Жетісуға жататын қазіргі территорияны ертеде күндер (гүндер) мекендегені тарихтан мәлім. Жоғарыда айтқан атақты ғалым Бичурин күндер Мөденің тұсында өте күшейіп, зор даңққа бөленді дейді. Ол қытай тарихшылары жазған Туманный (Түменнің) баласы Мөде мен азиялық тарихшылар жазып жүрген Қараханның баласы Оғыз ханды бір адам деп есептейді. Және Оғызханды ертедегі ұлы жаугерлердің Орта Азиядағы біріншісі деп бағалайды. Мөде мен Оғыздың екі тарихта аттары екі түрлі аталғанмен, тарихи істері бірдей және өмір сүрген уақтысы бір кезеңге тура келеді деп дәлелдейді. Сол негізде Мөде мен Оғыздың әкелері Тұман мен Қараханды да бір кісі деп түсінеді. Өз пікірін иландыру мақсатында парсы тарихшысы Хондемир (Ғиас ад-Дин б.Ху- мам ад-Дин) мен түркі тарихшысы Абылғазы сияқты әйгілі ғалымдардың Оғызхан жайында жазған деректерін мысалға келтіреді. Мәселен, тарихшы Абылғазының жазуына қарағанда, Тұман құсап Қарахан да басқа дінді қабылдағаны үшін, өз ұлы Оғызды өлтірмек болады. Бірақ ұлымен болған соғыста өзі өледі. Сонан соң Оғызхан өзін хан жариялап, Қытай шекарасы маңында көшіп-қонып жүрген Татарханмен (Дун-Ху — Татархан ұрпағы) соғысып, оны жеңеді. Кейін Қытай империясын, Шүршіт қаласын, Таңғұт патшалығын бағындырады, Монғолиядан басталып, оңтүстігі Үндіге дейінгі apалықты қамтитын, ал батысы Каспий теңізіне дейін жететін аралықты түгел өзіне қаратады.
Ал Қытай тарихшылары баяндайтын Мөде де шығыстағы моңғолдарды өзіне қаратқан соң, Қытай мен Таңғұтты, Каспий теңізіне дейінгі аралықта жатқан бүкіл Түркістанды бағындырады.
Қарап отырсақ, расында, екі өміртарих бір-біріне ұқсайтыны ұқсайды. Әйткенмен ол сөздің ұшығына жету бізге, әрине, оңай емес. Көне тарихтың өзі көбінесе көп нұсқалы аңыздармен, әсірелеген әңгімелермен қойындасып жатады, оның ішінен жалғыз шындықты қоспасыз аршып алу кейде, тіпті, мүмкін де емес.
Жалпы алғанда, Оғызханды тек Мөдемен емес, Македонскиймен де, Шыңғысханмен де салыстырушылар бар.
Күндерге байланысты тағы біраз түсіндірме айтқанның артықтығы жоқ шығар деп ойлаймын. Қазақ тарихшыларының біразы бұл мемлекеттің атын «ғұн» деп жазып жүр. Орысшасы «хун», «гун» болған соң, «г» әрпінің орнына қазақшалағанда «ғ» жүруші еді ғой деген ұғыммен олар солай жазып кеткен болу керек, сірә. Себебі «гүн» сөзінің төркінін «күн» деп жүргеміз жоқ па? Шығыс елдерінің тарихшылары «хун», евролалықтар «гун», арабтар «һун» деп жүрген сөздің қазақша төркіні «күн» екенін кезінде академик Сәбит Мұқанов әлденеше айтқан. Көне тарихқа қарап отырсақ, ертедегі көп елдің аты алғашқы даңқты билеушісінің, хандарының атымен аталып кете барған. Мысалы, өзбек, ноғай халықтарының аты солай аталған. Түркілердің тұңғыш ханы Күн есімді кісі болыпты деген аңыз да осы ойымызды құптатуға қызмет етеді деп ойлаймын. Адамдарға солай ат қоюдың түркі тайпаларына тән екендігін оғыздың алты баласының Күн, Ай, Жұлдыз, Көк, Тау, Теңіз болып аталуы да дәлелдесе керек. Тіпті адамзаттың арғы ата-анасы Хауа (Ева) мен Адам да түркіше Ай—Ана (Ай — Ва), Ай — Атам аталған деседі. Сондықтан «хүн», «ғұн» немесе «гүн» демей, бұл елді о бастағы өз атымен «күн» деп жазғанымыз дұрыс секілді.
Орхон мемлекеті дегеніміз Ор өзенінің бойындағы Күн хандығы деп түсіндіреді Сәбең. Сол маңайда Аргун атты өзеннің болуына байланысты, ертеде сол арада арғындар тұрыпты-мыс деген де жорамал әңгіме бар көрінеді. Онысын кім біледі, бірақ орхон, арғын сөздерінің арғы тегі бір және екеуінің де түбірінде «күн» сөзі бар сияқтанады.
Ертедегі түркі тайпалары өз билеушілерін де, басқалардың да бастығын «ел күні», «күн» деп атаған, Соған қарап, сырт мемлекеттердің бұл елді Күндердің елі, Күндер деп атап кетуі әбден мүмкін деп ойлаймыз. Көне мұра «Оғызнамада» бұл ойымызды дәлелді ететін сөйлемдер мен сөздер баршылық. Мысалы, онда: «Мұнда Жүржіт қағаны ел күні Оғыз қағанға қаршу келтілер. Уруш тоқуш башланды, оқлар бірле, қылычлар бірле уруштылар. Оғұз қаған башты, Жүржіт қағанны басты, өлтүрді, башын кесті. Жүржіт ел күнін өз ағызыға бақұндурды»,— деп жазылған. Мұны аудармасақ та мағынасы түсінікті деп ойлаймын. Одан басқа жерлерде де: «Нүкерлернүң, ел күннің қамағы мұны көрділер, шаштылар», «Тойдан соң Оғұз қаған беглерге, ел күнлерге жарлық берді: «Ел күнлернің көңүлдеріне көб телім болды қайғу»,— деген тіркестер мен сөйлемдер кездеседі. «Ел күні» сөзінің кездейсоқ қана бір рет айтылып қоймай, қайта-қайта қолданылуы оның сол кез үшін заңдылыққа айналып кеткендігін дәлелдесе керек. Осы жағдайларды ескерсек, ертедегі бұл елдің аты, Сәбең айтпақшы, Күн елі, Күн хандығы, күндер болғандығына еш күмән жоқ.
1970 жылы Есік қорғанынан табылған «Алтын адамның» қасынан шыққан заттар ішінде күн бейнелі адам бейнесінің де болуы тегін емес. Ол тек жерленген жауынгердің түркі халқынан екендігін емес, «ел күні» болғандығынан да хабар берсе керек.
Қазіргі Жетісу жеріне қатысы бар ел болғандықтан, күндердің кейінгі тарихынан да мәлімет бере кеткеннің ерсілігі болмас. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді; төртеу тату болса төбедегі келеді» дегенді қазақ, тегі, тарихтың өткен-кеткенінен ой түйіп барып айтқан секілді.
Тағы да Бичуриннің мәліметіне жүгінсек, күндердің билеушісі Мөде тас-талқанын шығарған Дун-хулардың қалдығы Ухуан тауларына барып тығылады да, өздерін ухуан деп атайды. Дун-ху немесе Ухуан, айналып келгенде, Татарханның тікелей нәсілі болып табылады. Кейін, ішіндегі асқынған алауыздықтың әсерінен әбден әлсіреген кезінде, ухуандықтар шығыстан, динмин деген жұрт солтүстіктен, ал үйсіндер батыстан тиіседі де, осы үш халықтың соққысынан күндер мүлдем күйреу халіне жетеді. Кезінде айналасын алмап-жалмап жер әлемді тітіреткен күшті елдің үні бірте-бірте бәсеңдей береді. Алауыздықтың жегі құрты жеп құртпайтын күш жер бетінде жоқ екеніне бұл да бір мысал.
Күндер — сақ (скиф), үйсін, қаңлымен тектес келетін көне тайпалардың ішіндегі ең атақтысы. Тарихқа VIII ғасырдан белгілі. Біздің заманымыздың бірінші ғасырында күндер Батыс, Шығыс күндері болып екіге бөлінеді. Шығыс күндерін қытай бағындырады да, Батыс күндер өз тәуелсіздігін сақтап қалады. Батыс күндерді Шөже (Чжигжо) билеген кезде, олардың жазғы ордасы Орхон бойына, қысқы ордасы Бесбалыққа, Турфанға орнайды. Ел үшін, жер үшін талай-талай соғыстар болады, ақыры қытайлар Шөжені өлтіреді де, күндерді аяусыз қуғын-сүргінге ұшыратып, босытып жібереді. Ығысқан күндердің қалдығы Алтай, Жетісу, Талас, Сырдария бойындағы өзге күн тайпаларымен, қаңлы, қыпшақтармен бірігіп жаңа мемлекет құрады. Ол мемлекет те күшейіп, қанатын Алтайдан Қара теңізге дейін жаяды. Олардың кейінгі ұрпақтары тарихқа оғыз, қыпшаң, қарлұқ, қаңлы деген аттармен белгілі.
Сөз кестесі келіп тұрған соң, күн мен оғызға байланысты тағы бірер сөз айта кеткен жөн секілді.
Ғалым Халық Короғлының («Оғыздың батырлық эпосы». «Наука», Москва, 1976) айтуына қарағанда да күндердің билеушісі Мөде мен Оғыздың өзара көп ұқсастықтары бар. Қалың оғыз елі «ішкі оғыз», «тысқы оғыз» болып бөлінгеннен басқа жалпы жиырма төрт руға тармақталады екен, сол сияқты ел билеу жүйесін күндер де жиырма төрт топқа бөледі.
X. Короғлы қазіргі түрікмендердің де жиырма төрт руға бөлінетіндігін, ру аттарының ұқсастығын көлденең тарта келіп, бұрынғы оғыздардың тікелей ұрпағы қазіргі әзірбайжан мен түрікмен халықтары болып табылады дегенге меңзейді. Дүние жүзіне аты мәшһүр болған Фузули ақын мен Қорқыт баба түрікмен мен оғызға ортақ баят руынан шыққан адамдар деп мақтаныш етеді.
Ал XVI ғасырда жазылды деп жүрген «Қорқыт кітабы» қазіргі түрікмен, әзірбайжан және түріктердің бабасы — оғыздар жасаған әдеби-мәдени ескерткішке жатады деген тұжырым айтады. Осы тұжырым кісіні тіксіндіреді. Біріншіден, оғыздар тек түрікмен, әзірбайжан және түрік халықтарының ғана арғы ата-бабасы болып табылмайды. Екіншіден, «Қорқыт кітабы» XVI ғасырдың екінші жартысында жазылды деген дерек дәлелденсе, онда оны оғыздар емес, оғыздардың кейінгі ұрпағы жазған болып шықпай ма? Өйткені XVI ғасырда оғыз ұрпақтары жеке-жеке халық құрамына еніп, солармен біржола бірігіп кеткен ғой. Үшіншіден, «Қорқыт кітабының» тілі түрікмен, әзірбайжан тілдеріне ұқсас деп тапсақ, онда «Қорқыт кітабының» қазіргі табылған екі нұсқасы бар екендігін, оның Ватиканда сақтаулы нұсқасында оғыз сөзі басым екендігін, ал Дрезденде сақтаулы екінші нұсқасында қыпшақ сөзі басым екендігін естен шығармау керек шығар. Бесіншіден, бұл екі нұсқаның да түпнұсқа емес, көшірме аударма екендігін ұмытпау да жөн болар. Алтыншыдан, «Қорқыт кітабында» айтылған оғыздар жайындағы аңыз әңгімелердің қай-қайсысы да бүкіл езінің болмысымен өте ертеден келе жатқандығын көрсетеді. Сондықтан, ол кітапты бүкіл түркі халықтарының ортақ мәдени ескерткіші деп қарау орынды болса керек. Одақтық, республикалық білгір ғалымдардың айтуына қарағанда, ондағы аңыздар (барлығы он екі) VII—VІІІ ғасырда Сыр бойын жайлаған оғыз-қыпшақ тайпалары арасында туған, содан ұрпақтан ұрпаққа тараған. Көшірмелері ғана XVI ғасырдікі.
Біздер қазақ тарихында оғыз-қыпшақ дәуіріне ерекше ілтипат жасап, қазіргі қазақ халқының құрамына енген тайпалар мен рулардың генетикалық негізінде оғыздардың да өзіндік үлесі бар екендігін дәлелдеп жүрміз.
«Оғызнама», «Қорқыт кітабы» сияқты көне шығармалармен оқиғасы үндес, кейіпкерлері ұқсас келетін қазақ жырлары, қазақ аңыздары қаншама?! Тіпті, басқасын былай қойғанда, Қорқыт бабаның бейіті Сырдың бойында, «Қорқыт кітабында» айтылатын әйгілі батыр Домбауылдың (Домрул) тас күмбезі Жезқазған облысындағы Кеңгір өзенінің бойында тұрған жоқ па? Қазақ атаулы қобызды жасаған да, күй атасы да Қорқыт деп біледі. Оның «Қорқыт», «Тарғыл тана», «Елім-ай», «Әуіппай», «Желмая», «Қоңыр», «Ұшардың ұлуы», «Башпай», тағы басқа күйлерін қазақ қобызшылары әлі күнге дейін орындайды. Ол күйлер күйтабаққа да жазылған.
X. Короғлы аталмыш кітабында бүкіл оғыз эпосының орталық кейіпкері Қазанның атына байланысты оқиғаны «Қорқыт кітабынан» басқа бірде-бір ескерткіш сақтамаған (169-бет) дей келіп, оғыздардың өте ертедегі түрік тайпаларымен қарым-қатынасы жөнді зерттелмеген, сондықтан таза оғыздардың эпикалық кейіпкері болып табылатын Қорқыт атының қырғыз-қазақ ортасына қалайша кең тарағанын түсіндіру қиын (187-бет) дегенді айтады. Сөйте тұрып «Қорқыт кітабында» кездесетін «төре» сөзінің мәнін қырғыздар мен қазақ өмірінен табуға болатындығын таңдана ескертеді. Кездейсоқ нәрседей көреді. Мұның бәрі ғалымның қазақ ауыз әдебиетін жете зерттемегендігінен, білмегендігінен деп түсінуге болар, сірә. Бұл пікірімізді дәлелдей түсу үшін, «Қорқыт кітабындағы» оныншы оғызнаманы — «Үйсін қожаның ұлы Сегрек (Бізде академик Ә. Марғұлан «Секрек» деп жазып жүр — Б. Н.) туралы жырды»— мазмұндап шыққанымыз орынды болар.
Үйсін (Ұсұн) қожаның ұлы Егрек (Екрек) тәкаппар болады. Байындырханның қабылдауына барғанда, өзгелерден жоғары шығып, төрге етіп кетіп, хан алдына арнайы рұқсатсыз-ақ кіріп кетіп жүреді. Бектердің бегі болған Қазанға да кез келген уақытта тоқтаусыз кіріп-шыға береді. Бірде оған іштей көптен ренжіп жүрген бектердің бірі дүрсе қоя беріп: «Үйсін қожаның ұлы, сөзімді тыңдашы! Осында отырған бектің бәрі де өзі отырған орындарын қылышының күшімен, елді азықтандырған ісімен алған. Ал сен жаудың басын кестің бе, қанын іштің бе, ашты асырадың ба, жалаңашты киіндірдің бе?»— деп сұрайды. Сөйтіп, көп алдында өркөкірек Екректің сағын сындырады.
Оған намыстанған Екрек жауға қарсы шығуға бектердің бегі Қазаннан рұқсат сұрайды. Рұқсат алған соң-ақ ә деп бір ауылды тонайды. Алғашқы жеңістен кейін дәнігіп тағы бір ауылға барғанда, аң аулаудың қызығымен жаудың алдауына түсіп тұтқындалып қалады. Ал оның Секрек деген інісі болады, ол кішкентайынан күшті, тентек өседі, елдің балаларына күн көрсетпейді. Содан бір күні біреу оған: «Бізді ренжіте бергенше, күшті болсаң, тұтқында жатқан ағаңды құтқарып ал»,— дейді. Секрек оны естіген соң, тағы Қазанмен ақылдасады. Баланың көңілін басқаға алаңдату үшін, Қазан оны дереу үйлендіреді. Бірақ Секрек: «Бауырымды жаудан құтқармайынша әйеліме жақындамаймын»,— деп ант ішеді. Күйеуінің ниетін құптаған әйелі оны жеті жыл күтетін болып уәде етеді.
Секрек жаудың шекарасына келіп тұтқындағы ағасын босатуды талап етеді. Айтқанына көнбеген соң, әуелі жаудың алты күзетшісін өлтіреді. Сонан соң оған қарсы алпыс жауынгер келеді. Оларды да жеңеді. Әрбір соғыстан кейін Секрек қатты ұйқтап демалады, жау жақындаса, аты оятады.
Енді жау айлаға көшеді. Секректің өз ағасын танымайтынын біліп, келесіде киіндіріп, қару-жарақ асындырып оған қарсы ағасы Екректің өзін жұмсайды. Ел шетіне келген жалғыз батырдың өз інісі екендігін Екрекке де айтпайды, Екрек ұйқтап жатқан батырдың қасына келсе, жанында өз елінің музыкалық аспабы — қобыз жатады, елін сағынған ер қобызды қолына алады да тартады. Секрек сонда оянып кетіп, қобыз тартқанынан өз елінің адамын таниды. Сөйтіп, екі бауыр соғыспай-ақ халық музыкасының арқасында бір-бірімен табысады.
Қазақ халқының тарихшысы академик Әлікей Марғұлан «Қорқыт ата туралы» («Білім және еңбек», № 11, 1982 ж.) деген еңбегінде: «Усун қожа туралы айтылған жырлар түгелдей көне Қазақстан жерін суреттейді, сол кездегі ескі тайпа Үйсін (Ұсұн) елінің өмірін баяндайды. Олар мекен еткен жерлер — Арқаның белі, Алатау, Көкше теңіз (Балқаш көлінің ескі аты). Бұл хикая — Қорқыт әфсанасының Үйсін, Қаңлы заманында (V—VI ғ.) шыққан ең ескі түрінің бірі, халық аузында әдемі аңызға айналған ғажайып әңгіме»,— дейді. Ал енді Қазан батырдың (Қазанбектің) сыйынатын, ас-садақа беретін орны, ордасының көп жыл тұрған жері Қазығұрт тауы болғандығын айтады. Осы еңбегінде Ә. Марғұлан мынандай тұжырым жасайды: «Өзге тайпалармен бірге Сыр бойын монғол дәуіріне дейін қоныстанған кейбір Оғыз тайпалары кейін қазаң қауымын құрысуға қатынасып, соның белгілі құрамының бірі болады. Академик В. В. Бартольд те осы пікірді қолдайды». Әділ пікір осы деп ойлаймыз.
Ғалым X. Короғлы айтып отырған «төре» сөзінің төркіні қазақтың «төр ие», «төр иесі» деген сөзімен түсіндірілетін болу керек. Жоғарыдағы Екрек әңгімесіне қарағанда, ертеде бектер төр иесі болу үшін әуелі халыққа игілікті бір қызмет көрсетулері міндет болғандығы байқалады. Шыңғыс тұқымынан тараған ұрпақты қазақ кейін де төре тұқымы деп танып, «төре» атаған ғой. Оның үстіне тентек Секректің тұтқында ағасы жатқанын білмей жүріп, оны өзінен жәбір көрген біреуден кездейсоқ естіп қалуы Баянмен атастырылғанын білмей жүрген Қозының жағдайын еріксіз еске түсірмей ме? «Бабам Қорқыт» кітабындағы Алтыншы Оғызнама «Қаңлы қожаның ұлы Қан-Тұралы жайында жыр» аталады. Үйсін сияқты қаңлы да қазақтың ұлы жүз тайпасын құрайтын бір ел.
Бүкіл түркі тілдес халықтардың қатарында Оғыздың қазаққа да ата-баба болып келетіндігін Оғыз тайпасының тілінде жазылған «Бабам Қорқыт» кітабы, «Оғызнама» дастандары айқын дәлелдейді. Ондағы тұрмыстық, әлеуметтік ұқсастықтар жайында ғалымдар жеткілікті-ақ жазып келеді. «Қорқыт кітабында» айтылатын оқиғалар желісінің әр түрлі нұсқалары қазақ жырлары мен аңыздарында кең тарағандығын, кісі аттары мен жер аттарына дейін ұқсас келетіндігін ғалым Ә. Марғұлан да, Ә. Қоңыратбаев та, басқалар да үнемі айтып келеді. Қорқыт жырындағы Қамбураның ұлы алып Бамсы — аты өзгере-өзгере бізге жеткен кәдімгі Алпамыс батыр. «Бамсы», «Бамыс», «Мамыш», «Алпамыш», «Алпамша», «Алып манаш», «Алпамыс» болып әр нұсқада айтылады, сол аттас жырлар түркі тілдес халықтардың кебінде бар және бәрінің де оқиға желісі, кісі аттары бір-біріне ұқсас. «Оғыздардың ұлы эпосы «Кітаби Қорқытта» Бөрлі сұлу, Банушешек (бізде Баршын қыз) образдары жасалған»,— дейді Ә. Қоңыратбаев («Қазақ әдебиеті» газеті, 2 октябрь 1973 ж.)
«Қорқыт жырының енді бір тарауы — қият тайпасынан шыққан «Доңа — Қожа ұғлы ер Домрул», қазақ әфсаналарында мұны «Тоқа ұлы Домбауыл» деп атайды»,— дейді академик Ә. Марғұлан.
Бұл ұқсастықтардың бәрі әншейін кездейсоқ нәрсе емес, арғы тегімізді анықтай түсетін деректер екендігін «Қорқыт» кітабына енген «Үшінші Оғызнама — Қамбураның ұлы Бамсы-Бейрек жайындағы жыр» да дәлелдей түседі.
Байындырханның тойында отырған кезде, басқа кісілердің ұлдарын көріп, Қамбура өзінің баласыздығына налып, қатты қайғырады. Тойда отырғандар Қамбураға ұл бер деп құдайға құлшылық жасайды. Сол арада Байбиген деген тағы бір бек өзінің қызы жоқтығын айтып қамығады. Тойдағы бектер құдайдан енді оған да қыз сұрайды. Құдайдан бала тілеген екі бек сол арада, егер бірі ұлды, екіншісі қызды болса, болашақ балаларын үйлендіріп құдаласуға уәде жасасады.
Аңыздың осы басталу тұсы-ақ Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың әкелері Сарыбай мен Қарабайдың аң аулап жүріп кездескенін, болашақ құда болуға уәделескенін есімізге түсіреді. Құрсақ құда болу әдетінің ежелден және қазақтың қазақ болуынан бұрын келе жатқандығын дәлелдейді.
Енді аңыздың ары қарай дамуына зер салайық. Қамбура ұлының атын Бамсы-Бейрек, Байбиген қызының атын Бану-Шешек қояды. Ержетіп аңға шығып жүргенінде, бір күні Бамсы-Бейрек айдаладағы бір шатырға кез келеді, ол шатыр Бану-Шешектікі болып шығады. Қызды ұнатқан жігіт құдалыққа Қорқыт атаны жібереді. Той жасалады. Той үстінде Бамсы Бануға сақинасын сыйлайды. Бірінші неке түні Байбөрі қорғанының билеушісі шабуыл жасап, Бамсыны қапыда тұтқынға алады. Сол жатқаннан тұтқында ол он жеті жыл жатады. Елге Бамсы өлді деген сөз тарайды. Күте-күте екі көзі төрт болған Бану-Шешек әлі де үмітпен күйеуін іздеуге көпестерді жұмсайды да, басқа біреуге тиюге амалсыз келісімін береді. Көпестер Бамсыны тауып, болғалы жатқан жағдайдан хабар береді. Бамсы тұтқыннан қашып шығады, сүйікті аты да сол маңайдан табылады. Жолай Бамсы астындағы атын тойға келе жатқан озанның (ақынның) қолындағы музыка аспабына айырбастап, кемтар озан кейпімен Бану-Шешекті ұзатқалы жатқан тойдың үстіне келеді. Елді күлдіріп көңілін көтереді. Садақ атуға қатысып, бәйгені жеңіп алады. Соның арқасында той басқарушы — тойдың бегі сайланады. Тойдың бегі — асаба — болып алған соң, қызметін пайдаланып әйелдер жағына өтіп кетеді де, қалыңдықтың өзімен билеуін талап етеді. Қалыңдықтың қолындағы өз сақинасын көрген соң, Бамсы болған шындықтың бетін ашады. Той бұзылады.
Аңыздың соңғы жағы айнымаған «Алпамыс батыр» жырының бір нұсқасы секілді. Өзі жоқта әке-шешесі мен жары Гүлбаршынға Ұлтан құл істеген қорлыққа диуанаша киінген Алпамыс та Бамсы-Бейрек құсап елеусіз келіп куә болып, бәрін өз көзімен көрмеуші ме еді?! Осының бәрі оғыз жырларының қазаққа ежелден етене екендігін, тұрмыс мәдениетіміздің түпкі көзі ортақ екендігін даусыз дәлелдесе керек.
Әрине, түрікмендер мен әзірбайжан халқының тікелей оғыз ұрпақтары екендігіне дау айтудың қажеті болмас, бірақ түркі халқына ортақ мәдениетте қазақ халқының өз үлесі барлығын естен шығармаған орынды емес пе?
Тарихқа жүгінсек, оғыздар (ғүз, ғүзз, оғұз) — орта ғасырда Орта Азияда өмір сүрген түрік тілдес тайпалар одағы. Олардың арғы тегінің өзара топтасуы Батыс Жетісу жерімен тікелей байланысты. Олар Жетісудан Қаратау мен Сыр бойына шамамен VIII ғасырдың орта шенінде жылжи бастаған деген дерек бар. Оларды қырғыздар ығыстырған. IX ғасырда олар қазіргі Шыңжаң, Гансу провинцияларын қоныстап, Арал, Каспий маңында да оғыз одағы орнайды. XI ғасырдың ортасында оғыз мемлекетін шығыстан келген қыпшақтар талқандайды.
Ерлікті, бірлікті жырлайтын көне эпикалық шығарма «Оғызнаманың» авторын академик В. В. Бартольд қазақ даласының тұрғындары деп біледі. Біраз ғалымдар көне ұйғыр эпосы деп түсінеді. Ғалым Мырзатай Жолдасбеков «Оғызнама» IX ғасырда Жетісу — Сыр аралығындағы оғыз-қыпшақ тайпалары тудырған жыр, оны жазған сол жырдың өзінде аталатын Ұлық Түрк емес пе екен деген жорамал айтады. М. Жолдасбековтің жорамалын құптай қоятын да, теріске шығара қоятын да бізде дәлел жоқ, алайда «Оғызнама» бір ғана ұйғыр халқына тән эпос емес, түркі халықтарына ортақ мұра дегенді құптағымыз келеді. Ал енді «Оғызнама» ұйғыр халқының әдеби мұрасы деген сөз сол шығарманың ішіндегі әңгімеден өрбіген болу керек. Ертедегі күндердің бірінде Ай қағаннан бір ұл туады емес пе. Анасының көкірегінен уыз ішкен соң, ол ембейді, ас ішіп, тілге келе бастайды. Қырық күннен кейін жүріп, ойнайтын болады. Анасының уызын ішкен соң ембей кеткеніне қарап та жұрт оны Уызхан деп атап кетуі мүмкін. Кейде Оғыз деп жүргеніміз Уыз емес пе екен деп те ойға кетуге болады. Шығарманың сюжеті бойынша, күн нұрының қызынан үш ұл, жер қызынан үш ұл көрген соң, Оғыз қаған той жасап, елдің таңбасы мен ұраны не болатынын жариялайды. Сонан соң жан-жаққа елші шаптырып, өзінің ұйғыр қағаны екендігін, енді жердің төрт бөлігінде де қаған болғысы келетіндігін жария етеді. Кім мұны құп көрсе, дос санаймын, құп көрмегенді дұшпан деп білем дейді. Сол жарлыққа орай Алтын қаған оған көп сый жібереді, ал Урум деген қаған қарсы болады. Екеуі соғысып, Урум жеңіледі. Сюжет содан ары өрби береді. Шығарманың осы үзігінен де оны неге ұйғыр халқының мұрасы деп жүргеніміз түсінікті болатын сияқты. Бірақ бір нәрсе есімізде болу керек: Оғыздың өзі ұйғырға қаған болғанымен, ол туралы шығарма тек ұйғыр халқының ғана еншісі бола алмайды. Өйткені Алпамыс батыр да қазақ ішіндегі қоңырат тайпасынан шыққанымен, ол туралы эпос талай түрік тілдес халықтарға ортақ мұра болып жүрген жоқ па? Арғы тегі бір-біріне жақын, туыс халықтардың әдеби, мәдени мұралары да ортақ болатындығы белгілі. Бичурин «Оғызнаманы» II ғасырдың тарихи оқиғаларына байланысты жазылған деген жорамал айтады. Жалпы, шығарма оғыз-қыпшақ тілінде көне аңызға негізделіп жазылған. Кейінгі ғасырда парсы, араб тілдеріне аударылған. Қазіргі сақталған нұсқасы XV ғасырдан кейін қайта хатқа түскен.
1910 жылы Қазан қаласындағы «Өрнек» баспаханасынан басылып шыққан «Тауарих хамса Шарқи» («Шығыстың бес тарихы») деген кітабында аякөздік Құрбанғали Халидов «Оғыз» сөзінің төркінін сары үйсіндермен байланыстырады. Қытайлықтар сары үйсіндерді түстеріне қарап жирен сақал немесе қызыл сақал деп атаған көрінеді, олардың тілінде «оғыз» деген сол мағынаны білдіреді екен. Кезінде бүкіл бір ұланғайыр аймақты алып жатқан үлкен елдің атауын сары үйсіндерге байланыстырғанды бүгінгі ұрпақ құптай да қоймас, әйткенмен оғыз мемлекеті түркі халықтарының одағы болғандығын әлгі дерек бекіте түседі.
Қорқыт, Оғыз жайындағы аңыздарды Рашидад-диннен кейін өзінің «Түрік шежіресі» атты кітабында жазып қалдырған тарихшы — Әбілғазы. Енді ол жайында да бірер өмірбаяндық мәлімет бере кеткен жөн болар. Ол жайында Хиуаның Қият қыстағынан шыққан тарихшы әрі ақын Мунистің «Фирдаус аликбал» («Бахыттың ұжмақ бағы») атты кітабында айтылады. Әбілғазы — Хиуа ханы Арабтың жеті ұлының бірі. Шешесі қазақ сұлтанының қызы болған. Ел басқаруға он алты жасынан араласады. Үргенішті билеушілердің бірі болады. Он жетісінде Қиятты билейді. Сол жылғы бір соғыста әкесі жеңіліп тұтқынға түседі де, Әбілғазы бір жігіт екеуі ұрыс болған жерден қашып шығады. Жолда аты өліп, қасындағы жігіт оған өз атын береді. Біраз уақыт Қиятта, Самарқанда болады, екі жылдан кейін ағасы Асфандияр оның билігіне Үргенішті береді. Түрікмендерді жақтағаны үшін ағасымен келесі жылы бірнеше рет соғысып, ақыры қазақтың ханы Есімге кетіп қалады. Одан Түркістанның ханы Тұрсынға барады. Есім хан Тұрсын ханды өлтіргеннен соң, Бұхара хандығына кетіп қалады. Ол араға да тұрақтамай Хиуаға келіп, сол арада ағасы Асфандияр ханмен екі дүркін соғысады. Ақыры ағасымен татуласып, соның қасында тұрып қалады. Бірақ інісінен күдіктенген ағасы оны ақыры тұтқындап Иракқа жібереді. Он бір жылдан кейін Әбілғазы Исфаханнан қашып түрікмендерге келеді, одан екі жыл Балқанда болады, соңынан Маңғышлаққа өтеді. Ол кезде Маңғышлақ қалмақтарға қарайды екен, олар Әбілғазыға үлкен құрмет көрсетеді. Бір жылдан соң өзбектер қырық тең сый әкеліп Әбілғазыны қалмақтардан алып қайтады. Арада алты ай өткенде Асфандияр хан өледі де, Әбілғазы қырық жасында хан сайланады. Көптеген әскери жорықтарды басқарып, Әбілғазы батыр хан атанады. Ол өзбектерді төрт топқа бөледі: бір топ — ұйғыр мен наймандар, тағы бірі — қоңыраттар мен қияттар, үшіншісі — нөкез бен маңғыттар, төртінші топ — қаңлы мен қыпшақтар.
Әбілғазы түрікмендерді бағындырып, қалмақтарды ойсырата жеңеді. Елді жиырма жыл билегеннен кейін, көзі тірісінде ұлы Анушаны өз орнына хан сайлайды да, өмірінің соңын тыныштықта өткізеді. Ол өте жан-жақты, бәрінен хабардар, тарих пен поэзияны кеп білетін кісі болады. 1659-61 жылдары түрікмен тарихын тарататын «Түрікмен шежіресі» атты кітабын жазады. Негізінен өз ата-бабасын тарататын, бірақ ертедегі елдердің біразы жайында жан-жақты мәлімет беретін «Түрік шежіресі» атты кітабын 1663 жылы жаза бастайды. Өзі сол жылы қайтыс болған соң, оның ол кітабын ұлы Ануша 1665 жылы аяқтап шығады. Осы екі шығармасы арқылы Әбілғазы тарихшы ретінде өлмес даңққа ие болды. Ол заңды түрде шығыс халықтарының ішінен шыққан аса ғұлама тарихшы саналады.
Ертеде Жетісу жерімен «Ұлы жібек жолы» өткен. Бұл жолдың неліктен «жібек жолы» атанғаны қазіргі оқырманға оншалық құпия болмаса керек. Кезінде әлем халқының көз жауын алған Қытай жібегі осы жол арқылы саудаланғандықтан, жол аты солай аталған ғой. Аты аңызға айналған жаһангер Чжан Цянь шамамен біздің дәуірімізге дейінгі 106 жылдарда елші болып ертедегі Бактрия еліне қарай жүргенде, оның сол ұзаққа созылған жолымен соңын ала қытай жібегін тиеген керуен де жүріп отырады. Батыс елдері Қытайды «Жібек елі» деп сол кез тұңғыш таниды. Шығыс пен Батыстың арасындағы сауда мен мәдени байланыстың өркендеуіне арабтар айтарлықтай үлкен үлес қосады. Ол кезде Египет Рим империясының құрамына кірген. Египет астанасы Александрия қаласы Африка, Азия және Европаны өзара байланыстырушы қызметін атқарды. Египеттің әйгілі әйел патшасы Клеопатра «жібек жолы» арқылы келген қытай жібегінен тігілген киім киіпті деген аңыз әңгіме бар.
Аңызға сүйенсек те, ақиқатқа жүгінсек те, кезінде жібек матасына деген жұрттың ынтасы керемет болғанын байқаймыз. Қолда бар кереметті керемет тиімді пайдалану ежелден дәстүр. Көне Қытай мемлекеті жібекті солай пайдаланады, оны қалай, неден жасайтындарын аса шеберлікпен құпия ұстайды. Бүкіл жер бетіндегі жұрттың қолы жеткені үстіне жібек киіп жүрсе де, оның қалай жасалатынын көпке дейін ешкім білмейді. Көп ел құпияның бетін ашу үшін Қытайға арнайы жансыздар жіберіп те байқаған көрінеді, бірақ ол құпияның бетін бірде-бір адам ерлігі мен ептілігі жетіп аша алмайды. Жібек өндіру ісінің көпке дейін құпия сақталып келгендігіне біздің дәуірімізге дейінгі 70-жылдарда туған римдік ұлы ақын Вергилийдің жібекті мақтағанда, оны ағаш тінінің талшығынан жасалады деп жырлауы да дәлел болады.
VI ғасырда Византияның жібек шығаратын өз өнеркәсібі болды. Сол ғасырда Константинополь, Бейрут, Тир, Антиохия қалалары да өз алдына жібек өндіре бастады. Жібек құртын Константинопольге екі христиан монағы таяқтың ішіндегі қуысқа тығып алып келіпті-міс. Ал енді кейбір ғалымдар жібек өндірісі әуелі Орта Азиядағы Соғда жерінде дамып, Европаға содан кейін барған деген де жорамал айтады.
Жібек құпиясының қалай ашылғандығын дәл айтпаса да бейнелеп түсіндіретін бір аңыз әңгіме бар.
Жібек матасының әдемілігіне, құнына Қытаймен көрші ел түріктердің де қатты қызыққаны, сол үшін Ұлы Жібек жолын өз бақылауында ұстап тұрмақ болып талай қырғын соғыстарға барғандығы VI—VII ғасыр тарихынан мәлім. Бір ғасырдан астам уақыт Қытай империясымен бақталас өмір сүрген Түрік қағанатының адамдары да жібек өндірудің құпиясын ұзақ уақыт біле алмайды. Құпияның қатты сақталатындығы сондай — оны білем деп бел буу көпе-кернеу өлімге бас тігумен барабар саналыпты. Дегенмен түріктер өзі сымбатты, айлалы, епті деген бір жігітті арнайы тапсырмамен жібек еліне жасырын аттандырыпты деседі. Жігіт Қытай еліне елеусіз ғана келіп, бірте-бірте ел ішіне сіңіп алған соң, ебі мен тілін қатар жұмсап жүріп қытай императорының сарайына жақындайды. Сөйтіп, бірте-бірте сенімге еніп, ақыры император қызының жақын құрбысына үйленеді. Сол арқылы көп ұзамай жібек матасының жібек құрты арқылы өндірілетінін біліп алады. Құпияны білуін білгенмен, жібек құртын қалай өз еліне жеткізудің амалын таба алмай көп қиналады. Ақыры ақылды жігіт оның да қисынын келістіреді. Ол келіншегіне шашын ұсақ-ұсақ қырық өрім етіп өргізеді де, император сарайындағы, сарай маңындағы жұрттың көзін соған үйретіп біраз аялдайды. «Бұлай өру — біздің түрік әйелдерінің салты»,— деп сендірген де болу керек. Сонымен, келіншегінің қырық өрім шашына қытайлықтардың көзі әбден үйренген кезде, жігіт енді еліне қайтқысы келетіндігін мәлімдейді. Кетерде әйелінің әр өрім шашының түбіне бір, ұшына бір жібек құртын тығады, сөйтіп, барлығы сексен құртты еліне аман-есен жеткізіпті. Түріктер сол сексен құрт арқылы жібек өндіріп, жібек құпиясын алғаш ашыпты-мыс. Аңыздың айтуына қарағанда, көптеген түркі елі қыз-келіншектерінің шашын ұсақ-ұсақ өретіндігі содан бері әдетке сіңсе керек.
«Курьер Юнеско» журналының 1983 жылғы январь айындағы санында көне «Ұлы жібек жолының» схема-картасы жарияланды. Соған қарағанда, ол жол кезінде Европа мен Азияның басты-басты қалалары мен аймақтарын баса өтіпті. Қытайдың Сиань (Бұл қала Хань династиясының астанасы болған), Ланьчжоу, Увэй, Дуньхуан сияқты ірі қалаларынан басталған жол Орта Азияға жеткенде, көп тармақтанып бірі Турфан, Куча арқылы, екіншісі Жоцян, Миньфэн, Хотан, Яркенд арқылы Қашғарға жетсе; одан ары қарай тағы бірнеше тармаққа бөлініп Орта Азияны кең аралап кетеді. Бір жол Қашғардан Самарқанд өтсе; екінші жол Яркендтен Вазирабадқа; ал үшіншісі Қашғардан Пешевар деген қалаға шығады да, Азияның оңтүстігін аралап келіп Вазирабадтан қайта қосылады. Мерв қаласында тармақтары тоғысқан «Ұлы жібек жолы» ары қарай Тегеран, Хамадан, Бағдат, Дамаск, Бейрут, Стамбул қалалары арқылы Римге, Венецияға жетеді. Жалпы ұзындығы 12 мың шақырым болыпты. «Жібек жолы» кезінде елдер мен халықтардың әлеуметтік өміріндегі қан тамыры іспетті болғандығы бәрімізге белгілі. Демек, сол тиімді жолға жақындау, сол жолдың бойын мекендеу ертедегі халықтар үшін аса маңызды мәселе болғандығы шексіз. Сол себепті сол жолдың бойында тіршілік еткен Жетісу халықтарына көз алартушылар да, жерін тартып алуға ниет қылған көршілер де көп болғандығы сөзсіз. Соның нәтижесінде, талай қырғын, талай шапқыншылық бұл жердің төсін қанға бояп өтті-ақ қой. Қан кешіп жүріп жерін қорғаған елдер «Ұлы Жібек жолының» әсерінен мәдениетке, пайдалы заттар өндіруге бейімделіп, өзінің ой өрісін кеңіте де бастағаны ақиқат. Бабалар тарихына қосқан бұл жолдың да өзіндік үлесі бар.
Бұл «Жібек жолының» бойымен әуелгі кезде жібек матасы ғана саудаланғанмен, бірте-бірте сауда көлемі ұлғая береді. Біздің дәуіріміздің I-II ғасырларында «теңіз жібек жолы» пайда бола бастайды, ол жолмен енді қытай фарфорлары оңтүстік-шығыс Азияға шеру тартады. Ол, тіпті, Америкаға жетті деген дерек бар. Кейініректе батысқа қарай Қытай шайы да көптеп жөнелтіледі. Итальяндық саяхатшы әрі саудагер Марко Поло (1254-1324) осы «Жібек жолы» бойындағы біраз елді аралап өтіп Қытайға жетеді, өзінің осы сапары жайында 1298 жылы жазған оның мемуары Монғолия, Қытай, Иран, Ирак елдері жайында мол дерек береді. Оның ол кітабында Қазақстанның көне қалалары жайында да біраз мәліметтер бар.
Тарихшы Л. Н, Гумилев «Ежелгі түріктер» атты кітабында VI-VII ғасырда Қытай жібегін ел-елге таратқан керуен жолының Азияда үлкен-үлкен екі тармағы болғандығын баяндайды. Батыс пен Шығысты жалғастырған ол керуен жолы Түрік қағанатының территориясын қақ жара аралап өткен. Алайда, шындыққа жүгінсек, VI-VII ғасыр Ұлы жібек жолының біраз құлдырау дәуіріне жатады. Ол кезде араб — парсы — түрік — қытай соғыстары керуен жолын қиындатып жіберген. Оның үстіне теңіз жолы да кең өріс ала бастаған. Бірақ, қалай дегенмен де, Азия халықтарының өзара экономикалық және мәдени байланыстарын қалыптастыруда керуен жолдарының үлесі зор.
Керуен жолы Қытайдың Чаньан қаласынан басталып, Турфан өлкесіне келгенде екі тармаққа бөлінген. Бірі Тянь-Шань тауының оңтүстік беткейі арқылы Қаражар, Куча, Ақсуды басып өтіп, одан ары Ыстықкөлдің жанымен жүріп отырып Шу алқабына келген, содан Талас алқабы арқылы Исфараға өткен. Бұл жол Оңтүстік керуен жолы атанған. Екіншісі Жоңғарияның оңтүстігі арқылы Үрімші, Манасты басып өтіп Іле алқабына түскен, содан ары оңтүстікке Орта Азияға қарай бет алған, ал бұл жол Солтүстік керуен жолы атанған.
Енді осы екі дерекке қарап отырсақ, «Курьер Юнескодағы» карта мен «Ежелгі түріктер» кітабындағы мәлімет бастан-аяқ үйлесе бермейді. Оның екі түрлі басты себебі бар ғой деп ойлаймыз.
Біріншіден, «Курьер Юнескодағы» карта Ұлы жібек жолының дәуірлеу кезін — біздің дәуіріміздің бас кезіндегі (I-ІІ ғ.) — жағдайды көрсетеді. Ал Гумилев ел мен елдің арасындағы байланыс, қатынас біраз өркендеген, керуен тарту ісі біршама жетілген уақытты —VI-VII ғасыр кезін — айтып отыр.
Екіншіден, тәжірибеде Оңтүстік жібек жолы, Солтүстік жібек жолы деп жібек жолын екіге бөліп айту бар. Жоғарыдағы екі деректі бір-бірімен салыстыра қойсақ, «Курьер Юнескода» көрсетілген жол Оңтүстік жібек жолына, «Ежелгі түріктердегі» жол Солтүстік жібек жолына жататындығын айыру аса қиын емес. Және Солтүстік жібек жолының Оңтүстік жібек жолына қарағанда әлдеқайда кеш дамығандығын да ескеру керек. Бұл жағдайды анығырақ түсіну үшін, біз академик В. В. Бартольд шығармаларына қосымша ретінде жасалған «Орта ғасырлардағы Шығыс Түркістан және Шығыс Орта Азия» картасына қарадық. Ол картада орта ғасырдағы керуен жолдары арнайы көрсетіліпті. Оған қарағанымызда, Турфан өлкесінде екі тармақтанған жолдың оңтүстік тармағы, «Курьер Юнескодағыдай», Карашар (Чалыш) Куча, Хотан, Яркенд, Қашғар қалалары арқылы Орта Азияға өтсе; солтүстік тармағы, «Ежелгі түріктердегідей» Үрімші, Құлжа, Қорғас, қазіргі Жаркент арқылы жүріп Алтынемел асуынан еткен соң Ілебалық, Алматыны (сол кезде де солай аталған) басып өтіп, Қордай асуы арқылы Мерке, Құлан, Таразға, одан ары Отырарға жетеді. Қаялық (Қойлық) қаласына да үлкен жолдан бір тармақ кетіп жатыр. Керуен жолдарының картасы Қашғар арқылы өткен жолдың Оңтүстік жібек жолы, ал Іле бойымен өткен жолдың Солтүстік жібек жолы екендігін дәлелдей түсетін секілді.
Ертедегі керуен жолдары негізінен ірі-ірі қалалардың арасын жалғастырып отырған, алайда бір ірі қаладан екінші ірі қалаға дейінгі аралықта жол талай кішігірім сәулетті қалалар мен керуен сарайларын да басып өткен, кейбіріне аялдаған.
Бұл екі жолдан басқа тағы бір керуен жолы Жоңғар қақпасы арқылы да өткен. Бірақ бұл араны мекен еткен Дулу (Дулат) тайпасы керуендерді тонап алып, жол тыныштығын жиі-жиі бұзып отырған, сондықтан сауда қатынасы мүмкіндігінше қауіпсіз жолға қарай ығыса берген.
Солтүстік жібек жолы өткен аймақта ірілі-ұсақты қалалар мен қалашықтар пайда болып, әрқайсысы әр дәрежеде дамыған. Іле алқабының бұрынғысына үңілсе, біраз көне қалалардың ізі табылады.
Іле алабында қазіргі Панфилов ауданының шығысындағы Қорғас елді мекені XIII ғасырдан бастап Іле өлкесі мен Жетісуды мекендеген Шағатай ұлысы арасындағы сауда қатынасын жасайтын маңызды пункт болады. Ал Алматы облысына қарасты Шеңгелді поселкесі тұрған жерде ертеде Екіөгіз атты қала болған деседі. В. Бартольд шығармасына жасалған картадағы Ілебалық қаласы сол Екіөгіз болу керек. Жалпы, ол арада XI—XII ғасырларда үлкен керуен сарайы болғандығын кейінгі жылдардағы археологиялық қазбалар дәлелдейді. Бұл қала Іле алабындағы аса ірі ежелгі қаланың бірі Қойлық (Қоялық) пен Орта ғасырдан Алматы атанған қазіргі астана қаламыздың жол ортасына орналасқан. Қойлық қаласы ертеде Қарлұқ қағаны Арыслан ханның ордасы болған көрінеді. Бұрын Қапалдың орнында болған деп келген (В. Бартольд) ол қаланың орны қазіргі Талдықорған облысына қарасты Антоновка селосындағы қираған көне құрылыстар екендігі анықталып отыр.
Шу алабында Баласағұн, Ортасағұн, Бассағұн деген үш қала болған деген де әңгіме айтылады. Баласағұн — әр кезде Батыс түрік қағанатының да, Қарлұқ қағанатының да, Қарахан және Қарақытай мемлекеттерінің де астанасы болған үлкен қала. Қаланың дәл орны күні бүгінге дейін белгісіз. Бұл қалада көне түрік ақыны Жүсіп Баласағұни 1069-70 жылдары өзінің «Құдатғу білік» («Бақыт туралы ілім») атты атақты дастанын жазған. Ғалымдардың жобалауынша, қала XV ғасырда қираған. Қ. Халидов «Тауарих хамса» атты кітабында «Баласағұн» сөзінің төркіні монғолдың «бала» — көрікті тас, «сағұн» — қала деген сөздері арқылы түсіндіреді. Соған қарағанда, Баласағұн деген «Көрікті тас қала» ұғымын беретін сияқты. «Көрікті тас қала» дегеннен шығады, тастан салынғандығына қарап, қазіргі Ақыртас деп жүргеніміз осы Баласағұнның орны емес пе екен деп те ойланамыз.
Шу бойында қазіргі Луговойдың түбінде Құлан атты қала болған. Ол қаланың Ұлы Жібек жолы бойында жатқанын ертедегі ғалымдардың біразы жазған да. Осы аталған қалалар арқылы өткен керуен жолы Таразға (қазіргі Жамбыл қаласы) барып, содан Отырарға өткен. Отырардан Хорезм, Хиуаға кеткен. Ертедегі жұрт Ұлы Жібек жолының Қашғар арқылы өткен тармағын Оңтүстік жібек жолы деп, Іле бойы арқылы өткен тармағын Солтүстік жібек жолы деп ажыратқаны, сірә, рас болу керек. Солтүстік жібек жолының өзі бірі Тянь-Шань арқылы, екіншісі Жоңғар етегі арқылы өтетін екі тармақтан тұрған тәрізді. Біз Солтүстік жібек жолы деп атап отырған жолдың шығыс жақ бөлігі кейін, XIX-XX ғасырларда, өз алдына жеке атаумен Құлжа жолы атанып кеткені тарихтан мәлім.
Күндермен бір заманда өмір сүрген іргелес елдің бірі үйсіндер (ұсұн) ертеде қазіргі Жетісу жерін жайлаған. Олар Ыстықкөлден бастап Тянь-Шань тауының бүкіл солтүстік жағын түгелдей алып жатқан. Үйсін хандығының астанасы Чигу (Шығу) қаласы болған. Үйсіндердің жері шығысында күнмен, солтүстік батыста қаңлымен (кангюй), батысында Даванмен (Қоқанд), ал оңтүстігінде әр түрлі ұсақ, тұрғылықты елдермен шектескен. Үйсінге байланысты Бичурин жоғарыда аталған кітабында аңыз тектес бір мәлімет айтады. Ол аңызға қарағанда, бір кездерде үйсін билеушісінің лауазымы Гуньмо деп аталған. Сол «Гуньмо» сөзінде де күндерге қатысты «күн» сөзінің мәні бар ма, кім біледі? Үйсін гуньмосының әкесі бұрын күндердің батыс жақ шекаралығындағы кішігірім мекенге иелік етіпті. Бір соғыста күндер гуньмоның әкесін өлтіреді де, жаңа туған оны далаға тастап кетеді. Нәрестенің денесіне үймелеген құрт-құмырсқа, шыбын-шіркейді құстар теріп жеп, бір қаншық қасқыр келіп сүтін емізіп асырайды. Оны көрген күн билеушісі мынау тегін болмас деген оймен, баланы үйіне алып өзі асырайды. Кейін ержеткен соң, оны әскербасы етіп сайлайды. Гуньмо әскери жорықтарда әлденеше рет ерлігімен көзге түседі. Риза болған Күн билеушісі оған енді әкесінің иелігіндегі баяғы жерді қайтарып береді де, күндердің батыс қанатындағы күзетті бақылап жүру міндетін жүктейді. Гуньмо өз халқының жағдайын жақсартуды ойлап, біртіндеп төңірегіндегі шағын қалаларды шетінен бағындырып ала береді. Соның нәтижесінде, ақырында соғыс тәжірибесін жақсы меңгерген әлденеше мыңдаған әскерге ие болады. Күн билеушісі қайтыс болған кезді пайдаланып, өз күшін өзіне жеткілікті санаған Гуньмо енді Күн ордасына бармай, оған бағынудан бас тартады, сөйтіп, өз алдына жеке бөлініп шығады.
Әрине, аңыздың аты аңыз ғой, алайда күн мен үйсіннің бір кездерде ағайын, одан көрші ел болғаны, бірде тату, бірде араз жүргені — тарихи ақиқат. «Аңыз түбі — ақиқат» дегенді халық бекер айтпаса керек.
Бичурин үйсіндерді сақ яғни скифтердің ұрпағы дей келіп, моңғолдарға қарсы күресте Қытайға көмектесе-көмектесе, ақырында содан әлсіреп, VI ғасырларда өз мекенінен ауып Памир тауы жаққа кетті де, сол жақта із-түзсіз жоғалды дегенді айтады. Әрине, онысы ағаттау. Үйсін тайпасы кейін қазақ хал қынын қалыптасуына негіз болған тайпалардың бірі екендігі тарихтан белгілі. Үйсіндер қырғыз, қарақалпақ халқының құрамына да енген.
«Қазақстан» баспасынан 1974 жылы жарық көрген «Халық мұрасы» атты кітабында академик-жазушы Сәбит Мұқанов «сақ» деген сөзді «скиф» мағынасында қолдануды құптамайды, өйткені: «Скифтерге славян тұқымдары, олардың ішінде орыс аталары қосылады. Олар сақ сияқты көшпелі болған емес»,— дейді. Бізге де осы пікір орынды көрінеді. Скифтер мен сақтар бір емес, туыс елдер болу керек. К. Ақышев: «Жетісуды мекендеген сақ тайпалары экономикасының, мәдениетінің өсуі жағынан біздің саманымызға дейінгі VII—V ғасырларда скифтер қоғамынан төмен болмағанын дәлелдейді»,— деп жазады. Демек, сақтар мен скифтер екі басқа халық дегенді ғалымдар да құптайды.
Ғалым К. Ақышев сақ пен үйсіндердің Жетісу жерін бір кезде мекендегенін және бір тайпалық одаққа кіргенін дәлелдей келіп, үйсіндер сақтардың тікелей ұрпағы болып табылады деген тұжырым айтады. («Труды института истории и археологии и этнографии», Алма-Ата, 1959, Том 7., стр. 208). Бұл пікірді басқа да белгілі ғалымдар бірауыздан қолдайды.
Кезінде неміс ғалымдары үйсіндер германдықтардың арғы тегі болып табылады деген теория айтқан екен. Ал Ю. Клапроте, көзі мен шашының түсі ұқсас деген негізге ғана сүйеніп, үйсіндерді фин тегінен тараған халық дейтін пікір айтыпты. Бичурин ондай негізсіз нәсілдік теорияларға дәлелді тойтарыс береді.
Ерте кездердегі Орта Азия мемлекеттерінде мұрагерлік дәстүр мен бөлектеп басқару жүйесі басым болған. Мемлекет іші бөлек-бөлек иеліктерден құралып, олар бір-бірімен біресе қосылып, біресе ыдырап, сол арқылы жаңа мемлекеттер жасалып отырған.
Бичуриннің аталмыш кітабында көңіл аударарлық тағы бір мәлімет бар. Оның айтуына сүйенсек, үйсін билеушісі гуньмоның он ұлы болады. Олардың ішінде дене бітімі, әскерге басшылық жасау шеберлігі жағынан Далу атты баласы айрықша көзге түседі. Бірақ сол кездегі жасы үлкенге жол берілетін заң бойынша Далудың ағасы тақ мұрагері болып жарияланады. Алайда мұрагер ағасы ерте өледі, бірақ өлер алдында әкесінен басқа ешкімді емес, тек өз ұлы Сэньцзуді мұрагер етіп жариялауын қиылып өтінеді. Әкесі өлгелі жатқан ұлына деген аяныштан сөйтуге уәде береді. Кейін, Сэньцзуді әкесі мұрагер деп жариялаған кезде, Далу өзін мұрагер етпегеніне ренжіп, жақын жұрағаттарын жинап Сэньцзу (бұл да кісі аты емес) мен Гуньмоны шауып алмақ болады. Ол кезде Гуньмо әбден қартайса керек. Үлкен ұлының өз шешіміне наразы болатынын біліп, ашу үсті інісі Сэньцзуді өлтіріп қоймасын деген қауіппен, Далуге он мың атты әскер еншісін беріп жеке шығарады, өзін қорғауға тағы он мың атты әскер қалдырады. Сөйтіп, үйсін ұлысы үшке бөлінеді.
Бичурин бұл мәліметті Қытай жазбаларынан алып отырғандықтан, кісі аттары түркі тілдегі атаулардан алшақ көрінеді. Дегенмен осыны оқығанда, ел аузындағы бір әңгіме еріксіз еске түседі. Үйсін тайпасының құрамында Албан, Суан, Дулат деген рулар бар. Суан мен Дулат еншіге бола бір-бірімен ренжісіп, інісіне өкпелеген Суанға ағасы Албан ілесіп, екеуі бөлініп басқа жаққа көшіп кетеді. Оғыз бен Мөденің әңгімесіндей, бұл екі әңгіме де бір-бірімен үндес шығып жатыр. Соған қарағанда, екеуіне ортақ бір негіз бар-ау деген ойға қаласың.
Жетісудың әдемі жеріне Қытай, моңғол шонжарлары ежелден көп кез тіккен ғой. Көз тіккенмен ондай әдемі жерді тартып алуға тәуекелдері жетпеген соң, тым құрса ондай елмен тату-тәтті тұруды дұрыс деп білген. Сондықтан өздерімен күші тең халыққа ол кездегі ел билеушілері де жаулап алудан басқа да бейбіт саясат қолданған. Мәселен, Үйсіннің билеушісі Гуньмо мың жылқы беріп Хань Үйінен (Қытай) өзіне әйел сұрайды. Хань оған өз нәсілінен қыз береді, Гуньмо оны тоқалдыққа алады. Гуньмоға Хунну Үйі (Монғол) де әйелдікке қызын береді, Гуньмо оны бәйбіше етеді. Осы фактілердің өзі-ақ кезінде Үйсіннің үлкен мемлекет болғандығын, онымен күшті елдердің де санасқандығын дәлелдейді.
Ол кездегі әдет-ғұрып бойынша хан балалары әмеңгерлік жолмен өгей шешелеріне үйлене береді екен. Кейін, көзі тірі кезінде-ақ, Гуньмо өз немересі Сэньцзуға: «Мен енді қартайдым, ханшаға сен үйлен»,— деген көрінеді.
Бичурин айтқан үйсіндердің арғы атасы сақтарда Жетісу жерін мекендеген. Қазіргі Талдықорған облысының Кербұлақ ауданына қарасты Шолақ тауының оң жақ баурайындағы Бесшатыр обалары сақ тайпаларының зираты болып табылады. Ғалым Кемал Ақышевтің айтуына қарағанда, сақтар бұл араны біздің дәуірімізге дейінгі VII-IV ғасырларда мекендеген. Бесшатыр обаларының ішінен скиф-сармат мәдениетіне жататын оба құрылыстары да табылған. К. Ақышев Бесшатыр ескерткіші Іле аңғарын мекендеген сақтардың өз көсемдерін жерлеген қасиетті жері болған деген тұжырым айтады. Обалар, жалпы, үшке бөлінеді. Үлкен обаларға сақ тайпаларының көсемдері, орташа обаларға соғыста ерлік көрсеткен батырлар, ал кішкене обаларға қатардағы жауынгерлер жерленген деген жорамал бар. Бұл обалардың кейбірінің қасынан жер асты жолдары табылған. Мәселен, Бесшатырдың алтыншы обасының астынан табылған жер асты жолдарының жалпы ұзындығы елу бес метрге жеткен. Ал мұндағы обалардың жалпы саны 31 де, олардың алып жатқан жер ауданы 26 шаршы километр. Тағы Кемал Ақышевтің пікіріне жүгінсек, «Жетісу көшпелілерінің ішінде пайда болған сақтар мәдениетін дүние жүзілік мәдениет тарихының айқын бір беті деп айтуымызға болады» («Ертедегі ескерткіштер елесі». Алматы. 1976 ж.)
Жалпы, «Жетісуды жайлаған ертедегі тайпалар қазақ халқының ұзаққа созылған әрі күрделі жағдайда өткен қалыптасу процесінде үлкен роль атқарды» (Қазақ совет энциклопедиясы. 4-том). Мұнда алғаш ертедегі феодалдық мемлекет пайда болды. Жетісу Түрік қағандығының құрамында болып (VI ғ.), оны мекендеген тайпалар отырықшы егіншіліктің дамуына, қолөнер кәсібінің өркендеуіне үлес қосты. Тарихшы Гумилевтің дәлеліне сүйенсек, түрік қағанаты немесе түрік қағандығы 545 жылы құрылды, оның алғаш қағаны Бумын (Тумын) болды. Түрік қағандығы аса күшті мемлекетке айналады. Оның жері батыста Сырдарияға (ол кездегі аты — Иінчу өзені) дейін, ал шығыста Тибетке дейін созылады. Ордасы Орхон өзенінің жоғарғы сағасында болады. VI ғасырдың аяғына таман Түрік қағандығына солтүстік Қытай мемлекеттері де қарайды. Алайда қытайдың Суй империясының араласуымен VII ғасырдың бас кезінде Түрік қағандығы бір-бірімен жауласқан Шығыс (орталық Азия) және Батыс (орта Азия) Түрік қағандығы болып екі бөлікке бөлінеді. 660 жылы Батыс қағандығы, 630 жылы Шығыс қағандығы күйреді. Бірақ арада жарты ғасырдан астам уақыт өткенде, түрік қағанаты қайта құралады. Ол көкшіл (көгілдір) түрік қағанаты деп аталады. Түрік халқының VI-VIII ғасырлардағы тарихи-саяси жағдайын, түріктің қасиетті жер-суы болған Орхон өзені, Өтукен тауы, Алтай мен Жоңғарды, Алатау сілемдері мен Іле бойын жырлаған, ел бірлігін аңсап еңіреген Иоллығтегіннің «Күлтегін» шығармасының жазылғанына да 1250 жыл толып кетті (732 жылы жазылған). Ғалымдар Иоллығтегінді түркі халықтары жазба әдебиетінің атасы деп жүр. Оны ол атаққа ие еткен «Күлтегін» атты әдеби мұрасы — Монғолиядағы Қарабаласаған қаласының маңындағы бір монастырьдің жанына орнатылған құлпытастағы жазу. Тасқа қашап жазған ол жазуда Шығыс түркі қағандығының, оның құрамына кірген тайпалардың тарихы, мәдениеті және әлеуметтік құрылысы жайында құнды деректер айтылады. «Күлтегінді» қазақшаға ғалымдар Ғайнетдин Мұсабаев, Мырзатай Жолдасбеков (жолма-жол), ақын Қадыр Мырзалиев (көркем) аударды. «Күлтегінді» тарихи-әдеби шығарма деп қарауға болады. Онда:
«Інілі-ағалының дауласқандығынан,
Бекті-халқының жауласқандығынан,
Түркі халқы елдігін жойды,
Қағандығынан айрылды»,
немесе
«Әкеміз, ағамыз құраған халықтың
Аты, даңқы өшпесін деп,
Түркі халқы үшін
Түн ұйқтамадым,
Күндіз отырмадым»,—
сияқты көркем өрнекті жолдар көп-ақ. Бұл екі мысал да М. Жолдасбековтің жолма-жол аудармасынан берілді.
Жалпы, түркі халықтарының жазба әдебиеті дегенде, біз тек «Күлтегін» шығармасын ғана сөз етіп, «Тоныкөк» шығармасын естен шығаруымызға еш болмайды. «Күлтегінде» айтылған тарихи жәйттер «Тоныкөкте» де айтылады және соның бәрін Тоныкөк өз атынан баяндайды. «Күлтегінді» Иоллығтегін 732 жылы жазса, «Тоныкөк» шығармасы 716 жыл мен 720 жылдардың арасында жазылған деген жорамал бар (Л. Н. Гумилев). Әдеби әрі тарихи маңыздылығы жағынан бұл екі шығарма да өте құнды. «Тоныкөк» жазуындағы «Жұқаны топтау оңай, Жіңішкені үзу оңай. Жұқа қалыңдаса, оны тек алып топтайды; Жіңішке жуандаса, оны тек алып үзеді» сияқты жиі кездесетін шешендік тіркестер терең зерттеуді қажет етеді.
«Күлтегінді» біреулер поэзиялық, біреулер прозалық шығарма деп дауласады. Ал Сәбит Мұқанов: «Ол орыстың көне заманғы атақты эпосы «Игорь полкі туралы сөзге» пара-пар поэма деп бағалап, ондағы батырдың атын «Күлтікен» болуға тиіс деп жорамалдайды, «күл» сөзін «гүл» сөзімен байланыстырады. «Күл» мен «гүл» байланысса байланысар, бірақ «тегін» сөзі «тікенмен» байланыспайды, Сәбең бұл арада халықтық этимологияны қуалап кеткен болар. Ертеде еншілік-мұрагерлік жүйе бойынша ханнан кейінгі бірінші адам түріктерде «ябғу» аталады екен. Ол адам тікелей тақ мұрагері болып есептелмепті. Тақ мұрагерлері «тегін» атаныпты. Ал ханның балалары «шад» атанған, олардың бәріне басқаруға жер бөліп енші берілген. Күлтегін, Иоллығтегін сияқты кісі аттарының құрамында кездесетін «тегін» сөзінің төркіні осы мұрагерлік атауына байланысты. Қазақтың «тегі жақсы», «текті тұқым» деуінде осы «тегіннің» әсері болуы мүмкін.
Күлтегін 731 жылы, ескерткіштің өзінде жазылғандай 47 жасында өледі.
Түрік қағандығына кезінде қазіргі Жетісу жері де қараған, бүл араны мекендеген тайпалар сол қағандыққа бағынған. Сондықтан түріктер жайында кеңірек айту керек сияқты. Олардың ерте кездегі тұрмысы, әдет-ғұрпы қандай болды екен дегенді оқырман да ойлайтын болу керек.
Ұлы Жібек жолының бойындағы Мерв қаласында XII ғасырдың 1046 жылы туып, Мәлік-шах сұлтанның сарайында дәрігерлік қызмет атқарған Шараф ал-Заман Тахир ак-Марвазидің араб тілінде жазылған «Таба, и ал-Хаиаван» («Хайуандардың табиғи ерекшеліктері») атты кітабында түріктер жайында жалпы мәліметтер айтылады. Бұл кітаптың «Түріктер туралы» деген тарауын орысшаға аударып ғалым В. Храковский 1959 жылы «Шығыстану секторы еңбектерінің» 1-томында жариялады. Марвази ол кітабында: «Түріктер — сан алуан тайпалары мен тайпалық бөліктері бар көптеген топтар мен рулардан тұратын ұлы халық,— дей келіп,— олардың кейбірі қалалар мен селоларда тұрса, кейбірі шөлейт далаларды мекендейді»,— дегенді айтады. Түрік тайпаларынан бірінші ғұздарды (оғыз) атайды, олар он екі тайпа ел болды, жері Хорезммен іргелесіп, Мауареннахрмен шектелді дейді. «Күн» атты адамдардың тобы Қытай жерінен ығысып келген көрінеді. Қырғыздар мен қарлықтарды (карлуктарды) айтады. Қимақтарды үйі де, селосы да жоқ халық деп таныстырады. Олардың жазғы азығы қымыз, қысқы азығы сүр ет дейді. Басри (басыр) деген халықты айтады. Печенегтердің көшпелі халық екендігіне айрықша мән береді. Олардың солтүстігін қыпшақтар, оңтүстік батысын хазарлар, шығысын оғыздар, ал батысын славяндар жайлайды дейді. Хазар елінің бір бөлігін буртастар мекендепті. Мадьярлар — түркі халқы, Руа және Атил яғни Дунай мен Еділ өзендерінің аралығын мекендейді депті. Марвазидің бір қателігі славяндарды, оның ішінде орыстарды да түркі халқына жатқызады. Орыстардың да ислам дінін қабылдағанын айтады. Сарматтардың көзі кішкене болғанмен, жіткір келетіндігін ескертеді. Сонымен қатар Гален мен Гиппократтың түріктер жайындағы пікірлерін де келтіре кетеді. Олардың айтуынша, түріктер сауыққой, ауыр еңбекпен айналыспайтын жалқау, етжеңді, денелеріне жүн шықпайтын, әйелдері аз бала көтеретін халық болған көрінеді. Бірақ Гален түріктердің әйелі еркектерден кем соғыспайды деп те баға беріпті.
Ал енді 1956 жылы «Археология және этнография тарихы институтының еңбектері» жинағының 1-томында А. М. Мандельштам «Ал-Джахиздің» Фатх б. Хаканға жолдамасындағы» түріктерге мінездеме» деген мақала жариялады. Онда осы күнге дейін көңіл бөлінбей келген IX ғасыр шығармасы «Түріктер мен халифаттың барлық әскерлерінің дәрежесі жайында Фатх б. Хаканға жолдама» деген ал-Джахиз еңбегі талданады. Бұл еңбек мәжіліс үстінде пікірлесу сияқты жазылған.
Халиф ал-Момунның жұмсаған адамы жиналып отырған өңкей әскербасылардың үстіне келіп: «Егер сенімді адамдармен келе жатсаңыздар, қарсы алдарыңыздан жүз түрік шыға келгенін қалар ма едіңіздер жоқ әлде жүз хариджиттің бе? Соның себебін, дәлелін әрқайсыларыңыз жазып беріңіздер»,— деп талап етіпті. Сонда, сол арада отырғандардың барлығы да жүз хариджит кездесіп соғысқаннан гөрі жүз түрікпен жолыққанды артық санайды. Тек халифтің ең үлкен әскербасыларының бірі Хумейд қана үндемейді. Халифтің кісісі Хумейдтін, де өз пікірін білдіруін өтінеді. Хумейд өзінің жүз түріктен гөрі жүз хариджитпен жолыққанды жеңіл санайтындығын айтады. Ол хариджиттер басқа әскерлерден қаншалық артық болса, түріктер хариджиттердің өзінен соншалық артық деп бағалайды.
Хумейдтен басқа әскербасылардың айтуына қарағанда, хариджиттердің басты-басты бес артықшылығы бар екен. Олардың басқа әскерлерден бірінші артықшылығы — айқастың алғашқы кезін жақсы ұйымдастыра білетіндігі, олар жауды қалай соққысы келсе, солай соға алады. Екіншіден, ұзақ жолға атпен жүруге өте төзімді. Соның арқасында алыстағы жауды қапыда басып қала береді. Үшіншіден, қуса — жетеді, қашса — құтылады деген жұрт аузында олар жайында жақсы дақпырт бар. Төртіншіден, олар жолға жеңіл азық-түлікпен ғана шығады, жүктері болмайды. Сондықтан, егер қажет болса, олар кешке бір елде болса, таңертең тағы басқа бір елде бола алады. Ертеңгі күнін ойламайтын, басы артық қор жинамайтын олар құдды құс сияқты. Бесіншіден, хариджиттердің жүзіне халифаттың жүз әскері төтеп бере алмайды, ал одан кеп әскер жіберсе, әрекетке икемсіздігінен тағы қиын болады. Міне, осындай себептеріне байланысты халифат әскербасылары хариджиттермен қақтығысқылары келмейді.
Бұған қарсы Хумейд былай дейді: Алғашқы соққы беруде хариджиттерден гөрі түріктер шебер. Олар өз ісін дәлірек әрі ақылдырақ істейді. Соғысқа кіргенде, оларда сенімді бір-ақ мақсат болады, сондықтан аттарын да солай үйреткен, орта жолда ешқайда бұрылып кетпейді. Хариджиттер шабуылға найзамен шыққанды жақсы көреді, түріктер де найзаласуға келгенде хариджиттермен бірдей, ал олар шабуылға шыққанда мың әскері мың жебе атса, жауының мың әскерін сөзсіз құлатады. Хариджиттер мен бедуиндер олар құсап ат үстінде шебер ата алмайды. Түріктер ат үстінде шауып келе жатып алды мен артына да, оңы мен солына да, жоғары-төмен де ата береді және хариджит садақтың адырнасына бір жебе салғанша, ол он жебе атып үлгереді. Хариджиттер тегіс жерде атпен қалай шапса, түріктер таудан төмен қарай да сол жылдамдықпен шаба береді. Түрікте төрт көз болады: екеуі алдында, екеуі желкесінде. Хариджиттер соғысты аяқтар сәтте кемшілік жіберсе, хорасандықтар соғысты бастар кезде жібереді. Хорасандықтар соғыс басталар кезде айналшақтап қалады, сол арада жау ту сыртына шығып кетсе, шегінуге мәжбүр болады, кейде шегінуден шабуылға да көшіп жатады, бірақ анық қауіп жоқ болса ғана шабуылдайды. Ал хариджиттер бір шегінсе, қайта оралмайды, бір қашқан соң олардың қайта бұрылып жауға беттеуі өте сирек болады.
Түріктер хорасандықтарша айналшақтамайды, олар шегінсе де, қуған жауды қыра береді, өйткені садақты артына қарай да алдына қарап атқандай дәл атады. Және олардың лақтырған шалмасынан ат та құлап жатады, ат үстінен адам да ұшып кетіп жатады.
Ұзақ жолға, түнгі жорыққа төзімділігі жағынан түріктердің ешбір теңдесі жоқ. Хариджиттердің аттары түрік аттарындай шыдамды емес. Түріктер өзі мінетін атты құлын көзінен бағып-қағады, сондықтан олардың аттары иесінің не істемек ойын қимылынан-ақ біліп икемделіп тұрады. Бүкіл өмірінің көпшілігін түріктер жер үстінде емес, ат үстінде өткізеді. Олар атын күннен қалқаламай, суықтан бүркемелемей шыдамдылыққа үйретеді. Түрік дегенің әрі бақташы, әрі атты күтуші, әрі ат сатушы, оған қоса әрі дәрігер, әрі мініскер. Бір түріктің өзі — бір адам бейнесіндегі бүкіл халық. Олар әбден шаршап, ұзақ жолдан қалжырап жатқанның өзінде аң мен құс көзіне шалынса, түк жол жүрмегендей ұшып тұрып қуа жөнеледі.
Хариджиттердің найзасы ұзын, түріктердікі қысқа, қысқа найза алып жүруге жеңіл және күшпен сұғуға қолайлы.
Хумейдтің түріктерге берген мұндай мінездемесіне бәрі де тоқталады. Ал кейбіреулер оған қосымша тағы да талай-талай түріктердің артықшылықтары жайында дәлелдер келтіреді. Мәселен, түріктер кек дегенді білмейді, жағымпаздықпен жалған айтпайды, екіжүзді емес, өсекке жоқ, достарына тәкаппарлық жасамайды деген сияқты мақтаулар айтылады. Олардың дене күшінен гөрі рухани күші мықты, гректер философияға, қытайлар қолөнер кәсібіне қалай шебер болса, түріктер де соғыс ісіне сондай шебер деген пікір айтылады. Олар қызба, тез, бірақ ақылды деген баға беріледі. Олар — көшпелілер, дала мен малдың иелері; кәсіппен, саудамен, ғылыммен, егіншілікпен, кұрылыспен айналыспайды; біреуді шауып алу, тонау, атқа мінуден басқада жұмыстары жоқ, сондықтан соғысуға келгенде алдарына жан салмайды деп дәлелдейді. Сол кезде ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан «Түріктердің өзі тиіспей тұрғанда, сен де оларға тиіспе» деген мәтел болыпты. Араб әскерлеріне түріктердей үрей туғызатындар болмаса керек.
Жалпы, бұл шығармада түріктердің кемшілігі ғана айтылмай, жақсы жағы ғана мадақталады. Және мұнда нақты қай түрік тайпалары жайында әңгіме болып отырғанын да айқындау қиын. Дегенмен ертедегі түріктердің ел аузында елеулі халық болғандығын бұл шығарма даусыз дәлелдейді. Алайда Джахиз айтып отырған бүкіл ерекшеліктер сол қалпы қазақ халқының да бойынан табылады десек, шындыққа обал болар еді. А. И. Левшиннің жазбалары оған куә. (1832) Оның айтуынша, қазақтардың өзі жасаған садақ пен жебесі өте нашар болған, сондықтан олар оны башқұрттардан, монғолдар мен қытайлардан алып отырған. Қылыш пен семсерді қазақтар мүлдем жасай алмай, Хиуадан, Бұқарадан, Қашқардан алдырған. Өзі жасап, өзі жақсы қолданған қаруы найза ғана болса керек. Соған қарағанда, Джахиздің түріктерді мадақтаған шығармасына сын көзбен қарау қажет. Ата-бабалары жақсы соғысқанмен, кейінгі қазақтар, Левшиннің айтуына қарағанда, жөндеп соғыса алмаған және бір-біріне бағыну, өзара келісімге келу тәртібі нашар болғандықтан, соғысуға мүмкіндіктері де болмаған. Олар алғашқы шабуылға барын салады, сондықтан сол кезде олардың екпініне төтеп беру қиын, бірақ алғашқы сәтсіздіктен кейін-ақ божырап сала береді. Бір ғана зеңбірек есепсіз қыра алады дегенді айтады Левшин.
Көне түріктердің тарихи бейнесін суреттеп, бүкіл тіршілігіне талдау жасаған үлкен тарихшы Лев Николаевич Гумилев екендігі әркімге аян. Оның 1967 жылы жарық көрген «Ежелгі түріктер» атты кітабы ертедегі түрік державаларының қалай құрылғанын, қалай жойылғанын нақты фактірлермен дәлелдейді. Оның айтуынша, түріктер алғаш әлемдік тарихтың аренасына темір өндірудің мамандары ретінде шыққан. Олардың бас киімдері қазіргі қазақтар киетін малақай тектес болған. Ұзақ уақыттар бойы далалы аймақта түріктердің атты әскеріне теңесетін әскер болмапты. Ежелгі түріктер қазіргі қазақ, қырғыз халықтары сияқты киіз үйлерде тұрыпты. «Табиғатпен тығыз байланыста болған көшпелілер үшін киіз үй бап іздеу емес, қажеттілік еді» (Л. Н. Гумилев). Көп жұрт, шынында, киіз үйді жұтаң үй деп қана ұғады. Киіз үй кезінде хандарға сарай да болған, орда да болған; оның іші-сыртын әркім өз дәулеті мен мүмкіншілігіне қарай әр алуан жасаулап, әр қилы әшекейлеген. Бірақ, бір өкініштісі, оны сол тігулі тұрған қалпында ұрпақ үшін сақтап қою мүмкін емес. Қанша әдемі тігілсе де, жазда жығып жайлауға, қыста жығып қыстауға әкету керек. Сондықтан оны өзге елдің мәрмәр сарайымен де, қыш ғимараттарымен де салыстыруға болмайды, солармен салыстырып, кемсіте баға беру де біржақтылық. Ондай үй өз өлкесі үшін бірден-бір қажет үй болған.
Кезінде Византия императорының сарай қызметкері Мекандр Протектор бір хан шатырын көріп қатты таң қалған екен. Оның алтындатқан жиһазы мен әшекейіне де, орнынан бір-ақ ат жылжытып әкете алатын жеңілдігіне де тәнті болады.
VIII ғасырдың соңы мен IX ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген Қытай ақыны Бо Цзюй-и түркілердің үйін «көгілдір киіз үй» деп атап, оған бірнеше мадақтау өлең арнапты. Аталмыш кітабында Гумилев оның екі өлеңін немісше жолма-жол аудармасынан тәржімалапты. Оның бірі «Көгілдір киіз үй», екіншісі «Киіз үй және ошақпен қоштасу» деп аталады. Қытайда 618 жылдан (Ли Юань басқарған кезде) Тан империясы орнаған ғой. Сол Тан империясын үлкен қолбасшы, ұйымдастырушы әрі саясатшы Ли Ши-мин (Ли Юаньның баласы) басқарған кезде (626-649 жж. Тайцзун деген атпен) түркілер мен қытайлар, басқа да көшпелі тайпалар мен одақтар Қытай империясы құрамында бейбіт өмір сүрген. Қытайдың ауқатты адамдары түріктерше киіз үй тігіп отыруды, түріктерше киім киіп жүруді әдетке айналдырған. Бо Цзюй-идің өлеңдері де осы тұста жазылған. Олардың әйелге деген құрметі де ерекше-тін. Киіз үйге кіріп келген баласы қолын кеудесіне қойып әуелі анасымен амандасып, сонан соң ғана әкесіне сәлем береді екен. Түріктер әйелдің өзін де, сөзін де қатты сыйлаған секілді. «Әйелі арқылы түріктің түбіне жетуге болады» дейді екен. Олар ешқашан жесір әйелді жалғыз тастамаған. Жиі соғыс, жиі қантөгіс кезінде бас иесіз қалған әйел мен оның балаларын бағу әмеңгерлік жолмен ер адамның туыстарына жүктелген. Ежелгі түріктер туғаннан өлгенге дейін бір есіммен өтпеген. Оған бала кезінде ат қойылған, ержеткенде шен, дәреже берілген, ал үлкейгенде атаққа ие болған. Мәселен, түрік қағанатының тұңғыш ханы Бумын әуелі Ябғу атанған, кейін, 552 жылы жужандарды жеңген соң, Елхан (Иль-хан) аталған.
Көшпелілер мәдениетін жабайы, толық қанды емес, шет аймақтың мәдениет деп менсінбей, кемсіте қарау қате, көшпелі мәдениет те өз бетінше дамып қалыптасқан өз алдына дербес мәдениет дегенді айтады Гумилев. Оның айтуынша, адамзат тарихына қосқан үлесінің үлкендігіне қарамастан, түркі халқының саны аз болған. Оның жойылып кетуіне де сол аздың аз себеп болмаған болу керек. Алайда «түрік» сөзі түбегейлі жоғалып кеткен жоқ. Қазір түркі тұқымына жататын талай халық Совет Одағында да тұрады, түркі тобына жататын тілде сөйлейді.
XIІІ ғасырдың бас кезінде Монғолияда Шыңғысхан билігі дәуірлей бастады, оның жаугершілік жорықтарының нәтижесінде талай іргелі елдердің шаңырағы шайқалды. Осы кездерде Шыңғысхан әскері талқандаған Найман, Керей сияқты түркі тайпалары Жетісу жеріне ауып келді. Найман мен Керей де қазақ халқын құраған ірі тайпалардың қатарына жатады. Наймандар ежелден Ертіс өзенінің бас жағын мекендеген. Территориясының батыс жағы Найман тауынан (Шыңғыс тауы) басталып, шығысы Орхон өзенінің алқабына дейінгі аралықты алып жатқан. XII ғасырдың аяғына дейін Найман бірлестігін Инанг Білгі Бұқа хан басқарады. Оның тұсында Құбатегін деген атақты ақыны болады. Инанг Білгі өлген соң, Найманды оның екі ұлы екіге бөліп басқарады. Үлкені — Таян хан (Бай-Бұқа), кішісі — Бұйрық хан екеуі бір-бірімен араз болады. 1199 жылы керейіттердің ханы Уән-Хан Тоғрыл мен Шыңғыс ханның әскері Бұйрық ханның ұлысын быт-шыт қылады, Бұйрық ханның өзі Енесей қырғыздарына қашып құтылады. Одан кейінгі бір жылдардағы соғыста Бұйрық хан мен әскери қолбасшысы жеті Тоғлұқ («Жеті тулы») екеуі Уән-Ханның қолына тұтқынға түседі.
Інісінің жағдайын біліп отырған Таян хан оған көмекке өте кеш келеді. Бірақ Таян Уән-Ханды күйрете жеңеді, ханның өзін наймандар кездейсоқ өлтіреді. Енді Шыңғысқа қарсы шығатын жалғыз Таян хан болып қалады. Шыңғыс жалғыз қалған оны оңай жеңеді, Таян ханның өзі ауыр жарақаттан өледі. Енді наймандар ата мекенін тастап Алакөл, Балқаш көлі, Жетісу, Есіл, Сыр, Ұлытау бойына қарай ауады. Осы жағдайлардың бәрі жазушы И Калашниковтың «Қатыгез ғасыр» атты романында көркем көрініс тапқан.
Наймандар өзбек, қарақалпақ, қырғыз, башқұрт халықтарының да құрамына енеді.
Таян ханның ұлы Күшлік бастаған наймандар Жетісуға ығысады. Жетісуды ол кезде қарақытайлар билеп тұрған. Наймандардың көсемі Күшлік хан қарақытайлармен соғысып, оны біршама әлсіретті. Сол әлсіреп тұрған кезінде соғыс ашып, 1210 жылы Мұхаммед Хорезмшах қарақытайлықтарды Талас өзенінің бойында ойсырата жеңді. Сол жеңілісті пайдаланып, енді Жетісуды Күшлік хан биледі.
Осы оқиғаға байланысты XIII ғасырлық араб тарихшысы Ибн ал-Асир «Китаб ал-калил фи-т-тарих» деген кітабында құнды мәліметтер жазады.
Қарақытайлардың (Хитайлардың) патшасы Хорезмшахқа: «Біздің елімізді басып алғаныңды, адамдарымызды ұрғаныңды кешірдік. Бірақ бізге өз әліміз жетпейтін бір жау шықты. Егер олар кеп бізді жеңіп, билесе, онда ешкім оларды сендерден де тоқтата алмайды. Егер сен әскеріңмен бізге келіп, олармен соғысуымызға көмек берсең, пайдалы болар еді. Ал біз жеңгеннен кейін сенің елден не алғаныңды дауламаймыз, қолымызға түскенін ғана қанағат етуге ант етеміз,— деп сәлем жолдайды.
Хорезмшахқа дәл сол кезде Күшлік хан да елші жібереді. «Қарақытайлар — сенің жауың, бабаларыңның жауы және біздің де жауымыз. Соларға қарсы шығуға бізге көмектес, ал біз оларды жеңген соң сенің еліңе жақындамаймыз, солардың тұрған жерін алғанды да қанағат қылуға ант береміз»,— дейді.
Ал Хорезмшах екеуінің де әрқайсысына: «Мен сенімен біргемін, жауыңа қарсы көмектесем»,— деп уәде береді.
Күшлік хан қарақытайлармен соғысып, оларды ойсырата жеңеді. Сол кезде Хорезмшах та оларды шабуылдап шетінен бәрін қырып жояды, тонайды, аз ғана отрядпен бірге патшасы ғана аман қалады. Хорезмшах Күшлік ханға адам жіберіп, оған өзінің көмекке келгенін, өйтпесе оның өз жауын жеңе алмауы мүмкін екендігін айтады. Күшлік хан оған қарақытайларды екеулеп жеңдік, енді жерін де екеуміз бөліп алайық дегенді айтады. Ал Хорезмшах: «Менің саған семсерден өзге берерім жоқ, сендер қарақытайлардан артық батыр да емессіңдер, патшалықтарың да одан асқан даңқты емес, қанағат қылып үніңді шығарма, әйтпесе саған қарсы аттанам да, қарақытайлардан бетер етем»,— деп дөкір жауап қайтарады.
Ашуланған Күшлік хан әскерін жинап Хорезмшахқа қарай қозғалады. Өзінің оған қарсы тұра алмайтынын біліп, Хорезмшах одан сытылып кетеді. Бірақ Күшлік хан әскерімен басқа жаққа бет алғанда, ол оның елін шауып, мал-мүлкін тонап кетеді. Әдейі аңдып жүріп көшіп келе жатқан руларға шабуылдайды. Арнайы адам жіберіп, Күшлік хан оған былай деп сәлем айтады: «Патшалар бұлай істемейді, қарақшылар сөйтеді. Егер сен өзің айтқандай сұлтан болсаң, онда екеуміздің кездесуіміз керек: не сен мені жеңіп, мен билеген елге ие боласың; не оны мен саған істейтін болам».
Хорезмшах оған жауап бермейді. Бірақ Күшлік хан келіп бар байлығын алып кетеді деген қызғанышпен Шаш, Ферғана, Исфиджаб, Касан қалаларын өзі тонап, өзі қиратады.
Алайда, Күшлік ханның күшеюі де, билігі де ұзаққа бармайды, 1211 жылы монғол әскерлері Жетісуға—қазіргі Талдықорған облысының территориясына — баса-көктеп кіріп, 1218 жылы бүкіл Жетісуды түгелдей жаулап алады. Шыңғыс хан әскерін 1211 жылы Жетісу жеріне Жоңғар қақпасы арқылы Құбылай нойан басқарып кіріпті. Басты қаласы Қаялық (Қойлық) болған қарлықтар монғол әскеріне соғыссыз беріледі. Қарлықтар ол кезде мұсылман болған, ал Күшлік христиан дінінде екен. Жетісудың шығысына 1218 жылы Жебе нойан басқарған монғол әскері Құлжа өлкесі арқылы кіреді. Күшлік ханның әскері күйрей жеңіледі, өзі өледі. 1219 жылы Жетісу мен Түркістан арқылы Шыңғыс ханның өзі де батысқа қарай қозғалады.
Қазіргі Талдықорған облысының тұрғындары сол жаугершіліктің кейбір аңыз деректерін әлі де айтады.
Мәселен, Шыңғыс хан Жалаңашкөлдің жағасына тоқтап шатырын тігіпті, суына бетін жуыпты деседі. Сарыөзек пен Талдықорған арасындағы жол бойында оқшау дөңгеленген жартасты шоңы бар, соның үстіне шатыр құрып, Шыңғыс хан өз ордасын уақытша сонда орнатыпты деген де әңгіме айтылады. Әрине, ол аңыздарды дәлелдеу де, терістеу де мүмкін емес. Және де Шыңғыс ханның қай араға тоқтап, қай араға түнегені бүгінгі ұрпаққа бәлендей қызғылықты да емес. Әйткенмен Шыңғыс ханның шапқыншылығына, бейбіт елдің берекесін шайқалтқанына халық наразылығын білдіретін де бір аңыз бар, оны көнекөз қарттардан журналист-жазушы Рашид Рахымбеков жазып алған екен.
Монғолдар шапқыншылығына ұшырамас бұрын Жетісу халқы егіншілікпен де өнімді айналысыпты. Суы мол, топырағы құнарлы жерге егін де ерекше жайқалып шығатын болса керек. Шілде айының іші деседі. Жолындағыны жапырып, бәрін шаңға көміп келе жатқан Шыңғыс ханның қалың әскері кенет алдынан ұшы-қиыры жоқ сап-сары ала айдын шыға келгенде, көріністің сырын түсіне алмай, бір сәт іркіле тоқтай қалыпты.
— Теңізге тап келдік, шегінелік!— деген екен деседі әскер шулап.
— Шегінбейміз! Теңізді шап, тақырла!—депті қаһарлы Шыңғыс.
Атойлап шапқан қалың қол әлгі теңіздің егінжай екендігін әбден жақындағанда ғана біледі. Елдің ырысын аяусыз таптап келе жатқан әскер бір кезде алтын орағын қолына алып, ештемеден алаңсыз әндетіп қана егін орып жүрген жігітке тап болады. Жаугер нөпір кілт тоқтап, не дер екен дегендей ханның бетіне қарайды.
— Ей, малғұн!— дейді ызалы хан.— Мен Шыңғыспын. Ханға неге тағзым қылмайсың?
— Шыңғыс болсаң, өзіңе Шыңғыссың. Хан болсаң қайтейін, нан аттап ханға тағзым қылмайды біздің халық, мен халқымның нанын орып жатырмын,— дейді жігіт.
Жігіттің нық, уәжді сөзінен хан тосылып қалады. Бірақ нөкерлерінің көзінше беделін сақтау үшін, жігітті айламен идірмек оймен:
— Ендеше, андағы алтын орағыңмен бір бау масақ орып атыма жегіз!— дейді.
Жаудың атына жұрттың ырысын жегізгісі келмеген жігіт дереу қолындағы алтын орақты аспанға шиыра атып жіберіп, беліндегі сапысын жұлып ап ханға ұмтылыпты. Көз жазбай қарап тұрған қалың жауынгерлер қапы жіберсін бе, қайран ер ұмтылған бетте жер құшыпты. Өзінің жеріне, өзінің егініне құлапты. Ал жігіт қолынан шыққан алтын орақ сол самғағаннан самғай ұшып жерге түспей көзден ғайып болады. Егін орағы басталар шақта, алтын орақ іспетті жаңа ай туған кезде, қарт диқандардың: «Ай көрдім — аман көрдім, баяғыдай заман көрдім. Ескі айым, есірке; жаңа айым, жарылқа. Айналайын, Алтын орақ, келсеңші, несібемізді берсеңші»—деп сыйынатыны содан қалыпты деседі.
Мұндай аңыздар тарихи дәлел есебіне жүрмейді. Алайда халықтың жүрек қалауынан, ниетінен мүлтіксіз хабар береді. Тілсіз тасқындай жойқын күшпен елді шауып, жерді басып алған Шыңғыс құдіретіне халық егінші жігіттің қылығы арқылы жауап бергендей. Күшпен келген жауға халық ешқашан ел ырысын еркімен бермеген. Туған жерді қорғап, елдің намысын төкпей өлуді абырой санаған. Айдаладағы жалғыз егінші жігіт жер қайысқан қалың қолдың алдында тұрған қаһарлы ханға сапысын ала ұмтылғанда, оның, әрине, жеңу түгіл өлтіру мүмкіндігі де жоқ еді, бірақ жау жүрегіне үрей салатын өжеттігі, үнсіз бағына беретін өз халыққа емес, әлі келгенше алысып өлетін ер халықтың жеріне кіргенін дәлелдейтін намысқойлығы — ұрпаққа ұялмай мұра ететін қылықтар. Ондай ерлер тумайтын елдің бұрын-соңды бас еркі болған емес. Сондықтан Жетісу жерінің аты белгісіз егінші жігіті өзінің ісі арқылы біздің ризашылығымызға бөленуге қақылы. Оның аты белгісіз болуға да тиіс, өйткені жалғыз сол ғана өйтіп ерлік жасаған жоқ, қолына қару ұстай алатын бағландардың бәрі де сөйтті. Ал бізге жеткен аңыз бір жігітке ғана емес, бүкіл соның тұстастарына — біздің ата-бабаларымызға — ортақ ескерткіш. Ұрпақтарының жүрегінде сақталып, көңілдерінен шықпауға тиіс ескерткіш. Мәңгі бойтұмар.
Монғол дәуірінде Жетісу топырағында туып-өскен атақты адамның бірі — Жамал Қарши. Шын аты Абулфазыл ибн Мұхаммед. 1230 жылы Алмалық қаласында туған, 1315 жылы өлген. Атақты ғалым, тарихшы, жазушы. Оның әкесі Баласағұн қаласында туған. Жамал Қарши кітабындағы оқиғалардың көбін өз көзімен көріп немесе сол оқиғаға қатынасқандардың өз аузынан естіп барып хатқа түсірген. Ол өзінің «Лұғатқа қосымша» деп аталатын («Мұхаммед ас-Сурах») негізгі еңбегін араб тілінде жазған. Атақты ғалым Жаухаридың «Сахаха ал-Жаухари» атты кітабын парсы тіліне аударып, оған «Қосымша» жазады.
Жамал Қарши тарихи оқиғалардың ішінде Оғыз-қарахан дәуірін, қарақытай мен наймандар дәуірін және Шыңғыс дәуірінің алғашқы кезеңін — осы үш дәуірді ерекше терең талдап суреттеген. Оның айтуынша, XII ғасырдың басынан ХІІІ ғасырдың аяғына дейін Жетісудағы ең мықты тайпа қаңлылар болған, олар Алмалық қаласын орталық етіп, осы өлкені билеген. Қаңлылар Шыңғыс үстемдігі кезінде де сыйлы болған. Ордасы Жаркент (Панфилов) қаласына таяу жерде болған Шағатай ұлысында қаңлылар бектердің ішінде бірінші орынға отырған көрінеді.
Халықтың атадан балаға мұра болып келе жатқан шежіре әңгімелері мен аңыздарын, жырларын Жамал Қарши қатты құрметтеген. XIII ғасырда Сыр бойында Хисамеддин (Құсам) Баршынлығы деген араб, парсы және түрік тілдерінде бірдей жазатын атақты ғұлама ақын болыпты, соны көріп танысып, өз аузынан әңгіме естимін деп, 1273 жылы Жамал Қарши Алмалық қаласынан Сыр бойына арнайы барады. Сол сапар оғыз-қыпшақ ауылдарын аралап, елмен, жермен етене танысады.
1389-90 жылы Жетісу жерінің топырағын жарты әлемді тітіреткен Ақсақ Темірдің (Темірлан) де басқанын жоғарыда айтқамыз. Өзінің қатыгездігімен, жаугершілігімен аты шыққан Темір жайында МәшҺүр-Жүсіп Көпеев бір аңыз жазып алған екен. Бір қарағанда мадақтау сияқты, ал ой тоқтатып қарасаң, Темірдің жасынан-ақ жауыз туғандығы әлгі аңыз әңгімеде шебер астармен берілгендігін байқайсың.
Бұрынғы патша өлген соң, елге жаңадан патша сайлау керек болады. Кімді патша қоямыз деген мәселеге келгенде, қырық шілтен өзара келісе алмапты. Қырықтың он бесі өлген патшаның ұлын қояйық дейді, он төрті қазының баласы болсын депті, ең азы он бірі ғана Әмір Темірді жақтапты. Темір өзі самарқандық қыпшақ, Әмірсығай деген батырдың баласы екен, оның әлі оқу оқып жүрген кезі көрінеді.
Кімді патша қоюға өздері бір ауыздан келісе алмағаннан кейін, қырық шілтен сондағы үлкен дін адамы қатипті әулие санап, бәрі енді ол кісінің үш мұрагерді сынап беруін өтінеді. Ал қатиптің баласы соның алдында ғана адам аузы барып айтуға болмайтын ауыр қылмыс жасап қойып, енді өз әкесі оған қандай жаза берерін білмей қиналып жүр екен.
Он бес шілтен қатипке әуелі патшаның ұлын алып келеді. Ол кісі оны оңаша алып қап: «Мынау — менің жалғыз ұлым. Бір ауыр қылмыс жасап, онысын өзі мойнына алып отыр,— дейді жағдайдың бәрін жөндеп түсіндіріп.— Ал енді осыған қандай жаза бұйырасың?» Ханның баласы сонда тұрып: «Оны өзіңіз білесіз ғой»,— деп жауап береді. «Өзім білген нәрсені мен сенен сұраймын ба? Кет көзіме көрінбей!»— деп, патшаның ұлын қатип қуып шығады.
Енді он төрт шілтен қатипке қазының баласын әкеледі. Оны да оңаша алып қалып, қатип баяғы сұрағын қояды. Қазының ұлы: «Тақсыр, оның жазасын шариғат біледі ғой»,— деп жауап қайырады. «Шариғатты мен сенен сұраймын ба, оның иесі сен бе едің?»— деп, оны да қуып шығады.
Одан кейін он бір шілтен Темірді алып келеді. Алдыңғыларға қойған сұрақты оған да қояды. Сонда Темір: «Сіздей жақсының ұлы мұндай қылмысты қылған болса, оны мойнына өзі алған болса, «Атадан ұл туса — игі, ата жолын қуса — игі, ата жолын қумаса, барынан да жоғы игі», оның төрелігі — мынау!» — деп, орнынан ұшып тұрып, қатиптің ілулі тұрған қылышын жұлып алады да, баласының басын бір-ақ шабады.
Қатип сонда: «Балам, саған рақмет! Аяғың жеткенше жүр, қолың жеткенше қарышта!» — деген екен. Сол қатыгез баланы патша болсын деп қатип ақыры жақтаса керек. Ондай баладан анандай жаугер патша шығатындығына шүбә келтіру де қиын. Қаттылықтың шегіне жеткен-ақ жан болар.
Арғы тарихта, анықтаңқырап айтқанда, XIV ғасырда, қазіргі Жетісу, Шығыс Түркістан жеріне жататын территория Моғолстан, ал Өзбекстанға қарайтын жерлер Мауареннахр атанған. А. И. Левшиннің айтқанына сенсек, ол сөздің мәні («Маверальнагар» дейді ол) «Өзеннің ар жағы» деген болып шығады. Ал айтып отырған өзені — Әму. Демек, Мауареннахрға о баста Амударияның арғы бетіндегі жерлер жатқан. Мауареннахр мен Моғолстанды Шағатай ұрпақтары әлі өз қолында ұстап тұрған тұста, 1469 жылы Жошының ұрпағы Керей мен Жәнібек (Әбу Сайд деп те атайды) бастаған халықтың бір бөлігі өзбек ханы Әбілқайырмен билік үшін таласып, жеңіліс тапқан соң, Моғолстанға көшіп кетеді. (Ал Сәбит Мұқановтың айтуынша, Жәнібек Еділ бойына, Керей Ертіс жаққа барады). Қашып барып Шу аңғарын мекендеген сол халық содан бері қазақ атаныпты деген сөз бар. «Қазақ» деген ат «қашақ», «еркіндікті аңсаушы» дегеннен шығыпты деген жорамал да бар. Соған құлақ қойсақ, «казак» пен «қазақ» сөзінің түп атасы да, шығу себебі де бір екенін байқаймыз. Бұл пікірді кезінде академик-жазушы Сәбит Мұқанов та айтқан.
Алайда, «қазақ» деген ат ертеден бар деген де пікір болғандығын ескеру керек шығар. «Қазақ» сөзі өз алдына мемлекеті бар дербес халықтың аты ретінде болмағанмен, жеке топтың аты есебінде ежелден айтылып келе жатқан сөз болуы да мүмкін. П. П. Румянцев «қазақ» аты Константин Порфирородныйда (X ғасыр), Фирдоусида (XI ғасыр) және кейбір парсы, қытай жылнамаларында кездеседі деген пікір айтады. Тарих үшін ұшқары пікірдің де өз салмағы бар ғой, сондықтан оның да айтқанын естен шығармағанымыз жөн шығар. Өйткені академик М. Ф. Броссе (XIX ғ.) кезінде: «Тарих үшін қажеті жоқ көрсеткіш деген болмайды»,— деген екен. Сол қағидаға сүйенсек, «қазақ» деген сөздің XIII ғасыр жазбаларында да кездесетіндігін ескерте кеткен артық болмайтын секілді. 1240 жылдың жетінші айында жазылған «Монғолдың құпия шежіресі» атты кітапта (Өлгий-1979), 31-бетте мынандай өлең бар:
«Басқаның жерін жауламай,
Қаздырмай, сірә, дау-дамай.
Дидар сұлу қыздарды,
Қазақ күйме мінгізіп,
Жетелетіп біз нарды »
Осы кітаптың 141-бетінде де: «Иесінің алтын табытын қазақ күймесіне тиеп...»дейтін және «Керме дөңгелекті қазақ арба оқпанына дейін батып, бес көлікпен тартса да шықпай...» деген сөйлемдер бар. Бұған қарағанда, П. Румянцевтің пікірінде де тарихшылар ескерер дән бар секілді.
Сөйтіп, өзбектен қазақ халқының бөлінісуі де, жеке хандық құру және оны күшейту жолындағы күресі де XV ғасырдан басталады. Жәнібек қазақ хандығының негізін салушылардың бірі саналады. Қазақ халқының ауыз әдебиетіндегі аңыздар мен жырларда оның аты ерекше құрметпен «Әз-Жәнібек» аталады.
Шу өзенінің бойын мекендеген қазақтар бірте-бірте іргесін қазіргі Жетісу жеріне қарай жая бастайды. Қазақтардың билеушісі Қасымхан XVI ғасырдың бас кезінде өзінің қысқы ордасын Қаратал өзенінің бойына құрыпты. Жеке хандық құрған қазақ халқының тағдыры содан бері Жетісу жерімен тығыз байланысты.
Қазақ халқы тарихының негізгі түп қазығы саналатын «Тарихи Рашиди» кітабын жазған, біз сөз етіп отырған бұрынғы Моғолстанның тарихи жағдайынан бірден-бір мол мәлімет қалдырған ғұлама адам — Мұхаммед Хайдар Дулати. Ол өзінің аталмыш кітабында, Жетісу мен Қашғардың тарихи топографиясы мен географиясын жазып қоймайды, қазақтың жеке хандық құрып бөлініп шығу тарихын; қазақ — өзбек, қазақ — моғол қақтығыстары мен қатынастары жайын жан-жақты баяндайды.
Мұхаммед Хайдардың арғы аталары моғолдық Дулат руынан, олар Қашғарияның мирасқор иелері әрі билеушілері болған. Ал Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати 1499—1500 жылдары Ташкентте туады. Оның нағашылары да беделді, мықты кісілер болады. Әкесін өзбектер өлтіріп, өзіне де қауіп төндірген соң, туыстары Мұхаммед Хайдар Дулатиды Бұқараға апарып жасырады. Кейін Кабулға барып, Бабырмен бірге бірнеше жорықтарға қатынасады. Содан ата-бабасының жері Қашғарияға қайта оралады. Қашғардағы дулаттар билігі құлаған соң, Үндістанға кетіп, өмірінің соңында Кашмирдің билеушісі болады. 1551 жылы соғыс кезінде өз әскерінің оғынан қапыда қаза табады. Ол өзінің әйгілі шығармасы «Тарихи Рашидиді» парсы тілінде жазса, қазір Берлин кітапханасында сақтаулы «Жаһан —нама» поэмасын түрік тілінде жазған. Дулати өзінен үш ғасыр бұрын өмір сүрген Жетісулық ғалым Жамал Қаршиды ұлы ұстазы санаған.
Жәнібек ханның баласы Қасым хан болғанда, ол өзінің билігін бүкіл Дешті Қыпшақ даласына жүргізді, оның әскері миллионға (мың мыңға) жетті дейді «Тарихи Рашиди» кітабында Мұхаммед Хайдар. Ол айтып отырған Қасым хан — жоғарыда біз айтқан қысқы ордасын Қаратал өзенінің бойына құрған хан. «Қасым салған қасқа жол» деген сөзді қазақтар осы ханға байланысты айтады. «Қасым ханның қасқа жолы» деген — ел басқару ісінде қолданылған әдет-ғұрып заңдарының ережелері. Оның негізі орта ғасырларда қыпшақ, шағатай ұлыстары қолданған «Ярғу» («Жарғы») заңынан алынған. «Жарғы» дегеннің мәні қазақша «ақиқат» дегенді білдірсе керек. Академик Ә. Марғұланның түсіндіруінше, бұл сөздің арғы түбі дәл, қақ жарудан шыққан сияқты. «Қара қылды қақ жарған» деген мәтел «жарғы» сөзінің этимологиясын анықтайды. «Қасым ханның қасқа жолына» мынадай бес ереже кіріпті: 1. Мүлік заңы. 2. Қылмыс заңы. 3. Әскери заң. 4. Елшілік жоралары. 5. Жұртшылық заңы. Бұл бес заң өзгеріссіз XVIII ғасырға жетіп, Есім ханның тұсында «Есім ханның ескі жолы» аталыпты. Тек Тәуке хан кезінде Жесір дауы мен Құн дауы қосылып, «Жеті Жарғы» атаныпты. Бұл «Жеті Жарғыны» құрастыруға ұлы жүзден шыққан атақты би Төле Әлімбеков, орта жүз Қаздауысты Қазыбек, кіші жүз Әлімұлынан шыққан Айтық (Әйтеке) би қатысқан деген деректер бар.
Жетісудың әр кезде шекарасы әр түрлі болғандығы тәрізді, ертедегі Моғолстан шекарасы да біресе тарылып, біресе кеңейіп отырған. Моғолстанның өте ертедегі шекарасын қазіргі кезде ешкім дәл білмейді, Мұхаммед Хайдар Дулатидің айтуына қарағанда, ол шекараны XVI ғасырдың өзінде де білу мүмкін емес екен, өйткені оны анықтайтын ешбір жазба дерек қалмаған. Ал енді Дулати заманында, яғни XVI ғасырда, Моғолстан ұзындығы мен енін қоса есептегенде жеті-сегіз айлық жол көрінеді. Шығысы қалмақ жеріне шектесіп, Баркөл, Еміл және Ертіс бойын қамтыпты. Солтүстігі Балқаш көлімен, Бум (Қырғызстандағы Боом болу керек) және Қаратал өзендерімен шектеліпті. Батысы Түркістан мен Ташкентке тірелсе, оңтүстігі Ферғана уалаятымен, Қашғар, Ақсу, Шалыш және Турфанмен шекараласады екен. Ал оның жер әсемдігін айтуға Дулатидің тілі жетпейді. «Жерінің көбі — тауы мен даласы (сахара) — соншалықты сәніне жете сүйкімді әрі таза, оны сөзбен суреттеп жазуға менің жағдайым жоқ. Тауы мен даласындағы көлдің көптігі сондай, олардың атын ешкім есінде түгел сақтай алмайды. Ондай көлдерді Моғолстаннан басқа жерден кездестіре де алмайсың, суреттей де алмайсың»,— дейді таңданып (Материалы по истории казахских ханов XV-XVIII веков, Алма-Ата 1969 г.)
Моғолстанда өзінің үлкендігі жөнінен Амударияға (Жейхун) барабар өзендердің көптігін айтып келіп, Дулати Іле, Еміл, Ертіс, Шұйлық (Шу болса керек), Нарын өзендерін атайды. Бұл өзендердің көпшілігі Балқашқа (Көкше теңіз) құяды дейді. Ол көлдің айналасы сегіз айлық жол болыпты. Қыста, мұз қатқанда, көлденеңінен екі күнде кесіп өтуге болады екен, алайда олай өту үлкен қауіпті болған көрінеді, орта есеппен жылына жүз, екі жүз түтін мұз астына кетіп қалады екен. Балқаш көлінің суы дәмді болыпты. Қаншама көп өзен келіп құйғанмен, ол кезде де бірде-бір өзен Балқаштан ағып шықпапты.
Моғолстандағы тағы бір тамаша кел Ыстықкөл екенін айтады. Оның айнала көлемі жиырма күндік жол дейді. Оған құятын су көлемі де Балқаштікіндей, одан да еш өзен ағып шықпайды; оған құйған судың бәрі таза әрі дәмді болғанмен, көлдің өз суы тұзды, ішу тұрмақ жуынуға да жарамайды деп жазады.
1523-1524 жылдарда қазақтардың саны бір миллионға жетті деп жазады Дулати. Соған қарағанда, Қасым ханның әскері миллионға (мың мыңға) жетті дегені, шамасы, жүз мыңға жетті дегені болу керек- ау. Өйткені миллион адамның миллионы да әскер болып кетпейді ғой. Сол миллионға жеткен қазақ қоғамынан айналасы он үш, он төрт жыл өткенде ешбір із қалмады деген өкінішті де айтады. Оның себебі сол кездегі қазақ ханы Тахир өте қатал, қатыгез болған көрінеді, сондықтан қазақ сұлтандары мен елдің игі жақсылары одан теріс қарап кетеді. Аз уақыттың ішінде Тахирдің әскері он лектен екі лекке дейін азаяды. Халық сыйламаған ханның күні аянышпен бітеді. Ақыр аяғында өзі мен ұлы екеуі ғана қаңыраған жерде қаңғырып қалған соң, қырғыздарға барып қосылады.
1911 жылы Петербургте шыққан «Лепсі уезі» жайындағы кітабында П. П. Румянцевтің келтірген дерегіне қарағанда, 1538 жылы монғол (дұрысы Қашғар ханы) мен өзбек ханы бірігіп қазаққа аса қатты соққы береді. Қазақ ханы ұрыста өледі және оның 37 сұлтаны мерт болады. Қазаң халқы түк қалмай қырылып бітті деген дақпырт алыс елдерге дейін жетеді. «Жетісу тарихының очерктері» деген еңбегінде академик В. Бартольд те осы пікірді айтады. Соған қарағанда, қазақ халқы ол кезде де бір өліп тірілген болу керек.
Бұл соғыстың қай жерде өткендігін әркім әрқалай айтады. Тарихшы Махмуд бен Әмір Уәли «Бахр ал-асрар» («Құпиялық теңізі» деуге болар) атты шығармасында бұл соғыс Ыстықкөлде өтті десе, Шах Махмуд чорас өз «Тарихында» Еміл өзенінде, ал белгісіз автордың «Қашғар тарихы» деген шығармасында Ертісте болды делінеді. Алайда «Қашғар тарихында» мұның алдында тағы бір ұрыстың Еміл бойында болғандығы айтылады. Бірақ бұл шығармаларда 37 сұлтан өлді делінбей, бірінде ту ұстаған 6 төре және хан опат болды, содан кейін қазақта ту қалмады десе, екіншісінде қазақтың 9 туы қолға түсті, олар содан кейін соғысқа ту ұстап шықпады дейді. Қалай болғанда да, сол соғыстан кейін қазақ халқының жағдайы қыл үстінде қалғаны аңғарылады.
Қазақ хандығының тарихын айтқанда, ол жайында шежіре жазып кеткен тағы бір адамды еске аламыз. Ол — Қыдырғали Қосынұлы Жалаири. Оның аты-жөнін кейде Қадырғали, Қадырғалибек, Қыдыр-әли ибн Хосумбек деп те жазады. Ол Сыр бойын мекендеген Жалайыр тайпасынан шыққан. 1530 жылдар шамасында дүниеге келіп, 1605 жылы қайтыс болған. Қыдырғали хан ордасында жас бекзадалардың тәрбиешісі, ханның қарашасы болады. Тәуекел ханның інісі Ондан сұлтан жау қолынан өлген соң, оның он үш жасар баласы Ораз-Мұхаммедті тәрбиелейді, сонымен бірге Кешімнің қол астына Сібірге барады. Сонда анда жүрген кезінде Ораз-Мұхаммедпен бірге Сібір воеводасының қолына тұтқынға түсіп, Москваға жөнелтіледі. Он жылға жуық Москвада патша сарайында тұрады. Шведтерге, Қырым хандығына қарсы соғыстарда ерлік көрсеткені үшін, орыс патшасы 1592 жылы Ораз-Мұхаммедке Ока бойындағы Қасымов хандығынан жер бөліп береді, кейін сол Қасымовқа хан болады. Ал Қыдырғали оның төрт уәзірінің бірі болады, ғылыммен шұғылданып, 1600-1602 жылдары «Жами ат — тауарих» («Жылнамалар жинағы») атты атақты шежіре кітабын жазады, ол кітабын сол кездегі орыс патшасы Борис Годуновқа арнайды. Қыдырғали шежіресі — ертеде қазақ тілінде жазылған тұңғыш тарихи шығарма. Шоқан Қыдырғали қолжазбасының Әбілғазы шежіресімен және «Шайбанинама» кітабымен салыстырғанда аңыздан гөрі ақиқаты басым шыншыл екендігін, тілінің қазақшылығын ерекше жоғары бағалаған. Ораз-Мұхаммед пен Қыдырғали өмірін көркем әдебиетте «Аласапыран» атты романында алғаш көрсеткен — жазушы Мұхтар Мағауин.
Жетісудың, оның ішінде қазіргі Талдықорған облысына қарасты жердің арғы-бергі тарихын қозғағанда, Жоңғар хандығы мен қазақ хандықтарының ара қатынасы жайында айтпай кету тіптен мүмкін емес. Себебі Жетісу жері Жоңғар хандығымен тікелей көрші.
Халқымыздың атадан балаға ұмытылмас ең үлкен трагедиясының бірі осы жоңғарлықтарға байланысты болғандықтан, қазақ оларды кезінде атажау деп білген. Оларды қазақ арасында жоңғар, қалмақ, торғауыт, ойрат, маңғұл деп әр түрлі айтады. Жоңғар хандығын зерттеуші ғалым И. Я. Златкин («История Джунгарского ханства», «Наука», Москва, 1983 г.) ойраттар мен монғолдар тек тілдері ғана ұқсас екеуі екі басқа халық деген тұжырымның нақты тарихи фактілермен дәлелденбейтіндігін айтады. Негізінде екеуі де бір халық.
Жоңғар хандығы ресми түрде 1635 жылы құрылды, оны құрушы әрі тұңғыш билеушісі — Батур қонтайшы. Ал бұл хандық 1758 жылы біржола жойылды. Алайда 123 жыл жасаған өз тарихында бұл хандық Орта, Орталық және Шығыс Азия халықтарының өзара қарым-қатынасына елеулі әсер етті, өзімен көршілес халықтардың тарихында белгілі дәрежеде із қалдырды.
Қазақ-жоңғар қақтығыстары жоңғар хандығы құрылмай тұрып та болып жататын, ол хандық құрылған соң бірде бәсеңдеп, бірде өршіп, үнемі бүйірден қадалған тікендей қазақ халқының тыныштығын алды да отырды. Тарихшылардың пікіріне жүгінсек, Батур қонтайшының тұсында қазақ пен қалмақ арасында үш рет ірі соғыс болған. Бірінші соғыс 1635 жылы яғни жоңғар хандығы құрылған жылы болыпты. Бірақ ол соғыстың қалай, қай жерде болғандығы, қандай нәтижемен біткендігі жайында нақты дерек сақталмаған. Әйткенмен, ол соғыс қазақтар үшін пайдалы болмағандай. Өйткені сол соғыста Есімханның ұлы Жәңгір қалмақтардың қолына түсіп қалды деген дерек бар. Жалпы, аса жаугершілік уақытта хан болған Есімнің қай жылы өлгені, баласы Жәңгірдің қай жылы хандыққа отырғанын нақты айғақтайтын деректер жоқ. Есім хан аса ірі адам болса керек, ел ішінде «Еңсегей бойлы ер Есім» атаныпты. «Есім салған ескі жол» дегенді де халық осы Есім ханға байланысты айтқан.
Ел арасында Есім хан тұсында болыпты дейтін бір әңгіме бар. Халқымыздың асыл қасиетін еске салатын сол әңгімені айта кеткеніміз жөн секілді.
Бір жолы жоңғарлықтар қазақ аулын қапыда шауып, малын айдап, адамдарын тұтқындап әкетеді. Есім сонда қалмақ ханына арнайы елші жұмсап, мал мен жанды қайтаруын өтінеді.
Жоңғар ханы: «Есім ханның ала арғымағы мен ақ сауытын, оған қоса Алтын Селтеген атты атақты батырларыңды алдыма әкеп берсеңдер, сонда малдарыңды да, бала-шағаларыңды да аман-есен қайтарайын»,— деп жауап береді. Әрине, олай етулері мүмкін емес деп айтқан ғой.
Елшілер елге келген соң, жоңғар ханының әлгі талабын Есім хан мен Селтеген батырға бұлжытпай айтып беріпті. Сонда, әлгі талапты естігенде, халықтың мал-жаны, бала-шағасы аман қайтуы үшін өйтпей болмайтынын түсініп: «Сендер үшін арғымағым мен сауытымды неге берейін»,— деп Есімхан да айтпапты. «Көптің ішінде құдайыға атаған жетім тоқты мен болдым ба, көпе-көрнеу елімге бармаймын»,— деп Селтеген батыр да бас тартпаған екен деседі. «Еркек тоқты құрбандық» дегенді қазақ, сірә, осындай жағдайда айтқан болса керек.
Қазақ пен қалмақ арасындағы екінші ірі соғыс 1643 жылы өтеді. Қазақтарға қарсы жорықты қалмақтар қыс ішінде-ақ бастайды. Оған Батур қонтайшының өзі бастаған бүкіл қалмақтың беделді, белді адамдарының бәрі қатысады, әскер саны елу мыңға жетеді. Сол оқиғаның алдында Есім ханның жау қолына түскен баласы Жәңгір ебін тауып тұтқыннан қашып шығады. Ал оның қалмақтардың қолынан қай кезде, қандай жағдайда қашып шыққандығын түсіндіретін жазба деректер тағы жоқ. Осы жылдардағы қазақ-жоңғар соғысынан бірден-бір мәлімет беретін И. Э. Фишер «Сібір тарихында» (Петербург, 1774 ж.) мұның бәрін тәптіштеп айтпайды. Алайда Батур қонтайшы бұл жолы қазаққа қарсы неге көтерілді дегенге жауап іздесек, оған түсінік беретіндей көлденең бір дерек бар. Батур қонтайшының 1643 жылы жорыққа әскер сайлағандағы мақсаты қазақтың Жәңгір ханы мен Самарқанның әмірі Жалаңтөс Баһадур Сейтқұлұлынан кек алу болған. Себебі 1640 жылы Батур қазақ, өзбек жеріне шабуыл жасағанда, оны Жалаңтөс батыр ойсырата жеңген болатын. Жалаңтөс батыр — кіші жүзден шыққан әйгілі Әйтеке (Айтық) бидің арғы атасы. Үлкен қолбасы болған, соғыс өнерін жетік білген адам. Атағы көрші елдерге де кең жайылыпты. Оған көрші елдерден келген сый-сыяпаттар мен қымбат тартулардың көлемі мемлекеттің қазына байлығынан да асып түсіп отырған деген деректер бар. Жалпы, Жалаңтөс батыр қазақ ханы Жәңгірмен жақсы қарым-қатынаста болған, ел үшін болған ұрыстарда екеуі бір-біріне үнемі көмек көрсетіп әскер беріп отырған. Мәселен, 1649 жылы Иранға қарсы Бұқар ханы соғысқа шыққанда, әскерге Жалаңтөс батыр қолбасылық жасаған, ал Жәңгір хан сол соғысқа жүз мың әскермен қатысқан. Халық Жәңгірді «Салқам Жәңгір» деп атаған екен. Соған қарағанда, елдің азаттығы үшін күрескен ханға кезінде елдің де ілтипаты жаман болмаған тәрізді.
1643 жылғы соғысқа қалмақтар алдын ала әзірленіп, қатты дайындалған. Олар әуелде қырғыздарға шабуыл жасап, біраз жерін басып алады, он мыңдай адамын тұтқынға түсіреді. Бұл хабар Жәңгірге жеткен соң (хан ордасы Түркістанда болған), ол алты жүз әскермен ғана асығыс Батур қонтайшыға қарсы шығады, бірақ Самарқандағы Жалаңтөс батырға да хабар жіберген болу керек. Соғыс жазда, жайлау үстінде тау ішінде болады. Қазақ әскерлері аз күшпен өзінен көп есе артық жауға қарсы шығады. Жәңгір тау ішінен қолайлы қыспақ жерді таңдап алып, жау жолына кесе-көлденең ор қазады да, оған негізінен садақпен қаруланған үш жүз жауынгерді орналастырады, ал қалған үш жүз жауынгерді өзі бастап бір бүйірде тасада ұстайды. Қалмақтар әуелі орда жатқан әскерлердің қолынан қатты қырғынға ұшырайды, сонан соң Жәңгір бастаған үш жүз қол ту сырттарынан лап қояды. Сол соғыста қонтайшы он мың әскерінен айрылады. Ұрыстың соңын ала жиырма мың қолмен Жалаңтөс батыр да Жәңгірге көмекке келіп үлгереді. Қалмақтар бұл жолы күйрей жеңіледі де, кейін шегінеді.
Осы 1643 жылғы қазақ-қалмақ соғысы өткен жайлау қазіргі Талдықорған облысының Панфилов ауданына қарайды. Жергілікті жұрт ол араны әлі күнге дейін «Ордың бұлағы» деп атайды, жаз айларында «Гвардия», «Октябрь» совхоздарының малшылары жайлайды. Ең жақын елді мекен — Ленин атындағы совхоздың орталығы — Жуанағаш селосы, «Ордың бұлағымен» екі арасы шамамен 40-50 шақырым. «Жалаулы», «Қызылқия», деген жоталардан өткен соң, жол «Ордың бұлағы» жотасын желкесіне таман жерден кесіп өтеді. Ордың өзі қазіргі кезде сүрлеу жол құсап қана жіңішке белдеу болып жатыр. Басы Итшоқы тауының түйетайлы етегінен басталып, сол жақ қарсыдағы Қоянды тауына қарай құлай қазылған. Ор өтетін жотаның үсті арық аттың қыр жотасындай қылдырықтай. Қарсы беттен яғни шығыстан келген жау атпен шауып келе жатқан бойда екпінімен тіке қыр үстіне көтеріле алмайды, керлеп қана шыға алады, өйткені жотаның етегі құлама сай. Ал енді «Ордың бұлағы» аталған жотаның шығыс жақ алды жазықтау, келе жатқан жау тығыла қоятын қалтарыс жоқ. Батыс жақ етегі немесе орда жатқан жауынгерлердің ту сырты да тік құлама, одан ары жазық кең сай, үш жүз ат түгіл жарты мың атты қаңтарып қойсаң да сыйып кетеді және төбеден келіп қарамаса, қарсы жақтан келе жатқандарға көрінбейді. Сірә, қазақ жауынгерлері аттарын сол араға қаңтарған болу да керек. Қазылған op жота үстімен құлдилай-құлдилай келіп сол жақ қанатта Итшоқыға параллель жатқан Қоянды тауының тап түбінде арқырап ағып жатқан Терісаққанның суына тұмсық тіреп барып тоқтайды. Орды бұл жақтан айналып өтуге болмайды: біріншіден, ор қазылған жағы су жағасына жете бере әрі жартасты, әрі тік құлама болып кетеді; екіншіден, сол жақ қанаттағы таудың тік беткейінің биіктігі 100—200 метр шамасында. Ол тіктен атты кісі тұрмақ жаяу адам да жүре алмайды, Қысқасы, қазақ әскерлері орды өте қолайлы жерден қазған. Тіпті, жау әлдебір себеппен ту сыртқа өтіп кеткен күнде де, жота үстіндегі жауынгерлерге түк қыла алмайды, өйткені жотаның бұл жағы да құлама тік, ор ішіндегі әскерге оқ дарыта алмайды.
Ал енді Жәңгір хан өз әскерімен қай тұста тығылып тұруы мүмкін? Оны түсіндіру үшін жер жағдайын аз да болса шамалап көзге елестетіндей мүмкіндік тудыру керек.
Панфилов ауданының бұл біз сөз етіп отырған жайлауын жалпылай Бел жайлауы немесе Үйгентастың белі деп атайды. Бұл өзі — екі таудың арасында жатқан ұзын астау секілді жазық алқап. Сол жазық алқаптың қақ ортасын жайпақ қана жазық бел ендігінен екі бөліп жатыр, сол белдің шығысындағы су Панфилов ауданының жеріне қарай ағады, оны Бура-қожырдың суы дейді; ал Қоғалы ауданының жеріне қарай батысқа аққан суды Белдің суы немесе Терісаққан дейді. Сол Үйгентастың белі үстінде шым аралас үйілген тас молалар бар, жердің аты да соған орай аталған. Бұл арамен 1856 жылы Құлжаға бара жатқан сапарында Шоқан Уәлиханов өткен. Ол өзінің сол сапарда жазған күнделігінде Үйгентастың белі үстінде үйілген мола жоңғар ханы Батурдікі болу керек деген жорамал да айтады. Ол жорамалды теріске шығару да, құптай қою да, әрине, қиын. Шоқан да өз пікірін дүдамал күйінде қалдырған.
Үйгентастың шығыс жағы еңістеу жазық болып келеді, батысқа қарай да біраз жер жазық болып келгенмен, төрт-бес шақырымнан кейін көлденең жоталарға ұласып кетеді. Алғашқы жотадан асып түскен жерде Ақсу деген өзенше ағып келіп Белдің суына солтүстік тұстан (оң жағынан) қосылса, Қарғалының суы оңтүстіктен (сол жағынан) қосылады. Осы араны жергілікті халық Үшсудың құйғаны дейді. Ақсу өзеншесінің арғы бетіндегі жотаның су құяр тұстағы биігін Жалаулы деп атайды, соғысқа қатысы жоқ жерге қазақ, жалпы, ондай ат қоймауға тиіс. Қарғалы өзеншесі ағып жатқан үлкен сайды Қарғалының сайы дейді. Жәңгір хан үш жүз қолды осында жасырса, онда жау оларды байқап қалған болар еді, өйткені Ақсудың сайы мен Қарғалының сайы тіптен бір түзудің бойы дерліктей жерден бір-біріне тура келіп тоғысады. Ал Қарғалының сайынан сәл төменіректе, Қызылқия деген жердің қарсысында Есенғұлдың сайы аталатын әрі кең, әрі суы мол сай бар. Бұл сайға тығылған адамдарды Жалаулы асқан атты кісілер көре алмайды. Оның үстіне Есенғұлдың сайының аузы Ор бұлағында соғысып жатқан жаудың жақын ту сырты болып келеді. Және де Есенғұлдың сайымен шыға келген атты кісілерге қарсыдағы Қызылқия жотасымен керлеп шыға қою қолайлы. Осындай жағдайларды есептей отырып, Жәңгірхан үш жүз әскерімен осы Есенғұл сайының аузында тұрған деп жорамалдауға толық қақымыз бар.
Кезінде қазақ әскері тұңғыш ор қазып, жаңаша соғыс тактикасын пайдаланған, соның нәтижесінде іс жүзінде өзінен екі есе көп жауды жеңген тарихи жерге өз бетінше, өз қалауымен ескерткіш тақта орнатпақ болған жігіттер де шығып еді, сірә, солардың екпіні ұзаққа бармаған секілді. Алайда ең үлкен ескерткіш болып ордың өз сұлбасы жатыр, ата-бабасының тарихын білетін әрбір азамат сүрлеу жол құсап созылып жатқан ордың ізіне үнсіз қарап, өткен уақытпен үнсіз тілдескендей болады.
Жәңгірден күйрей жеңілген Батур қонтайшы одан кек алуға мықтап кіріседі. Алдыңғы соғысқа қатыспай қалған Күнделен тайша сияқты қалмақ ішінде әлі де белді адамдарға белсене қарсы шығады. Күнделен тайшаны күшпен бағындырып кек алу үшін көмек сұрап Батур қонтайшы Еділ бойындағы қалмақтардың билеушісі Үрлік тайшаға хат жазады. Бірақ ол хатты Күнделен тайша жолай өз қолына түсіріп алады. Ал шындығында, ол кезде Үрлік тайша дүниеден қайтып та кеткен еді, жер шалғай, байланыс қиын болғандықтан, оның хабарын Батур қонтайшы әлі ести қоймаған болу керек. 1616 жылы Күнделен тайша мен Батур арасында соғыс болып, Күнделен 250 адамынан, ал Батур бар-жоғы 20-ақ адамынан айрылады. Осы фактінің өзі де Батурдың күші мен беделін байқатса керек. Ал, жалпы алғанда, Жәңгір мен Жалаңтөске қарсы соғысқа Күнделеннің өзі де қатыспай, адамдарын да жібермей қойған бір себебі ол Жәңгірге өзін өкіл әке есептейді екен. Күнделеннің Батурдан жеңілмеске жағдайы да қалмайды. Шын мәнінде ол тек Батур қонтайшымен ғана емес, оны жақтайтын Очирто-Цецен ханмен де соғысуға тиіс еді. Қалмақтарды біріктіріп, күшті мемлекет жасауды Батур қонтайшы қатты армандаған, ол Еділ бойындағы қалмақтарды қайтарып әкелу жолдарын да кеп қарастырады. Батур 1653 жылы қыста өлді деген дерек бар (И. Я. Златкин).
Батур қонтайшы Жәңгір ханнан кегін тек 1652 жылы ғана алады. Қазақ-қалмақ арасындағы үшінші ірі соғыс осы жылы өтеді. Бірақ оның қай арада, қай мезгілде өткенін дәл көрсетерліктей дерек жоқ. Алайда ол қантөгіс те Жетісу жерінде өтті деп шамалаймыз. Қазақ қолы бұл жолы жеңіледі. Жекпе-жекке шыққан қазақ ханы Жәңгір Очирто-Цецен ханның он жеті жастағы ұлы Қалданның (Галдана) қолынан қаза табады. Осы деректерге қарағанда, жоңғарлықтардың қазақ жеріне сұғына бастауы Батур қонтайшының тұсында-ақ жақсы жүзеге асқан сияқты. Бірақ Батурдың өлімі, одан кейінгі мұрагерлер арасындағы алауыздық пен араздықтар бұл табысты біраз жыл тереңдетпей тоқтата тұрған тәрізді. Батурдан кейін таққа Сенге отырады, ал ол Батурдың ең үлкен ұлы емес, көп ұлының бірі ғана. Соның өзі де бақталас өмірде біраз жаулық тудырар себеп емес пе?
1657 жылы өзара жауласқан қалмақ топтары Еміл өзенінің бойында соғысуға жиналады. Бірақ ағайындық татуластыру арқасында ғана қантөгіс болмай тоқтайды. Ақыры Сенгені 1670 жылы өз бауыры Батур өлтіреді, ал Батурды тағы басқа бауыры өлтіреді. Осындай былық кезде Батур қонтайшының оныншы баласы Ғалдан қастандың жасаушылардың бәрінің тас-талқанын шығарып таққа отырады. Ел ішіндегі ішкі алауыздықты шебер пайдаланған Ғалдан-Бошақты хан 1678 жылы Шығыс Түркістанды соғыссыз-ақ өзіне қаратып алады. Ол сан жағынан әлдеқайда басым Қытай әскерімен де әлденеше рет нәтижелі соғысып, Цин империясы үшін үлкен қауіпке айналады. Ақырында Ғалданның өз ішіндегі алауыздықтарды шебер пайдаланған Цин империясы оны қатты әлсіретеді. Ғалдан 1697 жылы 52 жасында өледі, ол езі әдейі у ішіп өлді деген сөз рас болу керек, өйткені сол кезде Цин армиясы оны әбден тықсырып, енді тек қолға тірідей түсірудің аз-ақ алдында тұрған.
Ғалдан-Бошақты ханнан кейін Цэван-Рабдан хан болады. Ол кезде қазақ ханы Тәуке болатын. Екі хандықтың арасы осы тұста қатты шиеленісті, жоңғарлар қазақ жерін қайта-қайта шабуылдап берекесін алды. Енді жоңғарлар қазақ елінің тәуелсіздігіне, жеке ел ретінде өмір сүруіне басты қауіп төндірген күшке айналды. Бұл аралықта екі хандық арасындағы алғашқы соғыс 1698 жылы болды, оны бастаған — Цэван-Рабдан. Сылтауы — Тәуке ханның сыйға сый көрсетпеуі. Тәуке ханның ұлы Ғалдан тұсында тұтқынға түседі, енді Тәуке Цэван-Рабданнан сол ұлын босатып беруді сұрайды. Цэван-Рабдан ұлын босатып, оны қорғаушы ретінде қасына 500 адам қосып Тәукеге жібереді. Тәуке ұлына ілесіп келген қалмақтың бәрін қырады және Еділден келе жатқан Цэван-Рабданның қалыңдығының көшіне шабуыл жасайды. Осыған ашынып қазаққа қарсы соғыс ашқан сияқтанғанмен, Цэван-Рабдан соғысының түпкі мақсаты, әрине, одан арыда тереңде жатыр. Оның ең бастысы мал жайылымына керекті жерді кеңейту қажеттігі еді. Екі ел арасында қақтығысулар бірде сирек, бірде жиі, бұрын да болып тұрғанмен, Цэван-Рабдан басқарған кезде өте жиілеп кетті. Бірде қазақтарды қалмақтар шапса, бірде қалмақтарды қазақтар шапты. Әйткенменде қалмақтар жақтан жасалған шабуыл тегеуріндірек, жүйелі, нәтижелі болып тұрды. Қазақстанның шығысын, оның ішінде Жетісуды Ғалдан ханның тұсында-ақ қалмақтар бағындырып алған-ды. Енді сол үстемдікті Цэван-Рабдан одан ары нығайтты. 1711-1725 жылдар аралығында үсті-үстіне жасаған жоңғарлықтардың шабуылы қазақтарды мүлде әлсіретті. Әсіресе 1723 жылғы шабуыл қазақ халқын қатты күйзелтті. Қойы қоздап, қыстың ауыртпалығынан енді құтыламыз ба деген үмітпен отырған елге қалмақтар әдейі көктем кезінде тұтқиыл шабуыл жасап, орасан қырғынға ұшыратты. Босыған жұрт баспана, тұрақ іздеп Сыр бойына қарай шұбырды. Халықтың бұл босқыны «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен тарихта қалды. Елден, жерден айрылған халық «Елім-ай» деп еңіреп зар-мұңын қайғылы әнге посты. Ол әннің өлеңі бар-жоғы бес шумақ. Аз ғана өлеңде халық мұңы, оның шарасыздығы мен үміті өзегіңді өртерліктей ащы шындықпен берілген.
«Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді
Мына заман қай заман,— қысқан заман,
Басымыздан бақ, дәулет ұшқан заман.
Шұбырғанда ізіңнен шаң борайды,
Қаңтардағы қар жауған қыстан жаман...
Мына заман қай заман — қай-қай заман,
Ұл айрылған атадан дай-дай заман.
Бауырынан айрылған жаман екен,
Құн бар ма екен көрісер есен-аман?!»—
деген жолдарды қазір де қабырғаң қайыспай оқи алмайсың.
Қазақ халқының тарихындағы өлім мен өмір белдескен осы кезеңді жазғанда, орыс тарихшылары, оның ішінде Жоңғар хандығын арнайы зерттеген тарихшы И. Я. Златкин де «Ақ табан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген тарихи сипаттама атқа соқпай, сипай өтіп кетеді. Оның себебі, сірә, екі халықтың тарихын тең зерттемеуден болса керек.
1725 жылдары ол кезде қазақ хандықтарына қараған Ташкент, Түркістан, Сайрам қалаларының бәрін де жоңғарлықтар басып алады. Халық ретінде жойылып кету қауібі үшке бөлініп өзді-өзінің күн-көрісін күйттеп кеткен қазақ халқын бас біріктіруге мәжбүр етті. Халық бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы күреске Әбілқайыр, Абылай сияқты батырлар басшылық етті, 1728 жылдан бастап қазақ жасақтары қалмақтарға айтарлықтай қарсылық көрсете бастады. Сол жылы Торғай, Сарысу маңында болған соғыстар қазақтар үшін үлкен табысты болды. Қазақтар жеңіске жеткен жер «Қалмаң қырылған» аталды. 1729 жылы Балқаш көлінің оңтүстік жағында кейін «Аңырақай қырғыны» аталған жерде жоңғарлықтар тағы да ойсырай жеңілді. Осы соғыста қазақтың Бөлек деген батыры жоңғардың Аңырақай деген ханы ма, басқасы ма, әйтеуір, аса беделді батырын жекпе-жекте өлтіреді. Бөлек Сатайұлы шапырашты Наурызбай батырдың мыңбасы екен. 1700 жылы Түрген өзенінің бойындағы Ақши деген жерде туып, 1785 жылы қайтыс болған көрінеді. Аңырақай өлген жер кейін соның атымен аталып кетсе керек. Аңырақай тауы Балқаштың оңтүстігіндегі Ит ішпестің Алакөлі маңында. Ол Іле Алатауының батыс сілемі болып табылады. Жекелеген төбелері кәдімгідей биік болғанмен, негізінен орташа биіктіктегі тау. Сайлары көбінесе жазық келеді, Тынбай, Қарасай, Құрмамбек, Алмалысай, Қашқарсай деген кең сайлары бар. Жалпы, тау оңтүстіктен солтүстікке қарай еңістейді.
Көптеген жердің атына, оның аталу тарихына кейде біз атүсті қараймыз. Сыртқы ұқсастығына қарап, екі басқа нәрсені бір нәрсе етіп те жіберетініміз болады. Мысалы, көп жұрт Қастек, Қара Қастек деп екі атты бір ат қылып сөйлейді, ал негізінде Қастек бір басқа да, Қарақыстақ бір басқа, жай Қастек бар жерде Қара Қастек те болу керек деген оймен екеуіне де Қастек дегенді негізсіз қосарлап айтып жүрміз. Ал Қастек асуы (Алматы облысында) — тарихи жер. Мұнда 1723 жылы, әйгілі «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламада», Наурызбай батырдың тағы бір мыңбасы Қастек Жарылғапұлы деген батыр жоңғарларды жеңіп кейін шегіндірген. Сол соғыста өзіне оқ тиіп, жарадан өлген. Батыр өлген жер содан бері ғана Қастек асуы аталған.
Жоңғарлар қазақты қатты тыңсырды. Мұндай қиын кезең қайталана берсе, қазақ халқының халі мүшкіл еді.
Қилы кезеңде әбден әлсіреген, қансыраған халыққа қол ұшын беретін дос қажет болды. Қуатты елге арқа сүйемесе болмайтынын сезген қазақтың кіші жүз ханы Әбілқайыр Россияға қосылуға ниет қылды. Сөйтіп, қазақтың үш жүзінің атынан Петербургке Құндағұлов Сейтқұл, Көштаев Құтлымбет деген кісілер бастаған елшілік жіберді. Өйткені сыртқы жаудан келген қауіп өз алдына, қазақ феодалдарының билікке таласқан ішкі күресі әбден асқындап кетіп еді. Елдің елдігін сақтап қалу үшін аға елге арқа сүйеу аса қажет болды. Жағдайды жан-жақты ойлап ақылға салған хан орыс мемлекетінің қол астына кіруге бекінді.
1731 жылы февральда император Анна Ивановна «Кіші жүзді Россия қол астына алу туралы» грамотаға қол қойса, бұл шартқа Әбілқайыр сол жылдың октябрінде қол қойды. Сөйтіп, екі ел арасындағы ұлы достықтың іргесі ресми түрде қаланды.
Әбілқайыр 1693 жылы туған, арғы тегі қазақ сұлтандарының кіші буынынан. Ол әуелде Тәуке ханның ықпалында болады. 1723 жылға дейін, жоңғар басқыншылары басып алғанша, Түркістан қаласында тұрады. 1726 жылы, Ордабасы тауының бөктерінде өткен халық жиналысында, жоңғарларға қарсы күрескен қазақ жасақтарының қолбасшысы болып сайланады. Батырлығымен, айлалы, шебер ұйымдастырушы екендігімен атағы шығады. Соның арқасында мұрагерлік жолдан тыс хан сайланады.
1731 жылы октябрьде Россия империясының қоластына кіретіндігін куәлендіріп ант берді. Ханның ол ісіне бірсыпыра қазақ сұлтандары мен билері қарсы болды. 1738 жылы 3 августа Әбілқайыр Орынбор қаласында орыс мемлекетінің қол астына өтетіндігі жайында екінші рет құран ұстап ант береді. Орта жүздің біразын өз билігінде ұстап жүрген Барақ сұлтан да 1742 жылы Россияға ант береді. Әбілқайыр мен Барақ бір-бірімен араз болады. Барақ Әбілқайырдың орыс мемлекеті алдындағы беделін қатты қызғанады, оның үстіне ежелден келе жатқан ұсақ-түйек кегі де көп. 1748 жылы Барақ пен Әбілқайыр Қабырға өзенінің маңайында кездесіп қалады. Екеуі де қызба, кекшіл кісілер болған көрінеді. Қасына ерген кісілер Әбілқайырдікінен кеп болғандықтан, Барақ сұлтан бірден хан қолына қарсы шабады. Ханның аз қолы алғашқы тегеурінге де төтеп бере алмай қашуға мәжбүр болады. Хан да шегінеді. Сол кезде Барақтың баласы Шығай қуып жетіп Әбілқайырға найза салады. Аттан құлап түскен ханды Барақ келіп өз қолымен өлтіреді. Бұл мәліметті тарихшы А. Левшин елші М. Тевкелевтің журналынан алған көрінеді. Ал, енді бір деректе, атап айтқанда, Торғай облысының соғыс губернаторы Л. Ф. Баллюзектің «бұл оқиға анық белгілі» деп атап тұрып мәлімдеуінше, Әбілқайырды Сырымбет батыр өлтірген де, ал оны қанға-қан деген заң бойынша Әбілқайырдың баласы Ералы өз қолымен өлтірген және оның үстіне, үйсін Төле бидің ұйғарымы бойынша, екі құн алған. Л. Ф. Баллюзек бұл пікірді 1871 жылы қазақ халқының әдет-ғұрыптық правосы жайында жинаған материалында келтіреді. Қалай дегенмен де, бізше, Левшиннің мәліметі ақиқат сияқтанады.
Ісінде, мінезінде қайшылықтары кеп болғанмен, қазақ халқын ұлы орыс халқына жақындастыруда, елдің ертеңгі күнін дұрыс көре білуде Әбілқайыр, сөз жоқ, өте көрегендік жасаған адам. Сондықтан қазіргі ұрпақ оған дәйім риза.
1727 жылы Цэван-Рабдан өлді. Оны өз әйелі және соны жақтаушылар у беріп өлтіреді. Таққа отырған Ғалдан-Церен өгей шешесін де, оған көмектесушілерді де аяусыз жазалайды. Ол әкесі Цэван-Рабданның ел басқарудағы ішкі-сыртқы саясатын бұлжытпай жалғастырды. Кіші жүз бен орта жүз жері қалмақтардан қайтарылғанмен, ол кезде ұлы жүз қазақтарының жері әлі де болса солардың қол астында қалды. Қазақтар Жетісу жерін толық азат ету жолындағы күресін тоқтатпады. Цин империясы да қайта соғыс әрекетін қарастыра бастады. Жоңғар басқыншыларының қол астында қалған Жетісудың Іле алқабы бойындағы шығыс бөлігін азат етуге әйгілі батыр Хангелді мен оның немересі Түке баласы Райымбек, Наурызбай, Байсейіт, Қыстық Малай, сондай-ақ Суанның Бөлек, Сатай батырлары көп еңбек сіңірді.
Райымбек батырдың қалмақ батырын жекпе-жекте жеңіп, әскерін күл-талқанын шығара жеңген жеріне қазақтар «Ойрантөбе» деп ат қойған. Ол жер — Алматы — Нарынқол тас жолының бойындағы Көкпекті селосының қарсы бетіндегі тау бөктері. Сол арада Райымбек бұлағы деген бұлақ та бар. Райымбек жоңғарларға қарсы соғысқа 17 жасында қатысып, батыр аты сонда шығады. Ол атасы Хангелдінің жолын қуып, өз өмірін елінің игілігіне арнайды. Жоңғар басқыншылары қазақ жеріне басып кіргенде, 1723 жылы, атасы Хангелді — әйгілі Төле бимен және Қодар бимен бірігіп, Суанның Бөлек, Сатай батырларымен қосыла орыс патшасына хат жолдап, Жетісудағы ұлы жүз қазақтарын қол астына алуын өтінген екен. Ал Райымбек сол атасы бастаған игі істің жүзеге асуы үшін жоңғарлықтармен соғысып, Жетісуды азат ету жолындағы күресті ұйымдастырушылардың бірі болды. Райымбек батырдың бейіті Алматы қаласында. Оның ерлігін жырға қосып, қазақтың атақты ақыны Мұқағали Мұқатаев «Райымбек! Райымбек!» атты поэма жазды.
Ұзақ жылдарға созылған қазақ-жоңғар соғыстары бір жағынан елді күйзелтсе, екінші жағынан «бірлік болмай, тірлік болмайтындығына» көз жеткізді. Бұл басына күн туған кезде, туған жерін шырылдап қорғаған «еңіреп туған ерлер» шықты. Сол ерлердің атын қазақ халқы күні бүгінге дейін құрмет тұтып есте сақтап келеді. Солардың бірі — Абылай. Шын аты — Әбілмансұр. Біраз уақыт «Сабалақ» деген де атпен жүрген көрінеді. Ол да Әбілқайыр сияқты сұлтандардың кіші буынынан шыққан. 1711 жылы туып, 1781 жылы өлген. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасы кезінде ол бар-жоғы он екі жаста ғана. Ел аузындағы әңгімеге, аңыздарға қарағанда, Абылай жоңғарларға қарсы соғысқа он бес жасында-ақ қатысқан. Дегенмен оның алғаш рет үлкен ерлік көрсеткені он бес жасында емес, жиырма жасында сияқты. Өйткені Абылайды сүйіп, сүйсініп жырлаған ақын, жыраулардың бәрі соны айтады. Мысалы, Тәтіқара ақын: «Дәл жиырмаға келгенде, Ақ сұңқар құстай түледі, Азуын тасқа біледі, Дұшпанға табан тіреді»,— дейді. Үмбетей жырау: «Жиырма жасың толғанда, Қалмақпен соғыс болғанда, Алғашқы бақты тапқанда»,— деп одан әрі анықтай түседі. Ал Бұқар жырау: «Жиырма беске келгенде, Бақыт берді басыңа»,— дейді.
Абылайдың атасының аты Абылай болған. Шоқанның айтуы бойынша, ол Түркістанды билеген, әскери ерліктеріне бола жұрт оны Қанішер атаған. Абылайдың өз әкесі Уәлиді көрші қаланың билеушісі өлтіріп кетеді, он үш жасар Абылайды әлдебір құл аман алып қалады. Содан ол кейін Төле бидің түйесін бағады, әр түрлі қызметте болады. Ел басына күн туған екіталай кезеңде оның аты ерлігімен шығады. «Алмас пышақ қап түбінде жатпайды» деген сөз дәл Абылайға айтылғандай. Қалмақтарға қарсы шапқанда, «Абылайлап» ұран тастағанына бола Абылай атанған деседі, Ол ақылды, соғыс әрекеттерін белгілеуде ете шебер стратег, ұйымдастырушы болған. Оның дипломатиялық істері де өте шебер. Жоңғарлар басып алған қазақ жерін азат ету жолында ол күшімен де, ақылымен де аз қызмет жасаған жоқ. Халық та оны сол үшін құрметтеді.
Абылай — аса қаталдығымен, кесімді пікірімен, сонымен бірге қажет жеріндегі айлалығымен және әркімнің ісін бағалай білуімен де беделге ие болған адам, Жоңғарлармен болған атыс-шабыс жылдарында Абылай Жетісуда әлденеше болған деседі, ол жайындағы әңгімелер ел арасында әлі сақталған.
Бірде Абылай әскері Жетісуда тұратын қазақ руы жалайыр ішіне тоқтапты. Абылай, әрине, ең сыйлы кісінікіне түскен. Отағасы қарт кісі екен, жанында он бес жасар ұлы болыпты. Қазақ әдетімен қартты Абылай сөзге тартып: «Ақсақал, айтыңызшы, жол анасы не, су анасы не, сөз анасы не?» — депті. Ақсақал ойланыңқырап барып, батылсыздау: «Жол анасы не болсын, үлкен даңғыл жол шығар. Су анасы мұхит та, сөз анасы тіл емес пе?» — деп, жұмбақ сөзге жұмбақ жауап қайтарса керек. Сонда қарттың қасында отырған он бес жасар бала жұлып алғандай: «Ата, дұрыс айтпадың»,— депті. Қарт та, Абылай да, үйдегілердің бәрі баланың бетіне қарайды. Ол аспай-саспай: «Жол анасы тұяқ болар, су анасы бұлақ болар, сөз анасы құлақ болар»,— деп жауап беріпті. Сез қисынына қатты риза болған Абылай: «Атың кім, шырағым?» — дегенде, бала: «Ескелді»,— деген екен. «Е, жалайырды аузына қарататын адам жаңа өсіп келе жатыр екен»,— деген көрінеді Абылай сонда. Әлгі сөзді сол арадағы ел Абылай берген батадай көреді, әлі күнге дейін әулиелік пікір деп бағалайды.
Сол Абылай қалың әскермен Қараталдың бойына тұтқиыл қиын-қыстау кезде келіп қалады. Әскердің азық-түлігі жоқ, жорықтан қалжыраған қамсыз бір кезі болса керек. Таңдап-талғамай, реті келе қалған ауылға тоқтайды. Шаршаған әскер күш жинап, әлгі ауылға жеті күн аялдайды. Жеті күн бойы Абылай да тоқ, әскері де тоқ, анау жоқ, мынау жоқ деген күңкіл әңгіме де: бермей жатыр, жетпей жатыр деген шағым да — ештеңе естілмейді, бәрі ың-шыңсыз. Абылай ойланып қалады. Жетінші күн дегенде, жігіттерін шақырып алып: «Әй, жігіттер, бізді жеті күн бойы тамақтандырып, бағып-қағып жатқан кім? Аты-жөнін білдіңдер ме, алып келіңдерші, көрейін»,— дейді. «Құп болады»,— деп жігіттері шығып кетеді. Әлден уақытта сақалы өскен, бетінің бәрі түк-түк, омырауы ашық, көкірегінің бәрін жүн басқан дәу қара кісі келіп босағадан үнсіз басын иеді.
— Осы ауылдың иесі сен бе?— дейді Абылай.
Түкті дәу тағы үндемей басын иеді.
— Қанша малыңды жедік, ақысына не сұрайсың? — дейді.
Дәу қара тағы еңкейе беріп басын шайқайды.
— Осының бәрін өзің біліп істедің бе әлде біреу күштеді ме? — деп сұрайды.
Оған да тағзым етіп тілсіз жауап қайырады.
Абылай әлгінің қылығына қайран қалғаны сондай, атын сұрауды да ұмытып кетеді. Тек дәу қара өз жөніне кетіп бара жатқанда, қасындағыларға:
— Мынауың адам емес, қабан ғой,— деп күңк етіп қалса керек. Содан былай әлгі кісінің аты Қабан аталып кетіпті.
Өтірік-шынын куәлендіре алмасақ та, әңгіменің астарынан Абылайға деген ел пейілі, тіпті, Абылайға ғана емес, Абылай сияқты халыққа қиын кезеңде қорған бола білген батырларға деген қарапайым жұрттың сый-құрметі айқын аңғарылады. Халық, бәлкім, өзі үшін басын өлімге тіккен ерлердің кемшілігі мен қателіктерін де көшіріп жіберетін болу керек. Олардың ерлігін ғана ұрпаққа үлгі етіп, көлеңке жақтарын көп айтпай, қадірін түсірмеуге тырысқан ғой.
Сүйегі сұлтан болғанмен, Абылайдың қара басынан талай қиыншылықтар өткен. Жас күнінде құлдың орнына да жүргендігін жоғарыда айттық. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдарында елге ес боларлықтай айтулы әрекет жасай алмағандықтан, орта жүз ханы Әбілмәмбеттің беделі көзі тірісінде-ақ әбден тайған болатын. Іс жүзінде орта жүздің басты билігі Абылайға қарап, ұлы жүз қазақтарының да біраз бөлігі соның қол астына өткен-ді.
Ресми жолмен хан сайланбаса да, Абылай хандық дәрежеде қызмет атқарады. Ол бір соғыста Қалдан-Цереннің ұлы Шарышты (Чарч) өлтіреді. 1742 жылы өшіккен Қалданның әскерлері Абылайды қапыда қолға түсіреді, содан ол түрмеде бір жылға жуық жатады. Алайда түрмеден қалай құтылып шыққаны жайында нақты деректер жоқ, бірақ 1743 жылдың көктемінде түрмеден босап шыққаны ақиқат. Левшиннің жазуына қарағанда, оны құтқарып алуға орыс мемлекетінің әрекеті себеп болған сияқты. Орынбор губернаторы Неплюев майор Карп Миллерді Қалданға жұмсап, соның нәтижесінде Абылайға азаттық берілгендей. Сірә, туған баласын өлтірген кісіні аман-есен еліне қайтаруға Қалдан жайдан-жай рұқсат бере қоймаса керек. Ондай қадамға оны аяқ бастырса, тек Россия сияқты үлкен мемлекеттен қорқу ғана аяқ бастыра алады. Алайда Т. Моисеев 1983 жылы жарық көрген «XVI—XVIII ғасырлардағы Қазақстан, Орта және Орталық Азия» атты кітаптағы мақаласында Қалдан-Цереннің майор. Карл Миллерді сол жолы қабылдамай қойғандығын дәлелдейді. Және Абылайды босата отырып, Қалдан Әбілқайырдың орыс қол астына бекер кіргендігін айтып сәлем жолдапты.
Бір қызығы, жаз айларында Абылай сұлтанның балалары Қалдан-Цереннің ордасына барып, бір-екі ай жайлауда болып, Қалданның балаларымен бірге ойнап-күліп қайтады екен.
Абылайдың қалмақ тұтқынынан қалай құтылғанын Үмбетей жырау былай мадақтайды:
— Қалдан ханның әскері
Іздеп сені әрі-бері,
Қапыда ұстап алғанда,
Алып барып Тәшкенде
Көр зынданға салғанда,
Елің қараң қалғанда,
Тоқсан жақсы үш жүзден
Сені сұрай барғанда,
Өлтірем деп Қалдан хан
Орайына Шарыштың
Сөзіне қарсы сөз айтып,
Жауаптастың, қарыстың.
Қапияда тұтылдың,
Қалмаққа бітеу жұтылдың,
Шешендік жолын тұтындың,
Үш ауыз сөзбен құтылдың,
Ұмыттың ба соны, Абылай?
Асыра мақтап отырған болар-ау дегеннің өзінде де, жырдың түбінде біраз шындық жатқанын аңғару қиын емес. Осындағы «шешендік жолын тұтындың» деген тіркесте көңіл аударарлық бір гәп бар сияқты, өйткені ел ішінде осыған орай бір әңгіме айтылады.
Тұтқындағы Абылайды алдына алдырып: «Абылай, бауыр етім баламды өлтіріп, қайғыдан қан жұтқыздың, сағыныштан сарғайттың, қанға-қан, басыңды алам!»— депті Қалдан.
Сонда Абылай саспастан: «Әй, Қалдан, сен де сан рет соғысып көрдің, соғыстың сырын білесің; көзіңе қан толғанда, қайсысы қараның ұлы, қайсысы ханның ұлы деп қарап жатпайсың; қара қалмақ та, құба қалмақ та бір қалмақ деп, қарсыңа келгенді шаншисың. Балаңды өлтірсем, сенің балаң болған соң емес, байқамай соғысып жатқандардың бірі деп өлтірдім. Ажалы шығар, топырағы торқа болсын! Өлі балаңды сен сағынғанда, тірі баламды мен сағынбады деймісің, бес ай азапқа салдың, алар өшіңді алдың, енді бала-шағама жібер»,— деген екен.
Баласын ойлап солқ-солқ жылаған Қалдан сол сөзден кейін Абылайды нөкерлерімен қоса түрмеден босатса керек. Аңыз әңгіме осылай дейді.
1740 жылы Әбілмәмбетпен бірге Россияға бағынуға уәде еткен Абылай 1750 жылы сондай уәдені Қытайға да береді. Және олардың елшісін қабылдайды. Ол сөйтіп өз тәуелсіздігін айламен де сақтап қалуға тырысады. Орта жүз ханы Әбілмәмбет қайтыс болған соң, мұрагерлік заңға сәйкес болмаса да, 1771 жылы халық оны хан көтереді, 1772 жылы Абылай Россияға бағынатындығы жайында екінші рет ант береді. Ол Түркістан, Сайрам, Шымкент, Созақ қалаларын өзіне қаратады. Баласы Әділге Талас бойынан қала салып беріп, ұлы жүздің билігін соған береді Балаларына Абылай «Қазақ арасындағы ру таласын ешқашан ақи-тақиына жеткізе шешпеңдер, өйткені олардың арасындағы келіспеушілік пен араздың қана хан тағының мызғымайтын тірегі бола алады»,— деп ақыл айтатын көрінеді,
Кезінде ел үшін, жер үшін жанын шүберекке түйгенмен, Абылай қатардағы халық жағдайын, тұрмыс-халін жақсартуда ешқандай үлгі боларлық реформа жасай алған жоқ. Елмен, ел сөзін ұстаған жақсылармен санаспай, өзім білемге салып ағат істеген әрекеттері де көп. Оның біразы қазақтың ақын, жырауларының шығармаларынан да айқын аңғарылады. «Сен елдің арқасында, ерлердің арқасында ғана Абылай болғасың, соныңды ұмытпа!» — деп, олар ылғи Абылайға өткенін еске салып тежеп отырады. Тәтіқара ақынның: «Үш жүздің баласы ақылдасып, қолдасып хан көтеріп еді, Үш жүздің баласын бір баласындай көрмеді. Ат құйрығын сүзіңдер, Аллалап атқа мініңдер, Ханталау қылып алыңдар!» — деуі халықтың қаһарын да, ханның мінезін де біршама көзге елестететіндей.
Айтса айтқандай, Абылайды Абылай еткен қазақ батырлары ғой. Оның заманында елдің елдігін қорғаған қаншама батырлар өтті. Біз оның бірін білсек, бірін білмейміз. Кейбірінің атын естісек те, ісін естімедік. Естігеніміздің көбін, амал не, естен шығарып та алдың. Жазусыз, сызусыз жұрттың тарихы құмнан алтын іздегендей, әр жер-әр жерде жылт еткеннің өзін құнттап жүріп құрамасаң, «есек-кесек күйінде кезіге бермейді. Оған мысалды тағы жыраулардан іздейік.
— Қалданменен ұрысып,
Жеті күндей жүрісіп,
Сондағы жолдас адамдар:
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгембай,
Шақшақ ұлы Жәнібек,
Сіргелі қара Тілеуке,
Қарақалпақ Құлашбек,
Тігеден шыққан Естербек,
Шапырашты Наурызбай,
Құдаменді Жібекбай қасында,
Бақ, дәулеті басында
Сенербай мен Шүйбекбай,
Таңсық қожа, Мамыт бар,
Қасқарауұлы Молдабай,
Қатардан жақсы қалдырмай,
Айнақұл Бәти ішінде,
Өңкей батыр жиылып,
Абылай салды жарлықты,—
демеуші ме еді Бұқар бабамыз. Тізімдеп шыққанның өзінде тұла бойың шымырлап, кілең батырлардың киелі есімін құрметпен атайсың. Атаймыз. Көп жағдайда атаудан ары аса алмаймыз. Еске алуға болар еді, еске алатындай ешбір тарихын нақты білмейміз. Бұқар жырау бабалық махаббатымен мейірлене атап отырған батырларды біз де мейірлене балалық махаббатпен еске алғымыз келеді, бірақ қалай еске аларымызды білмейміз. Нақты ісін, нақты бейнесін ең құрымаса елестеткіміз келіп энцикяопедияны ашсақ та, тарихты ақтарсақ та, жалпылықтан ары аса алмай жығыламыз. Тарихқа ілтипатпен, үлкен мен кішіні бірдей елеп қарауды бүгінгі ұрпақ орыс халқынан, Европа халықтарынан қатты үйренулері керек.
Бұқар жырында аты аталған үш батыр: Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгембай және Шапырашты Наурызбайлардың әрқайсысы — Абылай әскерінің ту ұстаушысы болған батырлар.
Салқам Жәңгір мен Батур қонтайшы 1643 жылы соғысқан Ордың бұлағының батыс жағында, Жалаулы деген жотаның жол өтетін мойнағында тастан үйген жалғыз мола бар, ел соны Қаракерей Қабанбай батырдікі дейді. Дәлелденуі қиын болғанмен, құлақ аспай қоюға тағы болмайтын дерек. Ол моланың қасынан бетін бір сипамай есті қарттар етпейді. «Апырмай, бабамыз Қабанбай батырдың бейіті дегені рас па екен, ә?»— деп, баба ерлігін білетін жастар бір әңгіме айтпай, бұрылып қарамай тағы өтпейді. Соның бәрі — тәрбие, дәстүр Есті халық ескісін сыйлау арқылы бүгінгісін биіктетеді» Біздің ұрпақ та — бүгінгі коммунизм құрылысына белсене араласып жүрген ұрпақ та — ата-бабасының сүйегі жатқан жерді жауға таптатпас үшін жанқиярлық істің қандайына болса да барады Ұрпақтан ұрпақ үйреніп, жиын-тойларда жатқа айтылып келе жатқан «Қабанбай батыр» жырының ел ішінде әлденеше нұсқасы бар. Оның екі нұсқасын күйтабаққа жазылып, қазір талай үйдің төрінде тұр.
Қабанбайдың туған, өлген жылдары белгісіз. Найман тайпасының Қаракерей руынан шыққан. Кейін сол рудың биі болады 1745 жылы Россияның қол астына өтуге тілек білдірген прогрессивтік бағыттағы батыр. Қартайып барып өлген деген жорамал бар.
Бөгембай атты батыр қазақта екеу (Бөгенбай деп те жазылып жүр). Екеуі де бір кезеңде өмір сүрген, бір кезеңде аттары шыққан. Бұқар жырында аты аталған Бөгембай батыр 1690 жылы Сыр бойында туса керек. Арғын тайпасының ішіндегі Қанжығалы руынан шыққан. Қазақ жауынгерлерінің ең үлкен ағасы саналып, «Қанжығалы карт Бөгембай» аталып кеткен. Үлкен әскербасы болған, қазақ-қалмақ және қазақ-қытай соғыстарында ерлігімен ерекше көзге түскен. Түркістан, Сауран қалаларын жоңғарлардан азат етуде, оларды қазақ жерінен асыра қууда үлкен үлесі бар батыр 1756—58 жылдарда Талқы соғысында (Сайрам көлінің қасы, қазіргі Шыңжаң өлкесі) Қытай әскерін күйрете жеңіп, оларды Үрімжіден асыра қуған 1761 жылы ол Қытайға елшілікке де барған.
Жалпы, ел аузындағы әңгімелерге ақын-жыраулардың шығармаларына қарағанда, Бөгембай ерлігіне орай ақылды да адам болған 85 жасында Торғай өзенінің бойында қайтыс болып, сүйегі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи күмбезіне жерленеді, Тұраналы, Тұрымбет атты екі баласы болған көрінеді. Ол жайында «Бөгембай батыр» аталатын эпикалық поэма бар. Оның бір нұсқасын профессор Сәрсен Аманжолов 1935 Жолы жеке кітап етіп бастырған да екен. Қазір Қазақ ССР Ғылым Академиясының қорында талдықорғандық қарт ақын Мұқаш Байбатыровтың жаздыруында екі бөлімдік «Бөгембай батыр» жыры сақтаулы. Өз айтуына қарағанда, бұл жырды ол кісі Шойбек Тастеміров деген кісіден 1927 жылы үйреніпті. Жырдың бір бөлімі батырдың ақылды істеріне. тәжірибелілігіне арналса, екіншісі батырға деген кейінгі ұрпақтың құрметін көрсетуге арналған.
Сол жырдың екінші бөлімін талдай кетудің тәрбиелік, танымдық үлкен мәні бар деп ойлаймын.
Бөгембай батырдың қартайған шағы екен. Бесін кезінде біреу шапқылап келіп хабар айтады. Қалмақтың Қаранай деген батыры он тоғыз мың әскермен ел шетіне кіріп, семіз малдарды санап алып әкетіп жатыр екен. Жат хабарды естіген соң, қарт Бөгембай інісі Сарыбай батырды жұмсап ел-жұртты жинайды. Еркек кіндіктен ешкім қалмай жиналады, жауға қарсы қарт Бөгембай өзі де шықпақ болады, бірақ батыр інілері оған көнбейді. Бөгембайдың батыр інілерінің бірі Бексұлтан жауға мінерге ат таппай қатты қиналады. Ақыры өйтіп-бүйтіп жүріп Сарыбай батыр қалмаққа қарсы жасақ жинайды.
Елді қалмақ шапты деген хабарды Сарыбай Әбілмәмбет ханға да жеткізеді. Бірақ қорққан хан жауға шаппай үйінде бұғып қалады.
Қалмақтың Қаранай батыры қазақ елінің шетіне іліге-ақ: «Қолыма Бөгембай батырды беріңдер»,— деп жар салады.
— Қалмаққа қазақ қарсы жақындады,
Азуы Қаранайдың сақылдады.
«Қолыма Бөгембайды тірі берсең,
Жау болмай қайтамын»,— деп тақылдады,—
дейді жыр. «Менің тоғыз жасымда Бөгембай батыр әкем Шынардың басын кескен. Әкем онда 49-да болатын. Мен жас болдым, жетім болдым, енді әкемнің кегін алуға келдім. Бөгембайды ұстап бермесеңдер, қазақтың ұлын құл, қызын күң етіп қырам»,— дейді Қаранай.
Қазақ жасағы Бөгембайды қазақ халқының беделі санап, ер намысы — ел намысы үшін жоңғарларға қарсы шығады. Екі әскер бетпе-бет келеді. Сенде астына қара тұлпар мінген, денесі бүкіл әскердің ішінде ерекше дәу, басындағы дулығасының өзі мұнарадай, жуан кеуделі Қаранай әскердің алдына шығып, қазақ батырларын жекпе-жекке шақырады, Сарыбай көпке қарайды, сен шық деп ешкімге айта алмайды. Жиырма екі жастағы Тұманбек деген жігіт дереу атынан қарғып түсіп жол сұрайды. Сарыбайдан бата алып, көк атты жігіт қалмаққа қарай беттейді.
Қаранай Тұманбекті қораш көріп: «Бейшара, сен кімсің? Өлесің ғой, Бөгембайды әкеп берсең, тірі қаласың»,— деп мазақтайды. Жас Тұманбек тайсалмай:
«Тұманбек — менің атым, әкем — Маян,
Туысы Бөгембайдың еліме аян»,—дейді.
Қаранай сонда: «Ежелден қазақ-қалмақ соғысқанда, әуелгі кезекті қалмақ алатын, кезегімді бер, бала»,— дейді. Тұманбек көнеді. Қаһарланған Қаранай бурадай шабынып келіп сегіз қырлы найзасын шұрқылтайдан сұғады. Сол сәт Тұманбек те найзаның ұшын ұстай алады. Екеуі сіресіп қатып қалады. Итерісіп ырғасып тұрғанда, Тұманбектің астындағы көк ат салмаққа шыдамай сыр беріп қалады: белі майысып, сүрініп кетеді. Сол уақытта Тұманбек қолындағы найзадан айрылып қалады, қас қағым сәтті пайдаланып, Қаранай найзасын сұғып үлгереді. Қазақ батыры жер құшып, Қаранай ат ойнатып бетке шыға береді.
Тұманбектің сүйегін жауға таптатпаймыз деп, қалың қазақ лап қояды, қырғын соғыс басталады да кетеді. Күн батқанша соғысып, қазақтан төрт жүз адам қырылады, қалмақтың саны одан аз.
Енді қолбасы Сарыбайға Бексұлтан батыр келіп мұңын шағады. «Жекпе-жекке шығайын, қалмақтан кекті алайын, ала алмасам, өлейін, бірақ астыма мінер атым жоқ, ат тауып бер»,— дейді. «Өзің таңда, лайық деген атыңды алып берейін»,— деген соң, Бексұлтан. «Ақанайдың ала аты мен мінуге жарайды»,— дейді Сарыбай Ақанайды шақырып алып атын Бексұлтанға бере тұруын өтінеді. «Бәрібір біз өлсек, сен де аман қалмайсың»,— дегенді айтады. Өз басының амандығын алдымен ойлаған Ақанай сонда: «Ойбай, қаптаған қалың соғыс болып кетсе, жаман атпен жау қолынан өзім өліп қалармын»,— деп, атын бермей қояды. Бексұлтан ашуланып: «Ақыр бәрібір бір елім, қалмақ өлтіргенше, одан да мені сен өлтір»,— деп Ақанайға ақырады. Жұрт жабыла түсіндіріп, жаудың батыры Қаранай өлмей, қазаққа жақсылық жоқ деп, Ақанайды амалсыз көндіріп, атын Бексұлтанға зорға алып береді.
Ала атқа мінген Бексұлтан ұрандап ортаға шығады. Қаранай тағы да бірінші кезекті сұрайды «Қайтсек те екеуміздің біреуіміз жеңуіміз керек, ала бер кезегіңді»,— дейді де, Бексұлтан қасқайып қарсы қарап тұрады. Құтырған арыстандай күркіреп кеп Қаранай найзаны қос қолдап ұрады. Бексұлтан шап беріп найзасын ұстай алады деп лақтырып жібереді.
«Ал енді кезегіңді сен ал. Мен де сенің найзаңды лақтырармын»,— дейді Қаранай.
Бексұлтан ала атқа қамшы басып, найзасын сол қолына ұстап, оң қолына көк семсерін алады, Шауып келе жатып амал ойлайды. Екпіндеп келген бойда ұсынған найзаға ербең етіп Қаранайдың қолы тиеді, сол замат Бексұлтан найзаны оған ұстата салып, семсермен желкеден салып етеді. Қаранай ат үстінен омақаса құлайды. Аруақтанған қазақ жасағы қалмақтарға лап қояды. Әкесінің есесін іздеп келген Қаранайдың сүйегін қалмақтар алып кете алмай да қалады. Дәл түс кезінде басталған соғыс кеш бата қалмақтардың қашуымен аяқтатады Желдіөзектің бойында қырғын тапқан қалмақты қазақ батырлары Барқытбелден ары асыра қуып тастайды. Ол күнгі соғыста бір мың үш жүз қалмақ қырылады.
Он сегіз күн бойы хабарсыз кеткен інілерін іздеп шыққан Бөгембай жеңіспен қайтқан жасақтың алдынан жолығады.
Шынын айту керек, бұл жырдың көркемдік дәрежесіне бәлендей тамсануға болмайды Бірақ жыр мен жырды, батыр мен батырды, оқиға мен оқиғаны салыстыру үшін мұндай жырлардың, да деректік мәні ерекше деп ойлаймын.
Осы жырды оқығанда, неге екенін, ежелгі түрік батыры Күлтегіннің бір жылда жаумен бес рет шайқасқаны есіңе түседі, Ол сол жылы жауға қарсы шапқанда, біресе астына Азман ағын, біресе Аз қаракерін алма кезек мініп шығушы еді. Әуелгі бір кезде, Күлтегін бір соғыстың өзінде үш рет ат алмастырып мінетін: «Ең ілкі Талдықын Чурдың Боз атын мініп шапты, ол ат сонда өлді. Екіншіде Ышбар Ямтардың Боз атын мініп шапты, ол ат сонда өлді. Үшіншіде йегін Сілікбектің ерттеулі торы атын мініп шапты. Ол ат сонда өлді»,— деп жазылған ғой «Күлтегін» ескерткішінде. Күлтегін батыр керек жерінде Байырқының ақ айғырына да, Башғы боз атқа да, Алып Шалшы ақ атқа да, Өгсіз ағына да міне беруші еді, енді одан он бір ғасыр кейін туған Бексұлтан батыр ол құсап он ат мінбек тұрмақ бір ат тауып міне алмай кіріптар болады. Апырмай, Ақанай деген әлдекім астындағы атын батырға түсіп бергісі келмей масқара қылады-ау! Батырдың бағын байлаған әлеуметтік теңсіздікке қалай қынжылмассың. Тіпті, Тұманбек батырдың өзі де атының осалдығынан өлім тапқан жоқ па?
«Елге жау шапты!» деп хабаршы келіп тұрғанда, Әбілмәмбет хан үйіне тығылып, жауға бармай бұғып қалады. Ханға халықтың да керегі жоқ, жердің де қажеті жоқ сияқты. Өз амандығынан басқа ешкім де, еш нәрсе де оған қымбат емес. Әбілмәмбеттің ол қылығын да өзінен он бір ғасыр бұрын өткен Тоныкөкпен салыстырайықшы. Ол: «Қапаған (кісі аты — Б. Н.) қаған үшін түнде ұйқтамадым, күндіз отырмадым. Қызыл қанымды төктім. Қара терімді ағыздым. Күш-қуатымды бердім... Бүкіл түркі халқына қарулы жау келтірмедім. Атты әскер жолатпадым. Елтеріс қаған жауламаса, оған еріп мен де жауламасам, елім, халқым жойылар еді»,— деп ышқына сырын айтады.
Басқасын былай қойғанда, батырына да жаны ашымайтын, елдің арын намыс қылмайтын Әбілмәмбет секілді хандарға қайтіп алғыс айтарсың?!
Енді XVIII ғасырда өмір сүрген Бөгенбай атты екінші батырға келсек, ол Арғын тайпасының Шақ-шақ руынан шыққан, Жоңғар шапқыншылығына қарсы күрес бастаушылардың бірі болған. Қазақстанның Россияға қосылуына ықпал еткен, сол мақсатпен Орынборға бірнеше рет барған. Кіші жүз жерінде, Әбілқайыр ханның қасында жүрген. П, И. Рычковтың дерегі бойынша, ол 1756 жылы қазақтар мен түрікмендер арасында болған қақтығыс кезінде қаза болады.
Абылай ханның ту ұстаушы үш батырының бірі Наурызбай Құтпанбетұлы 1706 жылы қазіргі Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Шапырашты тайпасының Төлеміс руынан шыққан. Оның бүкіл өмірі жоңғарлармен соғысумен өткен көрінеді. Құдайберген, Шолпан, Дүйсен деген үш бауыры да жоңғарлардың қолынан қаза тауыпты. 1729 жылы, 23 жасында, қалмақтың атақты батырлары Шамалхан мен Қаскелеңді жекпе-жекте өлтіріп Наурызбайдың атағы шығады. Жетісуды жоңғарлардан азат етуге белсене қатысқан батыр 1751 жылы өз ажалынан өлген көрінеді. Алматы облысының Бақанас ауданында осы батырдың атымен аталатын Наурызбай көлі бар.
Абылай хан жайында әңгіме қозғағанда, оның іс-әрекетін Жоңғар хандығымен байланыстырмай айту қиянат болатын сияқты. Бір ғасырдан аса уақыт бойы дәуірлеп-дәуірлеп келіп тып-типыл дерлік құсып кеткен ол хандықтың ақырғы алашапқынына азды-көпті дәрежеде Абылай да араласты. Бүйірдегі жаудың бүлінуінде оның да өзіндік үлесі бар.
Қазақ халқы үшін атының өзі әзірейілдей болған Қалдан-Церен 1746 жылы өледі. Одан үш ұл қалады: үлкені Лама Доржы 19-да, ортаншысы Цеван- Доржы 13-те, кенжесі Цезан-Даши 7-де. Ғалдан-Церен өзі тақ мұрагерлігін ортаншы ұлына өсиет еткен екен, сол ұлы 1746 жылы хан сайланады. Бірақ астыртын әрекет жасаушылар оны 1749 жылы тақтан түсіріп өлтіреді. Жоңғар ханы Лама-Доржи болады, ол Ғалдан-Цереннің заңсыз әйелінен туған көрінеді. Ал мұрагерлік заң бойынша, таққа бұл молы Ғалдан-Цереннің жақын туыс немересі Даваци (Дебаче) ноян отыруға тиіс еке». Енді таққа таласушы жаңа бәсекеші сол Даваци шығады. Оның жер иелігі Тарбағатайда еді. Даваци ойраттың Тарбағатайдағы тағы бір нояны Амурсанамен жақын дос әрі тығыз байланыста болады. Лама-Доржидың таққа отыруына екеуі бірігіп қарсы әрекет жасайды. Екеуінің ол әрекеті алғашқыда қатты сәтсіздікке ұшырайды да, 1751 жылы жан сауғалап екеуі де Абылай ханды келіп паналайды. Жоңғар хандығында тақ үшін өтіп жатқан бақталастықты орта жүз ханы Абылай қас қақпай бақылап отырған. Сол бақталастыққа бірде май құйса, бірде тежеу салып, ол ылғи өз қажетіне қарай ықпал етіп отыруға тырысады. Лама-Доржи Абылайға арнайы елші жіберіп, қашқындарды қайтарып беруін талап етеді. Оған Абылай: «Қазақтың заңы бойынша, адам тұрмақ иесінен қашып тығылған итті де ұстап беруге болмайды»,— деп жауап береді. Оған ашуланған Лама-Доржи әрбір ноян мен әрбір зайсан қол бастап қазақпен соғысыңдар деген бұйрық береді. Бірақ одан бәлендей нәтиже шықты деген дерек тарихта жоқ.
Абылай жоңғар нояндары Даваци мен Амурсананы бір жыл паналатады. Содан кейін екеуі еліне қайтып, тақ үшін күресті тағы ары жалғастырады. Ақыры олар 1753 жылы хан ордасына тұтқиыл шабуыл жасап, Лама-Доржиды өлтіріп, таққа Даваци отырады. Оның ол әрекетіне қарсы болған кейбір заисандар (жайсаңдар) мен нояндар Немеху-Жиргала дегенді өз беттерінше хан сайлайды. Сөйтіп, Жоңғарияны екі хан билейтін болып шығады. Осы тұста Давациге ежелгі досы Амурсана аянбай қызмет жасайды, ол қазақ ханы Абылайдың көмегімен Немеху-Жиргала ханның тобын талқандап, өзін өлтіреді. Қысқасы, жоңғарлықтардың ішін алауыздың жайлап, жік-жік күрестен хандық қатты әлсірейді.
Ол әлсіреуді көрші Қытай империясы өз пайдасына шешуді көздеп, сол бағытта әрекет ете бастайды. Наразылықпен қашып өткендерді паналатып, оларды қолдап отырады. Қытай жеріне Ғалдан-Цереннің екі немересі қашып өтеді. 1753 жылдың күзіне солай қашып өткен ойрат семьясының саны 3 мыңға жетеді.
Жоңғар елінде болып жатқан бүліктердің бәрін Россия да жіті қадағалап отырды. Жоңғар ішіндегі алауыздықты қазақ феодалдарының пайдаланып қалғысы келген ниетін Россия қолдамады. Орыс империясы көшпелі екі көрші елдің өзара күш біріктіріп кетуіне де қолынан келгенше кедергі жасап отырды. Әйткенмен Давацидың хан болып орнығуына Абылай да аз еңбек сіңірмейді. Давациге бағынғысы келмегендерді жуасыту үшін, ол қалмақ жеріне әр кезде мыңнан бес мыңға дейін жасақ жіберіп, көмектесіп отырған. Оны сол кездегі орыс әскерлерінің жазбалары нақты дәлелдейді. (Прапорщик Веревкин).
Жоңғарға жаңа хан болған Даваци қалмақтардың алғашқы ханы Батур қонтайжының тікелей ұрпағы еді, сондықтан хандыққа таласуға оның толық правосы бар. Ал Амурсанада ондай право жоқ. Ол — тек Ғалдан-Цереннің қызынан туған адам, хан тұқымына жиен ғана. 1722 жылғы. Әрине, дәулетті болған, Тарбағатайда оған бес мың түтін бағынған. Давацидің хан болуына, таққа отыруына, өз жауларын жеңуіне ондай еңбек сіңірген адам жоқ. Сол қызметтері үшін Даваци оған кейін мол үлес берем, жеке ұлысты (Гурбон-Модон) билетем деп уәде етеді. Сірә, сол уәдеде көп сыр жатқан болу керек. Өйткені кейін, Даваци әбден нығайып, жоңғардың жалғыз билеушісіне айналған кезде, екі ескі достың арасы кенет бұзылып, оның аяғы үлкен жауласуға ұштасады.
Кейбір деректерге қарағанда, әуелгі кездегі уәдеге сүйеніп Амурсана өз үлесіне Давациден жер және адам сұраған көрінеді, оған Даваци: «Бір жердің екі басшысы болмау керек»,— деп жауап қайтарады. Ашуланған Амурсана алты мың адаммен Давациге қарсы шығады. Ол үшін Абылайдан 4 мың ат пен түйе, 10 мың қой сұрайды. Және олар соғысқан кезде Давацидің ордасына шабуыл жасауын өтінеді. Абылай оның барлық өтінішін де орындайды. Бірақ Амурсана жеңіліс тауып, нөкерлерімен, қолдаушыларымен бірге Қытайға қашып кетеді. Амурсенаны жеңген соң, Даваци Қытайға достық ара қатынас орнатайық деген тілекпен елші жібереді. Бірақ Цин империясы ол тілекті құптамайды. Есесіне олар Амурсананы үлкен қуанышпен қарсы алады. Жоңғар мемлекетін қайтсек кұртамыз деген олардың ежелгі тілегіне Амурсананың қашып келуі орайласа кетеді. Оған көмектесуші ретінде олар соғысқа қауырт әзірлене бастайды.
1755 жылдың көктеміне қарай бір деректер бойынша 90 мың адамдық, ал кейбір деректер бойынша 200 мың адамдық Қытай армиясы үлкен екі бөлімге бөлініп жоңғарлықтарға қарай қозғалады. Оның бір алдыңғы шептегі отрядын Амурсана басқарады.
Қытай әскерінің екі бөлімі апрельдің аяғында Боратола өзенінің бойында бір-бірімен қосылып Іледен өтеді. Бірде-бір оң шығармастан Жоңғар хандығының жерімен ілгері жылжиды.
Қытай әскерінің жақындап келе жатқанын естіп, Даваци 30 мыңдай әскер жинайды. Алайда Қытай армиясының құрамында Амурсананың да бар екенін естіген соң, жоңғарлықтардың көбі Давациды тастап солай қарай өтіп кетеді. Даваци Пекинге өз ұлы бастаған тағы елшілік жібереді, бейбітшілік пен достық қатынасты сақтауды өтінеді. Сөзінің шынайылығына иландыру үшін, Жоңғар ханының жауынгерлік туын да беріп жібереді. Егер император қажет деп тапса, өзінің де Пекинге барып қайта алатындығын айтады. Бірақ Цин үкіметіне бұл хандықтың бейбітшілігі емес, біржола құрығаны керек еді, сондықтан Давацидің тілегі жауапсыз қалады.
1755 жылдың 14 майы күні Амурсана басқарған Цин империясы әскерінің алдыңғы шебі Текес өзенінің алқабында Давацидің шағын отрядымен кездеседі. Даваци қатын-баласын тастап, соғыспастан Қашғарға қарай қашады. Бірақ Куча қаласында ұсталып, Амурсананың қолына тапсырылады, ал ол оны Цин армиясының басшыларына өткізіп береді. Содан Пекинге жеткізіліп түрмеге отырғызылады.
1755 жылдың жазына соғыс жедел аяқталады. Жоңғарлықтардың қарсылық жасауға да шамалары келмейді, Енді бүкілойраттық хандық жойылып, дербес мемлекеттік иелік те күйрейді, Оның орнына тікелей Пекинге бағынатын төрт княздік орнайды. Жоңғар мемлекетін біржола жойған соң, Қытай армиясы елге қайтарылып таратылады. Осы тұста 1755 жылдың сентябрінде Амурсана қайтадан бас көтереді. Ол Қытай армиясының көмегімен Жоңғар ханы болуды есептеген-ді, енді оның есесіне елінің өз тәуелсіздігінен айрылғанын көріп, алданған ол аз ғана қарулы отрядпен Қытай империясына қарсы шығып, шекара әскерін талқандап, 500 қолмен Жоңғарияға қайта қашып келеді. 1755 жылдың соңын ала оны өз жақтастары хан етіп сайлайды. Қыс бойы Амурсана күш жинайды. Бірақ өзіне қарсыластардан жеңіліс тауып, ол тағы да Абылайдан көмек сұрауға мәжбүр болады. Оның өтінішін құп алған Абылай он мың әскермен Жоңғарияға кіреді. Бірақ үлкен манчжур армиясының өзіне қарсы шыққанын біліп, Амурсана 1756 жылдың жазында қазақ жеріне келіп, тағы да Абылай сұлтанды паналайды.
Енді Цин империясы тағы әскер жасақтауға кіріседі. Бұл жолы Амурсанаға қарсы жиналады. Олар Жоңғария жерінде ұйымдасқан қарсылық көрместен баса көктей өтіп Өскемен бекінісіне бір-ақ тіреледі. Амурсананың Абылай сұлтан жерінде екендігін білген соң, одан ары орта жүзге қарай бет алады. 1756 жылдың авгусында Абылай отряды Қытай әскерімен соғысып, қазақтар жеңіледі. Бірақ Цин империясының екі мың ғана әскері тереңдеп қазақ ішіне ене алмайды.
Осы кезде Абылайдан жасырып орыс үкіметі Амурсананы Орынборға шақырмақ болады. Алайда Абылай Амурсананы мықты күзетте ұстайды. Өзі жорыққа шыққан кезде, оны да жеке киіз үймен бірге алып жүреді. Оның үйін үнемі отыз жігіт күзететін болады. Абылайдың қасында бес ай болған соң, 1756 жылдың аяғында, Амурсана Жоңғарияға қайта келеді. Россия үкіметінен көмек сұрап, қол астына алуды өтініп Петербургке арнайы елші аттандырады. Ертіс пен Зайсан көлінің аралығына бекініс салуға рұқсат сұрайды. Орыс мемлекеті, тікелей көмек жасауға халықаралық жағдайдың мүмкіндік бермейтінін ескертіп, бірақ Россия тарапынан жоңғарлықтардың тынышын алатындай еш әрекет жасалмайтындығын айтады.
Он мың әскер жинаған Амурсана Цин империясына қарсы кескілескен ұрыстар ашады. Әйткенмен күші өзінен әлденеше есе артық армияға түбегейлі түк те істей алмайды, жеңіліс тауып, жазалаушы отрядтың қолына түспеу үшін, тағы қашуына тура келеді.
1757 жылы 22 июльде Қытай әскерінің өкілдері Семейге келіп Амурсананың қайда тығылғанын білуге әрекет жасайды Дәл осы тұста орыс елінің шекарасына қарай қашып келе жатқан Амурсананың отрядына Абылай сұлтан тұтқиыл шабуыл жасап, оның мал-мүлкін шауып алады Амурсананың өзі сегіз ғана сенімді жігітімен зорға қашып құтылады.Содан Амурсана Семейге 28 июль күні келіп, өзін паналатуды өтінеді. Жергілікті командование оны қабылдап, екі күннен кейін Ямышеваға жеткізеді. Одан ары Тобылға жіберіледі. Сол арада Амурсана шешекпен ауырып. 35 жасында 1757 жылдың сентябрінде қайтыс болады. Сөйтіп, әуелгі кезде өз Отанын сатып Цин империясына өтіп кеткенмен, кейін екі жыл бойы өз елінің бостандығы үшін барын сала күрескен Амурсана төтенше келген аурудан ажалын табады. Ал оның әйелі орыс императрицасы Елизаветаның сарайында жүріп қаза болады.
Амурсананы батыр деп, басқа деп бағалағанмен де, оның ағат әрекеті Цин империясының қолымен Жоңғар хандығын біржола жоюға себеп-сылтау болды. Цин әулетінің қатал жазалауларынан кейін аз жыл ішінде 600 мыңға жетерлік жоңғарлықтардан 30-40 мыңдай ғана адам жан сақтады, олардың өзі де Россияны паналап қана аман қалды. П. П. Румянцев әйел-еркегі, бала-шағасына қарамастан бір миллионға жуық жоңғарлық жойылды деген дерек айтады. Айналып келгенде, жер бетінен тағы бір көшпелі халық мемлекеті құрыды. Ал ол мемлекеттің құруына тікелей себеп болатындай шешуші әрекеттер жасамағанымен, Абылай әр кез әр түрлі саясат үстеп, жоңғарлықтардың тіршілігіне түрліше араласып отырды. Сол жылдарда ол өзінің өте саясатшыл, айлалы адам екендігін танытты.
Өмірінің соңғы жылдарында билікті балаларына бөліп беріп, Абылай өзі Түркістанда тыныш өмір сүреді. 1781 жылы қайтыс болып, Қожа Ахмет Яссауидің мавзолейі түбіне жерленеді. Қазақ халқының өміріндегі қайшылығы деген қиындығы мол кезеңде аренаға шыққан Абылайдың да өмірінде қайшылық пен қателік кеп. Бірақ халық соның бәрінен де елінің азаттығы үшін атқа қонып қол бастағанын биікке қояды, сол ерлігіне сүйініп, сол ерлігін жыр етеді.
Бір Абылай емес, өмір мен елім белдескенде, елі үшін жанын шүберекке түйіп жауға шыққан Батыр Баян, Малайсары, Сүйіндік Олжабай батыр, Бәсентиін Сырымбет, Сағынбай, Сары, Ройымбек сияқты хас батырлардың ерлігі мен ерлікке бергісіз ақылды істері жайында атақты ақын-жыраулар алуан-алуан толғау мен дастандар тудырды. Сол толғаулар мен дастандардың бой иіткен халықтың лебін жұтып сан буын ұрпақтар тәрбиеленуде. Қалмақ қырылған, Аңырақай, Ордың бұлағы, Ойрантөбе сияқты ата-баба ерлігіне куә жерлер бүгінгі ұрпаққа да қасиетті Отанды, ел мен жерді шексіз сүюдің символындай, қажет болса сол ел мен жер үшін қан төгудің де қасиетті екендігіне тірі куәлер тәрізді.
Қазіргі Семей облысының Таскескен ауданына қарасты жерде қазақ баласының құлағына туа таныс Ақшәулі тауы тұр. Қарт Тарбағатайдың бір сілемі. Ақшәулі деген аты қандай?! Шәулі деп бабаларымыз бүркіттің ұябасарын айтады екен. Ол ат бұл тауға тегіннен-тегін берілмеген болу керек. Ақшәулінің үстіне шықсақ, жоңғар жақ бет алақаныңдағыдай айқын көрінеді. Қазақ-қалмақ халықтарының жаугершілік әрекеттерінің талайына куә болған әйгілі тау басы Жалаулы да тап жаныңда тұрғандай. Қарауыл қарауға да, жауға ұрымтал тиюге де және қапыда қалмауға да — бәріне ыңғайлы жер. Қарт жырау бабамыз Бұқар Қалқаманұлы Қанжығалы қарт Бөгембайдың өліміне байланысты:
— Асу салған тас бұзып,
Тарбағатай белінен.
Қол қондырған қос тігіп
Борлы деген көлінен.
Қалмақты шапқан шулатып,
Ақшәулінің өрінен,—
десе, тағы бір тарлан жырау Үмбетей Тілеуұлының «Болмашыдай анадан Болат туған Бөгембай» туралы:
— Ақшәуліге қос тігіп
Ауыр қол жидырып алдырдың,
Қалмаққа ойран салдырдың,—
деп жырлаған Ақшәулісі осы.
Әрбір тасы, әр көлі мен әр жотасы жыр, аңызға айналған Бурабай, Көкшетау, Баянауыл мекендері бабалардың ерлік шежіресіне ескерткіштей болып жүрекке ұялаған жоқ па?! Оның сыртында аталарымыздың ел қорғаған, жер қорғаған талай соғысының нәтижесін білсек те. қай жерде, қай мекенде болғанын біле алмай жүрген жағдайымыз қаншама?! Соның бәрі бүгінгі ұрпаққа ізде, ізден деп тұрғандай емес пе?
Қазақ-жоңғар соғыстары тұсында өмір сүрген жырау Ақтамберді Сарыұлының: «Батырларша жорықта, Өлмедім оқтан, қайтейін!»— деуі ол кезеңнің қазақтар үшін қаншалық тарихи, жаугершілік кезең болғандығынан және ел қорғап өлудің қаншалық құрметтелгенінен айқын хабар береді.
Үш жылға созылған қантөгістен кейін ғана жоңғар басқыншыларына зорға берілген көне Сайрамның орнын қалайша қасиет тұтпассыз?!
«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» ұшыраған ел алғаш еңсе көтеріп, жауға соққы берген Торғай даласындағы Қарасиыр атты жерді естен шығарып, ұмыт қалдыруға қақымыз бар ма?! Бәрі де тарих, ол тарихқа тек әр көңілден орын керек, құрмет керек. Туған жерді сүю сонда ғана нағыз сүюге айналады. Жердің қасиетін білмей тұрып қасиеттей алмайсың, ал шын қасиет тарихи дәстүрмен тығыз байланысты. Кешегі мен бүгінгі және ертеңгі қосылып қана қасиет құрайды. Тарихқа кеңірек тоқталғанымыз да сондықтан.
Халық өмірінің қилы кезеңін, қазақ-жоңғар арасындағы соғыстың тарихи және әдеби ескерткіші өтіп қазақ совет жазушылары да талай шығармалар жазды.
Дж. Неру атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Әнуар Әлімжанов «Жаушы» романын, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ілияс Есенберлин «Көшпелілер» атты трилогиясының «Жанталас» атты бөлімін, жазушы Әбіш Кекілбаев «Үркер» романын, Софы Сматаев «Елім-ай» романын осы тарихи кезеңді суреттеуге арнады.
Жоңғар хандығы жойылғанмен де, қазақ халқына қауіп жойылмады, бұрынғы қалмақтардан да бетер қауіпті жау Цин империясы енді Шығыс Түркістанды бағындырып, Қазақстанға қоян-қолтық жақындады. Жоңғар тепкісінен қазақ жерінің ең соңы болып құтылған Жетісуға қауіп батыстан да төнді. Қоқан хандығы Жетісу қазақтарына жоңғарлардан бетер жайсыз тиді. Ұзақ жылдар бойғы қалмақпен соғыстан әбден қалжырап титықтаған елге арқа сүйер айбын керек болды. Сондықтан Жетісудағы жалайыр руының сұлтаны Сүйік Абылайханов Омбы басқармасы арқылы Россия императорына 1819 жылы өз билігіндегі тайпаларды Россия қарамағына алуды сұрап өтініш жазды. Кейбір деректерге қарағанда, оның қарамағында сол кезде 55 мың адам болыпты. Бұл Сүйік — хан Абылайдың баласы, Уәлидің інісі. Император Александр I Сүйікті Россияның қол астына алып, 8 кластық аға сұлтандық шенге жоғарылатуға және оған Жетісу жерінде Балқаш көлінің шығыс жағынан үй салып, мешіт тұрғызып беруге үкім етеді. 1825 жылы орыс отряды құрылыс ісіне кірісіп те кетеді, бірақ шекара мәселесі әлі түбегейлі шешім таппаған кез болғандықтан, келесі жылы Қытай үкіметінің талап етуі бойынша ол құрылыс қайтадан қиратылып тасталады. Сүйік Абылайхановтың өтініші қағаз жүзінде қабылданғанмен, бірақ іс жүзінде қосылу процесі әр түрлі себептермен 25 жыл бойы кешеуілдей берді. 1846 жылы ғана Ойжайлау деген жерде, қазіргі Талдықорған облысының Андреев ауданына қарасты Лепсі селосында, 23 июньде Жетісу қазақтарын Россия империясының құрамына қабылдау салтанаты болды. Оған Аякөз, Көкпекті және Қарқаралы округтеріне бағынатын сұлтандар; Дулат, Албан, Суан, Шапырашты және Жалайыр руларының сұлтандары, билері мен ақсақалдары қатысады. Генерал-майор Вишневский Ұлы жүз қазақтарының Россия қол астына алынғандығын салтанатпен жариялап, оларға адалдықтарын куәлендіріп әрі сол кезде Жетісу жерінде ойран сап жүрген Кенесары Қасымовты жау деп санауға міндеттеп қол қойдырып алады.
Россияға қосылған соң Жетісу жеріне орыс шаруалары Орталық Россиядан, Украинадан, Сібірден келіп қоныстана бастады. 1347 жылы Қапап бекінісі салынды. 1843 жылы Ұлы жүзге тұңғыш пристав тағайындалады, приставтың резиденциясы Қапал бекінісінде болады. 1854 жылы Аякөз бен Қапал қала болып қайта құрылады.
1867 жылы 11 июльде жеке өз алдына Жетісу облысы құрылды, оның алғашқы губернаторы Г. А. Колпаковский болды. Жетісу, Сырдария, Каспий бойы, Ферғана және Самарқан облыстары Түркістан генерал-губернаторлығының құрамына кірді, ал оның орталығы Ташкент қаласында болды. Және Россияның басқа облыстары құсап ішкі істер министрлігіне емес, Соғыс министрлігіне бағынды. Жетісу облысының ол кездегі облыс құрамына алғашында Верный, Қапал, Сергиополь, Ыстықкөл және Тоқмақ — барлығы бес уезд қарады. 1869 жылы Түркістан генерал-губернаторы уезд басқармасын Сергиополь қаласынан Лепсі станциясына көшіру жайында қаулы алды. 1880 жылы Лепсі станциясы қала болып қайта құрылды. 1882 жылы жаңадан Жаркент уезі құрылды, 1899 жылдан қырғыздардың Пішпек (бұрын Тоқмақ), Пржевальский және Нарын уездері облыс құрамына енді. Жетісу облысы 1882 жылдан бастап Ақмола, Семей облыстарымен бірге жаңадан ұйымдасқан Дала генерал-губернаторлығының құрамына кірді де, 1897 жылы қайтадан Түркістан генерал-губернаторлығына қарады. Облыс орталығы бұрынғы Алматы қаласы — Верный болып белгіленді.
1846 жылы Лепсіде (Шұбар ағаш — Ойжайлауда) Ұлы жүз қазақтарының бес руы Россияның қол астына етуге ант берген соң да, оларды рубасылары басқара берді. Тек 1847 жылы сол руларды басқарып жүрген сұлтандар Сүйік Абылайхановқа, Әли Әділовке, Хакім Көлевке және Рүстем Әбілпейізовке патша өкіметі Орта жүз сұлтандарына беріліп келген мөлшерде (343 сом) жылдың жалақы белгіледі. 1847 жылы Қапалда әскери пост орнады да, ол сол жылы-ақ әскери бекініске айналдырылды. Ал 1848 жылы Ұлы жүз қазақтарына ерекше пристав тағайындалып, ол Қапалда орналасты. Бірінші приставы барон Врангель деген болды. Кейін, 1856 жылы, Ұлы жүз приставы Алатау округі мен Ұлы жүз қазақтарының бастығы деп аталынды, іс жүзінде Жетісудың әкімшілік орталығы сол еді, 1862 жылы ол Верный бекінісіне көшірілді. Батыс Сібір генерал губернаторлығына бағынды. 1867 жылы, Жетісу облысы құрылған соң, Алатау округі жойылды да оның бастығы Колпаковский облыс губернаторы болып белгіленді.
Облыс құрылған соң, қазақтар үшін Жетісу жерінде ерекше артықшылық жасалынды, олар шұрайлы, қолайлы жерге қоныстандырылды. Казактар мен орыс шаруаларының көптеп қоныс аударып келуіне байланысты, қазіргі Талдықорған облысына қарасты жерлерде жаңа елді мекендер салына бастады.
1868 жылы Қоғалы, Абакумовқа селолары салынды. Панфилов ауданындағы Көктал селосының пайда болу тарихы айрықша.
Патша үкіметі Жетісу өлкесіндегі жақсы жерлерге орыс-казактарды әдейілеп орналастырғаны белгілі. Сонымен бірге ішкі Россиядан жайлы қоныс іздеп шұбырған орыс шаруалары өз беттерімен де қоныс тауып орналасып, орнығып қалып отырған. Көктал селосы осындай жоспарсыз шұбырған орыс шаруаларының қоныстануынан барып пайда болыпты.
Бұл жайында Н. М. Ядринцевтің 1882 жылы Петербургтен шыққан «Отарлық Сібір» деген кітабында айтылады. Анық қай жылы екендігін дәлдеп айтпай, Ядринцев: «Құлжаға қарай әскери жорық жасаған кезімізде»,— дейді. Олардың Құлжаға қарай әскери жорыққа шыққан жылы қай жыл екенін тарихқа сүйеніп дәлелдемесек, шамалап айта салудың реті келмес. Оның үстіне Көкталға әскери отряд 1865 жылы орнаған, бірақ ол кезде орыс әскері Құлжаға қарай қозғалмаған.
Н. Ядринцевтің жазуына қарағанда, орыс әскері Құлжаға қарай бет алып бара жатқанда, жолай Бурақожыр (орысша Борохудзир аталып кеткен) өзенінің бойына әскери пост қойылып, ол араға казактардың жүздігі қалдырылады да, әскери лазарет орнатылады. Кенет сол маңайдан шұбырған арбалылар өзен бойына шыға келеді. Сұрастырып көрсе, олардың бәрі өз бетімен жаңа қоныс іздеген орыс шаруалары болып шығады. Бұл араның әскери линия екенін, сондықтан қоныс тебуге рұқсат етілмейтінін қанша түсіндірсе де, алыс жол жүріп әбден арып-ашып жеткен шаруалар басқа жаққа кетпей қояды. Ақырында Жетісу губернаторының рұқсатымен олар казактардың қол астына өтіп, сол араға орналастырылады. «Сол Бурақожыр қазір гүлденіп келе жатқан отырықты орыс селосына айналды»,— деп жазады Ядринцев. Сол Бурақожыры — кейініректе Голубевская станицасы атанған қазіргі Көктал селосы. Ядринцевтің әлгі сөзіне қарағанда, Көктал айналасы он жылдың ішінде-ақ көркейіп үлгерген көрінеді ғой.
Ядринцев Бурақожыр алқабының егінге өте қолайлы екендігіне баса назар аударады. Қу және Тақыр (қазіргі Үшарал селосының желке тұсы) деген жер аралықтарына еккен бидай мен тарыдан мол өнім алынатындығына және бұл өңірге беденің жақсы шығатындығына тоқталады. Бурақожыр бойына мақта да егіле бастағанын, бірақ оның өнімі Бұқардағыдан әлдеқайда төмен екендігін ескертеді. Бурақожыр бойында шілік пен қамыстың қалың екендігіне, терек пен тораңғының, сексеуілдің молдығына назар аударады. Сексеуілдің Айдарлықұмда да қалың өсетіндігін, Үлкен Өсек пен Кіші Өсек құйылысындағы Көккезең деген жердің табиғи сұлулығын айрықша таңданыспен жазады. Бәрі өз көзімен көрген, аралаған адамның сөзі екендігі ап-айқын аңғарылып тұрады.
Ал енді тарихқа жүгінейік.
XVIII ғасырдың ортасында қытайлықтардың Жоңғар хандығын жойғандығын жоғарыда айтқамыз. Жоңғар халқын қырған соң, сол бос қалған жерлерге Қытай өкіметі Қашғардан, Хотаннан, Яркендтен, Тұрфан мен Ақсудан, тағы басқа да Шығыс Түркістанның елді мекендерінен негізінен ұйғырларды зорлап көшіріп әкеледі. Олардың негізгі мақсаты қытайларды нанмен қамтамасыз ету болады. Ұйғырларға «тараншы» деген ат та сол мақсатқа бола таңылады. «Тараншы» деген егінші, жер өңдеуші деген мағына береді. Ал бірақ Құлжа өлкесіне көшіп келген ұйғырлар егінмен ғана айланысып қоймай, үй де салды, қорғандар да тұрғызды; етікші, киім тігуші, ағаш өңдеуші, ұста да болды, кен қазып, көмір де өндірді. Қысқасы, тұрмыс тауқыметін түгел тартты. Егіннен тапқан өнімнің үлкен үлесін олар, әрине, қытай басқыншыларына беруге міндетті болды. Алым-салықтың ауыртпалығына шыдамаған дүңгендер мен ұйғыр халқы 1862 жылы бірлесіп, «дүңген көтерілісі» аталған әйгілі көтерілісті бастады. Соның нәтижесінде Шығыс Түркістан Қытайдан бөлініп шығып, 1864 жылы жеке дербес Қашғар билігін орнатты. Бірақ бір жылдай ғана уақыт ұйғырлар мен дүңгендер тату тұрғанмен, одан кейін өзара қырқысып, ақыр аяғында ұйғырлар 1865 жылы Құлжада дербес тараншы сұлтандығын құрады.
Жетісу облысының губернаторы көрші елдегі жағдайды ескере отырып, 1865 жылы шекара бойына Текеске, Бурақожырға, Аяқсазға, Шонжыға әскери отрядтар қояды. Өйткені Құлжа мен Қашғардағы көтеріліс, оның нәтижесі көрші Жетісу халқына да өз әсерін тигізуі әбден мүмкін еді Оның үстіне шекаралық аймақтың тыныштығы да жиі-жиі бұзыла берген болатын.
Міне, осындай қауіп-қатерлі кезде, 1871 жылы, генерал Колпаковский шекараның қауіпсіздігін нығайту үшін шұғыл әскери жорық жасап, Құлжа қаласын көп қиындықсыз басып алды. Құлжа енді орыс уезіне айналды. Бұл оқиғаның растығын П. Румянцевтің жоғарыда айтылған кітаптарының 5-томындағы алғысөзден айқын көреміз. Зерттеуші Ю. Баранованың «Шығыстану секторының еңбектері» деген жинақта (Алматы, 1959 ж. І-том ) басылған мақаласында да. «Іле өлкесін орыс әскерлері 1871 жылы басып алды»,— деп нақпа-нақ жазылған. Демек, қазіргі Көктал селосының негізі 1871 жылы қаланған Ал П Румянцевтің «Жаркент уезі» кітабында Көктал селосының негізі 1872 жылы қаланды деуі бұл шындыққа қайшылау келеді. Қалай дегенмен де, бәрін өз көзімен көрген Н Ядринцевке артығырақ сенгіміз келеді Және де, кейін шыққан кітаптан гөрі бұрын шыққан кітаптар өткен күндерге, оқиғаның болған уақытына бір адым болса да жақын ғой. Алыстаған сайын шындыққа көз жеткізу қиындап, жақындаған сайын сенімдірек болмай ма?
Шынында, 1871 жылы көшіп келген орыстар үй салуды тек 1872 жыл бастаған шығар деп жорамалдауға бола ма? Ал Құлжаға қарай жорықты генерал Колпаковский 1871 жылдың 12 июні күні бастаған екен. Олай болса, Көктал селосының негізі 1871 жылы июньде қаланды деуіміз — дәлелді шындық.
1869 жылы Қаратал өзенінің иінінен Гавриловка деген жаңа селоның іргесі қаланды Сол село қазіргі облыс орталығы Талдықорған қаласының негізі болып табылады.
Енді Талдықорған облысындағы ең көне қалалардың бірі қазіргі Панфилов, бұрынғы Жаркенттің тарихынан да пікір айта кету қажет сияқты
Аудан еңбекшілері 1982 жылы Панфилов қаласының жүз жылдығын атап өтті Қала негізі 1882 жылы қаланған деген пікір бар Оны алғаш кім айтқанын, кім дәлелдегенін қазір көп адам біле бермейді, құры әншейін дақпыртқа сеніп солай болса солай шығар деп жүр. Бірақ қала тарихын білу халықтың тарихын білумен біртұтас болғандықтан, оның шындығына көз жеткізу біздің перзенттік парызымыз болуға тиіс.
Жаркент 1882 жылы салынды дегенге біздің сенгіміз келмейді. Сол жылы салынса, 1910 жылы, яғни айналасы 22 жыл ішінде ол қалайша 25 мың 231 адам тұратын үлкен қалаға айналып үлгерді? Ол деген бүкіл уезд халқының 16,1 %-і ғой.
Бұл күдікті сейілту үшін тағы да тарихқа шегініс жасауға тура келеді.
Жаркент аймағы — ежелден қазақ пен қалмақ қоян-қолтық араласып келе жатқан аймақ. Жоңғар басқыншылары қазақ жеріне 18-ғасырдың басында шабуыл жасағанда, солардың қол астында қалған алғашқы аймақтың бірі. Және қазақ жерінің ішіндегі ең соңынан азат етілген өлке. Сондықтан бұл арада жер-судың, тау-тастың жоңғарлықтарша қойылған атаулары көп кездеседі. Мысалы, Жамбыл бастау, Бурхан, Шежін, Басқұншақ, тағы тағылар.
Бұл өлкенің қазақ пен қалмаққа шекара болғанын «Исламизма» кітабы да куәлендіре алады. Ғалымдардың шамалауынша, бұл өлең-хроника шағатай тілінде 1756 жылдары жазылған. Авторы — Молла Абд ал-Алим. Лақап аты — Шайыр Ахун. Сол шығармасында жазып отырған оқиғаларды өз көзімен көрген адам.
Шығармада жоңғар хандығының жойылар алдындағы ішкі алауыздығы жырланады. Қалдан-Церен өлген соң орнына Аджан (Аджа) отырды. Ол таққа отырған кезде, үйінде қызы барлар түнімен ұйқтамай есігін күзетті, ақырында оның түбіне өз қылығы жетті: өзара келіскен жұрт ұстап алып екі көзін бізбен шұқып шығарып жіберді, зынданға салып сонда өлтірді дейді. Лама-Доржы төре болып, оған Даваци мен Амурсананың қарсы болғанын, екеуі қазақ ішіне қашып барып, одан қайта келгенін, үйінде жатқан Лама-Доржыны Амурсананың найзамен шаншып өлтіргенін, одан кейін Даваци мен Амур сенаның өзара бір-біріне жау болғанын — бәрін өлеңмен айтады. «Аспанымыз жер болды, жеріміз аспанға айналды. Ол Давациді таққа отырғызды, сол қысқа қол жоңғарлықтарға пәле болды»,— дейді. Бір қарағанда, «сол қысқа қол» деп отырғаны Даваци секілді, ал ойланып қарасақ, Амурсана екендігі аңғарылады. Өйткені келесі тараудан автордың Давациді жақтайтындығы айқын көрінеді. Тарихшылардың біразы жоңғар хандығының күйреуіне Амурсананың себеп болғандығын ашық жазады. «Ғалдан-Бошоқтының қарындасынан туған таққұмар Амурсана билікті өз қолыма алам деп жүріп Жоңғарияның күйреуіне себеп болды»,— дейді Шоқан да «Қытай империясының Батыс өлкесі туралы» деген еңбегінде.
«Исламнаманың» соңғы тарауында батыстан келген қазақтардың Давациді төреліктен тайдырмақ болғандығы айтылады. Қазақтардың қасында Давациге жау қалмақтар да болады. Жоңғар тұқымын құртпаққа қазақтар он мың қолмен келіпті. Олардың жолын бөгейтін ешкім болмайды, қазақтар оларды тұтқынға алады, ежелгі елді мекендерді қиратады, байды кедей етеді. Даваци елді қорғауға келе алмайды, оған жан-жақтан хабаршылар жіберіледі. Оның үстіне Даваци Іле өзенінен өте алмайды, мұз әлі қатпағандықтан, бір ай бойы амалсыз күтіп қалады.
Бір айдан кейін Іледен өтіп Даваци өзіне қас қалмақтар мен қазаққа қарсы соғысып, қашқан оларды Алтынемелге жеткізбей қуып жетеді. Түсірген олжа, байлықтарының бәрін қайтарып алады.
Қалмақ ханының қысқы ордасы Іленің оңтүстік жағында болғанын, ал Іленің солтүстік бетін — Жаркент жағын қазақтар жайлағанын бұл жыр Алтынемелді атау арқылы-ақ дәлелдеп отыр. Оның үстіне XVIII ғасырдың ортасында Райымбек батырдың Ойрантөбеде қалмақтарды жеңіп, Жетісу жерін қалмақтардан азат ету күресін одан ары өрістеткенін, қазіргі Шелек ауданына қарасты Байсейіт селосы тұрған жерді азат етуде Байсейіт батырдың асқан ерлік көрсеткенін, сол жерлердің барлығы да Жаркент аймағына жататындығын; ал Іленің солтүстік жақ бетін жоңғарлықтардан тазартуға Хангелді батырдың тұстастары Бөлек батыр мен Сатай батырдың көп үлес қосқанын, Бөлек батырдың ұрпақтары қазіргі Панфилов ауданының Қоңырөлең селосында; Сатай батырдың ұрпақтары Жаркенттің желке тұсындағы Сарыбел селосында («Октябрьдің 40 жылдығы» колхозының құрамында) тұратындығын тағы да ескерте кетсек. бұл өлкені ежелден, дәлірек айтсақ, 18-ғасырда қазақ мекендегеніне ешкімнің де күмәні болмас деп ойлаймыз.
Ал кейінірек, «Исламнама» жырында айтылған оқиғаға екі-үш жыл өткен соң, яғни 1758 жылы, жоңғар хандығын Қытай императоры Кянь Лунь жеңіп қана қоймай, біржола жер бетінен жойып жібергендігін жоғарыда айтқамыз. Бос қаңырап қалған жерге қытайлықтардың ұйғыр, дүңгендерді қалай күштеп әкелгендігін де ескерткеміз. Осы кезде Жоңғарияның жері бос қалғанын естіп, 1771 жылы Еділ бойындағы қалмақтар қыс ішінде қазақ жерін о шетінен бұ шетіне дейін кесіп өтіп, айналасы сегіз ай дегенде Балқаш көлінің қасымен Іле бойына жетеді. Жұмыс қолы есебінде оларды Қытай өкіметі жақсы қарсы алады. Ауып келген қалмақтар Текес айналасына — қазіргі Нарынқол маңайына орналасады. 1856 жылы Құлжаға барған сапарында Шоқанның Сайрамкөл мен Текес маңайында қалмақтар тұрады дегені сол қалмақтардың тұқымы болу керек. Құлжа төңірегіндегі сібе, солаң аталатын халықтың да арғы тегін Шоқан біраз айтып кетеді. Солаңдар даурлар мен манчжурлардың арасынан шыққан даур қандас халық көрінеді, жоңғарларды жойғаннан кейін оларды қытайлар Манчжурия жақтағы шекарадан жер аударып әкеліпті. Іленің солтүстік жағы мен Қорғас аралығында тұрады екен. Ал сібе манчжур мен солаңның арасынан шыққан халық көрінеді. Олар бұл өлкеге 1826 жылғы Қашғар көтерілісінен кейін әкелініпті. Қытайдың шекаралық қызметтерін негізінен осы сібе мен солаңдар атқарады екен, Олардың әрқайсы әскери қызмет атқаруға және ол қызметін жай солдаттықтан бастауға міндеті болыпты. Олар қазақша да өте жақсы сөйлепті, кейбірі, тіпті, қазақша суырып салып өлең де шығаратын дәрежеге жетіпті.
Ал енді тарихтың бәрін негізінен жазба дерекке сүйеніп жазғанмен, оған қосымша ауызша деректерге де apa-тұpa мән беріп қойғанның зияны жоқ деп ойлаймыз. Бозбала кезімізде казіргі «Көктал» совхозының бір фермасы болып отырған Ақжазық аулының Қарымбайұлы Ноғайбай, Дүңгенбайұлы Имади, Бұғыбаев Ақтайлақ, Тұрғанұлы Ешмұхамбет, Ауғанбайұлы Жаңғазы, Толыбаев Мұхаметжан, Қасымбек, Құлымқанбет сияқты көнекөз қарттарының сібе, солаңдармен өздерінің қалай араласқандықтары жайындағы талай әңгімелерін естіп өстік Олардың ірі келетінін, Құлжаға барып қайту үшін соларға азын-аулақ пара беріп өтіп кететіндіктерін ақсақалдар мақтана айтып бірін-бірі жарыса құптап отырушы еді. Ұмытпасам, пара ретінде көбіне оларға апиын (көкнәр) беретін көрінеді.
1852 жылы Құлжа қаласындағы бірінші орыс консулы болып Захаров деген кісі тағайындалады.
1846 жылы 23 июньде, Қапалда ұлы жүз қазақтарының Сүйік Абылайханов бастаған сұлтаны бар, биі бар — барлығы 39 адам қол қойып мөр басып Россия қол астына өтуге ант бергендерімен, іс жүзінде Албан, Суан рулары Россия қол астына 1854 жылы ғана түбегейлі өтеді.
1862-64 жылдарғы дүңген көтерілісі жеңіске жетіп, 1865 жылы дербес тараншы сұлтандығы құрылғаннан кейін, орыс патшалығына қарайтын Албан, Суан руларының біразы 1866 жылы солай қарай өтіп кетеді де, олардан босаған жерге Қапал уезінің Алтынемел болыстығына қарайтын қазақтар мен қырғыздардың Бұғы руының адамдары орналасып алады.
Мал алып кетіп, елді кешіріп әкетіп, Құлжаға өтіп кеткен соң да Албандар шекараға маза бермейді. Тазабек деген прапорщик Құлжаға өзімен бірге мың үй қазақты алып өтіп кетеді. Ол, әрине, патша үкіметі үшін елеусіз қалдыруға болмайтын үлкен оқиға еді.
Жетісу облысының соғыс губернаторы генерал Колпаковский қашып өткен Тазабекті қайтару жөнінде Құлжа сұлтанына талап қояды. Бірақ сұлтан Тазабекті қайтармайды, жөнді жауап орнына Мазарт деген селоның түбінде орыс отрядына шабуыл жасайды. Осы жағдай екі ел арасын шиеленістіріп, 1871 жылы 22 июньде орыс әскерінің Құлжаны басып алуына себеп болады. Тараншы сұлтаны Әбіл-оғлы хан 21 июньде патша әскеріне өз еркімен беріліп, прапорщик Тазабек те олардың қолына тапсырылады.
Орыс әскері кек ала ма деп қорққан Албан, Суандар енді Қашғарға қарай қашпақ болады. Бірақ орыс әскерінің дер кезінде түсіндіру жұмысын жүргізуінің арқасында тынышталып, Құлжа өлкесінде қалып қояды.
1872 жылы Құлжа мен Қапал арасын Алтынемел асуы арқылы жалғастыратын Құлжа почта жолы ашылады.
1881 жылы Петербургте Қытаймен шарт жасалып, сол бойынша Құлжада қалғысы келмейтін халықтар өз қалауымен қайтадан Россияға өтуіне праволы болады. Енді Құлжа өлкесіндегі халықтар, көтеріліс жасағанымыз үшін қытай өкіметі өш алады деп қорқып, бәрі де Россия қол астына етуге тілек білдіреді. Тек қалмақтардың ғана қозғалғысы келмейді.
Сол келісім бойынша 1881-1883 жылдар аралығында Іле өлкесінен қазақтар ғана емес, ұйғырлар мен дүңгендер де кешіріле бастайды. Алғашқы кезде бері өтуге Албан руынан үш болыс, Суаннан бір болыс, Қытайдан екі болыс, Байжігіттен бір болыс ел тілек білдіреді. Бұлардың ішінде Албан, Суан руларынан басқалары орыс елінің азаматтығын қабылдамаған болатын.
Патша өкіметі қырғыздың Бұғы руы жайлап отырған іленің сол жағындағы жерлерді босаттырып, албан руының қазақтарын бұрынғы өз мекеніне орналастырады. Сол сияқты Іленің оң жағындағы жерлерді босатып, Суан руының қазақтарын да бұрынғы орнына қайтарады. Зерттеуші Ю. Баранованың жоғарыда айтқан мақаласындағы дәлелдеуінше, Қорғас пен Алтынемелдің арасына екі мың үй суан көшіп келеді, ал Іленің — оңтүстігіне үш мың үй албан өтеді. Әр үйде орта есеппен бес-алты адамнан болады десек, суаннан он-он екі мың, албаннан он бес — он сегіз мың адам өткен болып есептеледі. Мұның өзі әуелде өтпек болғандардың санынан екі есе аз екен. Ал бері өткен ұйғырлардың саны бұдан әлдеқайда көп. Бірақ 1882 жылдан бастап орыс патшалығы елдің көп өтуіне шектеу қоя бастайды.
Генерал Колпаковский Іле өлкесінің тұрғындарын бері қарай кеп өткізу ол жерлерді отарлап, орыстандыруға зиянын тигізеді, кедергі келтіреді деп есептейді. Сол мақсатпен әсіресе ұйғыр мен қазақтың өтуіне мүмкіндігінше тежеу жасауға тырысады (Ю. Баранова).
1882 жылы қоныс аударудың шартына келіспей, қытайлар мен байжігіт руларының қазақтары орыс патшалығына бағынудан бастартады, сөйтіп, өтпей қалады. Сонымен, қоныс аударту мәселесі 1883 жылдың ерте көктемінде аяқталады. Іле өлкесінен Жетісуға 9572 ұйғыр түтіні яғни 45373 адам, 1147 дүңген түтіні яғни 4682 адам өтеді.
Елге ел қосылып, жерге жер қосылып жатқан соң, 1882 жылы Жетісу облысында жаңадан Жаркент уезі құрылады. Оның орталығы Жаркент қаласы болады. Иә, қаласы.
Жаркенттің негізі 1882 жылы қаланды дейтіндерге дәл осы сөздің өзі-ақ қарсы болып тұрған жоқ па? О заман да бұ заман, әсіресе сонау ХІХ ғасырда бір жылда қала орнатқан жылдамдықты кім естіпті?! Іргесін сол жылы ғана қалап, оны уезд орталығы жасап әуре болғанша, оның бер жағында 18 шақырым ғана жерде тұрған, іргесі 1871 жылы қаланған дап-дайын Көкталды неге орталық ете салмасқа?!
Өйткені Көкталға қарағанда Жаркент сол жылдың өзінде-ақ көлемді, одан әлдеқайда үлкен болатын. Орталық етуге қолайлы, үй-жайы мол мекен еді.
Ал енді Жаркент 1882 жылы салынды деген сөз қалай шығуы мүмкін? Оның да әр түрлі себебі болған болу керек. Алайда, біздің бір білетініміз мұны даулы мәселе деп қарап, арнайы дәлелдеп жазған ғалым да, ғылыми еңбек те жоқ.
Бірақ сол Жаркентте тұратын Нагимов деген біреу осы алпысыншы жылдарда Жаркент тарихынан диплом қорғаған екен, қала 1882 жылы салынды дегенді сол «дәлелдепті». Кезінде оның диплом жұмысымен аудан басшылары да танысып, аудан орталығының тарихын жазғанына қуаныш білдіріпті. Бәрі де содан басталып кеткен сияқты.
Енді сол диплом жұмысымен танысып шығуымызға тура келді. Орыс тілінде жазылыпты. Төрт тараудан, кіріспе мен қорытындыдан тұрады екен. Бірінші тарауы патшалық Россияның 1871-1881 жылдары Іле өлкесін уақытша басып алуына арналыпты. Екінші тарауын, «Жаркент қаласының жасалу тарихы және оған 1881-1883 жылдарда қоныс аударғандарды орналастыру» деп атап, ол тараудың өзін бес тармаққа бөліпті.
Оқып көргенімізде, дипломшының не архивтік, не ғылыми дәлелдерге сүйенбей, өз тұжырымын зерттеусіз тықпалай беретінін бірден байқадық. Диплом жұмысына рецензия жазып отырмасақ та, мәселе Қазақстанның ең көне қалаларының бірі Жаркенттің тарихына байланысты болып отырғандықтан әрі бұл дипломды әркімнің тауып оқуға мүмкіндігі бола бермейтіндіктен, оның «Жаркент қаласының негізі қалануы» деген тармағын бірінші сөйлемінен бастап аударып беруді жөн көріп отырмыз:
«Архив материалдарының куәлендіруіне қарағанда, Сомал мекенінің негізін манчжур қалмақтары бұдан бірнеше ғасыр бұрын қалаған. Оны мына фактілер дәлелдейді:
1. Қаланың ортасында тұрғын үй жасау кезінде 1958 жылы Жаркент және Братская көшелерінен манчжур бейіті табылды. 40-50 адам жерленген мүрделерден мыжылған табыттың, тағы басқа нәрселердің табылуы мұнда мұсылмандар жерленбегенін көрсетеді.
2. Жаркент қаласының территориясында басқа да жекелеген мүрделер кездеседі. Мысалы, Комсомол және Москва көшелерінде Құрмаевтардың үйінің жанынан 1918 жылы жеке мүрде табылған».
Міне — дәлел дегеніңіздің сиқы. Және нені дәлелдеп отыр десеңізші: бұл қаланың орны 1882 жылдан бұрын да болған екенін дәлелдеп отыр.
Мұндай қайшылықтан диплом жұмысы аяң алып жүргісіз. Ескерте кететін бір нәрсе: автордың манчжур деп отырғаны — жоғарыда біз айтқан сібе, солаңдар.
Дипломшы қандай кітаптар оқыды екен, кімдердің еңбегіне сүйенді екен деген оймен пайдаланған кітаптарының тізімін қарадық. Архив фондын әп-әжептәуір қарапты. Қаланың ежелгі тұрғындарының еске алуларын пайдаланыпты. Олар: Жаркент милициясының бұрынғы бастығы Сергей Александрович Соколов (туған жылын көрсетпепті). Жаркенттің Төтенше тексеру комиссиясының бұрынғы бастығы Савва Никитич Жмутский (туған жылын көрсетпепті) және қала тұрғыны Беспалова (Светличная) Ефимия Никифоровна, 1859 жылы туған; көкталдық Бакриев Усман, 1887 жылы туған; қалалық Блохяцев Петр Тимофеевич, 1892 жылы туған; Құрмаев Хамит Ильясович, 1890 жылы туған.
Жоғарыдағы екі пункт дәлелге бұл адамдар не қоса алады? Беспаловадан басқасының бәрі де бертінде туған адамдар. Әншейін өз сөзін дәлелді көрсету үшін, дипломшы неғұрлым адам атын көбірек тізуге тырысқан.
Жаркент қаласының тарихына аз да болса тікелей тоқтаған тарихшылар шығармаларынан П. П. Румянцев кітабының «Тараншылар» аталатын 5-томын ғана оқыпты. Мейлі ғой. Бірақ біз кезінде Жетісу облысындағы Қоныс аудару басқармасының статистикалық жұмыстар меңгерушісі болған сол автордың Жаркент уезіне арналған кітабының 3-томынан бір мысал келтірейік. Онда ол 9-бетте былай дейді: «Жаркент уезі 1882 жылы Верный және Қапал уездерінің бөліктерінен ұйымдастырылып, орталығы бұрын да солай аталған тараншы қалашығының орнына қайта қалпына келтірілген Жаркент қаласы боп құрылды».
Ал ендеше, «Тараншы қалашығының орны» дегенді қалай түсінеміз? Ол қалашық қашан қирауы мүмкін?
Тарихтың жүйесін қуалап отырсақ, оған да жауап табуға тиіспіз.
Ол село, сөз жоқ, ол кезде зеңбірекпен қиратылған жоқ. Жанын сауғалаған жұрт үй-жайын тастап босып кетті. Оларды үркіткен, әрине, 1871 жылы тараншы сұлтандығына қарсы жорыққа шыққан орыс әскері. Алайда, қолда бар деректерге мұқият үңілсек, қалашықтың орны тып-типыл болып жермен-жексен қирап қалмағанын аңғарамыз. Оған дәлелді тағы Румянцевтің жаңағы дипломшы оқыған 5-томынан табамыз. Онда 3-бетте былай делінген: «Құлжа өлкесінен шыққандар саудагер және кәсіпші қалалықтар мен егінші ауылдықтар болды. Олардың алғашқылары Іле өлкесінің орыс бөлігіндегі (1881 жылғы шарт бойынша) ең ірі түземдік елді мекен болып табылатын 1882 жылы уездік қалаға айналдырылған Жаркентке орналасты».
Бізше, осы сөйлемде көп сыр бар, «которое в 1882 году было превращено в уездный город» дегенді әркімнің әр қалай түсінуі мүмкін емес деп ойлаймыз. Румянцевтің 1-томдағы «қайта қалпына келтірілген» деген сөзінің сырын да осы томдағы жаңағы сөз түп-түгел түзетіп, түсіндіріп тұрған жоқ па?! Жаңа жұрт қаптап келіп қосылып жатқан соң, халқы көбейген Жаркент 1882 жылы қала болған.
«Ең ірі түземдік елді мекен болып табылатын» деген сөз де талай мағына сыйдырып тұр. Жаркенттің сол кезде-ақ Көкталдан үлкен болғандығы әлгі сөзден айқын аңғарылады.
Дипломшының тағы бір қайшылығын айта кеткіміз келеді. 1871 жылы уақытша өкіметтік бақылаудың жоқтығын пайдаланып, әскерден қашқандар мен қылмыс жасағандар осында тығылып жүрді, болашақ қаланың алғашқы тұрғындары солай пайда болған дегенді айта отырып, 1890 жылы туған Құрмаев Ильястың айтуына қарағанда, оның әкесі Жаркентке 1880—1881 жылы келген дегенді дәлелге тартады. Сонда 1882 жылы салынатын қаланың тұрғындары 1881 жылы әлі салынбаған қалаға келіп тұрып жата ма? Өкінішке орай, зерттемей, ізденбей асығыс айта салған әлдекімнің пікірі қаланың жүз жылдығын 1982 жылы негізсіз тойлауға әкеп соқты. Ол жыл, шындығында, Жаркенттің негізі қаланған жыл емес, қала болған, уездің орталығы болған жыл еді.
Өкініштің одан үлкені сол: Қазақ Совет Энциклопедиясында Панфилов (Жаркент) қаласының: «Іргесі әскери бекініс және сауда торабы ретінде 1880 жылы қаланған»,— деп жазылыпты (9-том, 126-бет). Қандай негізбен олай жазылғанын біле алмадық.
Ал енді қаланың іргесі қашан, дәл қай жылы, қай ғасырда қаланған. Оны әзірше ешкім дәлелдеп бере алмайды. Тек дәлелдей алатынымыз— 1882 жылдан бұрын да Жаркент қаласының осы орнында болғандығы.
Оған негізгі бір дәлел ретінде қазақ халқының оқымысты ұлы Шоқан Уәлихановтың пікірін тартпақпыз.
1856 жылы Шоқанның Құлжаға барғаны тарихтан белгілі. Оның сол сапарда жазған күнделігі «Шығармалар жинағының» 2-томында жарияланған. Енді ғалымның сол күнделігіне көз сап көрелік.
1856 жылдың 1 авгусында Үйгентастың белінен өтіпті. Ол ара — қазіргі Панфилов ауданының ең негізгі жайлауы. Жоғарыда айтылған «Ордың бұлағы» — Жәңгір хан мен Батур қонтайшының қолдары соғысқан тау іші де сол Үйгентастың арғы жағында. Шоқан Бурақожыр өзенінің әр тұста әр түрлі аталатынын дұрыс байқайды, бірақ Ілеге құяр тұста Түрген аталады деп теріс көрсетеді. Үйгентастың белінде Бурақожыр аталған су Белбұлақ пен Жауырынбайлаған суы қосылғаннан кейін Китің, одан Қудың тауын аралай аққан тұста Қудың суы аталып, одан ары қайтадан Бурақожыр аталып кетеді.
2 августа Бурақожыр суынан өтіп Өсек өзеніне келеді. Сол арадан олар оңтүстік жақта жалтырап жатқан Ілені, одан беріде қарауытқан қаланы, оны қоршаған қалың ағашты көреді. Ол қарауытқан қалашық Бурақожыр Ілеге құятын жердегі Түргенкент екен, Ол Түргенкент қазір жоқ, Панфилов пен Көкталдың ортасында қираған қорғаны ғана жатыр. Қираған қорғанының қалыңдығы 1-1,5 метрдей. Жергілікті жұрт ол араны әлі де Түрген деп атайды, бірақ Түргенкент демей, Түргеннің тоғайы дейді. Өйткені ол араның бәрі қалың орман болып кеткен, орман шаруашылығына қарайды.
3 августа оң жақта қалған сібе зәңгісі туратын Тышқан қаласы мен Жаркент қаласына соқпай өтіп, Ақкент деген жерге жетеді. Ақкент ертеде елді мекен еді, қазір Панфилов ауданындағы Киров колхозының учаскесі. Онда «Ұшқын» атты қой бордақылайтын комсомол-жастар комплексі орналасқан. Көріп отырсыздар, Жаркент пен Тышқанға соқпай кеткендерін жазады Шоқан. «Жаркент» деп жазады. Демек, 1856 жылы 3 августа Жаркенттің бар болғаны ғой? Және ол Қашғардағы Жаркент емес, Түргеннің жоғарғы жағында, ал Ақкенттің оң жағында тұрған Жаркент. Қазір біз Панфилов атап жүрген Жаркент.
Бәріне сенбеуге болар, күдіктенуге болар, өз көзімен көрген, өз қолымен жазған Шоқанға қалай сенбейміз? Сенбеуге қандай қақымыз, нендей дәлеліміз бар? Тек айтатын рақметіміз ғана болмаса.
Шоқан өз қолымен Құлжаға өткен жолының екі нұсқа маршрутын сызыпты. Ол маршруттар осы 2-томның 30-31 және 42-43-беттерінде басылыпты да. Екеуінде де Жаркенттің орны, оның Өсек пен Қорғас өзенінің арасындағы алқапқа орналасқан қала екендігі дәл бейнеленген. 31-бетте өте-мөте дәл, жар жиегіндегі қала екендігі сызып тұрып көрсетілген. Оқырман өз көзімен қарасын деп, біз бұл кітапта Шоқан сызған бір маршрутты әдейі жариялап отырмыз.
Ендігі бір көңіл аударатын мәселе: бұрын бұл аймақта, Жаркенттің өзінде кімдер тұрған?
Біз жоғарыда бұл мәселені атүсті болса да айта кеткенбіз, Сол пікірлерімізді жинақтайтын болсақ, Н. Я. Бичуриннің, В. В. Бартольдтің, П. П. Румянцевтің, К. Ақышевтің, тағы басқалардың әр кездегі ғылыми дәлелдері бойынша, қазіргі Жетісуды оның ішінде Жаркент (Панфилов) аймағын біздің дәуірімізге дейінгі VII-III ғасырларда сақ тайпалары мекендеген. Одан беріректе, атап айтқанда, біздің дәуірімізге дейінгі III ғасырдан біздің дәуіріміздің VI ғасырына дейін бұл өлкені үйсіндер (ұсұндер) мекендейді. Бичурин үйсіндер жайындағы мәліметті Батыс өлкелерге тұңғыш саяхат жасаған Қытай саяхатшысы Чжан-кянь жазбаларынан алған. Бұл Чжан-кянь деп отырғанымыз — оның жүріп өткен ізімен кейін әйгілі Ұлы Жібек жолы өткен саяхатшы. «Курьер Юнеско» журналы (1983 ж.) оның аты-жөнін Чжан Цянь деп жазған, ал Бичурин Чжач Кянь дейді. Бірақ екеуінің де айтып отырғаны осы бір адам, император Удидің тұсында, шамамен біздің дәуірімізге дейінгі 2-ғасырда, Қытайдың батысында жатқан елдерді аралап қайтқан саяхатшы. Қытайдан Батыс өлке жаққа екі тармақ жол өтетінін, оның Шаньшань арқылы Қашғардағы Жаркент қаласын басып өтіп, одан Памир тауы арқылы, Персияға кететін тармағы Оңтүстік жол деп; ал Тянь-Шань тауын асып Қоқанға, Қаңлы еліне өтетін тармағы Солтүстік жол деп аталатынын алғаш жазған да сол Чжан Цянь. Оның айтуынша, ол кезде Батыс өлкедегі елдердің, халықтар мен тайпалардың барлығы дерлік отырықты өмір сүрген.
Үйсіндер Тякь-Шань тауының бүкіл солтүстік жағын иемденіпті. Оған Үрімші мен Баркөл ғана қарамапты. Олардың иелігі шығыста Күндермен, батыста Қоқанмен, солтүстік батыста Қаңлымен (Кангюй) шектелген. Жер өңдеумен, бақша өсірумен айналыспай, су мен шөптің молдығына қарай бір жерден екінші жерге үнемі көшіп жүріпті. Тұрмыс тіршілігі Күндерге ұқсаған. Жері жазық, шалғынды, тауы қалың шыршалы болыпты. Халқының саны 120 мың түтін, 630 мың адам, ал әскері 188 мың 800 болған. Жылқыны көп ұстаған. Кейбір байларында 4-5 мыңнан жылқы болыпты. Халқы қатыгез, дүниеқор, айтқан сөзінде тұрмайды дейді. Күшті билік иелерінің қатарына жатыпты. Әуелгіде күндердің билігіне бағынып, кейін күшейіп, көптеген иеліктерді өзіне қаратыпты. Қазіргі Жоңғариядағы Іле өлкесі жеті ғaсыр бойы үйсіндердің билігіне бағыныпты. Тек VI ғасырда ғана үйсіндер әбден әлсіреп елдігін жояды да, оның иелігінің бір бөлігін Юебаньдар билепті, одан кейін бүкіл үйсіннің жерін Тукюелер басып алыпты.
Профессор А. Н. Бернштам Юебань деген қытайша атауды қазақтың рулық атауы «Чубань» болар деп шамалайды. «Чубань» деп отырғаны, әрине, суан. Жетісу өлкесінде суаннан өзге мұндай атты не оған аты ұқсас ру бұрын-соңды болған емес. Юебань — Чубань руларының жалғасы бүгінгі суандар болса, онда бұл араны ежелден (VI-VII ғасырдан бері) солар мекендеп келе жатқан болып шығады. Бірақ бұл әлі анық-қанық дәлелденбеген нәрсе.
Ал Тукюелер деп отырғанымыз — түркілер немесе түркіттер. Тукюелер ұзын шаш қоя береді екен, киіз үйде тұрыпты, көшпелі өмір сүріпті, ет жеп, қымыз ішіпті, жүннен жасалған киімдер киіпті. Бичуриннің кітабы бойынша, әділдік, ұят дегенді онша білмепті, ертедегі күндер сияқты әдепсіз болыпты. Ел билеушілерін сайлағанда киізге отырғызып көтеріп күнге қарай тоғыз рет айналдырып өтеді екен.
Көріп отырсыздар, бұлардың ешқайсысы да қала салмаған. Бірақ Бичуриннің де, Бартольдтің айтуларына қарағанда, үйсіндердің сол кезде астана қаласы болған, ол қала Шығу (Чигу) аталған. Ол қала Шығыс Түркістандағы Ақсудан солтүстік батысқа қарай 610 ли қашықтықта Ыстықкөлдің солтүстік шығысында жатыпты. Ал Қытайдың Чан-ань (Сиань) қаласынан 8900 ли қашықтықта екен. Бұған қарағанда, үйсіндер біржола көшпелі емес, жартылай отырықты халық болған. Аз болса да қала салуды кәсіп қылған. Өйтіп қала салу, үй тұрғызу әдісін олар өзінің бабалары болып табылатын сақтардан үйренген болу керек. Ал сақтар құрылыс салды, үй тұрғызды дегенді әншейін тек айта салған арзан сөз деп қарамай, ғылыми дәлелденген тұжырым деп ұққан дұрыс. Ал оның ғылыми жағын өзінің археологиялық жұмыстарымен дәлелдеген ғалым — Кемал Ақышев. Ол Бесшатыр обаларын зерттеу нәтижесінде: «Жетісуды мекендеген сақ тайпалары жылы уақытта көшіп жүрген, ал суық түсе бастағанда қыстаулардағы тұрғын үйлерде тұрған. Тұрғын үй құрылыстарын салғанда ағаш, тас, қамыс және талшілік сияқты жергілікті материалдарды қолданған»,— дейді.
Шығу қалашығының орнын ғалымдар әлі тапқан жоқ. Оны ешкім арнайы іздеген де емес. Әйткенмен ол қалашық Ыстықкөлдің солтүстік шығысында еді деген дерек әр түрлі ойға итермелейді. Бичуриннің берген анықтамасы бойынша, «Чигу» деген сөз «қызыл аңғар» деген мағына береді екен. Демек, Шығу қаласы тау қойнауында емес, жазық жерде болғаны ғой.
Жетісуды арнайы зерттеген, «Жетісу тарихының очерктері» атты арнайы еңбек жазған, жалпы, Шығыс Түркістан мен Батыс Түркістанды, бүкіл Азияны жақсы біліп, терең зерттеген академик В. В. Бартольдтің шығармаларына қосымша ретінде жасалған Орта ғасырды бейнелейтін картаға үңілсек, сол замандарда-ақ қазіргі Жаркенттің орнында қала болғанын көреміз. Және ол қала үлкен керуен жолдың бойында болған. Қанша рет қираса да, өзеннің жағасында, үлкен жолдың бойында тұрған, тұрмыс-тіршілікке қолайлы қалаларды халық қайтадан қалпына келтіріп отырған ғой. Жаркент те, сөз жоқ, сан рет қирап, сан рет қайта қалпына келген шығар деп ойлаймыз. Соның бәрін ойластыра келіп, ежелгі Шығу қалашығы осы Жаркент емес пе екен деген жорамалға еріксіз тізгін береміз. Бұл жайында Қазақ ССР тарихынан да бір пікір келтірсек, артық болмайтын секілді. «Жаңа заман басталар кезде және оның алғашқы ғасырларында Чигу-чэн елеулі саяси орталық әрі «Ұлы Жібек жолындағы» маңызды сауда пункті болған»,— дейді Қазақ ССР тарихы (І-том, Алматы, 1980 ж.) Ол ғасырда да, кейін де Шығу да, Жаркент те тек керуен жолының бойында болған ғой.
Ал тарихи жағдай бұл жорамалға қайшы келмейді. VI ғасырдың аяғында Түркіт қағанаты Шығыс және Батыс болып екіге бөлінгенде, бұрынғы үйсіндер жері Батыс қағанатқа қарап қалады. Ал бұл арада — Жетісу мен Жоңғарияның батысында — тарих аренасына енді дулу және нушиб атты тайпалар одағы шығады. Дулуды көптеген тарихшылар Дулат тайпасы деп қазақшалап жүр. 604 жылы Батыс түрік қағанаты ыдырап, соның нәтижесінде дулу тайпалар одағы күшейеді, олар бұрынғы үйсін жерін яғни Іле алқабын жайлайды. Кейін дулу мен нушибтердің арасы ушығып, дулуға Іленің Солтүстік жағы, нушибтерге оңтүстік жағы қарайтын болады Ал 635 жылы дулу мен нушиб тайпалары өзін өзі дербес билеу дәрежесіне жетіп, бес ру дулуға, бес ру нушибке түрік ханзадалары (балалары) ретінде бір-бір оқтан (жебеден) беріледі. Оқ — билікке праволы деген белгі. «Он оқ түрік» деген сөз содан қалыпты деседі. Дулу мен нушибтердің ол кездегі шекарасы енді Шу өзені болады: шығыс жағын дулулар, батысын нушибтер жайласа керек.
Бұл жағдайлардың бәрі түркіт қағанаты жойылғаннан кейін де Жетісу жерінің түріктер қолында қалғандығын көрсетеді. Демек, қазіргі Панфиловтың бұрынғы (1942 жылға дейін) Жәркенттің орнындағы қала ежелден түрік тұқымдас халықтардың қаласы болып келген. Оның негізі шамамен біздің дәуіріміздің бас кезінде-ақ қаланған деп жорамалдауға болады. Ал оны дәлелдеу тарихшылардың ісі деп түсінеміз.
Ал енді қазақ хандығы құрылып, қазақтың дербес халық ретінде қалыптасуы Жетісу жерімен тығыз байланысты екендігін жоғарыда айтқанбыз. Енді Жаркент жаққа Шоқан келген кезде, 1856 жылы, ол қалада кімдер тұрды екен, соны байқап көрелік. Ол үшін Шоқанның күнделігіне қайта үңілейік.
1 август күні Шоқандарды бір мәнжу (манжу, манчжу) қарсы алады. «Мәнжу» деп жергілікті қазақтар манчжурлықтарды айтқан. Шоқанның алдынан шыққан әлгі мәнжу дулай яғни шабарман қызметін атқарған адамның басында бұлғынның қос құйрығын қыстырған қара шұға тымағы болады. Олай киінетіні командировкада жүргендігінің белгісі екен. Былайша айтқанда, ол бұл араға уақытша, қызмет бабымен ғана келген әскери адам. Дулай татар тілінде сөйлеп, Шоқандарға бір қой тарту береді.
Оның татарша сөйлеуі, тарту бергенді білуі татарлармен жиі араласатындығын көрсетпей ме? Шоқанның күнделігін ары қарай оқып отырсаң, одан өзге әскерилердің бәрі де қытайлықтар, сібе мен солаңдар болады.
Бір кезде аудармашы яғни дунги Шоқандарға өлең айтып береді. Ол қалмақша, тараншыша, соңында қазақша айтады. «Солаңдар қырғыздармен бірге тұрады және татар тілін жақсы біледі»,— деп жазады Шоқан, «Қырғыз» деп отырғаны — қазақтар. Бұдан шығатын қорытынды: Жаркент аймағында, аймағы болғанда қала төңірегінде, қазақтар, татарлар мен тараншылар, жергілікті жұрт қалмақтың бір түрі деп білген сібе мен солаңдар тұрған. Сол қала төңірегінде тұрған халықтардың өкілі дау жоқ қаланың өзінде де тұрған.
Отырықшылыққа кенжелеп араласқан жергілікті қазақтардың ішінен XIX ғасырда жатақтар саны әжептәуір молайған-тын. Ол төңіректе жатақтар алғаш Жаркентте, Айдарлыда пайда болған, ал оған жаңағы қалмақтар мен ұйғыр, татар халықтарының әсер еткендігі ешкімді де күмәндандырмайды.
Елді мекендердің Жаркент, Ақкент, Алматы атануы да ол маңайда қазақтардың ежелден тұрып келе жатқандығын дәлелдейді.
Шоқанның күнделігінде ескеруге тұратын тағы бір түйір бар. Ол Ақкенттің көшесінен солаңның екі баласын көреді. Бірінің дәл төбесінде бір уыс шашы болады. Сол төбеге қойған шашты Жаркент қазақтары айдар деп атаушы еді. Біздің бала кезімізде балаларына айдар қою қазақтарда әлі бар-тын. Сөйтсек, ол да солаңдардан сіңген әдет екен ғой. Соған қарағанда, XIX ғасырдың екінші жартысында қазақтар сібе-солаңдармен аралас-құралас тұрған, солардың әсерінен отырықшылыққа да бейімделе бастаған.
Жаркентке байланысты өз пікірімізді айта отырып, осындай жағдайдың Алматы қаласы жайында да орын алып келе жатқандығын ескерте кеткіміз келеді. 1854 жылы Верный бекінісі айдалаға орнаған жоқ, ұлы жүз қазақтарының ежелгі қыстауы болып келе жатқан, орта ғасырда-ақ Алматы атанған көне қаланың орнына салынды. Мәдениеті жоғары елдерде қала тарихы қалай зерттелсе, бізде де солай зерттелетін уақыт жеткен сияқты. Қала іргесі, бізше, алғашқы қағылған құрылыс қазығынан басталады.
Қазақ ССР тарихы Іле алқабында алғашқы қоныстар IX-X ғасырларда пайда бола бастағанын айта келіп: «Олар феодал шонжарлардың ордалары негізінде және тұрақты қыстау орындарында қалыптасты»,— дейді (1-том, 399-бет.) Бұл тұжырым Алматы мен Жаркент тарихына да қатысты деп ойлаймыз.
Ұлы Октябрь революциясына дейін Жетісу жерінде П. П. Семенов — Тянь-Шанский, В. В. Радлов, Н. А. Северцев сияқты орыстың ғалым-зерттеушілері және поляк революционері А. Янушкевич, қазақтың ағартушы-демократ ұлы Ш. Уәлиханов болып, халықтың мәдениеті мен тарихын, өлкенің табиғатын зерттеуге үлкен үлес қосты. Олар жазған шығармалар екі елдің арасындағы достықты нығайтуға, екі халықтың бір-бірін жете білуіне, сол білу негізінде сыйласуларына баға жетпестей қызмет көрсетті. Жоғарыда айтқан Ядринцев өз кітабында қазақ халқына білім беруге, мәдени өсуіне жағдай жасауға айрықша назар аударады. Ол бурят ішінен шыққан Банзаров, Пирожков, Болдонов, Дорожеев сияқты білімді адамдарды айта келіп, олардың қатарында қазақ Шоқан Уәлихановты да атайды. Артынан ол адамдардың ішінен Банзаров пен Уәлихановты бөле қарап, екеуі европалық орта үшін де дарынды және ғалым адамдар деп бағалайды. Одан ары «ғалым Банзаров», «тамаша Уәлиханов» дей келіп, Шоқанның белгілі саяхатшыларға, ғалымдар мен ақындарға дос адам екендігін ерекше ескертеді. Олар бірге отыра қалса, кез келген европалық ортаға абырой әперетін адамдар деген түйін жасайды.
Одан кейін қазақтан дарынды адамдардың көп шыққандығын, олардың өткір сөзділігімен, ой-қиялының ұшқырлығымен ерекшеленетініне тоқтала кетеді.
П. Головачевтің 1902 жылы Москвада басылған «Сібір» атты кітабында да қазақтар жайында қызғылықты деректер бар. Ол қырғыздардың (қазақтарды айтады) ақ көңіл, шыдамды, бірақ аңқау келетіндігін айта келіп, олардың ең басты ерекшелігі аса қонақжайлығы деп бағалайды. Қазақ мінезіндегі жаңалық атаулыға және қолы бостыққа құмарлықты тап басып байқайды. Атаққұмарлығының аяғы дау-жанжалды қоздырып кететіндігін де көре біледі. Сурет салуға, есепке жүйрік, ұғымтал дегенді айтады. Басты тамағы сүт тағамдары екенін айта отырып, қымызды олардан жақсы ешкім де жасай алмайды, ал ең жақсы қымыз Көкшетауда жасалады дейді.
Қонақжайлық демекші, өзін, жалпы, қонақжай емеспіз деп айтатын халық жер бетінде жоқ болу да керек. Дегенмен қонақжай халықтардың ішінде де қазақтың қонақжайлылығы оқшау тұратын сияқты. Оны П. Румянцевтің мына есебі дәлелдесе керек.
Орташа қазақ шаруашылығының жылдық табысы 20-ғасырдың басында 369,37 сомға теңеледі екен. Ал жылдық шығыны 363,25 сом болады. Сонда айырма 6,12 сом ғана. Басқа шығындарын былай қойғанда, тек қонаққа шығаратын шығыны бүкіл ақшалай шығынының 79,8 проценті, ал бүкіл натуральдық шығынының 80,8 проценті болады екен. Әй, мұндай қонақжайлыққа кез келген халықтың қолы жете бермейтін-ақ шығар.
И. Степной деген зерттеуші де 1912 жылы Москвада басылған «Сібір» атты кітабында қазақтарға өзінше баға береді. Ол олардың атқа мықты отыратындығын, ат үстінде әрі жылдам, әрі төзімді келетіндігін, атқа көп отыратындықтан, аяқтарының қатандау келетіндігін, алайда оларды ат үстінен аударып алудың мүмкін еместігін жазады. Сібірдегі бүкіл бұратана халықтың ішіндегі ең көбі қазақтар екендігін, олардың саны бірнеше миллионға жететінін айта келіп, олардың бүкіл үй жұмысын әйелдері атқаратынын, ал ерлерінің күні қыдырумен ғана өтетінін ескертеді.
Атақтысы, мейлі қатардағы зерттеушілері болсын, орыс өкілдері аз ұлтқа ілтипатпен, білгірлікпен қарағаны жоғарыда келтірілген мысалдардан айқын аңғарылады. Ел мен елді, жер мен жерді жақындастыруға туыстастыруға сондай ізгі ниеттің ғана септігі тиетіндігі сөзсіз. Оған біздің ұзақ уақыт бойы достықпен өтіп келе жатқан өміріміз куә.
1848 жылы жазда Жетісу жерін аралап қайтқан поляк революционері Адольф Янушкевичтің «Күнделіктер мен хаттар немесе қазақ даласына саяхат туралы жазбалар» атты кітабында да біздің халық жайында жақсы пікірлер мол. Янушкевич осы сапарында Россия құрамына алуын өтініп хат жазған сұлтан 76 жастағы Сүйік Абылайхановты көреді. 1846 жылы 23 июньде, кейбіреулер жазып жүргендей 4 июльде емес, Ұлы жүзге қарасты бес рудың Россияғa қосылу салтанаты өткен Лепсі селосында болады. Ол араны қазақтар Шұбарағаш, Ойжайлау деп те айта береді. Бұл кітапта Құнанбай, Бейбіт би, Орынбай ақын, Бексұлтан, Барақ сияқты белгілі адамдар жайында да, елді мекендер мен жер-су көрінісі туралы да талай маңызды пікірлер бар.
Енді халық санына байланысты да бірер пікір айта кеткеннің артықтығы болмас деп ойлаймыз.
Левшиннің дәлелдеуінше, XIX ғасырдың отызыншы жылдарында қазақ халқының саны жайында сан түрлі пікірлер болғанға ұқсайды. Пікір білдірушілердің басым көпшілігі халық санын көтеріп көрсетуге бейім болыпты. Ал Левшиннің өз пікірінше, үш жүзге жататын барлық қазақ 500 мың түтін болуға тиіс. Оның ұлы жүзде 100 мыңы, орта жүзде 210 мыңы, ал кіші жүзде 190 мыңдайы болуға тиіс. Г. Броневский бір ғана орта жүздің өзінде 500 мың түтін бар десе, қазақ билеушілері ол санды 537 мыңға жеткізіпті, ал капитан Андреев 176 мың 400 түтін деп төмендетіпті. Солардың бәрін талдай келіп, Левшин, егер әр үйде орта есеппен бес-алтыдан адам болады деп есептесек, ұлы жүзде 500—600 мың жан, орта жүзде 1 миллион 360 мыңдай жан, ал кіші жүзде 1 миллион 1 жүз мыңдай жан бар, бүкіл қазақ халқының саны шамамен 2 миллион 500 мың адам мен 3 миллион адамның арасында деген дәлелді пікір айтады.
Ал Н. В. Алексеенконың 1981 жылы Алматыдан шыққан «Қазақстанның революцияға дейінгі тұрғындары» деген кітабына жүгінсек, 1897 жылы жүргізілген санақ бойынша Жетісуда 987863 адам болған көрінеді. Бір ғана Жетісудың өзіне 1870—1896 жылдар аралығында Европаның Россиядан, Сібірден, тағы босқа жерлерден 92 мың 846 адам жаңадан қоныс аударып келіпті. Соның нәтижесінде 1897 жылы қазақтар барлық халықтың 80,4 проценті болса, 1914 жылы 60,5 проценті болады. Ал жалпы Қазақстан бойынша бұл жылдар аралығында халықтың ара салмағы 74 проценттен 58,5 процентке төмендейді. Оның мәліметіне сүйенсек, 1897 жылы бүкіл Қазақстанда яғни Далалық Қазақстан мен Оңтүстік Қазақстанды қоса алғанда 3 миллион 964 мың 936 адам бар екен. Бізше, бұл сан, жалпылай алғанда, жоғарыда келтірген Левшиннің есебіне дәл келіп те қалатын тәрізді. Өйткені бұл саннан қазақ халқының ғана есебін шығарған кезде, көп айырмашылық байқалмайды: Алексеенконың есебі бойынша, қазақ халқының жалпы саны 3 миллион 101 мың 142 адам.
Сонда, Левшин есептеп отырған кез бен Алексеенко есептеп отырған аралықта жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, қазақ халқы бәлендей өсе қоймаған тәрізді. Арада өткен 65 жыл қазақ халқының көбеюіне көп үлес қоспағандай. Бірақ, кім біледі, бұл алшақтық қазақ — жоңғар-қоқан арасында әлсін-әлі болып тұрған қырғын соғыс пен қазақтың ез ішіндегі қуғын-сүргіндерге де байланысты болар.
Ежелден қазақ жерінің шұрайлы бір бөлігі болып келе жатқан Жетісуда тұратын халықтың да есебі XX ғасырдың басында (1910-1912 жж.) алынған екен. Оның есебі біз жоғарыда айтқан П. Румянцевтің кітаптарында келтірілген: бірінші кітап (том) Лепсі уезіне (Петербургтен 1911 жылы шыққан), екінші кітап Қапал уезіне (1913 ж.), үшінші кітап Жаркент уезіне (1912 ж.) төртіншісі (1913 ж.) Верный уезіне арналған. Бесінші кітап екі бөлімнен (жеке-жеке екі кітаптан) тұрады. Жалпы аты — «Тараншылар». Тараншы деп ол кезде ұйғырларды атаған. Бірінші бөлімінде Жаркент, Верный уездеріндегі ұйғырлардың шаруашылық, мәдени жағдайлары талданады. Ал екінші бөлімінде әр түрлі таблицалар берілген. Алтыншы кітапта Лепсі, Қапал, Верный, Пішпек, Пржевальск уездеріндегі орыс тұрғындарының орналасу жағдайлары таблицалар арқылы көрсетіледі. Жетінші және сегізінші кітап томдары Пішпек, Пржевальск уездеріне, яғни қырғыз шаруашылығына арналған. Толықтай алғанда, кітап «Жетісу облысындағы түземдік және бұрыннан бар орыс шаруашылықтары мен жер пайдалану жағдайын зерттеу материалдары» деп аталады. Автордың өз айтуынша, мұндағы адам саны дұрыс есептелмеген, азайтып алынған. Сол кітаптардағы есеп бойынша Лепсі уезінде бойынша Лепсі уезінде 118 974 қазақ (72,0%), 43 447 орыс (26,3%), 2757 басқа ұсақ ұлт өкілдері (1,7%), барлығы 165 178 адам; Қапал уезінде 157 999 қазақ (85,7%), 21 946 орыс (11,9%), 4453 басқа ұсақ ұлт өкілдері (2,4%), барлығы 184 398 адам; ал Жаркент уезінде 89 985 қазаң (57,3%), 13 749 орыс (8,5%), 41 131 ұйғыр (26,3%), 12 345 басқа ұсақ ұлттар (7,9%), барлығы 157 210 адам; Верный уезінде 157 357 қазақ (60,8%), 67449 орыс (26,0%), 25575 ұйғыр (9,8%), барлығы 250 381 адам тұрыпты. Сонда, бүкіл Жетісу облысындағы қазақтар тұратын төрт уезде барлығы 524 315 қазақ. 146 591 орыс болған, барлығы 757 167 адам.
Жетісу облысындағы адамдар санының қауырт өсуінде Шыңжаң (Құлжа) өлкесінен қоныс аударған халықтармен қатар қазақтардың да үлесі мол, Патша өкіметінің отарлық саясаты негізінде облысқа өз еркімен де, зорлап та казактар көшіріліп әкеліне бастады. Олар кейін Жетісу казактары деген атқа ие болды. Жетісу казактарының саны 1870 жылы, еркегі мен әйелін қоса есептегенде, 17111 адам болса, 1897 жылы 33757-ге, ал 1914 жылы 54350 адамға жетті. Қоныс аударып келген казактар негізінен әскери қызмет атқарды, оларға көп жеңілдік жасалды. Кейде жай солдаттар мен қалмақтарды да казактыққа жаза беретін болды. Шаруаларды шет аймаққа қоныс аудару Столыпиннің аграрлық реформасының құрамды бір бөлігі және патша өкіметінің отарлау саясатының маңызды элементі еді.
XX ғасырдың басында орыстармен етене араласа бастаған Жетісу халқы оқу-білімге де біраз ынта қоя бастағандай. Сол жылдарғы мәліметке қарағанда (П. Румянцев), бір ғана Жаркент уезі бойынша қазақтардың жалпы саны бойынша 2106 адам қазақша сауатты болса, 630 бала қазақша оқыпты, оның сыртында 20 адам орысша сауатты болып, 6 бала орысша оқыпты. Жалпылай алғанда, бұл есепке қарағанда, жергілікті халықтың 3 процентінен астамы сауатты болған көрінеді. П. Румянцев әрбір мың адамның 23,40-ы сауатты дейді. Әр мың еркектің 44,59-ы мұсылманша (Қапалда 67,68, Лепсіде 61), 0,34-і орысша, (Қапалда 1,18, Лепсіде 2) сауатты болыпты. Әр мың еркектің ішінен 1,48-і, ал мың әйелдің 0,09-ы орысша сөйлей алыпты, бүкіл Жаркент уезі бойынша 69 ер адам, 4 әйел орысша сөйлей алған екен. Ал жалпы уезд бойынша 100 ер адамға 92,4 әйел сәйкес келіпті. (Қапалда 81,6 әйел, Лепсіде 85,5 әйел). Қапалда 100 шалға 116 кемпір, Лепсіде 101,5 кемпір болыпты.
Халықтың әл-ауқаты, тұрмыс дәрежесі де көңіл аударарлық. Ұйғыр, дүңген халықтарының ықпалымен қазақтар егіншілікті ғана үйреніп қоймай, мал үшін пішен шабуды да атакәсіпке айналдыра бастайды. Бүкіл елдің 48,6 проценті беде, ал 16,5 проценті қонақ егіпті.
Жетісу облысының ішінде мал шаруашылығын өркендетуде Жаркент уезі бірінші орында болыпты, ал бүкіл малдың төрттен үші қой екен. Екінші орында жылқы, үшінші орында сиыр, онан кейін ешкі және түйе көрінеді. Барлық шаруашылықтың 3,6%-і ғана отырықты екен. Ал Лепсі уезінде 28%, Қапалда 28,19% отырықты болыпты. 45,16% түтін жыл бойы киіз үйде тұрмысын өткізсе, 52,86% түтіннің әрі киіз үйі, әрі әр түрлі құрылыстары болыпты. Қыстауға үй салу, қора салу әдетке айналыпты. Орта есеппен Жаркент уезіндегі жеке шаруашылығы бар әрбір түтінде 21 бас мал болған екен (Лепсіде — 12, Қапалда— 15). Ал уезд бойынша 17 мың 225 жеке шаруашылық есепке алыныпты, ал оған әлі өздері жеке дербес бөлініп шықпаған отау үйлер кіргізілмепті, оларды есептесе, 19463 үй болады екен.
Бұл есептердің бәрін кезінде Жерге орналастыру және жер өңдеу бас басқармасының қоныс аудару басқармасы жүргізген. Ал есепке 1910—1913 жылдар аралығындағы жағдай алынған. Шындығын айту керек, есептеу, зерттеу жұмыстары мүмкіндігінше мұқият жүргізілген. Ол есепте әрбір болысқа қарасты қоғамдасқан ауыл саны, әр ауылға ұйымдасқан рулар, ауыл ақсақалының аты-жөні, қыстауы, көктеуі, жайлауы; адам саны, оның еркегі, әйелі, отау үйі; мал саны, малдың ішінде жылқысы, оның құлыны мен басқасы, қойы мен ешкісі, түйесі мен сиыры, олардың телі мен ересегі, шаруашылыққа қажетті құрал-саймандары, оның ішінде соқасы, мосыағашы, тырмасы, арбасы мен шанасы; пішен шабатын жерінің аты, көлемі; егіні ішінде бидайы, арпасы мен тарысы, сұлысы мен қонағы; малшыларының саны, оның жалдамалысы; құрылыс түрлері, тағы басқа да жағдайлары тәптіштеліп тұрып тексерілген. Осындай тексерудің нәтижесінде ғана олар қай жердің шұрайлы, құнарлы екендігін анықтап, қай жерге казак орыстарды, орыс шаруаларын қоныстандыру керектігін біліп отырған. 1898 жылғы мәлімет бойынша, Жетісу облысында барлығы 990107 адам тұрған, ал олардың балалары оңу үшін алты уезде 43 мектеп ашылған. 1903 жылы Жаркент уезінде 28 мұсылман мектебі істейді, оның 12-сі Жаркент қаласында болады, барлығы 1175 ұл-қызды қамтиды. Лепсі уезінде 7 мектеп болады. 380 баланы қамтиды. Қапал уезі бойынша ол жылғы мәлімет жоқ, бірақ 1886 жылы бұл уезде барлығы 450 бала оқыпты, алайда осы мәлімет онша сендірмейді, өйткені 1886 жылғы мәліметте мұсылман мектебінде Жаркент уезі бойынша барлығы 3069 оқушы оқыған екен, ал 1903 жылы ол 1175-ке азайып кетеді. Деректерге қарасаң, бұл жылдар аралығында мұсылман мектебі жабылмаған, соған қарағанда, жаңағындай алшақтық ол кездегі ақпар жинау мен есеп алудың тәртіпке қойылмағандығынан болу керек.
Облыс құрылған кезде Жетісуда бар-жоғы 2 кластың 2 приход мектебі (бірі Верныйда, бірі Қапалда), 12 станицалық және поселкелік мектеп болыпты. 1868 жылы Қапалда казактар мектебінің орнына бірі ұлдарға, бірі қыздарға арнап екі приходтық (діни) училище және Сарқан мен Көксуда орыс балаларына арналған мектеп ашылады. 1869 жылы Қарабұлақта қыздар мектебі жұмыс істей бастайды.
Қапал уезінің қазақтары Қапал қалалық училищесінде оңып жүрген қазақ балаларына жатақхана ұйымдастыру үшін ақша жинайды. Олар үй сатып алады, мұғалім жалдайды. Жатақхана немесе оқушылар пәтері 1874 жылы 8 ноябрьде ашылады. 1876 жылы онда 1 5 қазақ баласы жатады.
1886 жылы Жетісу облысында мұсылман мектептерін қоспағанда барлығы 62 мектеп болады, онда 9865 бала оқиды, оның ішінде Жаркент уезінде 5 мектепте 135 оқушы, Қапал уезінде 10 мектепте 301 оқушы, Лепсі уезінде 16 мектепте 541 оқушы оқыпты.
1876 жылы Түркістан өлкесі училищелерінің бас инспекторы Кун деген біреу орыс-қазақ мектептерінде қазақша сабақ беруді тоқтатып, мүмкіндігінше қазақ тілін орыс әрібімен жазуды енгізу қажеттігі жайында пікір білдіріпті. Және ол пікірін генерал-губернатордың да пікірі деп ескертіпті. Ол жылдары Түркістан генерал-губернаторы фон Кауфман екені белгілі, орталығы Ташкент қаласында болды Ал Жетісу облысы соған бағынатын. Бірақ Жетісу генерал губернаторы училищелер бас инспекторының әлгі пікірімен келіспейді.
1903 жылы облыста 76 оқу орны жұмыс істейді. Профессор Төлеген Тәжібаев «XIX ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстан мектептері және оқу-ағарту ісі» деген кітабында (Алматы, 1962 ж) осы жайларды айта келіп, Жетісу облысының әр уезіндегі мектептерге де арнайы тоқтала кетеді.
Ол кездегі Жетісу облысының үш уезі негізінен қазіргі Талдықорған облысына қарайды, бірақ ол кездегі уездің территориясы қазіргі аудан көлемінен әжептәуір үлкен. Сол жағын ескере отырып, әр уезге қараған болыстарды да айта кеткеннің артықтығы жоқ па дейміз,
Бұрын Жаркент уезінің оңтүстігіне Іле өзенінің сол жағалауындағы аңғар да қараған, ол оңтүстік шығысында уезд 7300 метрлік Хантәңірі атты шыңы бар Тянь-Шань тауымен шектелген. Оңтүстігі түгелдей Пржевальск уезімен, оңтүстік батысында Верный уезімен, солтүстігі мен шығысында Қытаймен, солтүстік батысында Қапал уезімен шектескен; Бурақожыр, Төгірек, Тұрдымбет, Тоқарыстан, Бәйтүгей, Сарытоғей, Қоңырбөрік, Қожмамбет, Бөгеті, Айт, Кеген, Әлжан, Меркі, Торайғыр, Шелек, Құрман, Иванов болыстары қараған, кейінірек Жаркент-тараншы, Жаркент-дүнген және Сатай болыстары қосылған, сонда құрамында 20 болыс болған. 1886 жылы осынша болыс елде бар-жоғы бес-оқу орны жұмыс істейді, онда 290 бала оқыпты, ал бүкіл уезд бойынша мектеп саны 49-ға жетіпті. 1896 жылы Жаркентте ер балаларға және қыз балаларға арналған екі кластық жеке-жеке приходтық (діни) училище ашылады.
Қапал уезі солтүстік шығысында және шығыста Лепсі уезімен, шығыста Қытаймен, Жаркент және Верный уездерімен шекараласқан. Оңтүстік батысы мен батысында Іле өзені оны Верный уезінен бөліп тұрса, солтүстігі мен солтүстік батысында Семей облысынан Балқаш көлі бөліп тұрған. Лепсі уезіне Басқан-Сарқан, Таулы Ақсу, Төменгі Ақсу, Бүйен Ақсу, Сарытау, Арасан, Көлдей-Жұмай, Бүйен-Қоянды, Акешкі, Мырза, Жоғарғы Қаратал, Төменгі Қаратал, Сүпетай, Тау жалайыр, Ши, Оңтүстік Балқаш, Іле-Балқаш, Күшік, Таз, Алтынемел, Андас, Шолақ және Балғалы, барлығы 23 болыс қараған. Осыншама елде 1879 жылы 8-ақ оқу орны болыпты, онда бар-жоғы 767 бала оқыпты, оның 50-і ғана қазақ баласы екен. Ал 1886 жылы уезде он оқу орны, оның алтауы Қапалдың өзінде болады, сол алты мектепте ұл-қызы бар, барлығы 245 оқушы оқыпты.
Бұрынғы Лепсі уезі солтүстік батысында Семей облысының, Қарқаралы, солтүстігінде Семей, солтүстік шығысында Зайсан уездерімен; оңтүстігі мен оңтүстік шығысында Қытай империясымен, ал батысында Қапал уезімен шектесетіп, оған ол кезде Ақшәулі, Аякөз, Арғанаты, Тауқұм Балқаш, Қаракөл, Мырзатай-Қарасу, Ұрыжар, Барлық, Еміл, Алакөл, Шарбақты, Шынжалы, Батыс Шынжалы, Мақаншы-Садыр, Қысқаш-Садыр, Мәмбетбай-Қысқаш және Балқаш-Лепсі, барлығы он жеті болыс қарапты. 1882 жылы бұл уезде он бір приходтың (діни) училище, оның жетеуі ер балаларды, екеуі қыз балаларды, ал қалған екеуі ұл мен қызды қосып оқытатын училище болады. Оларда барлығы 525 бала оқыпты. Ал 1886 жылы уездегі оқу орны 16-ға жетеді, бала саны да 541-ге өседі. Әр мектепте оқитын бала санының өте аз болатындығын осы сандар да айқын дәлелдесе керек.
1881-1883 жылдар аралығында Құлжадан ұйғыр, дүңген халықтарының өткендігі белгілі. Тек қана бір Жаркент учаскесіне яғни Қорғас, Өсек, Шарынға дейінгі аралыққа 4,5 мың түтін, шамалап айтқанда, 20 мың адам жаңадан қоныстанды. Патша өкіметі енді олардың балаларын оқыту ісін жедел қолға алып, жаңа ашылған мектептерде алдымен орыс тілін үйретуге айрықша көңіл бөлді. Психологиялық, экономикалық жағдайларды есепке ала отырып, 1893 жылы ұйғыр, дүңген болыстарынан ең құрымаса екі жылға дейін балаларымызға орыс тілін оқытуды тоқтата тұрса деген тілектер түссе де, патшалық Россияның әкімдері оған құлақ аспады, орыс тілін міндетті түрде оқыту үшін ешқандай жергілікті жағдаймен санасқылары келмеді. Әрине, патшалық Россияның отарлау саясаты өз мақсаты мен принцибіне орай жүзеге асып жатты. П. П. Румянцев «Лепсі уезі» кітабында: «Қырғыздардың праволық сезіміне ұлт деген ұғым қаншалық бейтаныс болса, мемлекет деген ұғым да соншалық бейтаныс»,— дей отырып, бұл жағдай олардың бірігуіне мүмкіндік бермейтіндіктен, орыстардың қырғыздармен күресін жеңілдетті дегенді айтады.
Біз отарлау саясатын айыптағанмен де, орыс халқының қазақ халқына жан-жақты игі әсер етуін жоққа шығара алмаймыз. Ол ықпал ең алдымен қазақ ауылдарындағы оқу-білімге деген құштарлықтан байқалады. 1912 жылы Сақыпжамал Тілеубайқызы деген автор «Айқап» журналының 7-санында: «Біле білсеңіз, қыз баланы көбірек оқыту керек... Ана надан болса, балаға жақсы өнеге бере алмайды»,— деп жазды. Соған қарағанда, қазақ қыздары да оқу-білімнің елдік маңызын түсіне бастаған секілді. «Айқаптың» 1911 жылғы 12-санында Мұғалы Жолдыбайұлы деген автор: «Ғылым, біліміміз болмаса, жүз жылдан соң тұқымымыз қалмайды. Тек музейлерде дойыр қамшыларымыз һәм мүйіз шақшаларымыз қалар. Бұрынғы батырларымыз жоқ, олардың сауыттары музейде бар»,— дейді ашынып. Ал журналдың сол жылғы бесінші санында Ғалалдин Мамиков: «Біздің жұртта бір ұнамаған мінез бар: орысша оқыса, бұзылады дейді; жамандыққа орысша оқу шарт емес. Оқымай-ақ бұзылған кісі оқып бұзылғаннан көбірек»,— деп ол кез үшін өте құнды прогрессивпен пікір білдіреді. Журналдың 1912 жылғы 10-санында «Ғ. М.» деген авторға «Қапал» деп түсінік берілген. Сірә, сол осы Ғалалдин Мамиков болу керек.
«Айқап» журналында Жетісу жерінде болып жатқан мәдени жаңалықтар жайында хабар жиі жарияланып тұрыпты. Мәселен, 1915 жылғы 7-8 сандарында (бірге шыққан): «Жетісуда тұратын Маманов жақсы роман жазған адамға 200 сом бәйге бермек»,— деген хабар басылған. Ал 1913 жылғы 7-санында Қапалда «Мамания» атты мектеп барлығын, оның алты мұғалім ұстайтындығын жазады. Coл жылғы ІІ-санында Мұхамедсәлім Кешімов деген кісі Лепсі (Шұбарағаш) қазақтарының жайынан сөз қозғай келіп, отарлық саясаттың озбыр бір ісін әшкерелейді: ел аралап жүрген уезд бастығы келгенде, бір қарт кісі сәлем берейін десе, кәріліктен орнынан тұра алмай қалады, сол үшін әлгіні уезд бастығы 7 күн түрмеге отырғызып қояды.
Әйел теңдігін қорғау, елді оқу-білімге үндеу, халықты бірлікке шақыру сияқты көкейкесті мәселелерге қазақ жастары үлкен ықылас қойып, бұрын-соңды болмаған белсенділік көрсете бастайды.
Қазақ халқының мәдени-тұрмыстық дәрежесінің өсуіне, саяси санасының оянуына, қанаушы тап пен қаналушы таптың ара жігін ажыратып ашынуына іргелес өмір сүре бастаған орыс-казактар мен орыс шаруаларының әсер еткендігі — тарихи шындық. 1916 жылы қазақ халқының қолына қару алып ұлт-азаттық көтеріліске шығуы осы ықпалдың алғашқы саяси нәтижесі еді.
Патшаның әйгілі «июнь жарлығы» 1916 жылы 25 июньде шықты. Ол жарлық (указ) бойынша Астрахань, Сібір және Орта Азиядағы «бұратана халықтардан» армияның тылдық жұмыстарына адам алынатын болды. Ол жарлық шын мәнінде көтеріліске сылтау ғана болды, әйтпесе патшалық Россияның отарлық езгісі мен өз үстем таптарының қанауынан қорлық көріп титықтаған халық онсыз да зорға шыдап тұрғандай еді. Халық наразылығының анық себебін Жетісу облысындағы жағдайдан жақсы байқауға болады.
Ел ішіндегі әлеуметтік теңсіздік, «болыс айтты — бітті, би шешті — кесілді» тәрізді жеке адамның жай-күйін, жағдайы мен мүмкіндігін есепке алмайтын озбыр әдет халықтың рухани еңсесін әбден-ақ басқан болатын. Қолында билігі бар әкім жақсы жайлау мен шұрайлы қыстауға ие болып, қалған жұрт солардан артылғанға қарап қалды. Ол аздай, олардың сыртында отарлау саясаты күннен күнге қабырғаға батып, елдің арын да аяққа баса бастады. Атақоныс, туған жер тартып алынып таратылып беріліп жатты. Қорланған, ашынған азаматтар мынандай көпе-көрнеу қиянатқа төзе алмады. Ең бір қызығы: қазақ ішінен алғаш саяси санасы оянған азаматтарға алғаш ықпал етуші де езуші халықтың өзінен шыққан озық ойлы азаматтар еді.
Жетісу халқын ұлт-азаттық көтерілісіне әкелген қиянатқа көз жеткізу үшін, мынандай фактілерге зер салсақ та жеткілікті. Қырғыз тарихшысы профессор Сұлтан Жантуаровтың мәліметі бойынша («Отты құрсауда», Фрунзе, 1968 ж.) 1905 жылы Жетісудағы казактардың саны 4748 адамға жетеді, олардың иелігінде қазақ пен қырғыздан алынған 510,5 мың десятина құнарлы жер болады; ал қазақ тарихшысы профессор Әбді Тұрсынбаевтың мәліметі бойынша («Қазақ аулы үш революция кезеңінде», Алматы, 1967 ж), 1906-1914 жылдар аралығында қазақтар пайдалануындағы жерлерді қазынаға алу жөнінде қыруар жұмыстар жүргізіледі, алынған жердің көлемі 2 миллион 703 мың десятинаға жетеді. Салыстырып көріңізші: 1905 жылы 510,5 мың десятина ғана еді, 1914 жылы 2 миллион 703 мың десятина болыпты. 53 есеге жуық өсіпті, 53 есе. Не деген темп, не деген жылдамдық, қандай санаспаушылық! Бұған ренжімеген, оған қынжылмаған халық халық болушы ма еді?
«Лепсі уезі» деген кітабында П. Румянцев орыс шаруаларына алып берген жерлердің есебін көрсете келіп былай дейді: «Жоғарыда келтірілген цифрларға баға бергенде, орыстардың пайдалануындағы жерлер түгелдей егіншілікке өте қолайлы жерлер екендігін, ал қырғыздардың пайдалануындағы жерлердің көлемі өте үлкен болғанымен, тек мал жаюға ғана жарайтындығын ескеру қажет». (56-бет.) Ол саясаттың қиянатын келе-келе халық та сезе бастаған-ды.
Халық наразылығы әуелде стихиялық бас көтеру дәрежесінде болды. Қазақ үшін 18 бен 43 жастағы ер адамдар елдің ажары боп есептеледі. Әрбір үй, әрбір түтін өзінің ажары болған асыраушысынан, тірегінен өз еркімен қалай айрылсын. Жалпы, Жетісу облысынан 87 мың адам алынуға тиіс болған екен, Стихиялы бас көтерудің аяғы Жетісу аймағы бойынша алғаш рет Жаркентте көтеріліске айналғаны бекерден-бекер болмаса керек. Мұнда «бұратана» халықтардың тығыздығы өзге жерлерге қарағанда жоғары еді әрі олардың көбі 1881-1883 жылдар аралығында Құлжадан қоныс аударып келгендер болатын. Оның бәрін психологиялық фактор ретінде естен шығармау керек.
Әскер жұмысына алынуға тиіс адамдардың жас мөлшері кейбір деректерде 18 бен 43-тің арасы емес, 19 бен 31 жастың арасы деп те айтылады. Бірақ біз Қазақ ССР тарихында көрсетілген мөлшерді алдық.
1916 жылғы июльдің алғашқы күндерінде-ақ, Жаркент Тараншы болысының Городское селосындағы қазақтар бас көтереді. Оған Иванов болысының тұрғындары қосылады. Нарынқол учаскелік бастығының үйі алдына сол күні мыңға тарта халық жиналып ұйымдасқан түрде қарсылық білдіреді. Жетісудағы көтеріліске ұйғыр, дүнген сияқты аз ұлт өкілдері де белсене қатысты.
1916 жылғы көтерілісті ұйымдастырушылар әскер жұмысына алынатындардың тізімін жыртты, ел басқарушылардың қанау, алдауға құрылған істерін әшкереледі, қолдарына қару алып өздерінің адамдық, праволық теңдіктерін қорғады. Лепсі, Қапал уездерінің болыстарында 30 мыңға тарта жігіт бас көтерді. Бұл көтерілістер шын мәнінде халықтық сипат алды. Көтеріліс барысында адамдардың таптық жікті түсінуі өсті, саяси санасы жетілді.
Патша өкіметі көтерілісшілерді аяусыз жазалады. Түркістан өлкесі соғыс жағдайында деп жарияланды. Жетісудағы көтеріліс басшыларының қатарында Тоқаш Бокин сияқты интеллигенция өкілімен бірге Бекболат Әшкеев, Нүке Сәтібеков, Жәмеңке Мәмбетов, Ұзақ Саурықов сияқты қарапайым халық өкілдері де болды. 1916 жылғы август айының бас кезінде-ақ Тоқаш Бокин түрмеге алынды, Бекболат батыр дарға асылды, қарт Жәмеңкеге түрмеде у беpiп өлтірді, Ұзақ батыр түрмеде атылды. Қазақ Совет Энциклопедиясында керсінше Ұзаққа у берген деп көрсетіліпті (ІІ-том, 340-бет). Ал оның анығы М. Әуезовтің «Қилы заман» повесінде жазылған және ел қарттарының жадында жақсы сақталған. Патшаның қарулы әскерімен қарсыласуға жабайы ғана қаруланған халық көтерілісшілерінің мүмкіндігі болмады, сондықтан Жетісудағы ұлт-азаттық көтерілісі октябрь айында-ақ аяусыз тұншықтырылды. Ең соңғы халық көтерілісшілері мен жазалаушылар арасындағы қарулы ұрыс сентябрь айының соңында Быжы өзенінің бойында болды. Халық басына қайғылы күн туды. Қудалау мен жазалаудың салдарынан 300 мыңнан астам қазақтар мен қырғыздар туған жерін тастап қашып кетуге мәжбүр болды. С. Жантуаров оның 150 мыңы қырғыздар еді дейді, онда қазақтардың да 150 мың болғаны.
Халық қатты қырғынға ұшырады. Жазалау отрядтарымен болған ұрыстарда оққа ұшқаны, сотсыз-тергеусіз атылғаны қаншама. Оның сыртында бір ғана Түркістан өлкесі бойынша «1917 жылғы I февральға дейін 347 адам өлім жазасына, 168 адам каторгалық жұмыстарға, 129 адам түрмеде отыруға кесілді». (Қазақ ССР тарихы, І-том.)
Жетісудағы халық басына туған бұл қайғылы күнді Лениндік және СССР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, қазақ совет әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов «Қилы заман» повесінде көркем шындықпен бейнелейді. Повестің сюжеттік негізіне Жаркент уезіне қарасты Қарқара жәрмеңкесінде болған оқиға алынған. Кітап кейіпкерлерінің бәрі де өмірде болған адамдар. «Еркек тоқты құрбандық» деп ел үшін басын өлімге тіккен ерлер жайындағы бұл повесть жастарды отансүйгіштікке баулуда бүгін де баға жетпес қызмет етіп келеді.
Жаркент аймағында патша өкіметінің жазалаушы отрядтарымен күресіп, олардың қарамағынан талай қазақ ауылдарын аман-есен көшіріп әкеткен Қазақбайұлы Әтіке, Нұржеке сынды батырлардың есімін, ерлігін көнекөз қарттар көп айтады, ел арасында «Әтіке батыр» деген жыр да бар. Танымдық жағынан бағалы болғанмен, жыр, жалпы, көркемдік дәрежесі тұрғыдан әдебиетке жаңа леп әкеле қоймайтын дүние сияқты. Өлеңдік сапасы да, сюжеті де қарабайырлау. Отыз үш жасында қапыда атқан оқтан өліп бара жатқанын айтып Әтіке өз өмірін өлеңге қосады. Нұржекедей досынан тірі айрылып, енді жақын санаған адамдардың сатқындығынан патша әскерінің оғына ұшқанын өкініш етеді. Кім біледі, ел ішінде «Әтіке батырдың» бұдан гөрі көркем нұсқасы болуы да мүмкін.
1916 жылғы Жетісудағы ұлт-азаттық көтерілісі қаншалық қанға бөгіп басылғанын Мұқтар Әуезовтің «Қилы заман» повесінен алынған мына бір үзіктер де айқын елестетеді:
«Сонымен, ел әбден жататын кез болғанда, барлық жәрмеңке Жаркентке қарай кететін қара жолмен шұбап-шулап тартып берді. Абақтыдағы Серікбай, Тұрлықожаларды ала кетті.
...Сол бетпен қара жолмен келе жатып, жәрмеңкеден бес-алты шақырымдай жер шыққанда, жол жанында сұлап-сұлап жатқан көп кісінің өлігін көрді... Бір арада екеу-үшеуден жатқаны да бар. Он, он бес қадамдай жерде жатқандар да көрінеді... Осылардың ішінде шалқасынан түсіп, бетін бұрып құбылаға беріп өліп жатқан Серікбай көрінді... Теңгедей жерде қара күрең қан ұйысып, тегістеліп тұрған жара бар — оқтың орны.
...Серікбайдан бір-екі адымдай жерде Тұрлығожа жатыр екен.
Осындай-осындай әр жерде жатқан өліктің барлығы да Оспанның танитын адамдарының өлігі болып шықты... Барлығы да — ұлы ниеттің, елдің ұранының құрбаны... Ой, жүрек батырлары, тегіс намыс құлы еді».
Бұл кезеңге, ол кезеңнің ерлеріне Мұқаңнан асырып баға беру мүмкін емес.
Ел үшін құрбан болған ерлерді ел де ұмытпайды. 1926 жылы, ұлт-азаттық көтерілісінің он жылдығында, осы Қарқара жәрмеңкесінің ортасына қазақтың ардагер ұлдарының бірі Ораз Жандосовтың басшылығымен құрбан болған халық батырларына белгі-ескерткіш орнатылды. Жиынға жиналған халық өз қолдарымен тас тасып, топырақ үйіп төбе орнатып, оған «Ереуілтөбе» деп ат қойды. Қ. Қуанышбаев, С. Қожамқұлов, И. Байзақов сынды қазақ театрының саңлақтары сол төбенің басына шығып, ұлт-азаттық көтерілісінен театральді эпизодтар көрсетті. Сол «Ереуілтөбе» деген поселкесінің желкесіндегі жазықта әлі тұр.
1916 жылдың оқиғаларын еске аяғанда, сол кезге тән ерліктің бір үлгісі еріксіз сүйсіндіреді. Қолға қару алып жауды өлтіру, әрине, ерлік. Жауды көбірек қыру ердің ерінің ғана қолынан келсе керек. Ондай ерлікке көбінесе жастар бейім, Ал ұлт-азаттық көтерілісі кезіндегі ерліктің үлкенін Жетісуда негізінен қарттар жасаған: олар өзгелер үшін өздерін өлімге қиды. Халықтың келешегін, болашағын — жас ұрпағын қорғап, өздері өлсе де жастарды аман алып қалуды ойлады. Қазақы ерлік жасап, өздерін өздеpi құрбандыққа шалды. Ондай ерлік ең үлкен ерлік саналса керек. Қарт Бекболат, Жәмеңке шал, Ұзақ батыр — бәрі де елдің болашағы үшін бастарын тіккен хас батырлар. Өзін өзге үшін өлімге қиған қаһармандар!
Жетісу жері ерте уақыттардан бері талай тарихи оқиғаларды өткеріп, көненің куәліктерін көп сақтаған. Оның бұрынғысынан сөз қозғасаң, мұңға батасың; бүгінгісіне көңіл аударсаң, әрі қызығасың, әрі қуанасың. Бүгінгі биіктен қарасақ, кешегі биіктердің көбі бұлдырап қана көрінеді. Бірақ біз бұлдырап көрінгеннің өзін анығырақ көруге ұмтылуға тиіспіз. Өйткені өткен тарихты білу бүгінгі жетістікті бағалаумен тікелей байланысты. Өткеннің қайғы-қасіретін түсінбесең, бүгінгі қызық-қуаныштың бағасын да білмеуің мүмкін. Отарлаушы Россияның саясаты аз жыл ішінде-ақ халықтардың сандық қатынасын қалай зорлап бұзғанын, егер лениндік ұлт саясаты араша болмаса, оның аяғы қандай қайғылы жағдайға апарып соғуы мүмкін екенін жоғарыда келтірілген мысалдардың өзі-ақ ап-айқын, нақпа-нақ айтып тұр.
Советтік заман бұратана саналған халықтың бақытына туды. Бақытты заман үшін қазақ халқы да барын сап күресті. Қазақ ССР Мемлекеттік гимніндегі:
«Торлаған тұманнан жол таппай тұрғанда,
Жарқырап Лениндей күн шығып атты таң»,—
деген сөз ұлы көсемге бүкіл қазақ халқының жүректен шыққан шынайы рақметін білдіреді.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі