Түнеріп қара түндей Көпей сопы
Келмеді көптен бері көңіл қошы.
Көп жортқан аяғын бір шалдырад,
Дегені өткендердің сірә осы.
Әйтпесе...
Сандаған жыл сауда қылған,
Көз алдын
Тұмшалар ма ед қалың тұман?
Игілік бай, Қоңырқылжа төре,
Іргесін салмас па ед аулақ мұнан?
-Көпеке, Көпеке, - деп сандаған бай,
Есімін елге жайған патша Құдай.
Аңдамай шалыс басқан бір қадамы,
Әп-сәтте көрмеймісің қылды жұрдай.
Өз малын апарған ед Қараөткөлге,
Саудамен барған ед талай жерге.
Қызмет қып Ахмет, Жәудір саудагерге,
Шарлаумен Түркістан, Ташкент қалаларын
Тағы да талай-талай қалаларда
Атының-ойқастаған ізі қалды.
Біткен мал, еткен еңбек төккен терге,
Саудасы сәтсіз болып қайтқан-ды бұл
Базардан ел жиылған боп қара жер.
Арзанға бермей малын ерегескен,
Шықпаған еш нәтиже құр егестен.
Малын айдап ауылына қайтқан еді,
Сол жылғы тауық жұты шығар ма естен?
Жүз сиыр, төрт жүз қойдан тұяқ қалмай,
Жіберді «ә» дегенше сол жұт жалмай.
-Қайырсыз бұл дүниені қойсаңшы енді,-
Таңыр қап деген екен Сопы,- Алла-ай!
-2-
Сөгіліп қар көбесі көктем жетті,
Меңдеген ауыр ойдан көкіректі.
Көпей сопы қалжырап,
Қалғып кетті.
«Ата, аталап» толассыз шыққан бір үн,
Құлағына Сопының келіп жетті.
Көзін ашса,
Жүсібі қасында тұр.
Уылжыған жүзінен шалқыған нұр.
-Құлыным, қарашағым, Жүсібім,- деп,
Талай күннен жүрген ол жаны жүдеп.
Құшағына ап иіскеп еркелетті,
-Тірі болсам, оқытам сен тентекті.
Байлық емес адамға білім жолдас,-
Аузынан деген сөз шығып кетті.
Осы сөзді Ұлбала естіп қалған,
Дей алмады еріне мұның арман.
Әйел үшін еріне қарсы келу
Безуменен тең еді ұят-ардан.
-3-
Бірер күн барлап келмек елдің жайын,
Көпекең ерттеп мініп күрең тайын.
Баянға кете барды аттанып ол,
-Тәңірім, өзің оңғар бере гөр жол.
Сыйынып бір Аллаға, аруаққа,
Сопының таныстары Баяндағы.
Мән-жайды білгенінше баяндады,
-Баяннан дейді мешіт салынады,
Қай жерден оған орын дайындады?
Көпекең сұрап бәрін анықтады.
-Бәрекелді, екен ғой анық бәрі,
Ал енді осы араға жақын маңнан
Үй бар ма сатылатын?
Сауалына Көпейдің құлақ салған,
Біреу тұрып: -Бар,- деді,- өзі әне.
-Үйіңді көрсет деді , тамыр, кәне,
Сол үйдің алдыдағы орнын сатып,
Көшіртті әлгі үйді ол құлатып.
Ағаштан үй салдырмақ солқылдатып,
Үлгімен көріп жүрген өзі ұнатып.
-4-
Бауырында Күйеушоқы паналаған,
Талайлар Сопы атап ағалаған.
Көпекең Жүсібіне қол созатын,
Былдырлап үстел жанын жағалаған.
Сабалап әкесінің бетін басып,
Таңдана бір қарайтын керіп қасын.
Баласы күннен-күнге мінез тауып,
Бұл тұста тілі шыққан сөйлейді анық.
Қызылтау биігінен көзін алмай,
Қоятын оған сұрақ қызық талай.
-Ана арқар,- деген еді ол бірде оған
Тұр неге тас басында, тұр оттамай?
-Ә, ол ма? Арқарларды күзетеді,
Ал өзі дем алмайтын болар тегі.
Ол жағын біле алмадым менде тегі.
-Дем алмайд, жайылмайды қызық екен.
Емес пе, әке, айтшы бұл ертегі?
-Кім білсін, дегеніне күліп бұның
Тәптіштеп сұрағанда арқар сырын.
Көпекең кәдімгідей абдыраған,
Жүсіпке білмеймін деп айтты шынын.
Қызылтау қиясынан қанат қаққан,
Көк әлемін қалықтап жұлдызша аққан.
Бүркіттің апаршы деп ұясына
Қиғылық сап үй-ішін таңырқатқан.
-Өскен соң аңшы ағаңмен барасың,- деп
Көпекең алдап-сулап амал тапқан.
-5-
Сопыға
Пірадарлар көп келетін,
Күн ұзақ әңгімемен өткеретін.
Солардың төңірегінде жүрген ойнап,
Қонағы әкесінің кеткеннен соң
-Әке,- деп алдына кеп жайғасатын,
Қонақтың келіп кеткен атап атын.
-Атаға, сіз Алла бір,
Пайғамбар Хақ дедіңіз ғой,
Бұл оған сіздің айтқан сөзіңіз ғой.
-Иә, дәл солай дедім, балам,
Айтайын оның мәнін енді саған.
Жеті күнде жер- көкті жаратқан,
Қараңғылық пен жарықты
Әлемге байтақ таратқан.
Бір Алла,
Ал Мұхаммед Ғ.С. елшісі,
Бір Алланың ұлы досы ол кісі.
Дүниеге келген соңғы пайғамбар,
Әлемге байтақ ислам дінін жайған бар...
Дегенде баланың жүзі жайраңдады,
Жадында пайғамбардың қалып аты.
Сол күннен танысам деп шартарапты,
Құштарлығы оянып, санасы артты.
-6-
Сол күні тағы Көпекең
Кеткен еді Баянға,
-Оралам деп таяуда.
Күндер өтті арада,
Әкесін күтіп далаға,
Үйден жиі шығады.
Мазасы кетіп балада,
-Әкеңнің ісі көп қалада,-
Дегені де шешесінің
Қонбай қойды санаға.
-Сондай күннің бірінде
Киімі де, түрі де
Келіспей қалған тегінде
Бір шал келіп қонжиды
Көпекеңнің төріне.
-Ата,- деді бұл сол шалға,-
Сауысқан жиі қонады,
Ұша-ұша қанаты
Талып шаршай ма
Топтасып неге ұшпайды?
Басқа құстар жылы жаққа кеткенде,
Сауысқан неге қыстайды?
Шал сонда:
-Келін,- деді,-
Тұр екен балаң болғалы.
Таңданған түрі сондағы,
Көз алдымнан кетпеді,
Қара кешке жетпеді.
Жүсіп қатты қысылды,
Қол тигізбей денесі
Күйіп-жанып ысыды.
Сол бір сәтте
Шалды есіне түсірді.
Құлағына шалынды
Ат тұяғының дүрсілі.
Есік қақты әлден соң
Көпекеңнің өзі де.
-Келдіңіз-ау кезінде,-
Дегенінде Ұлбала.
-Аман ба?- деді,- Жүсіп аман ба?
Аптығып күйіп, пісіп:
-Көзі тиді балаңа,
Пірадардың анада
Келген саған,- деді ол.
-Мал біткенді құртқан сол,
Енді балаңа...
Қызуы артқан Жүсіптің
Белгісі бар ұшықтың
Қиналғаны байқалад,
Қысқан бойын құсықтың.
Денесінің қызуы
Бір басылып, бір артып,
Көз алды жатыр мұнартып.
-Әке, деді әлден соң,-
Келдің бе?
Менің ауырып қалғанымды
Көрдің бе?
-Әй, Ұлбала,
Сандықта шөп бар еді қарашы,
Бері әкел, таптың ба?
-Осы шөп-ау, шамасы,-
Деп бір уыс шөпті ұсынды.
Әкел дереу қайнатып,
Киімін шешіп жайғасып,
Бір Аллаға сыйынды.
-Бер балаға шай қасық.
-Шалы құрғыр...
-Ашытпа деймін миымды.
Ішті бала.
Аздан соң
Көзі ілінді,
Шыпшыған тер білінді.
-Шалдан келді көзі оның...
Кесірі ақыр бұл соның.
-Әй, деді сонда Көпекең,-
Малыңа да ұлыңа,
Шашылған текке пұлыңа,
Көзің жетпей қаралап
Жазықсыз жанға ұрынба!
Обалы бар мұның да!
Ал көз тию қазақтың
Көне ырым-жырымы,
Бабадан мирас бұрынғы.
Онымен жоққа шығарман,
Жұтаған жұта малыңа,
Қаншама жұрт жұтқа шалынды.
Хадистің көзі тисе егер,
Құрбандыққа шалуды.
Байлар қолға алмас па?
Көзі жаман пірәдар
Бассыз сорлап қалмас па?-
Дегенде күліп Ұлбала:
-Жазыла ма бұл бала?-
Деп Көпеңнен сұраған.
Даусы шықты сол сәтте
Жүсіптің су сұраған.
-Екі-үш күн тамақ ішпедің,
Сүтті мына жұт қане,-
Деп Жүсіптің көңілін
Өздеріне бұрған-ды.
Күңгірт тартқан көңілдері
Бір-ақ сәтте нұрланды.
Қос мұңлықтың жүзінен
Қуаныш лебі шалқыды.
Жарқырғанын Алаштың
Көмескі тартпас алтыны.
Ол сәтте ешкім сезбеді,
Бас көтерген Жүсіпке
Қадалған еді көздері.
-7-
-Көшеміз,- деді Көпекең,-
Қызыл ағашқа көшеміз.
Білмеймін мен өзгені
Қызыл ағаш пен Баянның
Бес шақырым арасы.
Көпекеңді Алланың
Жарылғауын қарашы.
Дәл сол жылы сол тұста
Беске келген баласы.
Баянда ескі медіресе
Айқара ашып есігін.
Нажмеддин хазірет
Тербеген білім бесігін.
Жан-жақтан шәкірт жинады,
Құлағы шалған Көпекең
Жүсібін ертіп Хазіретке
Бармақ болып жиналды.
Одан бұрын Көпекең
Әліпбиді танытқан
Ерке бала тек, әттең,
Шала оқып, шала ұққан
Секілді бұған көрінген.
Кекірелеп кей-кейде
-Оқымаймын!- деп жеріген.
Молда емессің сен,- дейтін,
Молда болмайд көрінген.
Далаға лақ-лақ қашатын,
Шыны керек, мұндайда
Көпекең тіптен сасатын.
Сол бала еріп соңынан,
Медресеге енген-ді.
Бастай көр өзің оңыңа,
Бір Алла еді сенгені.
Жүсіпке кезек келді енді,
Хазіреттің тыңдап сауалын
Мүдірмей жауап берді енді.
-Сопы,- деді Хазірет,-
Зерек екен бұл балаң
Баласындай Бұқарай Шәріптің
Аятты дұрыс оқыды.
Шатастырмай әріпін,
Ғирағаты да қисынды.
Құлақтан кетпес ән тектес,
Күмбірлеген күй сынды,
Деп шаттанып сүйсінді.
Сонан соң сәл-пәл толғанып,
Һәптиек Құранды қолға алып,
Бұларды естіп үйренед.
Шар кітапқа салсам сүйрелеп,-
Деді де бұған жымиып:
-Бір Аллаға сыйынып,
Рұқсатымды берем мен .
«Шар кітапты оқыған,
Бар кітапты оқиды».
Естігенде боларсың
Бұл мақалды сен елден.
Сауаты артып баланың,
Мақұрым қалмас өнерден.
-Иншалла,- деді Сопы да,-
Сөзіңізге сенем мен.
Жалғызымның билігін
Өзіңізге берем мен.
-8-
Әр сөзін Хазіреттің көріп ырым,
Бақытты жан жоқ еді бұдан бүгін.
Жөнелді Қызыл ағаш қайдасың деп,
Жетейін анасына,
Риза боп баласына.
Пақырдың көңілі жайлансын,
Зар желдіртіп жөнелді атын тіпті.
Сол сәтте артынан бір дыбыс шықты,
Жалт қараса, артында ұлы келед,
Кім көрген дәл осындай жындылықты.
Ақырып ат бауырына алды дерсің,
Қамшыны Жүсіпке енді салды дерсің.
Медресенің ауласынан зып берген-ді,
Бір сәтке Сопы тоқтай қалды дерсің.
Сонан соң аттың басын кері бұрды...
Екі қыста шар кітап тәмамдалған,
Жүсіп оны заулатты жаттап алып.
Көп бала һептиек Құранды
Үйрене алмай жатқанда өліп-талып.
Бұл тұста Қамалиден Хазірет те
Омбыдан Баянға көшіп келген.
Хазіретке Сопы кеп сәлем берген,
Баланы көзі шалып соңына ерген.
-Балаңды оқытасың ба басыбайлы,
Жоқ әлде? - деп...сұрап көрген.
-Ниетім өмірі болса оқытпақпын,
Сол үшін болып жүрмін алашақпын.
-Биданнан онда мұны бастайын,
Көрерміз артар жүгін болашақтың...
Ал бала естіген сәт болашақты,
Дегендей мен өзінен алашақпын.
Жүре берді ілімге ендей еніп,
Онымен білім қуған таласад кім?
Хазіреттің аузынан шыққан лебіз,
Болса да ұлан-ғайыр бейне теңіз.
Алар ед ә дегеннен Жүсіп қағып,
Еңбекпен деген рас білім егіз.
Хазірет үйретеді құштарланып,
Ал Жүсіп күннен-күнге қанаттанып.
Қызылтау қиясының сол қыранын,
Бұл кезде Баян халқы алды танып.
«Қозы көрпеш», «Тарғынның» дастандарын
Жазып алып жаттады қоймай бәрін.
Сұлу сөзге шөлдеген Баян халқы,
Тал бойына сіңірді талмай нәрін.
Қашанда жұрт аузында сөз жата ма,
Балалардан бұл хабар жетті атаға.
«Күн еді аға Сұлтан сол күнде енді,
Баянтау қаласына Мұса келді.
Алдына көрем деп алдырған-ды
Тынбаспен жазған Мәшһүр қақсай берді».
Сөзі бұл Мәшекеңнен жеткен бізге,
Біз дағы көне тартқан түстік ізге.
-Мына Мәшһүр болатын бала екен деп
Оны мен тапсырам депті сізге.
-Ей, Сопы, бұл баланы жақсы бақ!- деп,
-Жұрт алдында балаңа үкі тақ!- деп
Қаққай деп Құдай мұны көз бен тілден,
Сол жерде Мұса мырза лепес қылды.
Қамар хазірет бибісі,
Елге сыйлы бұл кісі.
Бибі Мәриям десе болар,
Әйелдердің үлгісі.
-Мұса мырза, үкі тақ,-
Дегенін естіп сол бір шақ
Жалғыз қызының
Үкісін қадап бөркіне,
Сүйсіне қарап тұрыпты,
Жүсіптің бір сәт көркіне.
Сол жайды Мәшһүр Жүсіп көп жазады,
«Солардың сонда түскен махаббаты,
Сүйсінген артылумен жан ләззаты.
Ерден пірден ілтипат назар болып,
Мәшһүрдің жұрт аузында қалған аты»
-9-
Сол Мәшһүр
Келген тұста тоғыз жасқа,
Айналған әке сөзі бұлжымасқа.
Қаладан Хазірет енді көшті елге,
Құнанға мінгізіп ап бір көк қасқа,
Мәшһүрді Көпей Сопы алып жетті.
Тасқын білім жайлаған көкіректі,
Бұл тұста бір Алланың ықыласымен
Мәшһүрдің аузынан нұрын төкті.
Талантын танытқандай тасқын сезім
Баураған байтақ жатқан Баян жерін.
Бар жоғы тоғыздағы Мәшһүр Жүсіп,
Талайдың шыққан еді басып төрін.
Мұстафа болыс, Мұса дуанбасы,
Ұйыған алты алаштың кәрі-жасы.
Мұстафаның ұстаған молдасы бар,
Молда Жүніс Мәшһүрге ұшырасты.
Үй толы балаларға сабақ берген,
Жүкеңнен көрді ме екен мінез кердең?
Бірі шәкірт десе де, бірі молда,
Екеуі жараспады салған жерден.
Айтысып шәкірттерін ықтырған соң,
Алдында айбын тастап тік тұрған соң,
Мәшһүрді молда Жүніс аясын ба?
Тоқтады ақырында көзін шұқып,
Білімсіз екендігін ұқтырған соң.
Бала Мәшһүр бұлақтай аққан еді,
Дәлелді сан алуан тапқан еді.
Хазіреттен естіген жат сөзбенен,
Бейшараның аузын жапқан еді.
Алайда ей сені ме дегендерді
Таман бала сазайын берген еді.
Алып ұрып оқудан шыққан соң,
Түйе бастың көкесін көрген еді.
Ақ тәніне талайдың қолы тиген,
Тәңірдің жарылғауын құлын сүйген
Көр осыдан
Сол жандар тепкілеген тезектейін,
Тік тұрып алдында оның басын иген.
Түйін
Мәшһүрге талант берген патша Құдай,
Көлденең тартады енді сырын ұдай.
Ата-ана мейірімінен жырақтау ғып,
Қаңғыдым оқу оқып үш жыл ұдай,-
Деп жазған.
Мәшекеңнің сөзі мынау:
-Бір жерде жын бар десе, «Оқу» атты
Жалма жан даярлайды әкем атты,
«Тимеші» -үйде отырсын деп айтпайды,
Шешем қандай, мінезі тастан қатты.
Көзім жасын Құдайым иген емес,
Жастан маған жақсы орын тиген емес.
Бір жыл жатып бір жерде келсем үйге,
Шешем иіскеп бетімнен сүйген емес».
Болса да жаны үстінде баласының,
Еркелетіп естіртпей қарашығын.
Ұстаған бір қалыпты тәртіп тезде,
Атынан айналайын анасының,
Мен үшін аналардың анасысы ол,
Оған әман тәңірі нұсқаған жол.
Талайлардың баласы өбектеген,
Көз жасын ержеткенде қылғанын көл,
Көп көрдік сіз де біз де жасырмайын.
Ол үшін тағуымыз басқаға айып,
Жөн емес екендігін ұғынамыз.
Бар пәле өзімізде қылдан тайып,
Есіртіп еркелеткен жас баланы
Білімсіз шолжың қалай бас болады.
Ол қалай Мәшһүр тектес шынға шықпақ,
Алаштың ардағы боп асқаралы.
Сүйсінген жас шәкірттің шалымына,
Ілімді ұлан байтақ тануына.
«Уай, Әулием!» Дамуылда хазірет қылған лепес,
Бесіктен белі шықпай тұрғанында.
Хазіреттен лепеске ие болған,
Мәшһүрден басқа шәкірт жоқ-ау, сірә.
Сол Мәшһүр он бесінде ақын болған,
Тура айтқан тайынбаған талай зордан.
Ақ патша, кешегі өткен кеңес дағы,
«Қап!» деген шығарып ап оны қолдан.
«Әулие» келер күннің қаупін сезген,
Тасалап «қара месті» қырғи көзден...
Қамын ойлап қазақтың баласының.
Сол мұра Тәуелсіз ел тарихында
Тапқанын айту парыз жарасымын.
Талайдың таңдайынан балы тамған,
Жырларын жұтып тынған мына жалған.
Мәшһүрге сонан дағы тісі батпай,
Бір Алла оның сөзін сақтап қалған.
Еңбегін қолымызға ұстап бүгін,
Оқимыз Мәшһүр сырын,
Мәшһүр мұңын.
Сондайда оралары ойыңа анық,
Кезінде қараңғыны қылған жарық.
Алланың ұлылығын білген танып,
Өзі де Алты алашты шыққан жарып,
Өмірде бала Мәшһүр болғаны анық.
Сүлеймен Баязитов
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі