Шілденің ыстық күні. Шаңқай түс мезгілі. Аспан, ашық, таза. Төбеге келген қызулы күн жерді ысытып, өзгеше жарқырап, шақырайып тұр. Күшті жарығы қаратам көзді ұялтып, еріксіз жұмғызғандай. Күн қызуы жайылған ауа адамды тұншықтырғандай күйіп, шаңытып тұр. Тынысты ауырлатып, бойды мең - зең қылып әлсіреткендей. Бірқалыпта айнымай шыжып тұрған ыстық ауада анда - санда болымсыз ыстық леп білінсе, адам қомағайланып, сол тынышты салқынға қарай бойын созып, бетін төсеп еріксіз ұмтылғандай болады.
Бұл уақытта азғана тыныштық табылса, жалғыз ғана үй ішінен табылғандай. Әсіресе салқыны көп — үлкен ақ үйлер. Есігі түрулі, түңлігін еңкейтіп, терісінен ашқан үлкен үйлерге кіргенде ғана дене аз тыныштық алғандай болады. Жайлауға жаңа жеткен ел жіңішке өзеннің бойына шалғынды, жерді қуалап, жағалай қонған. Көз ұшында, сары даланың шетінен жотасы көрініп, иректеліп, созылып жатқан Көктау көрінеді. Одан бергі жер жалпақ ақ көде мен сары селеу. Өзеннің солтүстік жағы ұзын сары адыр. Кей жерде таудың аралары үзіліп кезең болып, кей жерде біріне - бірі қабатталып миқы адыр, бұйрат болады. Өзен осы адырды кенерлеп, таумен бірге айырылып ағады. Сары дала, сары адырдың арасындағы жіңішке өзен екі жағасындағы көк жиектенген шалғынымен, жағалай қонған ақ ауыл жыбырлаған неше түлік малымен, әр жерден бұраңдап аспанға шығып жатқан көкшіл түтінімен бірқалыпты дүниенің ажарын, ашып, сырт көзге көркейтіп тұрғандай. Өзен бойындағы ауылдардың күнбатыс жағындағысы — Байбосын қажының ауылы. Бұл ауыл өзгелерден артығырақ күй іздегендей, өзеннің суы жалпақ шалғыны мол жеріне қонған.
Және бір жағынан, ешкімді қондырмаған сияқты, өрісті мол қылып, беті ашықта оқшау отыр.
Ауыл — он бір-он екі үй. Бұлардың төртеуі үлкен ақ үйлер. Бірі — байдың өз үйі, екеуі — балаларыныкі, төртіншісі жаңа киізден істелген, сыртын манатпен оюлаған бес қанат ақ отау — ұзатылатын қыздың үйі. Ауылдағы қалған үйлердің көбі кішкене, үш - төрт қанат жыртықтау қара үйлер. Малшы - қосшының үйлері.
Ауылдан екі жүз қадамдай жерге қағылған көгалдағы үлкен желіде амалсыздан жатқан байлаулы құлындардан басқа ірі жылқы жоқ. Бәрі де өзенге түсіп, екі - үш жерге топтанып, үйездеп тұр. Әншейінде шыдамды жылқы дәл бұл уақытта ыстықты шын ауырлап, мең-зең болып тұрғандай. Бұлардың ыстықтан мазасы бір кетсе, ызыңдап ұшқан, тынымы жоқ көк бас сона, бөгелектен тағы тыныштығы кетіп: суды аяқтарымен шылпылдатып, құйрығымен екі жағын сабаланып, тыным ала алмай тұр. Ыстық - суыққа бірдей шыдамы жоқ сиырлар даладан оқыра қуып келсе, ауылда да тыныштық таба алмай, аласұрып жүр. Анда - санда тыныштық алайын десе де, сәйгелдің бірқалыпты ызыңы естілгенде: көзі аларып, құйрығын шаншып, жан - жаққа бытырай жөнеліп, құтырғандай жосиды. Екі бүйірінен демін алып ентігіп, танау қағып жүрсе де, күн ыстығы қайтқанша тыныштық алу жоқ сияқты.
Байбосын ауылы кешеден бері қарай күндегісінен көңілдірек. Кеше екінді кезінде келген бес-алты кісі күйеулер ауылдың қызығын молайтып, қыз-келіншек, бала-шаға, бозбалалардың желігін көбейткендей. Бір жағынан күйеулерге амандасуға келіп жатқан жақын ауылдың қыдырмашылары да ауылдағы қара-құраны молайтып, ертеңді-кеш топырды көбейтіп жүр. Байдың келіндері, жақын ауылдың қыз-келіншектері түгелімен таза киімдер киіп, күйеулер отырған ақ отауға ерсілі - қарсылы кіріп-шығып, даурығып, қалжың айтып, дамылсыз күліп, бірін-бірі жұлқылап ойнап, желігіп өтіседі.
Күйеулермен қыдырып келген жұрт та таңертеңнен қозғалмай отырып, әлденеше тегене қымызды ішіп алып, қызысқан. Бірін-бірі қағытып қалжыңдасып, мысқылдап күлісіп, кейде қызыл кеңірдек болып, болымсызға дауласып та кетеді. Күйеулердің үйі қазіргі сағатта өте көңілді. У-шу, ойын-күлкі, қалжыңдар әлі басылған жоқ. Көп дырду, күлкі арасында анда-санда домбыраға қосылып, жіңішке дауыспен шырқаған әнші Матайдың маңызды әні де естіліп қояды. Күйеулердің үстіне кіруге лайықсыз көрген үлкендер ауылдың алдындағы өзен жағасына таман келіп, көк шалғынның үстінде, көйлекшең отырып, салқындап әңгіме құрып отыр. Ауылдың қазіргі ажарына қарағанда және үлкендердің ниетіне қарағанда, бұл күйеулер қадірлі қонақтарға ұқсайды. Бұның бір себебі — күйеу болып отырған Қасым осы елдің көрші болысы — Қызылшіліктің жаңада сайланған «болатком» бастығы болатын. Ел ішінде аталы ауылдың баласы биылғы жылы партия басы болып, елінде атқа мінген жігіт. Өзі пәлендей батыр, өнерлі, өрелі жігіт болмаса да, «ата баласы ғой» деп атасының «аруағын» сыйлап, ел осыны болыс қойған: аузы қисық болса да байдың ұлы сөйлесіннің кері болған.
Күйеулердің бұдан басқа бір сыйлас болатын себебі — бұлардың қасына Қасымды болыс сайлаған нұсқаушы Оспан да ере келген.
Оспан — осы маңдағы үш-төрт болысқа келген сайлаушы. Өзі шала оқыған мұғалім болса да, Қасымның айтуынша, «өнерімен жетілген» деп саналады. Ұлықтықты ұқсата білген, сый-сияпатты тәуір көретін жігіт болғандықтан, Қасым аужайын байқап, әдейі қасына ертіп, қонақ ретінде алып келген. Сайлаушы төренің саяси пікірі қыр тұрмысына үйлеспесе де, «қазақты жақсы көретіндіктен» анау-мынау ойларды былай тастап, бәйбішенің үстіне тоқалдыққа Байбосынның қызын алғалы отырған Қасым досының қасына еріп келген.
Қасымның жасы қырықтың шамасында. Бетінде шешек шалған айқын таңбасы бар — шұбар. Қоңқақ мұрын, бітеу бастау, селдір қара сақалы бар, зор денелі аңсағай жігіт. Кісінің іші - бауырын елжірететін орамды жүйрік тілі болмаса да, Оспанды ылғи «төре» деп сөйлеп, асты-үстіне түсіп, қорыққандай болып күтіп тұрады. Айтқан сөзінің бәрін де «құп!» деп мақұлдап тұратын мінезімен «төреге» жаққан болатын. Оспан бұл мінездерін «қазақтың қонақшылдығы, мырзалығы, кеңдігі» деп сүйген еді. Сайлаушы таңертеңгі шайдан соң енді біраз «гулять» жасау керек деп, қыр кісілерінің бір жерде отыра беретін мінезін өзінше сөгіп, біраз жүріп келуге тысқа шыққан.
Бірақ тыстың ыстығы шыққан жерден жайсыз көрінсе де, қайта кіруді ыңғайсыз көріп, қасына әзінің шабарманы мен тағы бір-екі жігітті шақырып алып, ауылдағы әр нәрсені бұрын көрмеген кісідей тамашалап жүрді. «Төреге» жусап жатқан қой да, оқыралап жүрген сиыр да тамаша көрінді. Желіде жатқан құлынды көргенде «ақжүректігі» ұстап: «Ыстықтап жатыр-ау, байғұстар! Әй, қазақ деген қандай «жестокий!»—деп бірталай ой ойлаған кісі секілденіп бір тұрды. Біраздан соң кұрт қайнатып жатқан кемпірге келіп:
— Бұдан не жасап шығарасың, кемпір, ә? — деп күлімсіреп, — «Өндіріс» осы ғой, — деді. Қасындағы жігіттер төренің бар сөзін мақұлдап:
— Біздің қазекеңнің осындай қазақшылығы болады, — деп мысқылмен күліп қойды. Оспан осыдан аз-ақ бұрын құрт ішемін деп жер ошақты жағалап, шешесінің мазасын ала бергенде, басына «таңқ» етіп талай тиген ожауды ұмытып, қазір де сол құртқа кісілік көрсеткендей болып тұрды. Осындай біраз сейіл жасап үйге қайтқанда, бұны тосып отырған күйеу «бір оңаша сөзім бар» деп бұны тысқа шақырды.
Екеуі де тысқа шықты. Ауылдан қырық-елу қадамдай жерге барған соң көгалға жайланып отырып, Қасым сөз бастады. Қасымның айтпағы өз жайы екен. Тымағын көзіне киіп, төмен қарап отырып:
— Төре! Мұнда маған жайсыздау бір әңгіме болып отыр. Бұл Байбосынның қызын мен жаңада айттырғам ғой. Әке-шешелері қызын бермекке ырза болып, бізден бірталай мал да алып қойып еді. Енді бұл уақытқа шейін ай қарап жүрді ме — білмеймін, қызы: «Қатын үстіне тимеймін, ырза емеспін, бостандықтың заманы, өзімнің көңілім сүйген кісіге тиемін! Оның жасы да үлкен! — деп айтады дейді. Әлі бұл сөз әкелерінің құлағына тимеген болса керек. Жаңа жеңгесі келіп, осыны айтып кетті. «Сайлаушыға айтамын, басыма бостандық аламын, сотқа барамын!» — деп айтады дейді. Сонымен кеше де, бүгін де біздің қасымызға шақыртсам да келмей отыр: «Бармаймын!» — деп айтады дейді. Ата-анасы батасын айтып, қызын беруге ырза болған. Құйрық-бауыр жесіп құда болғанбыз. Оның үстіне, мінеки сізге сый көрсетемін деп, әдейі өзіңізді ертіп келіп отырмын. Осыны қалай дейсіз? Қашқанның да, қуғанның да тірегі сізсіз ғой! Арыз беремін деп отырғаны сіз екенсіз. Лайық көрсеңіз, өзіңіз соны сөйлесіп, ақымақтық қылма десеңіз қайтеді? Сіздің сөзіңізге тоқтайды ғой.
Оспан аз ойланғансып отырып, шімірікпестен:
— Жарайды, мен сөйлесейін. Мұнысы қисынсыз екен. Қанша бостандық дегенмен, қазақтың қазақшылығына лайықсыз жұмыстың орны жоқ қой! — деді.
Қасым көңілденіп күліп:
— Төре - ау, тіпті енді декретіңде күйеуі келіп отырған қыз да бұзылсын деген бе? Мұнысын қойғызыңыз!— деді. Жігіттер осы ретте сөздерді тағы біраз сөйлескен соң, түрегелісіп үйге қарай жүрді.
Оспан сол бетімен барып қызбен сөйлеспекші болды. Қалыңдық бұлар отырған үйге келмегендіктен, пішінін Оспан әлі күнге көрмеген болатын. Төре күйеулердің үйінен өтіп, қыз отырған кіші отаудың жанына тақалғанда, қалтасынан тарағын алып тыста тұрып шашын тарап, қоразданып, қақырынып үйге кірді. Үй оңаша екен. Оң жақтағы биік төсектің алдында, машинамен іс тігіп Қасымның қалыңдығы Жәмила жалғыз отыр. Басында оқалаған қара тақиясы жаңа тараған қара шашына, бетінің ақ түсіне жарасып тұр. Бетінің ұшындағы жұқалаң қызылы, аз ғана күлімсіреп тұрған мөлдір қара кезі, кішілеу қырлы мұрны бір көрген жерден-ақ Жәмиланың сұлулығын білдіріп тұр еді. Орта бойлы, толықтау денесіне киген ақ көйлегі, жасыл пүліш кәмзәлі де ешбір мінсіз болып жарасқан. Оспан қыздың сұлулығына таңқалғандай болып, көрген жерден көңілі құрметтегісі келгендей болды. Бұл төрге шығып отырып амандасқанда, Жәмила аз бұрылып, көзінің құйрығымен қарап, ешбір қымсынбаған пішінмен «шүкір» деп ақырын ғана жауап қайырды. Оспан қалжыңдаған болып, әртүрлі сөздің басын айтып аз отырған соң, келген сөзіне көшті. Қыз мойнын бұрып, таңданған пішінмен жас жігітке қарап отыр. Оспан сөзінің басын ұғымсыз қылып, қайта-қайта бөгеліп сөйлеп, аяғында:
— Ата-анаңыз атастырып қойған екен. Я, оның үстіне, күйеуіңіз — бір елдің болысы, ұлығы. Ендігі тимеймін дегеніңіз лайық бола ма? Я, мен бұл сөзді тастауыңызды сұраймын! — деп қызға қарап себепсізден күлімсірей келіп, ақырында мырс етті. Жәмиланың өңінде жігіттің сөзі әсер бермегендігі білініп тұр. Ол Оспанның сөзін естіп болған соң, ақырын езу тартып күліп, жігіттің бетіне тура қарап отырып:
— Осы өзіңіздің ойыңыздағы сөзіңіз бе? Жоқ, Қасымға еріп келген соң, жолдастығын ақтайын деп айтып отырсыз ба? — деді. Оспан басында не айтарын білмей қысылыңқырап қалып, артынан әлденеден рақымы түскен пішінмен күліп:
— Әйтеуір айттым ғой, әуелі менің сөзіме жауап беріңізші! — деді. Қыз:
— Өзгенің жөні бір басқа. Жалғыз-ақ сіздің жеңгетай болғаныңыз қисынсыз емес пе? Әйелге бостандық әперетін сіздер десек, өзіңіз бұны айтқаныңыз дұрыс па? — деп, кінәлаған кісінің пішінімен Оспанға тағы қарады. Оспан:
— Сіз мені жеңгетай деп «обижать» етесіз, мен оныңызға ренжимін! — деді.
Қыз күлімсіреп:
— Олай болса, жөніңізге көшіңіз! Өзіңіздің жастығыңызға, орныңызға, түсіңізге қарағанда, осы сөз лайық па — соны ойлаңыз! — деді.
Оспан бұл сөзге келгенде, біржолата жеңіліп, кінәлі болған кісіше төмен қарады. Қыздың ірге бермеген ашықтығы мен шешендігі жігітті жеңді. Бірақ бұдан төренің көңіліне ашу мен намыс кірген жоқ, қайта қызға қатты сүйсінгендей, ішінен құрметтеп, көңілі басқа жаққа қарай ауа бастады.
Соңғы бір-екі сөз өз көңілін оятып, күтпеген жерден болымсыз үміт туғызғандай болды. Қыздың пішіні, мінезі, барлық сөзі де жігітке әбден жақты. Бұл уақытта Жәмила да «оқыған жігіт» дегенді жаңа көргендіктен, бұған өзгеше көңілмен қарап орысша сәнді киінген киіміне, қызыл шырайлы сүйкімді пішініне айырықша көңіл бөлгендей болды. Жас жігіттің ажарлы пішіні мұның да әртүрлі сезімін оятқандай еді. Енді үміт пен күдіктің арасында алысып отырған шыдамсыз күйеуді ұмытып, сайлаушы «төре» өз әзілінің жарастығын іздей бастады.
Қыздың соңғы сөзінің бетімен бірталай сөйлесіп отырған соң, екеуі біріне-бірі үйір болып, әбден таныс болған кісілердің қалпына келді.
Аяғында, қыз сөзінің көбі Оспанның үмітін әбден нығайтқан соң, қырдағы мүсіні тәуір әйелдің бәріне істеп жүрген дағдылы машығына салып, төре белгілі тілек айтуға ауысты. Көптен қалжыңмен жағалатып айтып отырған сөзінің бетін ашты. Қыз бұл жерде де қысылған жоқ. Көп естіген сөзінің бірі екендігі жауап ретінде жымиған күлкісінен білініп тұр еді. Енді біразда «ғашық» болуға тақап, жүрегі лүпілдеп, жауабын асығып күтіп отырған жігітке қарап, Жәмила:
— Сіздің сөзіңіз жерде қалмас, бірақ менің айтатын тілегіме өзіңіз де табылыңыз? — деді. Оспан бұл жерде шыдап отыруға шамасы келмей: қыздың қасына барып, қолынан ұстап, бір қолымен мойнынан құшақтап, бетінен сүйіп алды. Қыз болымсыз ғана қымсынып, төмен қарап, ақырын: «Біреу келіп қалады!» — дегеннен басқа ешнәрсе айтқан жоқ.
Біраздан соң Оспан орнына қайтып келіп отырып, қыздан оңаша жолығатын уақыт сұрады. Қыз жымиып күліп:
— Айтқаныңыз жаңа, асыққаныңыз не? Әуелі менің тілегімді естіңіз! —деді. Оспан:
— Айта ғой, олай болса, тілегіңді, — дегенде:
— Тілегім — біздің жақындығымыз аз күндік жақындық болмасын. Лайық керсеңіз, өмірлік жолдас болайық деймін. Осыны қалай көресіз? — деді.
Оспан бөгелместен байлауын жасап:
— Жәміш! Менің де айтқалы отырғаным осы еді. Енді сөзіміздің байлауы осы болсын, сен — менікі, мен сенікі! — деді.
Осы секілді сөздерден кейін қыз бен жігіт арасында уәде беріскен байлау болған соң, енді қалай қосылудың жайын сөйлесті. Бұл турасынан бірталай сөйлесіп келіп байлағандары: аз күнде елдегі жұмыстарын бітіріп, Оспан қалаға қайтады, сонда жолшыбай келіп Жәмішті алып қашады. Оған шекті Жәмила Қасымға тимеймін деген сөзді айтып тұратын болды. Осымен сөздің аяғын бітіріп, екеуі талай жылдан көрісе алмай, сарғайысып жүрген ғашықтардай, құлаштарын жайып сүйісіп, зорға айырылысты. Бұл оқиғаның артынан Қасым күйеуге Оспан көңіл жұбататын сөз айтып келген жоқ. «Қызды көп сөйлесіп, тәуір - ақ көндірмекші болып айналдырып едім — болмады. Мен енді бабын таба алмадым...»—деп болымсыз сөздермен Қасымды жұбатпақшы болды. Қасым бұл сөздерге сенер - сенбестей болып, үндемей отырып қалды. Сол күні кешке қыздың «тимеймін» деген сөзі бұл өлкедегі ауылдардың бәріне де жайылып қалды. Әке-шешесі қыздың мінезіне ұялса да, зорлық қылуға бата алмады. «Ертең болады», — деген той жасалмайтын болды. Кешеден желігіп жүрген сауықшыл жастардың бәрі де басылып қалды. Аяғында, сол күні түнде күйеу қасындағы жолдастарымен ақылдасып, еліне қайтпақшы болды. Қыздың әкелері ағайын - туысқан, жақындарын жиып алып, қызға қайта-қайта кісі салып сөйлескенде, ол көнбеген соң, күйеулерге кісі салды. Біздің қызымыз әзірше бұзылып тұр. Бірақ бізге он бес күнге рұқсат беріңіздер, соған шекті көндіреміз, тентегімізді тиямыз. Он бес күннен соң қайта келіңдер десті. Күйеулер осы сөзді малданып, қайтып кетті.
Арада төрт-бес күн өткен соң, шабарман арқылы қызға берген уәделі түнінде Байбосын ауылының сыртына үш ат жеккен трашпеңкемен келіп, Оспан Жәмиланы күтіп тұрды.
Мұның ойын әлі күнге шейін ел ішінде сезген жан болған жоқ. Жүрісін тіпті сезіксіз қылу үшін Байбосын ауылынан қайтқан соң да ылғи Қасымның ауылында жатқан. Қыздың ауылының сыртындағы табысуға уәде қылған кішкене төбешіктің түбінде ауыл жаққа қайта-қайта телміре қарап, Оспан мен шабарман Жәмиланы сабырсыздықпен күтіп тұр еді. Бірталай ауыр мүйнеттер өтті. Ұйқыда жатқан ауыл жақтан ешбір дыбыс білінбейді. Сабырсыз жігіттердің қадалып қараған көздеріне жұлдыз жарық болып тұрған қараңғы түн де, кейде түрегелген ірі қараның бәрі де келе жатқан кісі секілденіп көрінді. Аяғында, бір сағаттай уақыт өткен соң, жігіттердің сақ құлақтарына бір-ақ рет шылдыр еткен шолпы дыбысы естіліп қалғандай болды. Екеуі де құлағын тігіп ауылға қарады. Аздан соң қараңдап, ақырын сөйлесіп келе жатқан екі кісінің бойы керінді.
Бұлар алдынан қарсы жүрді. Жәмиланы шығарып салуға жеңгесі Айша ере келген екен. Үстінде ақ көйлек бар, басына қара шапанын жамылған Жәмила жеңгесін ертіп, жігіттердің қасына келді. Қыз келген соң азғантай ғана сөйлесіп, Айшамен бәрі бірдей қоштасып, қара жолмен жүріп кетті.
Қала бұл жерден жүз шақырым. «Жұрт тұрып құлақтанғанша, біз барып та қаламыз», — деп, ауылдан ұзап шығып алған соң, атты қатты айдап, қашқындар кете барды. Ел ертеңінде түс мезгілінде қыздың кеткендігінен хабарлана бастады. Байбосын ауылы қыздың кіммен кеткенін білмей дағдарысты. Сол күні кешке бұл хабар Қасым ауылына да жетті. Бұл жұмыс төреден келгенін жұрт ертеңінде ғана білді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі