Өлең, жыр, ақындар

Өзіме өзім мотиватормын

Иә,бүгін әдеттегіше таңғы сағат 4:47 де оянып алдым. Дала әлі тас қараңғы. The Ritz Carlton-ның шамдары айқын көрініп тұр. Құлаққабымды алып лирикалық музыканы қосып найзадай кірпіктерімді бір-біріне айқастырдым. Музыканың жетегімен көз алдыма тамылжыған тамыз айының бейнесін алып келдім. 

Ақ Жайықтың жағалауында еркелеп сумен ойнап келе жатқан Айша. Самал жел қою қара  жібектей  шаштарын ақырын ғана қозғалтып қояды. Сыңғырлаған бикештің күміс күлкісімен бірге әндеткен құстар да осы кештің сәнін келтіріп тұрғандай. Күннің нұры батыста ерекше батушы еді. Міне қазірде  тура солай, қып-қызыл болып көздің жауын алып, жаныңды жайландырып ұясына бағыттап барады. Ақ Жайықтың толқыны бір-бірімен жарыса жағаға келіп-кетіп жатыр. Қайыңдай түзу,аппақ аяқтарымен Айшада осы толқынның келуін күтіп ойнап жүр. Көбелектерде де ерке қызбен бірге ойнағысы келгендей жанынан кетер емес.  Сұлу бикештің сүйірленген құлақтары,  аққудай мойыны, аққұба келбеті бәрі-бәрі тамыздың тамылжыған кезіне жарасып-ақ тұрғандай. Қандай ғажап көрініс десеңші...

«Жанёк,ұйықтап қалма! Сабаққа барасың ғой»-деген жанымдағы көрші қыздың дауысынан оянып кеттім. Ояна сала, күндегі әдетім бойынша терезеге қарадым; тағы да ақ ұлпа қар жапалақтап тұр екен. Күн өз ұясынан бүгін тым кеш шығады-ау деп ойлап жатырмын. Қаһарлы қыстың көрінісін көріп, қиялымның шексіздігінен жасап алған түсімді еске алып тезірек жаз болса екен деп іштей өзіммен үнсіз сөйлесіп тағы да сыртқы көрініске назар салдым. Қыс та әдемі. Айнала ақ қар. Пейілі таза,аппақ болған бұл мезгілдің де тәтті тұстары жетерлік. Осыны ойлап жатқан шағымда Алатаудың арғы жағынан шикі жұмыртқаның сарылығындай болған  күн сәулесінің жымиып шығып келе жатқаны да байқалды. Түу,шіркін. Қандай керемет! Пердемнің арасынан сығалаған күннің шуағы менің таңғы көңілімді нұрландырып жіберді! Қайырлы таң!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз