Аллергия – жас талғамайтын ауру. Бұл – кез келген адамда, кез келген жаста дамитын, тіпті емшектегі сәбилерде де кездесетін сырқат. Балалар аллергологиясы аллергологияның ерекше бір саласы, ол балалардағы аллергиялық ауруларды зерттейді. Әлемде әрбір бесінші бала аллергиядан зардап шегеді, сондықтан бұл сала әлем дәрігерлері үшін аса маңызды.
Аллергия сөзі гректің alloz және ergia – дегең сөздерінен шыққан, ол «бөгде затқа реакция» дегенді білдіреді.
Аллергия – ағзаның әртүрлі заттарға – аллергендерге сезімталдығы. Бұл аллергиялық аурулар белгілерімен көрінеді.
Аллергия – иммундық жүйенің ең кең тараған бұзылысы. Бұл ағзаның қарапайым жағдайда, зиянсыз заттың, аллергеннің мөлшеріне жоғары сезімталдық реакциясы болып табылады. Аллергияның бір немесе бірнеше түрімен алты баланың біреуі ауырады.
Ең кең тараған аллергиялық реакциялардың түрлері: шөпке және ағаштарға, жәндіктердің уына, үй шаңына, жануарлардың, құстардың жүндеріне, қауырсындарына және т.б аллергия. Иммунды жүйе осы заттарға реакция беріп, жасушалық химикаттардың, соның ішіне гистаминдердің көптеп өндірілуін тудырады. Бұл химиялық заттар бөгде заттар деп танылып, денеде тізбек реакциясын жүргізеді. Оның соңы – мұрын және көз айналасындағы тіндер ісініп, тыныс алу қиындап, тері қышиды, шырыштардың бөлінуі көбейеді. Көз, тыныс алу жүйесі, тері және ішек жолдары аллергиялық реакцияларға аса сезімтал. Аллергиялық реакцияға тән белгілер: жас ағу, көздің қызаруы, мұрынның бітелуі немесе су ағу, терінің қышуы, шаршағыштық, бастың ауруы, түшкіру. Аллергиялық реакциялардын көріністері әрі қарай күшейіп, терінің қабыршақтануына, бөртуіне, қызаруына және сулануына алып келуі мүмкін. Сонымен қатар балада «аллергиялық көгерулер» – көздердің айналасының қараюы дамуы мүмкін. Бұл көгерулер аллергияның немесе бүйрек ауруларының салдары болуы мүмкін. Нақты диагноз қою үшін міндетті түрде дәрігерге қарау керек. Аллергия маусымдық немесе созылмалы болады, ол аллергияны қандай заттың тудырып тұрғандығына байланысты.
Созылмалы аллергиядан екі мысал қарастырайық: жануарлардың жүніне және шаңға. Бұл кезде аллерген үнемі адамға әсер етеді. Ал маусымдық аллергия ол белгілі бір жыл маусымында аллерген әсер еткенде ғана көрініс береді.
Балалар аллергиясы бірнеше кезеңдерге бөлінеді, оның әрқайсысы балалардағы аллергияның көрінісі ретінде мәлімет беретін ішкі себептерді бөліп қарастыруды қажет етеді.
Сырқаттардың туындау себептері баладағы аллергияға бейімділік болып табылады. Бұл баланын құрсақішілік кезінен дамуы мүмкін. Яғни анасы жүктілік кезінде аллергияның дамуына қауіп тудыратын тағамдарды (шоколад, балық, цитрусты өнімдер, құлпынай) шектен тыс қолданатын болса, сәби дүниеге келгеннен кейін онда аллергиялық ауру дамуы әбден ықтимал. Сонымен қатар, болашақ ананың иммунитеті төмен, жедел респираторлық вирусты инфекциялық аурулармен ауыруы, созылмалы қабынудың болуы да болашақ сәбиде аллергияның дамуына қосымша бейімділік туғызады. Дисбактериоз, шылым шегу, алкоголь, жүктілік ағымынын асқынуы да үлкен қиындықтарға әкеп соқтырады.
Бала өмірінің бірінші жылында дамыған аллергия анасының дұрыс тамақтанбауынан және/немесе антибиотик дәрілерді қолданудан дамиды. Сонымен қатар, аллергияның дамуына жасанды тамақтану және қатты тағамға ауыстыру да өз әсерлерін тигізбей қоймайды.
Балалардың алты жасқа дейінгі өмірінде дамыған аллергияны жоғары аллергенді тамақтану тудырады, яғни балада дисбактериоз болса, оны көп мөлшерде тазартылған көмірсулармен қоректендіргенде дамиды. Бұдан басқа, балалардағы аллергия бала ағзасында қажетті дәрумендер жетіспеген жағдайда да көрініс табады.
Аллергендер түрлеріне келетін болсақ, олар шартты түрде тағамдық, биологиялық, химиялық, дәрілік болып бөліп қарастырылады.
Аллергияның дамуы жергілікті және жалпы болуы мүмкін. Жергілікті түріне: аллергиялық ринит (ісінген қызыл мұрын, ісіну, бөліністер болуы), аллергиялық конъюнктивит (жас ағу, көздің қызаруы, қышуы), бронхоспазм (қиындаған ысқырған тыныс), аллергиялық отит (ісіну, естудің төмендеуі), аллергиялық дерматит (терінің қызаруы, бөртуі, қышуы). Оның нұсқалары: жанасулық дерматит, есекжем, экзема.
Жалпы түріне: жергілікті белгілердің бірнешеуінің қосарланып көрініс табуы – қышу, қызару, ісінулер, қиындаған тыныспен бронхоспазм және т.б. Осы белгілердің айқындалуы анафилактикалық шокқа күдік тудырады.
Респираторлық аллергия. Ол өте ұсақ аллергендермен, яғни ауада жүретін – аэроаллергендермен (өсімдіктердің шаңы, жануарлардың жүнінен және қайызғақтарының бөлшектері, зең саңырауқұлақтарының споралары, үй шаңының кенелері, тарақандар) шақырылады. Мұнда тыныс жолдары ағзалары арқылы енген аллергендер науқаста түшкіру, мұрынның бітелуі, су ағуы және т.б. белгілерін тудырады.
Тағамдық аллергия көбінесе емшек жасындағы балаларды жасанды қоректендіруге ауыстыру, қосымша тамақты енгізу кезінде жиі дамиды. Сонымен қатар бұл жерде сырқат аллергия шақыратын тағамның түрімен қатар, оның мөлшеріне де байланысты екендігін ескертеміз. Жасанды тамақтандыруға ауыстыру кезінде де аймақтық дәрігермен кеңесіңіз. Егер баланың ата-анасында, ата-әжелері, жақын туған-туыстары аллергиялық аурулардан зардап шегетін, тұқымдарында бронх демікпесі бар болатын болса, ондай жағдайда міндетті түрде қандай тағам түрлерін беретін болса да абайлап, аз мөлшерде беріп, бақылау қажет. Ең дұрысы гипоаллергенді тағамдарды қолданғандары жөн. Осы тағамдық аллергиямен қатар, қазіргі таңда ерте жастагы сәбилерде дәрілік аллергия да кеңінен етек алуда, ол сәбилерге арнайы дайындалатын сироп, суспензия және т.б. тәтті сұйықтық дәрілерді берумен байланысты.
Аллергиялық дерматоздар терінің аллергиялық аурулары болып табылады.
Анафилактикалық шок – аллергиялық реакцияның асқынған, ең қолайсыз түрі. Ол көбіне жарғаққанатты жәндіктердің – маса, ара және есек араның шағуынан кейін дамиды, сонымен қатар дәрілік аллергия салдарынан антибиотиктерге, анальгетиктерге және көптеген басқа да дәрілерден туындауы мүмкін.
Еміне келетін болсақ, кез келген аллергиялық реакция болатын болса, міндетті түрде сол аллергенмен қатынасты бірден тоқтату қажет, бірден дәрігермен кеңесіп, оның тағайындауымен науқасқа антигистаминді аллергияға қарсы дәрілік заттарды – зиртек, телффаст, тавегил, супрастин және т.б. беру қажет. Терілік реакциялар болатын болса, қышу, мазасыздық шақырса, сол аймақтарды салицил спиртімен немесе басқа спирттік тұнбалармен сүрту қажет. Егер шұғыл медициналық көмек қажет болса, онда кешіктірмей жедел жәрдем шақыртыңыз. Оның келуіне дейін науқастың барынша кең тыныс алуына жағдай жасаңыз.
Егер отбасы мүшелеріңіз аллергияға бейім болатын болса, онда гипоаллергенді емдәм сақтау қажет. Сонымен қатар үй жануарларын, өсімдіктерін ұстаудың қажеті жоқ. Отбасы мүшелерінің өткір иісті әтірді, бояу, тұрмыстық химиялық заттарды және т.б. қолданбағандары абзал. Осы тұста гипоаллергенді емдәмді келтіре кеткен дұрыс.
Гипоаллергенді емдәм:
• Ботқа: қарақұмықтың, күріштің, жүгерінің, жарманың суда немесе гипоаллергенді сүт қоспасында пісірілген ботқасы және т. б.
• Көкөніс және көк дақылдар: алдын ала кемінде екі сағат суда жуылған кәді, аскөк, салат, жасылша, брокколи, картоп.
• Май: исі жоқ сарымай және өсімдік майы және т.б.
• Ет: қоян, күркетауық, жас жылқы еті.
• Сорпа: жармалармен, көкөністермен, қоян, күркетауық сорпасы.
• Сүт-қышқыл өнімдері: балаларға арналған сүзбе; жеміс қоспасыз айран және т.б.
• Нан-бөлкелер, кондитерлік өнімдер: нан – ашытқысыз жасалған ақ нан, гипоаллергенді печенье, кептірілген нан.
• Қант: фруктоза.
Қымбатты жас аналар, мүмкіндігінше сәбилеріңізді ана сүтінен айырмай қоректендіргендеріңіз дұрыс. Сонымен қатар балаларыңызға қосымша тамақ енгізгенде аз мөлшерден, абайлап, аллергенге жатпайтын тағамдарды беріңіз. Баланы сәби кезінен шынықтырып, бала ағзасына қажетті дәрумендерді беріп, жиі ауыртпауға тырысып, дені сау бала өсірулерңізге тілектеспін.
Айнұр Жанәлиқызы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Еркегул
баламның екі аяғына тізелерине және екі колының шынтағы қызыл канталап кеткен сияқты алергия шығып кеткен калай емдеуге болады?
Гульмира
Жаксы аллерголог керек телефон номер калдырсаныз
Айару
Қызым бір айлық алергия бар бетінде туылғанда болған ішіне қызыл кобейіп кетти немен жуамын
Айару
Қосымша нестожин ішеді туылганнан