Өлең, жыр, ақындар

Хламидиоз

Хламидиоз — несеп-жыныс жолдары арқылы жұғатын жұқпалы ауру. Ол жыныстық жолмен жұғатын аурулардың ішінде ең кең таралған түрі. Хламидиоздың қоздырғышы — хламидия трахоматис, жасушаішілік паразит. Вирустар сияқты, тек тірі жасушаның ішінде ғана тіршілік етеді. Бірақ та кұрылысы бактерияларға ұқсас келеді. Микроорганизм осындай екі түрлі және жасушалардың ішінде болатындықтан, оны емдеу өте қиын.

Ауру жыныстық жолмен, ауа тамшылары арқылы жұғады. Шыбын-шіркейлер арқылы да жұғуы мүмкін. Негізгі зақымданатын жерлері — несеп шығару өзегі, бартолий безі, жатыр түтікшелері, құрсақ. Босану кезінде жұқпасы бар өзекшелер арқылы ауру нәрестелерге жұғады. Олар сәбидің көзін, құлағын, өкпелерін зақымдайды. Мұның нәтижесінде бала шетінеп кетуі ықтимал. Аурудың жасырын кезеңі — 10-14 күн. Әйелдерде хламидия жыныс мүшелерінің айналасын ашытады, қышытады. Іштің төменгі жағында ауырсыну пайда болады да, сарғыш-ақ түсті бөлінділердің шығуы ұлғаяды. Кейбір әйелдерде белгілер нашар білінуі мүмкін. Мұндай кезде әйел міндетті түрде гинеколог дәрігерге қаралуы тиіс. Өйткені қоздырғыш микроорганизм күш алып кетіп, ауруды асқындырып жіберуі мүмкін. Ал аурудың асқынуы жамбас қуысындағы ағзаларды қабындырып, бедеулікке әкеп соқтыруы мүмкін. Кейде бұл жатырдан тыс жүктілікке ұшыратады.

Хламидиозға шалдыққан, әлі бала көтермеген әйелдер жатырішілік контрацептивті құралдарды, мысалы, спиральді пайдалануына болмайды. Олар асқыну үдерісін күшейтіп жібереді.

Хламидиоздан болатын асқынуларға қынаптың қабынуы (вагинит), бартолинит, эндометрит, сальпингит жатады. Оларды зертханалық тексеру арқылы ғана анықтайды.

Емі

Жыныс мүшелерінен бөлінділер пайда болса немесе ауырусынулар байқалса, кешіктірмей дәрігерге қаралған жөн. Дәрігер жұқпалардың қандай түріне жататындығын зертханалық жолмен анықтағаннан кейін ем тағайындайды.

Хламидиозға көбіне тетрациклинді қатарға жататын антибиотиктер, макролидтер, сумамед, фторхинолиндер, мысалы, ципрофлоксацин немесе ципролет т. б. тиімді деп есептеледі. Хламидиялардың тіршілік циклі ұзақтау болғандықтан, антибиотиктерді кем дегенде бір апта қолдану керек. Микроорганизмнің дамуын басу үшін емді кейде екі-үш аптаға созуға тура келеді. Иммунитетті арттыратын дәрі-дәрмектерді де қолдану керек. Әйел құнарлы аспен тамақтанып, организмінің әлсіреуіне жол бермегені жөн. Тазалық сақтауға міндетті.

Егер ем аяқталғаннан кейін ауру тағы соқса, емдеу курсын қайталауға болады. Бұдан кейін міндетті түрде дәрігерге жиі-жиі тексеріліп тұруы тиіс. Жұқпа одан да әрі қайталана беретіндей болса, онда әйелді диспансерлік есепке алған дұрыс. Ерлі-зайыптылар мұны бір-біріне жұқтыруы мүмкін. Соның салдарынан ер адамдардың үрпісі ауырып, қабынады, қышиды. Асқындырып алса, ол аталық безді және оның қосалқыларын, қуықасты бездерін т.б. қабындырып, белсіздікке әкелуі мүмкін. Сондықтан бұл ер адамдардың да дер кезінде дәрігерлік тексеруден өтіп, ем қабылдағаны жөн. Жұқпалардың түрлері көп болғандықтан, емді міндетті түрде дәрігердің нұсқауымен ғана жүргізу керек.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер