Өлең, жыр, ақындар

Гиподинамия және гипокинезия дегеніміз не?

Соңғы кездері адам өзінің еңбек және тұрмыс қажетіне бұлшық ет жұмысын аз пайдаланады. Сондықтан организм тіршілігінде гиподинамия, яғни денеге аз күш салу және гипокинезия, яғни аз қозғалу жиі кездесетін болды.

Гиподинамия мен гипокинезия адам организміне бірте-бірте қауіпті жағдай тудырады. Сондықтан оның тигізетін әсерін әрқайсымыздың білгеніміз жөн. Гиподинамия созылмалы және жіті деп бөлінеді. Сондай-ақ бүкіл организмнің қозғалыс әрекетінің жаппай ішектелуін жалпы гиподинамия, ал жеке бұлшық ет қимылының шектелуін жергілікті гиподинамия деп ажыратады.

Созылмалы гиподинамияда еңбек пен тұрмысқа байланысты күнделікті қимыл-қозғалыс белсенділігі төмендейді. Бұл көбінесе аз қимылдайтын, отырып жұмыс істейтін кісілерде байқалады. Олардың организмінде мүшелер мен жүйелердің әрекеттік белсенділігі әлсіреп, реттеуші механизмдер нашарлайды. Сондықтан организмнің әр түрлі әсерлерге шыдамдылығы азаяды.

Қозғалыс белсенділігі көп жылдар бойы шектелсе, бұлшық ет талшықтарының атрофиясы туады. Ет талшықтары жіңішкеріп, гликоген мен энергия қоры азаяды, маймен қатпарланады. Қозғалыс әрекетінің күші мен төзімділігі кемиді, қимыл-үйлесім төмендейді, еттер тонусы әлсірейді. Осының салдарынан тұлғаның қалпы өзгеріп, ауырсыну синдромы пайда болады.

Гиподинамия зат алмасудың төмендеуіне жол ашады. Энергия шығыны азайып, тотығу реакциясының қарқыны мен ферменттердің белсенділігі нашарлайды, газ алмасу өзгеріске ұшырайды.

Адамдарда бұл жағдайда жүректің соғу күші әлсіреп, минуттық көлемі азаяды. Сондықтан жүректің өз көлемі кішірейіп, миокардта деструкциялық өзгерістер байқалалы. Қан тамырлары жүйесінде өзгерістер бола бастайды. Артерия тамырларының тонусы әлсіреп, қан қысымы төмендейді. Капиллярларда қан іркіліп қалады, сондықтан олардың қабырғасының су және электролиттік өткізгіштігі өзгереді. Осының салдарынан дененің кез келген жерінде су іркіліп, ісіктер пайда болады. Бұлшық еттер жиырылмағандықтан, лимфа ағысы тоқтап,  тіндерге су жиналады.

Жүректін оң жақ жүрекшесінің жұмысы кемігендіктен, қуысты көктамырларда қысым артып, бауырға қан жиналып қалады. Ол бауырдағы зат алмасуды тежейді. Осыдан келіп, қан қысымының жоғарылауы ішектегі заттардың сіңірілуін, сөл бөлу қарқынын төмендетеді, сөйтіп ас қорыту әрекеті бұзылады.

Гиподинамия кезінде антидиурездік гормонның аз түзілуінен полиурия, яғни несептің көп шығуы байқалады. Сонымен қатар бүйрек шумақтарында қанның ағысы күшейіп, альдостерон сөлінің бөлінуіне демеуші рениннің түзілуіне кедергі келеді деген болжам бар.

Организм аз қозғалған жағдайда зат алмасудың барлық түрі өзгереді. Адамның құрсақ пен бел аймақтарында май қыртыстары пайда болады, дененің салмағы артады. Бұлшық еттер мен бауырдағы көмірсулардың қоры азаяды, белоктар мен тұздар көп ыдырайды. Калций алмасуы бұзылғандықтан сүйек жұқара бастайды. Дененің жалпы температурасы төмендейді.

Гиподинамия дененің қозғалысы мен вегетативті әрекеттердің өзара байланысына нұқсан келтіреді. Вегетативті өзгерістерге кезіккен жүйкенің орталық тонусы холинергиялық әсерленістің әлсіреуі және симпатикалық жүйке ықпалының күшеюі себепкер болады.

Жіті гиподинамия қозғалыс белсенділігін күрт тоқтатқан адамдарда байқалады. Организмде ет-жүйке аппаратының жұмысы және оны вегетативтік жабдықтау, әсіресе афференттік серпіністер және эндокриндік ықпал жедел өзгереді. Өйткені бұлшық еттердің әрекеті және ішкі ағзалардың қызметі төмендейді. Әуелі орталық жүйке жүйесі зардап шегеді. Тамыр тонусы, зат алмасуы, жүйке орталықтарының өзара әрекеттесуі, ұйқы және тәбет бұзылады, жүрек аритмиясы пайда болады.

Клиникада гиподинамияны амалсыз және міндеттеу деп бөледі. Бұл көбінесе ауруы ұзаққа созылған науқастарда болады (мысалы: естен тану, бұлшық ет әлсіздігі, ауыр жарақат, сүйек жегісі және т.б.). Кейде ол клиникада тыныс алу, жүйке, жүрек-қан тамыр, тірек-қимыл ауруларында әдейі қолданылады.

Жергілікті гиподинамия әрбір бұлшық ет топтарының қозғалыс белсенділігі тыйылғанда, яғни дене мүшелерін гипстегенде, жүйке талшықтары зақымданғанда және т.б. пайда болады. Мұндайда еттің семуі, яғни атрофиясы басталып, зат алмасу өзгеріске ұшырайды, оның қозғыштық қасиеті, гуморальдық затқа сезімталдығы күшейеді.

Гипокинезия шектелген қозғалыс әрекетіне байланысты болады. Оның мөлшері орындайтын жұмыс ерекшеліктеріне сәйкес келеді. Еңбек және тұрмыс жағдайында туындайтын аз қимыл адамға өмір бойы әсер етеді, оның денсаулығын бұзады. Оны гипертонияны тудыруға және басқа да патологиялық өзгерістерді тудыруға себепкер деп санайды. Қозғалыс әрекетінің жетіспеуі организмнің зорлану, қабілетін әлсіретеді, оның жұмыскерлігін азайтады. Гипокинезия организмнің сезгіштігін төмендетіп, эмоциялық, әсерлердің денсаулыққа ықпалын күшейтеді. Гипокинезияның организмге жағымсыз әсерлерін анықтау, оны жою үшін эргономикалық шаралар қолданылады. Оның жағымсыз салдарын жою үшін үнемі спортпен және дене шынықтыру жаттығуларымен айналысу қажет. Әлеуметтік зерттеулердің мәліметтері бойынша, гиподинамияға кедергі жасайтын негізінен психологиялық түрткілер. Адамның машықтанған дәрежесін көптеген әрекеттік сынамалар арқылы анықтайды. Қандағы гемоглобиндері мөлшері, өкпенің тіршілік сыйымдылығы және оның ең жоғары жетілуі, тынысты тоқтата тұру мерзімі  сияқты сынамалар маңызды көрсеткіштер болып табылады. Олар организмнің тыныс, қан жүйелерінің әрекеттік мүмкіндігіні көрсетеді.

Сонымен бірге жүрек-қан тамыр жүйесі жұмысының көрсеткіштері ерекше маңызды. Мысалы, машықтануы жоғары адамда тамырдың соғуы қалыпты жағдайдағыдан төмен болады, яғни минутына 40-50 рет. Жүрегінің ырғағы, ЭКГ өркештерінің сипаты, оттегіні пайдалану көлемі және т.б. мәліметтерді, білудің де маңызы зор. Қарқынды дене қимылы оған сәйкес тамақтануды қажет етеді. Жоғары қуаттық шығындар қосымша көмірсулармен, белоктармен толықтырылуы тиіс. Сонымен қатар, тамақтың құрамында тиісті витаминдер мен микроэлементтер болуы керек.
Жұмысқа қабілетті жақсарту және қажуды болдырмау үшін дене қалпын дұрыс сақтауға, аспаптарды дұрыс ұстауға жұмсалатын күштерді  азайтқан жөн. Бұл бұлшық еттердің статикалық жұмысын азайтып, олардың динамикалық қызметінің уақытын ұзарту деген сөз. Демек, адамның жұмыс істеуіне кедергі жасалмауы үшін еңбек әрекетіне тиісті барлық гигиеналық ережелер талаптарын орындау қажет.

Ж. Нілдібаева, медицина ғылымдарының кандидаты, доценті


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

кайрат

өте кушты жазылган

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз