Ұлы Абай ақынның осы бір өлең жолдары қазақ әдебиетінің айтулы ардагерлерінің бірі, талантты жазушы, даңқты жерлесіміз Зейін Шашкинді еске алған сайын жадымызға сан оралады. Оның өзіндік себебі де бар. Өйткені, Зейін телегей –теңіз талантқа ие бола тұрса да, сұрқылтай кезеңнің сұрапыл дауылына тап болып, қуғын мен сүргіннің не бір кесапатты зардабын шегіп, жастық жалынды шағы жойдаусыз жала шоғына жалындай күйіп, өміріне, сүйген еліне перзенттік жүрегімен, бойдағы бар қуатымен құлынша қызмет көрсете алмады. Көрсетпейін деген жоқ, көрсеттірмеді ғой.
Сәкен, Бейімбет, Ілияс сынды халқымыздың маңдайына біткен арыстарының өмір гүлдерін мезгілінен бұрын солдырған, кейіннен тарихта жеке басқа табыну кезеңінде таңбаланған дәуір үскірігі Зекеңді бір жылдан соң, яғни 1938 жылы шалған.
Күні кеше ғана Семей педагогикалық институтына кең байтақ қазақ республикасының әр қиырынан арман арқалап, білім алуға келген жас өскін студенттерге қазақ әдебиетінен алаңсыз сабақ беріп жүрген Зекең бір түнде ұсталып кете барады.
Білетіндердің айтуына қарағанда, тән азабынан жан азабы әлдеқайда басым болса керек. Өз замандастарының сөзіне қарағанда ақыл-ойдың биігінде тұрған зерделі де, зерек жанға «халық жауы» деген айыптың аз салмақ артпағаны талассыз. Кейде біз көлденең жұрттан жазушы жаны нәзік, өте жұқа дегенді көп естиміз, бәлкім, бұл да осы пікірді ұстанған адамдардың ұзақ жылғы ой саралауынан, байқауынан алынған өмір шындығы болар...
Қалай десек те, өзін азаматтық , жазушылық ар-ожданы әлдебір пысықтың жапқан жаласына құрбан қылып, Сібір өлкесінде жеті жылдай жауқазын өмірін (Зекең ұсталғанда бар болғаны 26 жаста еді) ауыр еңбекпен өткізуге душар етті. Бауыр еті балаларын, ағайын-туғанын, ел-жұртын бір көруге зар қылып, аңсаумен өмір өткізуге мәжбүр қылды.
Сөйтіп, денсаулығына ақау түсірсе де, ол кеңестік қоғамға, халқымыздың басына әкелген бақытынан гөрі қасіреті басым ұлы төңкеріске сырт беріп, теріс айналмады.
Қуғындалып жүрген тағдырласы М.С. Бинштоктың дәрігерлік көмегімен дәрігерлік мамандықты жете меңгеріп, 1948 жылы Кеңестер Одағының ИМБАМ № 2 ауруханасынан «Дипломсыз дәрігер» деген анықтама қағаз алып шықты.
Мұның өзінен жазушы жанының нәзік бола тұра жайсаңдығын, болған іске болаттай төзімділігін, кеңпейіл кешірімпаздығын айқын аңғарып іштей сүйсінесің. Сол сүйініш үстінде, бәлкім, жазушы Советтік қоғамнан гөрі сол қоғамның іргетасын қалап, еңсесін биік болуына жан тәнімен қызмет етіп оған құдайдай сеніп жүрген қандастарына, халқына қызмет еткен болар деген ойға қаласың.
Жоқ, әлде сол бір өтпелі кезеңнің өкінішті сәттерінде жазушының қияндағыны қалт еткізбей шалатын кеме қиялы түптің түбінде қазақ халқының да, өз егемендігіне де, тәуелсіздігіне ие ел атанатынына деген сенімін еселеп, сәулелі санасына шексіз шуағын төкті ме екен...
Кім білсін, әлемдегі озық ойлы жазушылар сияқты біздің Зейін ағамыз да алғы күндерге көз салып, ой түйіндей білген, өз уақытынан әлдеқайда алға кеткен. Зергер жазушыға тән болашаққа болжам айту қасиетіне ие болған сынды. Осы пікірімізді нақтылай түсу үшін мына бір жайға ғана тоқталып өткіміз келеді:
Зекең болашақ күйеу баласы, сол кездегі университеттің үшінші курсының студенті, қазір де астанадағы Әбікен Бектұров атындағы химия ғылыми-зерттеу институтының директоры Еділ Ерғожинді үйіне келген қонақтарға таныстырғанда, «аз-кемсіз болашақ академик» деген екен. Бәлкім, мұны оқығандардың арасынан «е-е, мұнда тұрған не бар, кездейсоқтық та, тәйірі» деушілер де табылары сөзсіз.
Жоқ, бұл тіптен де кездейсоқтық емес. Қайта өмір өткелдерінің небір қиясы мен кезеңін кешіп өтіп, ой түйіндеген , алғы күндерге барлау жасай білген жазушы ағаның көрегендігі десек, жарасар. Оның осы бір асыл қасиеті шығармаларының өң бойынан да менмұндалап тұратындай. Мәселен, «Сенім» романындағы ой толғамдардан туған жер табиғатына араша түсуде шақырған азаматтық үні айқын естіледі.
Бейберекет жыртылған жердің күні ертең эрозияға ұшырап, елдің ырысы болудан гөрі тынысын тарылтар аймағына айналарын ғалым агрономдардан бұрын айтуының өзінен осы көрегендігінің нышаны айқын сезілетіндей. Бұл арада біз ғалым агрономдар жер эрозиясын , алда болғалы тұрған апатты білмеген екен деуден аулақпыз, тек олардың көбіне жазушыға тән беттілік, батылдық, күрескерлік, қажыр-қайраттың жетіспей жатқандығын ғана айтпақпыз.
Жазушының азаматтық ерлігі ол жүріп өткен ауыр да азапты жолда таяныш, тірегі, самғап ұшар қанаты болғандығы талассыз. Олай дейтініміз қуғын-сүргінде жүріп, дәрігерлік кәсіпті меңгеріп, алыс жолдан қайтып оралған соң Көкшетаудағы Бурабай курортында тән азабының тұзағына түскен отандастарының қанатымен су сепкен қарлығаштай қам көңілдерін көтеріп, көбінің дертінен арылып, бейбіт те берекелі еңбекке араласуына жағдай жасады. Сөйте жүріп, тұла бойында тұнып жатқан жазушылық талантының тұмба бұлағының көзін ашып, сол кездегі қазақ кеңес әдебиеті атанған төл әдебиетін өзі туып-өскен Баян өңіріндегі Әулие бұлақтың кәусар суындай мөлдір де тұнық тамаша туындыларымен толықтырды.
Жазушымен жақын араласқан, таныс- біліс болған адамдардың айтысына қарағанда, сол жылдарда ол анау алыстағы адам өз еркімен бара бермейтін азап орнынан ауыр сырқат арқалап қайтқан екен. Сол сырқатты қаншама меңдесе де, өмір тынысы таусылғанға дейін Зейін ағамыздың қолынан қаламы түспегенін күніне он парақ әдеби дүние жазғандығын естігенде, табиғат өлшеусіз талант берген ағамыздың ауруды жеңе білген ерлігі мен еңбекқорлығына тәнті болған едік.
Өзіміз кезінде оқып, сусындаған жазушының «Тоқаш Бокин», «Теміртау», «Доктор Дарханов», «Сенім» сияқты романдарының және басқа шығармаларының өмірге қаншалықты жан азабымен келгендігін естіп, біле отыра Зекең ағамыздың талантты жазушы, тамаша дәрігер болуымен қатар өзінің қазақи қалпын сақтай білген азамат қалпында танығандай еді. Оған Мәриям жеңгеміз жазушы өмірінің жұрт көзінен таза тұсы отбасының тірлігін баяндай келе, Зекеңнің тәңірден ұл тілегенін, (беу, дүние-ау, ғасырлардан ғасырға, атадан-балаға мирас болған бабалар мінезі ғой дегеніңіз) өмірге қыз бала келгенде, ең бірінші, оның азамат атанып, тұрмыс құрғанын, денсаулығы нашарлаған тұста қаз басып жүргенін көрсем деп армандауы бардың бағасын білмей, бейберекеттілікпен мынау тірліктен баз кешіп жүргендерге ой салғай да.
Жазушыны еске алу кешінен көңілге түйген сырдың бір ұшығы осы. Жиналған дүйім жұртты аудандағы Жайма совхозына сол шаруашылықтағы ауылдық кеңестің ұйғарымымен жазушы Зейін Шашкиннің есімін беру туралы шешім қабылдағаны жөніндегі жүрекжарды қуанышты хабарды тебірене жеткізген сол кездегі аудан әкімі Қорабай Шәкіров, жазушы шығармашылығы жайлы баяндама жасаған танымал жазушы ғалым Сапар Байжанов, республикалық медициналық тарихи музейдің ғылыми қызметкері Өтеген Әбдірахманов, жергілікті ақын Зекебай Солтанбаев, ғылым докторы, жерлесіміз «Сенім» романындағы Нұрлан Сембиннің прототипі Зайролла Дүсенбеков, академик Е.Ерғожин жазушының жұбайы Мәриям жеңгей. Мақиша Шашкина т.б жазушының туыстары Зекеңнің жазушылық шығармашылығы мен азамат ретіндегі тұрмыс, тіршілігі жайлы тартымды естеліктер айтты.
Жазушыны еске алу кешін ұйымдастыруда зор белсенділік танытқан жерлесіміз, жазушы Қалмұқан Исабаевқа, аудан, шаруашылық басшыларына ақ алғыстарын арнады...
Сүлеймен Баязитов
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі