Өлең, жыр, ақындар

Сол атеист қайда екен?..

 

Исламға құзғындайын шүйілген,

Молдаларға қабақтары түйілген.

«Алла» деп ем әлдеқалай байқамай,

Бүйідейін  бүре кетті бүйірден.

-Не дедің?- деп сұрады ол сұстанып.

-Жәй,- деймін ғой баяғы.

-Естідім ғой «Алла» дедің сен анық,

Үлкен айғай боп кеткен еді аяғы.

-Комсомолсың, «Алла» дейсің тағы да,

Надансың,- деп тиді дерсің шамыма.

Ол кездерде мінезіміз болатын ед тым шадыр,

Сарт еткізіп,салып қалдым жағына,

Сол-ақ екен қуғын-сүргін басталды,

Комсомолдан шығарып-ақ тастады.

Қайтем бәрін көргенімнің тізбектеп,

Шашымды алды, орнында бас қалды.

Сол атеист көрші болды менімен,

Жүріп жаттық әркім өз жөнімен.

Біреу бірде есік қақты түн іші

Ентігіп тұр  бір әйел

 Тарылғандай тынысы.

-Үйдегі ағаң бетін оңға бұрды анық,-

Деді-дағы сыбыр етті сұрланып.

-Міне, адрес ертіп кел сен молданы,

Тек сыр шашпа,- деп,- тірі жанға,- өтінді.

Молла маған: «Бірге жүр»,- деп болмады.

Сырқат менің атеисім боп шықты.

Арпалысып жатса-дағы дертіменен

Мені анық таныған ед ол-дағы.

-Алла, Алла,- деп есінен сан жаңылды.

Қанша рет дем салғызды кім білсін,

Ал мен болсам күйініштен

Соққан едім санымды.

Атеистер Алла атын атауға да шошынған,

Сыр ашатын кейде осылай тосыннан.

Үкіметті, адамдарды алдауменен күнелтіп,

Талайларды түтетін ед жүн етіп...

Сол атеист көрінбейді бұл күнде

Кетті ме екен әлде олардың күні өтіп?-

Деп Сарыбай маған сауал тастады.

-Біле алмадым.

Менің ойым басқа-ды:

Атеистер құрыды ма- құрысын,

Ашық болсын дінсіздерден

Тәуелсіз ел аспаны.

Сүлеймен Баязитов


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер