Өлең, жыр, ақындар

Қадірлі қонақ

Стол басында үш адам отыр. Оң жақтағы Ажар, сол жақтағы Сұлтан, ортада қонақ.

Қонақ кішірек болғандықтан Ажар оның астына жастық қойып биіктетеді, сонда да, Ажардың басы төрт елі, Сұлтанның басы бір сүйем жоғары тұр қонақтан.

Бұл үй бүгін барын стол үстіне жайған тәрізді. Ет, май, тәттілермен аралас мияулап мысықтың бір күшігі, шүкендеп қоянның бір көжегі жүр.

Сый-құрметінің мастығы ма, әлде өзінің мінезі ме, кім білсін, қонақ тым паң он сұраққа бір жауапты азар қайырады. Екі күннен бері асты-үстіне түсіп бәйек болып отырған Ажар мен Сұлтан қонағынан қолқалаған жауабын әлі ала алған жоқ. Ол, аты-жөнін де, бұл үйде қанша боларын да айтпады. Ажар аруана болып:

— Қарашығым, қай қаланыкісің?— десе, қонағы әлден уақытта:

— Т-ре-во-га!— деп аузын қомпитады. Үй иелері орысша шала-шарпы білетін қонағының мына сөзі шын жауабы, не мазағы екенін айыра алмай, аң-таң боп қалғанда:

— Б-бом-ба, б-ж-ж-!—деп қонақ үлкен көзін бақшита қойды.

— О, түсіндім!—деді Сұлтан сол кезде.— Соғысты айтып отыр, соғысты!

Екеуі қонақтың аузына төне түсті. Қонақтың онымен ісі болған жоқ, сөзді сонымен бітірді. Еттен бір жапырақ алып аузына салды да, шайнап-шайнап қайтадан тастады.

— Әбден пісірмеп пе едің? — деп Сұлтан Ажарға көзін аларта бір қарады да, май тарелкасын берірек тартты. Майды да сұғына жемеді қонақ.

Ендігі қалған асты үй ішінің өзі де қомсынады. Қазақта қымыз бен ет - майдан қадірлі ас бар ма? Қымызды қыстың күні қайдан тапсын.

— Бабын таба білмедік - ау. Қымыз болар ма еді, әлде...— деп шүңкілдесіп отырғанда, қонақ үн-түн жоқ шайдың сүтін өз қолымен алды да, ақ нанмен жентектеп борп-борп іше бастады. Үй қожаларына бұл одағай қылық тіпті әбес көрінген жоқ, қайта ұнап кетті. Ажар сүтті енді тегенесімен әкеліп қойып, еселей бергенде, қонақ тағы да бір ірі мінез шығарды. Екі қолын екі жаққа созып, борбиған мыртық саусақтарын тарбитып керіле қалыпты. Сол тұрысында, үнсіз бұйырып тұр өзі. Бұйрығының ұғымдылығы, күштілігі сонша, Ажар мен Сұлтан бірден ұшып тұрды орындарынан. Екеуі қонақтың екі қолына жармасып, орамалмен сүртіп жатыр.

— А-а-а! — дейді қонақ аузын ашып. Онысы енді аузымды сүрт дегені. Ажар сүрте бастаса, Сұлтанға төсейді аузын, Сұлтан сүрте бастаса Ажарға төсейді. Екеуін болжыраған бір аузына таластырып қойып, сылқ-сылқ күледі келіп. Оны қостап Ажар мен Сұлтан да күледі...

Күлкі кенеттен тиыла қалды. Бір уақытта қонақтың құбылмалы көңілі стол үстіндегі күшік пен көжекке ауып кетті. Екеуін бірден алуға; екі қолын бірден созғанда, қолы қант сауыттағы конфетке - ақ жетіп еді, әуелі конфеттен бір уыстап қалтасына салды. Екінші ұмтылғанда, қонақтың созылғаны сонша, қолы күшік пен көжекке жетті.

Қазақша мынау мысық, мынау көжек! - дейді Сұлтан.

Екі күннен бері бұл сөз қонақтың құлағына сіңіп болса керек.

Мы-сы-қ! Кө-жек — деп қайталады да, екеуін кезек-кезек баурына қысып қойды.

Екі күнде екі сөз үйреткеніне, екі ат мінгізгендей боп Сұлтан да масаттанып отыр.

— Қазақ тілі оңай ғой, шіркін, тез-ақ үйреніп қалды, қатын, ә?.. Өшкен жанып, өлген тірілді деген осы. Тек ұзағынан сүйіндірсін...— дегенде, Сұлтан өмірдің алды-артын тегіс шолып шыққан тәрізді. Солғын жүзіне шырай ене қалыпты.

Үй қожалары тамақты алдына үйіріп, «іш, женің» астына ала берген соң, қонақ стол басынан таюға ыңғайланды. Сұлтан тік көтеріп алып жерге қоя қойды.

— Спить, спить? — деп қақылдап тұр алдында.

Қонақ басын бір шайқады да, төргі бөлмеге еніп кетті.

Кішкентай қонақтың мінезі осындай ойсаң: ол қуанбасқа қуанады, ренжімеске ренжиді, көзі көргенге ғана нанады, көзден тасаның бәрі жоқ сияқты оған. Пандық, қаттылық, кіші пейілділік, жұмсақтық, сараңдық, жомарттық, әділдік, зорлық — бәрі оның кішкентай бойына сыйған да тұрған. Ол, күштінің күштісі: көзі ұйқыға барғанша бір минут тыныстамай өз жұмысымен болады, сонымен қоса әлсіздің әлсізі: бөрікпен ұрсаң құлап қалады.

Ажар мен Сұлтан осы қонағын «әулие» дейді. Оның кешеден бергі қылықтарын айтып, ауыздарының суы құрып отыр.

— Тура екеуміздің арамыздан еніп келеді екен. Шошып ояндым,— деп Ажар қонағының түндегі бір қылығын еске түсіріп өтті.

Бұл кезде қонақтың төргі бөлмесінде не істеп жатқаны белгісіз еді. Ақырған дауыс естілді. Үй қожаларының асыққаны сонша, екеуі бірден ұшты төргі бөлмеге. Келсе қонақ жоқ. Терезе берік, есік жабық, қайда кетеді?

Сұлтан дереу подвалдың қақпағын ашып тастап, күмп беріп түсіп кетті Ажар:

— Бар ма? Бар ма?— деп қақылдап тұр.

Екі бөлменің асты тұтас бір подвал болатын. Сырттан әуе, сәуле енетін кішкене тесікті қысқа қарсы бітеп тастаған, подвалдың іші көзге түртсе көргісіз қараңғы. Сұлтан түскен бетінде басын еденге мықтап бір соқты, маңдайы томпия қалғанын сезген де жоқ. Арт жағынан сипалақтап келіп Ажар да ұстады, екеуінің басына салдыр-гүлдір бірдеме құлап кетті...

Сол кезде төргі бөлмедегі шкаптың да аузы ашылып - кетіп еді, бұны қонақ екен ашқан, шкаптан шыға сала, ауыз үйге есіктен бір қарады да, бақырып қоя берді. Қонақтың даусымен астағылар үске шықты енді. Сұлтанды адам танығысыз, бурыл басы аппақ, сақал-мұрты баттасқан қаймақ.

— Өй, әулие, әулие!— деп қонаққа ұмтылғанда жылап тұрған қонақ күліп жіберді:

— Дед мороз,— дейді сақылдап.

— Сүт, сүт төгілді басыма! Шкапқа тығылғансың, ә?

— Прятелька,— деп қонақ онан сайын мәз болады.

Ажар қонақтан көз алмай қарай тұрып күрсінді де, жылап жіберді. Көзінен ыстық жас парлағанда, аузынан жалынды сөз шықты оның:

— Біреудің жанына теңгерген жалғызы ма, маңдайдағы жұлдызы ма әлде?.. Ботасынан айрылған інгендей боздап қалды-ау сорлы ана!.. Әлде, ақырғы сөзі «құлыным» — боп, жезтырнақтың шеңгелінде жан берді ме, бишара!..

— Я,— деп Сұлтан да бір күрсінді,— Баланы анадан айырған, ел басына ауыр күн туып, қабырғадан қан жауған заман болды. Неден болды?.. Ах, найсап - найсап! Осынау сәбиді кім аямас! Ал, бұны аямағанда кім аяр сонда!?..

Ажар мен Сұлтанның сөзіне түсінбесе де, өңінен түсініп сәби күлкісін тиді. Екеуінің арасына келіп, мойындарына асыла, беттеріне жалтақ-жалтақ қарап тұр. Оның шырадай жанған көздері:

— Кейімеңдер, мен сонда да бақыттымын! - дегенді айтып тұр...

1942 жыл


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз