Өлең, жыр, ақындар

Кеткен қазақ қайта ма?

Бүгінде оқу іздеген жанға сапалы білім алып, мықты маман болуы үшін елімізде барлық жағдай жасалғaн. Тіпті мұхит асып тәжірибе жинақтаймын деген жастарға да ешқандай бөгет жоқ. Қазіргі күннің өзінде талай жастар шетелдік жоғарғы оқу орындарында білімдерін толықтырып жатқаны белгілі. Десе де,бүгінгі жастар шет елдерде оқуға неге құмартады? Студент болып барып,сол жақта тұрақталып қалатын Қазақстандықтардың мұндай шешім қабылдауына не себеп?

Орта білімді енді ғана тәмәмдап өзге елге аяқ басқан жас студенттердің көп бөлігі АҚШ, Канада, Германия секілді дамыған мемлекеттерді таңдайды екен. Жалпы, мектеп жасынан енді асқан жастардың шетелге кетуіне бірнеше себеп бар.Елімізде білімді серік еткен көп жастардың Қазақстандағы жоғарғы оқу орнының білім беру деңгейі мен жүйесіне сенгісі жоқ. Бұл туралы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі:табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдауында жастардың басқа елдердің ЖОО-да білім алуы туралы айтқан болатын. Президент: «Мәселен,жастар неге көрші Ресейге оқуға түсуге кетіп жатыр? Жарайды, солтүстік өңірлердің жағдайы белгілі. Бірақ,соңғы кездері Талдықорған,Алматы облысының жастары да сол жаққа кете бастады. Неге солай?»,-дей келе: «Бұл халықтың ЖОО-ға берген бағасы.Халық өзіміздің жоғарғы оқу орындарына сенбейді»,- деп,кесіп айтқан болатын.

Жастардың өзіміздің жоғарғы оқу орнын таңдамайтын тағы бір себебі – Ұлттық біріңғай тестілеу. Шетелдік университеттер ҰБТ жағынан қатты талап қоймағандықтан, бұл сынақты тапсырғысы келмейтін немесе тапсыра алмаған жастар Еуропа, Ресейдегі ЖОО-ын таңдауына мүмкіндігі бар. 

Бүгінгі күні мыңдаған Қазақстандық студенттер шет мемлекетке дәріс тыңдап,өз көкжиектерін кеңейтіп,елімізге өз пайдасын тигізіп жатқаны да қаншама.Бұлай болуы да заңдылық. Мәселен,осыған орай «Болашақ» бағдарламасы өз жұмысын атқарып келе жатыр. Шетелде білім алуға ынта-жігері бар студент өзі қалаған жоғарғы оқу орнына  орналастырылып, оқуын аяқтағанша оны қадағалап,сосын елге қайтқан күнде жұмыспен қамту жағдайында жасап қойған. Десе де,шетелге оқуға кетіп,кері оралмай қалған азаматтар да жетерлік. Тіпті,өз мемлекетімізде білім алып,түрлі себептермен шетелге қоныс аударғаны да баршылық. «Болашақ» бағдарламасының түлегі Дарын Мәуленовтың baribar.kz сайтына берген сұхбатында: «Шетелдік оқу орнын бітірген түлек мемлекеттен төленетін 100 мың теңгені қанағат тұтпайды.Сол үшін жұмыссыз, бос жүргендері де жетерлік» делінген. Шынына келсек бұл баға тек шетелден келген студенттерді ғана емес қарапайым халықтың да көңілінен шықпайтын секілді. Finprom.kz порталының дерегі бойынша елден кеткен: 

экономика мамандары  - 3,6 мың

бизнес саласында жүргендер – 2,8 мың

медицина мамандары – 1,8 мың 

педогогика мамандары – 2,6 мың .

Қоныс аударған әрбір екінші азаматтың жоғарғы білімі бар. Демек,қоныс аударған азаматтардың басты себебі – тұрмыс жағдайы. Жоғарыда аталып кеткен мамандақтардың көп бөлігіне жағдай жасалмаған,мемлекет тарапынан берілетін жалақы мардымсыз. Салыстырмалы түрде алар болсақ біздің елде қара жұмыс саналатын сантехник,электрик мамандары шет елде өте жоғары деңгейде бағаланады.                

Азаматтарымыздың шетелге көптеп кетуінің тағы бір себебі, біздің елде әділеттілік өте төмен. Экономисттің орнына мұғалім,журналисттің орнына әнші жүреді. Дипломы қолында, бірақ, өз мамандығы бойынша жұмыс таппай, сандалып жүргендерге бұл да өз кесірін тигізіп отыр. 

Қай ел болса да,қандай жоғарғы оқу орны болса да Қазақ жастарының білім көкжиегін кеңейтіп,бәсекеге қабілетті болу үшін бар жағдай жасалған. Айтқандай –ақ, сол үшін әр түрлі бағдарламалар да жұмысын жасап жатыр.Тек, өзге елге кеткен қандастарымыз еліне деген патриоттық сезімін жоғалтпай,елі мен жерінің көркеюіне өз пайдасын тигізсе дейміз. 

Бактылы Берениязова


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз