1936 жыл Қазақстанның тарихында қандай елеулі, қандай маңызды болса, бұл жыл қазақ әдебиетінің тарихында да аса өнімді, аса әйгілі жыл.
Өткен жыл Мәскеуде болған қазақ әртістері, жазушы, ақындарының әні, жыры пьесалары қандай баға алғандығы бұл жылымыздың жемісті өткендігінің айғағы. Қазақ халқының ішіндегі асыл қазына өмірінде бұл жылғыдай жарыққа шығып, мұндай бағаланған емес. Партия, үкімет басшыларымен бірге «Жалбырымызға» қол соғып, Күләшіміздің «Гәккуін» естіп, Жамбылымыздың жырын тыңдағаны, Сәкен, Күләш, Жамбыл, басқаларға одақтық үкіметтің ақсақалы Калининнің өз қолымен омырауына орден қадағаны — бұл қазақ халқындағы қашаннан сақталып жатқан асыл қазынаның арманына жетіп, анық бағасын алғандығы. Әсіресе жасы жүзді алқымдаған, арғы, бергі заманның неше оқиғасын көзінен кешірген Жамбыл жырау қазақ халқының шежіресі сияқты, қазақ халқы тарихи тұлғасының көлеңкесі сияқты. Қазақ ақындарының бұл әкесі — қазақ халқының бұрынғы қайғысының, бүгінгі қуанышының кәрі куәсі.
Халық қиялындағы Асанқайғы, Қорқыттан бастап еліміздің ер көңілді, өткір тілді ұлдары — ескі заманда алыс арман, ащы зармен өткен. Оларды керге тыққан, жерге байырқаптаған сұм заманнан қазақ халқын тек Қазан төңкерісі ғана азат етті. Міне, сол бұрын тарихы өлімге байланған елдің көп ақындарының бірі Жамбылды жаңадан жасартқан, қайта туғызған Октябрь дәуірі. Елдің ескі ақындарының еңіреп өткен дәуірінен құтылып, олардың тарихының аяғын топқа ұластырып, бүгін жүз жастың табалдырығына таянғанда тілегіне жетіп отырған тек Жамбыл ғана. Жамбылдың ескі күнде есікте қалған басының бүгін тарихтың төріне шыққандығы — бұл қазақ елінің бақыт туына шығуының образы. Сондықтан қазақ халқының көңілі биыл орасан көтерілген жыл. Бұл жыл қазақтың жазушылары түгіл жалпақ елді ән, өлеңге қозғаған жыл. Қазақстан туралы бұл күнде мыңдаған жыр, өлеңдер шығып жатыр. Қазақстанда шығатын өлкелік, облыстық, аудандық, өндірістік газеттерінің барлығы да шат, қуанышты жыр, өлеңмен толы. Бұл халықтың қисапсыз көңіл шаттығын көрсетеді. Тек бұларды тексеретін, сөз қылатын сыншы, басатын баспа ғана керек. Міне, бұлар қазақ халқының көңіл шаттығы осы жылы орасан көтерілгендігін көрсетеді.
Қазақ әдебиетінің осы жылғы үлкен табысының бірі — Пушкин аудармалары. Пушкин кітаптарын ұлт әдебиетіне кіргізуде биылғы істеген жұмысымыз өте маңызды, көлемді жұмыс. Пушкин шығармасын аудару 1936 жылды Кеңес Одағы елдерінің жазушыларына, әдебиетіне жарыс сияқты болды.
Осы табыстың ішінде менің де біраз еңбегім бар. Мен Пушкиннің «Евгений Онегин» атты атақты романын жуырда аударып бітірдім. Бұл романның қазақ тілінде шығуы қазақ әдебиетінің өсуінің үлкен айғағы.
Бұл жылда Пушкиннен басқа «Құлагер» атты поэма, «Отан» атты әңгіме жаздым. «Құлагер» «Социалды Қазақстанда» басылып тарады. Бұл поэма көпшіліктің көптен бір сүйіп оқыған шығармасы болды. «Отан» атты әңгімем бүгінгі колхоз өмірінен жазылған, колхоздың большевиктік, колхозшының ауқатты болуын суреттеу арқылы бақытты адамды көрсету, адамның бақыты бізде, колхоз өмірінде деген тақырыпта жазылған шығарма. Бұл әңгімем Қазан төңкерісінін жиырма жылдығына арналып шығатын «Екі бесжылдықтың» «Отан» атты томында басылады.
1936 жылы істеген еңбегім осылар. Өзім өзге жылдарда мұндай жемісті жұмыс істей алған емеспін.
1936 жылғы қазақ әдебиетінің тәжірибесіне, осы күнгі бет алысқа қарағанда алдымыздағы жыл мұнан да табысты, мұнан да маңызды болады деп білемін.
1937 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі