Эссе және өлең-жыр байқауы

Өмірде ұмытылмайтын күндер

— Мен не көрмедім, — деп бастайды сөзін Нұрман қарт, — Селтекей балалары өмір бойы Нұралы тұқымында құлдықта шіріді. 1916 жылғы қазақ еңбекшілерінің патша өкіметіне қарсы көтерілісіне қатынасқаны үшін Олжабай жазалаушы отряд әкеліп бар малымызды талап алды. Алты адамымызды бірдей атып өлтірді, оның ішінде Әбжол Селтекейұлы, Пли Ситекейұлы, Ақпет Селтекей келіні, Әбдіртай Дүйсенбіұлы,
Бекі Тайбағарұлы, Досжан Ойтанұлы бар.

Бұл жалшы-кедейлердің күн көзін көре алмайтын қара тұман басқан кез болатын. Әкем Қали Селтекейұлы да өмір бойы жалшы, бұл қанды қақпанға он төрт жасымда мен де іліктім.

Олжабай, Барлыбайдың қойын бақтым, тезегін теріп, отын жақтым. Олжабайдың үлкен әйелі Қазиненің далаға шыққаны да маған сор, мен шәйнегін алып аңдып жүргенім. Қанішер байлар қой бағуға ат та бермейді, өгізбен жүргенімде бір күні қойға қасқыр шапты, Барлыбай үйінің бір қойын өлтіріп кетті, менің қолымнан келер ешбір шара болмады. Қойды қасқыр жеді, мен
Барлыбайдан таяқ жедім. Ақыма тиетін бір қойды бермеді.

Бір күні Барлыбайдікіне немере ағасы Байұзақ деген түстенді, ет жерде:

— Белдеудің қынындағы пышағымды әпер, — деді маған.

Қарасам, қында кездік жоқ екен.

— Қында пышағыңыз жоқ екен, — дедім мен. Барлыбай орнынан ұшып тұрып:

— Сен ұрлап алдың, — деп, мені құлақ-шекені ала қойды келіп жұдырықпен, көзімнің оты жарқ ете түсті. «Көзім шыққан шығар» деп ойлап едім, әйтеуір аман қалыпты. Артынан байқасақ, кездік тағы бір түстенген үйінде қалған екен. Мені жазықсыз ұрдың дейтін тіл жоқ. Тіл бар-ау, заман жоқ, жылап-сықтап жүре бердік.

Нұралы балалары — қазақ ауылындағы жалшылар мен кедейлердің қас жауы ғана емес, Алашорда партиясының белсенді мүшелері Олжабай, Барлыбай, Төлеубайлар совет өкіметі мен коммунистік партияның да қас жауы.

Олжабай патша өкіметінің болысы, Төлеубай адвокаты, Барлыбай да байлардың, патшаның атақты, белсенді жауының бірі. Бұлар совет өкіметін танымады, жарлы-жалшылардың өкіметін елді билеп өмір сүреді деп те ойлаған жоқ. Өздерінің ел ішіндегі қанқұйлы, жауыздық әрекеттерін жүргізіп жатты.

Ақмолада алғашқы орнаған Совет өкіметіне Ерейменді мекендеген езілген еңбекшілерден Нұралы тұқымдарының озбырлығы жөнінде көптеп арыз түсе бастаған. Совет басшылары Жұмабай Нұркин бастаған бір топ большевиктерді Олжабайдың мал-мүлкін конфескелеуді, өзін тұтқынға алуды тапсырып жібереді.

Бұл — 1918 жылы. Колчак бандаларының айтақтауымен елдегі бай-кулактар бас көтеріп, Ақмоладағы совет мүшелерін тұтқынға алады. Осы жағдайды Төлеубай хат арқылы Олжабайға хабарлайды. «Ақмолада совет өкіметі құлады» деп жазды ол, «Өздеріңе барған бір топ большевиктерді тұтқындап, Ақмолаға жеткізіңдер» деп тапсырды.

Олжабай бастаған жүз шамалы адам Малтабарда қонып жатқан Нуркиндерді ұстауға әрекеттенді. Большевиктер де мұны сезіп, шегіне ағаш арасына кіре береді. Жұмабайдың жанында Оспан Есжанов, Офанас дейтін әскерден келген орыс жігіті бар, барлығы үш адам. Біреуі Малтабарда қолға түсіп қалған-ды.

Қуғыншылар большевиктерге винтовкадан оқ атты. Олжабайдың немере ағасы Жолдыбай Нұрмағанбетов: «Қолдарыңды көтер, атамын!» — деп жақын келіп қалды. Есжанда алты-атар бар еді, қуғыншылар жақындап қалғанда, ол мылтықты Офанасқа бере қойды. Офанас қолын көтере берген болып Жолдыбайды тартып жіберді, Жолдыбай аттан ұшып түсті. Офанас оның қолындағы винтовканы ала салып, жақын келіп
қалған Айтжан Шошановты винтовкамен атты. Айтжан да аттан құлады. Екі кісі жығылған соң, басқалары беттей алмады. Қуғыншылар оқ тиген адамдармен айналысып жатқанда большевиктер қалың орманға кіріп, ұзап кеткен болатын.

Ауылда совет өкіметі бірте-бірте нығая бастады. Жалшылар, кедейлердің тап сезімі оянып, кімнің дос, кімнің жау екенін айыра бастады. Нұрман Қалиев бұл жылдары Нұралы балаларынан қол үзіп, Звенигородка поселкасының кулактарына жалданып тас қопаруды кәсіп еткен. Енді, міне, 23 жастағы тепсе темір үзетін, көкірегін кек кернеген өжет те қайратты жігіт өткен өміріне, алдағы іске көз жіберетін.

Ауылда совет сайлауы жүре бастады. Уезден келген өкіл Сәтімов деген азамат Қоржынкөл болысына келіп, кісі еңбегін қанаған бұрынғы болыстар мен байларды қара тізімге алып, сайлауда дауыс правосын жойды. Кейбір қауіпті дегендерін түрмеге де отырғызды сайлау кезінде.

— Бір күні, — дейді Нұрман қарт, — тас қопарып жүрген мені 7-ауылдық советтің кеңсесіне шақырып шапқына келді. Мен әуелде ешнәрсені түсінген жоқпын. Өкіл Сәтімов: «Жолдас, сізді Қоржынкөл болысының 7-ауылына совет председателі етіп сайлауға ұйғарып отыр көпшілік, қалай қарайсың?» — деді маған. Мен келісім бердім.

Бірақ та байлардың жақындары, құдандалары айтпай Жүнісұлы дегенді ұсынып, уезге дейін арыз жазып, кісі шаптырды. «Ел басқару жалшы Нұрман Қалиевтің қолынан келмейді, қараңғы» деп көрсетті. Байлардың бұл әрекеттерінен ешнәрсе шықпады. Нұрман Қалиев Қоржынкөл болысы, 7-ауылға совет председателі болып сайланды.

— Алғашқы кезде мені совет председателі деп байлар, атқамінерлер танығысы келмеді, — дейді. Оларға енді Нұрман да бағынбады. Жалшыларға, кедей шаруаларға арқа сүйеп, шын мәнісінде өкімет билігін жүргізе білді. Нұрман өзі есігінде жалшы болған Олжабай, Барлыбай, Сүлеймен, Имағанбет, тағы басқа да байлар осы Қоржынкөл болысындағы 7-ауылда. Түрлі алым-салық, халық жүктерін таситын көлік күштері, тағы басқалары байларға баса салына бастады. Байлар мұны ауырсынып, не істерін білмей жүргенде, «Мұртқа өкпелеп жүрген
де сақал шықты, қақалғанның үстіне жұдырықтап» дегендей енді жер бөлісі [шықты]...

Уезден, болыстан өкілдер келіп, ауылда да үштік комиссия құрылды. Ауылдағы партия ячейкасымен жалшылардың, кедейлердің бас қосқан жиналысы: «партия мен өкіметтің жер бөлу жөніндегі саясаты өте дұрыс» деп мақұлдап, шабындық жердің шұрайлысын жалшылар мен кедейлерге беріп, бұрынғы жер иеленген байларды алысқа, нашар жерлерге ығыстырып шығарды. Бұл кезде байлар, атқамінерлер совет өкіметін, оның өкілдерін тануға мәжбүр болған-ды.

Жер бөлісі ірі байлардың мал-мүліктерін конфискелеу науқаны алдындағы репетиция дерлік еді. Бұл өңір де ірі байлардың тізіміне алынған Олжабай, Барлыбай, Төлеубай, Уәйіс, тағы басқалар болды. Төлеубай Қызылордада, Алматыда жүріп Олжабай, Барлыбайды екі рет тізімнен шығартып, жалшы-кедейлердің қаулысын бұздырды. Жалшылар мен кедейлердің жиналысы үшінші рет қайта қарап: «мал-мүліктері кон фискеленсін, өздері жер аударылсын!» — деп қайта қаулы алып бекітті.

Сөйтіп, бұл байлар конфискеленіп, мал-мүліктері жалшыларға, кедейлерге бөлініп берілді де, өздері жер аударылды...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Басқа сайттағы жаңалықтар:

Жүктелуде...