Өлең, жыр, ақындар

Шикі бүйен

Бip бөлмеде тұратындар қызыл іңірде бас қосатын уақыт болғанда Мөнтенбай ұшты-күйді жоқ болды да кетті. Ұзына кешке бірімен бірі керіспегенімен нақ осы уақытта жатар бөлмеде бір шоғылысатын студенттер Мөнтеннің болмағанына үрпиісіп қалды. Бірақ іңір қараңғысы жаңа ғана түсе бастағандықтан келер десіп күтіп еді. Сөйтіп әне келеді, міне келедімен өңештерін созысып отырғанда сағат он екіге барды. Енді бұлар қорқа бастады. Өйткені бұл осы бөлмеде тұратындарға айта қаларлық жаңалық еді. Мөнтеннің өзі әлде тұйықтау, әлде қиықтау, қызық жігіт болатын. Бөлмедегі басқа үшеуі барын бөліп ішіп, бөліп киініп театрға, киноға, тағы сондай бір жаққа асығыс жиналып жатқанда Мөнтен үндеместен тұқшыңдап, төсегін салып, енді бір қарасаң үш бүктеліп, ирек-ирек болып жатушы еді. Кейде тіпті мына үш студент жалынып та киноға алып бара алмайтын.

Әуелгі кезде Мөнтеннің өздеріне қосыла жүрмеуіне бұлар қатты ренжісіп, «сен бірдеме деп қойдың» деп бірінен бірі көрісті. Ақыры жағын жар, тілін көз қылып қанша айтқанмен Мөнтенге тілдерін алғыза алмаған соң шаршағандай болып іске аспас бос сөзді қойып еді. Ал бүгін оның мына мезетті уақыттан қалғаны бұларды таңдандырды да, тынышсыздандырды да. Мөнтенді «енді келедімен» отырып, сағат он екіні де соққызды. Енді жігіттер саса бастады. Әсіресе мұндайда шыдамсыз, болар болмас нәрсеге шыжылдап кететін жұқалтаң Жортақ:

— Ойбай-ау, қалада не көп машина көп, байқаусызда соның бірінің астына түсіп қалып жүрмесін. Әншейінде қолыңа шоқпар алып қуаласаң үйден шықпайтын Мөнтеннің бүгінгісі қауіпті болмаса не қылсын,— деп тынышы кетті. Арада жарты сағат өткенде қалған екі жігіттің бірі Ермек те мазасызданды.

— Милицияға телефон соғайық,— деген оның сөзіне мінезі ауырлау Бармақ қана қозғала қоймады.

— Қазір келіп қалар. Мен көрген Мөнтен болса, ол ұзап кете қоймаған шығар,— деп жайбарақат отыра берді. Бармақтың салқын қандылығын көрген Жортақ бұрынғысынан да шыдамсызданып, шам айнала ұшқан жынды көбелекше оның о жақ, бұ жағына шығып шыж көбек болды.

— Япыр-ау, шыдамның да шегі бар емес пе, жаманның құлағын кессең құрым кескен құрлы көрмейді дегендей, пілдей бір жігіт жоқ болып отырса, саған бит шаққандай көрінбейді. Қыс көзі қырауда, осындай қақаған аязда адам далада жүруші ме еді.

Бармақ Жортақтың сөзінен кейін де бұрынғы қалпын өзгерткен жоқ. Жортақ Бармаққа қарай қайта шүйілген кезде залдан жүрістің сыбдыры естілді.

— Әне келеді, арам тер болмай-ақ қой,— деді Бармақ Жортаққа. Ол қайта жауап беріп үлгіргенше, есік ашылды да, Мөнтеннің сұрау белгісі сияқты денесі көзге түсе кетті. Әдеттегі салыңқы қабағы көтеріңкі ме, қалай? Оған тағы да бұрын сөйлеген Жортақ болды:

— Батыр-ау, жөніңді айтпай кетуіне жол болсын.

Мөнтен әдетте мұндай нәрселерді сұрағанда тіпті ештеме демесе де осылар мені неге тексереді дегендей қорсиып қалатын. Сөйтіп танауының астынан өзі ғана еститін бір-екі сөз айтушы еді де, қабылмалы көрпеге оранып үш бүктеліп жатып қалатын. Түп-түзу кроватта оның осы бүктеліп жатысын жігіттердің бірі сиыр жатысқа, бірі ит жатысқа теңеп күлісіп отырғанда баяғы жатыпатар Бармақ жұрттың сөйлеп болуын күтіп отырып:

— Жоқ бұл кәдімгі шикі бүйен, малды сойғанда бүйенін алып тастасаң нақ осылай жататын,— дегені барды. Содан бері Мөнтен жоқта қалжыңбастар оны шикі бүйен деп те жүретін. Бірақ қалжыңды да көтере алмайтын оған көзіне ешкім айта алмайтын.

Сырттан кірген Мөнтен бұл жолы бұрынғыдай, «не жұмысын бар» деп елсізде адамға кездескен кірпідей дүрдие қалмады, кәдімгідей жайлап жауап берді:

— Қаланы аралап жүріп қалдым. Көрмеген жерлеріме бардым. Қала тамаша екен ғой.

— Сонда айтпай кете ме екен?—деген Жортақ сөзін ол енді көтере алмай қалды. Осының сөзін-ақ қайта-қайта кешіре берем бе деген кісіше бұрынғысынша қатты қайырды: ,

— Сенің не жұмысың бар?!

Оның қабағының бұрынғыдай жабыла бастағанын көрген Бармақ оны сөйлетпек болды ма, әлде көңілдендіргісі келді ме оған қалжың айта бастады:

— Түу, Жортақ-ай, екі жылдан бері институтта не оқып жүрсің. Мөнтекеннің қаланы араладым дегеніне сеніп-ақ қалдың ба? Онысы шіп-шикі өтірік. Ол қыздармен киноға барып жүрген ғой.

Мөнтеннің жаңағыдан гөрі қабағы көтерілейін деді. Әлі де үпсіз отыр. Оның сәл де болса қабағының көтерілуін аңғарған Бармақ қайта сөйлеп кетті.

— Шыныңды айтшы, қыздармен жүріп кешігіп қалды ғой, рас емес пе? Әлгі өзің ғашық Күлімханмен.

Мөнтен бұл жолы да үндемеді, дегенмен жаңағыдай емес, Бармақтың сөзі құлағына жағып кетті ме, ыржалақтап күле берді. Бармақ Мөнтеннің қыз атаулыдан көш-құлаш қашық жүретінін жақсы білетін. Сонда да болса, бұралқы сөз күлуге жақсы деп отыр еді. Ал Мөнтен кәдімгідей бір қызбен киноға барып, оны үйіне шығарып салып, енді сонысын жасырып отырған адам сияқтанды:

— Қойшы, Бармақ сен де осындай нәрсені айтқызбай қоймайсың еһ-һе-һе...

— Айтам ғой, осынын бір пәлесі бар,— деп күлді Бармақ. Анау тағы да ыржалақтап, мынанікі шындық дегендей күлегештенді. Бармақ та оны тереңдете түсейін дегендей:

— Әй, осының бір пәлесі бар!—деді тағы.

Мөнтенмен осы қалаға институтқа бірге келген Күлімхан онымен бірге оқитын және көп сөйлемейтін, біртоға тәуір жігіт деп ол туралы жақсы пікірде де болатын. Бірақ неге екені белгісіз Мөнтен жалпы қыз атаулыны жақтырмай ма, әлде батылдығы жетпей ме, кейде сабақта, әсіресе біріккен лекцияларда орынның ыңғайы солай болын оның жанына қыздардың бірі отыра қалса, олардың үстінен күйе жұғатындай ол түрегеп барып басқа жерге отыратын. Сондықтан ба, кейінгі кезде қыздар оны қылжаққа да айналдыратын. Бармақ сияқтылар Күлімханға «сенің көзжақсың» десе, ол «ой қойшы сол ынжықты» дейтін болды. Мөнтен қыздардан қорқады деген сөз де жанын жегідей жейтін. Бірақ өзіне біткен үндеместікпен оны ешкімге тісінен шығармайтын. Міне, Бармақтың жаңағы сөзіне қарағанда үйге бүгінгі кешігіп келуі оның мойнынан «ынжық» деген жаманатты жұлып тастайтын сияқты...

Ертеңіне де Мөнтен тағы жоғалып кетті. Тағы да кешегі уақытта өңі құп-қу тартып, екі көзі қызарыңқырап келіп жетті. Ол келгенге дейін бөлмедегілер де ұйықтамай, тынышсызданып отырды. Бірақ Мөнтеннің кешігуі әдетке айналды. Ол кей күндері түнді орталап, кейбір күндері таң ата, тағы бір күндері мүлдем таңертең келетінді шығарды. Бұл қолайсыз жай Мөнтеннен гөрі оның бір бөлмеде тұратын жолдастарын қатты абыржытты. Өйткені олар оны күтіп ұйқылары бөлінді. Соңғы күндері сылбырау оқытушылардың лекциясында Жортақ та, Ермек те қалғып кетіп, стол сүзіп қалып жүрді. Үйдегі жайды көпшілік талқысына сала алмай іштен тынды. Тек Мөнтен жайына мойымаған Бармақ болды. Ол сабағын оқып алады да, қаннен-қаперсіз тып-тыныш ұйықтай береді.

Бірақ ақыры Мөнтеннің күнде жоғалуы Бармақты да қозғады. «Қайда жүрсің?» деген сұраққа ыржалақтап жауап бермейді. Өзі күн асқан сайын жүдеп барады. Жігітшілік құрып жүрген шығар дейін десең ондайы да байқалмайды. Өзін дамылсыз жөтел буып буындырып тастайды. Әсіресе таңертең келгенде көрсең екі көзі бұлаудай болып ісініп, беті домбығып бұрын да топ-томпақ бұлтық көз еттері шодырайып, қара сүр өңі көксұрға айналып, қалш-қалш етіп жетеді. Осындайда «сен қайда барып жүрсің» дегендерге берер жауабы біреу ғана. «Сенің жұмысың қанша?» Бұл келте жауаптан кейін ер болсаң сөйлесіп көр.

Мөнтенмен арада болған осындай бір суық сөзден кейін тағы да баяғы жолдас дегенде жарғақ құлағы жастыққа тимейтін Жортақ сөз бастады.

— Мұны байқау керек, бұл бір беймезгіл жүретін біреулердің тобына тап болған шығар,— деген күдікті сап еткізді. Жігіттердің бәрі де үндемей ойланып қалып еді, сол үнсіздікті Бармақ үзіп жіберді.

— Мұны аңдиық. Бірақ бүгін емес. Өйткені қар жаусын, із басылсын, бағанағы сөзді ұмытсын. Ертең, бүрсікүні көрейік.

Жігіттер осыған келісті де кешке қарай тамақтанған соң үшеуі де қалалық кітапханаға кетті. Кітапханадан түнде қайтқанда үшеуінің сөзі тағы да Мөнтенге соқпай өте алмады. Сөйтіп әңгімелесіп келе жатып, түйе қарай жүріп тойға кездескенін өздері де білмей қалды.

Студенттер жатақханасы. «Г» әрпі сияқтанып салынған үш қабат үй болатын. Қысты күндері үй суып кетпесі үшін көшеден тікелей кіретін есікті жабатын да, студенттер қақпа арқылы үйдің қора, жағынан кіретін. Жігіттер қақпаға кіріп келе жатып үйдің доғал бұрышына таман жиналып тұрған көп студентті көрді. Әп-әжептәуір аязда беймезгіл үрпиісіп тұрғандарға қарап таңданын қалды.

— Мүмкін бір маскүнем шығар,— деді бірі.

— Суық өтіп, өледі-ау, байқұс,— деді тағы. бірі.

Бәрін білгісі келіп тұратын жас жан шыдай ма, жігіттер аяқтарын жедел басып бұрышқа жақындады. Олар тұрғандардың жанына келгенде бұрыштағы күнде жинаулы тұратын көп жәшіктерге көздері түсті. Бұл кәдімгі осындағы дүкенге әкелінген заттан босаған жәшіктер. Ол кіреленіп тұрып жиналған. Үстінен қора ішінен электр жарығы мол жетіп тұр. Тұрғандарға жақындағанда іштерінде көрші бөлмелердегі студенттер де бар екен.

— Тұрыстарыңа жол болсын?

— Мына жәшіктердің арасынан адамның қорылы шығады.

— Нағып көрмей тұрсыңдар?

— Басында біреу болып қорқып едік, жаңа көбейіп тұрмыз.

— Қайсы мен көрейін,— деп «байқа» дегенге қарамай басқалардан бұрын шыдамсыз Жортақ жүгірді. Ол жедел барды да, жиюлы жәшіктерден зорға өтіп, түкпірге таянды. Ол үңіліп, өз көзіне өзі сенбегендей состиыңқырап қалды. Ақыры қайта қарады да:

— Ой, шикі бүйен!—деді.

— Құдай ұрды, елге келеке болдық-ау, дәу де болса сол Мөнтен,— деді Бармақ Ермекке.

— Қой,— деді Ермек, елең етіп. Бәрі де жәшікке жүгірісіп барды. Үңіліп қараса кәдімгі Мөнтен. Бір бітеу жәшіктің ішіне кептеле қарап алып, жүресінен отырған күйінде ұйқыға кеткен. Жанына барған адамның дыбысын да сезбейді, шамасы қазір ғана мызғыса керек. Бір жағына қарай мойыны қисайып қалған. Сондықтан болуы тиіс, кеңсірігі бітіңкіреп, қорылы күшейе түседі. Монтекеңнің жәшік ішіндегі ұйқысының тәттілігі сонша қолшамнан бетіне түскен жарықты да сезбейді.

— Қыздарды шығарып салып жүр дейміз-ау, біз мұны,— дейді Ермек аяушылықпен. Жігіттер жұлқылап жатып оны зорға оятып алды. Мөнтекеңнің өзі де өзін біреу тауып алар деп ойламаса керек, есін зорға жиды. Ол сөлбірейіп, ішін алған тораңғыдай болып орнынан тұрды. Екі көзі қызарып, аузын сүртіп жан-жағына алара қарады.

— Ей, шикі бүйен, өлгенде түсетін жәшікке тіріңде түскенін не ей?— деп ыза болып, күйінген Жортаққа оның алғашқы берген жауабы тағы да шолақ болды.

— Онда сенің не жұмысың бар?—Мөнтеннің мына кейпі Бармақтың ойына ауылдағы бір әңгімені түсірді... Баяғыда бір ынжық қызды ауылды жағалап жүреді екен де, сол ауылға жақын жерден жайлы орын сайлап, ұйықтап, «қызға келіп кетіп бара жатыр» деп айтсын деп, күн шыға бере өзінен өзі тұра кеп қашады екен. Оны қуған ешкім болмаса да, далбаңдап артына қарайлай қашады екен. Мөнтендікі де нақ соның өзі болды да шықты. Бармақ оны аяп та кетті, ыза да болып, терісіне сыймай тұр. Мөнтен көзін қайта уқалады. Ұйқысырағандай аузын кере есінеді. Сәлден ісейін Бармақтарды анық көрді де, мойны салбырап, төмен қарап кетті.

1961


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз