Өлең, жыр, ақындар

Грек жаңғағы мен кәдімгі пісте ағаштары

Орта Азия — грек жаңғағы мен кәдімгі пістенің шығу орталығы болып табылады. Орта Азияның жаңғақты ормандарын дүниежүзілік маңызы бар інжу-маржан деп атауға болады. Олар Батыс Тянь-Шань, Памир-Алтай және Копетдаг жоталарының беткейлерінде тарала отырып, беткейлерді судың шайып және жуып кетуінен қорғап, іргелес жатқан аумақтардың микроклиматын жақсартуға ықпал етеді.

Оңтүстік Қазақстанда — таралу аймағының солтүстік шекарасында орналасқан жаңғақжемісті ағаш тұқымдастары суыққа төзімді формаларын бөлу үшін бағалы гендік қор болып қана қоймай, осы аймақта бұл түрлерді сақтау орманның биологиялық қауымдастығын байытады. Грек жаңғағы мен кәдімгі пістені пайдалану әр уақытта алуан түрлі кешенді болған. Бір жағынан бұл Орта Азия тауларында басты орман құраушы тұқымдастар, бағалы сүректің, жаңғақ ағашының безін (кап) алудың көздері, ал, кәдімгі пістеден жоғары сапалы ағаш көмірін және ағаш отынын алуға болады. Екінші жағынан, бұл дүниежүзілік әйгілі орны бар — жаңғақ жемісін беретін өте бағалы жаңғақ жемісті ағаш тұқымдастары болып табылады.

Грек жаңғағының латынша атауын «Ханымдық жаңғақ» деп аударуға болады. Шындығында оның тамаша жемісі — жаңғағының өзін айтпағанда, бұл құдыретті, сән-салтанатты, әдемі сымбатты ағаш. Оңтүстік Қырғызстандағы дүние жүзіндегі жалғыз бірегей табиғи жаңғақжемісті орман алқабы оның Орта Азиядан шыққандығының көрнекті айғағы болады. Ал, Орта Азияның басқа республикаларында, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстанда шоғырланған түрде әр жерде топ-топ болып өседі.

Грек жаңғағын — комбинат ағаш деуге болады. Ерте замандардан адам оның жемістерін, сүрегін, діңі мен тамырының қабықтарын, жапырағын, діңіндегі безін (кап) пайдаланып келеді. Жалпы тағамдық жеміс өнімдердің арасында жаңғақтың дәні құнарлылығы мен қоректілігі бойынша жетекші орындардың бірін алады.

Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағындағы Бақшелпек орманшылығындағы солтүстік беткейлер мен Өгем өзенінің жайылмасында табиғи түрде өсетін Қазақстандағы жалғыз грек жаңғақты тау ормандарының құндылығы өте үлкен. Мұнда жасы 90-нан 150 жылға дейін, ағаштардың орташа биіктігі 14-тен 21 метрге дейін, ал орташа диаметрлері 32 см-ден 52 см-ге дейінгі жаңғақ ағаштары кездеседі.

Бұл табиғи алқаптардағы жаңғақ жемістерінің құрылымы, қабығының мөлшері, қалыңцығы және оның түсі, дәнінің шығымының пайызы бойынша қатты өзгереді. Мұнда шаруашылық жағынан өте бағалы, жұқа қабықты және дәнінің шығымы 45 пайыздан жоғары жаңғақтың формалары кездеседі.

В.И. Мичурин грек жаңғағын болашақтың «наны» деп әділдікпен атаған. Грек жаңғағы дәнінің құрамы мен олардың құнарлылығын салыстырмалы талдау жасағанда орта есеппен 17% - ақуыз, майлар - 54% көмірсулар 16%, құнарлылығы 1кг-ға 8500 ккал болса, тиісінше сиыр сүтінде 3,4; 3,7; 4,6; % және 670 ккал, бидай нанында: 8,1; 0,9; 47 % және 2340 ккал болып отыр.

Сонымен қатар жаңғақ дәнінде В, В1, С дәрумендері, амин қышқылдары, тері илейтін бояу заттары, пектиндік және хош исті заттар, пентозандар мен ферменттер бар. Орташа майлылығы 60% және дәнінің шығымы 45% болғанда, 100 кг жаңғақтан алынатын 27 кг жаңғақ азықтық майынан басқа, жоғары сапалы бояуларды, лактарды, баспаханалық сияларды, тушьтарды, сабынның жақсы сорттарын дайындауда, ал халықтық медицинада ішек құртын түсіретін дәрі ретінде диабетте, несеп-жыныстық, көз, асқазан, ауруларында қолданылады.

Одан өте құнды — қызғылт түсті, хош иісті, қазтамақты, шегіргүлді және басқа эфир майлары алынады. Микроскопта иммерсиялық майларды алмастырушы ретінде пайдаланылады. Жемісінің қабығы көмірдің белсенді жоғарғы сорттарын, тегістейтін және егеулейтін тастарды, линолеумді, динамитті, тыңайтқыштарды дайындау үшін пайдаланылады. Майын сығудан алынатын жаңғақ күнжарасы халуа дайындауға тамаша шикізат болып табылады әрі құс пен малдың азығына жарайды.

Жаңғақ жемісінің сүттей пісе бастаған кезеңінде тек жоғары дәруменді итмұрындарға ғана жол бере отырып, лимондар, апельсиндер, мандариндермен салыстырғанда С дәрумені 40-50 есе көп болады. Сондықтан пісіп жетілмеген жемістері шараптарды дәрумендендіру үшін, жоғары дәруменді тосаптар және басқа да дәрумендердің концентраттарын дайындауға пайдаланылады.

Құрамында 4-5% С, В1 және Р, А дәрумендері, 3-4% тері илейтін заттар, каротин, юглон, гиперзия, инулин, инозит, минералдық тұздар бар жасыл жапырақтарының бағалылығы да аз емес. Шығыс елдері соңғы жылдары тағам рационында кәдімгі пістенің жемістерін пайдалануға маңызды көңіл аударып келеді. Атап айтқанда, көрші Орта және Таяу Шығыс елдерінде (Иран, Түркия т.б.) кәдімгі пістенің жемістері дүниежүзілік нарықта экспортқа шығарылатын негізгі өнімдері болып табылады.

Шындығында пісте жаңғақтары деп аталатын пістенің жемістері өте бағалы тағамдық өнімдер болып табылады. Онда орташа есеппен алғанда 60%-ке дейін тағамдық май, 20% ақуыз, 3-8% қант және көптеген мөлшерде микроэлементтер бар және құнарлылығы жағынан қанттан, крахмалдан, майдан екі есе асып түседі.

Зәйтүн майының сапасынан кем емес, пісте майының сүйкімді дәмі бар. Ол азықтық тағам дайындауда және медицинада да қолданылады. Кәдімгі пісте тері илейтін заттарды, танидтер алу үшін шикізат көзі болып табылады. Сондықтан бұл ағаш тұқымдасын да грек жаңғағы сияқты комбинат, көп салалы өнімдер беретін ағаш деп атайды.

Әбу Әли Ибн Сина пістеге дәрілік зат ретінде үлкен маңыз берген.

Пісте бауыр, асқазан және сыртқы жараларды емдеуге ұсынылған, ас қорытуды жақсартады. Ұшақ құрылысында металмен қапталған беттердің сыртын қаптауда таптырмайтын, бағалы лактар өндірісі үшін пайдалануға болатын пісте шайырының зор маңызы ертеден белгілі.
Әрине, кәдімгі пістеге, оның биологиясының, морфологиясының, фитоценологиясының, географиясының ерекшеліктеріне, сол сияқты табиғи пісте ормандарында ұтымды шаруашылық жүргізу мәселелеріне көптеген жарияланымдар арналған. Оның ішінде В.И. Запрягаеваның, К.П. Поповтың, С.М. Аблаевтың, Г.М. Чернованың жұмыстары бар. Кәдімгі пісте Қазақстанның Қызыл Кітабына енгізілген, оның табиғи алқаптары тек Оңтүстік Қазақстанның Боралдай, Машаттау, Дәубаба жоталарында сирек және кездейсоқ түрде кездеседі.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз