Өлең, жыр, ақындар

Ар соты алдында - Қара халат

(Баллада)

...Ұзын барақ

Ішінде толған адам.

Ыңқылдаған, күрсінген, зар жылаған

Бірін-бірі қаға-маға

Сыртқа қарай тынымсыз зымыраған.

Ішін басып, дөңбекшіп жатқан

Сыбырласып қояды Әминә мен

Күйеуі Әмен:

-Бұрышта жатқан кешегі кемпір мен шал

Қоштасқан-ау, зайыры, дүниемен

Бара жатыр мыналар соларды алып,

Іш аурудан өлгендер қырсық шалып.

Күннен күнге барады саны артып,

Кетер, сірә, бұл пәле бізді де алып...

-Құдай ісі,-

Әмина еңіреді.

Толған орыс,  дінсіздер төңірегі

Иман айтар жан да жоқ өле қалсақ,

Деген уайым

Жүрегіме удай боп төгілгелі

Мен байғұстың не заман... -

Дей бергенде

Бір сұлба қараңдаған,

Бара жатты есікке баяу беттеп,

Жан-жағына көз тігіп алаңдаған.

-Осы кемпір кеше де осы кезде

Шыққан еді далаға.

- Сол да сөз бе?.. -

Деп Әмина Әменді тыймақ еді.

-Өзгемізден бұл байғұс ширақ енді,

Сен жата бер аңысын аңдып мұның,

Байқайын да азар болса,

Ұйқысыз өтер түнім.

Ізін ала кемпірдің бұ да шыққан,

Жылдам басып,

Жортақтап кемпір мыстан.

Кіре берді орманның ортасына,

От көрінді әлден соң сол бір тұстан.

Әлденені қайнатып, кемпір ішіп,

Отырғанда үстінен Әмен пысық

Шыға келіп сыбырлап амандасты.

Тұрмаса да кемпірдің көңілі түсіп,

Бұғандағы ұсынды қайнаманы.

-Қайнамадан ішіңіз жайланады,-

Дегеннен соң жіберді бұ да тартып,

Қу неменің сезімі алдамады.

-Әйеліңді алып кел ешкімге айтпа...

Іш ауруы біртіндеп қалды артта.

Емшіменен танысты, аты - Марта,

Тіл табысып бұлармен тірлік кешті,

Бір-біріне сәл - пәл сенім арта.

Естен  шығып сырқаты, ашыққаны,

Азапты жыл біртіндеп қашықтады.

Шыға келді бастықтың көшірі боп,

Жылқы жайын білед деп таныстары,

Бір бастыққа Әменді таныстырды.

Әминаның бұл күнде көкте мұрны

-Әттең, - дейді, - жетпейді бір кесек ет

Бар әйтпесе тұрмыста біреу құрлы

Әмина мен Әменнің тағдыр қосып,

Үй болғалы барады он жыл өтіп.

Неге екені белгісіз сәби үні,

Шыққан емес бұл үйден жан тербетіп.

Емші Марта Әминаға сырын ашып:

-Саған, - деді, - сәбидің ауылы қашық

Жатырыңа бір кесек ет бітіпті.

Тастау керек сол етті сылып, аршып...

Сонан кейін Әмен де қозғамаған бұл жайды,

Пысық еді ол жыл санап табысы да ұлғайды.

Дүние қуған адамға

Ұрпақсыздық емес еді тым қайғы.

...Соқыр атты баракқа

Шығып қалған шахтадан

Сатып алар табылмай

Тұрғанында басқа адам

Әмен сатып алғанда.

Құрастырып сынық арбаны,

Болғаннан соң арбалы

Соқыр атты жегіп ап,

Әмен ісін жалғады.

Жолаушы тасып вокзалға,

Жүк жеткізді базарға.

Көрші - көлем бар маңы,

Онымен қайда бармады.

Машинаның жоқ кезі

Жүк тасу, кісі тасудың

Жүк көлікке түскен салмағы.

Ерсілі-қарсылы жүрістің

Ақшаң болсын бұл үшін.

Вокзалға да апарад,

Базарға да жеткізед.

«Дядя» - деп бірін, «мамалап»

Күшіктейін сабалақ

Жолаушының тілін табады.

Сонан кейін жатқаны,

Тиесілі пұлын санап-ап.

Дядя Васяға дегенмен,

Ұнамай қалды мұнысы.

Талтаң басып жүрісі,

Ақша санап тұрысы.

Ол иттің де бар еді,

Аты менен арбасы.

Әменнің келіп бірде ол

Божысына жармасты:

-Қаңғыған қырғыз албасты!

Батырмасаң қараңды,

Жер иіскейді жамбасың.

Ақшаға құмар ындының,

Ортасында орман ойран боп,

Қанға батып қалмасын.

Осы жанжал алғашқы

Васяның күшін сездірді,

Күтпей - ақ келер айқасты.

Әмен жолға жиналды,

Толқыды, қатты қиналды.

Дүние үшін жөн болмас,

Әділ жаны қиғаны,

Әмина да қостады.

«Қалайық» - деп ақыл қоспады.

Сол күні жүгі жиналып,

Құла таңда ауды қостары.

Күн жүрді бұлар, түн жүрді,

Күз келген дала тұнжырды.

Бір деревняға келгенде:

-Алыс емес ел де енді, -

Деді Әмен жайымен, -

Ағаң менен жеңгеңді.

Таныс - біліс өңге елді

Біздерден үзген күдерін.

Ашаршылықтың үзіп шідерін,

Олжамен кетпе дегізер.

Сыйлық алсайшы дегені.

-Мұның шалым жөн енді,-

Деген соң дүкен іздеген.

-Кеткен - ау жұрт егінге,-

Десіп жолға түскен-ді,

Ойнап жүрген балаға

Жападан жалғыз далада,

Әминаның көзі түскен-ді.

-Ана бала, зайыры,

Қарашы қазақ баласы,-

Деп дегбірден айрылды.

-Әмен!- деді жалтақтап,-

Алып кетсек кім білед?

Сені ұлды бопты деп,

Жақын- жуық дүрілдеп,

Тасытар еді-ау мерейді.

Зарығумен өткен жылдардың

Толар еді-ау кенейі...

Қу жатыр деген кешегі

Абысын- ажын, көршілер,

Қубас деген қу жақтар

Өз қылықтарын ерсі дер.

-Ауыздарына құм құйылар,-

Деп қостады Әмен де.

-Сөйте- сөйте біртіндеп,

Артта қалад бұл қорлық та,

Ешкім жоқ деревняда

 Тек өтінем  қорықпа.

Жақын келіп сол тұсқа

Атының басын ірікті,

Көрінбеу үшін күдікті

Баланың келіп қасына,

Сипап тұрып басынан:

-Мамаң қайда ?  - деп сұрады.

-Ол ма бақшаға кеткен ертемен

Мамаңның сіңілісі едім дедім мен

Атың түспей аузыма...

-Ынтызар.

-Апар бізді мамаңа.

-Бақшаның жолын білмеймін, -

Дегеніне қарамай,

-Жүр,- деді ол әй - түйіне қарамай,

-Көнбесең бар ғой осыдан, -

Деп сестенді балаға,

-Өлтірем де көміп кетем далаға.

Шығарар болсаң үніңді,

Кесіп алам  тіліңді,-

Дегенде бала тосылды...

Әменнің көңілі тұрақтап,

Айдау жолдан жырақтап.

Әкетіп барады баланы,

Өлтірмесе жарады.

Мамасын ойлап бір ауық,

Кеттім-ау деп жырақтап,

Уайым шегіп келеді.

Мамаңнан көмек болмаса,

Басқадан көмек жоқ енді.

-Қуып келер мамам артымнан,-

Деп қиялы шарқ ұрған.

Ал мыналар антұрған.

Келед сыңар соқпақпен.

-Әменді «папа» демесең,,

Мені «мама» демесең,

Басыңды жарам тоқпақпен,-

Деп қояды әйел есіріп.

Саңқылдаған дауысы

Алқапты басына көшіріп.

Орман кеші түсер шақ,

Қиқалаңдап доңғалақ

Еріксізден іркілді,

Зәрелері қалмай бір түрлі,

Мұрындық түсіп қалыпты.

-Пайдаланып жарықты

Дереу іздеп табыңдар,

Таппасаңдар қауіпті

Жер емес бұл дамылдар,-

Деп шырылдап Әмина

Келіп мұның жанына:

-Сен Ынтызар папаңмен

Мұрындықты бірге іздегін.

Қараңдар,- деп қояды, - арбаның

Жүріп өткен іздерін.

Сол-ақ екен Ынтызар

Жүгіре ала жөнелді.

Алды- артына қарамай,

Сәл жырақта анадай

Арасы мен қарағай

Бөксесіне түсіп бұрымы,

Үстінде қара халаты

Киімі киген бүгінгі.

Мамасы мұның мамасы

Анықтап әне қарашы,

Мамасы мұның мамасы.

Әне - әне қылт етті,

Қылт етті сайдан қарасы.

Терең сайды өрлеген,

Пор-пор болып терлеген

Ынтызармен сол әйелді

Жырақтан Әмен көргенмен,

Жақ ашуға батпаған.

Жақ ашу тең ед өлгенмен,

Өзіңді ұстап бергенмен.

Әмен кері бұрылды,

Екпіні жоқ бұрынғы

-Ынтызарды бір қатын

Ертіп барад бұрымды

Бәлкім...

-Білем сенің сырыңды,

Әдетің ғой бұрынғы

Көлеңкеңнең қорқатын.

Ынтызардың шешесі...

Қайдан келмек ол қатын?

-Бәлеге қалар жайым жоқ,

Ынтызар деп ынтықтың

Ерем десең ат дайын.

Қалсаң тағы өзің біл,

Саған айтар, Әминә,

Ең ақырғы сөзім бұл.

Долданып жылап еңіреп:

-Алмады құдай сені,- деп,

Атқа алды  мінгесіп.

-Кетпекпісің тастап мені,- деп,

Қап-қара болып төңірек

Аспанды қою бұлт басқан,

Қақарын төгіп тұрды аспан.

-Атсын құдай сені!- деп

Жүргіншілер тынбастан,

Қара орманда түн басқан

Желе жортып келеді.

Еңселерін мұң басқан,

Алдарынан кезікті

Ат шаптырым кең жазықты

Қараңғыда соқпақтан

Қалған еді көз жазып,

Жоғына қуғын көз жетті.

Паналап терең өзекті:

-Дем алатын кез жетті,-

Деген ед бір-біріне

Қауіпті жерден жырақтап

Өттік - ау деді шамасы

Күй таңдамас қырдың қызымен

Күй таңдамас қырдың баласы.

Көсіле кетті көгалға,

Көгалдан жайлы жер бар ма,

Шаршаған жанға сірә да?!

Көңілдері жайланып,

Жантая кетті бұлар да.

Кәрі ағаштар қақырап,

Жұлқыған жел жапырақ

Көбелектей қалқыған.

Азалы үнмен аңырап,

Солқылдаған, сарнаған,

Ұлыған үні қасқырдың

Естілетіндей қара басқырдың.

Жылқының жылы қанына

Жерігені ғой тағы да.

Соры ма әлде, бағы ма?

Жалтақтап жан- жағына

Әйелін жалғыз қалдырып,

Жақындады аттың жанына.

Соқыр ат қазір Әменнің

Үміті де бары да

Балағанымен оны барына

Ойнағанда от қамшы,

Жоламай қашты маңына.

Себеп болды сонысы

Алдағы атар таңына

Соқыр атқа найзағай

Қадалғанын найзадай

Көргенде

Тұяқ серіппей аты өлгенде,

Солқылдады баладай...

Әминаға әлдекім

Жақын келіп қышқырды,

-Ойбай, мынау мында,- деп,-

Өлтіріңдер түскірді.

Әминаны сол сәтте

Қылқындырып әлдекім

Қалдырмай әл- дәрменін:

-Баламды неге ұрладың?-

Деп сұрады ақырып.

Ал бұл болса безектеді бақырып:

-Мен алғам жоқ,- дей бергенде,-

-Мамам іздеп келген бе?

Қалмаймын сенен өлсем де,-

Деп жетіп келгенде.

«Балам» - деген дауыстан,

Байғұстың есі ауысқан.

Тұнып бір сәт құлағы,

Еңіреп шошып жылады.

Кеңірдегін езгілеп:

-Аз, - деді,- саған бұл әлі.

Босанып бір сәт әрең деп,

-Әне тұр балаң, әне,- деп,

Ата тұрып зытқан-ды.

-Ұстаңдар ана мыстанды,

Ниеті қара дұшпанды,

Құтқармаңдар, құртыңдар,-

Деген үні әйелдің

Әбден есін шығарып,

Алып кетті ырқын бар.

Қарсы алдынан әлдекім

Сықылықтай күліп жырқылдап:

-Саспа, саспа,

Күткен мұнда жұртың бар,

Дегендей ме күш беріп.

-Жетем саған

Есі шығып әп -сәтте

Әзілге жаны арбалып.

Тулаған тайдай толқыны

Жағаны тепкен сол түні.

Қара көлге құздан құлады,

Өмір оты пақырдың

Сөнді осылай ақыры.

...Әменнің даусы зарлаған,

Орманды кезіп шарлаған.

-Қатын - ай, қатын құрттың, ә?

Ынтызарды жұрт мына

Сені сірә білмейді,

Жазықсыз мені тілдейді.

 «Қанішер неме бұл» - дейді.

Өлмей қолға түспеймін,

Жыла мейлің, күл мейлің,

Берілмеймін мен енді.

Ұрайын түп енеңді.

Атымды құрттың, ақшамды...

Білмеймін мен басқаны

Ақшамды қайтар, ақшамды,-

Деп зарлапты өлгенше.

Мәйітін тауып әлдекім

Жер қойнына бергенше.

Сүлеймен Баязитов 

Жақында: (Ар соты алдында - Балаңыз кітап оқи...)


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз