Өлең, жыр, ақындар

Бір кем дүние

Әдебиетіміздің айтулы өкілі Шерхан Мұртаза- әр шығармасында өмір шындығын  шынайы суреттей білген шебер қаламгер.  Жазушы қаламынан туған «Қызыл жебе», «Бесеудің хаты», «Сталинге хат», «Қара маржан», «Жүрекке әжім түспейді» сынды туындыларының қай-қайсысы болмасын, оқырманның ыстық лебізіне ие болған кесек шығармалар. Әсіресе, көпшіліктің көңілінен шыға білген «Бір кем дүниенің» орны тіптен бөлек. Бұл туындысында жазушы өмір жолындағы  көрген-білгендерін,  көңіл түкпіріндегі ойларын бүкпесіз баяндаған. Мұндағы аз сөзбен көп нәрсені аңғартатын әрбір ой-толғанысының негізгі түйіні «бір кем дүниеге» келіп тіреледі. 

Мәселен, мына бір үзіндіде:
Өз пайдаңды ойлама,
Ел пайдасын ойла!
Өз пайдаң соның ішінде.
Бірақ бәрі солай ойламайды ғой.
Бір кем дүние,-деп, қара басының қамынан әрі аса алмайтын, елге титтей де пайда келтіруді ойлатпайтын өзімшілдікті жеткізеді.

Сондай-ақ, «Ашу бар жерде ақыл тұрмайды»,-депті Төле би. Адамдардың көбі ашушаң. Ақыл қайдан болсын. Бір кем дүние» деген ой-толғанысының астарында да терең мән жатқанын аңғару қиын емес. Ашу-дұшпанның  түбі жақсылыққа апармайтынын меңзеп тұрғанын байқаймыз.

«Адамның жүрегінен от көрініп тұратын болса...
Жақсы адамдікі жұлдыздай жарқырап тұрса...
Жаман адамдікі күңгірт, қарайып тұрса...
Сонда айыру оңай болар еді. Жақсыға жақындар едің, жаманға жоламас едің.
Өкініш: ондай белгі жоқ. Тану қиын. Бір кем дүние...»
Бұл үзіндіде автор жақсыны жаманнан, ақты қарадан айыру қиындап бара жатқан  бүгінгі күннің өзекті мәселесін  сөз етеді. 

Осы тәрізді «Шошқа тікен», «Мақұлбектің қара аты», «Тұнжыр тұман», «Талант сатылмайды», «Адал мен арам таразысы» бөлімдерінде адам бойындағы қызғаныш, қатігездік, арамдық, ашкөздік сынды жағымсыз қасиеттерді сөз етіп, олардың қоғамда белең алғанын  астарлы түрде жеткізе білген. Ал «Дуананың жирен қасқасы», «Нысап», «Құр алақан» атты үзінділерде  көрсеқызарлық пен тойымсыздықтың, нысапсыздықтың  салдарына мысал келтіре отыра, оқырманын  бұл қасиеттерден   аулақ болуға шақырады. 

Қаламгердің осы бір шығармасын оқи отырып, оның көлемі қысқа болса да, мән-мазмұны аса терең, берер өнегесі мол, оқырманды ойландырмай қоймайтын тұғыры биік туынды екеніне көз жеткізесіз. Шығарманың әрбір үзіндісінен өмірді, бәлкім, өзіңізді танып, осынау дүрбелең дүниенің кемшің тұстарына автормен бірге көз жүгіртіп, автормен бірге күрсінесіз. 

Артына өлмес мұра қалдырған Ш.Мұртазаның «Бір кем дүние» туындысы менің ғана емес, өмір сырын түсінгісі келген барша оқырманның іздеп жүріп оқитын сүйікті шығармасы екені даусыз.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз