Бұрынғы заманда бір кедей қарт диірменші болған. Бұл диірменшінің қатыны жоқ екен. Үш қызметкері бар екен. Көп заман өткен соң бұл қарт өзінің қызметкерлеріне айтты:
— Мен сіздерді енді шығарамын, қартайдым. Қазір тыныш өз күнімді өзім көргім келеді. Солай болса да мен біріңді алып қаламын. Маған қайсыңыз жақсы ат келтірсеңіз, міне, сол өлгенімше туысқандай мені күтеді. Диірмен сол ат келтіргеніңізге қалады, — деген соң бұлар шығып кеткен. Біреуінің аты Зайыт екен, екіншісі — Рафик, үшіншісі — Ғаббас. Зайыт — есалаңдау жынды екен. Бұлар қарттан кетіп бір ауылға жеткенде жолдастары Зайытқа:
— Сен нағып ат табасың, жынды. Бізбен бірге бармай-ақ осы ауылда қал, — дейді. Зайыт бұлардың сөзін қабыл алмай «мен де сіздермен барамын» деп ілесіп қалмаған. Бұлар кеш болған соң далада бір шұқырға кіріп жатқан. Зайыттың екі жолдасы оянған соң, Зайытты оятпай қашып кетеді. Зайыт күн шыққан соң оянып қараса, жолдасы оятпай қашып кеткен. Зайыт қорқа-қорқа шұқырдан шығып тоғаймен бара жатып ауыр ойланып өз-өзіне: «Мен бір өзім қалдым, жақсы атты қайдан табамын», — дейді. Сол арада Зайытқа тоғайдан шығып, бір ала мысық келіп жолықты. Зайытқа айтты:
— Қайда барасың? — деп.
Зайыт «осы мысыққа айтқанымен мұнан не қайыр» деп шынын айтпады. «Қайда болса да барамын»,— деп жауап берді. Мысық:
— Мен саған пайда келтіремін, сенің не іздегеніңді білемін. Сен бір жақсы ат іздейсің. Сен маған үш жыл қызмет етсең саған сондай жақсы ат беремін. Өзің өмірің бойынша іздеп таба алмайсың, — дейді.
Зайыт ойға қалып ойлайды. «Осы ала мысық маған қандай пайдалы сөз айтты», — деп қызмет қылуға ырза болды. Ала мысық Зайытты алып келіп бір сиқырлы сарайға кіргізді. Сарайдағы көп мысықтар, бұл ала мысық Зайыт екеуін құрметтеп үйге кіргізді. Кеш болған соң екі мысық келіп ойнай бастады. Біреуі Зайытқа келіп айтты «жүгірейік» деп. Зайыт айтты:
— Мен мысықпен бірге жүгіргенім жоқ. Жүгіре алмаймын, — дейді. Біраз уақыт өткен соң біреуі Зайытқа бір үй көрсетіп «ұйықта» дейді. Зайыт шамды сөндіріп ұйықтады. Таң атқан соң Зайытты оятып, жуындырып құйрықтарымен бетін сүртті.
Зайыт:
— Сіздің сүлгіңіз жүдә жақсы жұмсақ екен, — деді. Содан Зайытқа тамақ ішкізіп-жегізіп болған соң, Зайыттың қолына күміс балта мен күміс пышақ беріп, ала мысық айтты:
— Бар, менің шабынымнан пішен шауып кел, күміс балта мен күміс пышақтың біреуіне де зиян қылмай, әкеліп бересің, — дейді. Зайыт ала мысықтың айтқанынын істеп, нәрселеріне зиян келтірмей алып келіп берді. Зайыт айтты:
— Енді маған айтқан нәрсеңіз бола ма? — деп.
Мысық айтты:
— Бұл қызметің аз, көбірек қызмет көрсетуің керек, — деді.
Мысық:
— Күміс бұрғыны, күміс балтаны, күміс пышақты — бәрін алып маған бір сарай сал, — деді. Зайыт ала мысықтың айтқанының бәрін де істеді.
Зайыт айтты:
— Маған айтқан атыңыз бар ма? — деп және айтты.
Мысық:
— Менің қазір саған берер атым жоқ, болса да атты көргің келсе жүр, көрсетемін, — деп Зайытты алып барды. Сарайдағы тамаша өңді аттарды Зайыт көрді. Он екідей ат тұр, бірінен-бірі жүдә жақсы екен. Ала мысық Зайытқа:
— Мен саған казір бермеймін үш күннен соң беремін, — дейді.
Зайыт ырза болып, диірменшінің жанына барған еді. Диірменшінің қасында бұрынғы жолдастары отыр екен. Олардың диірменшіге әкелген аттарының біреуі — ақсақ, біреуі — соқыр болған. Жолдастары Зайытқа айтты:
— Сенің атың қайда?— деп.
Зайыт:
— Менің атым үш күннен соң келеді, — дейді. Жолдастары Зайыттың бұл сөзін есітіп күліп:
— Сенің тапқап атың қандай болады екен, көрейік, — деген. Зайыт кірген соң диірменші «отыр» деп айтпаған. «Киімің жаман, атың жоқ» деп, диірменші Зайытқа азғана тамақ береді. Кеш болған соң Зайытты жолдастарымен жатқызбай қаздардың жанына қуып шығарған.
Үш күн өткен соң ертемен алты ат жеккен пәуескемен бір атты артына байлаған біреу диірменшіге келіп түсті. Диірменшіден сұрады:
— Зайыт қайда? — деп. Сұраған адам бір сұлу қыз екен. Диірменші бұл сұлу қызға:
— Зайытты үйге кіргізуге жарамайды. Үсті-басы тіпті жаман, қазір ол қаздардың арасында, — деді. Қыз Зайытты шақырып үстіне, басына таза киім кигізіп, жуындырып еді, Зайыт жүдә сұлу болып, жолдастары қызғанып кетті. Бұл қыз Зайыттың жолдастарының әкелген атын қарап көрді. Көрсе, біреуі — ақсақ, біреуі — соқыр.
Қыз диірменшіге:
— Міне, мен Зайыт үшін сізге ат әкелдім. Диірменің де өзінде қалсын,— деп, қыз Зайыттың қолынан ұстап үш ат жеккен пәуескеге отырғызып алып кетті. Зайыт өзінің істеген күміс үйін көрді. Бұлар сол жерде осы сұлу қызды алып, шаттықпен өмір кешірді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі