Ілініп түн тұр тауларға – Мұқағали Мақатаев

Бұл бетте «Ілініп түн тұр тауларға» атты Мұқағали Мақатаев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 16.04.2015
  • 1
  • 4
  • 23520
Ілініп түн тұр тауларға,
Дамылдап тірлік қалған ба?!
Алыстан оттар жанады
Жай таппай мына жалғанда,
Адасып жүрген арман ба?!
Жарқ етіп, кейде бір өшіп,
Бұлаңдап, шалқып, тұр есіп.
Сөндірмек болған самалмен,
Сөнгісі келмей күресіп.
Бір жанады оттар, бір өшіп.
Адасып жүрген боларсың,
Отқа тарт, түнгі жолаушым!
От жанған жерде - ошақ бар,
Барарсың, мүмкін қонарсың:
Отқа тарт, отқа, жолаушым,
Жоғалсын үрей, жоғалсын!
Ұмтылып келер күндерге,
Жанады оттар түндерде.
Тіршілік барын аңғартқан,
Жанады оттар жан-жақтан,
Әкеліп үрей кімдерге,
Әкеліп үміт кімдерге
Жанады оттар түндерде.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (4)

бауыржан

Тамаша

Ерлан

Маған барлық өлең ұнады

Айша

Керемет өлең!

Осы автордың басқа өлеңдері