Стресспен күресудің немесе одан қашудың орнына оны қабылдап, жетілу үшін пайдалану керек екен...
60-тан астам ғылыми кітаптың авторы, АҚШ-тық психиатр А. Ж. Тверский (Abraham J. Twerski) стресс пен қиыншылықтың адамның жетілуі мен дамуы үшін өтпелі кезең екендігін мынадай мысалмен түсіндіреді: Теңіз шаяны — мұхиттарда тіршілік ететін теңіз жәндіктерінің бірі. Мейлінше ұзақ өмір сүретін және тіршілігі барысында өсіп, үлкейе беретін қасиеті бар. Үлкею кезінде денелерін жаңалай алғандықтан қартаю белгілері байқалмайды. Теңіз шаяндарының жас және бақуатты болуының себебі неде?!
Теңіз шаяндары — желе тәрізді, жұмсақ дене құрылымына ие. Сыртқы әсерлерден қорғану үшін сынбайтын, кеңеймейтін және төзімді болған қабықтарының ішінде өмір сүреді. Ал енді осындай кеңеймейтін, созылмайтын сыртқы қабықтарының ішінде қалай өседі деп ойлайсыздар?
Шынында да теңіз шаяндары өсе келе қабығы тәніне тар келіп, денесін қыса бастайды. Бұл кезеңде теңіз шаяны қысым астында, жабырқаулы, стресті күй кешеді. Тасты түкпірге жасырынып, қабығын сындыру үшін едәуір күш жұмсайды. Ұзақ уақыт бойы алысып ақырында қабығын сындырып бостандыққа шығады. Біршама уақыттан соң денесіне жаңа қабықша қалыптасады. Табиғи түрде өсуге, ұлғаюға дағдыланған теңіз шаянының бұл қабығы да біраз уақыттан кейін таршылық ете бастайтыны заңдылық. Бұл жәндік қайтадан тасты түкпірге ығысып, қиын да болса тағы бір ұзақ арпалыстан соң қабығын сындырып, ішінен шығады және қайтадан жаңа қабық пайда болады. Теңіз шаянының тіршілігі барысында осындай үрдіс сан мәрте қайталанады. Байқағанымыздай жәндіктің өсіп, жетілуі стреске түсіп, қиналған шағында басталуда және өзгеру арқылы бұл тығырықтан шығуда. Егер теңіз шаянының дәрігері бар болғанда ол өспес еді. Өйткені қиналған кезінде дәрігерге барып, ал дәрігер антидепресант беріп өзін жақсы сезіне қояр еді. Жақсы сезінгендіктен қабығын сындыру ойына да кірмес еді...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Қасым
Дұрыс қиындықтарды жеңу барысында даму, жетілу болады
Асем
керемет акпарат !
Азамат
Дұрыс жаттығу сияқты нәрсе ғой, не ғұрлым көп жаттықсаң соғұрлым шынығасың