Өмірде бәрі мүмкін... бір-ақ сәтте бәрі сіз қалағандай болып бірден өзгеріп кететінді ертегілерден оқушы едік. Ертегі шынайы өмірде де іске асады екен. Қарапайым адам болып жүріп, бір-ақ сәтте Forbes журналындағы ең жас миллиардердердің қатарына қосылу, әлемдегі ең ықпалды адамдардың тізіміне енуіңіз, сондай-ақ танымал адам болып, небір мықты журналдар мен газеттер, теледидарда сізден сұхбат алуға артыңыздан жүгіруі, одан қалса сізді небір өз саласында әлемді мойындатқандарға теңеп, сізге деген қызығушылықты арттырып, сіз бір-ақ сәтте талай адамның арманына айналуыңыз әбден мүмкін. Иәә, иәә мүмкін. Дегенмен, ертегіде бір сәтте өзгергеннен кейін қайтадан сол қалыпқа қайтып оралады емес пе? Біздің бүгінгі кейіпкерімізде де тура сондай жағдай болған. Оны біз жоғарыда жазып өткендегідей ең танымал, ең бай адам, ең ықпалды адамдардың қатарына дейін қосылып кетті. Кейін... Бір-ақ сәтте бұның бәрі ғайып болды. Бұл ертегі емес, шынайы өмір. Бастысы өмірі ертегіге айналған қыздың тағдыры. Оның аты – Элизабет Холмс.
Элизабет Холмс 1984 жылы 3 – ақпанда Вашингтонда туған. Анасы Ноэль Энн конгресс комитетінде қызмет істесе, әкесі Кристиан Холмс IV АҚШ халықаралық дамыту агенттігінде жұмыс істеген. Элизабет 9 жасқа толғанда отбасы Хьюстонға көшіп келеді. Оған дейін Қытайда тұрған деген дерек бар. Қытайда ата-анасы мұғалім жалдап, Элизабетке қытай тілін үйреткен. Элизабеттің өміріне елеулі әсер еткен арғы атасы Кристиан Холмстың өмірбаянымен танысуы еді. Холмстың арғы атасы 1857 жылы Данияда туған. АҚШ-тағы Цинцинати медицина колледжінің деканы болған. Ол арғы атасының I-дүниежүзілік соғыста хирург, өнертапқыш, инженер болғанын, атасына соғыстағы сіңірген еңбегі үшін Цинциннати Университетінің Медицина орталығының атауы берілгенін оқиды. Элизабет 8 жасқа толғанда ата-анасы оны осы медициналық орталыққа әкеліп таныстырған. Бұл оған қатты әсер етеді. Ол атасы сияқты болғысы келеді. Элизабет атасы туралы «ол өле-өлгенше жұмыс істеген. Ол 62 жасында қайтыс болды. Бірақ ол өз жұмысына қатты берілген еді. Бала кезімде мен атам сияқты дәрігер бола аламын ба деп өзіме жиі сұрақ қоятынмын» дейді.
Өзінің айтуынша, ол бала кезінен адамдарды емдеуді қалаған, алайда қантамырдан немесе саусақтан қан алу мен инеден қатты қорыққан. Ата-анасы Элизабетті батыл, қорықпайтын деп сипаттағанымен, оның фобиясы қан мен ине болған. Есейген соң, қан тапсырудан өз еркімен бас тартқан.
Арғы атасын өзіне үлгі ете отырып, ол Хьюстондағы әулие Иоанна мектебін бітірген соң, 2002 жылы Стэнфорд университетінің химиялық инженерия факультетіне оқуға түседі. Бірінші курста оқып жүргенде оның оқудағы үздік үлгерімі үшін декан Ченинг Робертсон оған президенттік стипендия тағайындайды. Стипендия құны - $3000. Элизабет 1-курста оқып жүргенде, зертханада зерттеу жасауға професор Робертсоннан рұқсат сұрағанмен, ол оның бетін қайтарады. Себебі бұл зертханаға тек докторанттар ғана кіре алатын. Ал ол кезде Элизабет 1-курс студенті еді. Зертханаға кіруге деканат рұқсат бермегенмен, Холмс табандылық танытып, рұқсат бермейінше декан кабинетінің алдынан кетпеген. Ақыры қоймаған соң декан рұқсат берген. Бірінші курстың жаз мезгілінде қытай тілін білетіндігі арқасында Оңтүстік Шығыс Азиядағы Сингапурге барып, ондағы геномдық Институттан тағылымдамадан өтеді. Бұл институтта ол сол кезде Азияда кең тарап жатқан аурулардың ем-домын зерттеген. Мұнда Холмс қанға анализді қалай жасайтынын көріп, заманауи әдіспен бұны басқаша қалай істеуге болатындығын зерттейді. Тағылымдамада теориялық биологиядан жеткілікті деңгейде дайындығы болмағандықтан, бұл пәнді меңгеру үшін өз бетінше оқыған. Институтта тағылымдамадан өтіп жүргенде ол анализ жасаудың жетілдірілген әдісі жайлы ой келеді. Сингапурден АҚШ-қа оралған соң, ол осы ойын іске асырып, паттентеуге кіріседі. Патенттеу құжаттарын дайындау үшін көп жұмыс істеген. Анасының айтуынша ол 5-6 күн бойын компьютердің алдында тапжылмай отырған, бес түн бойы 2 сағаттан ғана ұйықтаған. Анасы оған тамағын әкеліп беріп отырған. Сол уақытта ата-анасы Элизабеттің бірдеңе ашқысы келіп жүргенін байқаған, бірақ өзі ештеңе айтпағандықтан сұрамаған.
Элизабет паттенттеу құжаттар мен ойлап тапқан өнертабысын профессор Ченингке көрсетеді. Себебі Ченинг бірінші курста оған сабақ берген болатын. Элизабеттің өнертабысы пластырь еді. Алайда бұл қарапайым нәрсе емес, Элизабеттің жасаған пластырьымен қанның дәл сол уақыттағы жай-күйін анықтауға мүмкіндік берген. Бұны көрген профессор таң қалады. Ол осы идеясын одан әрі жетілдіріп, компания құрғысы келеді. Солай ол, Стэнфорд Университетінде екінші курста оқып жүргенде университеттегі оқуды тастауға шешім қабылдайды. Себебі, ол оқуды тастап, бар күш-жігерін компания құру жолына жұмсауға ниеттенеді. Профессор Ченинг оқуды аяқтаған соң, да компания құруға болатындығын айтып, оқуын тастамауға үгіттейді. Ақыры болмаған соң, не үшін оқуды тастайтындығын сұрағанда ол былай деп жауап берген: «Себебі бұл арқылы медициналық көмек көрсету жүйесі толығымен өзгеруі мүмкін. Бұл маған қызық. Мен қандай-да бір технологияны жаңартумен айналысқым келмейді. Мен өзім мүлде бөлек жаңа технология жасағым келеді. Бұл технолгия адамдардың тұратын жері мен жағдайына қарамастан, бәріне көмектескенін қалаймын» деп жауап берген. Сол кезде профессор Чениннг алдында тұрған студенттен болашақ Стив Джобс пен Билл Гейтсті көргенін жасырмайды.
Элизабеттің бұл қылығына таң қалудың қажеті жоқ. Өйткені көптеген бизнес әлеміндегі танымал тұлғалар кезінде аты дардай оқу орнын аяқтамастан тастап кеткен. Мысалы Марк Цукерберг пен Билл Гейтс аты дардай Гарвардта оқуын бітірместен қалдырған. Стив Джобс тіпті коллледжді небәрі 6 ай ғана оқыған. Осылардың мысалдары әсер етті ме, әйтеуір Элизабет оқуға қолын бір-ақ сілтеді де, бар ынта күш-жігерін компаниясына салды. Сонымен қатар ата-анасы Элизабеттің шешіміне қарсылық танытпай, Элизабеттің оқуына жиналған ақшаны компаниясына салуға берген. Бұл туралы Элизабеттің анасы «Біз балаларымыздың сүйікті ісімен айналысқанын қалаймыз. Олар арманын іске асырып, адамдарға көмектесіп, қоршаған әлемді өзгерткенін қалаймыз. Сондықтан біз оған, әрине, жаса дедік» дейді.
Ол 2003 жылы Real – Time Cures компаниясының негізін қалады. Кейін компания атауы Theranos деп өзгертілді. Theranos «терапия» және «диагноз» деген сөздерден құралған. Солай ол 19 жасында компания құрып, инвесторлар іздей бастайды. "Мен кем дегенде 200 адаммен сөйлесіп, олардың біреуінің болса да назарын аудартуым керек екенін білдім. Сондықтан бас тартқандарға алаңдамадым" дейді өзі.
Ол Робертсонға өзінің кеңесшісі болуға ұсыныс жасайды. Профессор Робертсон осы уақытқа дейін биотехнология саласындағы бірқатар стартаптарға көмектескен. Алайда стартап негізін қалаушылар Элизабетке қарағанда жасы үлкенірек болған. Соған қарамастан ол Элизабеттің ұсынысына келісім берген.
Элизабет 2005 жылы $6 млн инвестиция тартады. Алайда бұл әлі жеткіліксіз еді. Сонда Холмс компаниясын, өнертабысын дамыту үшін ақша жайлы мүлде ойламау керектігін түсінеді.
Жасаған өнертабысын клиникалық сынақтан өткізу үшін тест жасау керек болды. Холмс Pfizer және Glaxo Smith Kline фармацетивтикалық корпорацияларымен келісім шартқа отырды. Бұл шарт бойынша Theranos фармацевтикалық корпорацияның бір бөлімшесі ретінде жұмысын жалғастырды. Бұдан бөлек осы келісімшарт негізінде Холмстың айы оңынан туып, енді оның компаниясына беделді инвесторлар қызығушылық таныта бастады. Компанияның директорлар кеңесіне танымал тұлғалар келді, атап айтқанда АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Генри Киссинджер және қаржы және еңбек минстрі болған Джордж Шульц, экс-сенаторлар Сэм Нунн, Билл Фрист. 2010 жылдың аяғында стартап $92 млн инвестиция тартты.
Холмстың жасаған сәтті қадамдарының бірі - 50 жастағы бағдарламалаушы Санни Балваниді компанияға тартуы еді. Ол Microsoft пен Lotus-те жұмыс істеген, Стэнфордта оқыған және Берклиден MBA дәрежесін алған. 2009 жылы Балвани компанияның президенті атанды. Балванидің сөзінше "компаниядағы жұмыс процесінің басынан соңына дейін автоматтандырған".
Холмс зертханада көп уақыт жұмыс жасады. Элизабет болмысында сирек көңіл көтереді. Кездесулерге бармайды. Көп ешкіммен араласпайды. Тек Theranos-та жұмыс істейтін бауырымен ғана жақын араласады. Ол соңғы он жылда жұмыстан мүлде демалыс алмаған.
Холмс өзінің бұл технологиясы жайлы арада он жыл өткен соң яғни 2013 жылы өзінің компаниясының қанға анализ жасаудың инновациялық әдісін ойлап тапқаны жайлы айтқан. Бұл әдіс бойынша Theranos қолдағы саусақтардан ауыртпай қан алады. Ары қарай алынған үлгі анализге арналған құрылғыдада өңделіп, содан кейін нәтижесі жалпы мәліметтер базасына түседі. Бұның не ерекшелігі бар деп ойлауыңыз мүмкін. Алайда бұның жаңашылдығы қанның бір тамшысы арқылы классикалық әдіспен салыстырғанда он есе көп ақпарат ала алатындығында. Сондай-ақ бұл технология кәдімгі зертханаларға қарағанда жылдам әрі арзан. Ал классикалық әдіс бойынша қан саусақтан бір-екі тамшыдан да көп мөлшерде алынады әрі қан алынған соң саусақта ауырсыну сезімі болады. Тура осы әдіс Элизабеттің қан алудағы қорқынышы болған. Ол осы ауырсыну сезімін елестеткенде тітіркенген. Сондықтан осы әдісті ойлап тапқан. Холмстың сөзінше адамдардың 40 пайызы қан анализдерін тапсырмайды: бағасының қымбат болуына байланысты төлей алмайды немесе инеден қорқады. Ал Холмстың жобасын осы екі критериді де қанағаттандырады.
Қанға анализ жасау саласынан америкалық нарықты Quest Diagnostics және Laboratory Corporation of America компаниялары жаулап алған. Олардың анализдері Theranos анализдерімен салыстырғанда қымбат тұрады. Мысалы, кәдімгі зертханаларда қандағы холестрин деңгейін білу $17 тұрса, Theranos -та $2,99 бағасында.
Элизабеттің мақсаты Theranos-тың орталығын АҚШ-тағы әрбір үйден 5 км жерде орналастыру, содан кейін әлемдік деңгейге көшу. Осы мақсатты орындау үшін Theranos компаниясы дәріханалық ірі Walgreens жүйесімен келісімге келген. Бұл келісім негізінде Калифорниядан бастап Аризона дейін мыңдаған Theranos орталықтарын ашу.
Қанға анализ жасаудың инновациялық әдісін ойлап тапқаны жайлы ақпарат тез тарап, көптеген ақпарат құралдары бірінен соң бірі жарыса жазды. Элизабетпен жасалынған интервью барлық жерде жарық көрді. Компанияның танымалдығы инвестортарларды жылдам тартуға әсер етті. Компания бастапқыда бірнеше миллион доллар ғана инвестиция тарта алса, танымалдылығы артқан соң, көп ұзамай инвесторлар бұл компанияға аса ауқымды сомадағы қаражатты құйды. Сондай-ақ бұл қаражаттар компания бюджетіне тұрақты түсіп отырды. Компаниядағы инвесторларды атап өтсек, бастапқы кезде Draper Fisher Jurvetson қоры (Tesla мен SpaceX негізін қалауына қатысқан) ATA Ventures, Кремний алқабының аңызына айналған үлкен Дон Лукас (Oracle, National Semiconductor, Macromedia) және Ларри Эллисон (Oracle компаниясының басшысы).
Кейбір деректер бойынша Элизабет 400 млн инвестиция тартқан. Компанияға келіп жатқан инвестицияларға қарай отырып, сарапшылар оның капитализациясын 2015 жылы $9 млрд есептеп, Элизабеттің дәулеті $4,5 млрд бағаланды. (Элизабет компания акциясының 50 пайызына иелік еткен).
Сол уақытта Элизабет Холмс әлемдегі ең жас миллиардер әйел ретінде мойындалды. Ең ықпалды әйелдердің қатарына қосылды. Бірқатар танымал басылымдар Холмсты әлемдегі ең табысты әйелдердің бірі ретінде атап, оған «юбкадағы Стив Джобс» деген атау берді. Небір жоғары деңгейдегі форумдар мен шаралар ортаға шығып сөз сөйледі. Тіпті ол TED–те лекция оқыған. Ал бір жиында ол Джек Мамен қатар отырып, АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтонға сұхбат берген.
Небір әйгілі журналдардың (Forbes, Fortune) мұқабасына шықты. Оны "юбкадағы Стив Джобс" деп атауының себебі мынада. Элизабеттің қара түсті киімдерді киеді. Қара водолозка, қара шалбар, қара туфли, қара пиджак. Қай жерге барса да, жұмысқа, компанияға, интервью беруге барса да, көбінесе осы киіммен жүреді. Естеріңізде болса, Стив Джобста бір киіммен жүретін. Ол қара водолозкасын өмірі тастамайтын. Сондай-ақ Элизабеттің кабинетінде Стив Джобстың ауруына байланысты компаниядағы қызметінен кеткен кезде, Джобстың өмір бянымен толықтырылып жазылған Apple сайтындағы мақаланы Холмс скриншот жасап іліп қойған. Одан бөлек Холмста Джобс сияқты вегетариан болған. Сондықтан Холмсты көптеген басылымдар «юбкадағы Стив Джобс» деп атады.
Сондай–ақ Элизабет жайлы жағымды пікірлер де көптеп айтылды. Соның бірі «Мен Элизабетпен алғаш танысқан кезде, ол білімін қай салада істету керек екендігі жайлы нақты білді» деді Тераностың 2009 жылғы президенті Санни Балуани.
Компанияның директорлар кеңесіндегі Генри Киссинджерден Холмс жайлы сұрағанда ол «Мен оны әлемдегі атақты көшбасшылардың бірде-біреуімен салыстыра алмаймын. Себебі дәл сол сияқты адамды кездестірмедім. Оның бойында ұмтылыс пен шешім қабылдау қасиеті бар. Бірақ онда драма жоқ. Мен оның жеке қарым-қатынасқа деген қызығушылығын ешқашан байқамадым» деген.
Компания Boots Alliance медициналық пункттар желісімен Theranos анализдерін қолдану туралы келісім шартқа отырды. Бұл медпункттің стартаппен келісімге отыруының бір себебі, нарықтағы LabCorp және Quest Diagnostics анализ көшбасшыларына қарағанда бағасының арзан болуында еді.
Дегенмен, бір қызығы оның қызметкерлері қолданатын технологиялары мен қаржылық көрсеткіштері жайлы мәліметті құпия сақталды. Компания тұтынушылар саны қанша екенін, өткізген тест статистикасын, қан алу үшін пайдаланатын қандай жаңа әдісті қолданатындықтарын жайлы мүлде айтпады. Соған қарамастан, бәрі сәтті іске асып жатты. Компания ұзақ уақытқа дейін өз кұпияларын сақтап, жаңа инвесторлар мен жаңа тұтынушылар тарта білді.
Дегенмен... 2015 жылы күзде компанияға деген күдік адамдардың бойында ұялай бастады. Компания жаңа технологиясын жасыруға тырысқан сайын оған деген күмән да арта түсті. Көп ұзамай The Wall Streat Journal сияқты бірқатар басылымдар «биотехникалық стартапқа» зерттеу жүргізді. Зерттеуде бірнеше сарапшылар мен компанияның бұрынғы қызметкерлерімен сұхбаттаса отырып, журналистер, Theranos компаниясы тесттерін кәдімгі медициналық құрылғыларда жүргізеді деген тоқтамға келді. Бұл стартаптың бұрынғы қызметкерінің бірі компанияның Edison деп аталатын өз құрылғысының 2014 жылы желтоқсан айында бар болғаны 15 тест ғана өткізгендігін айтқан. Себебі бұл жүйенің нақтылығы олар ойлағананнан алыста болып шыққан. Ақыры ойларындағыдай аппарат жасай алмағасын өзге мекемелердің құрылғыларын қолдануға шешім қабылдаған. Дегенмен, бұл компанияға көмектеспеді. Бірнеше айдан кейін компанияның қанға анализ жасауда қолданатын реттегіш құрылғылары адамдардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіруі мүмкін екендігін мәлімделді. Осы кезде компания бірнеше жылғы деректерін талдауға өзі берді. Бұл қадамға олар кішкене де болса уақыт созуға тырысқандықтан барған.
Бұдан бөлек компания қанды саусақтардан ауыртпай алады делінен еді. Алайда олай болмай шықты. Олар қанды саусақтан емес көктамырдан, бір тамшы емес, бірнеше тамшыдан аса қан алатындығы белгілі болды.
Тағы бір дерек бойынша компанияда ұзақ жылдар қызмет еткен, Холмстан сегіз жас үлкен биохимик өз-өзіне қол жұмсаған. Ол өлер алдында әйеліне компаниядан түк шықпағандығын айтып кеткен.
Бұл деректерді қарай отырып, Forbes журналы стартапқа толықтай тоқталып сараптама жасауға кірсті. Көптеген қаржы мамандарымен, инвесторлармен ақылдаса отырып, басылым журналистері компанияны шындыққа негіздеп бағалауға тырысты. Мұқият жасалынған зерттеу негізінде компанияның өз-өзінің құны нөлге тең екендігін анықталған. Бұдан бөлек компанияға тартылған бастапқы инвестициялар шамамен $724 млн болған. Сондай-ақ компания акциясының 50 пайызы ғана инвесторлар үлесі болса, қалғаны Элизабетке тиесілі болған. Бұл Forbes–тің көрсетуінше, «әлемдегі ең жас миллиардер әйелдің» байлығы нөл болса, компания акцияларының 50 пайызы түкке тұрғысыздығын білдіреді.
Компанияның құлдырауына әсер еткен негізгі екі себеп:
1. Құпия деректер өте көп болуы. Компанияның бастапқы құны $9 млрд бағаланған деректен өзге бәрі дерлік құпия болды. Мысалға, компания қан үлгілерін қаншалықты дәл сұрыптайтыны түсініксіз. Тестті қалай жүргізетіндіктері анық емес. Ал компанияның өзі бұл жайында қанға анализ жасаудың дәстүрлі әдісінің баламасын тапқанын айтқан. Сондай-ақ науқастан аздаған тамшы ғана қан алынады, бұл ондаған тест жасауға жететіндігін мәлімдеген. Дегенмен, бұл жай ғана сөз күйінде, ал қағаз құжаттармен расталмаған.
2. Холмс деректерді жариялауға уәде берген. Алайда бұл жай сөз жүзінде айтылғаннан басқа іс жүзінде іске аспады. Қанға сұрыптау жасалынып, тесттен өткізіп жасауы керек болған (уәде берген) 120 зерттеу жұмысының тек біреуі ғана FDA–ға (Food and Drug Administration) жіберілген.
Бұдан басқа 2016 жылы мамыр айында Theranos соңғы екі жылдағы анализдердің бәрі дұрыс жасалмағанын мойындаған. Бұл жерде әңгіме 100 немесе 1000 анализ емес 10 мыңға жуық анализ жайында. Қанға қате жасылынған анализдер негізінде дәрігерлер қате диагноз қояды. Демек, онда қаншама дәрігер мыңға жуық қате диагноздар қойды ма екен кім біледі? Соған мысалға, Theranos анализдерін қолданған дәрігерлердің бірі басында Theranos анализ нәтижелеріне сүйеніп, науқасты «шұғыл жәрдемге» жібергенін, кейін қанның дұрыс анализдері келген соң, науқастың денсаулығында бәрі дұрыс екенін білген.
Компания өз қатесін мойындауы, тұтынушыларға сенім ұялатпады. 2016 жылы 26 мамырда компания сенімді ақтай алмайды және анализдердің сапасын қамтамасыз ете алмайды деген ұжымдық талап қойылды. Талапта компанияның жарнамасы алдау деп қарастырылды, ал стартаптың әрекеттері заңға қайшы, алаяқтыққа негізделеді деді.
Ал Theranos компаниясының техникалық кеңесшісі ретінде жұмыс істейтін Стэнфорд прфессоры Чаннинг Робертсон қоғамды компанияның сенімділігіне сендіруге тырысқанымен, оған сенетіндер тым аз.
2016 жылы 1 маусымда Forbes журналында Элизабетттің дәулетін қайта қарастырған мақала шықты. 2015 жылы компанияның 50 пайыз акциясы есебінен оның байлығы 4,5 млрд доллар болып есептелінсе, ал 2016 жылы Форбс компанияны қайта есептеп бағалады. Форбстың бағалауынша, компанияның құны шамамен 0,8 млрд доллар болған. Ал компанияның табысы жылына 100 млн доллардан аспайды. Бұдан шығатын нәтиже, Холмстың дәулетінде түк те жоқ, ал компаниядағы қаражат жеке инвесторлар үлесіне тиесілі екендігін жазады. Солай бір жыл бұрын ол 4,5 млрд долларға ие болып, әлемдегі ең жас миллиардер нәзік жандылардың қатарына қосылса, бір жыл өткен соң, оның байлығы нөлге тең болған.
Холмс өз өнертабысы арада 10 жыл өткен соң істен шыққанын мойындауға мәжбүр болды. Ол интервью беруден бас тартты. Ал БАҚ-пен оның адвокаты Дэвид Бойз қарым-қатынас жасады. Оның айтуынша, Theranos толығымен жеке компания болып табылады. Сондықтан қоғамдық компанияларға арналған қорғау ережесімен акционерлер тарап кетпейтіндігін айтқан. Компанияның жоспарында зерттеу жасап, шыққан нәтижелерді медицина журналында жариялап отыру бар. Бұдан басқа Theranos бұдан былай клиникалық зерттеулермен айналыспайды, бірақ автоматтандырылған тестілеудің шағын зертханалары мен тиісті химиялық технологияларды дамытуға бағытталған компания болады. Компания сотқа тартылып, $30 000 айыппұл салынды. Холмсты екі жылға бизнес саласына жолатпауды шешті.
Қания Табыс
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі