Өлең, жыр, ақындар

Бейбіт Қойшыбаев

Бейбіт Орынбекұлы Қойшыбаев (20.11.1945 жылы туылған, Жамбыл облысы Сарысу ауданы Саудакент ауылы) — жазушы, публицист, ғалым, тарих ғылымының кандидаты. Қазақ ұлттық аграрлық университетін бітірген (1968).

1968-69 жылдары Байқадам кәсіптік-техникалық училищесінің оқытушысы, 1969–71 жылдары Қазақ КСР-і Мин. Кеңесінің “Қазақ ауыл шаруашылығы техникасы” бірлестігінде инженер, аға инженер, 1971–75 жылдары Алматы облысы комсомол комитетінің кәсіптік-техника білім секторының меңгерушісі болды. 1975–85 жылдары “Қазақстан пионері”, “Білім және еңбек”, “Социалистік Қазақстан” (қазіргі “Егемен Қазақстан”) газет-журналдарында жауапты қызметтер атқарды. 1985–87 жылдары Қазақ КСР-і Жоғ. Кеңесі Төралқасы аппаратында Жоғары Кеңес актілерін жариялау тобының аға редакторы болды. 1988–89 жылдары “Қазақ әдебиеті” газетінде аға тілші, бөлім меңгерушісі, 1990–91 жылдары “Денсаулық” журналының бас редакторы, 1991–96 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, сонымен бірге Қазақстан әдеби қоры басқармасының төрағасы, “Тіршілік” журналының бас редакторы, “Әдеби қор жаршысы” газетінің бас редакторы, 1997–2001 жылдары “Zaman – Қазақстан” газеті бас редакторының орынбасары болды. ҚР Экономика және сауда министрлігі автор құқығын қорғау агенттігі бас басқармасының бастығы, Алматы облысы көші-қон және демография басқармасында бөлім бастығы қызметтерін атқарды. 2001–03 жылдары “Қазақ энциклопедиясы” баспасында орт. бастығының орынбасары, 2003–07 жылдары “Заңгер” журналының жауапты редакторы, “Қазақ әдебиеті” газеті бас редакторының орынбасары болып істеді.

Өз еңбектерінде тарихтың “ақтаңдақ” беттерін зерттеуге ден қойды. Шығармалары орыс, беларус, болгар, қытай тілдеріне аударылған. Қазақ КСР-і Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен, “Құрмет” орденімен марапатталған.


Қарап көріңіз