Өлең, жыр, ақындар

Ұлттың тілі – ұлт болашағы

Тіл - сарқылмас қазына. Ұлт Көшбасшысы айтқандай, әр азамат өзінің ұлттық тілін, ұлттық құндылықтарын білуі тиіс. Тіл біздің болмысымыз, оның қатысуынсыз ештеңе болмайды. Жалпы қазақ халқы өзінің шешендігімен және даналығымен ерекшеленеді. Мақал-мәтелдердің мағынасына үңіліп карасаң үлкен даналықты байқайсың.

Тіл – ұлттың жаны. Ал ұлттың болашағы – оның ана тілі. Тіл халықпен бірге өмір сүріп дамиды. Әр ұлттың  басты тірегі. Елбасы Н.Ә. Назарбаев халықтың болашағы туралы тереңнен  жалғай отырып, «мемлекеттің ең басты дүниесі тек қана байлық емес, сонымен қатар ана тіліміздің болашағы» деген болатын. «Ана тілін үйрену – ұлы іс, әркім өз ана тілінде сөйлеу керек. Ең жақсы тіл – ана тілі» - дейді Сәбит Мұқанов. Ана тілін жетік білу, таза сөйлеу мәдениеттіліктің белгісі. Тіл бар жерде – ел бар.

Елбасы «Қазақстан – 2050» Стратегиясында»: «Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, алдымен өзін қамшылауы тиіс. Тағы да қайталап айтамын: Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін. Сонда ғана қазақ тілі барша қазақстандықтардың жаппай қолданыс тіліне айналады. Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан оған бей-жай қарамайық. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді «Қазақ мемлекеті» деп айтатын боламыз»-деп атап өткен болатын. Міне, бүгінде мемлекеттік тілдің мәртебесі биіктей түсті. Елбасының  БҰҰ мінберінде  қазақша сөйлеуін ана тіліміздің халықаралық мінберге көтерілуі деп бағалаймыз. Бұл біздің көптен күткен мерейлі сәтіміз.

Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын тілі болатындықтан, жүргізілетін барлық іс-қағаздармен құжаттар мемлекеттік тілде болуы тиіс. өйткені өркениетке құлаш ұратын елдің өрісі қашанда білікті де, саналы ұрпақпен кеңеймек. Әлемдегі дамыған елдердің қатарына қосылуды көздеген халықтың басты мақсаты да сауатты ұрпақ тәрбиелеу. Сауатты  ұрпақ тәрбиелеу дегеніміз, өз ана тілінде еркін сөйлей алатын, оны терең меңгерген ұрпақ. Ал ана тілін жақсы білмейінше сауатты сөйлеп, сауатты жазып, тіл байлығын мол қолданбайынша, шын мәніндегі мәдениетті адам бола алмайсың.

Тіл ата-бабамыздан бізге мұра болып келді. Осы мұраны көзіміздің қарашығындай сақтап, ақтық деміміз қалғанша қорғау парызымыз. Өзім қазақ болып туылғаныма мақтанамын. Өйткені шұрайлы қазақ тілінің сөз байлығы мені таң қалдырады. Қызықтырады. Бізде нағыз ұлтжанды патриоттар көбейсе, қазақ тілінің болашағы жарқын бола түсері анық. Жерлесіміз Бауыржан Момышұлы Сталиннің қылышынан қан тамып тұрған заманда, қазақ тілінің жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, оның болашағына қатты алаңдаған болатын. қазақ тілінің мәртебесін көтеру туралы билікке де қасқайып хат та жазған-ды. Бүгінде сондай ұлт жанды ағаларымыз көп болса шіркін. Билік басындағылар баяғыда ақ қазақша сайрап кеткен болар еді.

Мұқағали Мақатаев атамыз үш бақыттың біріне бағалаған қасиетті қазақ тілінің бүгінде қоғамда дәрежесі орта деңгейде. Әр ұлттың  болашағы оның ана тілінде.  Тіл жоғалса ұлттың да болашағы бұлыңғыр болып жоғалып кетуі сөзсіз. Тіл қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Ана тілі әрбір адамға ана сүтімен бірге дариды. Ұлтымыздың рухани қөсемі Ахмет Байтұрсынұлы «сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген екен. Сол сөзді санасына құйып, жүрегімен ұғынып өскен әрбір қазақ баласы  тілін ұмытпайды деген ойдамын.

«Ана тілі – ең басты байлығымыз. Ана тілі – халық болып жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп - өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі,- деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай әрбір жастың жүрегі елін, жерін сүйсе деймін. Тіл тағдыры – ел тағдыры екенін еш уақытта ұмытпайық. Әрбір адам өз ана тілін білуі және мемлекеттік тілін меңгеруге міндетті.

Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Тіл мәртебесі – ел мерейі. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз керек.

Сөзімнің соңын Елбасының ана тілі туралы айтқан мынадай көрікті ойымен аяқтағым келеді: «Дауға салса - алмастай қиған, сезімге салса - қырандай қалқыған, ойға салса - қорғасындай балқыған  өмірдің кез-келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі, байырғы, жас,  отты да ойнақы Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде не бар екен?!». Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі ұйтқы болған – оның ғажайып тілі екенін ұмытпайық.


Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз