Өлең, жыр, ақындар

Кхокабабудың қайтып келуі

Райчорон он екі жасар кезінен бастап бабуда күтуші болып тұрды. Ол кезде ұзын шашты, үлкен көзді, сымбатты бала еді. Туған жері Джессор уәлаяты болатын. Қожалары сияқты ол да кайастха кастасынан шықты. Кісі есігіндегі басты міндеті бабудың Онукул деген бір жасар ұлын күту болды.

Арада бірнеше жылдар өтті. Нәресте өсіп мектепке де барды, одан кейін колледжда оқыды, ақыры сотта қызмет істейтін болды.

Райчорон бұрынғысынша бабудың үйінде шаруасын істеп жүре берді. Енді оның қожасы екеу болды. Онукул әйел алды. Үй ішіндегі бар билік сол әйелдің қолына көшті.

Онукулдың әйелі Райчоронға жаңа бір міндет жүктеді. Жас жұбайлар көп кешікпей жас иісті болған. Сол нәрестені бағуды Райчоронның қолына берді.

Райчорон бала тербетсе де масаттанып, шалқып кетеді. Сәбиді еппен лақтырып, қағып алып ойнатуға да шебер-ақ. Басын баланың бетіне тақай беріп, селкілдеп ала жөнеледі де, ішек-сілесін қатыра күлдіреді. Мағынасыз сұрауларды да үсті-үстіне беріп жатады. Осының бәріне әбден үйреніп қалған бала Райчоронды көргеннен-ақ қуанып, күле бастайды.

Бала табалдырықтан еңбектеп өтуге жарады. Қулана күліп, ұстатпай бұлтара қашып ойнайтын болды. Мұның ақылы мен қылығына Райчорон қайран қалды. Сәби анасына ол:

— Ханым, балаң өскенде судья болады. Бес мың рупия табады, — дейтін. Таңырқай сөйлеп, мақтаныш көріп айтатын.

Мұның жасындағы бала еңбектеп, табалдырығын өте алады дегенді Райчорон білмейді. Ақылдылығын аңғартып, осындай қылық көрсететіндері болады деп тағы ойламайды. Сірә, мұндай қылықтар судья болатын балаға ғана тән нәрсе сияқты.

Ақыр соңында баланын бір жығылып, бір тұрып қаз-қаз басып жүре бастауы Райчоронды тіпті таңырқатты, ал бала тілі шығып анасын "апалап", тәшейін — "тот" деп, ал Райчоронды "Чонно" деп былдырлай сөйлей бастағанда қарт қызметшінің шыдамы таусылды — бұл бір ғаламат жаңалықты ол кездескеннің бәріне ауыз жаппай айта беретін болды.

— Ең таңырқарлығы апасын "ап", ал мені "Чонно" дейді, — дейтін Райчорон.

Шынында да бала қылығы неге мұндай, айту қиын. Әрине үлкендердің ешқайсысы да бұл сияқты таң-тамаша қылық көрсетпесі хақ қой, ал алда-жалда біреу болмаса біреу сондай қылық көрсете қалса, ол адамның судья бола алатындығына қара халықтың тек күдігін ғана күшейткен болар еді.

Біраз уақыт өткен соң, Райчорон жіптен жүген салып ат болды. Балуан боп күреске де түсті, күресте Райчорон жығылмай қалса, шу көтеретінді шығарды бала.

Күндердің күнінде Онукул Падма бойындағы бір ауданға ауысты. Калькуттадан ұлына ит арба әкеліп берді. Енді Райчорон Нобокумарға атлас көйлек, оқалы қалпақ кигізіп, білегіне алтын білезік салып, серуенге алып шығатын болды.

Жаңбырлы маусым басталды. Араны ашылған Падма бау-бақшаны, егісті, қыстақтарды алып кетті. Құмды жағалаудағы тоғай мен қашаны да су басты. Опырылған жарқабақтың суға шолп-шолп құлағаны әлсін-әлсін естіліп тұрды. Өзен бетінде зымыраған ақ көбік ағынның қатты екенін аңғартады.

Бүгін кешке қарай да аспанды бұлт торлады, бірақ жауа қоятын түрі жоқ. Райчоронның қияңқы жас қожасы ит арбаға мініп алды, үйде отыратын емес. Райчорон арбаны баяу сүйретіп күріш даласына таман келді де, өзен жағасына тоқтады. Өзенде бірде-бір қайық жоқ, егінде де ешкім көрінбейді. Бұлт арасынан шоқтай қызарып қылт ете қалған күннің көзі арғы беттегі құмайт жағалаудан асып, батып барады. Айнала жым-жырт, бала бірдемені қолымен нұсқап, айғайлап қалды.

— Чонно, пху!

Анандай жерде, саз ішінде өскен үлкен кадоммо ағашы тұр екен, жоғарғы бұтақтарынан көз тартар гүлі көрінеді. Бала соған қарап қалыпты. Бұдан бірнеше күн бұрын Райчорон шыбықтан өріп, кішкентай сүйретпе жасап беріп еді. Шыбық арасына осындай гүлді қоса өрген болатын. Бала оны жіппен сүйретіп ойнаған еді. Сол күні Райчорон бұрынғыдай ат болып жегілуден қалды, аттан ат қосшының дәрежесіне бірден жоғарыға атылды.

Райчорон батпақ ішіндегі гүлге барғысы келмеді, жалма-жан басқа жақты нұсқап: —

— Әне, қара, әнекей, құс! Әне, ұшып барады! Әне, кетті тағы бір құс! — дей берді.

Ол сөйлей берді, сол бетімен ит арбаны итеріп ала жөнелді.

Өскенде судья болғалы тұрған баланы алдай қою оңай болып па! Әсіресе, төңіректе алдарқатар ештеңе болмаған соң, алдау тіпті қиын ғой. Сондықтан "құс" деп сылтауратып алдастырғаны ұзаққа бармады.

— Жарайды, сен отыра тұр, мен жүгіріп барып алып келейін. Тек суға жақын барма!

Осыдан кейін Райчорон балағын түріп алып, ағашқа қарай кетті.

Суға жақындама дегеннен-ақ, баланың көңілі өзенге ауды. Тап қасынан атынды толқын зымырап өтіп жатыр. Жөңкілген су басқа бір үлкен Райчоронның қолынан жұлқынып шығып "барма" деген жағына қарай сықылықтап, күле жарысып өтіп жатқан бір топ бала тәрізденеді.

Мұны көріп біздің баланың да арқасы қозды. Арбадан ақырын түсті де, өзенге қарай беттеді. Жолында жатқан бір ұзын шиді алып, жарқабаққа келді де, балық аулаған болып суға үңілді.

Зымыраған толқындар түсініксіз былдырлап, баланы өз үйіне ойнауға шақырғандай болады.

Кенет су әлденеден шолп ете қалды. Сүмбіледе Падманың шолпылдағаны талай естіліп жататын.

Қойын-қонышын гүлге толтырып Райчорон ағаштан түсті, күлімсіреп жағаға келсе, — бала жоқ. Айналасына қарап еді, ешкім көрінбеді.

Райчоронның жүрегі мұздап сала берді, Бүкіл дүние көшкен бұлттай түріліп, көз алдынан сырғи жөнелді. Райчоронның үрейі ұшып кетті, бар даусымен айғай салды:

— Бабу, Кхокабабу, ардақтым дадабабу!

Ешкім жауап қатпады. Баланың қулана сықылықтаған күлкісі де естілмеді. Тек Падма ғана қасынан шулай ағып, зымырап өтіп жатыр. Жаратылыстың үйреншікті оқиғасына қарайлауға оның уақыты жоқ сияқты.

Кеш болды. Неге кешікті деп қобалжыған ана бұларды іздеуге кісі жіберді. Фонарь алып Падманың жағасына келгендер дауылдай түнерген Райчоронды көрді, қарлыққан дауыспен айғай салып, егіс даласын кезіп жүр екен:

— Бабу, дадабабу!

Үйге келген соң, Райчорон баланың анасын көре салып, еңіреп аяғына жығылды. Сұрағанының бәріне:

— Білмеймін, ана! — деп жылай жауап берумен болды. Жазықты Падма екенін жұрт анық сезгендей болды, әйтсе де қыстақ шетіне келіп, қонып жатқан сығандардан да қауіп қылды. Ал шешесі "баламды Райчоронның өзі ұрлады-ау" деп те күдіктенді. Ол Райчоронды шақыртып алып:

— Баламды өзіме кайтар, қалағаныңды берейін, — деп жалынды.

Бұған күйінген Райчорон өзін-өзі төпеледі. Әйел оны қуып шықты.

Райчороннан күдіктенуінің ағат, әділетсіздік екеніне әйелінің көзін жеткізбек болып, Онукул одан: "Мұндай қылмысты не үшін істейді?" — дегенді сұрады.

— Не үшін? Баланың үстінде алтын әшекейі болатын, — деп жауап берді әйелі.

II

Райчорон еліне қайтып келді. Осы күнге дейін оның баласы жоқ, балалы болудан оншалық үміті де жоқ еді. Қартаң тартқан әйелі ол келген соң, жыл толмай-ақ, ойда жоқта ұл тапты да артынша бұл дүниемен қош айтысты.

Жаңа туған нәрестеге Райчорон іштей ыза болып жүрді. Кхокабабудың орнын қулықпен тартып алуға келген бала ғой. Қожасының жалғыз ұлын суға кетіріп, енді бақытты әке болып отыруды кешірілмес күнә деп есептеді. Райчоронның жесір отырған қарындасы болмаса нәрестенің өмірі ұзаққа бармайтын да еді.

Бір ғажабы, өсе келе бұл бала да табалдырықтан еңбектеп өтетін болды. Әр нәрсені білуге құмартты. Сөйтіп бұл да ақылды болайын деп тұрғанын аңғартты. Тіпті даусы, күлгені, жылағаны — бәрі де сонау жоғалған балаға ұқсайды. Ұлының даусын естісе-ақ Райчоронның жүрегі лүпілдеп соғып қоя береді, жоғалған дада бабу осы маңайда бір жерде жылап жатқан сияқтанады.

Райчоронның қарындасы баланың атын Пхелна қойды. Пхелна тілі шыға бастағанда, тәтесін "то" дейтін болды. Бұл Райчоронныц құлағына таныс сөз еді, мұны естіп, ол тосыннан бір ойға қалды:

Мына бала дада бабудың өзі екен-ау! Менің жақсы көретінімді ұмытпапты ол Сондықтан менің үйімде қайта туған екен ғой.

Мұны дәлелдейтін көп жайлар бар сияқты. Өйткені бала Райчорон келген соң, көп кешікпей туды. Оның үстіне, сонша жасқа келгенде әйелі өздігінен ұл таба алмайтын еді. Онымен қоймай, бұл да еңбектейді ғой, аяғын апыл-тапыл басып жүреді, тәтесін "тө" дейді. Келешекте судья болайын деп тұрған баланың бар сипаты осы Пхелнаның бойында анық бар сияқты.

Дада бабу жоғалғанда оның анасы Райчоронның өзінен қатты күдіктеніп еді-ау. Райчороннын есіне сол түсті.

Аһ! — деп күрсініп, қайран қалды ол. — Ұлын кім ұрлағанын лил жүрегі сезген екен ғой.

Бұған дейін мына баланың күтіміне назар аудармай келіп еді, Райчорон соған өкінді енді. Сөйтіп өз өмірін тағы да осы баланың жолына сарп етпек болды.

Пхелнаның тәрбиесіне Райчорон сол күннен бастап, текті адамның баласын бағып-қағатындай болып кірісті. Балата атлас көйлек, оқалы бас киім әперді, әйелі марқұмнан қалған жесірлерден алтын білезік соқтырды. Күндіз-түні баладан екі елі айырылмайтын құрбысы да, құрдасы да өзі болды, ауыл балаларына оны араластырмады. Бірге ойнатпады. Реті келіп қалған жерде олар мұны Науабұлы деп келемеждеді. Көрші-қолаң Райчоронның осындай оқшау қылығына таңырқай қарады.

Пхелна оқу жасына жетті. Райчорон бар дүниесін сатты да, оны Калькуттаға алып жүрді. Қалада өзі әрең дегенде жұмысқа арпалысып, Пхелнаны мектепке оқуға берді: Райчоронның бар баланың қамы болды, соны киім тамақтан тарықтырмай, жақсы білім әперуге тырысты, өз басының қамын ойлауды қойды.

Арада он екі жыл өтті. Пхелна сүйкімді, жақсы болып өсті, оқу үлгеруі де оңды, сәнімен киініп, таза жүрді. Оның көзіне Райчорон әкесі сияқты көрінбеді. Өйткені Райчорон күтушісіндей тік тұрып қызмет етеді, бірақ іштен шыққан баласындай жақсы көреді. Райчоронның жіберген ағаттығы да бар еді. Пхелнаның әкесі екенін жасырады. Пхелна жатқан пансионның шәкірттері Райчоронды әжуалап, тәлкек қылады. Әкесі жоқта Пхелна да солардың қалжыңына қосылып кетеді Әйтсе де шәкірттер аңқылдаған ақкөңіл Райчоронды жақсы көреді. Пхелна да оны сүйеді. Бірақ әлгінде айтқанымыздай, тап әкесіндей көрмейді. Райчоронға деген махаббаты әлдеқандай бір мейірімі түскендіктен ғана болатын СИЯҚТЫ.

Райчорон қартайды. Істеп жүрген жұмысынан кемшілік табыла беретін болды. Кәрілік жеңіп, қайраты қайтты білем, жұмысты бұрынғыдай тындыра алмай жүрді, ұмытшақтық пайда болды. Кәрілігіне қожасы кешірім жасамады. Сол кезеңде Райчоронның елден әкелген ақшасы да таусылды. Енді Пхелна киім-тамақтан тарығып, ренжіген ыңғайын таныта бастады.

Күндердің күнінде Райчорон қожасымен есеп айырысты да, Пхелнаның қолына біраз ақша берді.

— Қажетіңе жұмсай тұр. Мен бірнеше күнге елге барып келем, — деді де Барасатқа жүріп кетті. Онукул-бабу сонда судья болатын.

Онукулдың баласы жоқ еді. Сонау бір кезде жалғыз ұлынан айырылып қалғанына әйелі әлі күнге дейін қатты қайғыратын.

Бір күні кеште Онукул-бабу жұмыстан кейін демалып жатты. Әйелі бала көтеруге зар болғандықтан, соған шарапаты тие ме деп, бір санниасиден өсімдік тамырын сатып алып, енді бата тілеп жатқан кез еді. Кенет қора жақтан біреудің даусы шықты:

— Іске сәт, мырза!

— Бұл кім? — деді Онукул-бабу.

— Мен... Райчорон.

Райчорон Онукулдың алдына барып, иіліп тәжім етті.

Шалды көріп Онукулдың көңілі босады. Қазір қалай тұратынын, хал-жайын үсті-үстіне сұрап жатыр. Қайтадан осы үйде қызметші боп тұруын да өтінді. Райчорон мұңайып, көңілсіз ғана езу тартты.

— Жамағатыңа сәлем беріп, тағзым етсем деп ем.

Онукул оны әйелінің бөлмесіне алып келді. Әйелі қарт қызметшісін қуанышпен қарсы ала қойған жоқ. Күйеуі сияқты жылы шырай көрсетпеді. Райчорон онысына қарамады, алдына жетіп барып, қолын қусырды да:

— Ана, балаңды ұрлаған менмін, Падма да, басқа да емес, жақсылықты білмейтін мен мақұлық! — деді.

— Не дейді? — деді Онукул, даусы қаттырақ шығып кетті. — Ол қайда?

— Менің қолымда. Ертең емес, арғы күні алып келейін.

...Күн жексенбі еді, жұмысқа барудың керегі жоқ болатын. Ерлі-зайыпты екеуі де таң атқалы телміріп жолға қараумен болды. Сағат онды соққанда барып Пхелна мен Райчорон келді.

Онукулдың әйелі есі шығып, бойын билей алмады, ештеме сұрауға да мұршасы келмеді. Баланы алдына алып, қолынан ұстап, үсті-басын сылап-сипаумен болды. Құшырлана иіскеп, бетіне бар ықыласымен үңіле қарайды да, біресе күледі, біресе жылайды. Шынында да бала сондай жақсы екен: киімінде, сән-салтанатында кедейліктің белгісі жоқ. Қарапайым ғана ұяң жүзі соншалық сүйкімді көрінеді. Тіпті Онукулдың да ықыласы түсіп кетті.

Алайда ол сабырлылық сақтап:

— Дәлелің бар ма бір? — деп сұрады.

— Мұндай істе қандай дәлел болсын? — деді Райчорон, — ұлыңды ұрлағаным бір тәңірдің өзіне аян, жер үстінде оны ешкім білмейді.

Онукул сәл ойланып қалды; баланы көрісімен әйелінің аналық махаббаты оянып, өзеуреп, өліп отырғаны анау, енді оны дәлелде деп жатудың қажеті не, мейлі солай-ақ болсын деген қорытындыға келді. Иланғыш болған жақсы ғой, шіркін! Шынында мұндай баланы Райчорон қайдан алады? Және бұларды несіне алдайды ол?

Онукул баланың өзімен сөйлесе келіп, оның жас кезінен бері Райчоронмен бірге тұратынын білді, Райчоронды ол әкесі деп есептейді екен, бірақ Райчорон әкесі сияқты болмай, тік тұрып қызмет етіп, күтушісі сияқты болыпты.

Онукулда енді ешбір күмән қалған жоқ.

— Бірақ сен, Райчорон, біздікінде тұрмайтын боласың, — деді ол

— Мырза, мен қайда бармақпын енді, қартайдым ғой?

— Осы үйде-ақ болсын, — деді әйел көлденеңнен сөзге қосылып, — ұлымның бақыты үшін болсын осында! Мен кешірдім кінәсін.

— Бұл қылығына кешірім жоқ! — деді әділдікті ұнататын Онукул Райчорон оның алдына келіп, тізе бүгіп иілді:

— Мен емес, мұны істеген құдай, — деп Онукулдың аяғын құшты. Өз кінәсін құдайға жаппақ болғаны Онукулды одан бетер ыза қылды:

— Мұндай оңбағандықты істеген кісіге енді сенуге болмайды. Райчорон қожасының аяғын қоя берді:

— Мен емес, мырзам!

— Енді кім?

— Менің тағдырым.

Мұндай сөздер оқыған адамның бірде-бірін қанағаттандыра алар ма?!

— Дүниеде бұдан басқа ешкімім жоқ менің, — деп егілді Райчорон.

Пхелна өзінің судья баласы екенін және бұған дейін оны Райчорон өз балам деп өтірік айтып, намысын қорлап келгенін білгенде, ыза болып кетті. Әйтсе де шалды есіркеп, әкесіне:

— Кінәсін кешір, әке. Бірақ бұл үйде қалдырмай-ақ қой. Өйткенше ай сайын аздап ақша жіберіп тұрармыз, — деді.

Райчорон үн қатпастан баласының бетіне қарады, содан кейін үшеуіне де тәжім етіп, қоштасып үйден шыға жөнелді де, көшедегі көпшілікпен араласып кете барды.

Айдың аяғында Райчоронға деп, Онукул ауылға бірнеше рупия ақша салып еді, онысы қайтып келді. Райчорон ол жерде жоқ болып шықты.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз