысы емес, партияның есеп беру, сайлау жиналысы, сіз өйтіп буынсыз жерге пышақ салмаңыз, сауалыңыз болса, баяндама жасаған колхоз партия комитетінің хатшысына қойыңыз, сол жауап береді, –деді өңін суытып.
Бастықтың айтқанымен жүріп, айдауына көніп, ол жымиса күліп, ол қабағын түйсе әлдекімге кәрін тігіп, шыға келетін кейбір коммунистер осы сәт Шақанға: «Сіздікі осы жай ма, үнемі бүйректен сирақ шығарып отырасыз, тіпті осыңыз естіген елден ұят емес пе?Былайғы жұрт қазақ коммунистері орталарына келген бір орысқа күн көрсетпей жатыр демей ме?» – дескен өзара гүжілдесіп.
Соңғы сөз залда отырғандардың көпшілігінің аптығын басып-ақ тастаған. – Қой, пәлесінен аулақ, – деп ойлаған олардың көбі, –расында да сөзге ілініп жүрерміз. Сөйтіп, әлден соң олар Пангуринді аудандық партия конференциясына бір ауыздан делегат етіп сайлап, алма-кезек қолын алып құттықтап жатты.
Бұған да бір ай өтті. Бүгін аудандық партия конференциясына келген делегаттар тіркеуден өтіп, куәліктерін алып жатты. Пангурин де солардың ортасында жүр. Оның тіркеуден өтіп, шетке қарай шыға бергені сол еді колхоз партия комитетінің хатшысы оны жұрттан былайырақ алып шығып, тасқа басылған екі бет мәтінді қолына ұстата берді.
Сонан соң: «Мұны саған екінші хатшы беріп жіберді», –деді құлағына сыбырлап. Бұл біздің ескі танысымыз Максим Гаврилович болатын. Ол осы конференцияның алдында өткен аудандық партия комитетінің кезектен тыс пленумында екінші хатшы болып сайланған.
Тумысынан ұлтшыл, онысын партия саясатымен ебін тауып тамаша астарлай білетін ол екінші хатшы болып сайланғаннан кейін аудандағы колхоздарды аралап, ондағы мектептердің мәдениет ошақтарының жұмысымен, кадрларымен танысқан.
Кеңселердегі іс қағаздарын парақтап көрген. Кадрлардың бәрі де қазақ, іс қағаздары түгелге дерлік қазақша, мұның өзі оның жүрегіне әлденеден шаншудай қадалған. Тек сырын ішіне бүгіп, ешкімге бұл жайлы тіс жармаған.
Бірде облыс орталығына барғанда, облыстық партия комитетінде көптен бері істеп келе жатқан орыс жігіттерінің тамырын сауысқандай сақтықпен басып, байқап көрген. Олар мұның айтқандарын құлықсыз тыңдап: «Е- е, орыс жоқ жерде қазақ мектептері болмағанда, қазақ кадрлары жұмыс істемегенде, іс қағаздары қазақша жүргізілмегенде қайтпек?» – деген сыңайда жақтырмай жауап берген.Тіпті осының өзі кім?
Араға от тастаушы болып жүрмесін деген сынайдағы көңіл күдіктері де аңғарылмай қалмаған. Шыны керек, сөйтіп Максим Гаврилович: «Жылы сөз естимін бе, қолдау табамын ба?» – деп келген ағайындарынан бір түрлі іш тартып, шошып та қалған сыңайлы еді.
-Сорлылар, орыстың намысын жоғалтып алған бейшаралар! – деп оларды іштей жерден алып, жерден салып тілдеп отырса да, оларға естірте жүзіне күлкі үйіріп: «Жақсы, сіздің айтқаныңыз дұрыс дейік, күні кеше солай болса болған шығар, ал бүгін партияның шақыруымен тыңға тұс-тұстан толассыз ағылып келіп жатқан адамдарды есепке алмауға болмайды ғой, тек өткен 1954 - жылы Баянауыл ауданына 29 - жас механизатор келген екен.
Ал олардың біразының өз бақыттарын тауып, үйлі-баранды болып, мәңгілікті тұрақтап қалмасына кім кепіл?..
Сонымен қатар тыңға ешбір жолдамасыз өз жүрек қалауларымен тұс-тұстан төгіліп келіп жатқан адамдарды және қосыңыз. Ал ауданда, тек Баянауыл селосының орталығында ғана бір-ақ орыс орта мектебі бар, оның өзі екі қабатты демесең, құрқылтайдың ұясындай, оған кім сыяды?
Сонан соң орыс мектебінде тек орыстар ғана оқысын деген сөз жоқ қой, қаптаған қазақ балаларының орысша оқығысы келмейді деп сізге кім айтты? Олардың да өсіп-өркендеуі, білім алуы қажет емес пе? Арнайы орта, жоғары оқу орындарында білім алса, олардың мұртын балта шаба ма?
Бұл оқу орындарда өздеріңіз білесіздер, сабақ орыс тілінде жүреді ғой, сонан соң қазақ балаларын Мәскеудегі, Ленинградтағы жоғары оқу орындарына жіберуді де ойластыруымыз керек қой! – деген сөзі отырған орыс ағайындарын ойлантып-ақ тастаған.
– Ал, –деген бұл сөзін онан әрі сабақтап, –партияның шақыруымен тыңға келген адамдарды тұрақтандыру, оларға тұрмыстық жағдай жасау мына сіздер мен біздердің азаматтық, қала берді коммунистік борышымыз емес пе?
Қаншама тұрмыстық жағдай жасасаң да, балалары оқитын мектеп болмаса, адамдардың ол жерде тұрақтауы екіталай. Бұл арада, –деген ол, – мұнан әрі біздің коммунистік партияның идеологтарының бірте-бірте ұлттар мен ұлыстар жойылып, олардың орнын Совет халқы деген жалпы бір ұғым ауыстыратын болады дегендерін де есте ұстаған жөн болар.
Ал бұған осы бастан дайындала беруіміз, соған негізделген жұмыс жүргізуіміз қажет емес пе?! Сіздер мен біздер сол үшін де осында отырған жоқпыз ба?
–деген бұл кабинет иесінің бетіне бажайлай қарап. Ұйымдастырушылық , іскерлік қабілеті шектеулі болса да дер кезінде әлдебір болымсыз бастамашылығымен көзге түсіп, қатарға ілігіп, өзгені біле бермесе де, ұпайын түгендеп жүрген бөлім меңгерушісі қонағының соңғы сөзіне елең еткен.
–Ради бога, –деген ол анаған жалтақтай қарап, әлденені бүлдіріп алмай, алда болатын партия конференциясында кадрлар, мектептер мен іс қағаздары жайлы жаңағы маған айтқан ойларыңды делегаттардың бірінің аузынан алғашқыда аудан, сонан соң облыстық конференцияда айтқыза алсаң, одан кейінгісін көре жатар едік.
Сонан соң сәл ойланып барып: «Тек құдай үшін сақтықты есіңізден шығарып ала көрмеңіз. Алда-жалда аяқ астынан қарсы пікір, дау-дамай туындай қалған жағдайда бұл сіздің инициативаңыз, менің бұған зәредей де қатысым жоқ, сол есіңізде болсын!» – деп қайта-қайта пысықтап, кабинетінің есігіне дейін шығарып салған.
Сонан соң орнына қайтып келіп отыра беріп: «Сенің осы ойыңнан жұрт кәдесіне жарардай әлдене шыға қалса, өзгелер үшін оның инициаторы мына отырған мен болмағанда кім болмақ?» –деп өзіне-өзі риза кейіпте жымиып қойған.
Максим Гаврилович болса өзінің ой жобасын қалай сәтімен жүзеге асырсам екен деп он ойланып, жүз толғанды. Сондай күндердің бірінде бұған бөлім меңгерушісі (бірінші хатшы орнында жоқ екен):
– Партиялығы қалпына келтірілген бір коммуниске партия билетін өзіңіз тапсырмас па екенсіз деген өтінішпен келген.
– Келсін, – деді бұл ризашылығын білдіріп, Пангуринге ол осы жолы жолығып, танысқан.
Сұңғыла партия қызметкері – адамның ішкі ойын әртүрлі сауалдар қою арқылы анықтаудың хас шебері. Бұл аздан соң-ақ Пангуриннің партияда бұрын-соңды болуының өзі күмәнді екенін бірден аңғарған. –Е-е, мейлі ғой, – деп ойлаған ол.
Мұндай өзіндік ойдан ада, әңгүдік, әумесер, дегенмен «тың игеруші», «патриот» деген қалқаны бар адамды ішкі мақсатты жүзеге асыру үшін аяусыз жегіп көруге болады ғой, тіпті одан ештеңе шықпай бара жатса қараңғы адам ғой, «оның сөзіне соншалықты мән берудің қажеті не?» деп тайқып шыға келуге де жеңіл, тек мұны ішкі ой-мақсатына тереңдетпесең болды.
Сол жолы ол бұған партия конференциясына делегат болып сайланып келе қалған жағдайда сөз сөйлеуі қажет болатындығын ескерткен. Міне, сол күн де келіп жетті. Сөз кезегі тиген Пангурин маңдайынан тері шып-шып шығып, залда отырған жұртты есінен мүлдем шығарып алғандай қолындағы қағазға тұқшиып, қақала-шашала мәтінді оқып тұр.
Пангуринге мәтінді жазып, қолына табыс еткізгенімен, екінші хатшы делегаттар қалай қабылдар екен деп бір түрлі толқулы еді, өйткені, залда отырған делегаттардың дені қазақтар болатын, басқа ұлттың өкілдері саусақпен санарлық еді.
Пангуриннің сөзіне қазақтар қарсы үн көтере қалған жағдайда олар тіпті өз пікірлерін айтпақ түгіл, жақтарын жаза алса жарар еді-ау, екіталай-ау, екіталай...
Оған қазір-ақ залдан шу шығып, жұрт қол шапалақтап, ысқырып Пангуринді сөйлетпей тығырыққа тығатындай көрінген. Тіпті, конференция делегаттарының кейбірі жөтеліп, не түшкіріп, қала берді, біріне- бірі әлдеқалай сыбырласа қалса, бұл: «Бәрі бітті, бәрі де құрыды, міне басталды», – деп зәре-құты ұшумен отырған.
***
Бір ғажабы, Пангуринді айқай-шу шығарып, бөлген бірде-бір жан болмады. Оның сөзін жұрттың бәрі сілтідей тынып тыңдаған. Сонан соң сөз алған қазақ коммунистері түгелге дерлік: «Тың игеруші, коммунист Пангурин біздерге алыс ауылдарда ұлы Ленин тілін оқытатын мектептер ашу керек деп өте дұрыс айтады.
Ол мектептерде орыс, қазақ балалары бірге оқып, білім алсын, сөйтіп, достықты нығайтып, нағыз интернационалист болып өссін, ал Мәскеудің, Ленинградтың, тағы да басқа Ресей қалаларындағы орта арнайы жоғары оқу орындарына қазақ жастарын көптеп жіберу жоғарғы партия органдарынан сұралсын», –десіп гуілдескен. Тіпті: «Бізге орысша оқу оқып, білім алуды ұлы ақын Абайдың өзі өсиет еткен жоқ па, Пангурин жолдастың сөзі сол емес пе?!» –деп бірін-бірі іліп ала жөнелген.
Пангурин облыстық партия конференциясына келгенде, облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі аудандық партия конференциясында айтқан пікірлерін онан әрі кеңейтіп, жаңа мәтінді қолына ұстатты. Бір ғажабы, оны мұнда да қостаушылар жыртылып айырылған. Көпшілігі оқыған, зиялы жандар еді.
Олардың бірде-бірі бірер жылдан соң қазақ мектептері түгелге дерлік жабылып, ал жылдар өте келе алыстағы ауылдарда жергілікті тұрғындардан басқа өзге ұлттың өкілдерінің жоқтығына, не болмаса саусақпен санарлықтай екендігіне қарамастан сабақ орыс тілінде жүргізіле беретінін, бара бара өзгені қойып өздері сол тілді шала-шарпы білетін мұғалімдерден сабақ алған балалардың орыс тілі былай тұрсын, қазақ тілін жете меңгере алмай сапалы білім алу түгіл, өз ойларын екі тілде бірдей жеткізіп айта алмай, шала сауатты болып сергелдеңге түсеріне ой жүгіртіп, есепке алған ешкім жоқ болатын.
Жаңалықтың жақтасы болып, соны алға апаруға күш салған олар жер-жерлерде жаппай ашыла бастаған орыс мектептерін сандарын шапалақтамаса да, ерекше бір мақтаныш, қуаныш сезімімен қарсы алғандары айқын еді.
***
Әнуардың Көпшілік колхозына көшіп келгеніне де бір жылдан аса уақыт өтті. Тиіп-қашып жұмыс істеп жүр. Бәрін де қойшы, аштан өліп, көштен қалып жатқан жоқ. Жұрт қатарлы өмір кешуде.
Тек шешесі Күләннің, әйелі Айбаршаның бұл әскерден аман келсе, қайғы-мұңнан арылып, жұрт қатарлы жарқырап өмір сүрер ек деген үміттері ақталмаған. Оны бұл олардың шаршаңқы жүздерінен, мұң толы көздерінен аңғарады. Соның бәріне өзі кінәлі екенін бұл жақсы біледі.
Тек қолдан келер қайран жоқ. Кеш үйіріліп төсеккке жатар кезде мұның мына жарық жалғанды тәрк етіп, безіп кеткісі келеді. Ондайда көз алдына жарылыстан кейін жазық далада пайда болған мәңгілік мұң шалған адамның көзіне ұқсас су толы терең шұңқырлар елестейді. Соның біреуіне барып батып өлгісі келеді.
Есіне Адольфтың: «Әжем дәрігерлерден ауруханада жатқан сырқаттарға немістердің атына айтып жатқан ғайбаттарын мына кемпірді емдеп әуре болудың қажеті жоқ. Мүмкін мұның күйеуі не баласы менің тіпті сенің күйеуіңді, не балаңды атып өлтірген болар, кім біліп, кім тексеріс жасап жатыр.
Түнде ел ұйқыға кеткенде тұншықтырып өлтіре салайық»,- дегендерін түсінбеген, айтқандарын ұқпаған сынай танытыпты. Онысын өзі кейіннен «протест» қой дегені түсетін. Бұл да сынақ алаңындағы шұқыр толы суға қолына сынақ жойылсын деген плакат ұстап батып өлсе, бұл нағыз протест емес пе? Протест болғанда қандай?!
– Әнуар, үйге кір жататын уақыт болды. Шешесінің даусы, ой-санасын меңдеп алған қияли ойын кері серпуге мәжбүр ететін. Күнде осы үйге солбырайып кіріп, көңілсіз шешіне бастайтын. Төсектің шетінде ұйқы-тұйқы болып жылауға шақ отырған әйелін көргенде, қарадай жыны келетін. Менің әскерден әтек болып келгенімді өзгелер білмегенмен, бұл біледі ғой жөнін тауып неге кетпейді?
Басыңа бостандық бердім деп төсек қызығына бөлей алмаған алғашқы айда айттым ғой. Үш жыл тосқанын, адал болғанын, шешемді күткенін сілет ете ме? Ауыр күрсініп, Айбарша жаққа ұрлана көз салып, бір уыс болып үнсіз жылап жатқан оны көргенде, ет жүрегі езіле: «Не ойлап жатыр екен?..». Сансыз сауал санасын тербеп, қалжырап барып көзі ілінді. Сондай күндердің бірінде сырттан:
– Әнуардың үйі осы ма? –деген дауыс естілді.
– Иә, осы.Өзі үйде, –деді Айбарша.
– Гүлбарам, Әнуар үйде екен.
«Кім болды екен?» –деген оймен орнынан тұра бергенде, есіктен еніп келе жатқан Тоқтарды көрген. Жанында қыз бала бар. Екеуі бірінен-бірі, қайра-қайра құшақтап, амандық- саулық сұрасты.
–Тоқтар, мына кісі– анам Күлән. Ал мына кісі жеңгең– Айбарша, – деді үйдегілерді таныстырып, өз кезегінде Тоқтар:
– Жанындағы қызды-келіндеріңіз– Гүлбарам, –деп таныстырды.
– Өздеріңе айтып жүретін әскерде бірге болған досым – Тоқтар осы.
Мал сойылып, бас тартылды. Дастархан басында сан алуан әңгіме айтылды. Тоқтар Әнуарға:
– Аға, өзіңізден үйренген балташылық өнердің арқасында қаладағы бір құрылыс алаңына жұмысқа орналастым, –деді.
Осы былай қарағанда елеусіз әңгіме Күлән байғұстың көңілін көкке көтерген еді. «Өзіңізден үйренген» деді-ау, «Балташылық өнер» деді-ау әкесі жарықтық ел адамы емес пе еді?! Әкесіне тартқанда. Тек... келінмен тіл табыса алмай жүр ме қалай?.. Е-е, «орнында бар оңалар» деп, ол да реттелер. Есік сықырлай ашылып, ішке көрші әйел ене берді.
–Есік алдында тұрған Волга кім екен деп?..
– Кел, кел, жоғары шық!
Жайшылықта аса жарата қоймайтын көршінің әйеліне шешелерінің: «Жоғары шық!» –деп бәйек болғанына Әнуар да, Айбарша да таң қалған.
– Әнуаржанның әскерде бірге болған жолдасы екен,
– Волга– әкемдікі, мұнда командирім, Әнуарды, іздеп келдім. Жайшылықта ұзақ отырып келген үйін жатқызбай кетпейтін көрші:
– Қой кісімен кісі болмай, мен қозғалайын, –деп орнынан көтерілді. Ертеңгісін таңертең мал қосуға барғанда, ауылдың әйелдері: «Әнуар әскерде командир болған дей ме?» –деп айнала қоршап алып, сұрақтың астына алды.
–Бәсе, өзіміз де айтып жүруші ек. Әнуар әлі бір жерден шығады,– деп шуласқан.
– Әскерде командир болу... Бұл риза кейіпте: «Әмин, Әмин!» – деумен болды. – Айтқандарың періштенің құлағына шалынсын! Еңселері езілуге шақ жүрген бұларға бір сәттік болсын көл-көсір қуаныш сыйлаған қонақтары таңғы шайдан соң аттанып кеткен.
Кетер алдында Тоқтар мұны оңашалап айналып, үйіріліп, денсаулығын сұрай берген. Әлдене сұрағысы келіп, бата алмай тұрғаны байқалған. Арада екі айдай уақыт өткенде, Әнуарға: «Тоқтар қайтыс болды, намазы 5 тамызда», – деген жеделхат келді. Әнуар мен Айбарша марқұмның үйіне келіп кіргенде, бұларды Гүлбарам еңіреп қарсы алды. Мұның Әнуар екенін естіген Тоқтардың шешесі:
– Әнуаржан-ай, менің қоңыр қозым өзіне қол салатындай ессіз ақымақ па еді? Тәңірім-ай құлынымның жұмбақ өлімі... Осы арада: «Сабыр қылыңыз, бәйбіше», – деп отырғандар ол кісіні сабырға шақырып, Әнуарды оның құшағынан босатқан.
Оның: «Жалған дүние-ай, артында тұяғы да қалмады-ау!» –дегенін естігенде Әнуардың ет жүрегі езілген еді. «Бар пәле сол жарылыстан... болған-ау» деп шамалады. Ал марқұмның денесін жер қойнына беріп келгеннен кейін Гүлбарам, Айбарша екеуін оңашалап: «Мынау Тоқтардың сізге арнап қалдырған хаты, қалтасынан табылды», – деп сыртына Әнуарға деп жазылған төрт бүктелген қағазды қолына ұстатты. Қала орталығындағы «Қазақстан» қонақ үйіне жайғасып, жуынып-шайынған соң Әнуар Тоқтардың хатын Айбаршаға оқып берді.
Әнуар аға!
Бұл хат қолыңызға тиген сәтте менің мына жарық дүниеде болмасым хақ. Ол үшін ешкімді де кінәламаймын. Тек бар арманым– маған тағдырын сеніп тапсырған үш жыл жолымды тосқан Гүлбарамжанды, менің асыл арманым, ақ қанатты періштемді әйел атандыруға (тура мағынасында) дәрменімнің жетпегені.
Белсіздікке ұшырауым, бұл– дауасыз дерт. Мұны сынақ алаңынан тапқаныма тіттей де күмәнім жоқ. Үйленгенімізге екі айдан аса уақыт өтсе де, мен сорлы оның тым құрыса екі рет көйлегінің етегін көтеруге жарамадым. Ал ол өзінің асыл арманы: «Біздің де бала-шағамыз болса ғой», – деп күндіз-түні алға тартатын.
Мен оған өзімнің сырқатым жайлы айта бастасам: «Жассың ғой. Жазыласың», –деп бөліп жіберетін. Содан Семейдің, Павлодардың, Алматының дәрігерлерін ақтап шықтым. Бәрінің айтатыны– анемия. Мына дәріні іш тәуір боласың.
Тіпті Баянда мықты емші бар дегенге өздеріңе барып қайтқаннан кейін оған да жолай ат басын бұрдық. Ол өзі ішетін адам екен. Белімді біраз сипалаған соң: «Қане, басыңды көтер деп», – жанды жерімді жұлмаламасын ба. Жаным көзіме көрінді. Айғайлай бастадым.
Гүлбарам келіп арашалап алды. Содан кейін-ақ менің бұл сырқаттан айыға алмасыма көзім жетті. Тағдырын маған сеніп тапсырған Гүлбарамның бақытына кедергі болуға хақым жоқ екенін түсіндім. Содан... Мені кешіріңдер. Сендерге амандық тілеймін. Қайыр қош! Мендей пендесінің күнәсін аса мейірімді Алла тағала өзі кешірсін!
Кешірім өтінем! Тоқтар.
Хатты оқығанда Айбарша екі көзіне ерік берді. Ара-тұра Әнуардың да кірпігі суланып отырғанына қарағанда, ол да іштей мүжіліп отыр еді. Әлден соң оған етегіне кәрі қыздай жабысқан Айбаршадан ажырасудың қиялын көптен меңдеген протесін жүзеге асырудың сәті түскендей. Көтеріліп:
– Айбарша, деген даусын нығарлап, – мені де дерт қылған– сынақ алаңы. Сен менімен бақытты бола алмайсың. Көзіңді құрт. Бұл сөз бастағанда үйдегі әдетінше бір уыс болып бүктелетіп үнсіз тыңдап отырған Айбарша кенет орнынан ата тұрып, әлденені ұқтырмақ болып, бөлме ортасында ерсіл-қарсылы жүріп жүрген бұған қарай беттеген. «Зайыры, мені қуа көрме деп аяғына жығылып зарлап жалынатын болар», –деп ойлаған бұл. Іркіліп қалды.
Сол сәт Айбарша мұны шапалақпен тартып жібергенде, кескен теректей еденге гүрс етіп құлады. Ата тұрмақ болып ұмтыла бергенде, бір жағына қисая кетті. Сол сәт көзіне жас үйіріле еңірей жылаған. Тек Айбаршаның:
– Әй! – деген даусы шыққанда, жас балаша екі көзін жеңімен сүртіп, тына қалған. –Өй, сенің қорлығың мен мазағыңа мұнан әрі төзер жайым жоқ. Алғашқыда түн болса шошып, оянған болып, әлденелерді сандырақтап есімізді бір алдың. Апам көпті көрген сабырлы жан ғой.
Біріншіде саған шошына қарағанмен, біртіндеп сенің құрық бойламайтын қулығыңды ұғынып: «Шошыған адам олай шошынбайды. Сен, – деді маған, – есіңді жиып сандырағыңа құлақ түр».
Сонда мен ол кісіні көпке дейін түсіне алмай, өзінің баласына өзі сенбегені несі деп іштей кінәлаумен болдым. Шошынып оянғанда, сенің бір сөзді қайталай беретініңді аңғардым. «Полигон», «белсіздік». «Салдақы әлдекіммен... Ойнас... Абыройым... Онан да атылып... Жоқ асылып... Онан да полигондағы ойыққа батып...».
Сенің осы үздік-создық үзіліп жалғанған сөздеріңнен мен жантүршігерлік ойыңның негізгі арнасын аңғардым. Алғашқы, одан кейінгі түндерде мені емірене құшағыңа ала беріп, шоқ басқандай шошынып, теріс айналып өз орныңа аунап кететініңнен-ақ сенің әскер қатарынан сырқатты болып, оралғаныңды сездім.
Сезінсем де ол туралы әңгіме қозғамадым. Бірте-бірте сенің маған суығаның соншалық– төсегіңді бөлек салдырттың.Мен саған сонда жаныңа, арыңа тиетін белсіздігіңді бетіңе басатын бір ауыз ауыр сөз айттым ба? Жоқ. Іштей тындым. Мінез көрсетуге арландым.
Құдайдан сенімен менің уыздай ақ, пәк махаббатымыздың жемісі Ізбасаржанға өмір тіледім емес пе? Сенің арыңды аяқ асты ету, көзіңе шөп салу ойыма кіріп шыққан емес. Үш жыл шыдадым ғой. Құдай қуат берсе, шыдармын. Тек өзі аман болса екен деп сенің тілеуіңді тіледім. Ал сен болсаң қашан үйдегілердің көзі ілінгенше сыртта сенделеп жүріп алатыныңды шығардың. Сондай күндердің бірінде сыртқа шыққан апам:
– Әнуар-ау, жатпаушы ма едің? –дегенде.
– Ана сайқал саған менің белсіз екенімді жеткізген ғой! Иә, белсізбін! – деп дауыс көтеріп жеп жібере жаздадың, сол сәт бала шошып оянды. Әрең уаттық. Ал сен бұрын-соңды ешкім естіп- білмеген бір үлкен шындықтың бетін ашқандай-ақ мардымсып кеп орныңа жаттың. Мен апамды аядым. Бұл аздай енді маған: «Мен де қатын, сен де қатын менімен қалай өмір сүрмексің? Жөніңді тап!» – деуді шығардың.
Сонда анаңның көзінен қанды жасы аға отырып: «Айуан неме, кетсең өзің кет! Берген Құдай, алған Құдай. Ал мен тірі отырғанда, саған әкеңнің отын өштіртпеймін! Ізбасарымды ана құшағынан айырмаймын!» – деген еді. Мен де ешқайда кетпек емеспін. Сен өлуге бекінсең, айтар сөзім, қылар лажым жоқ.
Осы сөздерді айта жүріп, киім кешегін қол сеткасына салған ол есіктен шығып бара жатты. Өз атына айтылған соншама ауыр, ауыр болса да шындықтан есеңгіреп ес жия алмай қалған еді.
Орнынан сүйретіліп тұрып, беті қолын жуып, таранып, есік көзінде тұрған жігіттерден: «Жаңа шыққан көк көйлекті әйел қай жаққа беттеді?» – деп сұрады. – Біз түскен таксиге отырды.Қайда кеткенін кім білсін? –десті.
Содан бұл Автобекетке барып, Баян бағытына баратын автобусқа мініп жатқан жұртты көзімен шығарып салды.
Қонақ үйге қайтып оралып, күтуге бекінді. Түн ортасында қонақ үй қызметкерлері Айбаршаның кереуетіне әлдекімді әкеліп орналастырды. Бұл әйелімнің орны деген бұған: «Әйелің орнын тапсырып кетті», – десті.
Сан жылдардан бері Әнуардың алғаш рет жүрегі аузына тығылды, зәресі ұшқаны осы шығар. Тұңғыш рет Айбарша мұның тағдырын өзіне сеніп тапсырған құдай қосқан қосағы екені, алда-жалда әлдебір тосын жағдай бола қалса, оның тағдырына...
Бетін аулақ қылсын! Айбаршадан нені болсын күтуге болатынына манағы болған жағдайдан кейін әбден көзі жетті. Ары аяқ асты болып ашынған әйелдің азулы қаншықтан айырмасы шамалы.
Қан болудан, қан қылудан тайынбайды. Осылай ойлаған ол тұңғыш рет Айбаршаның өзінің ар-ожданы үшін тайынбай күресе алатынына көзін онан әрі жеткізе түскендей еді.
***
Қонақ үйдің қасында таксиге отырған бұдан жүргізуші егде қазақ:
– Қайда бармақсыз? –деді сұраулы жүзбен.
– Баянға, Көпшілік колхозының Жәнібек ауылына.
– Қарағым, оған көп ақша қажет қой!?
– Сонда қанша сұрайсыз? Жүргізуші қажетті жол ақысын айтты.
– Жақсы, –деді бұл, – онда кеттік.
Такси Баянның ойқы-шойқы, ойдым-шойдым жолына түскенде, Айбаршаның көзі жұмыла берген.
Ұйқылы-ояу. Өткен өмірін сүзгіден өткізіп, бей-жай күй кешті. Жастай әке-шешеден жетім қалып, ағайындарының қолында тәрбиеленді. Сорлы басы аштықты да, жоқтықты да бір кісідей көріп өсті.
Қара жер хабар бермесін, жеңгесі мұны күніне екі-үш рет шашын жұлып, қарғап-сілеп ұрмаса, ішкені ас болмайтын.
Мұны да қойшы. Ағасы байғұсқа да күн көрсетпейтін. Өте тілді, адуынды адам еді. Баян маңайында олар күл төкпеген колхоз әй сірә да жоқ болар.
Басқалар үшін колхоз мүшелігінен шығу орындалуы қиын арман болса, бұлар үшін «тьфу» дегенмен бірдей еді. Колхоз бастықтары, былайғы жұрт аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатын.
Үлкенді үлкен деп , кішіні кіші деп білмейтін. Мұның жеңгесі мен ағасынан колхоз мүшелігінен босату туралы өтініш түскен күні мүшеліктен қолма-қол шығарып қана қоймай, қалаған жерлеріне көшіртіп тастайтын. Бұлар кен орны Жуалыға солай тап болған. Жеңгесі болашақ енесі Күләнмен бұрыннан таныс екен.
Ол бұларды өздерінің маңайында бос тұрған үйге иесімен келісіп қоныстандырады. Күләннің көзі бірден ісіне ұқыпты, тындырымды, қол аяғы балғадай, түрі де үріп ауызға салғандай Айбаршаға түседі.
Оған: «Маған бала бол», –деп қолқа салады. Әнуарды бұл да сырттай көріп жүретін.
Сол тұста мектеп бітіріп, жұмыс істеп жүрген жас жігітті ұнатып тұрса да, «Жә» деп жауап бере алмайды. «Жеңгем біледі», – дейді. Оның тілін қалай тапқанын кім білсін?
Көп ұзамай бұл Күлән апаның босағасын аттап, келін атанады. Бір таңқаларлығы, Әнуардан: «Саған Айбарша ұнай ма? Үйленесің бе?» – деп сұраған тірі жан болмады. Әнуардың тарапынан да: «Бұларыңыз қалай? Менің қалауым басқа», – деген сөз болған емес. Екеуі ойламаған жерден бір-ақ сәтте ерлі-зайыпты атанып шыға келді. Арманға толы, қызыққа толы сол күндер-ай!
Сол сәт Айбарша еркінен тыс «аһ» ұрып, егіліп жылап жіберді. Мұның бір сәттік жан күйзелісін ірке алмаған жүргізуші де аңдап қалған еді. Ол енді жолаушысының түріне, үстіне, киген киіміне бажайлай қарады. Әбден-ақ берекесі кетіп, көзі-басы іскен әйел.
Үстіндегі жеңіл көйлегі жуыла-жуыла өңі кеткен. Соншалықты жүдеу жыртылуға шақ еді. – Басыма пәле болып жабыспаса жарар еді. Бұл пәтшағарды қалай ғана Баянға, тіпті Баяннан әрі Жәнібекке апаруға келістім екен? Кермек ой санасын меңдеген ол:
–Әй, қарағым, сенің өзі маған төлейтін ақшаң бар ма? Ауылыңа барған жерде қызыл кеңірдек болып жағаласып жатпайық, – деді.
–Мұның да мені қорқытқысы келеді. Сол сәт алапат ашу қысып, қаны басына тепкен Айбарша: «Тоқта, түсем!» деді. Тоқтаған сәтте ол мұның есігін жұлқи ашып, жерге сүйреп түсірген.
–Сенің менімен ызбарлана тіл қатып, жағаласқың келе ме?- деп, онсыз да зәресі ұшып кеткен жүргізуші:
– Сізбен? Жоқ. Жай сөздің сыралғысы ғой! Бала-шағам...
–Онда рульге ие бол! Сенсіз де итім шығып келеді. Ал әлгі тиын-сыйыныңды аласың.
Жол әрі жалғасты. Сөйтіп, бақыттан басы айналып жүргенде, Ізбасар өмірге келді. Әнуар әскерге аттанды. Аңсай күткен хаттар... Әдетте сол хаттарды енесі Күлән өзі айтып отырып жаздыратын. Сағынатын да, сарғая күтетін де –Күлән мен Ізбасар. Мұның аты аталмайтын. Бір ғажабы, Әнуар да өз хатында Айбаршаның атын аузына сирек алатын.
Шыны керек, Айбарша Әнуардан келген хаттардан: «Сүйікті, жарым!», тіпті «сүйікті» деуге ұялса, «Айбарша» деген жалғыз ауыз сөзді оқысам-ау! – деп армандайтын. Өзі Әнуарға бір ауыз жылы сөз жазайын десе, шешесінен айбынатын. Ол хат қалтаны желімдеп, поштаға өзі апарып салатын. Әлгі жұрт өзара жарылыс атандырған сынақтың алдында Кәрімқұл шалдың ізім-қайым жоқ болғанын ауыл жаңалығы ретінде енесінің айтуымен бұл Әнуарға жазып жіберген.
–Ондай қақпастар қарап жүрмей, қаңғып өледі немесе тісінің қанын біреуге жұқтырады. Әнуардан келген хаттағы осы қатқыл жолды бұл енесіне жұмсартып жеткізген. Тек Әнуардан келген хатты бірнеше күннен кейін астын сызып, өзі қайталап оқыған. Күлән бұған: «Әнуардың Кәрімқұлды қаңғырып өлді, тісінің қанын біреуге жұқтырды», – дегені не сөз? – деп бұдан сұраған.
Содан соң: «Айбарша, – деген бұған біртүрлі мұңая қарап–, Әнуардың мінезінде түсініксіз әлдене пайда болғандай ма? Сен аңғардың ба? Анада көрші ауылда өмірге бір қол, бір аяқсыз бала келгенін жазғанымызда: «Маған десе ол қатын басы жоқ бала неге тумайды?» –деп жауап бергені есіңде ме? Мен жалпы Әнуардан шошына бастадым.
Тек Алла өзі оңғарсын» – деген көзіне жас алып. Бұл оны тыныштандыруға тырысты. Алла-ай, десеңші! Әнуардың мінезіндегі түсініксіз өзгерісті ана жүрегі күн ілгері-ақ сезген екен-ау! Оның ойын жүргізушінің:
–Келін, Жәнібегің осы емес пе? деген даусы бөлді.
– Иә, – деді бұл.
– Онда үйіңіз қайсы?
– Ана шеткі үй. Мынау жол ақыңыз. Жүргізуші бұл ұсынған ақшаны санамастан қалтасына сүңгітіп жіберді. Ол іштей құтылғанына қуанған.
– Япыр-ай, лағынеттің жүзі неткен сұсты еді! Екі көзі сүзеген бұқадай шатынап, жағамнан тап бергенде... Өлген жерім осы болар... Қой, қарамды батырайын.
– Ата, – деді Айбарша, –түс болып қалған екен, асықпай шай ішіп аттаныңыз.
– Жо... Жоқ. Бөгей көрмеңіз, –деп, бұл безек қағып, асығыстық танытты. Мұның үйге жалғыз кіріп келе жатқанын көрген енесі мұны неге жорырын білмей абдырап қалды. Тек сол сәт Ізбасар: «Мама, папам қайда? Папам?.. Сен оны қуып жібердің бе?» –деп сұрады.
Сол сәт енесі: «Қу жалғыз-ай, құрыдың да тындың ба? Тым құрыса...». Осы сәт әйнектен көрші әйелдің өткенін көріп:
– Иә, барған жағың аман ба екен? – деді дабырлай сөйлеп.
– Шүкір, Әнуар бір жұмыстарымен қалада қалды. Ертең-бүрсігүні келіп қалар.
– Жә, жолдан шаршап келдің ғой. Жуынып, шай қайнағанша дем алып жата тұр. Айбарша жастық алып жантайды. Күлән сыртқа беттеді. Сыртта оның көрші әйелге: «Айбарша жолдан шаршап, басы ауырып келген екен, дем алып жатыр, сонан соң келерсің», –деген даусы естілді. Іштегі өртін сырт көзге сездірмеуге тырысумен өмірі өтіп жатқан байғұс енесін Айбарша сол сәт қатты аяған.
Ашу үстінде көк тиынсыз Әнуарды қалаға тастап кеткеніне қатты өкінді. –Қазір қайда? Қандай халде? Әлде... Ертіске... Өз ойынан өзі шошып кеткен ол орнынан ата тұрып, бұрышта өзімен-өзі ханталапай ойнап отырған Ізбасарды құшақтап: «Папаң бүгін не ертең келеді», –деумен болды. Осылай десе де, оның солай боларына аса сенімді емес еді. Сырттан әлдебір еркектің енесіне: «Жолдас кемпір, сенің әлгі жатыпішер жалқау балаң қайда?» –деген даусы естілді
– Қалаға кетіп еді, жай сұрадыңыз ба, ақсақал?
– Жолдас кем-кемп ...тошнасы қатын, сен өзі қалай-қалай сөйлейсің? Мені саған ақсақал деп кім айтты?
–Қарт адам болғанға.
– Тәйт әрі, найсап...-Қартпын ба, сартпын ба? Онда сенің делаң қанша? Бұдан былай жолдас хат- хабар тасушы дейтін бол ұқтың ба? Атын тебіне беріп, әлдене есіне түсті ме?
– Жолдас кемпір, сен қол қоя білесің бе? – Деп сұрады.
– Иә, жолдас шал.
–Міне, дұрыс. Мынау сенің балаңа, ту-ту Қарағандыдан. Келген заказный хат саған сеніп тапсырамын. Ал мына жерге қолыңды қой, – деп қағаз бен қарындаш ұсынды. Үйден жүгіре шыққан Ізбасар әжесінің қолындағы хатты: « Мама, оқышы!» – деп бұған ұсынған.
–Апа, бұл хат Әнуардың айта беретін досы Адольфтен келіпті. Өзін тосайық, – деп жоғарыға қойды.
Бұл сәтте Айбаршаны қонақ үйдің, автобекеттің жанынан күте-күте шаршаған Әнуар жынданып кете жаздады.
–Бәріне өзім кінәлімін. Күйгелек, сары уайымшылдығым... Енді бір сәтте... Ашу үсті Айбарша ... Жоқ, жоқ, менің Айбаршам. Мендей ақымақ ұшқалақ емес қой. Ізбасарымның анасы менен көңілі қалса да, Ізбасарын жетім қалдырмас.
Сол сәт бойына әлдебір сенім, тіпті беймәлім күш пайда болған еді. Ол енді Павлодардан Баянға баратын жолға шыққан. Қол көтерген машиналарының бірде-бірі тоқтамай ағып өтіп жатты. Міне бір Москвич келе жатыр. Бұл оған қол көтеруге батылы жетпеді. Тек Москвич мұның қасынан өте беріп тоқтады.
– Әй, жігіт, бері келші, қайда барасың?
– Баянға.
– Бізге Жуалының жолын...
– Аға, – деді бұл оның сөзін бөліп, – мен де негізі Жуалыға барам.
– Отыр онда.
***
Бұдан бірер күн бұрын жауып өткен лайсаң жаңбыр жерді езіп-ақ кеткен екен. Жылға су ағар сайлар кішігірім бұлақтардың тұсында машиналары батпақтап зықылары әбден-ақ шыққан.
Алыстан көк мұнарға бөленіп тұрған Ақбеттауды көргенде: «Япыр-ай, Баянды: «Жер жәннаты, арқаның алтын арқасы», –деуші еді, рас екен!» –деп тамсанумен болды. Тіпті сапарлас әйелдердің бірі:
Баянауыл басынан бұлт кетпес,
Қиядағы түлкіге құсың жетпес.
Ақбоз үйдің сыртынан шығарып сал,
Қош, ағатай, дегенің естен кетпес, –деп шырқай жөнелді. Даусы соншалықты әсем еді.
Оған машинаның ішіндегі басқа да жолаушылар қосылып, Әнуардың күпті көңілін аз-маз болсын орнына түсірд. Ән аяқталғанда манағы жігіт ағасы бұған:
– Кенші, әйгілі Қосым Сабындыкөлден сүңгіп өтіп, өзін қуған қазақ- орыстардан аман қалыпты деп естідім. Бұдан хабарың жоқ па? – деп сұрады.
– Неге болмасын? Бар,-деді бұл. –Мен мына өздеріңіз келе жатқан Жуалыда өсіп-ержеттім. Ал сіз айтып отырған Қосым әрі аңшы, әрі әнші сонымен қатар кен көзін зерттеп ашушы болған.
Осы өңірдегі Жосалы, Көмір Шөптікөл, Екібастұз кен көздерін, т.б. қазба байлығы бар жерлерде алғаш ашқан сол кісі дейді. Ал сіз айтып отырған жайға келетін болсақ, Қосым Баянның жатақтар тұратын жағында қоныстанған. Бір жесір әйелмен көңілдес екен. Оған сен менің әмеңгерімсің. Сені тоқалдыққа аламын деп сол жерде тұратын бір байдың ығыр етіп жүрген тұсы екен.
– Содан деріңіз бар ма? Әйелге бақылау қойдырса керек. Ол Қосымның әйелдің үйіне келіп кіргенін көріп, байға баяндайды. Бай да ара-тұра күреске түсіп жүретін.
Әлді жігіттердің бірі екен. Өзіне-өзі сенімді болса керек. Қосымның сыбағасын беруге жалғыз өзі аттанады. Үй сыртынан әйелді боқтап: «Құртамын, үйіңді өртеймін, бала-шағаңды өлтірем, өзіңді күң қыламын!» – деп кіжінеді.
Үйден ата шыққан Қосымды дырау қамшымен қақ шекеден сап ұрмақ болып сілтеген сәтінде аяғы-көктен келіп, топырақ қаба жерге гүрс ете түседі.
Орнынан ата тұрып, үйінен шілті мылтығын алып шығып, Қосымға оқ атады. Оның өзін өлтіруге бел байлағанын көзі жеткен әйелдің оның даусын естігенде: «Құрыдым. Бұл кекшіл неме мені көрге тықпай тынбайды енді, құтқара гөр!» –деген аянышты үні ойына оралады.
Байдың атқан оғы бұған тимей кетеді. Ол тағы да мылтығын кезей берген тұста, Қосым атып жібереді. Сол сәт атаманның күзетшілері мұның соңына түсіп беріпті. Сабындыкөлге жеткен тұста суға секіріп жүзе жөнеледі. Жағаға жеткен күзетшілер оқ жаудыра бастайды.
Сол сәт Қосым суға сүңгіп кете барады. Күзетшілер жағада даурығып тұрғанда, солардың бірі әне басы қылт етті деп, көлдің орта тұсын меңзейді. Жарыса оқ жаудырады.
Сол екі арада барар бағытын анықтап алған Қосым онан әрі сүңгіп, көл суы кенерін көмкеріп тұрған жартастың астындағы үңгірге кіріп үлгереді. Солай аман қалыпты деседі.
–Апырай, қазақта да әйел адамды мұнша құрметпен оның арына араша түсуге басын байлаған, мұндай да ерлер өткен екен-ау!
–Айтпа, қазіргі еркектер ғой әйелдің намысын жыртпақ түгіл, өз басын қорғай алмай жүрген. Машина ішіндегі әйелдердің өзара әңгімесін жүргізушінің: «Ал, Жуалыға да жеттік», – деген даусы бөлді. Осы сәт Әнуар жүргізушіге: «Осы арадан мен түсіп қалайын», – деп сапарлас болған жолаушылармен жылы қоштасқан.
Ол ешқайда да бұрылмастан Жәнібекке бет алды. Жол бойы бір-ақ сәтте жоқ болған Айбарша аман-есен үйге жетті ме екен? Жоқ, әлде... – деп Айбаршаны ойлаумен болды.
Ара-тұра сапарлас әйелдердің: «Арына араша түсуге басын байлаған. Қазіргі еркектер әйелдің намысын жыртпақ түгіл...» –деген сөздері есіне түскен. – Рас қой, – деп терең күрсінді бұл. –Соның барлығы әйелдің қадірін білмеуден...». Мен– еркекпін, менің қалымды ол ойласын!» – дейді кейбірі өркөкіректеніп.
Ал мен айықпас дертке...Соның өзі рас па? Рас болғанда, сырқаты қай дәрежеде? Анасы байғұстың «ажалдан басқаға амал табылған» деген уәжіне құлақ түріп көрді ме? Жоқ, бәлкім, мұның дертінен емделіп-жазылуға да амал табылар.
Мұның: «Жүрсем буын-буыным сырқырайды», – дейтіні ойдан шығарылған өзгелердің аяушылығын туғызуға бағытталған сылтау емес пе? Егер соның бәрі рас болса, Айбаршаны іздеп, қаланы шарқ ұрғанда, тіпті Павлодар мен Жуалының арасындағы ойқы-шойқы жолда белі неге бастырмай қалмады?..
Талай рет батпаққа батқан машинаны итергенде, доңғалағының астына даладан тас теріп төсегенде қара терге малшынып, өкпесі неге қыспады? Өзіне-өзі тұңғыш рет осыншама көп сұрақ қойған ол бір таңқаларлығы тұшымды жауап таба алмай дал болды. Ол терезені ақырын тықылдатқанда, сергек жатқан шешесі орнынан ата тұрып, есік ашқан.
Әнуар одан:
–Айбарша келді ме? – деп сұрады.
– Үйде. Сол сәт ол босағаға отыра кетіп, аңырай жылаған. Үйден ата шығып, оны жұбатпақ болған Айбаршаны енесі ірікті.
–Тоқтатпа, жыласын, еңсесін басқан зілмауыр ойдан тазарып, көңіл құсасынан арылсын.
Бұлар жуынып-шайынып үйге кіргенде, оянып кеткен Ізбасар
– Папа, келдің бе? Келдің бе? – деп мұның жайған құшағына қойып кетті. Әлден соң барып:
– Папа, папа деймін, сенің Адольф досыңнан хат келді. Әжем мен мамам: «Хатты папаң келмей ашуға болмайды», – деп алып қойды. Папа енді сен келдің ғой, хатты ашамыз ғой деді алақанын шапалақтап. Адольфтің хатын Әнуар өзі ашқанмен, «сен оқы» деп Айбаршаға ұсынды.
Әнуар!
Мен сенің адресіңді баяғыда мені қазақ мектебіне жетелеп апарған шалдан алдым. Ол– әкемнің досы. Иә, айтпақшы ол сенің менімен түскен суретіңді көріп: «Өй, мынау менің інім», – деді. Аты– Зейін. Өз халіме келер болсам, әтек болып қала жаздағам екем, емделіп жазылдым. Қазір екі балам бар.
Жұмыс істеймін. Институттың кешкі бөлімінде құрылыс факультетінде оқимын. Әнуар тірі болсам, сені іздеп табам деуші ем ғой, міне таптым. Ендігі айтарым– сен Қарағандыға кел. Емдел. Емделмесең... жағдайың қиын болары хақ. Қаражат үшін қысылма. Кел, тосамын.
Сәлеммен –Адольф.
Адольфтің хатын Айбарша оқып болған сәтте Күләнданың: «Құлыным-ай, сенің мұндай адал досың бар екенін кім білген? Бұл да болса Алланың бергені шығар. «Кел, емдел» деп шақырып отыр ғой. Сен бұған не дейсің, Айбарша?» – деп келініне қараған. – Мұны енді Әнуардың өзі біледі. Ал маған салса, Қарағандыға қазір аттан дер едім. Аш-жалаңаш болмаспыз, тек Әнуардың дені сау болса екен. Сен не дейсің? – деді Күлән Әнуарға.
– Ақша жағы қиын болмаса, қанша айтқанмен қалалы жер ғой. Сол сәт орнынан тұрған Күлән келінінің қолына шүберекке түйілген әлденені ұстатты.
– Пенсиям, сен әскерге кеткеннен жинай бергем.
– Өзіңізге қажет болар.
– Өлсем, көмерсіңдер! Анасының үніндегі ренішті аңғарған Әнуар:
– Апа, Айбаршаны өзіммен бірге ала кетем.
– Өте дұрыс. Мен Әділ ағаның ауылына көшіп алармын.
– Мен, –деді Әнуар, – Әділ ағаның батасын алып аттансам деп едім.
– Онда бүгін демалыңдар. Ертең жолға шығарсыңдар.
Ертеңгісінде бұлардың үйіне Бөлекбай келіп кірді. Нан ауыз тиген ол: «Күлән, мен Әділ досымның көңілін сұрауға бара жатырмын. Саған амандаса кетейін деп арнайы соқтым», –деп жөнін айтты.
–Аға арбаңызда орын болса, біз де сонда барғалы отыр едік, – десті бұлар.
Бөлекбай мен Әділ амандық- саулық сұрасып, мауықтарын басқан тұста Күлән:
– Аға, – деді Әділге, – Бөкеңнен сыр жасырамыз ба? Мына Әнуар сырқатты болып жүр ғой. Әскерде бірге болған жолдасы емделуге Қарағандыға кел көмектесем деген екен. Әнуар Алла сәтін салса, соған жүрмек.
Сізден бата алғалы келді, – деді қысқа қайырып.
– Құлыным-ай, деп аз-кем толғанып отырған Әділ:
– Алла өзі ақ жолына бастасын,
Басыңнан бақыт қашпасын.
Ауыр дерттен айықтырсын бір Алла,
Ашып алдан саламаттың қақпасын.
Әумин!
Аз-кем үнсіздіктен кейін Бөлекбай:
– Олай бұлай өткен жолаушы болмаса .
– Қой, онан да сен сырттағы көшір баланы шақырып кел.
– Жақсы аға!
– Ал, онда қозғалып кетіңдер.
Бұлар сол күні әлдекімдерге ілесіп, Қарағандыға түнгі сағат 12 - ге қарай келіп түсті.
***
Әділдің кірпігі айқаспай, дәм сызбастан сұлық жатқанына да бірнеше күн өтті. «Ауру азығымен» дейді ғой, тек ұйқыға да осыншалықты төзуге де болады екен-ау! Әділ Айтқожа қайтқалы тіпті төмендеп бара жатқанын айқын сезінген.
Сырттан көңіл сұрай келген өзге жұрт түгіл, үйдегілермен де тіл қатысудан қалған. Қыс бойы жол қатынасының қиындығынан келе алмай, каникул күндерін тағатсыздана, асыға күтіп, хал үстінде жатқан әкесін көріп қалсам-ау деген оймен қаладан құстай ұшып жеткен Қабаштың келуі де көңілін көтере алмады.
Әлдебір зіл батпан мұң қаншама серпілейін, сергиін десе де, еңсесін көтертпей-ақ қойған. Содан да болар, көп күндер бойы: «Жан дегенде жалғызымды көре алмай кетпесем не қылсын, иә Алла, пендем десең, жалғызымды көзіме бір көрсет, сонан соң ала бер!» –деп тілек тілеп, ойын он саққа бөлді. Қабашын көрген жерде:
– Келдің бе, қарағым?! – деуден әрі аспады. Осы жалғыз ауыз сөз оның ата ұрпағын алға жалғастырар Қабашқа деген сағынышы мен шексіз махаббатын, оны аман-есен көргеніне бір аллаға келтірген тәубасын, жүрегін тербеген қуанышын бойына сыйдырған еді. Мұнан әрі оған қарата тіс жармады.
Тіпті, бұрынғыдай артын Алла оңғарсын, біздің халіміз осы болды... Жаратқан ием, енді өзіңе өмір берсін, азғантай дүниеңе ие бол, қарағым, өзіңде жоқ болса, әкең де жат, ағайын-туған тек айтуға ғана, бекем бол! – деп мұңын шаға өтініш те айтпады. Ұзақты күн үйдің төбесіне, қабырғасына үнсіз телміріп, жатқан да қойған.
Тек ара-арасында ыңқылдағаны, іштен шыққан от-жалын деммен кебірсінген ернін сүртуге су сұрағаны болмаса, оның бұл сұлық жатысы тіпті тіршілік белгісін аңғартпайтын. Ана жолы түсіне кірген сол сұмдық сұрапыл сурет сәт сайын жүз құбылып, мың түрленіп көз алдынан өтіп жатқаны.
Көктен жұлдыздай ағып, құлдырап келе жатқан мыңдаған адамдардың арасында әзірге сүйікті жары Ғайша мен жанарының жарығындай Қабашының, балдызы Валяның көзге түсе қоймағанына іштей қуанып: «Құдай-ау, тек соларды аман сақтай гөр! Мені солардың алдында ал», –деп іштей егіле тілеумен таңын атырып, күнін батырып, қоламтада қалған қызыл шоқтай бірте-бірте сөніп бара жатты.
– Қабаш, қарағым, әкең бүгін күндегіден де қалжыраңқы сияқты, сен ауылдың молдасы мен осы төңіректе тұратын үш-төрт қарияны шақырып келсең қайтеді? – деді шешесі.
Көп ұзамай олардың алды үйге сәлем беріп кіре бастаған. Тек Әділ олардың үйге кіргенін де, сәлем бергенін де, жанына жақын жайғасқан молданың жеңілдік айта бастағанын да сезген жоқ еді. Сол ессіз-түссіз сұлық күйінде жата берді.
Кеудесінде әлі де шықпаған жаны бар демесе, ол мына тірлік аталатын күнәкәр дүние-жалғаннан бірте-бірте қол үзіп, белгісіз, беймәлім әлемге араласып жүре берді. Тағы да сол бейкүнә жатқан талайлардың тал бесігі болған қазақ қыры...
Тағы да сол көз қарықтырған қызыл жалын... Қара тозаң... Бұрқ ете қалған жарылыс... Жерге қарай жарыса ұшқан аруақтар мен әлі де тірілер қатарында жүргендер... Солардың арасында қалықтап келе жатқан өзі. Кенет өкпе тұсынан пайда болған алып тұлғалы, жасыл киімді дәу:
– Осы сен-ақ жалмауыздың аузынан жырылып кете береді екенсің, жүр қане, алдыма түс! –деп күндей күркіреп, жанарынан от бүркіп, найзағай қамшысын үйіре бергені сол еді, бұл екеуінің арасына ақ киімді дәу киліккен.
– Сабыр етіңіз! Сызығы жеткенде Алланың құрығынан кім қашып құтылар дейсің? Мұны жалмауыздың аузынан жырып әкетіп жүрген мен едім, – деген. Оның сөзін естіген жаңағы жасыл киімді дәу ештеңе деместен қалай аяқ асты пайда болса, солай ізім-қайым жоқ болған. Сол сәт:
–Ал, пендем, – деген ақ дәу, – сенің маған қоятын сұрақтарың бар шығар, құлағым сенде.
– Жаңағы жасыл дәу кім?
– Ол да, мен де періштеміз.
– Жердің өзегін жұлып алып, от-жалынға ораған ана жалмауыз қайдан пайда болған? – деді бұл төменгі жақты нұсқап.
–Оны пайда қылған адамдар, өзің сияқты жұмыр басты пенделер.
Осы сәт айнала төңіректе азан-қазан болып жылаған, шулаған, қыңсылаған, қырылдаған, мөңіреген, ұлыған, кісінеген дауыстың меңдеп кеткендігі соншалық– тіпті естіген жанның құйқа тамырын шымырлатып, құлағының торсылдағын жарып жібере жаздаған.
– Мынау не дауыс? – деп сұрады Әділ.
– Бұл жердің өзегін жұлып алып, жер-дүниені қызыл қанға бөктіретін жалмауызды ойлап шығарған адамдарға жер бетіндегі тіршілік иесі, жан-жануардың айтып жатқан қарғысы.
Сен төмендегі көлкіген көлді көресің бе? Көрсең, ол жаралы жер-ананың жарықшағына жиналған сол мұңлық, бейбақтардың көз жасы. Мұндай көлдер алдағы уақыттарда да көбеймесе, азаймайды, – деді ол күрсінген тәрізді үн шығарып.
– Жер-ананы жарақаттап, бейбіт адамдардың осыншалықты зобалаң туғызған екі аяқты айуандардың Алла тағала жазасын неге бермейді? Біз сияқты жарық дүниеге, аз күнге қызық, рахат көруге келіп, сергелдеңге түскен мүскіндердің көл болған көз жасын неге көрмейді? – деді. Мұның сұрағына ақ періште көкке қарай жаутаңдап қарап:
– Жә, жетер, мен саған онсыз да сен білуге тиісті емес біраз жайларды айтып қойған сияқтымын, – деді біртүрлі қобалжып.
–Жоғарыдағылар «тоқтат» деп жатыр, сенің жер бетіндегі күнәһар жандардың арасында заман қаншама қытымыр болса да, ана сүтімен ауызданған құдайға, қала берді, аруаққа деген сеніміңді бір сәт те жоғалтпай, қасыңда зарыққан, тарыққандарға қол ұшыңды беріп, мейір, пейіл танытқаның періштелердің саған ықыласын түсірген еді.
Мен солардың саған жіберген өкілімін. Сенің тән азабыңды қолдан келгенінше жеңілдетуге тырыстық. Ал мына болып жатқан құбылысты саған емес, ұлы ғалым адамзат ұрпағына бақайшағына дейін шағып түсіндіреді.
Бұл сұмдықтың көзін мәңгілік жою үшін солар батыл күресетін болады. Сол сәт тағы да манағы жасыл киімді дәу қапталдаса берді. Ақ періште ізім-қайым жоқ болған. Ендігі бір сәтте өзінің де айдаһардың апандай өңешіне түсіп бара жатқанын аңғарды. Әділ ет жүрегі дір етіп, селт етті.
Сол сәт демі үзіліп жүре берген. Жанындағы отырған молда мен қариялардың өзінің бетін жауып, үй ішіндегілерге көңіл айтып, оң жаққа қоюға қам жасап жатқанын, жұрттың еңірей жылағанын естіген жоқ еді. Мәңгілік сапарға аттанып кеткен.
***
Адольф таңертең Әнуарды ауруханаға орналастырып, сол маңайдан Айбаршаға бір бөлмелі пәтер жалдауына жәрдемдескен. Сөйтіп үмітінен күдігі басым, өлім мен өмір алпарысы басталып кеткен.
Талай түндер ессіз-түссіз жатқан Әнуардың қасында болып, өмір-өлім күресінің куәсі болған Айбарша ақ халат кигендердің арасында Анна атты емші дәрігерге, оның Әнуарға деген ыстық ықыласы ілтипатына ерекше тәнті еді.
– Апыр-ай, дәрігерлердің бәрі бірдей осындай білімді, өз істеріне ыждаһатты болса ғой! – деп ойлайтын. Ауру азабын тартып жатқан сырқаттардың жан азабы аз да болса азаяр ма еді? Ақыры, Әнуар көзін ашып, тамаққа қарады. Тек дәрігерлер оны жан сақтау бөлмесінен шығаруға асықпаған. Дәрігер келіп кіргенде, Әнуар мұның көмегімен бір басып, екі басып, палата ішінде жүріп жүрген.
–Какой красивый казах!
Сол сәт әскер қатарында жүргенде онымен өткізген қызық түнді есіне түсірген Әнуар:
– Бұл сенсің бе, Анна? – деген.
– Иә, басқа кім болуы мүмкін?
– Саған қарыздармын. Не сыйласам екен?
– Сен маған онсыз да баға жетпес сыйлық жасадың емес пе, Әнуар? Сен арқылы мен Адольф сынды арлы азаматпен, қайсар қазақ әйелі Айбарша сынды махаббатына адал жанды, мөлдір дос таптым. Бұл аз ба саған?..
Сонан соң бізді сынақ алаңына басқарып барған әйел есіңде ме? Ол тұста ол менің және қасымдағы қыздың ғылыми жетекшіміз еді.
– Әлгі егде әйел ме?
– Иә, ол кісі қазір академик. Ол Адольфтің ағасының шәкірті. Енді ұқтың ба? Сен сол кісіге бір көргенде қалай ұнап қалғаныңды білмеймін.
Әлде бұл да саған берген тағдырдың сыйы ма? Оны кім білсін?! Әлде сені қыршынан қиылып кетпесін деп аяды ма? Адольф екеумізге сені тауып, мүмкін болса аман алып қалуды тапсырды.
Сол кісінің көмегімен күншығыс елінің радиациялық сәулеленуден емдейтін мамандармен қоян-қолтық еңбек еттім. Тәжірибе жинақтадым. Шығыс елінің тілін үйрендім.
Тіпті ол сен ессіз-түссіз жатқанда, өзі келіп емдеу шарасын жүргізді. Сөйтіп... Иә, – деді ол сонан соң жүзіне күлкі үйіріп, – Айбаршаға енді күндіз де, түнде де, әсіресе түнде жасқанбай қарауыңа болады, оған мүмкіндігің мол.
–Қойыңызшы, Анна Ивановна, – деген Айбарша ұялған сыңай танытып.
– Мұның шын екеніне әлі-ақ көзің жетеді, – деген Анна Ивановна шаттана күліп.
Сол сәт Әнуардың есіне сол тұстарда асқына бастаған дерті жиі-жиі ұстап, ес-түссіз қалған сәттердің бірінде есін жиып айналасына қарағаны түскен. Мұндай да «Әнуар, Әнуаржан-ай, есіңді ақыры жидың-ау!» деп қасынан табылатын Айбарша да, тіпті медбике де жоқ еді.
Тым-тырыс. Адамның әсіресе барып қайтқан адамның зәресін зәр түбіне жетелегендей өлі тыныштық. –Апыр-ай, ә? – деп ойлады бұл, –менің есімді жиғаным рас па өзі? Жоқ, әлде, әлі де ұйқылы-ояу... Ол өз күдігін сейілту үшін қолдарын, аяқтарын қозғалтып көрген. Барлығы да дұрыс сияқты.
Ол баяу басын көтерді. Содан соң ақырын кереуеттен сырғи түсіп, бір басып, екі басып әйнекке қарай беттеген. Күн жарқырап тұр. Көше толған халық, бірі баласын көтеріп, бірі жетектеп, дәл әйнектің тұсынан өтіп бара жатқан жігіт, оларға әлденелерді айтып, әлденелерді көрсетіп, олармен бірге сықылықтай күліп мәз.
Мына кемпір мен шал бір-біріне қолдарын сілтеп дауласып тұрғандай. Анау оқушылар мен студенттер, зайыры, сабақтарына асығып бара жатқандай.
Мына бір қолдарындағы қол сеткасын сықай толтырып дүкеннен шыққан келіншек бәрі-бәрі әлдеқайда асығып бара жатыр. Япыр-ай, ә?! Ал бұл болса аурухана төсегіне таңылып жатқаны мынау.
Емделіп жатқанына да 7-8 ай өткен екен-ау! Көше кеше қандай қызулы алпарысқа толы болса, бүгін де сондай. Ал сырттағы жұрт бәз-баяғы қалпы.
Бірімен-бірі сағыныса көрісіп, құшақтасып жатқаны. Жасы егделердің жолдан өтуіне көмектесіп, қаншама асығыс болса да, ағылған автотранспортқа жол беріп тұрған жұрт.
Бұлар аурухана төсегіне таңылған. Әнуардың бүгінгі ертеңгі тағдырын ойлап, бас қатырып қайтсын?! Оған олардың уақыты бар ма? Ол үшін оларды сөгуге мұның тіпті қақысы да жоқ қой. Тіпті олар өзі сияқты ондаған жандардың даланың саф ауасын көкірек кере бір жұтуға, қарға адым аттауды аңсап жатқанын біле ме екен?
Жоқ, әлде... «Ауырмағанның құдаймен ісі жоқ» деп, сол сәт жанарына мөлт етіп ыстық жас келген. – Өмір, –деп ойлады ол. –Асау өзен. Ал асау өзеннің таудай толқынын жүзіп өту үшін сол толқынға қарсы алпарыса жүзу үшін қаншама күш қажет?!
Сол күш екінің бірінің тал бойынан табылар ма? Бұл енді– сауалдың сауалы. Мәселен сенің... О, ғажап-ай! Табылады, табамыз. Бұл жан-жағына таңырқай қарады. Сөйтіп, өзімен-өзі сөйлесіп тұрғанын аңғарды. Сол сәт өзін баяғыда-ақ талақ етіп әлдеқайда тастап, жоғалып кеткен сенімнің жұдырықтай жүрегіне қайтып оралғанын сезгендей еді.
Шым-шымдап бойына күш-қуаты қайта орала бастағанын сезінген.
– Ауруханадан шығар күні де алыс емес. Дәрігерлер солай деп отыр. Бұл Ізбасардың сынып жаналысына барып келген Айбаршаның жүрекжарды, қуанышты хабары.
– Адольфке қоңырау шалдым. Ол апамнан сүйінші сұраймын деп...
Осы сәт есік айқара ашылып, ішке Адольф пен Әнуардың шешесі еніп келе жатты.
Эпилог орнына
Оған да үш жылға тарта уақыт өтті. Ауыл алдындағы бейітте жатқан Айтқожа мен Әділдің бастарын сан қиыншылық көре жүріп әрең қарайтқан Валя мен Ғайша сол күні Тюменьнен жақында ғана қоныс аударған бауырлары мен келіндерін, балаларын ертіп, бейіт басына барып қайтуға шыққан.
Кенет аяқ астындағы жер бүйірінен әлдекім гүрс еткізіп қойып қалып, ыңқ ете түсіп, әлден соң барып аяқ-қолын бауырына алып, есін жинаған адамдай сұлық қалған. Сол сәт әлдененің гүрс етіп құлаған дауысын естіп, жан-жақтарына қараған бұлар өздері жаңа ғана шыққан үйдің орнында жабағыдай тұтасқан қара шаңды көздері шалды.
Бұлар естері шығып, үйге қарай жүгіруге мәжбүр болған. Шаң ыдыраған соң, қабырғалары қаусап, төбесі ортасына түскен баспаналарын көргенде, әйелдер жағы аңырай жылап қоя берді. Тек Ғайша ғана қатып қалған тас мүсіндей үнсіз еді. Әлден соң барып:
–Жә, жетер, –деген естері шығып еңірей жылаған туысқандарына жақтырмай қарап. «Бұдан жаманымызда да тойға барғанбыз» деген ғой халқымыз, ең бастысы, басымыз аман. «Басы аманның малы түгел» деп қайраттана сөйлеп. Бұл сәтте ауыл адамдары да жиналып қалған еді.
– Бұл жақта да жер сілкінуші ме еді? – деген қонақтардың бірінің сауалы жауапсыз қалды. Жұрттың назары құлаған үйді айнала жүгіріп:
– Апа, қуылшағым, қуылшағым, қуылшағымды әпелші! –деп жылаған үш жасар қызға ауды. Бұл Айтқожаның көре алмай кеткен тұяғы –Айнұр еді.
Шешесі оны жұбатып:
– Қуыршағыңды қалай алып берейін? Құлаған үйдің астында қалды ғой, ертең дүкеннен жаңасын сатып әперемін, –деп уатуға тырысты.
Сол күні-ақ баспанасыз қалған Ғайша мен Валя ауыл басшыларының ұйғарымымен жаңадан салынып біткен үйлердің біріне қоныс аударды. Көрші-қолаң, ағайын-туыстары көрпе-жастықтарына, азық-түліктеріне көмектескен.
Сөйтіп, аз күннің ішінде-ақ ел қатарына қосылды. Сол күннен бастап жер астындағы дүмпу жұрттың өмірлік серіктеріне айналса да, оның не екенін, қайдан пайда болғанын тап басып ешкім айта алмаған.
Құлаған үйді айнала жүгіріп, оның астында қалған қуыршағын әпер деп шешесінің де былайғы жұрттың да мазасын алған шынашақтай қара қыз бұл сәтте әбден шаршап жаңа үйдің бұрышына төселген төр көрпенің үстінде шашы білте-білте болып алаңсыз ұйқыға берілген.
Жұрт оны бұл сәтте ұмытқандай да еді, тек шынашақтай қара қыздың уақыт өте, ержете келе өздері бірер жыл баспана еткен қара шаңырақты ортасына түсірген, мыңдаған адамдардың өмір отын ерте өшіріп, артында қалар ұрпақтарының кейбірінің мүгедек болып тууына себеп болған қандай құдіретті күш екенін, оның сыртында кімдердің тұрғанын айдай әлемге әшкерлеп, ел үшін, туған жері үшін әлі де қанды құрсауы ыдырамаған қоғамдық жүйемен ашық күреске шыққан заманымыздың заңғар ойлы ақыны Олжас Сүлейменов бастаған ядролық жарылысқа қарсы қозғалыстың белсенді мүшелерінің бірі болатынын ешкім де білген жоқ еді.
.... Патриот Пангуриннің бұл өңірден сол жылы күзде-ақ қарасы мәңгіге батқан. Алдындағы отарымен, астындағы атын өріске тастай қашқан ол Қарағанды облысының темір жол станцияларының біріне арып-ашып жетіп, жүк пойызына жабысып жатқанын әлдеқалай көргендер ауылға айта келсе керек, іле фермаға аттанған мал мамандары қыр төсінде бей-берекет қаптаған отарды аман-есен тауып алғанға ұқсайды.
Ал Варвара Цветкова болса, Пангуриннің бар кезінде-ақ конференция делегатының сапарын кезекті жуудан соң, арақ іздеп сенделіп шығып кетіп, жол бойында геологтарға ұшырасып, бірер күн солармен бірге ішіп, ақыр соңында әйелсіз жүрген біреуінің етегіне желімдей жабысса керек.
Қиман баяғысынша көңіліне жақпаған басшы-қосшыны кейде көздерінше, кейде сырттарынан: «Атаңа нәлеттер!» –деп қойып қойын бағып жүріп жатыр. Ара-тұра көк қасқа қошқарды есіне алып: «Жарықтық-ай, малдың төресі еді ғой!» – деп терең күрсінер еді.
Сонан соң: «Әй, дегенмен саған қол көтерген қасиетсіз иттерді қамшының астына алып, сорпаңды ішпес бұрын сорларын қайнаттым емес пе?! Маған екі дүниеде аруағың риза шығар», – деп те қоятыны бар. Мұның бұл сөзін әлдеқалай құлағы шалған ауыл молдасы: «Тәйт әрі, құдайға күпір болмай, малдың аруағы болушы ма еді?» –деп пәлеге қала жаздаған.
–Е-е, сен сияқты дінбұзар, дүмше молдаға қарағанда, шопан атаның аруағы бәлен есе басым шығар. Тәйт әрі, атаңа нәлет, оттамай! – деп жамбасына басып отырған қамшысын ала жүгірген. Не дерсің, мінез ғой?!
Есентай болса бір жылға жетер-жетпес уақытта әркіммен бір жанжалдасып, төбелесіп, оны да былай қойшы, ашықтан ашық колхоз мүлкіне қол салған қылмысы анықталып, орнынан алынып, сотталуға шақ қалған.
Сонан соңғы жылдарда тумысынан берекесіз бейшара әр кәсіптің басын бір шалып, күшін әр сайға бір төккен, қазірде зейнеткер. Кейде бір көңілі түскенде: «Біз колхоз басқарған жылдарда...» –деп мұртын сипап қойып, ұзын-сонар әңгімеге кірісері бар. Мұндайда оған Қиман сияқты қиқар кездесіп қалмағай деп тілегейсіз.
–Иә, осы сен колхозды ішіп-жеп, әркімдермен жаға жыртысқаннан басқа не тындырып едің? Айтшы қане! – деп басталған айтыстың ақыры қып-қызыл төбелеспен тынған кездері де аз емес...
Сорғалаған қыранға қиясынан, жорғалаған жыланға бауырынан орын берген саф дүниенінің сары алтынындай Сарыарқаның төсінде жүздеген, мыңдаған жылдар өсіп-өнген жылқы мінезді, архар ұранды аңғырт та, албырт, досына дархан, жеріне қалқан, ата жауына айбынды да айбарлы қазақ деген халық мәңгілік мекен еткен.
Бірде оты өше жаздап, бірде түтіні тік шалқыған жаужүрек, намысшыл да сертшіл осы халықтың «адамзат көші» аталатын тарихтың тұяқ тоздырар, қанат талдырар ұшы-қиырсыз ұзақ жолында көрген азабы да, тартқан тозағы да жетерлік. Соның ең ауыры да, азаптысы да Семей ядролық сынақ алаңында 1949 - жылы 29 - тамызда таңғы сағат жетіде басталған жарылыс болса керек.
Дереккөздеріне сүйенсек, Семей сынақ алаңында барлығы 456 - рет жарылыс жүзеге асырылған. Оның 116 - сы жер бетінде, 340 - ы, 1962 - 1989 жылдар аралығында Дегелең тауы, жер асты шахталарында жүзеге асырылған.
Жыл сайын 14 -18 сынақ өткізілген. Бірінен бірінің қуаты басым болған жарылыстардан бес жүз мың адам зардап шекті делінеді. Мұның дәл көрсеткіш екеніне күмән көп.
Ашық аспан астында ТУ-16 А әскери бомбалағышы тастаған бомбадан саңырауқұлақ секілді радиоактивті газ 16 километр биіктікке көтеріліп, Семей, Павлодар облыстарының аймағына қарасты елді мекендердің үстін бір емес, 116 рет басып өткенін ескерсек, жоғарыдағы сан әлденеше еселене түсері сөзсіз. Далада мал бағып жүрген малшылар радиоактивті газдардан қалай қорғансын? Оны жай бұлт ретінде қабылдаулары да мүмкін ғой?!
Тіпті атом бомбасы жарылысынан кейін жауынсыз жазда қурай бастаған шөптің бірнеше күн бойы көгілдір түске боялып тұратынын өзара әңгіме етісіп: «Бұл да болса бір Алланың кереметі ғой!» – десіп отыратын. Сол шалдардың (ол кезде мал шаруашылығында жастар аз еді) көпшілігі қатерлі ісік, сал ауруларына ұшырап, өмірден озды.
Ал олардың отбасы, ошақ қасында өмірлері өтіп жататын адал жарлары оларға қарағанда әлдеқайда көбірек өмір сүрді. Бірақ олардыңда көбі өздерінше айтсақ, жаман аурудан азап шекті. Жоғарыда айтылған сәулеленген шөпті жеп, суды ішкен малдан алған өнім зиянсыз еді деуге қалай аузың барар?!
Бұлардың көпшілігі, әсіресе ауылдарда өздеріне-өздері қол жұмсағандар, кемтар балалардың тізімі түгелдей тіркелді деу өзіңді-өзің алдау ен пара-пар болып шықпақ. Жәдігер айтпақшы: «Менің әкем Алпамыс, Қанша қырсық шалса да, ақсақалды болып па?» демекші, небір зілмауыр соққының астында қалып, есінен тана есеңгіресе де, өзінің келер күнге деген үкілі үмітін жоғалтпаған, «қазақ» атты қайсар халық асау арманын келер күнге үмітпен аялап қараған қалпынан айырылмаған, кемтар болып туған ұрпағын өбектеп, белгісіз себептермен өзіне-өзі қол жұмсаған ұлдары мен қыздарын жер-ана қойнына бере тұрып күңірене күйзелген. Өмірлерін тозаққа айналдырған, айдың-күннің аманында біріне-бірін айдап салып, біріне-бірін еріксіз тыңшы болуға итермелеп, бір-біріне жала жаптырып аузын аштырмаған.
Аяғын алшаң бастырмаған қанды шелек, қаскөй үкіметтен аяушылық күтпесе де, Алладан рахым тілеген. Қайғысы қара таудай болса да, сүрінгенді демеп, жығылғанды жетектеп: «Иә, Алла, өзің жар бола гөр!» –деуден танбаған. Қазақ намысы қалғып, өзге ұлттардың мысы күннен-күнге басым болып бара жатқан. Қалың халықтың ортасында өмір сүрген біздің ескі таныстарымыз Адольф пен Әнуар да болмашыны ірі жеңіс, ірі жетістік санаған даңғаза дақпыртшыл қоғамның белсенді мүшелері еді. Өзге көпшілік сияқты олар да әлемде Совет еліндей дамыған ел шамалы деп білетін. Оның табысына қуана қол соғатын.
Елдің ертеңіне сенетіндердің салы суға кетпеген. Әйтеуір бір сенім. Белгісіз сенім әр қазақтың санасын тербейтін. 1986 жылы желтоқсанда Алматыдағы Республика алаңында желтоқсан толқуы бұрқ етті. Сол сәттен бастап қазақ рухы тіріліп, қазақы намыс шырт ұйқыдан селт етіп оянды. Әлем саясаткерлері сан-саққа жүгірткен сол толқу саясат сахнасынан тым әрі жатқан Әнуар мен Адольфке де ой салған.
Оның, ең бастысы, осы күнге дейін құдайдай сеніп, оның әр қадамын Совет адамына деген әкелік қамқорлық деп келген «Совет үкіметі, шынында да, қарапайым халыққа қандай жақсылық жасады?» деген сауал еді. Ойлана келе, бергенінен алғаны көп екендігіне көз жеткізген. Бергені– тегін білім алу, медициналық тегін көмек көру, әркімнің мамандығына, қарым-қабілетіне қарай қызмет ету, дем алу, ұрпақ өсіру, біреудің еңбегін, біреудің қанауына жол бермеу.
Мұның бірде-бірі қуғын-сүргінге ұшырап, аударылып жазықсыз атылған, жер аударылған мыңдаған адамдардың өмірінің өтеуі бола алар ма? Жалғыз бұлар емес. Сол тұста Совет елі аталатын байтақ елде одақтас республикалар да осы сауалдар төңірегінде ойланып, толғанушылар аз болған жоқ. Мұның ақыры, одақтың бірте-бірте ыдырауына әкеліп соқты.
Семей ядролық сынақ алаңындағы жер асты шахталарында бүк түсіп жатқан алып бүйі ақыры сандаған жылдар бойы жасырып келген сырын ауаға тараған улы газы арқылы әйгілеп әшкереледі.
Оны Қазақстан, қала берді, әлем халқына жария еткен Қазақтың ұлы ақыны күрескер Олжас Сүлейменов еді.
Бұл хабарды тыңдағанда, Семей ядролық полигонында (солай деуге болатын болса) алғашқылардың бірі боп, сойылға жығылған Әнуар мен Адольфтің қандай күй кешкені, ең бірінші, бір Аллаға, сонан соң өздеріне ғана аян еді.
Сол күннен бастап олар Невада-Семей ядролық жарылысқа қарсы халықаралық қозғалыстың Қарағандыдағы белсенді мүшелеріне айналды.
Аталған қоғамдық саяси ұйым жайлы мына бір ресми деректі келтіре кетейік: Невада - Семей ядролық жарылысқа қарсы халықаралық қозғалыс қоғамдық- саяси ұйым 1989 - жылы 26 - ақпанда құрылып, қазан айында ресми тіркелді.
Республика халқынан кеңінен қолдау тапқан қозғалыс ядролық жарылыстарға қарсылық білдіріп, әлемдегі ядролық қауіпті жоюды мақсат етті. Семей ядролық полигонында ядролық сынақтарды тоқтатуға қол жеткізді. Қазақстанның көптеген қалалары мен аймақтарында, сондай-ақ Ресей, АҚШ, Италия, Жапония, Түркия, т.б. Елдерде ұйымның бөлімшелері құрылған.
Қозғалыстың белсенді қызметінің арқасында БҰҰ БА- ның 53 -сессиясы «Қазақстандағы Семей өңірі адамдары денсаулығы мен экологиясын сауықтыру және экономикасын дамыту мақсатындағы халықаралық ынтымақтастық пен іс-қимылды үйлестіру» қарарын қабылдады.
1991 - жылы Республика Тәуелсіздігін алған тұста сол жылдың 29 - тамызында президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қаулысымен Семей ядролық полигоны толық жабылды. Сол күн «Халықаралық ядролық қаруға қарсы күрес күні» деп бекітілді. Сөйтіп, Қазақстан ядролық қарудан бас тартты.
Көкжиекке күн көтеріліп келеді. Күні кеше ғана ядролық жарылыстардан азып-тоза бастаған құнарлы да құтты қазақ жеріне, сол жерді мекендеген мәңгілік қазақ еліне нұрлы шуағын молынан төгіп тұр. Көңілді шадыман - шаттық билеп, келер күндерге, жылдарға, ғасырларға, ел Тәуелсіздігі қол жеткізген осы ұлы үрдіс жалғаса беретініне сенімің арта түседі.
Сүлеймен Баязитов
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі