Алдар көсе бір күні келе жатса, бір жерден қу жауырын тауып алып, сүйек қайнатып отырған бір-екі қатындарға жолығып, амандасып болып, Алдар көсе «мен бір айла қылайын»! деді. Сөйтіп, қатындарға қарап:
— Құдағай, менің бір шикі етім бар еді, соны қазандарыңызға салып, пісіріп алуға мүмкін бе? — деп сұрайды. Қатындар:
— Мақұл, салып, пісіріп ала ғой, — дейді.
Алдар көсе:
— Сүйектерің етімді жеп қоймаса, — дейді.
— Ойбай, құрысын, ол не сұмдық? Етті сүйек жейді дегенің. Сал, жесе, біздер бір тоқты төлейміз, — дейді.
Сонсын Алдар көсе жеңін көлегейлеп тұрып, қазанға қу жауырынды алдап, салып жібереді. Біраздан соң барып, «піскені шығар» деп, алып қараса, қу жауырынның өзі дейді. Алдар көсе қатындарға қарап:
— Міні, жаңа айтып едім ғой, осындай қылат деп, бер енді тоқтымды, — дейді.
— Құдай-ай, тоба, — деп, сөздерінен тана алмай, қатындар Алдар көсеге бір тоқты беріп жібереді. Алдар көсе өзі:
— Қатындарды құп алдадым-ау, — деп, тоқтысын жетелеп келе жатса, бір байдың ауылына келеді. Байға жолығып:
— Е, бай-еке, асалаума-алейкум, қалай, аман-есен, бала-шағаңыз аман ба? — деп сұрайды. Бай:
— Құдаға шүкір, — деп, қарнын тыр-тыр қасып отырып:
— Е, Алдар көсе, жол болсын! Бұл тоқтың не? —деп сұрайды.
— Е, алай болсын, байеке, несін сұрайсыз, кедей болған соң осыда, пәленше бай былтыр бір тоқтымды алып еді. Соны бүгін алып келе жатырмын, — дейді. Сөйтіп болып, байға айтады:
— Менің тоқтымды қойыңызға қосуға бола ма? — дейді.
— Мақұл, қоса ғой, — дейді.
Алдар көсе тұрып:
— Қойларыңыз тоқтымды жеп қоймаса, — дейді.
— Ой, Алдар көсе-ай, қойды қой жейді дегенің не сұмдың. Қой, сандалмай жібер, жесе, сол жеген қойдың бәрін саған беремін, деді.
Алдар көсе қойларға тоқтысын жіберіп, байдың үйіне қонақ болып, жата берді. Түнде бір ұйықтап тұрып, байға білдірместен көп қойға барып, өзінің тоқтысын ұстап, сойып, он семіз бойдақ қойдың аузына жағады. Жағып болып, сойған тоқтысының етін иттерге тастап, үйге келіп, жатып қалды. Таң атып, күн шыққасын тұрып, шай ішіп болып, байды ертіп, қойға барса, Алдар көсенің тоқтысы жоқ. Бай олай, бұлай қараса, бірталай қойдың аузы — қан. Алдар көсе тұрып:
— Ай, байеке, менсорлының айтқаным әр уақытта да келеді. Кеше-ақ айтып едім ғой, сонда осыны біліп айтып едім, — дейді. Бай тұрып, жағасын ұстап:
— Ой, Құдай-ай, — деп, «бұл не сұмдық», — деп, аузы қан болған қойларды ұстап, қосақтап алып, Алдар көсеге он қой қылып берді. Алдар көсе байды да тағы алдадым-ау деп, қойларын айдап, қуанып кетіп бара жатса, біреудің сұлу қызы өлген екен, соны көмеміз деп, апаратқан адамдарға Алдар көсе айтады:
— Бұл қызды сендер не қыласыңдар, бірталай бейнет қылып, онан да менің он қойымды алдағы, осы қызды беріңдер, — деп. Адамдарды алдап, он қойын беріп, қызды алып кетіп, бір бөтен ауылдың қырының астына апарып, екі қосағаштың астына екі айыр ағаш қойып, түрегелдіріп қояды да, ауылға барып, ауылының қыздарына, әйелдеріне айтып:
— Мен бір елден сұлу қыз әкеліп, мына ойдың астына қойдым, — дейді. Қыздар, қатындар жүгіріп бара жатса, Алдар көсе әйелдерге қарап:
— Менің әйелім өзі жас, тағы да басым ауырып келе жатыр деп еді. Оны сендер түртіп, итеріп, ойнамаңдар, — дейді. Қыз, қатындарды жібереді. Қыздар барса, жаңағы қыз қимылдамайды, сонсын бір қыз өлген қызды итеріп жіберіпті де, қашып, Алдар көсеге барып айтады:
— Қатының өліп қалыпты, — дейді. Алдар көсе ішіп отырған тамағын тастай салып, өтіріктен қызға:
— Сен өлтірдің, — деп, ойбайлап, бауырымдап, қасына барып көрісіп, жылап, қайтып келеді. Сөйтіп, ауылының адамдарына айтады:
— Қатынымды төлеп беріңдер, сендердің қыздарың өлтірді — дейді. Олар төлемейміз деп, ұрысып, екеуі шығысалмай, қазыға барады. Қазы екі жағын тергеп-тергеп кесіп, жаңағы итеріп жіберген қызды Алдар көсеге бермекші болып, қарар қылады. Сосын Алдар көсені қыздың ағасы ауылына ертіп әкеліп, жаңағы қызды беріп жібереді.
Сонда Алдар көсенің көңілі тасып, қыз алып кетіп бара жатқандағы айтқан өлеңі:
— Ой, қу жауырыным — бір тоқты,
Бір тоқтым — он бойдақ.
Он бойдағым —өлі қатын,
Өлі қатын — тірі қатын-ай, ау, — деп өлең айтып, бір қызды ауылына апарып, өлең айттырып, той қылдырып, мұратына жеткен дейді бұрынғылардың айтуынша.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі