Өлең, жыр, ақындар

Баяғыда ойланылған кітап

Ілгеріде, осыдан он жылдан аса уақыт бұрын, мен сол кезде қалай ойласам, қазірде де тап солай ойлаймын, бір қиын да қызғылықты кітапты жазуға бел байладым.

Сол кітап тамаша адамдардың ғұмырбаяндарынан құралуы керек еді.

Ғұмыр баяндар қысқа да шырайлы болуы керек еді.

Мен тіпті сол кітапқа арнап, тамаша адамдардың тізімін де жасадым.

Ол кітапқа мен өзім кездескен, ең бір қарапайым адамдардың белгісіз, ұмыт болған, бірақ шын мәнінде сол елге белгілі, атақты адамдардан әсте кем түспейтін кісілерді кіргізбек болдым. Әсілінде, олардың тек жолы болмаған, сол себепті де олар өздерінен кейінгі ұрпақтар жадында тым болмаса көмескі іздерін де қалдыра алмаған. Олардың басым көпшілігі бір іске жан-тәнімен құштар ақ ниетті пірадар кісілер болатын.

Солардың арасында өзен кемелерінін капитаны Оленин-Волгарь нағыз аңыз-ертекке лайық ғұмырдың адамы бар еді. Ол музыкалы отбасында өсіп жетілді және ән салуды Италияда оқып үйренеді. Бірақ ол бүкіл Еуропаны жаяу аралап шыққысы келеді де оқуын тастап, көше әншісі ретінде, Италияны, Испания мен Францияны аралап шығады. Ол әрбір елде, сол елдің туған тілінде, гитараға қосылып өлең айтады.

Мен Оленин-Волгарьмен 1924 жылы Мәскеу газеттерінің бірінің редакциясында таныстым. Бір күні жұмыстан кейін біз Оленин-Волгарьдан оның көшелік репертуарынан бірнеше әнін айтып беруін сұрадық. Бір жерден гитараны тауып алдық, содан өзен капитаны формасын киген, бойы онша биік те емес, қатпа шал кенет шебер өнерпазға, таңғаларлық актер мен әншіге айналып жүре берді. Оның даусы мүлде балғын жастың даусындай еді.

Біз, бәріміз, итальян кантилендерінің қалай емін-еркін құйқылжи құйылып, баскілер әндерінің үздік-создық болып, қалай күңірене жөнелгенін, "Марсельезаның" кернейлетіп-сырнайлатып, оқ-дәрі түтінін будақтатып, шадыман-шатыққпен масайрағанын селт етпей отырып тыңдадық.

Еуропаны жағалай кезіп шыққаннан кейін, Оленин-Волгарь теңіз пароходтарында матрос болып істейді, алысқа жүзудің штурманы емтиханын тапсырады, Жерорта теңізін ұзынынан да, көлденеңінен де сан рет кесіп өтеді, содан кейін Ресейге кайтып келіп, Еділде капитан қызметін атқарады. Мен онымен танысқан кезде, ол Мәскеуден Нижний Новгородқа дейін жолаушылар пароходын жүргізуші болып істейді.

Ол қорқынышын тұмшалап, тәуекелге бел байлап, Мәскеу өзенінің қуықтай тар, әрі ескі, әрі әбден тозған шлюздері арқылы Еділдің үлкен жолаушылар пароходын алып өтеді. Күллі капитандар мен инженерлер бұның мүмкін еместігін айтып, байбалам салған болатын.

Ол Мәскеу өзенінің атышулы Марчугалар маңындағы арнасын төтелетуді ұсынады, өзеннің сол арада жиі-жиі бұралаңдайтыны сондай, оның картаға түскен сансыз ирелеңінің суретінің өзінен кісінің басы айналып кететіндей еді.

Оленин-Волгарь Ресейдің өзендері жөнінен көптеген кереметтей мақалалар жазады. Қазір ол мақалалар жоғалып кеткен және ұмыт болған. Ол ондаған өзендердегі иірімдер мен сарқырамаларды, тамырымен қопарылған ағаштар жатқан жерлерді жақсы білетін. Сол өзендерде кемелер жүзуін қалай жақсарту туралы оның өзіндік қарапайым да тосын жоспарлары болатын.

Бос кезінде ол Дантенің "Құдіретті комедиясын" орыс тіліне аударды.

Ол тәртібі қатал, қайырымды да мазасыз адам болатын және профессиялардың бәрі бірдей құрметті, өйткені олар халыққа қызмет етеді де әрбір адамға өзінің "осынау жақсы жерде жақсы адам" болып көрінуіне мүмкіндік береді деп есептейтін.

Менің тағы бір өте қарапайым да сүйкімді танысым Орталық Ресейдің кішкентай бір қаласындағы өлкетану музейінде директор еді.

Музей тым ертеден келе жатқан үйде болатын. Оның әйелінен басқа ешбір көмекшісі болмайтын. Олар екеуі бірігіп, музейді өнегелі тәртіп орнына айналдырып қана коймай, оның үйін өздері өңдеп-жөндейтін, отынына дейін әзірлеп, күллі қара жұмысты істейтін.

Бірде мен олардың мүлде түсініксіз бір жұмысты жасап жүргенін көрдім. Олар музей қасындағы көшеде жас шөп қаулай өскен тар көшеде асықпай жүріп, айналада жатқан тас атаулының бәрін, қыш сынықтарын түгел жинап жүр екен.

Себебі, балалар таспен музейдің терезесін сындырып кетіпті. Бұдан былай балалардың қол астыңда көздеп лақтыратын "снарядтары" болмауы үшін, директор шағын көшедегі тас біткенді жинап, аулаға апарып, үйіп тастағысы келеді.

Музейдегі әрбір зат ежелгі шілтер немесе XIV ғасырдың аса сирек кездесетін жалпақ қышынан бастап, шымтезек пен таяуда ғана көбейіп, өсіп-өнуі үшін со төңіректегі балшықты ойпаңдарға жіберілген аргентина егеу құйрықтары натрийлерге дейін бәрі де тексеріліп, мұқият сипатталыпты.

Бірақ со бір бәсең үнмен, ұялғаннан жөткірініп, әзер сөйлейтін қарапайым кісі, суретші Переплетчиковтің картинасын көрсеткенде, жадырап-жайнап сала береді. Ол оны жабық әдариятта тауып алыпты.

Рас, бұл терезенің қалың амбразурасынан жазылған тамаша табиғат суреті жас қайыңдары қалың ұйқыдағы және қалайы түстес шағын қол айдыны бар солтүстіктің бозғылт кеші.

Ол адамның жұмыс істеуі қиын еді. Онымен есептесіп жатқан жан жоқ. Ол тып-тыныш жерде жұмыс істейтін, ешкімді де мазаламайтын. Оның музейі тіпті үлкен пайда келтіріп жатпаса да, сол сияқты кісінің болуының өзі жергілікті жұртқа, әсіресе жастар үшін, іске берілгендіктің, қарапайымдылықтың, өз өлкесін шексіз сүюдің үлгі-өнегесі емес пе?

Жуырда мен осынау кітап үшін, өзім жасаған тамаша адамдардың тізімін тауып алдым. Тізім үлкен екен. Оны толық келтірудің жөні бола қоймас. Соның ішінен ойыма келген тек бірнеше жазушылар есімін ғана келтірейін.

Әрбір адамның атының тұсына мен со жазушылар туралы өзімнің сезім-түйсіктерімді қысқаша жазып қойыппын.

Енді осы арада со жазбаларымның кейбіреуін айтайын. Мен оларды ретке келтіріп, сәл ғана кеңейттім.

Аударған Әбілміжін Жұмабаев


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз