Өлең, жыр, ақындар

Тұз басты жыланның хикаясы

Бұрынғы заманда бір қатынның бір қызы бар еді. Ол қыздың аты Маржан еді. Бір уақытта Маржан көршілерінің қыздары мен суға түсуге кеткен, барлық қыздар киімдерін, көйлектерін шешіп суға түседі, бұл қыздар судың ішінде тұрғанда бір тұз басты жылан шығып, Маржанның көйлегіне кіріп жатқан. Қыздар суға шомылып болған соң, судан шығып, киімдерін киіп, үйге қайтып кетті. Маржан судан шығып, киімін киемін деп келсе, көйлегі ішінде бір өлген тұз басты жылан көрді. Жаман қорыққан Маржан бір үлкен таяқ алып, жыланды қуалап жіберем деп, таяқпен ұрам дегенде, жылан басын көтеріп, адам секілді Маржанға айтқан: «Әгар маған тием деп уағда қылсаң, киіміңді беремін, әгар маған тимесең, киіміңді де бермеймін, өзіңді өлтіремін», – деген. Маржан тіпті жаман сасып, уағда берген болады. «Тиемін»,—дейді. Мұнан соң жылан киімнің үстінен түсіп, суға түсіп кеткен. Маржан киімін киіп, үйіне қайтып кеткен. Қайтқан соң анасына барын қалдырмастан сөйлеген, қандай болған істерін һәм өзінің уағда қылғанын. Қыздың анасы қызына көп қарап айтты: «Бала, жаным, бұл сенің түсіңде көрген түсің шығар»,—деген.

Бір жұма өткен соң бір уақытта көрді, бір көп жылан келе жатыр. Маржанның үйін тауып, есік алдына келе бастады. Маржан анасына айтты: «Мінеки, мені алуға келді». Анасы қараса, жолда көп жылан есікке таман келе жатқанын көріп, анасы жаман қорықты. Есікті жауып, еш тесік қалдырмай бәрін бекітеді. Анасы бір бұрышқа жасырынды. Маржан пеш басына мініп отырады. Жыландар кіретін жер таппаған соң біріне-бірі оралып, терезеге өздерін лақтырып, терезені сындырды. Үйдің ішіне кіріп, Маржанды тауып, сүйретіп, алып кетті. Анасы қызының артынан жылай-жылай жүгірген, жете алмаған. Жылан Маржанды су жанына алып барып, суға түсіп кетті. Анасы жылап-жылап үйіне қайтты, «қызым өлді» деп.

Біраз уақыт өткен соң Маржанның анасы терезеден қарап отыр екен, Маржан бір ер бала жетектеп, бір қыз баланы қолына құшақтап, келе жатқанын анасы көріп тұрды. Маржан анасының жанына келіп кірген, қуанған анасы, Маржанның бетінен сүйіп хал сұраған: «Бұл балалар кімдікі?», – деп. Қызы жауап берген «Өзімдікі» деп. Маржан анасы тағы сұраған: «Қайда тұрасың?», – деп. Маржан айтқан: «Су түбінде тұрамын», – деген. «Су патшасы болып, бұл балалар жыланнан туды», – деп. Маржан айтқан анасына: «Мен қайтатын уақыт болды» деп. Анасы айтқан «Қызым, су патшалығында тұру жақсы ма, болмаса арысы құрғақ жерде тұрған жақсы ма?», – деп. Қызы жауап берген: «Су патшалығына тұру жақсы», – деген. Анасы қызына айтқан: «Бүгін осында қон», – деп. Қызы айтқан: «Керек емес, неге десеңіз бүгін қайтам», – деп уағда бердім деген. Анасы Маржаннан сұраған: «Қызым, нағып қайтасың?» деп. Қызы айтқан: «Мен судың жанына барам да «Ахмет, шық, мында, мені алып кір!» деп айтам. Ол шығып мені алып кіреді», – деген. Анасы айтты, «Ондай болса тіпті жақсы»,—деді. Анасы айтты: «Маржан, ондай болса, бүгін мында қонып кет», – деді. Маржан анасының сөзін қимай қонды. Маржан ұйықтаған соң қыздың анасы тұрып, қолына балта алып, су бойына барып, «Ахмет, Ахмет, мында шық, мені алып кір», – деп айқайлады. Жылан шықты, шыққан соң Маржанның анасы жыланды балтамен басын шауып тастады. Жылан өлген соң судың үсті қызыл қан болды. Анасы үйіне қайтты. Маржан ұйқысынан тұрып, балаларын алып, шығып кетті. Судың жағасына барып айқайлады: «Ахмет! Ахмет! Шық, мында, мені алып кір», – деп. Солай айтып көп заман айқайлады. Судан бір нәрсе де шықпады. Маржан суға жөндеп қараса, су үсті қып-қызыл қан болған һәм жыланның басын көріп, балаларын сүйіп жылады. Мұнан соң Маржан балаларына айтқан: «Сіздердің, атаңыз өлген екен, атаңыз болмаған соң анаңыз да болмасын» деп. Қызына айтқан: «Сен, қызым, қарлығаш бол да, су үстінде ұшып жүр», – деген. Ұлына айтқан: «Сен, ұлым, сандуғаш бол да, таң алдына сайрап жүр», – деген. Анасы айтқан: «Мен көкек болып, ерім үстінде «көк-көк» деп ұшып жүремін», – деген. Болар. Ұшып кетті бір уақытта бұлар әртүрлі жаққа.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз