Адамның жаратылған осы минутке шейін өмір тәжірибесімен тама - тама жасалған нәрсе дария болса, тамшыдай таныстығы аз жұрттың бірі - біздің қазақ. Қазаққа ілгерілеу керек болса, мұны аз қылып та қалдырмай, көбірек, көбірек тұрсын, бәріне танысып жетілген жұрттардың қатарына қосылу керек. Олармен бірге адам баласынын жеңіл күн көруіне, тегіс бақытты болуына жол табысу керек, іздесіп ат салысу керек. Жол іздесіп ат салысу сол жетілген жұрттардың қатарына келіп алғаннан кейінгі болатын жұмыс. Әзіргі бізге керегі қайткенде солардың білімін тез үйреніп, қайткенде сол қатарға тез қосылу қамын қылу. Мұны болдырайық десек, болдырып алуымыз оңай және тез. Сіз айтарсыз: «Біздің қазақтың ұғысы, қазақ күн көрісі сол ер жеткен жұрттардың мұнан неше жүздеп емес, неше мың жылдар бұрынғы қалпында жатыр, сонша көп уақыттардың бәрін аттап қалай тез қатарға келе қояр екен», - деп. Бұған біраз мысалдар көрсетейін.
Адам пайғамбармен құрдас бір бала осы күнгі ер жеткен жұрттардың бір жігітінің білгеніндей білімінің бір тарауын (айтайық дәрігерлікті) білуге осы минутқа дейін өлмей тірі жасауы керек.
Ғайса пайғамбармен құрдас бір баланың 1918 жыл жасап үйренуі керек. Осы заманда, 1918 жылда туған бір баланың туған күніндегі білімі Ғайса пайғамбардың құрдас баласының туған күндегі білімімен артық емес, бірақ бұл балаға Ғайсаның құрдас баласының біліміндей білім алу үшін 1918 жыл жасау керек емес, 23 жыл - ақ жасау керек. Адам пайғамбармен құрдас баланың білімін білуге 23 жыл - ақ жасау керек. Шынында осы заманның баласы 8 жасында оқуға кіріссе, 16-сына дейін гимназияда оқып, әртүрлі ғылым жайларынан хабардар болады. Ар жағында 5 жыл университетте оқып, дәрігер болса, 21-ге келеді. 22-23 жасы тәжірибе көріп, іске қолы, көңілі жаттығуға кетсін дейік. Бұл неліктен? Бұл әрине жаралғаннан бергі миллион - миллион ата-бабалардың мыңдап -мыңдап жылдарды басынан өткізіп, миллиондап құрбандықтар беріп, осы күнгі буындарына піскен астай даярлап беріп кеткендіктерінен. Осы адамшылық ата-бабасының миллион жылдар даярлаған нәрсесін осы күнгі бір баланың 10 - 15 жылда біліп кететіні секілді. Европа жұртының қазақ халіндей халінен мыңдап жылдарды өткізіп барып жеткен осы күнгі біз сұқтанатын халіне қазақтың жетуіне мыңдап, жүздеп жылдар керек емес, ондап, жиырмалап, коп болса отыздап жылдар керек. Европа халқының көп жылда жеткен жеріне біз аз жылда жетеміз. Себебі: олардың даярлап салып қойған жолымен барамыз. Олар секілді жол салуға айналып кешікпейміз. Жол салғандағы көрген бейнеттерін біз көрмейміз, адасып айналмаймыз. Неге? Олардың мыңдаған жылдар ішінде, жүздеген буындарының еңбегімен салулы даяр жолдарынан жүруді ғана білеміз. Егер де қазақ Европаның даяр жолдарына түспей өз беттеріне, өз алдарына жол жасауын тосып отырса, Европа қатарына кірудің алыстығы сонда болар еді. Сол уақытта қазаққа осы күнгі двухклассныйлардың қабырғасында ілулі тұратын жердің бас картасының өзін жасау үшін қанша жылдар керек болар еді? Енді қазақтың алдында «адам боламын» деп ұшып тұра келгенде, желкелеп жылып, орға лақтыратын Николай тұсының чиновниктері жоқ. Солай болған соң тегіс жұмыла іске кіріссек, 20-30 жылда Европаның білгенін біліп, Европа қатарына қосылып кете алуымызға тарихтан япондар мысал бола алса керек. Мұнан 58 жыл бұрын 1860 жылдағы япондар жайының осы күнгі біздің қазақтың жайынан неменесі артық еді? Қайта ол кездегі япондардың есуасы болса да, атадан баласына мирас болып көшіп отырған даймиос (губернатор) шогундеріндей (наместник) кесел біздің қазақта аз. Япондар осындай халінен 35 - 40 жылда ержетіп Европа халіне кірді. 1895 жылында Қытайды шалқасынан түсірді. 1904 жылда «бөрікпен ұрып жығамын» деген Руссияны шалқасынан түсірді. Әрине, япондар осы халіне Европаның пісулі астай даяр өнерін алумен жылдам жетті. Біздің де солай жылдам жетуіміз үшін тегіс жұмыла үйренуге кірісуіміз керек. Солай болған соң мектеп, медресе, газет, журнал, кітаптарымыз көбейіп, Европадағы баласының ауыр күн көрісінен құтылып бақытты болуына себеп болатын ғылымдарды үйрете беруі керек.
Адам баласының ауыр күн көрістен құтылып бақытты болуына себеп болатын Европадағы ғылымды мен екі жікке айырып ұғамын, бірі - дене азығы, бірі - ар азығы. Дене азығы дегеніміз - осы күнгі адам баласының жеңіл күн көруіне себеп болып жүрген саймандар білімі; мысалы: пароход, от арба, телеграмма, телефон, ұшатын аэроплан, көліксіз электрик яки пар қуатымен жұмыс атқаратын машина, тағы - тағы сондайлар. Телеграмма арқасында атпен кісі жібергенде бір жылда алатын хабарымды бір сағат ішінде аламын, неше мың шақырым жердегі керекті кісілермен бір күннің ішінде тілдесемін. Бұл күн көрістің жеңілдеуі емес пе? Қалғандары да осы телеграмма секілді түрлі күн көрістің түрлі жағын жеңілдетеді. Дене дегеніміз бұлар болса, ар азығы дегеніміз - әділдік. Осы соңғы ар азығы - әділдік табылмай басқа дене азығы өнерлердің көбеюімен жалпы адам баласының күн көрісі ауырламаса, жеңілеймейді, бақытсыздығы көбеймесе, азаймайды. Ар азығы ер жетпегендігінен Европадағы адам баласының күн көрісін, жеңілейтеді, бақытты қылады деген өнерлердің бәрі, адам баласының бірінің етін бірі жеуіне, бірінің қанын бірі ұрттауына жұмсалып жатыр; неше миллион жас жігіттер мүшелерінен айрылып кем болуына, неше миллион адам кеуделерінің тау-тау болып үйіліп, қара құспен қасқырға жем болуына, кәрі ата-ана баласынан айрылып, жәрдемсіз жас келіншек, жас балалар панасынан айрылып көз жастарының сел болуына:
— Неше қыршын жастардың,
Кеудесінен оқ өтіп,
Ауыздарынан қан кетіп,
Ішіне тартылып көздері,
ЬІңырану болып сөздері,
Шытынап көкшіл көздері,
Елестеп көзіне арманы,
Жетем деп ойға алғаны,
Елдегі қатын-баланың,
Әке-шеше, ағаның,
Көрмей жылап қалғаны.
Қар астында, қараңғы халде басында жастық аузында сусын жоқ, қара жермен тең болуына жұмсалып жатыр.
— Міне, сондай заманда,
Жау әскері қалаңда.
Мал-мүлкіңнен күдер үз!
Ажары тәуір қатын-қыз,
Зорлауымен таланды.
Талай милар бұрқырар,
Саз балшықтай табанда.
Адам күші жетер ме,
Мұнан да әрі жаманға?!
Сондайларды ойламай,
Қосармысың адамға?
Больницаға барғанда,
Сай-сүйегің сырқырап:
Кейбіреулер қорқырар,
Кейбіреулер қырқырап,
Дәрігер пышақ салғанда:
Кейлер шыңғырып, шырқырап,
Кейінің ерні кезерер,
Ымдап жұтым су сұрап.
Өкпе тұсы жан жерден,
Жан тұратын әр жерден.
Кейінің қаны бұрқырап,
Қайғыланып отырар.
Көзден жасы жылтырап.
Міне, осы айтылған бәлелерді адам баласының басына оңай түсіріп отырған ар азығынсыз дене азығы өнерлердің өскендігі. Өнерлердің өскендігі түсірді дейтініміз: бұрын мен қанша қанға шөлдеген жауыз болып, адам өлтіргім келсе де, бетпе-бет келмей, өлтіре алмаушы едім. Ең мықты болып кеткенде де екеу – үшеуді - ақ өлтіруші едім. Енді мен неше шақырым жерлерден пулеметіммен, снарядыммен неше жүз кісіні біржолата қиратамын. Шайтан қолдап жел жау жағына қарай ыға қалса, у жіберіп ет қиратамын. Жау жұрттың қаласына ұшып барып көшедегі қатын-балаларды да бомба тастап қирата аламын. Поезым, телеграммам, телефоным, пароходым тағы - тағы сондай өнерлерім бәрі адам өлтіру жұмысының тез болуына, өнімді болуына жұмсалады. Жау жағы да менің жағыма осыны қылады. Ал осы екі жақтың дене күші емес өнер күшімен соғысқаннан не нәрсе келіп шықты? Дене күшімен соғысқандағы опаттан адам баласының көбірек өлуі көз жастың төгілуі шықты.
Және осы дене азығы - өнерлердің мұнан да үлкен бір бәлесі: өмірлік құл қылуға себеп болды. Дене азығы - өнерлерді бұрын иеленген жұрт, кешірек қалған жұртты алып жейтін аңым, тамағым деп білді. Өнер, күш игіге, жаратылыстан күн көруге керекті нәрселер шығаруға жұмсалу орнына кешірек қалған жұрттың өнер үйренуіне, ілгері басуына жол қоймады. Қайта неғұрлы кейін кетіріп, бірін сойғанда, бірі оттап тұратын малы секілді жасап иждаһат қылды. Осыны «мен үйренген өнерді үйреніп қойса, маған оңайлықпен тамақ бола қоймады, қары тұрады», - деп істеді. Бейшара жұрттар өздерін біреудің малы болуына хақы жоқ екенін біле тұра малы болды. Неге малы болды? - Мылтыққа, поезға, пароходқа телеграм, телефон, завод, фабрик, электрик сияқтыларға аналар бұрын иеленгендігінен малы болды. Бұлар неге иеленбейді? - иелендірмейді. Неге? - малы болушылықтан шығады. Бұған тарихтан да, осы күнгі өмір жүзінен де мысалдар көп. Айтайық, өнерге ертерек иеленген басқаларды алдамшылығы жоқ «тағы» деп тітіренген болатын. Европа халқы кешірек қалған Америка, Азия, Африка, Австралияның тұрғындарына не көрсетпеді? Малы тұрсын, адамдарын әкеп Европа базарларына сатпады ма? Европа оларға қарағанда періштесінген хайуандарды нанға у қосып беріп қиналғанын қызық көрмеді ме? Жұмысқа өгіздеріндей жегіп, олардың маңдай тері, табан ақыларымен семірмеді ме? Мысалы, алыстан іздемей-ақ, кешегі Николай тұсындағы чиновниктердің өзімізге не қылғанын еске түсірсеңдер жетеді. Арқаларымызда қамшыларының табы әлі де тұрған шығар. Қазақты көргенде жыланды көргендей құшырланып ұратын, яки ұрғысы келетін салтқылы приставтар, маңдайындағысы жалмауыздың жалғыз көзіндей жарқырап, «тақсыр» деп құлдық ұрып тұрғанда да қан ішер түсін бұзып бір минут қазақ бетіне қарамайтын төрелер қазақтың мың игі жақсысының мойнына бұршағын салып айтқан мың ауыз сөзінен жалғыз тілмаштың сөзін шын көріп, соған қарап үкім қылатын әкімдердің елесі әлі көз алдымыздан неге кете қойсын. Осының бәріне қазақ «соған лайық жазығым бар» деп көнген жоқ, «көнбесек, бізді қырып тастайтын қолдарында қару, өнері бар» деп көнді. Міне, көршіміз Русь жұртында бізден гөрі өнердің ер жеткендігінен тапқан пайдамыз: орыстың не қыл дегеніне көніп тұру болатын.
Соңғы кезде Европа халқы бұрынғы Америкадан Сойля базарына кемелеп құлдар жіберіп сатқызған Колумбыларды теріс көріп құлдықты бітірдік десе де, құлдық жыл сайын көбеймесе азайған жоқ. Адамзаттың 100-ден 99-ын, яки 1000-нан 990-ын қалған бір өгізіңдей жегіп терлерімен семіру. Осы 20-ғасырдың ең алға кеткен бір нәрсесі 100-ден 99, яки 1000-нан 999 кісі өмір бойы күніне 12 сағаттан тері ағып, айтайық жер астында, көр ішінде денсаулығын бұзып жұмыс істеп жүріп өлгенінше тамақ, киімге жари алмай кеткенде, қалған бір кісі туғалы жұмысқа қолын тигізбей сайрандап жүріп жылына пәлен мың яки пәлен миллион пайда табады. Міне, ғажап! Өмірін дамылсыз жұмыста өткізген 99, яки 999 кісі неге өлгенше тамаққа жари алмай кетеді де, дәнеңе істемей жүрген біреуіне мыңдап, миллиондап пайда келеді? Бұл туралы төменде социализм мәселесіне кірген уақытта жазармын.
1918
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі