Өлең, жыр, ақындар

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы

Жолтай Жұмат Әлмашұлы (1957 ж. туған) — Қазақ Республикасының Қызылорда облысы, Жанақорған ауданында дүниеге келген. Әбу-Насыр Әл – Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультетінің түлегі.

Жиырмаға тарта прозалық және драматургиялық шығармалардың авторы.

«Ұмытылған ұрпақ» (1992), «Найзашың» (1996), «Сұлуды сүю» (1999), «Оянған ұрпақ» (2002), «Пенде мен періште» (2004), «Күлкі мен көз жасы» (2007), «Тірі жан» (2008) «Тар дүние» (2011), «Жеті жебе» (2012), «Ел мен Елес» (2014) т.б. секілді прозалық және драмалық шығармалар жинақтары жарық көрді.

Оның пьесалары Астанадағы Қ. Қуанышбаев атындағы драмтеатрда («Бәйтерек басындағы кездесу»), Қызылорда («Сүю серті»), Түркістан («Абақты - ғұмыр»), Жетісай («Ай астындағы алтын шаһар»), Қостанай («Мұңмен алысқан адам»), Қарағанды («Сәкеннің соңғы сапары») т.б. драмалық театрларында үздіксіз сахналануда. «Мұңмен алысқан адам» драмасы ағылшын тіліне аударылып, эксперименттік «Шаңырақ» жастар театры ұжымының күшімен Астанада сахналанды. «Тәуелсіздік толғауы» атты драмалық шығармалардың республикалық жабық бәйгесінде 3 - дүркін жүлдегер атанды.

Ол сонымен бірге тарихи тақырыптарға да барып, әлденеше тарихи публицистикалық һәм эсселер кітабын жазған. «Сұлтанбек Қожанов» (1994), «Нәзір Төреқұлов» (1996), «Қызыр қонған Түркістан» (1998), «Әуезовтың жұмбақ әлемі» (2005), т.б. тарихи - зерттеу кітаптары басылып шықты.

Көркем дүниелері орыс тіліне де аударылып, «Зов свободы» (2001), «Терзания души» (2007), «Вечная элегия» (2014) деген атпен жеке-жеке жинақ болып басылған. Бірнеше әңгімесі Мәскеудегі «Художественная литература» баспасынан шыққан «Қазақ прозасының антологиясы» басылымында жарияланды. Жекелеген әңгімелері ағылшын, өзбек, әзірбайжан, қырғыз, қарақалпақ, т.б. тілдерге аударылып, жарық көрген.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымының кандидаты, Қазақстан жазушылар одағының пленум мүшесі, бірқатар әдеби сыйлықтардың лауреаты.


Қарап көріңіз