Өлең, жыр, ақындар

Тастың әңгімесі

Мен қара мрамор, қара таспын. Адам қолынан өткен соң айнадаймын. Алдымдағының бәрін көремін, түгел көремін. Адам күнге қарай алмайды. Мен қарай аламын. Адам қызыға қарайды, қуана қарайды, қорқа қарайды. Мұның бірі де дұрыс көру емес. Менде ондайдың бір да жоқ, мен анық көремін. Мен түнде ғана көре алмаймын.

Мен қара мрамор, қара таспын. Көргенімді ғана айта аламын. Мен адамның қуанышын да сезінбеймін, қайғысын да сезінбеймін. Менде көргенімнен бұзылар көңіл де жоқ. Мен қалай көрсем солай ғана айта аламын. Менің куәлігімнен адам өзі қандай қорытынды жасар, оны адамның өзі білсін.

Ол мейрам күні емес-ті. Бұл кезде бұл елде мейрамға ұқсар еш нәрсе жоқ-ты. Соғыс салмағынан жаншылып, жеңіліс азасын енді ғана сезіне бастаған ел езу тартуға ұялатын. Менің алдымнан ылғи жабырқау адамдар өтіп жатты. Көпшілігі балғын жастар, оқушылар, әйелдер мен кәрілер. Жемірілген өкшелер, жырым-жырым шалбар балақтары өтіп жатты. Қабақтары түюлі, үсті-бастарына қара май, көгалжім, сарғылт бояулар жұққан, шалбар тізелері бұлтиып кеткен жұмыскерлер мана, күн шықпай өткен.

Соғыстан бұрын қыздар менің тұсымнан өткенде көздері бір жарқ етіп қалушы еді, қазір ол да жоқ. Балалар мойны жіңішкерген, әйелдер еңсесі түсіңкі, барлық адам кішірейіп, шөгіп кеткен. Бірен-сарандаған соғыс машиналары үн шығармай, ұрланып қана кетіп барады. Бұған дейінгі кеудем соқ, әлгі жүрістің уақыты өтіп кеткендей.

Аспан бұлтсыз, күн шандай ыстық еді. Қаланың орталығын түгел орап алған орманды таулар ыстықтан балбырап, мүлгіп тұр. Менің бетіме жібек көйлектің желпігеніндей де леп келмейді. Көше бойындағы ағаш жапырақтары әлдеқандай дыбысқа тоса қойған құлаққа ұқсап тынып қалыпты.

Қала төбесінен жарты километр биікте әлдене бұрқ етті де от жолақ аппақ бағана орнай қалды: жоғарғы жағы бұрқырап қайнап, бұйраланған ақ қалпақ, түбі қаланың дәл орталығына қадалыпты. Жан-жаққа мен көріп-білмеген от тасқыны, жарық тасқыны гу ете түсті. Қала отқа түскен қағаздай бүрісіп бір қалды да жоқ болды. Темір жанып күлге айналды. Тас жанып тозаңға айналды. От пен жарық сұрапылы көзіңді ашып-жұмғанша қаланы тозаңға айналдырды да үлкен бір өңеш барлық шаң-тозаңды суырып-сорып аспанға ұшырып әкетті. Қала орнында кедір-бұдыр қара күйік қалды. Мен, құлағым болса, аспанның жарылғанын естідім дер едім. Содан саңырау болып қалдым дер едім. Бірақ, мен қара таспын, еш нәрсені естігенім жоқ.

Аспаннан жерге найзадай қадалған от тасқыны менің алдыма әкеліп бір топ адамды үйіп тастады. Бәрі де атылып келіп түсті. Бәрі де зеңбірек өңешінен атылғандай пәрмендеп келіп соғылып жатыр. Аяқ-қолдар үзіліп кетіпті. Бастар мылжа-мылжа... Адам басы тасқа келіп соғылмауға керек екен де... Менің бетіме шұбатылған адам шектері келіп жабысты, адам қаны шашырады. Шектер жабыса беріп күйіп кетті, қан шашырай беріп күйіп кетті. Ауа отқа айналды.

Трамвай аялдамасында ығы-жығы адам. Іші-тысы толған адам, трамвай орнынан қозғала берді де лап етті. Трамвайдың темір қаңқасы бір сәтке ғана көзге ілікті де жоқ болды. Ығы-жығы болып тұрған адамдар да ғайып болды. Адам күйгенін сезінген жоқ, өлгенін сезінген жоқ. Егер жетпіс бес мың адам күйгенін сезініп, ауырсынып ыңыранғанын естісең не болар еді?! Мыңдаған жас балалардың мөлдіреген қара көздері күйіп жатқанын көрсең не болар едің?! Мыңдаған мектеп қыздарының киімдері лап етіп кетіп, жалаңаш қалған балғын дененің қуырдақтай шыжылдап қуырылып жатқанын көрсең не болар едің?! Әйтеуір мен соны көрген жоқпын. Жылан тілі жылт еткендей ғана уақыт өтті, қала жоқ болды. Лезде қала орны кедір-бұдыр қара күйік дала болып қалды. Қарсы беттегі тау бектеріне шыққан қалың орманның жапырақтары жұлқына бұйраланып алай-түлей болды да, күзді күні топталған қара торғай сияқтанып бұрқ етіп ұшып кетті. Тау бөктерінде мыңдаған піл өліктері жатқандай.

Қаланы өртеп, шаң-тозаңға айналдырып ұшырып әкеткен бәлені тұра қуғандай жел аңырап кетті. Жолында жеңіл үйлер кездессе бұ да жұлып әкететін. Құйындатып, ұйытқып соғады. Қаланы талай кезген жел, қала бақшаларын талай иіскеген жел бүгін қара күйікті иіскелеп жүр. Қара күйік тым үлкен, бүкіл бір елдің басына қара жамылуға жететін.

Қара күйіктің алау-жалауы басыла бергенде тіршілік қозғалысы белгі берді. Алдымен аң-таң алақтаған балалар көрінді. Аң-таң болмасқа амал жоқ. Бала түгіл үлкеннің ойына мұндай апат барлығы келген емес. Бұл дүниеге бірінші рет келген апат. Адам жасаған, адамның өзін қыру үшін жасаған апат.

Балалардан кейін қара күйіктің маңайына әйелдер, шалдар келді. Айнала қаранады, қаланы іздейді. Таба алмай жүр. Таныс дүниесін тани алмай қалыпты. Таба алмассың да тани алмассың. Адам, сен оны іздеме, қара түнек қайдан қопарылып кетті, соны ізде! Зұлымдық ордасын өрте!

Қара күйіктің қақ ортасында бір-ақ үйдің қаңқасы көрінеді. Айналасы тып-типыл. Бұл бес қабат, төбесі киіз үй сияқты көк күмбез, дөңгеленіп бітетін үй болатын. Өзі де дөңгеленіп салынған үй. От найзалар тура қадалмады ма, әлде дөңгелене салынған үйге соғылған от топаны екі жағынан сусып кетті ме, әйтеуір сол үйдің қаңқасы аман қалған.

Қара күйікте қыбыр-қыбыр тіршілік басталды. Быт-шыт болған, қуырылып қалған адам денелерін өртеп жүр. Адам өртенген ұясының орнын тазалап жүр. Біреудің қолын, біреудің басын, енді біреудің әлде неменесін тауып алып, шөмелелеп, үйіп өртейді. Менде естір құлақ болса, ең ауыр азап осы болды дер едім.

Ұзамай менің қарсы алдымда бірнеше жазулы тақтайлар пайда болды. Апат отының ыстықтығы үш жүз мың градус екен. Апат оғы қадалған жердің айналасы бір километр көлемінде жанды-жансыз түгел жоғалыпты. Одан әріректе апат күші бәсеңсіген. Тас пен темір балқып барып есін жинаған. Жан иесі бұл маңайда да түгел қырылған.

Мен қара мрамор, қара таспын. Айлар өтті, жылдар өтті, мен оны санай алмаймын. Мен мәңгілік уақытты ғана білемін.

Қазір баяғы қала қайта орнына түсті. Бұрынғысынан биік те көркем, көшелері кең. Қара күйіктен із қалған жоқ. Адамдар жабылды, таулар жабылды, сулар жабылды. Бақшалар тірілді. Бұл жөнінде адам еңбегін жыр қылып айтуға болар еді. Бірақ, менің айтайын дегенім ол емес, анау сұрапыл апат жайы. Темір өртенген күн, тас өртенген күн жайы. Ұмытпа демекпін. Сақтан демекпін.

Апат топаны қадалған, қаланың қақ ортасында қазір биік тас ескерткіш тұр. Он қолын жоғары көтеріп, сұқ саусағымен аспанды меңзеген адам мүсіні. Сол қолын көлденең сермеп, бейбіт тіршілікті нұсқайды. Екі көзі жұмулы, енді аспаннан апат келмеуін тілеп отырғандай.

Менің айтарым да осы ғана. Ол үшін не шара бар, оны адам тастан сұрамас деймін...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар