Анасы баласының бесігінің қасында отыр. Оны өліп қалады деп қалай қамыққанын, қалай қорыққанын көрсеңіз! Баланың беті мүлде бозарып, жанары жұмылып кеткен. Дем алысы да нашар. Ал кей сәттерде тынысы ауырлап, ақтық демін алып жатқандай боп көрінетін...
Шыбын жаны қиналып жатқан бөбегіне қараса болды, ана жүрегі одан сайын сыздай түседі.
Бір кезде есік қағылып, үйге ат жабуына ұқсас бірдеңеге оранған бейшара қарт келіп кірді. Жабу жылылыққа жақсы, оған керегінің де өзі осы: қыс болса қақап тұр, сырттағы дүниенің бәрі қар жамылып, мұз құрсанған. Жүзіңді қаритын суық жел де суыра соғып тұр.
Қарттың суық өтіп қалшылдап тұрғанын көрген ана, баласының қас қағымға қалғып кеткенін байқап, сапты аяқ сыра құйып алып, пештің үстіне қойып, қонағына жылытып беру үшін бесіктің қасынан тұрып кетті. Қарт сол кезде бесікке таяна отырып, баланы тербетуге кірісті. Анасы қасында тұрған орындыққа отырып, науқас бөбекке қарады, ауыр тынысты демін тыңдап оның қолынан ұстады.
— Мен айрылып қалмаймын ғой одан, солай емес пе? – деді ана. Құдай тағала менің көз жасымды көрер де аяр!
Қарт Ажалдың нақ өзі болатын ол басын кісі таңғалардай түсініксіз шайқады: оның «иә» не «жоқ» деп тұрғанын түсіну қиын еді. Ананың басы салбырап, жүзін жас жуып кетті... Ол бейбақтың көз шырымын алмағанына, міне, осымен үш күн, үш түн... Біраздан соң басын көтеруге де мұршасы келмей қалғып кетті, онда да небәрі бір минутқа. Сол сәтінде селк ете түсіп оянған ол, суықтан денесі қалтырап кетті.
— Бұл не? – деп айқай салды ол, төңірекке телміре көз жүгіртіп: қарт та, бала да ізім-қайым жоқ; шал алып кетсе керек.
Бұрыштағы көне сағаттың шиқылы баяу. Ауыр, қорғасын гір тасы еденге де жетіпті... Дүңк ете түсті де, сағат тоқтап қалды.
Сорлы ана сыртқа жүгіре шығып, баласын қатты айқайлап шақыра бастады.
Қара жамылып, қар үстінде отырған бір әйел анаға тіл қатты:
— Ажалдың сенің үйіңе кіріп, бөбегіңді алып шығып, лезде ғайып болғанын көзім шалды. Желден де жүйрік нағыз желаяқ және бір алғанын ғұмыры кері қайтарған емес!
— Маған тек қана оның қай жолмен кеткенін айтсаң жетіп жатыр! – деді ана. – Тек жолды сілтеп жіберсең болғаны, мен оны таппай қоймаймын!
— Оның қайда кеткенін білемін, бірақ өзіңнің бөбегіңе айтқан барлық әндеріңді маған қайталап жырлап бергенше жұмған аузымды ашпаймын! – деді қара киімді әйел. – Ол әндерді мен сондай жақсы көремін! Оларды талай-талай тыңдағанмын да. Мен Түнмін ғой, сол әндерді айтып тұрып сенің қалай жылағаныңды да көргенмін!..
— Мен саған оның бәрін де қалдырмай айтып беремін! – деп жауап берді ана. Алайда тап қазір мені жолымнан бөгеме. Менің Ажалды қуып жетіп, бөбегімді тауып алуым керек!
Түн тіл қатқан жоқ. Жаны ауырып, көз жасын көлдетіп тұрса да шырқай жөнелді. Шырқалған әнде есеп жоқ, ал төгілген жас одан да көп болды. Содан кейін барып Түн тіл қатты:
— Оңға, қараңғы қарағайлы орманға тікелей тарт. Сенің балаңды әкеткен Ажал солай қарай кеткен. Орман ортасындағы жол айрыққа жеткен соң ана аялдады. Енді қалай қарай жүрсе екен? Нақ жол айрығында не жапырағы, не гүлі жоқ жап-жалаңаш тікенек бұтасы тұр еді. Қыс қақап тұрғандықтан да, ол түгелдей мұз құрсаныпты.
— Менің баламды алып, осы жерден Ажал өткен жоқ па?
— Өтті, – деді тікенек бұтасы. – Сен мені қашан қойныңа тығып, жүрегіңе басып тұрып жылытпайынша оның қай жаққа кеткенін айтпаймын. Тоңып барамын, көп ұзамай мұз боп қатып қалатын шығармын.
Сөйтіп ол тікенекті қатты қысып, көкірегіне басты. Өткір тікенек инелері оның денесіне бойлай сұғылды және кеудесінен ірі-ірі қан тамшылары сорғалады. Оның есесіне, қысқы түннің сақырлаған сары аязды суығына қарамастан тікенек бұтасы жапырақ жайып, гүлге көмкерілді де қалды. Қайғыдан қан жұтқан ананың жүрек жылуының күшін қараңыз! Сөйтіп тікенек бұта оған жол сілтеп жіберді.
Жол ананы аумақты көлге әкеліп тіреді. Маңайдан кеме де, қайық та көрінген жоқ. Көл бетіне қаймыжықтай ғана мұз қатыпты. Мұз оны мүлде көтере алмас-ақ еді. Сондай-ақ ол көл арқылы өткелден өтуге рұқсат та берген жоқ. Ол әрі терең болатын. Баласын тауып алғысы келсе, ол қалай болғанда да сол арқылы өтуге тиісті. Мінеки, бәрін түбіне дейін түк қалдырмай ішу үшін ана көлге телміре қарайды. Бұл, тегінде, еш адамның қолынан келмейтін іс, алайда ана байғұс қайдағы бір кереметке сенді.
— Жоқ, бұл әрекет бос әурешілік, – деді көл. – Кәне, одан да мынаған келісейік. Мен інжу-маржандар жинаймын. Ал күні бүгінге дейін сенің жанарыңдай нұрлы да мөлдір ештеңе көрген емеспін. Егер де көз жасыңмен бірге маған жанарыңды ағызып берсең онда мен сені арғы беттегі Ажал өзінің гүлдері мен ағаштарын өсіріп жатқан жердегі үлкен теплицаға алып шығамын. Ондағы әр өсімдік адам өмірі!
— О шіркін, баламды табатын болсам не сұрасаң да беремін ғой! – деді жылап отырған ана. Көз жасын одан сайын көлдете түсті. Енді, міне, оның екі көзі көлдің түбіне ағып түсіп, екі інжу-маржанға айналып кетті. Көл әйелді іліп алды да, алтыбақан сияқты бір тербеткенде-ақ дік еткізіп арғы бетке өткізді. Онда аумақты, адам баласы аяқ баспаған бір үй тұр екен. Киіздей ұйысқан қалың бұталы және өне бойы толған үңгірлі тау ма, жоқ әлде үй ме оны ажырату мүмкін емес-тін. Байғұс ана, оны көре алмады. Жылаудан екі көзі ағып түссе қайдан көрсін.
— Баламды ұрлап әкеткен Ажалды қайдан тапсам екен? – деді ол дауыстап.
— Ол әлі оралған жоқ! – деп жауап қатты Ажал теплицасына бас-көз болып жүрген бағбан кемпір. Ал енді өзің мұнда қалай жол тауып келдің, саған көмектескен кім?
— Құдіреті күшті құдай тағала! – деді ана. – Ол мені аяды, сенің де мейірімің түссінші! Баламды қайдан іздейін, айтшы?
— Оны мен танымаймын ғой! – деді әйел. — Өзің болсаң көрсоқырсың! Бүгін түнде көптеген гүлдер мен ағаштар солып қалды, соларды қайта отырғызу үшін көп ұзамай Ажал да келіп қалар. Әрбір адамның өзі қандай болса, нақ сондай өзінің өмір ағашы немесе өз гүлі болатынын сен білесің ғой. Түріне қарасаң бәрі де кәдімгі өсімдіктер сияқты, алайда әрқайсысының жүрегі әрқалай соғып тұр. Бала жүрегі де соғады. Барлық өсімдіктерді аралап шық, бәлкім, сен өз балаңды жүрек соғысынан танырсың. Егер мен саған одан кейін не істеу керектігі жөнінде кеңес берсем, ақысына берерің бар ма?
— Менің саған бере қоятын түгім де жоқ! — деп тіл қатты бақытсыз ана. — Дегенмен, сен үшін жер түбіне баруға да әзірмін.
— Оу, онда барып мен не іздемекпін? – деді әйел. — Одан да сен маған өзіңнің ұзын да қара шашыңды бер. Оның жақсы екенін өзің де білесің ғой. Ал мен болсам сусылдап, жібектей төгілген шашты ұнатам. Оның орнына мен саған өзімнің ақ шашымды беремін. Қалай болғанда да жоқтан бар жақсы емес пе!
— Бар сұрарың сол ғана ма? – деді ана. Олай болса өз шашымды мен саған қуана-қуана беремін.
Сөйтіп ол орнына ақ шашын алып, кемпірге өзінің жібектей төгілген мақпал қара шашын берді.
Содан кейін ол гүлдер мен ағаштар аралас өскен аумақты Ажал теплицасына келіп кірді. Мұнда шыны қақпақтардың астында нәзік сүмбілдер гүлдеп, ана жерде үлкен, сәнді пиондар өсіп тұр. Мына жерде суда өсетін өсімдіктер, олардың кейбіреулері жаңа гүлдеген де, енді біреулері су жыландары оратылып, қара шаян қыспаққа алып жартылай солып қалған. Мұнда керемет құрма ағаш та, емен де, платан да бар, аскөк пен хош иісті тмин де өсіп тұр. Әрбір ағаштың, әрбір гүлдің өз аты бар-тын; әрбір гүл, әрбір ағаш адам өмірі болатын, ал адамдардың өзі болса жер әлемге тарап кеткен: біреулер Қытайда, біреулер Гренландияда, қысқасы әркім әрқайда ғұмыр сүретін. Бұл жерде кішкене құмырада өсіп тұрған үлкен ағаштар да кездесіп қалатын, оларға өте-мөте таршылық ететін құмыралар жарылуға шақ тұрған. Оның есесіне қара топыраққа егілген және төңірегін түгел мүк басқан, жаңа қылтиып өскен кішкене, нәзік гүлдер өте көп еді. Шамасы, олар қамқорлықпен күтіліп-бапталатын болса керек. Байғұс ана кез келгеніне, тіпті енді қылтиған кішкене гүлге де еңкейіп, оның жүрек соғысына құлағын тосты, сөйтіп миллиондаған гүл ішінен өз баласын жазбай тапты.
— Мінеки, балам! – деді ол, қайғыдан еңсесі төмен түсіп кеткен кішкене көгілдір жыланқияққа қолын созып.
— Гүлге қолыңды тигізе көрме! — деді кемпір. — Алайда, оның қасынан қозғалма. Ажал келген кезде, мен оны осы қазір келеді — деп отырмын, басқа бір гүлдерді жұлып аламын деп қорқыт та, өз гүліңді басқа жерге отырғызуға кедергі келтір. Бұл оны қорқытудың оңай тәсілі. Өйткені бұлар үшін ол алланың алдында жауап береді. Оның еркінсіз бірде-бір гүл жұлынбауға тиіс.
Бір сәтте өңменнен өтер суық леп есті де, соқыр ана Ажалдың оралғанын сезе қойды.
— Сен мұнда келетін жолды қайдан тауып алдың? – деп сұрады Ажал. Менен қалай озып кеттің?
— Мен анамын! – деп жауап берді ол.
Ажал өзінің ұзын қолын кішкене нәзік гүлге соза берген еді, алайда ана бірде-бір жапырақшасын жаншып тастамауға тырысып оны жедел қолымен жаба қойды. Сол сәт Ажал оның қолына үріп қалды. Ажалдың демі солтүстіктен соққан ызғарлы желден де суық еді, сол себепті де ананың қолы әлсіздіктен төмен түсіп кетті.
— Сенде менімен сынасатындай әл-қуат бар ма?! – деп тіл қатты Ажал.
— Дегенмен, құдай сенен күштірек! – деді ана.
— Мен тек қана оның айтқанын орындаймын ғой! – деп жауап берді Ажал. — Мен оның бағбанымын, оның гүлдері мен ағаштарын алып, оларды ұлы жұмақ бағына, беймәлім елге апарып қайта отырғызамын. Ал онда олардың қалай өсетіні, ол бақта не істелетіні жайында менің саған айтуға хақым жоқ!
— Баламды өзіме бер! — деп жалбарынды ағыл-тегіл жылаған ана. Кенеттен ол керемет екі гүлге жармасып, жан даусы шыға айқай салды: Мен неден болса да тайынбаймын, қазір сенің барлық гүлдеріңді жұлып тастаймын.
— Оларға тиіспе! — деді Ажал. Өзің бақытсызбын дейсің, ал өзге ананы да сорлатқың келетіні қалай!..
— Өзге ананы деймісің! — деп қайталады сорлы әйел және сол сәтінде-ақ гүлді уысынан босатты.
— Мә, көзіңді ала ғой! – деді Ажал. Мен оны қол бетінде жарқырап жатқан жерінен алдым, бірақ та оның сенікі екендігін білгенім жоқ. Ал да ол бұрынғысынан да жақсы көреді, мына терең құдыққа көз қиығыңды сал! Мен сенің түп-тамырымен жұлып алғың келген гүлдердің аттарын атаймын, сонда сен олардың барлық болашағын, күллі жердегі өмірін көретін боласың. Нені құртып жібергің келгеніне қарашы, кәне!
Ана құдыққа үңіле қарады: біреуінің өмір-тіршілігі әлем үшін қандай керемет жақсылық болғандығын, оның өз маңайындағыларға қаншама бақыт пен қуаныш сыйлағандығын көрудің өзі зор ғанибет қой! Екіншісінің өміріне көз жүгірткенде ананың көргені қайғы-мұң, тапшылық, дағдарыс, кедейшілік!
— Екі тағдыр екеуі де алланың еркі! — деді Ажал.
— Қайсысы бақытсыздық гүлі және қайсысы бақыт гүлі? — деп сұрады ана.
— Мен оны айта алмаймын! – деп тіл қатты Ажал. Бірақ та сен оның біреуінің тағдырынан өз перзентіңнің тағдырын, оның бүкіл болашағын көрдің.
Ананың үрейлі даусы шықты.
— Менің баламды қандай ғана ауыр тағдыр күтіп тұр? Айтшы маған! Бейкүнә сәбиді сақтап қал! Менің баламды осынау бақытсыздықтың бәрінен құтқар! Оны алғаның жақсы! Оны жаратушының жаннат патшалығына ала кет! Менің көз жасымды да, менің тілегімді де, менің барлық айтқаным мен істегенімді де ұмыт!
— Мен сені түсіне алмадым! — деді Ажал. Сенің балаңды өзіңе қайтарғанымды қалайсың ба, жоқ әлде беймәлім елге алып кеткенімді қалайсың ба?
Ана қолын қусырып, тізерлей жығылды да, жаратқан иеге жалбарынды:
— Егер сенің әрдайымғы ізгі ниетіңе сәйкес келмейтін бірдеңе жайлы өтініш айтсам, менің сөзіме құлақ аспа! Сөзіме құлақ аспа! Сөзіме құлақ аспа!
Оның салы суға кеткендей басы төмен түсіп кетті...
Ал Ажал болса оның баласын беймәлім елге алып кетті.
Аударған Қ. Құрманғалиев
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі