Ерте-ертеде жақсы тектен шыққан бір кішкентай теңіз балығы өмір сүріпті. Ол балықтың не деп аталатынын ғалымдар болмаса, әйтеуір, өз басым білмеймін. Әлгі балық ұлы бар, қызы бар бір мың сегіз жүз ағайынды еді. Және барлығы да бір кезде туған өзара егіз-тін. Олардың ешбірі не әкесін, не шешесін білмей-тұғын, шыр етіп дүниеге келгеннен-ақ өз күндерін өздері көріп жатқан-ды, қалаған жақтарына жүзіп кете баратын болғасын, оларға енді одан артық не керек? Судан таршылық көрмеді, өйткені көл-көсір мұхитты қалай кешем десе де еріктері ғой. Тамақ іздеп те тынымдары кетпеді азық дегенін ауыздарына келіп өздері түсіп жатады. Олардың әрбірі өз бетінше жеке өмір сүруге де болатын еді, әрқайсысын алда өзінше тарих күтіп тұрған, бірақ болашақ туралы ойлап, олардың бірде-бірі бас қатырып жатпады.
Көктен түскен күннің сәулесі балықтарды ғана емес, бүкіл су асты дүниесін айнадай жарқыратпай ма? О, су астында не жоқ дейсің! Небір құбыжықтар бар, кейбірі соншалық дәу, дәу болғанда да сұмдық! Ауыздарын бір ашқанда-ақ, ағайынды бір мың сегіз жүз балықты бір-ақ жұта салу оларға жұғын да болмас еді. Бірақ тумалар ол туралы да түк ойламады, өйткені олардың бірде-бірін әзірге еш нәрсе жұта қойған жоқ болатын.
Май шабақ пен сүйекті майда балықтар құсап қораланып, олар да бір-біріне жақын үйірімен жүретін. Бір күні, ойларында ештеңе жоқ, қаннен-қаперсіз жүзіп жүргендерінде, барлығын жан-жаққа серпіп, зілдей ұзын үрейлі бірдеңе құлақ тұндыратын шуылмен жоғарыдан төмен қарай шөгіп келе жатты. Оның, тегі, алды-артын болжап болатын емес еді. Ұшы-қиыры жоқ созылып жатқан бір сұмдық, алда-жалда ұсақ балықтардың бірін қағып кетсе-ақ қарнын жарып жарымжан қып тастайды, ондайлардың енді қайтып естерін жияр-жимасы да екіталай. Ұсағы, ірісі, судың бет жағында жүзетіндері мен тереңде тіршілік ететіндері, түптің түбінде жататындары барлық балықтар естері шығып тым-тырақай қашты. Ал зәрелерін алған зілдей құбыжық тереңге қарай шөге берді, шөге берді, шөккен сайын ұзарып, теңіздің бойын түгел алып кетті.
Балықтар мен ұлулар, бүкіл жүзетіндер мен қыбырлайтындар, әйтеуір, ағыс бойымен жылжитындар бәрі де тұтқиылдан тап болған шетсіз-шексіз, көз керіп, құлақ естімеген теңіз жыланы жайында әп-сәтте-ақ біліп үлгерді.
Бұл не бәле өзі? Бізге ғой, әрине, ол белгілі. Ол Европа мен Американың арасына теңіз түбі арқылы тартылған ұзын телеграф кабелі еді.
Кабельді теңіз түбіне төсегенде, ондағы тіршілік дүниесінің қалай астан-кестен болғанын көрсең, жаның түршігеді. Ұшатын балықтар бірінен-бірі биікке шырқап теңіздің бетін түгел жауып кетті, ал теңіз қораздары аспанға оқша атылды ол шіркіндер ондайға шебер-ақ қой. Ал балықтың біразы тереңге қарай тұра ұмтылды, жан ұшырғандары соншалық кабельден бұрын жетіп барып, өз ағайындарын жеп тереңде жайбарақат тіршілік етіп жатқан қамбала мен трескалардың зәрелерін зәр түбіне кетірді.
Қорыққандарынан бірнеше теңіз қиярлары өз ішек-қарындарын өздері ақтарып салып, әйтеуір, азар дегенде аман қалды. Ондай айла олардан өзгенің қолынан қайдан келсін. Ірілі-ұсақты теңіз шаяндары да берік қабықтарына бой тасалай алмай, біразы аяқтарынан айрылып та үлгерді.
Ондай аласапыранда бірге туған бір мың сегіз жүз балықтың да быт-шыттары шығып, бөлініп кеткендігінде дау жоқ, олар одан кейін бірін-бірі көрген жоқ, ал ұшыраса қалса, танымады да. Тек бір тобы ғана бірге болды, бірер сағат тығылып тұрған соң, олардың бойын қызығушылық биледі.
Әуелі жан-жақтарына қарады, содан соң жоғары, одан кейін төменге көз салып, тереңнен үлкен-кішілерін түгел үрейлендірген сұмдық құбыжықты көрді. Құбыжық теңіздің түбінде. көз жететін жерге дейін созылып жатыр екен. Өзі жіңішке екен, бірақ кім біледі, кенет жуандап кетіп, керемет дәу бірдемеге айналып кетуі де мүмкін ғой. Тып-тыныш қана жатыр, онысы әншейін айла-шарғысы шығар, кім біліпті?
Жатқан жерінде жата берсін! Бізге оның келіп-кетері жоқ, – деді ағайындылардың ішіндегі ең сағы.
Мұның не екенін білуге ынтығып, тек ең кішкентайының ындыны әбден құрыды. Құбыжық жоғарыдан түсті ғой, демек, оның жайын жоғарыға барып білу керек, сондықтан ұсақ балықтар желсіз, толқынсыз, теңіздің тымық бетіне қарай көтерілді.
Олар жоғарыдан дельфинді жолықтырды. Теңіздің бұл ұшқалақ қаңғыбасы, әйтеуір, су бетін сүзгілей бергеннен басқа түк бітірмейді. Дегенмен онда көз бар ғой, көзі болған соң бәрін де көруі керек. Ұсақ балықтар одан құбыжық жайында сұрады. Алайда, дельфин өзімен-өзі болып ыршып-шоршығаннан басқаға көңіл аудармады. Ол түк көрген де жоқ, білген де жоқ, сондықтан үн-түнсіз тәкаппарси қалды.
Дельфиннен түк шықпаған соқ, балықтар салып ұрып суға сүңгіп шыққан итбалыққа келді, қорегі осындай ұсақ балықтар болса да, бұл жолы тоқ болғасын, итбалық оларды жылы шыраймен қарсы алды. Дельфиннен гөрі тәуірлеу біледі екен.
— Талай түн дымқыл тастың үстінде жатып, алыс жағалауға көп қарадым. Ол жақта сыры беймәлім тіршілік иелері бар, өз тілдерінде олар өздерін адамбыз дейді. Біздің қыр соңымыздан қалмайды, көп жағдайда өйтіп-бүйтіп әрең құтылып жүрміз. Жаңағы сендер сұраған теңіз жыланы да солардан құтылып шықты. Олардың қолына есте жоқ ерте кездерде түсіп қалған болатын ол. Бұрын басқа құрлықта ұстап келіп еді, енді оны кемеге салып екінші құрлықтағы алыс елге қарай алып жүрді. Жыланды тиеу оларға оңайға түскен жоқ, мен көріп тұрдым, өлгенде әрең әлдері жетті. Себебі түсінікті ғой: құрғақта өмір сүріп, әбден әлсіреген де. Адамдар оны дөңгелектеп зорға орады, құлақ тұндырған сылдыр-шылдырының бәрін де естідім. Кенет қолдарынан сытылып шығып, ол суға қарай бір-ақ секірді. Адамдар бар күштерін салып-ақ жармасып жатты, бірақ жылан балық құтылып кетті; қазір, құдай біледі, теңіздің түбіне барып тыныстап, күш жинап жатқан болу керек.
— Өзі бір түрлі жіңішке екен! – десті балықтар.
— Әрине, оны әбден аш қатырды ғой, – деп түсіндірді итбалық. – Асықпаңдар, ол әлі көп ұзамай әлін жинайды, қайтадан күшті, қаһарлы қалпына келеді. Менің ойымша, адамдардың бәрі өлердей қорқатын ең алып теңіз жыланы осы. Мен бұрын көрген емес едім, сондықтан адамдарға сенбейтінмін, ондай жылан жоқ шығар деп ойлайтынмын. Енді сендім, – деді де, итбалық суға шомп берді.
— Қандай ақылды! Қалай жақсы түсіндіреді! – деп таңданысты балықтар. Біз мұндай дәмді әңгімені бұрын-соңды естіген емеспіз. Айтқандары рас болу керек.
— Келіңдер, тереңге сүңгиік те, бәрін өз көзімізбен көрелік, – деді ең кішкентай балық, жол-жөнекей басқалардан да сұрастырармыз.
— Сен де айтады екенсің, соны білу үшін сонау жаққа бармақпыз ба?
— Ал менің білгім келеді! Құйтақандай балық айтқанынан қайтпай, дереу теңіз түбіне қарай сүңгіді. Бірақ «жоғарыдан құлаған ұзын құбыжық» тығылған жер тым алыста болатын. Оған жеткенше талай-талай тамашаларды көрді.
Су асты әлемінің ұлан-ғайыр екендігін титімдей балық бұрын да шамалайтын. Үлкен күміс қайықтар құсап жарқ-жұрқ құбылып, бір үйір май шабақ дәл қасынан өтті. Олардың соңынан кеткен сүйекті балықтардың тобы, тіпті одан бетер сән құрыпты. Айналасында алуан балықтар жалт етіп қалып жатты. Олардың ішінде не түрлі көрік-келбет, қаншама бояумен құбылған түр-түс, қандай әдемі әшекейлер кездесті десеңші! Толқынмен тербеліп, бейне бір мөлдір гүл құсап жұлдызша-медуза жолықты. Теңіз түбінен өрге ұмтылған алып өсімдіктер мен ұзын балдырлар, тіпті пальма тектес зәулім ағаштар да кездесті. Олардың жапырақтары жарқ-жұрқ етіп, құдды теңіз ұлуының түрлі-түсті қабыршақтарымен қаптап қойғандай.
Бір кезде барып кішкентай балықтар көзі төменде жатқан ұзыннан-ұзақ қара белдеуге түсті де, тіке солай қарай тартты. Ол бірақ балық та емес, басқа да емес, теңізге батып кеткен кеменің жақтауы ғана болып шықты. Толқынның қысымына төтеп бере алмай жоғарғы және төменгі екі палубасының да быт-шыты шығыпты. Балық ішіне кіріп көрді. Кеме қираған кезде қырылған адамдардың бәрін су ағызып алып кетіпті, мұнда тек қолына баласын ұстаған жас әйел қалыпты. Толқын баяу қозғалтып сәл көтере тербетеді, екеуі ұйықтап жатқан адамдай. Балық қорқып қалды олардың енді қайтып оянбайтынын ол білмейтін еді. Шырмауықша жақтаудан салбырап, мәңгі ұйқыда жатқан әйел мен баланың бетін балдыр жауып кетіпті. Бұл ара тіршіліксіз, меңіреу тыныштық екен. Балық дереу кері қайтты, суға күн сәулесі түсіп тұрған, балықтар өмір сүретін жерге қарай асықты. Әлгі арадан енді ұзай бергенінде жап-жас, бірақ керемет, үлкен кит қарсы жолықты.
— Байқа, мені жұтып жіберме, – деді жан дәрмен. Құйтақандаймын ғой, бір тісіңе басуға да жарамаймын. Ал өмір сүру маған сондай ұнайды!
— Мұншалық тереңде сен неғып жүрсің? – деп таңданды кит. Сенің ағайындарың мұнда жүрмейтін.
Оған кішкентай балық таңғажайып ұзын жылан ба, жоқ әлде басқа бірдеме ме, әйтеуір, жоғарыдан түсіп, су тұрғындарының ең жүректі дегендерінің де зәресін алған нәрсе туралы айтып берді.
— Хо-хо! Суды ішіне көп тартып алғаны соншалық егер кит судың бетінде болса, соншама су қайта шыққанда, фонтанша атылған болар еді. Хо-хо, – деді ол тағы қайталап. Демек, мен мана бұрыла бергенімде, арқамды қытықтап еткен сол болды ғой. Мен ендеше, оны кеменің орта діңгегі шығар деп, тіс шұқығыш есебінде пайдаланам ба деп жүрсем! Ал енді ол құбыжық бұл арада емес. Қашықта. Жүрші, сенімен бірге жүзіп барып, оның не екенін көзіммен көрейін. Бәрібір істейтін түгім жоқ.
Сөйтіп екеуі солай қарай жүзді кит алдында, балық соңында. Балық киттен қашығырақ жүруге тырысты, өйткені үлкен киттің екпінінен айналасындағы су ойран-топыр болды да кетті.
Жолда оларға акула мен кәрі ара балық ұшырасты. Ұзын болғанда да ұзын және жіңішке болғанда да жіңішке теңіз жыланы туралы олар да естіпті. Көруін әлі көре қоймапты, бірақ көруге құштар екендіктерін жасырмады.
Сөйтіп тұрғандарында, олардың қасына теңіз мысығы келді. Оны да көрсем деп көңілі кетіпті.
— Мені де тастамаңдаршы! – деді. Егер ол теңіз жыланының жуандығы зәкірдің арқанындай ғана болса, оны мен қарш еткізіп қиям да тастаймын. Аузын ашып қалғанда, теңіз мысығының алты қатар аппақ тістері жалт ете қалды. Кеме зәкірлерінің өзіне мен тісіммен таңба салып тастаймын, оның қасында білтедей немені шайнап тастамаймын ба?
— Әне! – деді кит кенет. – Мен көріп тұрмын! Кит өзін өзгелерден жақсы көріп тұрмын деп топшылады. – Қараңдар, қараңдаршы, қалай ирелеңдеп, қалай-қалай бұралаңдайды! Қарай көр, ей, өзін!
Бірақ ол ешқандай да теңіз жыланы емес-тін, бар болғаны бірнеше метрлік дәу жылан балық болатын. Ол бұларға бетпе-бет жолықты.
— Е, мен мұны білем. Екеуіміз бұрын кездескеміз, – деді ара балық. Ол теңіз түбінде шу шығармайды және үлкен балықтарға тимейді.
Бұлар жаңа жылан жайында оған да айтып, соны бірге зерттеуге қалайсың деп сұрады.
— Қалайша ол менен де ұзын? – деп таңданды жылан балық. Бәрімізге бір қырсығы тиіп жүрмесе жарар еді.
— Тиіп көрсін, десті өзгелері, көрдің ғой, біздің қанша екенімізді, әкесін танытамыз! Соны айтты да, бәрі ілгері жүзді.
Бірақ олардың жолын керемет болғанда да керемет дәу бір нәрсе бөгеп қалды, бұлардың бәрі жабылып әлгінің шенінен де келетін емес, теңіз бетінде орныға алмай, түбіне шөгіп кеткен кішігірім арал ма дерсің.
Ол бір ежелден келе жатқан кәрі кит екен, басының бәрін балдыр басып кетіпті; арқасы толған қыбыр-жыбыр жәндік, ал моллюскілер мен ұлу сүйектерінің көптігі сондай, бүкіл қап-қара бүйірлері әдейі ақ дақ сеуіп қойғандай.
— Ақсақал, бізбен бірге жүзіңіз, – деді оған балықтар. Теңізде бір түсініксіз құбыжық пайда болды, біз оның ыңғайына көне қоймаспыз.
— Мен осы жатқан жерімде-ақ жата берейін, – деді кәрі кит. – Мені мазаламаңдар! Ох, ох! Мен қатты аурумын. Жоғарыға жүзіп барып арқамды судан шығарсам, соның ғана маған көмегі тиеді. Теңіздің қайырымды құстары жан-жақтан ұшып келіп, сонда мені тазалай бастайды. Әй, бір жаным жай тауып қалады, тұмсықтарын тым тереңірек тығып жіберсе болды, әйтеуір. Кейде олардың жұмсақ етіме дейін тығып жіберетіндері де табылады. Міне, қараңдаршы! Бір құстың қу сүйегі қазір де менің арқамда салаңдап жүрген болу керек. Байғұс құс арқама тырнағын әбден батырып жіберіпті де, мен теңіздің түбіне қарай жөнеп берген кезде, қайта шығарып үлгере алмай қалыпты. Оны ұсақ балықтар табан астында талап жеп қойды. Оған бір, маған бір қараңдаршы өздерің Көрдіңдер ғой, қаншалық ауырып жүргенімді!
— Оның бәрі күдікшілдіктен, – деді бала кит. Мен өзім ешқашан ауырмаймын. Балық атаулы ауырмайды.
— Жоқ, кешірерсіз, – деді кәрі кит қарсыласып, жылан балықтарда тері ауруы болады, тұқым балықта қорасан кездеседі, ал құрттан қорлықты бәріміз де көреміз.
— Бос сөз! – деді акула, қарттың сөзі оны да, өзгелерін де жалықтырып жіберді, өйткені олар одан әлдеқайда маңызды іске асығып бара жатты ғой.
Ақырында бәрі телеграф кабелі жатқан жерге жетті-ау. Ол бүкіл теңіз табаны арқылы құм қайраңдар мен лайлы тереңдерді, су асты жартастары мен бітіскен балдырларды, бүкіл маржандар орманын басып өтіп, Европадан Америкаға дейін тартылып жатқан. Ал оның айналасында ағыстар қайшыласып, иірімдер бұрқ-сарқ қайнап, балық дегенің үйір-үйірімен қайтқан құстардан бетер қаптап жүрген. Бүкіл теңіз түбі бүлкілдеп, бұрқылдап, гуіл мен шуылға толып кетіп еді. Үлкен теңіз ұлуының қабығын құлағыңа тоссаң, ондай у-шуды өзің де естисің.
Олар іздегендерін сол арада тапты.
— Құбыжық, әне, жатыр, – деді үлкен балықтар, кішкене балықтар да соны айтты. Кабель дәл алдарында жатты, бірақ оның басын да, аяғын да ешқайсысы көре алмады.
Теңіз түбінің құжынаған былқылдақ, жабысқақ жәндіктері мен медузалар ырғалып, біресе жоғары көтеріліп кабельді жауып қалады да, біресе төмен басылып кабельді ашық тастайды. Теңіз кірпілері ұсақ ұлулар мен теңіз құрттары айналасында быжып жүр, ал кабельдің бойымен маңыздана арбаңдап ебедейсіз дәу өрмекшілер өріп барады, бәрінің де арқасы тола құжынаған арамтамақ ұсақ жәндіктер. Қара көк теңіз қиярлары да, тағы басқаша қалай атаушы еді ол бәле басқырларды, тамақты бүкіл денесімен жұтады ғой өздері, солардың бәрі теңіз түбінде пайда болған жана жыртқыштың бауырына тығылып, ауыз жаласа қалыпты тіпті. Жалғыз көзді жалпақ балық пен майбалық өзгелердің не айтқанын естімей қаламыз ба деп, жан-жақтарына тынымсыз жалтақтайды. Өзі батпаққа тығылып алып, сыртқа тек жіңішке сабақшаның ұшына біткен екі көзін ғана шығарып жататын теңіз жұлдызы бұл жолы да көзін барынша бақырайтып, мына сергелдеңнің немен тынарын мұқият бағып жатыр.
Телеграф кабелі қозғалыссыз жатқанымен, алайда оның ішін өмір жайлап, ойлар айтылып, өне бойымен адамзаттың сөздері ерсілі-қарсылы жүйткіп өтіп жатты.
— Бұл әншейін қасақана қозғалмай жатыр, – деді кит, кенет бар күшін жиып алып, ішімнен періп кетіп жүрмесін, менің ең осал жерім ішім ғой!
— Қане, қазір біз оны тексеріп көрелік, деген ұсыныс жасады жабысқақ. Менің қолдарым ұзын, саусақтарым тұтқыр, міне, әуелі қолым оған жетті де, енді қатты қысайыншы.
Сөйтіп, ұзын тұтқыр қолдарын кабельге созып, оны қатты орап алды.
— Қабыршағы жоқ екен, – деді жабысқақ, терісі де жоқ! Меніңше, бұл мына түрімен тірі бала табуға қабілетсіз болар.
Жылан балық кабельге жақын жүзіп келіп, онымен бой жарыстыра созыла кетті.
— Менен ұзындау, – деді сонан соң. Бірақ жалғыз ұзындық жеткіліксіз, терісі болуы керек, іш қажет, денесі майысқақ болуға тиіс.
Әрі жас, әрі қарулы кит кабельдің дәл жанына дейін барды, ол мұншалық тереңге әлі ешқашан түскен емес-тін.
— Сен несін өзі балықпысың, өсімдікпісің? Әлде сен біздің арамызда өмір сүрмейтін, жоғарыдағылар қолдан жасаған бірдемемісің? – деді кит.
Бірақ телеграф кабелі үн қатпады сөйлеу қабілеті оның пешенесіне жазылмаған. Ол арқылы ойлар, адам ойлары берілетін, ол ойлар бір секундтің ішінде бірнеше жүз шақырымдағы бір елден бір елге жетіп жататын.
— Жауап бересің бе сен, жоқ па? Әйтпесе біз сені шайнап тастаймыз! – деді жебір акула, басқа да дәу балықтар дауыс көтеріп.
— Айт, әйтпесе біз сені кеміріп тастаймыз!
Кабель қозғалмады, ол өз ойымен әлек-ті, оның таңданатын несі бар, сан түрлі ақпарлар мен хабарларға лық тола болғасын, өйтпей қайтсін.
«Кемірсе кеміріп-ақ тастасын, деген ойға келді кабель, онда мені өрге көтеріп алады да жөндейді. Басқа суларда жатқан әріптестерімнің басынан ондай-ондайлар аз өткен жоқ қой».
Сондықтан ол ешкімге жауап беріп әуре болмады, өз ісімен айналыса берді телеграммаларды жеткізді, теңіз түбінде мемлекеттік қызмет атқарды.
Адамдардың тілімен айтқанда, жер бетінде күн батайын деді, ол шоқ құсап қып-қызыл болып еді, бұлттардың бәрі жалқын тартып, бірінен-бірі өтіп жалындап кетті.
— Мінеки, бізге қызыл жарық түсті, – деді жабысқақ, енді бұл анығырақ көрінетін шығар, алайда, оның бізге не келіп-кетері бар.
— Ұрыңдар, жабылыңдар! – деп, алты қатар тісін ашып теңіз мысығы айқай салды.
— Ұрыңдар оны! – десті кит те, ара балық пен жылан балық та. Бәрі кабельге лап қойды, теңіз мысығы ен алдымен ұмтылды.
Енді жетіп құбыжыққа тісін сала бергенде, қызу асығыстықпен ара балық мысықтың арқасын орып кеп жібергені. Сұмдық қателік болды, мысықтың тістеуге дәрмені де жетпеді.
Ойбай, сол арада не болды десеңші? Су дегенің лайланды да кетті, бәрінің де көз алды бұлдырап түкті ажыратпады; балықтар, шаяндар мен ұлулар бірінің үстіне бірі шығып итерісіп, бірін-бірі тірілей жеп, ал кеп төбелесті де кетті. Тек кабель ғана тырп етпестен, өз қызметін атқарып тыныш жата берді, мұндайда әрқашан ең дұрысы сол.
Жер бетін қараңғы түн басты, ал теңіз ішін миллиондаған, тіпті миллиардтаған жарқыл оттар жайлап кетті. Ол жарқылдың бәрі үлкендігі иненің жасуындай ғана құйттай шаяндар-тын. Ғажап, табиғаттың көз тоймайтын бір тамашасы.
Кабельге теңіз тұрғындарының бәрі таңдана қарады.
— Дегенмен бұл өзі не бәле?
Қалайда қиын жұмбақтан бастары қатты.
Сөйтіп тұрғандарында, олардың қасына қартаң тартқан су сиыры келді. Адамдар оны әрқилы атайды: біреулер су перісі десе, біреулер су сиқыршысы дейді. Оның төмен салбыраңқы төсі, құйрығы, су есетін қысқа ғана екі аяғы бар-ды; басында жылтырап жүрген балдырлардың іші бықыған кене екен, сиыр екең оны сән көріп мақтан тұтады.
— Ақыл айтсам, үйренесіңдер ме? – деді сиыр. – Онда, тыңдаңдар, мұның бәрін сендерге тек мен ғана түсіндіріп бере алам. Алайда ақыл айтқаным үшін маған және менің туыстарыма барлық теңіз жайылымдарында қауіпсіз болуды қамтамасыз етесіңдер. Сендер сияқтанған мен де балықпын, бірақ жер бауырлап шаян құрлы жылжи да аламын, сендерге өмір сүруді үйрету қолымнан келеді. Мұнда, су ішінде, ең ақылды менмін. Су түбіндегі қыбыр еткеннің бәрін де, су бетіндегі селт еткеннің бәрін де білем. Мына бәріңнің басынды қатырып жүрген нәрсе жоғарыдан құлады. Ал жоғарыдан құлаған нәрселердің бәрі де өліп қалған болады, не осында келіп бәрібір еледі және олардың еш қауқары болмайды. Тимеңдер оған, жата берсін. Оның бәрі адамдардың ойлап тауып жүргендері.
— Меніңше, бұл мүлдем олай емес сияқты, – деді құйттай балық.
— Сумаңдама, титімдей болып ап! – деп, су сиыры оған жекіп тастады.
— Өй, сорлы шабақ! – десті өзгелері де, олары енді тым асыра қорлау болды.
Сонан соң су сиыры әлі бірде-бір рет дыбыс шығармай жатқан мына қорқынышты жыртқышты адамдар мұнда әдейі тастады дегенді айтты. Адамдардың зұлымдығы жайында ол сол арада әжептәуір әңгіме айтып тастады.
— Олар біздің бәрімізді де түк қоймай ұстап алмақ, – деді. Тек сол мақсатпен өмір сүреді. Бізді алдап қолдарына түсіру үшін суға олар тор құрады, жемі бар ілгек тастайды. Мынау да әншейін сондай ілгектің ұзын бауы! Олар бізді осы қармаққа түседі деп ойлайды. Әй, әпенделер-ай десеңші! Біз бірақ олар ойлағандай ақымақ емеспіз. Тек ана бәлелі қармақ баудың қасына бармаңдар, өзі жата-жата жібіп, лай мен батпаққа батады да қалады. Жоғарыдан түскен нәрсенің бәрі де бір нәрсеге арандатуы мүмкін, еш әжетке жарамайды.
— Ештеңеге жарамайды. Су сиырының сөзін теңіз тұрғындарының бәрі де қостады, өйткені түптің түбінде олар да бір пікірге келулері керек қой.
Бірақ құйттай балық қана өз айтқанынан қайтпады:
— Мына өзі ұзын, өзі жіңішке ұшы-қиыры жоқ жылан біздің теңіздегі нағыз ең ғажайып балықтың өзі болып жүрмесін. Менде сондай бір сезік бар.
— Иә, ең ғажайыптың өзі! – дейміз біздер – адамдар да, және біз оны біліп, толық түсініп айтамыз.
Шынында да, бұл ертеде өлең арнап, аңызға айналдырған алып су жыланының дәл өзі ғой.
Ол адамның ойлап, ұлылықпен тудырған нәрсесі; оны теңіз түбіне түсіріп, шығыстан батысқа қарай тартқан, сөйтіп, соның бойымен күннің сәулесі жерге жететін жылдамдықтан да озып кететін жылдамдықпен хабарларды беріп тұрған да адамның сол ұлылығы. Бұл жылан күш алып тоқтаусыз өсе береді, жыл озған сайын теңіз бен мұхиттардың түбі арқылы одан әрі тартылып, бүкіл жер шарын орайды; тулаған толқындар арқылы да, капитанға ауада жүзіп келе жатқандай әсер беретін айнадай мөлдір айдында да, тұнықтығынан тереңде қайшыласқан балықтардың бәрі кемпірқосақ бояуларынан құралған фейерверк құсап көрінетін тыныш сулар арқылы да өзіне жол сап отырады.
Ертегілердегі Мидгордсорм жыланы ұқсап бұл жылан теңіздің терең болғанда да ең терең түбіне барып жатады. Балықтар мен теңіздің жылан-шаяндары оған әлі талай бастарын соғады, бірақ олар бәрібір жоғарыдан түскен мына ғажап нәрсенің бүкіл адамзаттың ой-пікірінен гуілдеп, дүние жүзінің барлық тілдерінде сөйлей алатын, бірақ сонда да үндемейтін дана жыланның, жақсылық пен жамандықтың хабаршысы, әлем мұхиттарындағы ғажаптың ең ғажабы – біздің заманымыздың алып су жыланының – сырын ешқашан түсіне алмайды.
Аударған Б.Нұров
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі