Кімде-кім ешкімнің көзі көріп, құлағы естімегенді жасаса, сол корольдің қызына үйленеді, жасауына жарты корольдік беріледі.
Солай деп хабарлау мұң екен, барлық жігіттердің, олардан қалыспай шалдардың да бастары қатты. Бәрі де жаппай жанталасты: екеуі лықа тойып тамақ жеді, тағы екеуі ес-түстен айрылғанша ішті өздерінше көз көріп, құлақ естімегенді жасаймыз ба деп үміттеніп еді, оларынан түк шықпады. Өз арқаларына өздері түкірмек болып көше балалары қырық бұратылып әлек болысты одан өзге көз көріп, құлақ естімегенді ойлап табуға олардың шамалары да жоқ-тын.
Әркімнің ойлап тапқан ғажап нәрсесін әділ қазының алдына тартатын күн де белгіленді. Қазылар алқасына үш жасар баладан тоқсандағы шалдарға дейінгі барлық жастағы адамдар тартылды. Қазылардың алды көз көріп, құлақ естімеген заттардың үлкен көрмесіне айналды, бірақ бәрі де бірауыздан ішкі-сыртқы құрылысы таңғажайып үлкен үстел сағатын нағыз көз көріп, құлақ естімеген нәрсе деп шешісті. Әрқашан, сағат соққан кезде, уақыттың қанша екенін қозғалмалы суреттер көрсетеді. Ондай сурет он екі-тін, суреттер қозғалып қана қоймай, сөйлейді, ән айтады.
— Мынау нағыз көз көріп, құлақ естімеген! – десті бәрі.
Сағат бірді ұрғанда, тау үстінде қасиетті тақтайға бірінші өсиетті жазып жатқан Мұса пайғамбар көрінді. Сағат екіні ұрғанда, жұмақтың бағы ештемелері, тіпті көйлек-көншек салатын шкафтары жоқ болса да шаттыққа бөленген екі бақытты жанның Адам мен Хауаның тұрағы көрінді; шындығында да, оларға ештеңенің керегі болмады ғой!
Сағат үште шығыстан Исаға құлшылық жасауға келе жатқан үш патша көрінді, оның біреуі етіктің қонышындай қап-қара екен, алайда өз кінәсінен емес, оны майланған етіктей күйдірген күннің сәулесі еді. Үшеуінің де қолында қымбат сыйлары мен хош иісті темекілері бар.
Сағат төртте жылдың төрт мезгілі шықты: көктемді үстіне көкек қонып отырған, өзі жаңа бүр жарып келе жатқан емен бұтағы бейнеледі; жазды дәніне шегіртке жабысып, жайқалып піскен қара бидай бейнеледі; күзді құстардың бәрі ұшып кетті дегенді ұғындырып, құтанның бос қалған ұясы бейнеледі; пештің қуысына тығылып алып көне әңгімелерді көйітетін ертегіші кәрі қарға қысты бейнеледі.
Сағат бесті соққанда, бес сезім көрінеді: жарық құбылысын зерттейтін адам көру сезімін бейнеледі, естуді темір өңдейтін мысшы, иісті жабайы қияқ пен фиалка сататын әйел, дәмді аспазшы, түйсінуді қаралы киімі өкшесіне дейін шұбатылған азашы адам бейнеледі.
Алты болғанда, ойыншы ыршып шығып сүйек лақтырды, сүйек төмен түскенде, ең үлкен ұпай алты көрінді.
Одан соң көрінген аптаның жеті күні немесе пенденің жеті күнәсі еді; олар жайында жұрт пікірі әр жақтылау болды, шынында да, екеуінің қайсысы екенін ажырату қиын еді.
Содан кейін монахтар хоры сегіз адам шығып, ертеңгілік дұғасын әндетті.
Тоғызды соққанда, тоғыз муза шықты; бірі астрономиямен айналысса, екіншісі тарихи архивте қызмет жасайды, қалғандарының бәрі өздерін театрға арнайды.
Онды ұрғанда, он өсиет түгелдей жазылған қасиетті тақтайымен тағы да Мұса шықты.
Он бірді ұрғанда, он бір ұл-қыз жүгіріп шығып «сағат он бірді ұрды» деген ойыңды ойнай жөнелді.
Ақырында он екі болғанда, қолында шолпан жұлдызы, басында дулығасы, «Жарым түн дегенде, Қорғаушы келді дүниеге» деген ескі әнді айтып күзетші көрінді.
Ал ол ән салған кезде, айнала ашылған раушан гүлдері құлпырған қанаты бар періштелерге айналып кетіп жатты.
Тыңдайтын да, көретін де кереметі көп! Көпшіліктің пікірінше, нағыз ғажап; дәл құлақ естіп, көз көрмегеннің өзі осы сағат болды.
Сағатты жасаған суретші әлі жас, ақ көңіл, бала сияқты қуанатын, жолдастыққа берік, кедей әке-шешесіне қарасып тұратын үлгілі ұл еді. Жарты корольдікті иемденуге де, корольдің қызына үйленуге де әбден лайық болатын.
Сыйды беретін күн де келді: бүкіл қала жұрты мерекедегідей құлпырды; тақта король қызының өзі отырды; тақтың жастығын жаңа мамықпен толтырған-тын, бірақ тақ одан жайлы болып та, тынышты болып та жарытпады. Билік айтқан қазылардың бәрі сыйды алатын жігітке қутыңдай қарасады, ал жігіт көңілді сергек, өз бақытына кәміл сенімді еді, себебі көз көріп, құлақ естімеген кереметті сол жасады ғой.
— Жоқ, оны мен жасаймын! – деп, ұзын бойлы, бұлшық еті ойнаған бір жас жігіт айқай салды, көз көріп, құлақ естімегенді мен істеймін!
Сөйтті де, ғажайып сағаттың үстіне әкеп, зілдей балтаны төндірді. Шақ ете қалды, сағаттың быт-шыты шықты. Дөңгелектер мен серіппелер еденге ұшып, барлығы қирады.
— Мен деген, міне! – деді әлгі нән. Бір ғана соққы, сонымен жігіттің жасағанын да қираттым, сендерді де таң қалдырдым! Нағыз көз көріп, құлақ естімегенді мен жасадым!
— Өнердің мынадай ғажайыбын қирату! – деп таңданысты қазылар. Иә, нағыз көзбен көріп, құлақ естімеген осы!
Бүкіл қала жұрты да соны айтты, алайда корольдің қызы, онымен қоса жарты корольдік те нән жігітке тиесі еді, өйткені қалай дегенмен де, заңның аты заң ғой.
Төбешіктерден, мұнаралардан қала жұрты үйлену тойы жайында тегіс хабарланды. Король қызы істің ойда жоқта бұлай бұзылғанына іштей риза емес еді, бірақ қалыңдық киімін киген кезде құлпырып сала берді. Шіркеудің іші отқа толып кетті; неке қию әдейі кешке белгіленген еді әсерлі көрінеді ғой. Қаланың ақсүйек қыздары әндете жүріп қалыңдықты алып келісті; сері жігіттер де әндете жүріп күйеуді қоршап алысты, күйеу жігіттің басын кекжиткендігі сондай, тіпті сүріну дегеннің не екенін білмейтін кісідей-ді.
Ән тоқтаған кезде, шіркеудің іші құлаққа ұрған танадай тына қалды, егер қолыңнан жерге ине түсіп кетсе де естілетіндей еді, кенет сол кезде шіркеудің есіктері сарт-сұрт ашылып, ар жағынан «Дың! Дың!» еткен дауыс естілді! Есіктен ғажайып сағат салтанатты түрде аттады да, қалыңдық пен күйеудің ортасына келіп тұрды. Өлген адамның көрден тіріліп келмейтінін біз бәріміз да жақсы білеміз, ал өнер туындысы қайта туа алады, ол, міне, туды: оның тек сыртының формасы ғана быт-шыт боп сынған, ал шығармаға жан берген идея өлген жоқ-тын.
Өнер туындысы құдды қиратушының қолы жанаспағандай тағы да бүп-бүтін, бұзылмаған қалпында тұр еді. Сағат соға бастады, әуелі бірді, сонан соң екіні, сөйте-сөйте он екіге дейін соқты, суреттер де бірінен кейін бірі шықты. Ең алдымен Мұса көрінді, оның шекесі жалын атып тұрды; ол қолындағы қасиетті ауыр тақтайды тура күйеудің аяғына әкеп тастап жіберді, күйеу тұрған орнынан қозғала алмай қатты да қалды.
Мұны мен қайтадан көтере алмаймын! – деді Мұса. Сен менің қолымды сындырып тастағансың. Тұрған орныңда тұр енді!
Сонан соң Адам мен Хауа, шығыстың патшалары мен жылдың төрт мезгілі келді; әрқайсысы да оны әділетті жазғырды:
«Ұялсаңшы!»
Бірақ ол ұялайын деп ойлаған да жоқ.
Қалған фигуралар мен топтар да сағаттың ішінен рет-реттерімен шыға бастап, үлкен бір алып бейнеге айналды; біраздан кейін шіркеудің ішінде тірі адамдарға орын қалмайтындай көрінді. Ақырында сағат он екіні соғып, қолында шолпан жұлдызы, басында дулығасы бар түнгі күзетші келгенде, шіркеудегі жұрт қатты абыржыды: күзетші тұп-тура күйеуге қарай жүрді де, қолындағы асасымен қақ маңдайдан қойып қалды.
— Жат осылай! – деді ол. — Жазаңа қарай жаза! Енді біздің де, суретшінің де кегі қайтты! Жоғалайық!
Өнер туындысы жоқ болды да кетті, алайда шіркеудің ішіндегі шырақтар жарық шығаратын гүлге айналды; төбеге шашылған алтын жұлдыздар жарқырап, орған өз-өзінен ойнай жөнелді. Бәрі де: «Міне, нағыз көз көріп, құлақ естімеген осы ғой!» десті.
— Бүгінгі салтанаттың шын себепкерін шақырсаңыздар екен! – деді корольдің қызы. Менің күйеуім де, мырзам да ғажайыпты жасаған суретші болады!
Бүкіл халықтың қошеметті қоршауында суретші шіркеуге келіп кірді. Оның бақытына бәрі де қуанды, бірде-бір қызғанушы болмады. Нағыз «көз көріп, құлақ естімегеннің» өзі сол болды!
Аударған Б. Нұров
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі