Өлең, жыр, ақындар

Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев және оның Қазақстандық мемлекеттілікті қалыптастырудағы ролі

Болашақ жолын анықтап,

Аямай барын халықтан.

Нұрсұлтан басшы- кемеңгер,

Әлемге елін танытқан.

Қазақстанның қазіргі таңдағы дамуы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Қазақстан Президентінің бастамасымен мемлекет өмірінің барлық бағыттары бойынша жүзеге асырылған идеялар еліміздің  саяси- экономикалық реформаларын жеделдетіп, даму бағыттарын айқындау арқылы ұлттық мемлекеттің гүлденуін қамтамассыз етті.

Қолы от көсеген, еңбекпен көсегесі көгерген, халықтың өз ішінен жарып шығып, Абылай бабасының арманын арқалап, Тәуелсіздіктің көк жебесі болып Елбасымыз тарих сахнасына шықты. Әлем назары Қазақстанға ауды. Жеке мемлекет болып көрмеген, жеке саясатын жүргізбеген,  кешегі Кеңестер Одағының «соқыр ішегі» болған қазақ елі егемендіктің тізгінін ұстай алар ма екен?- деп сырттан сынап қарағандар да болғаны жасырын емес. Бірақ дос сүйсінді, «жау» күрсінді. Қазақ ел бола алады екен! Қазақ елі бір Тудың астына  жинала алады екен. «Қазақтың бүкіл тарихы- бірігу тарихы» деп Елбасымыз қадап айтқандай, Егемендік, Тәуелсіздік, Ана тілі ұлтты біріктіруші күшке, ұлттық идеологияның рухани тірегіне айналды. Елбасының сарабдал саясаты Қазақстанның әлем қоғамдастығы мойындаған «Қазақстан жолы» деген атауға ие болып, өз бағдарын табуына мүмкіндік берді.

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет басшылығына келген алғашқы сәттен бастап айрықша ерекшелігі бар өзгеше бір халықаралық және ұлтаралық мәселелер шиеленісінің шешуін асығыстыққа салмай,  уақыттың талабына, қазақстандық жолдың ерекшелігіне үйлес­тіре, жан-жақты мүдделердің түйісу нүктесін таба біліп шешудегі  даралығымен бірден әлем назарын аударды. 25 жылға жетер-жетпес уақытта Қазақстан әлемнің азулы мемлекеттерінің қатарынан өз орнын ойып алды. Қазақстан Президентінің ұсыныстары жаңа әлемдік тәртіпті орнықтырудың көзіне айналды. Осылай қазақ халқының етектегі басы төрге шықты. Н. Назарбаев жаһандық саясаттың мінберінен сөз алды. Дауысы Алатаудан асып, Сарыарқадан шығып, кәрі Каспийден өтіп, Алтайды айналып Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен бірақ шықты. Ғасырға бергісіз жиырма бес жылдың ішінде қазақ деген ұлтты, Қазақстан атты мемлекетті кәрі Европа да, мухиттың арғыжағындағы АҚШ та, көрші Ресей мен Қытай да мойындап, стратегиялық әріптестікке қол қойды.

Қазақстандық даму жолы, көп қырлы сыртқы саясат, ядролық қарудан бас тарту, ұлтаралық келісім мен діни толеранттылық, ШОС, ЕврАЗЭС, СВМДА сияқты ұйымдардың бойына қан жүгірту, ОБСЕ, ОИС, ОДКБ сынды іргелі ұйымдарға төрағалық ету, дәстүрлі әлем діндері лидерлерінің төрт съезінің Қазақстан жүрегі – Астанада өтуі – Қазақстанның қысқа мерзімде алған белесі мен толайым табысы.

Елбасымыздың қазіргі әлемдегі ең көрнекті реформаторлардың бірі екені даусыз. Жалпы айтқанда, ол бүгінде барлық әлем елдерін «дамыған», «дамушы» және «артта қалған» деп бөлу туралы таптаурындарды жаңаша, қайта қарастыруға қабілетті жаңа экономикалық саясатқа ұйтқы болған жан.

Ел тәуелсіздігінің баянды болуы мен болашақтың кемелділігін қамтамасыз ету жолындағы Тұңғыш Президентке артылар жүк те ауыр болды. Артылған жүкті абыроймен көтеру, халық сенімін ақтау, тәуелсіздікті тұғырлы ету, әлемдік қауымдастыққа терезесі тең елдер қатарында болуды жү­зеге асыру одан да қиынырақ істерді атқаруды, батыл шешімдер қабылдауды қажет етті. Осы атал­ған аса маңызды мақсат, міндеттерді шешу тұрғысында Елбасы Н. Ә. Назарбаев бірден-бір дұрыс қадам жасай алды. Бұл қадам – тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен қалана бастаған Қазақстанның өзіндік даму жолы еді. 

Бұл жол тек экономикалық үлгіні таңдауға, жалпы конституциялық ережелерді қабылдауға, пре­зиденттік күшті билікті орнықтыруды ғана емес, со­нымен бірге саяси режимді, инфрақұрылымды және конфессионалдық қатынастарды қамтудың да саяси үлгісі болатын. Қазіргі уақытта бұл үлгі дү­ниежүзінде, беделді халықаралық ұйымдарда және республикамыздың өзінде де аса жоғары бағаланып отыр. Қазақстанда жиырма жылға таяу уақыт бойы этникалық және діни өзара түсіністіктің сақталуы көп жағдайда қазақстандық жолдың мәр­тебесін арттыра түседі. Бұл жолдың оңтайлы шешілуінің және тиімділігінің Қазақстан Прези­дентінің атымен байланыстырылуы да қазақстандық қоғамның Ұлт Көшбасшысының төңіре­гіне одан әрі топтаса түсу қажеттілігін айқындайды.      

Қазіргі тәуелсіз Қазақстанның даму тарихын бізге өткеннен іздеудің қажеті жоқ. Өйткені, біздің өзіміз тәуелсіз елімізбен бірге өмір сүріп келеміз. Тәуелсіздіктің қиыншылығын да, жемісі мен жеңісін де, тіпті әрбір қадамын өзіміз де бірге көріп, бірге ілгері жылжудамыз. Содан да болар елдің бүгінгі жетістігі мен табысы құдай берген несібе сияқты болып көрінуі де мүмкін. Бірақ, оның олай емес­тігін, тәуелсіз елдің бүгінгі әлем сүйсініп отырған жетістігін біз  өзіміздің өткенімізбен және бүгініміз­бен салыстыра отырып, тәуелсіздіктің жиырма бес жыл­дық жолын еңсеру бізге оңайға түспегендігін, мұның сарабдал жолында Еласының даналығы мен көрегендігі жатқандығын айтқанымыз дұрыс.

Ел тәуелсіздігінің басында тұрған, өтпелі кезеңнің барлық қиыншылығын еңсеріп, мемлеке­тімізді саяси, әлеуметтік, экономикалық дағдарыстарға соқтырмай, бүгінгі көз көрген ынтымақ пен жетістікке қол жеткізген еліміздің Тұңғыш Прези­денті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қажырлы еңбегін, дұрыс таңдаған саясатын әлем жұртшылығы да мойындауда.

Қазір тәуелсіз қазақ елінің тарихы жасалды. Бірақ оны қазақ елінің Көшбасшысы бола алған Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылы бүкіл халықтық сайлаудан кейін қолға алған басшылық қызметінсіз көзге елестету мүмкін де емес. Өйткені, тәуелсіздік  қарсаңындағы және тәуелсіздіктің сан қырлы соқпақты жылдарындағы оның тізгінін ұстаған Мемлекет басшысы, оның тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басқарған қызметінсіз тәуелсіз ел тарихының парақтарын жазып шығу мүмкін де емес, Өйткені, бұл тарихта тәуелсіз еліміздің іргетасын қалап, керегесін керіп, оның әрбір уығын шаншып, шаңырағын көтерген, бар-жоғын түгендеп, іргесін кеңейткен, оны әлем елдері мойындаған мемлекетке айналдырған, онымен санасуға мәжбүр еткен Қазақстан Республикасының Президенті, оның Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың  қолтаңбасы, қабылдаған тарихи шешімдері, ұстанған саясаты, саяси қызметі, өзіндік дара жолы жатыр.

Заманның көшін бастап, есесі кеткен қазақты өркениет жолына салған Н. Назарбаевтың ғасырға бергісіз жиырма бес жылда атқарған жұмыстары әлемнің саяси лидерлері тарапынан мойындалды. Оған төмендегі мысалдар куә болады ғой деп ойлаймын.

Джордж Буш (АҚШ-тың экспрезиденті): «Ол болашақты болжай алады».

Маргарет Тетчер (Англияның экспремьер-министрі): «Назарбаев – қалыпқа сыймайтын тұлға».

Дж. Айткен (Н. Назарбаевтың өмірбаяншысы, ағылшын жазушысы): «Өмірі ... халқының тағдырымен қабысып жатқан ... кейіпкер ретінде заман жүгін көтеріп тұратын саяси қайраткердің өмірі қызықтырады».

Мұзафар Әлімбаев.  Халық жазушысы, ақын.

Даналық даңғыл жолдан бұрылмайды,

Жеңістен қуаныш туындайды.

Халықтың махаббаты Сізге қуат,

Шын сүйген жүрек әсте суынбайды.

Намық Кемел Зейбек (Туркияның эксмәдениет министрі, саясаткер): «Қазақстан ең алғаш тәуелсіздігін алғанда біз Қазақстан үшін Түркия үлгі боларлық мемлекет болады дедік, ал жылдар өткен соң біз Түркия үшін Қазақстан үлгі боларлық мемлекетке айналды деп мойындауға мәжбүрміз».

Владимир Жирихин, саясаткер, Ресейдің ТМД елдері жөніндегі институты директорының орынбасары: «Нұрсұлтан Назарбаевтың Президенттік қызметін, әлбетте, жоғары бағалау керек. Ол Кеңестер Одағының шытынаған халық шаруашылығының қалдығына айналған, қаңыраған Қазақстанды алды. Сөйтіп, Кеңестер Одағының құлдыраған елін дербес даму траекториясына шығарды. Мұндай терең саяси және экономикалық міндетті Президент Н.Ә. Назарбаев тиімді шешті».

Қазақстан өз Тәуелсіздігінің 25 жылы ішінде әлем мойындаған мемлекеттердің қатарына қосылды. Еліміздің тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаев аз ғана жылдың ішінде бұрын-соңды болмаған мемлекет құрды. Мыңдаған жылдар бойы бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздіктің Туын көтерді. Әлемнің 150-ден астам елдерімен дипломатиялық қатынас орнатты. Қазақстан өзге мемлекеттердің даму жолдарын саралады, өзінің көп қырлы саясатын қалыптастырды, ұлттық сана мен ұлттық танымға үлкен өзгерістер енгізді. Ұлттық идеологияның, мемлекеттік саясаттың басым бағыттары белгіленді. Қазақстанның Ата Заңына сәйкес қазақ тілі – Мемлекеттік тіл деп айғақталды.

Қазақстан – жас мемлекет. Республика халқының басым бөлігі жастарды құрайды. Демек, қазақ болашағы жастардың қолында. Олар аталары мен бабалары құрған мемлекеттің тізгінің берік ұстап, әлем мойындаған Қазақстанды одан әрі асқақтата бермек.

 

Даңғыл жолды салып берер, Нұр аға

Енді халқым ешқашанда құлама

Барлық жерден жиып- теріп қазақты,

Халқы үшін, жанын салған ғұлама.

Жаңа кезең бастауына сендіңдер,

Астананың бәйтерегін көрдіңдер.

Халқымыздың саны өсіп бүгінде,

Әрбір жылды мерекелеп келдіңдер.

Мұның бәрі Нұр ағаның жемісі,

Әрқашанда алда жүрді жеңісі.

Бүкіл әлем тыныштықты тіледі,

Себебі бұл Нұр ағаның жемісі.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. «Егемен Қазақстан» Жалпыұлттық Республикалық газеті.
  2. «Кемеңгер» Алматы «Қазақ энциклопедиясы» 2010 ж.
  3. Н. Ә. Назарбаев. «Ғасырлар тоғысында».
  4. Н. Ә. Назарбаев. «Тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы».
  5. ХХІ ғасыр:  Әлем саясаткерлері, руханият жетекшілері, зияткерлері мен кәсіпшілері Н. Ә. Назарбаев туралы.

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз