Күн санау - халықтың ертеден келе жатқан күн жүйесіндегі есептік қағидасы. Шығыстық ежелгі ғылымдық тәсілге сәйкес қазақ халқы да күн санауды сенбіден бастайды. Күн санау жеті күннен есептеліп оны бір жұма, жеті немесе апта деп атайды. Ұлттық ұғымда әр күннің өзіндік ерекшелігі, қасиеті немесе ғұрыптық қағидасы бар.
1-күн - дүйсенбі. Қазіргі есеппен алғанда аптаның басы. Біздің халқымыз үшін жақсы күн деп бағаланады. Әр адам жұмысын табысты аяқтауға күш салады. Бұл күні сапарға шыққан, сауда жасаған адамның жолы болады. Құрылыс үшін де сәтті күн. Тырнақ алған адамның ақыл-ойы артады, күш қуат қосылады. Дүйсенбі күні жаратылған бала ақылды, сергек болады. Дүйсенбіде Жер мен Көк жаратылған.
2-күн - сейсенбі. Сәтсіз күн деп саналады. Бұл күні қазақтар жолға шықпайды. Той өткізбейді, неке қимайды, іс бастамайды. Қауіп-қатерден сақтанып жүреді. Дегенмен тиісті еңбектен, бастаған жұмысынан қол үзбейді.
3-күн - сәрсенбі. «Сәрсенбіні сәтті» деп қазақтар жоғары бағалайды. Бұл күні бала туса оған міндетті түрде Сәрсенбай, Сәрсенгүл деп ат қояды. Ойын-күлкі, игілікті жақсы істерін (көшу, жолға шығу т.б.) осы күні бастайды. Тырнақ, шаш алуға болмайды, пейіл бұзылады. Су, түрлі өсімдіктер осы күні пайда болған. Бұл күні отырғызылған өсімдіктер, жемістер, ағаштар тез өседі. Себілген егін бітік болады.
4-күн - бейсенбі. Мұсылман елдері үшін қасиетті күннің бірі. Қазақтар бұл күні жуынып, тазарып, әдеп сақтап, өздерін рухани жағынан да таза ұстайды. Адамгершілік парызын, алған қарызын өтеуге тырысады. Әруақтарды еске алады, Құран оқиды, мешітке барады. Міндетті жұмыстарын адалдықпен атқарады. Тырнақ алған адамның ауруы кетеді, дені сау болады. Шын тілеген тілек қабыл болады. Бейсенбіде жаратылған бала ақылды болып туады.
5-күн - жұма. Қасиетті күн. Бүкіл мұсылман қауымы үшін маңызы жоғары. Жұмада әруақтар әр үйден дұға дәметеді. Сондықтан әр үй әруақтарға арнап шелпек пісіріп, құдай нан беріп, өмірден өткен ата-ана, туған-туысқандарына арнап, атын атап дұға оқиды. Мешітке барады. Жұмада тырнақ алғандардың дәулеті артады. Бұл күні жаратылған бала ғалым, өнерлі, өнегелі болады.
6-күн - сенбі. Халық ұғымында сәтті, жақсы күндердің бірі. Әр отбасы, әр адам алаңсыз еңбек етеді. Бата қабыл болатын күн. Аңшылардың жолы болатын күн. Тырнақ алуға болмайды. Пасық, ақылсыз, залым бала жаратылады.
7-күн - жексенбі. Бұл күнге қатысты қағидалар мен ырымдар қазақта көп айтылмайды. Халық қатардағы күндердің бірі деп есептейді. Бұл күні құрылыс басталса, сәтті әрі тез бітеді. Тырнақ алған адамның дәулеті қашады.
Күн санау ұғымында халық әр күннің атын айтпай-ақ, өткен күндерді кеше, алдыңғы күндер деп немесе келесі күндерді ертең арғы күні, оның арғы күні деп те атай береді. Бұл әркімге түсінікті.
Әр күннің қасиеті осындай. "Алланың күнінің бәрі сәт", - деп халық діл айтқандай, әр күннің адамзат баласы үшін өз мән-маңызы бар. Тек әр адам, әр мұсылман аталған күндердің қадірі мен қасиетін есте ұстап жүрсе болғаны.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі