Өлең, жыр, ақындар

Ары-бері жол

Бәріне кінәлі апасы. Көкбайдың қалаға баратынын ести салысымен, Бөкенді соның машинасына отырғызып жіберем деп қолды-аяққа тұрғызды ма: дайын машинамен барасың да, керек қағаз-кітаптарыңды сатып ала сап, бүгін кешке дейін сол машинамен үйге қайтып келесің деп қояр да, қоймады ғой.

Бұлардың аулынан қалаға автобус күн ара қатынайтын. Бөкеннің ойы: ертеңгі автобуспен барып, қалаға бір күн қонып, кітап дүкендерін асықпай жүріп аралап, жетінші кластың барлық оқу-құралдарын, сурет салатын ақ табақ қағаздар мен жылтыр блокноттар, майлы бояулардың түр-түрлерін іздестіріп ауылға бүрсігүнгі автобуспен қайту болатын. Бірақ ондайға апасы көнуші ме еді, мұның өз бетіммен барамын дегенін естіген сәтте-ақ баж ете қалды ғой.

— Ойбу, көкшешегім-ай, енді не дерсің бұған. Әй, сонда мен сені қалаға жалғыз өзіңді қайтып қана жібереді деп ойлайсың, ей, а?! Онда кімнің үйіне барып қонбақсың, ей, а?! — деген.

— Қонақ үйі бар ғой.

— Ойбай, енді қайтейін! Бетім-ай, енді не дейін-ай, бұған а! Қонақ үйі дей ме, ей, мынау! О, көкшешек! Жүлік болайын деген ғой, мынау! Әлден конақ үйшілін, мұның. Осы тұрған жеріңде жерге қағайын ба, а! О, желкең қиылғыр! — деп кешені басына көтере ойбайлап кеп, бойы өзімен теңесіп зіңгіттей боп тұрған Бөкенді желкесінен түйіп қалған.

Апасының мінезі осы, қайтерсің. Қызарақтаған Бөкен:

— Қойшы енді, ойбайламай, барамын ғой, жарайды,— деді күңкілдеп. Көзінің астымен төңірекке қарап еді, көрім болғанда көшеде ешкім жоқ екен, мұндайда ол өзімен бірге оқитын қыздар мен ұлдардан қатты қысылатын. Әсіресе көрші үйдің қызы Гуля көрсе бірінші боп мазақтайды ғой. Айтпақшы, анау бір күні геометриям жоқ деп тұр еді өзі, тағы қандай кітаптары жоғын анықтап сұрай кетсе ме екен?! Бірақ апасының көзінше қалай барады. «Көкшешек, өзіңді жарылқап ал, әуелі» деп тыйып тастауы мүмкін.

Бұл көнген соң апасының да бұрқ-сарқы біртіндеп саябырлап басылып сабасына түсіп, енді ақыл айта сөйлеген.

— Е, сөйдесеңші, бағанадан. Өстіп айтқанға көнген баладан айналмайсың ба. О, құлыным, кәне, жуыншы.

Өзі баласының қолынан ұстап жүріп су құйып, беті-қолын жуындырды, таза киімдерін: шолақ жең ақ жейде, қара шалбарын кигізді, бұйраланып тұратын шашын сулап-сулап бір шекесіне қарай жатқыза тарады.

— Қызға ұқсап желке шашыңды сонша үрпитіп өсіргенің-ай, ә,— деп қойды. Бірақ бұл жолы шашына ұрысқан жоқ. Қарның ашады деп бір тостаған айран ішкізді. Сонан соң жетектеген бойда Көкбайдың үйіне қарай жүрді.

Көкбай есігінің алдында, машинасының капотын ашып қойып, тоңқаңдап моторын шұқылап жатыр екен. Қалаға баратын болған соң кәдімгідей бір қабат таза киімдерін киіп апты. Еңкейген кезде ақ көйлегінің ышқыры белінен шығып түріліп, бүйірі жылт-жылт етеді.

Бөкен мен апасы келген кезде басын көтеріп көзін аларта бір қарады да, жақтырмағанын білдіріп тісінің арасынан сыздықтата шырт дегізіп түкіріп қойды.

— Автобуспен-ақ бармай ма,— деп күңк ете қалған.

— Жә, жә, бос бара жатқан машинаңның доңғалағын аяйсың ба? Сөйлеме әрі, әдіре қалғыр! — деп Бөкеннің апасы оған да дүрсе қоя берді.

Көкбай — Бөкеннің апасымен бірге туысқан кісінің баласы, сондықтан Бөкеннің апасы шындап ашуланса, бұл Көкбайдың шаңын қағады аспанға. Қазір де немере інісі бірдеңе деп қиқаңдамақ болып еді, Бөкеннің апасы тас-талқан боп, шат-шәлегін шығарды.

— Өй, жақсылығы басынан аспайтын қу!.. Біздің көзіміз тіріде бүйтесіңдер, біз өлсек қой, біріңе-бірің қара су бермейтін көктемегірлер боласыңдар ғой мына түрлеріңмен. Тіліңді жұлып алайын ба, осы, ей, а?! — деп жерде жатқан көк қурайды ала ұмтылған.

Капотқа еңкейіп тұрамын деп қаны бетіне шапқан шикіл сары Көкбай әпкесінің мына түрінен қатты сасқалақтап қалды.

— Ойбай, әпкетай, апарам дедім ғой. Апарам. Бөкенді апармағанда әлдеқашан сүйегі қурап қалған әкемді көрден тұрғызып апарады деп пе ең. Болды енді, болды,— деп жерге секіріп түсіп машинасын айналып қашты. Егер қашпаса әпкесінің көк қураймен салып жіберетіні белгілі. Көкшіл көзі жыртиып лажсыз күле берді.— Кел, Бөкен-ей, отыршы бол машинаға. Әйтпесе мына долы шешең басымды жарып жүрер былтырғыдай.

— Жармағанда ше, онысы несі, ей,— деп жуаси бастаған апасы көйлегінің қалтасынан (иә, иә, Бөкеннің апасы көйлегіне де қалта тігіп алатын) үш бес сомдықты алып Бөкеннің қолына ұстатты.

— Кітабыңа да, қағазыңа да осы жетеді. Бір сомына түсте тамақ іш. Қарның ашып қалмасын,— деді тәптіштеп.

— Әпке, төрт-бес сомды артығырақ бер,— деп Көкбай әзілдеп иегін қасыған.

— Сандалма әрі,— деп апасы оның қылжақ сөзін тыйып тастады.— Апарғаныңа ақы алайын деп пе ең...

— Әй, осы сенің шешеңнің ашуы жаман-ау, ә,— деп Көкбай басын шайқады да, маңдай тұстағы айнаны өзіне қарай бұрып, мойнын созып, соған қарады.— Қап, сақалды да ала алмадым,— деп әр жерден бір талшық боп өскен көсе иегін ысқылады. Онан соң басындағы май-май береткісін жұлып тастап, әбден ұйысқан, жастықтың мамығы жабысқан жирен шашын барбиған жуан саусақтарымен тарағыштап қойды.

— Тарағың бар ма?

Бөкен тарағын берген. Көкбай енді жұлғыштай отырып шашын тарады да, айнаға қайыра үңіліп қойып, саусағымен көзінің алдын сүртті.

— Енді, міне, қатып кеттік! — деді мамық пен шаш тұтылған Бөкеннің тарағын сүртпестен қайырып беріп.— Тарақ салып жүресің, өзің молодес екенсің,— деді.

Жүріп кетті. Көкбайдың машинаны қалай айдайтыны белгілі ғой. Ә дегеннен-ақ жын қуғандай құйғытып ала жөнелді, арықты арық, шұңқырды шұңқыр демейді. Көшеде жүрген тауықтар аяқ асты бықпырт тигендей қытқыттап шулап дөңгелектің дәл астынан жан-жаққа шашыраған балшықтарша пыр-пырлап ұшып жатыр. Көкбайдың машинасын анандайдан көрген жол шетіндегі ұсақ балалар да ойындарын дереу тоқтатып мұның өтіп кетуін күтіп іркіліп тұр. Мына қызықты қара, көшеден күніне ондаған машина өткенде мыңқ етіп бас көтермейтін дарақы иттерге дейін Көкбайдың машинасына шабалана үріп шығып, біраз жерге далбақтап жарысып барып қалып жатыр. Ауылдан шыға берістегі шеткі үйдің көлеңкесінен қолдарында сөмкелері бар екі-үш адам анадайдан жүгіре шығып қол көтерген. Көкбай оларға пысқырып та қараған жоқ, тұстарынан зулатып өте шықты.

— Ала кетпейміз бе? — деген Бөкен.

— Әй, қойшы соларды,— деп Көкбай тыржың ете қалды.— Базарға кісі тасу менің міндетім емес қой, автобуспен барсын.

Машина ауылдан шығып тастақ жолға түскен. Жүз метрдей жүрді ме, жүрмеді ме, алақ-жұлақ етіп отырған Көкбай кенет тормозды басып қалды. Бөкен алға қарай етпеттей лықсып түсіп мұрнын бұзып ала жаздады. Анадай жерде жолдың шетіндегі бір түп ит мұрынның тасасында көлеңкелеп отырған әйел адам қапшық-дорбасын көтеріп, қалың шөптің арасымен бері қарай шыға бастаған. Күннің ыстығына қарамастан басына қызыл ала орамал тартып, үстіне қызыл жемпір киіп апты. Бөкен оны машинаға таяғанда таныды, мына ауылдан екі шақырымдай жердегі сиыр қорада тұратын бақташы Мәшеннің әйелі Күлшара екен. Күн қақтаған қара торы жүзді әдемі келіншек, сәл қылилана қарайтын қой көздері күлімдеп тұратын, өзі сонысымен сүйкімді еді. Бөкенді көріп тіксініп қалды. Қыли көздері күлкісінен тыйылып:

— Ибай, сиямыз ба?!..— деді аңтарыла қарап.

Көкбай Бөкеннің көзін ала бере оған бірдеңе деп ымдағандай болды да тамағын кенеп:

— Сиямыз, отыр. Қалаға дейін тоқтататын милиция жоқ қой,— деді.

Сонан соң бұрынғысынан да әрмен құйғытып ала жөнелді. Күлшара жемпірінің түймелерін ағытып, басындағы орамалын шешті. Кабина ішіне әдемі бір әтірдің исі тарады.

— Фу, ыстықтап кеттім ғой,— деп орамалымен бетін желпіп қойды.— Артық доңғалақ алып шығыпсың ғой,— деді онан соң.

— Е, қазақтың қазақшылығы қалушы ма еді. Бір жаққа барамын десең бірдеңесін қыстырып жіберетін әдеті емес пе, қашаннан,— деп Көкбай қабағын кіржитті.

Оның қабағын қалай кіржиткенін Бөкен алдағы кішкене айнадан көрген. Әңгіменің өзі жайлы екенін Бөкен түсініп қалмады ма екен дегендей қуыстанған Көкбай енді дереу артқы терезеден кузовқа жалт етіп бір қараған болды да:

— Зияны жоқ ол доңғалақтың, жата берсін,— деді.— Бір ретін табамыз ғой,— деп және қойды.

Әрине, түк ұқпайтындай Бөкен сонша бір жетесіз ақымақ бала емес, әңгіменің өзі турасында екенін бірден ұққан беті сәл ду ете түсті.

— Оныңның аузы қалай еді, өзі? Берік пе? Ішінде жел тұрушы ма еді! — деді Күлшара.

— Тұрады ғой. Желімдеп тастаймын ғой. Солай емес пе, Бөкен? — деп Көкбай бұған көз қиығын тастап жымыңдай күлді.

Бөкен үндеген жоқ. Беті дуылдап міз бақпаған күйі ештемені естімеген адамша ұртын томпайтып отыра берді. Осы Көкбайдың машинасына отырғаны үшін өзіне-өзі ыза боп келеді, осы Көкбайдың машинасына әкеп телігені үшін апасына ренжіді: «Ел сияқты автобуспен-ақ барып қайтатын едім ғой, жоқ жалғыз барсам мені бір қасқыр жеп қоятындай «дайын машина, дайын машина» деп қолды-аяққа тұрғызды ма», деп ойлады.

Қырат-қырат боп созылып жатқан кең дала, жол бірде ырғып дөңге көтеріледі, бірде сорғалап ағып аяңға түседі, бірде бой сергітер қоңыр салқын самал ессе, артынша күнсіген ыстық аптап соғады, даланың сәскелік ауасы аумалы-төкпелі сияқты. Жолдың екі жағы да белуардан келер саржағал тартқан қалың жусан, сарша тамыздың шыжғырған ыстығына әбден пісіп, самалға бастарын изектетіп былқып тұр.

— Түнде қалай жеттің? — деп сұрады Күлшара.— Фарыңды со күйі жақпай келдің бе?

— Жаққам жоқ.

— Егер шұқанақ бірдеңеге түсіп кетсең қайтер ең?

— Түспеймін ғой. Осы күні ол екі араға көзімді байлап жіберсең, машинаны бүлк еткізбей айдайтын боп алдым,— деді Көкбай мақтана күліп.— Маубасың ештеңені сезген жоқ па?

— Келсем ойында түк жоқ, байғұсың, пырылдап ұйықтап жатыр балалардың қасында.

— Айтарыңды айтсаң да мен сені бүгін шыға алмайды ғой деп ойлап ем.

— Неге?

— Байың жібермей қоя ма деп.

— Е, со да сөз бе екен. Шыдаса да сол, шыдамаса да сол. Жас өмірімді қор қылып соның бетіне қарап өтпекпін бе?

Машина су орған ойдымнан ырғып өткен, Күлшара мен Бөкен бір-бірімен иық соғысып шоршып-шоршып түсті.

— Ақырын айдасаңшы, миымызды аузымызға түсіре жаздадың ғой,— деді Күлшара еркелей шытынап.

Көкбай машина жүрісін сәл баяулатты.

— Бай таппағандай соған қайдан тап боп жүрсің?

— Қалай дерің бар ма. Бұйрық солай болды ғой,— деді Күлшара күрсініп. Онан соң қызара тершіген жүзін Көкбайға бұрып езу тартты: — Сен әскерге кеттің емес пе.

— Күтуіңе болатын еді ғой. Әлде екі жылға шыдай алмадың ба? — деп Көкбай сөз соңын әзілге бұрған.

— Рас, шыдай алмадым,— деп Күлшара саңқылдай күлді. Кенет Бөкенді жаңа көргендей тілін тістеп ап, бетін шымшылап теріс қарап кетті.

— Ойбу, бетім-ай, мына баланың көзінше аузымызға келгенді оттап отырмыз ғой. Ұят-ай! Сен көктүйнек те осы, не боса соны сөйлейсің,— деп Көкбайды жазғыра бастады.

— Жә, ол бала да енді бір-екі жылда жалақтап шыға келер әлі. Естіп үйрене берсін. Солай емес пе, Бөкен?

Бөкен бет-жүзі мүлдем өрт шалғандай боп лапылдап қызарып, қаны сыртқа теуіп, алға қараған күйі мелшиген де қалған. Қатты ұялды. Өмірінде бүйтіп ұялмаған шығар. Терлеп кетті. Түу, ұят-ай! Бұл Көкбайда еш пәтуа жоқ-ау.

Бұл кезде бұлар ауылдан ұзап шығып Жарбұлақтың тұсына жеткен. Жарбұлақ жолдан сәл қиғаштау, терең жыраның табанындағы тастақ қияны жарып шығып, бүлкілдеп қайнап жататын мөлдір сулы бұлақ. Көкбай машинасын тоқтатты да жерге түсіп, айнала доңғалақтарын теуіп көріп, тексерген болып, онан соң капотын көтерді, моторды шұқылады.

— Әй, Бөкен, су алып келші,— деді.

Бөкен балоннан жасаған резеңкі дорбаны алып, жыраны құлдилай жағалап бұлаққа кетті. Жалғыз аяқ ескі сүрлеуге түсіп қалың бұта, боргездің ара-арасымен жүрген, үсті-басын тікен жұлмалап, әлгінде ғана киіп шыққан таза киімдерінің біраз үрпе-сүрпесін шығарды. Жарбұлақ көптен адам із салмағандықтан көзін шөп-шалам басып бітеліп, суы тартылып қапты. Сүйір тас тауып алып, бұлақтың біраз көзін ашқан болды, онан баллон дорбаны ұзақ отырып әзер толтырды.

Бөкен қайтып оралғанда, бұлардың машинасының қасында тағы бір машина тұр екен. Осы ауылдың машинасы, шофері Әбілтай деген тәштек қара жігіт, таңқылдап салдыр-гүлдір сөйлеп жүр.

— Әй, Бөкен, тез бассаңшы аяғыңды! — деп қояды дәл бір Бөкен суды соның машинасына әкеле жатқандай-ақ.

Өрге қарай тез жүрем деп біраз алқынып қалған Бөкен су толы дорбаны Көкбайға әкеп ұстатқан. Ол керенау қимылдап барып радиаторына сылқылдата біраз су құйған болды, бірақ Бөкеннің байқағаны: радиаторда су онсыз да толы екен, сондықтан құйған суы лақылдап жерге төгіліп тұрды.

— Әй, Әбілтай, мә саған да жетерлік су қалды,— деп әлден соң со күйі су толы дорбаны Әбілтайға ұсынды.

Бөкеннің әбден ызасы келді. Көкбайдың мына қылығы оған мазақ сияқты боп көрінді. Сонда мұны суға неменесін жұмсаған. Күлшара кабинадан түсіп мұны өз орнына ортаға жібермек болған, Бөкен:

— Жоқ, мен шеттен отырам,— деп дүңк ете қалды.

Сөйтті де өзі шеттен отырып, Көкбайға деген ызасын машинадан алғысы келгендей кабина есігін бар пәрменімен сарт еткізіп қатты жапты.

— Ақырын, ей! — деді капотты жапқан Көкбай көзін алартып.

Тағы жүріп кетті. Әбілтай соңдарына біраз жер ілесе жүріп келді де, құмға баратын жол айырығына жеткенде қоштасу белгісі ретінде сигналын беріп бұрылып кетті. Көкбай да сигналын басып, қолын көтеріп қоштасты.

— Қайдан сап ете түсті, өзі? — деді Күлшара.

— Тіптен білмеймін. Әлгінде біз ауылдан шыққанда, ойында түк жоқ, гаражда тұрған. Қарасы өшті ме, өзі, иттің,— деп Көкбай машинасын ілбіте жүргізді де кабинадан басын шығарып, Әбілтай кеткен жаққа қарады. Онан соң жылдамдық рычагін бірнеше қабат алмастырып тыр-тыр еткізген, машина жүрісі секек-секек боп кетті.

— Өй, мынаған не боп қалды! — деп дереу жолдан шығарып, анадай жерге бұрып әкетті. Машинаны тоқтатты. Айнаға қарап бет-аузын алақанымен ыспалап қойды да, шылым тұтатты, жымия күліп Күлшараға қарады.

— Иә,— деді астарлы мағынамен.

— Ен теймізіс? — деп Күлшара сөздерді теріс айналдырып сөйлеп қақпақылға көшкен.

— Меймінбіл,— деп күлді Көкбай.— Қой түселік. Мен машинаның моторын тағы бір тексеріп алайын.

Үшеуі де жерге түсті. Көкбай тағы да моторды шұқылауға кірісті. Күлшара Көкбайдың күртесін ала шығып көгалдау жерге барып соны төсеніп отырды. Бөкен болса ұзын жусандарды түбінен сындырып жинап өзінше ермек ете бастаған.

— Ойбу, он екінші кілтім жоқ қой,— деді кенет Көкбай санын бір соғып.— Қап әттеген-ай, жаңағы жерде түсіп қалған ғой. Қап! Енді қайттім! Әй, Бөкен алыс ұзағамыз жоқ қой, мына төбенің асты ғана. Жаңағы жерге барып қарап келе қойшы.

Бөкен тілалғыш әдетімен шынымен бармақ боп кейін қарай жүре түсті де, кенет ойына әлгіндегі Көкбайдың суға жұмсаған қылығы түсіп іркіліп қалды.

— Барсаң өзің бар, әйтпесе сенің ешқандай да кілтің түскен жоқ,— деді төбеден ұрғандай.

— Ей, мен саған үлкен басыммен адам сияқты айтып тұрмын ғой.

— Бармаймын.

— Әкем-ай, мынау бір тілазар бала ғой,— деп Күлшара ернін сылп дегізді. Көкбай екеуі аңтарылған кейіппен бір-біріне қарады.

— Онда сен барып келші, Күлшара,— деді Көкбай ақыры.

— Барайын, тұрамыз ба енді осы айдалада сен бар да, мен бар деп керілдесіп.

Күлшара орнынан тұрып кетуге ыңғайланды.

— Лесіңке бе? — деді тағы да қақпақылдап.

— Лемке тыңнанар,— деді Көкбай.

Бөкен мына екеуінің мына қылығынан тіптен өртенердей боп күйіп кетті, бойын бунаған қорлық-ызадан жарылардай халде тұр.

Күлшара буын-буындарын сәнмен сытырлатып, майпаңдай басып біресе белін ұстап, біресе орамал шытын қайта тартып мойнын екі жағына кезек-кезек кербездене қисайтып төбені асып кетті. Көкбай ары-бері сипақтап машинаны айналып жүрді де қойды, әлден уақытта шыдамы таусылғандай:

— Әй, әлгі қатын таба алар ма екен соны. Қой, өзім бармасам болмас,— деп кейін бұрылып жолға түсті.

Бөкен оның соңынан ілескен.

— Сен қайда барасың?

— Кілт іздеуге мен де барам.

— Әлгінде бармай қойып ең ғой.

Бөкен үндеген жоқ, ілесіп жүре түст|.

— Әй, сен анау машинаны қара. Әрі-бері өткендер бірдеңесін қағып кетіп жүрмесін.

Сөйдеді де Көкбай жеделдете жүрген.

Бөкен де жүрісін тездетті.

— Әй, қал деймін.

— Қалмаймын.

— Тфу! Мынау бір ақымақ қой! — деп Көкбай енді күйіп-пісті.

Өстіп екеуі қажақтасқан бойда дөң үстіне шыққан. Күлшара анадай жерде сәл ояңдау тасада бері қарап тұр екен. Әлгіндегі машина тоқтаған Жарбұлақтың тұсы сонау алыста қалыпты.

— Кілті құрысын, жүр енді, жолдан қалмайық! — деді Көкбай дауыстап. Онан соң Бөкенге көкшіл көзі шелдене қызарып төніп келді де: — Желкеңді қияйын ба, осы,— деді сыбырлай кіжініп.

Бөкен де міз бақпастан одан көзін тайдырған жоқ, «қиып көрші» дегендей қайсарланып тұрып алды.

Машинаның сынған түгі де жоқ екен, бұрынғысынша заулап жүріп кетті.

Енді үшеуі де үнсіз еді. Көкбай болса ашулы, Күлшараның да қабағы салыңқы, Бөкенге көзінің астымен ғана қарап қояды, тісі ауырған адамдай кіржие шытынады, ал Бөкен болса ширығып алған, ызақорланып келеді.

Сәлден кейін ойқы-шойқы тас жолдан шығып, аудан-аралық үлкен жолға кеп түскен, айнадай жалтыраған асфальт үстімен машина сырғи жөнелді, әлгіндегі тарс-тұрс селкіл майда жұмсақ дірілге ауысты.

Үлкен жолдың үсті ағылған машина екен. Көбісі астық тиеген үлкен ЗИЛ-дер, соңдарында тіркемелері бар, қарсы келе жатқандарында жолға сыймайтындай, тапап кететіндей боп көрінеді де қастарынан зу-зу етіп дауылды екпіндерімен аударып кетердей боп өте шығады.

— Осындай машинаның су жаңасын бір жыл айдар ма едім, шіркін! — деді Көкбай кенет.

— Е, біздің ауылда бар емес пе, мұндай машиналар,— деген Күлшара.

— Бар ғой, бірақ әлгі бастықтың мен дегенде ит жыны ұстап қалады емес пе. Талай рет сұрап бардым алдына, бір жыл айдайыншы деп, бермейді. Соған ерегескенде, мына, аудандағы автоколоннаға кетіп қалайын деп те талай ойлағам, апам көнбеді ғой: «Ел-жұрттан безіп қайда бармақпыз»,— деп қия бастырмайды.

— Е, қойшы, сен де... апаңдікі дұрыс. Бастыққа ерегесем деп, расында да ауылдан кетпексің бе?

— Келіп тұрам ғой,— деді Көкбай бұған көз қиығымен күлімсірей қарап.

— Қойшы, сонда да.

Көкбай қарқылдап күліп жіберді.

— Жай айтам. Кетпеймін ғой,— деді онан соң. Оң қолымен Күлшараны құшақтап, сәл арқасынан қаққан.

— Жә, мына, Бөкеннен ұялсаңшы,— деді Күлшара аяқ асты тәлімси қап.

Өй, қойшы соны,— деді Көкбай реніші мен ызасын жа- сыра алмай.

«Қойсаң қой»,— деп іштей тістескен Бөкен де басын сыртқа бұрып томсырайып отырып алды. Алыста мұнарға батып тау сілемдері көрінеді. Жердің шеті сол тау сілемдерімен шектелетін сияқты, аспан күмбезі де сол таулардың сыртын орап көмкеріліп тұрғандай Әсер етеді. Егер географиядан оқымаған болса Бөкен де қазір ертедегі адамдарға ұқсап: «Мынау жалпақ жазық жердің бір шеті сонау тау сілемдерімен барып шектелетін болар» деп ойлар еді. Өйткені осылай жай қарағандағы алар әсері солай ғой. Сондықтан географияны білмеген бұрынғы адамдарды әсте кінәлауға болмайды. «Әй, осы біздің Көкбай да географияны білмейді-ау»...

— Осы мен асфальт жолда жүре алмаймын, ұйқым келеді,— деді әлден уақытта Көкбай есінеп.

«Саған салса со ауылдың көшесін шулатып, ой-шұқырын түгендеп жүру ғой,— деп қойды Бөкен оған іштей қитыға.— Тағы да өзі ауданға автоколоннаға кетейін деп едім дейді. Сендейді автоколонна қайтпек».

Ыстық жел қарсы алдарынан жалынша шарпып тұр.

Үшеуі де пысынап, тершіп мазалары кетіп маужырай бастады. Күлшара әтір иісі аңқыған орамалымен дамыл-дамыл желпіне берген, әуелде танауын қытықтап сүйкімді көрінген иіс қазір Бөкеннің ит жынына тиіп келеді. Жақтырмағанын сездіріп шолақ танауын тыржитып қойды. «Осындай әйелдің жағынған әтірі қайбір таза дейсің. Апам айтатындай ұшынып ауырып қалмасам жарар еді».

— Қазақ деген осы енді,— деді Көкбай үзілген бір әңгімесін жалғағандай.

— Бәрі сол,— деді Күлшара да оны қостап.

«Пах, шіркін, екеуің оңып тұрсың».

Алыстан көк-жасылға оранған қала да көрінді. Қалың ағаш арасынан әр-әр жерден қабатты биік үйлері ағараңдайды.

— Мына Көкталға суға түсіп, жуынып-шайынып, салқындап алайық,— деді кенет Көкбай. Сөйтті де өзі машинасын жолдан шығарып, алдағы биік көпірдің жоғарғы жағына қарай бұрды. Қалың өскен шілік талдың арасынан өтіп иіріле аққан көк айдын өзеннің жағасына кеп тоқтады. Өзі бірінші боп жерге секіріп түсіп керіліп-созылып, қол-аяғын сермеп жаттығулар жасап, өзеннің тереңдеу-ау деген тұсына барып құмдауыт қабақтың үстіне шешіне бастады.

— Әй, Бөкен, екеуміз мына жерге шомылайық, бері кел,— деді көңілдене дауыстап.

Күлшара үн-түнсіз бұлардан бөлектеніп, қалыңдау өскен шіліктің арасына қарай кетті.

Көкбайдың қасына кеп, Бөкен де шешінді. Онан соң екеуі қатар тұра қап, мөп-мөлдір боп тынық ағып жатқан суға күмп-күмп берді. Мұздай суға екі-үш реттен сүңгіп алғаннан кейін екеуі де денелері құс еттеніп дірдектеп жағаға шықты да, құмдауыт жерге қатарласып жата кетті.

— Рахат, ә?! — деді тісінің арасынан шырт еткізіп түкіріп қойған Көкбай.

Бөкен басын изеді.

— Қозғалмай жат, қазір тез жылынасың,— деп Көкбай ыстық құмды қос қолдап көсіп-көсіп алды да Бөкеннің арқасына үйді. Суық судан кейін денесін ыстық құм түйіршіктері қарыған Бөкен сықылықтап күліп жіберді.

— Жақсы ма, екен?!

— Иә. Қытықты келтіреді. Кел, енді мен сенің арқаңа үйейін.

Енді Көкбай етпетінен жатты да, Бөкен оның арқасына құм үйе бастады.

— Ой, өй, күйгізіп кетті... Ой... ыстығын-ай,— деп Көкбай шыдамсызданып ыршып-ыршып түскен. Бөкен ішегі түйілердей күлкіге батты да қалды.

Өстіп екеуі әлгіндегі араздықтарын ұмытып біраз уақыт ойынға кіріскен.

— Арғы жағаға жүзіп өте аласың ба? — деген Бөкен.

— Бұл өзенің маған сөз емес,— деді Көкбай үстінің құмын қаққылай тұрып.— Әскерде мен кәдімгі атақты Дон өзенінен де жүзіп өткем. Ені бір төрт жүз метрдей болады-ау деймін.

— Соқ өтірікті.

— Рас айтам. Сенбесең мына Көкталды дем алмастан он шақты рет жүзіп өтіп көрсетейін.

— Көрсет.

Көкбай іркілген жоқ, суға секіріп кеп қойып кетті де, арғы жағаға қарай сып-сып етіп малти жөнелді. Басын қақайтып суда жүзетін жылан сияқты кеудесі судың бетінде барады, арғы жағаға жете бере жалт бұрылып кейін қарай қайтты. Адам қызығардай сән, жеп-жеңіл малтиды екен. Бөкен оған қызыға да сүйсіне қарап қапты. Бергі жағаға жеткен соң Көкбай судан шықты.

— Түу, суығын-ай! Таудың суы емес пе, сүйегімнен өтіп кетті ғой,— деді дірдектеп.— Донның суы жып-жылы ғой, оның үстіне ағысы да мұндай қатты емес.

— Жақсы малтиды екенсің, сенемін,— деді Бөкен.

Көкбай құм үстіне аунап кетті де, Бөкен оны жылытпақ боп үстіне құм үюге кірісті.

— Брр-р!..— деп қояды Көкбай. Сәл жатты да, қайтадан ұшып тұрып әлгіндегі Күлшара кеткен қалың шілік арасына қарай жүгіре жөнелді.

— Пай, пай, шешінгенде қандай әдемісің, ей! Аппақ екенсің-ау! — деп таңдана дауыстағаны естілген.

Күлшара шыңғырып жіберді, артынша күмп етіп суға түскені естілді.

— Ұятсыз, онысы несі, суға түсіп жатқан әйелдің қасына келмегін,— деді онан соң ашулы үнмен.

— Уай, менен ұяласың ба?

— Е, ұялмағанда ше? Немене мені ұяты жоқ деп пе ең?! О несі, ей! Кет, кәне! Тоңып бара жатырмын, судан шығам. Кет, деймін!..

Көкбай шілік арасынан сөлбірейе шығып Бөкеннің қасына кеп отырды. Енді екеуі де үн-түнсіз күнге біраз қақталды да, онан соң жуынып-шайынып киінуге кірісті.

Қалаға бұлар келгенде күн түске таяп қалған. Кіре беріс көшедегі автобустың алғашқы аялдамасында Көкбай машинасын тоқтатып Күлшара мен Бөкенді түсіріп қалдырды да, өзі қаланың басқа шетіндегі мотор жөндеу заводына кетті. Сағат үште базардың алдында кездеспек боп келісті. Енді Күлшара аяқ асты Бөкенді іш тартып «Бөкентай, Бөкентай» деп мүләйімси қалған.

— Бөкентай, сен қаланы жақсы білесің ғой, мені қасыңнан тастамашы,— деген жалына сөйлеп.— Әйтпесе мен адасып кетем.

Бөкен үндеген жоқ. «Басқаға Бөкентай болсам да дәл саған Бөкентай емеспін», деді іштей қитығып. Көп күттірген жоқ, автобус тез келді. Күлшара Бөкеннің етегінен ұстағандай жармасып бірге отырған.

— Бөкентай, ең әуелі, әлгі алтын сақина сатылатын дүкенге барайықшы,— деді самбырлай сөйлеп.

Автобус ішіндегілер енді тегіс бұрылып бұл екеуіне қарай қалған. Кейбіреулері жымыңдай күліп бастарын шайқайды, Күлшараның сөзіне таңданғандары ма, әлде үстіндегі олпы-солпы киімін ерсі көргендері ме — белгісіз. Автобустың арт жағында тұрған Бөкен құралпылас сүп-сүйкімді екі қыз жыртаң-жыртаң ал күлсін келіп, кезек-кезек Күлшараға қарап алады да, бірін-бірі түртпектеп кеп күледі. Бөкен жерге кірердей боп қысылып, намыстанып тұр. Күлшарадан қалай құтылудың амалын іздеді. Автобус үшінші аялдамада тоқтап, енді қозғала берген кезде атып сыртқа шығып, түсіп қалды. «Ух, құтылдым ба, әйтеуір» Енді келесі басқа автобусқа мініп кітап дүкеніне баруым керек деп түйген. Осы сәт әлгі жүріп кеткен автобус анадай жерге барып шиқ етіп тоқтай қалды да, артқы есігі ашылды. Күлшара шықты қапшық, дорбасын көтеріп.

— Әй, Бөкентай, мені тастап кетпегің не?! — деді дауыстап.

«Ой, масқара-ай» Бөкен ұяттан өртеніп кете жаздады. Автобустың артқы терезесінен әлгі екі қыздың әйнекке жабыса қап жыртақтаған түрлері көрініп барады. «Түу...»

— Бөкентай, базарға келдік пе, біз? — деген Күлшара қаннен-қаперсіз қасына таяп.

— Жоқ,— деді теріс айналған Бөкен.— Мен базарға бармаймын, кітап дүкеніне барам.

— А. Қап, онда мен бекер түсіп қалдым ғой жаңағы автобустан,— деп өкінді Күлшара.

«Бөкентай дейді ғой тағы да»,— деді ыза болған Бөкен.

Тағы бір автобус кеп тоқтаған.

— Міне, мынау базарға барады,— деді Бөкен күңк етіп.

Күлшара соған отырып кетті. Жалғыз қалған Бөкен иығынан ауыр жүк түскендей арқа-басы кеңіп жадырап қалды.

Бөкен қалада адаспайды, бұрын апасымен талай рет келіп барлық дүкендерді аралап, базар базарлап қайтып жүретін. Енді ол келесі автобусқа мініп, орталық кітап дүкенінің алдынан түсті. Оқулықтар сатылатын бөлімде біраз адам бар екен, кезекке тұрып жарты сағаттың ішінде өзіне керекті кітаптардың бірталайын сатып алды. Гуляға геометрия алды, онан соң сурет салатын майлы бояулар, жылтыр блокноттар сатып алды, тек ақ табақ қағаздар табылмады. Бір балмұздақ алып жеді, газды су ішті. Рақат! Қаланың бір жақсысы осы — ақшаң болса бәрін де сатып жеуіңе болады.

Базардың шетіндегі мата дүкеніне кірген, басы айналып кетті, көздің жауын алған неше түрлі маталар шұбатыла ілініпті. Шіркін, ақшасы көп болып, апасына бір жақсы көйлектік зат алып қайтса! Қазір қалтасында небәрі алты-ақ сом ақшасы қалды. Оған не келеді. «Бәлем, ержетіп ақша табайын, сол кезде болсын. Апама мынау матадан бір көйлек, анау матадан бір көйлек... О, әне біреуі тіпті әдемі екен, одан бір көйлек, мына жасыл гүлдіден бір көйлек... әйтеуір осындағы жақсы матаның бәрінен бір-бір көйлек сатып алармын-ау,— деп армандады.

Мата дүкенінен шығып, шаруашылық дүкеніне кірген: туу, тізіліп жатқан құлыптардың көбін-ай, неше түрлі ғой, ал анау витринадағы заттардың көбісінің неге керек екенін Бөкен білмейді екен; тек балта, тырма, аша, күректерді ғана біледі; әнеу кішкентай күректің басының сүйкімдісін қарашы, өзі арзан екен, сатып ала кетер ме еді. «Жоқ, қазір емес, қайтарда болсын».

Бұл дүкеннен шыққанда мұрнына жас сорпаның аңқыған иісі келді. Сол-ақ екен, жүрегі сазып, қарны ашып сала берді. Сорпа иісі анадай жердегі асханадан келіп тұр. Енді Бөкен ойланбастан солай қарай тартты.

Асхана іші халыққа толы екен. Тамақ беретін жерге барып кезекке тұрғаны сол еді, «Бөкентай, Бөкентай!» — деп шақырған Күлшараның даусы естілді. Алдыңғы қатарда тамақ алып тұр екен.

— Бері кел, бол тез, міне, саған да алып тұрмын,— деп қояр да қояр емес. Бұл қозғала қоймап еді, төңірегінде тұрғандар тегіс:

— Әй, бала, сені шақырып тұр ғой!

— Ұялма бар, алға өт, әпкең шақырып тұр!

— Жолдастар, мына баланы әпкесіне қарай өткізіп жіберіңдерші, өзі тым ұялшақ неме екен.

— Ауыл баласы емес пе, жасық келеді,— десіп кеу-кеулесіп, мұны еріксіз алға қарай лықсыта итеріп, Күлшараның қасына өткізіп жіберген.

— Бөкентай, сен не жейсің, кәне, сиырдың еті деген соң мен мынау қуырдағынан алып тұрмын,— деді Күлшара бұған сыбырлай сөйлеп.

— Мен де содан жейін,— деді Бөкен міңгірлеп.

Оған қоса Бөкенге капуста сорпа — ши алды, екі стаканнан шәй, тәтті тоқаштарды екеулеп көтеріп асхананың түкпір жағындағы босаған орынға барып жайғаса отырып, тамақтануға кірісті. Өзінің тамағы үшін Бөкен Күлшараға бір сом беріп еді, анау алмай қойды.

— Қойшы әрі, қаланың адамдары құсап о несі! Бір ауылдан бірге келіп отырып бірді-жарым тиын-тебенді санасқанымыз ұят емес пе,— деп сөгіп тастады тіпті.

Бөкен біріншісін де, екіншісін де терлеп-тепшіп отырып соғып жеп алды, ыстық шәйден бір-екі ұрттады да ішпей қойды.

— Қазір далаға шыққан соң газды су ішемін,— деді.

Оның есесіне қуырдақты онша сүйсініп жей алмаған Күлшара үш стакан шәйді де ысқыртты. Дәл ауылда өз үйінде отырғандай-ақ сел-сел терлеп, орамалымен маңдайын сүртіп қояды.

— Тамағынан ұшынып қалам ба деп қорқам, қанша дегенмен бұл жерде шошқаның етін де пісіреді ғой,— дейді.

Тамақтан кейін екеуі тысқа шығып, асхананың алдындағы ағаштың көлеңкесінде біраз салқындап отырды. Бөкен әйнекті будкаға барып екі стакан газды су сіміріп алды. Енді екеуінің де көңілдері хош, ары-бері өткен қала адамдарына, олардың неше түрлі киім киістеріне қарайды. Аса қысқа етекті көйлек киген әйелдер өткенде Күлшара бетін шымшылап сықылықтап кеп күледі, ал Бөкен болса ондай әйелдерге қарауға ұялып теріс бұрылып кетеді. Осылайша екеуі жарты сағаттай демалып, онан соң тағы да дүкендер аралады.

Сағат үште бұлар базардың алдына шыққан, Көкбай да уәдесінде тұрып келе қалды. Бар шаруасын тындырыпты, бұлардан не бітіргендерін сұрап жатыр. Бөкеннің кітаптарын көріп: «Молодес!» деп қойды. Күлшара да алған заттарын көрсеткен, тек тігулі дайын көйлек ала алмапты.

— Тіпті қалай аларымды білмей қойдым. Дүкеннің ішінде киіп көріңіз дейді, онда қалай шешінбекпін. Сені күттім, өзің алып берші,— деді.

— Жүр, онда мен сені арнайы әйелдер киімі сатылатын дүкенге алып барып қайтайын,— деді Көкбай.— Ал сен Бөкен, біз қайтып келгенше дүкендерді аралай тұр. Біз тура сағат бесте келеміз, осы араға.

— Мақұл.

Жалғыз қалған Бөкен асықпай жүріп базар аралады. Апасына ала баруға кепкен өріктен және мейізден сатып алды. Онан соң екі балмұздақ сатып алып, базар қақпасының алдындағы көлеңкеде тұрған орындыққа кеп отырып, бірін қасына қойып, бірін жеуге кірісті. Әуеліде асап-асап жеген, тісі сырқырап кетті, тіпті өңешіне дейін мұздай жөнелді. Дегенмен, екіншісін асықпай жеу үшін біріншісін тезірек қылғыта асыға жеуге тура келді. Ал екінші балмұздақты асықпай тілімен жалай отырып, дәмін ала тамсана жеді.

Көкбайлар айтқанындай тура сағат бесте қайтқан жоқ, бес жарымда да қайтпады, алтыға таман әзер келді. Міне, ғажап! Машинадан түскен Күлшараны Бөкен тіпті танымай қалды. Қалаша әдемі киінген сұлу келіншек ақсия күліп қарап келе жатыр.

— Бөкентай, көйлегім қалай? — деді. Өзі ұялшақтап қызарып кеткен.

— О-о, керемет екенсіз! — деді Бөкен ішегін тарта таңданып. Күлшараның алды-артына шығып сүйсіне қарап қалған.

— Жаңа киімді тазаланып киейін деп жаңа жолда моншаға түскенбіз, содан кешігіп қалдық.

Көкбай бұларға бұрылмастан шаштаразға кіріп кеткен, ол шыққанша Күлшара мен Бөкеннің күтулеріне тура келді. Бөкен барып тағы екі балмұздақ сатып әкеп, бірін Күлшараға берді. Енді екеуі орындыққа қатарласа отырып балмұздақ жей бастады.

— Бөкентай, осы Көкбай ағаң қандай жігіт өзі? — деп сұраған Күлшара.

— Қандайы қалай? — деді түсінбеген Бөкен.

— Жақсы ма, әлде жаман ба, деймін.

— Ә-ә, жиен ағам болса да шынымды айтайын, жынды ғой,— деді Бөкен ағынан жарылып.

— Қойшы, Бөкентай, жындысы несі.

— Рас айтам.

— Е, онда сен нағыз жындыны көрмеген екенсің,— деді Күлшара күрсіне сөйлеп.— Менің күйеуім Мәшеннің ішкен кезін көрсең...

— Көргем талай рет. Дүкеннің алдында тұрып ішіп ап, онан соң атын борбайлай сабап әкесі өлгендей көшені бойлай шабатын.

— Әне, шын жынды деп соны айт.

Осы мезетте шашын қидырып болып сыртқа шыққан Көкбай: «Ал кеттік!» — деген бұларды қолын сермей шақырып. Бөкеннің байқағаны ертеңгісін мамық жабысып, кірі баттасқан Көкбайдың шашы жып-жылтыр боп таралып қапты. Шашының арасынан құйқасына дейін аппақ боп көрінеді. Моншаға түскені білініп тұр.

Қаладан шыққанша Бөкен машинаның үстіне шығып отырған, онан соң қайтадан кабинаға ауысты.

Кешке қарай күннің аптабы қайтып, қарсы алдынан қоңыр салқын самал соқты. Асфальт жолмен заулаған машинаның көлеңкесі алға қарай ұзара түседі.

Қаладан үш шақырымдай шыққан соң, Көкбай асфальттан бұрылып даланың борпылдақ қара жолына түсті. Бір кездері қаладан бұлардың ауылына тура қатынайтын төте жол еді бұл. Бүгінде арба жеккен бірді-жарым жолаушылар болмаса, шаң-топырағынан қашып машинамен ешкім жүрмейтін.

— Бағанағы үлкен жолмен біздің ауылға дейін сексен шақырым, ал мына жол алпыс шақырымдай ғана,— деді Көкбай Күлшараға түсіндіргендей.— Оның үстіне бұл жол тура сендердің сиыр қораларыңның жанынан өтеді, сені жолдан түсіріп кетуге де жақсы.

— Мейлің, өзің біл. Тіпті ешқайда түсірмей алып кетсең де еркіңдемін ғой,— деді Күлшара сыңғырлай күліп.

Шаңы бұрқыраған ойқы-шойқы қара жолға түскен соң машина изектеген бүлкіл жүріске ауысқан, Көкбай да енді асфальт үстіндегі ширыққан күйінен босаңсып, қол-аяғы жазылып, арқасы кеңіп сала берді, көкшіл көзінде қуақы күлкі ойнап жылт-жылт етіп төңірекке шүйіле қарап қояды. Баранканы сол қолымен ұстап отырып оң қолын Күлшараның мықынына қарай жүгірткен, оқыстан қытығы келген болу керек Күлшара бүйіріне біз сұғып алғандай шоршып түсті: «Хи-хи-хи-хи...» деп сықылықтап кетті, онан соң: «көктүйнек, онысы несі, ұят емес пе»,— деп бұртаңдаған болды. Осы сәт жолды көлденең кесіп өткен арық кездесіп қап, Көкбай колын еріксіз тартып алып, машина жүрісін кілт баяулатқан, арттарынан ілескен қалың шаң лап етіп кеп өздерін басып қалды. Екеуі де өмірінде мұндай шаң көрмегендей «Фу-фуласып» біразға дейін өп-өтірік пысқырынып-түшкірінумен болды.

Бұлардың әлдеқандай болған мына түрлеріне Бөкеннің күлкісі келді. Енді ол бұларға қарамауға, сөздеріне мүлде құлақ түрмеуге бекініп басын кабинадан шығара отырған.

Үлп еткен желі жоқ ойлы-қырлы жусанды дала тым-тырыс, дөңес-төбелердің бірі — тақияға ұқсап домаланып, бірі — шөгерілген түйеше өркеш-өркеш болып, енді бірі — төңкерулі сүйір қайық сияқты созыла теңкиіп кейіндеп қалып жатыр. Мына қызықты қара: жолға таяу төбешіктер машинадан кейіндеп артқа қарай жылжыса одан әрідегі алысырақ төбелер машинамен жарысып алға қарай жылжитын сияқты: машина қаттырақ жүрген кезде әлгі екі аралық ілгері-кейінді үйіріле жылжып басты айналдыратындай.

Машина белден бел асады, кешкірген күннің қызғылт сәулесі соңдарынан қалмай ілесе қуады. Машина қашып келеді де, күн сәулесі қуып келеді. Алайда машина ілгері жылжыған сайын күн сәулесі қуа беруге шаршағандай кейіндей түсетін сияқты. Біртіндеп дала кейпі қара көлеңке тартып, күн сәулесі тек биік төбелердің басында ғана қалды. Жол сондай бір биік төбені белінен басып өтіп, енді еңіске бұрылған, машина төмен қарай жұлдыздай сорғалап аға жөнелді, сол кезде күннің соңғы сәулесі де ғайып болған еді. Бөкен басын ішке тартып түзеліп отырған.

— Жол ортасына келдік,— деді Көкбай. Өзі ыңылдап әндетіп қойып оң қолын со бағанағысындай Күлшараның мықынына жүгіртіп отыр екен. Күлшара болса үйренген сияқты, шоршымайды да, қымсынбайды да, Көкбайға қарай тығыла түсіп дәл бір кішкентай балаша тілін сақауландырып, шолжаңдап еркелей сөйлейді:

— Су іскім келді. Сөлдедім,— дейді.

— Қазір, қазір, сәл шыда, анау бөктерде бұлақ бар,— дейді Көкбай.

Ымырт шапағы солғындап, Көкбай мегзеген бөктер қарауытып көрінеді. Бөкенді екеуі де мүлде ұмытқан, кабина ішінде өздері ғана келе жатқандай сөйлеседі.

— Айтпақшы, кеше сенен сұрайын деп ұмытып кетіппін,— дейді Күлшара сақауланғанын қойып.— Сені жұрт әйел алады деп жүр ғой?

— Кім айтты?

— Естідім. Өзің жасырсаң да жақсы білетін біреуден естідім.

— Әй, осы жұрттың құлақтары приемник боп кеткен-ау, бір сыр жатсашы, бұ...

— Жә, оның кім, айтсаңшы?

— Өй, жәй, әншейін. Анау бір күні шай үстінде апам: «Жұмағұлдың қызына сөйлессек қайтеді» деген, мен: «мейлің» дей салғам, сол сөз шығар естігенің.

Бұл кезде бұлар әлгіндегі қарауытып көрінген бөктерге де жеткен, Көкбай жерге бірінші боп секіріп түсіп керіліп-созылып, қол-аяғын сермеп біраз бойын жазды. Күлшара да машинадан түсіп, екеуі жолдан ұзай бастаған. Бөкен соңдарынан ілесе жүрді.

— Әй, сен қайда барасың? — деді Көкбай зекіп.

— Мен де су ішем,— деген Бөкен.

— Сонан кейін ішесің, қазір анау машинаны қара,— деді Көкбай өктем дауыспен бұйыра сөйлеп.

— Қарамаймын, сендермен бірге барам.

— Ақымақ, бұл бөктерде ешқандай да су жоқ.

Бірақ Бөкен естімеген адамша соңдарынан ілесе берді. Көкбай ыза боп кейін қайырылды.

— Желкеңді үзем, қайт енді.

Бөкен тайсалмастан жүре түскен.

— Мейлі, ұялмаса жүре берсінші,— деді осы тұста Күлшара,— Жүр бері, Бөкентай, жүр...

Көкбай қасына жетіп келгенде де шегіншектеген жоқ, әлуетті қол жағынан тартып жібергенде де міз бақпай қайсарланып тұрып алды.

— Екеуің де адам емессіңдер,— деді тістеніп.

Кенет Бөкен жалт бұрылып кейін қарай жүгірді, есіне Көкбайдың машина кілтін ілулі күйі қалдырғаны түскен, өзінің жазда сиыр фермада бір рет сүт таситын машинаны от алдырып жүргізгенін және есіне алған осы сәтте. Кабинаға секіре отырып кілтті бұраған, цифрблаттар тегіс жанып, кішкентай тілдері жыбыр-жыбыр қағып қоя берді, стартерді басып от алдырып еді, машина дүр ете түсті, жарқ еткізіп фарды жақты. «Адам емес... Екеуі де адам емес» — ойы ма, әлде ызалана күбірлегені ме — өзі де білмейді. Машина қозғалып жүріп кеткен.

— Бөкен! Иттің баласы, тоқта-а! Өлтірем!

Соңынан Көкбайдың ақыра айқайлағаны естілді. Бөкен тоқтаған жоқ. «Екеуі де адам емес» ...Машина салдыр-гүлдір етіп қара жолдың жарлауыт екі жиегіне кезек соғылып, аударылып түсердей боп бұлталақтап келеді. Тоқтап қалмасын деген оймен Бөкен газды баса түскен, машина ытқақтай жөнелді, қара жол қисалаң-қисалаң боп көрінеді.

— Бөке-ен!.. Бөке-ен!.. Тоқта-а!..

Көкбайдың жандәрмен дауысы. Көлденең арық! Не істерін ойлап үлгергенше болған жоқ, машина тарс-түрс етіп секіріп-секіріп кеткен, Бөкен басының кабина төбесіне сарт етіп соғылғанын, тілін тістеп ала жаздағанын аңғарды. Жөнделіп отырғанынша машина жүрісі де түзелгендей болды, бірақ жол тарылып кеткен сияқты, машина сыймағандай біресе оңға, біресе солға соғыла береді. Жол жиегіндегі жусандар мен ши қияқтар алақ-жұлақ түскен машина фарының жарығында қалың өскен шоқ ағаштар мен теректерге ұқсап состиып-состиып екі жақтан бірдей қаумалай төніп тұрғандай боп көрінеді.

— Бө-өке-ен!...

Көкбай соңынан қалмай жүгіріп келе жатқан сияқты. Машина өрге қарай шығып келе жатқан болу керек жүрісі ауырлай бастады, тоқтауға болмайды, бұл газды баса берді, құлағына қара жерді қақ айырардай дір-дір етіп төбенің үстіне әзер деп көтерілді-ау, дәл осы сәт артынан қатты тартып тұрған біреу жіберіп қалғандай сәл ойпаң жазыққа қарай лақ етіп аға жөнелді...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз