Ғұмар Қараш – ақын, қоғам қайраткері, діндар, араб, парсы, түркі тілдерін жетік меңгерген ағартушы, ғұлама. 1875 жылы Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданы, Қырқұдық елді мекенінде дүниеге келген.
Өз дәуіріндегі өзекті мәселелерді толғаған қаламгер «Қазақстан», «Дұрыстық жолы» сияқты газеттер мен «Мұғалім» журналын шығару ісіне білек сыбана араласқан.
Оның 1910-1918 жылдарда Қазан, Үпі (Уфа), Орынбор қалаларынан «Ойға келген пікірлерім», «Бала тұлпар», «Қарлығаш», «Өрнек», «Тумыш», «Бәдел-хажы», «Аға тұлпар», «Тұрымтай» сияқты өлең кітаптары мен прозалық-философиялық толғаныстары жарық көрді. Сонымен қатар ел аузында жүрген ақын, жыраулар мұрасын, эпостық жырларды жинап, жариялауда елеулі істер атқарды.
Қазақстанның батыс өңіріне тараған батырлық жыр мұраларды жинастырып, 1910-1912 жылдары Орынбор қаласынан «Шайыр», яки қазақ ақындарының басты жырлары», «Көксілдер», яки бұрынғы мырза ұлы һәм ноғайлы батырлары уа ғайри мағыналы жырлар» деген екі жинақ шығарады. «Шайыр» жинағына Байтоқ, Жанұзақ, Доспамбет, Қазтуған, Шәлгез, Әсет, Шәңгерей шығармаларын, шешендік сөздер мен «Ер Шобан», «Әділ сұлтан» сияқты жырларды – жиырмадан аса әдеби мұраны топтастырған.
Ғұмар Қараш XX ғасырдың бас кезінде қазақ даласына кең тараған «Айқап», «Мұғалім», «Шора» журналдары мен «Қазақстан», «Ұран», «Дұрыстық жолы», «Қазақ дұрыстығы» сияқты газеттерде сол дәуірдің көкейкесті мәселелері хақында өлеңдер мен мақалалар жариялап, мерзімді баспасөз бетінде жиі көрінді.
Ғұмар Қараш Алаш қозғалысына белсене араласты. Әлихан Бөкейхан бастаған Үкімет құрылған кезде Қараш қазы, яғни жоғары сот болып сайланды. Кейін Алашорда тарап, Бөкей облысында Кеңес өкіметі орнаған кезде Ғұмар Қараш ағарту, баспа ісі жұмыстарына араласады. 1921 жылы 12 сәуірде Құнаншапқан деген жерде жендеттер қолынан айуандықпен өлтіріледі.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі