Мұны астениялық невроз деп те атайды. Ол тез қажытатын және жүдететін ашушаңдық түрінде білінетін невроз түрі. Науқас тез ұйықтайды, бірақ сәл сыбдырдан оянғыш. Ашығу сезімі күшті, алайда ол тез жоғалады.
Неврастения бірқатар жағдайларда ақыл-ой жүктемесі салдарынан тым қажу нәтижесінде пайда болады. Басқа жағдайларда ұйқының үнемі қанбауынан, қатты шаршаудан, көңіл-күйдің күрт төмендеуінен және т.б. психикалық зақымдану түрлерінен де болады.
Аурудың бас кезінде науқастың жүрегі лүпілдейді, қатты терлейді, ұйқысы бұзылады және тәбеті төмендейді. Бұл құбылыстар аздаған дене жүктемесінен және көңіл-күйдің өзгеруінен де күшейе түседі. Бұдан әрі әртүрлі сыртқы факторларға сезімталдығы артады, мысалы, сәл салқынға тоңғыш, нақты әрекеттер жасауға қиналады, бірқалыпты күйде ұзақ отыра алмайды, шыдамсыз, ашушаң, кез келген жайтқа ренжігіш, жылауық келеді.
Егер науқас ұзақ уақыт емделмесе немесе демалмаса, астениялық біліністер күшейе бастайды. Ақыл-ой жұмысын орындау кезінде қиындыққа тап болады. Оқыған нәрсесін ұмытып, оны қорыта алмайды, өйткені ойы басқа нәрселерге тез ауып кетеді. Өзін жұмыс жасауға күштеген жағдайда басы ауырады, ашушаңдық дамиды. Таңертеңгісін ұйқыдан тұрған кезде тұла бойында әлсіздік, қалжырау сезіледі. Телефон шырылы, қатты сөйлесу, тым жарық, сықылықтап күлу – бәрі-бәрі тітіркендіреді. Адамдармен әңгімелесуге тіпті құлқы жоқ.
Ұйқысы нашарлайды, түсіне қорқынышты, үрейлі түстер енеді, ұйқысы қанбағандықтан күні бойы дұрыс жұмыс жасай алмайды. Ауру ұзаққа созылып кетсе, кейін не болса соған күмәнданады, айналадағының бәрі қараң қалғандай күй кешеді.
Ұзақ уақыт, мысалы, алкогольден улану, жұқпалы аурумен ауыру, бассүйектің жарақаттануы, гипертониялық аурулар, атеросклероз т.б. ауруларға шалдығу неврастенияға ұқсас әлсіздік, жүректің лүпілдеуі, ыстықтау, тоңу, тершеңдік, бас ауыруы сияқты белгілерді туындатады. Мұндай науқастарда бұл белгілердің көбісі ұзаққа созылады және ұдайы болады.
Психотерапия жүргізіледі, транквилизаторларды ноотропилмен қосып береді, тыныштандырғыш, жалпы нығайтқыш дәрілер тағайындалады.
Неврастенияның алғашқы кезеңінде және астениялық жағдайларда еңбек ету және демалу режимін дұрыс ұйымдастыру, серуендеу, дене шынықтырумен, спортпен айналысу, дәруменге бай тағамдарды қолдану, үйде және жұмыста жағымды жағдайлар жасау, сонымен қатар тиісті дәрі-дәрмектерді мезгілінде қабылдап отыру аурудан тез жазылуға және жұмыс қабілетін жуық арада қалпына келтіруге жәрдемдеседі.
Кейбір адамдар ауру белгілерін түсінбей, кейде науқасқа тойтарыс әрекетін жасап, ұрыса бастайды, оны небір сөздермен сөгеді. Науқасқа мұндайда ақыл-кеңес берудің өзі ауыр тиеді. Жағдайын жасап, мезгілінде ұйықтап-тұру рефлексін калыптастыруға жәрдемдесу керек. Науқастың көпшілікті ұнатпайтындығын да ескерген жөн. Өзі қаламаса, басқа адамдармен таныстырудың, қонаққа, киноға, театрға бірге апарудың кажеті жоқ.
Кез келген жағдайда емдеуші дәрігерден ақыл-кеңес алып отыру керек, оның тағайындаған дәрілерін мезгілінде қабылдап, басқа да талаптарын орындаған дұрыс.
Қандай жағдайда да шамадан тыс дене және ақыл-ой жүктемелері жүйке жүйелеріне әсер етіп, оны неврастения сияқты басқа да жүйке жүйесінің ауруларына әкеп соғатынын естен шығармаған абзал.
М. С. Ордаханова, терапевт дәрігер
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Камшат
Үй жағдайында қалай емдеуге болады?