Бұрынғы заманда бір адам бар еді. Мал дегенде жалғыз байталы бар еді. Күн көретін қорегі үшін күнде қақпан құрушы еді, бір суыр алушы еді, соны қорек қылып жатушы еді. Бір күні қақпанын қарайын деп келсе, бір түлкі түсіп қалыпты. Бұрын мұндай жақсы аңды көрмеген байғұс түлкіні көріп бассалады, сонда түлкі сөйлейді: «Ей, бишара, мені қоя бер, сені мен мұратыңа жеткізейін», — деді. Түлкінің тілін алып қоя берді. Түлкі босанып кетті.
Бұлардың уақытында Қайсар деген патша бар еді. Түлкі соған келіп айтады: «Сенің қызыңды балама айттырам деп, хан Елібай сізге жіберіп еді, сізден жауап алып кел деген еді», — деді. Хан «беремін» деді. Бір жетіде келіп құда түспек болды. Ханның қолынан уағда қағазын алды да, түлкі кете берді. Бір жеті өткен соң жарлыны ертіп келе жатты. Бұрын жарлы атқа мініп үйренген жоқ екен, түлкі оны байталға мінгізіп үйретеді. Хан мен ауылдың арасында бір өзен бар еді. Түлкі өзеннің өткелінен өтті де, жарлының үстіндегі бар киімін суға тастап, өзін таза шомылдырды да, ханға кетті. Ханға келіп айтты: «Күйеуіңіздің айдап келе жатқан малы суға кетті, үстіндегі киіміне шейін, күйеуіңіз мықтылығынан бір байталдың құйрығынан ұстап сүйреп шықты. Сізге хабар бере келдім», — деді. Хан неше түрлі таза киім алдырып бір ат беріп жіберді. Түлкі ханның берген киімін жарлыға кигізіп, атына мінгізіп ханның ауылына келді, бір ақ үйді бөлек тігіп, ішіне апарып кіргізеді. Тумысында көрмеген неше түрлі тамақпен сыйлап күтеді.
Бір күндері болғанда ханның жылқысын жау алып кетеді, жылқышы ауылына келеді. Сонда хан бұйрық қылады: «Менің күйеуім, мынау арғымағыма мінсін, осы жаудан барып өшімді алсын», — деді. Түлкі айтты: «Жарайды, күйеуіңіз жаудан жылқыңызды алып берер», — деді.
Түлкі келіп бір қазанға желімді толтырып ерітті де, арғымаққа тоқымды желімдеді, ерді тоқымға желімдеді. Жарлыны ерге желімдеп, арқанмен омырауынан шандып аттың басын қоя берді. Артынан барып тыңдап тұрса, жарлы жылқыны алып кеткен жаудың артынан ойбай салып жылап кетіп бара жатыр, ат қатты шауып келе жатқанда алдынан бір бәйтерек кез келді, осыдан ұстап, түсіп қалайын деп, бәйтеректі құшақтай алғанда, бәйтерек түбімен суырылып, алдына көлденең түседі, оны алып тастауға шамасы келмейді. Бәйтеректі алдына өңгеріп алып шаба береді. Жылқыны қуып бара жатқан жаулар артына қараса, бір бәйтеректі өңгеріп келе жатқан мұны көреді. «Бәйтеректі суырып алып келе жатқан жан бізді бәйтерекпен салып жіберіп өлтірмей ме?» — деп, жылқыны тастап алды-алдына қашып кетеді. Бұл жылқының ішіне барып, жылқыны ауылға қарай қайтарып әкеледі.
Түлкі алдынан шығып ағашымен ауылға алып келді. Ханның үйінің алдына әкеп түсірді. Ханға хабар берді: «Балаңыз жылқыны жаудан айырыпты, қаруы жоқ болған соң бір бәйтеректі түбімен жұлып алып, жауды бәйтерекпен ұрып қырып, жылқыны алып қайтыпты. Күйеуіңіздің қолына алған аспабы мынау», — деп бәйтеректі көрсетті. Хан бәйтеректі көріп: «Күйеуім мықты екен», — деп қатты риза болды. «Мал алмай қызымды тегін беремін», — деп, бірнеше күн той қылып, қызын берді. Қырық қызыл нар артқызып, алтын-күміс беріп, қызын жөнелтті. Жолда келе жатқанда жігіт түлкіден сұрады: «Баяғы аяғым шығып жататын үйге барамыз ба?» Түлкі: «Үндеме!» — деп жауап беріп, бір күндік жолдан озып кетті. «Мен сіздерге үй даярлаймын», — деді.
Бір жалмауыз кемпір бар еді, оған түлкі келіп айтты: «Сені өлтіреміз деп, бес дәу келе жатыр, сен жасырынып тығыл». Кемпір түлкінің алдағанына еріп жасырынды. Түлкі үйдің аузына бір түйе томар үйіп, жалмауыз кемпірді өртеп жібереді. Кемпірдің үйі бай еді, күміс те көп еді, неше түрлі сарай үйлері де бар еді. Үйді тазалап ішіне неше түрлі кілемді жайып, малай жалдап, жолдарына үлде мен бүлдені төсетіп, алдынан шығады. Керемет құрмет қылып түсіріп, той қылыпты. Жігіт мұратына жетіпті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Эрнест Хемингуэй
- Эрнест Хемингуэй
- Эрнест Хемингуэй
- Эрнест Хемингуэй
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі