Өлең, жыр, ақындар

Қазақ ертегілерінің балаларға ықпалы

Қазақ ертегілерін құлағымен естіп өскен мектепке дейінгі балалардың ішкі дүниесі айналасын қоршаған табиғатқа көзқарасы болашаққа халқына, салтына, ата-анасына қамқор да қайырымды да мейірімді болып өседі. Халық ауыз әдебиеті түрлерін күнделікті қарым-қатынаста таңертеңгі қабылдау мен кешкі қоштасу сәтінде сәлем сөздің анасы «Әдептілік белгісі, иіліп сәлем бергені»-деген мақалдарды ұстана отырып, балалармен мейіріммен сәлемдесу, қоштасу арқылы бала бойында мейірімділік, ризашылық, үлкенге ізеттілік көрсету сияқты қасиеттерін қалыптастыру. Жаңа озық технологияларды дамыта оқытудың мақсаты мен міндеті, баланың даму заңдылықтарына сәйкестендіріледі.

Қиял дүниесінен туған ғажайып оқиғалы ертегілер, батырлық жырлар, өмір тәжірибесінің қысқаша қорытындысы – мақал-мәтелдер, ойға түрткі салатын сыр сандықты жұмбақтар, қиыннан қиыстырылған тақпақ – жаңылтпаштар - бәрі де балабақшада кеңінен пайдаланатын дүниелер. Бұлар балаларды елін сүюге, батылдыққа, адамгершілікке үйретеді. Балабақша бағдарламасында ауыз әдебиет үлгілері үйретуге баса назар аударылған. Онда оқылған ертегі, әңгіме мазмұнын жүйелі байланыстырып, әңгімелеп беруге үйрету, ертегі мазмұнында кездесетін кейіпкерлердің іс - әрекетіне сай образды сөздер мен диалогтарды, кейбір өлең шумақтарды бұлжытпай жатқа айта білуге, екі адамның диалогында кездесетін сұрақ, қорқыныш, талап тілектерді білдіретін сөздерге дауыс екпінін дұрыс қойып, мәнерлі айта білуге тәрбиелеу болып табылады.

Қазақ ауыз әдебиеті – талай ғасырдан келе жатқан мұра, сарқылмас бай асыл қазына. Одан халқымыздың өткенін білеміз, сол арқылы бүгінгі заманымыздың ұлылығын танимыз. Халық ауыз әдебиетінен халқымыздың батырлық, ерлік тарихын көреміз. Қазақ ауыз әдебиетінің негізгі түрлеріне мақал – мәтелдер мен жұмбақтар, санамақтар мен ертегілер, жаңылтпаштар жатады. Бұлардың бәрі Отанды сүюге, ерлікке, елін қорғауға тәрбиелейді; халық ауыз әдебиетінен сусындаған баланын тілі ұшқыр, ойы зерек, алғыр, қиялын шарықтатып тіл байлығын молайтады. Ауыз әдебиетінің үлгілерімен таныстыру үшін, алдымен оқылатын материалдың көлемін, мазмұнын жас ерекшелігіне байланысты анықтап алу керек.

Мектеп жасына дейінгі балалардың ой – өрісін дамытып, қиялын шарықтатып, тіл байлығын молайтуда ертегінің рөлі зор. Ертегі - қазақ халқының тұрмыс-салтын, арман үмітін, өткен өмірін кеңінен танытатын ауыз әдебиетінің көлемді саласының бірі. Одан бала жағымсыз кейіпкердің жексұрын әрекетінен бой тартып жақсылыққа құмартады. Адам өміріне байланысты іс-әрекет өткір сықақ-мысқылмен берілсе, бала сезімін селт еткізіп, күлкіге мәз етеді. Ертегі айтушының шынайы шеберлігі оның әр жақты сырын қызықты, тартымды, бала санасына лайықтай жеткізуі арқылы көрінеді.

Сонымен қатар балабақша балаларын тәрбиелеуде кеңінен қолданылатын халық ауыз әдебиетінің бір саласы мақал-мәтелдер болып саналады. Қазақ халқының мақал-мәтелдеріне мынадай адамдық қасиеттер өзек болған: қайырымдылық, кішіпейілділік, адамжандылық, жақсылық, ізгілік. Бұған мысал ретінде «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет», «Адамдықтың белгісі – иіліп сәлем бергені, шын достықтың белгісі – көп кешікпей келгені», «Жақсы болсаң – жақын көп», «Ұлық болсаң – кішік бол» т.б. мақал-мәтелдерін атап кетуге болады.

Отбасында тәрбиені әкесі мен анасы қатар беру керек. Екі жақты тәрбие берілмеген отбасының балалары толыққанды азамат болып қалыптаспайды. Оны баласын тәрбиелеп отырған адам ғана сезеді,іштей қиналады. Көп жағдайда анасы ғана тәрбиеленгендіктен отбасы тәрбиесінде көп нәрселер қалыс қалып отырады. Өмірдің заңдылықтарына сүйенсек, «әкеге қарап ұл өседі, шешесіне қарап қыз өседі» деген қағида өмір заңдылықтармен біте қайнасып тұрғандай. Өмірде балаға тәрбие дұрыс берілмегендіктен, талқыға түскен тағдыр көп. Соны болдырмау үшін ата-ана өзі де қоғамнан қалмай ілесе отырып, заман талабына сай өзінің сауатын жетілдіріп отыруы керек. Ата-ананың білімі баласынан бір саты тұрғаны жөн. Себебі,ол баласын бақылау үшін талап қоя отырып,өзі де ізденуі керек. Ата-аналар көп жағдайда ауыртпалықты заманға қарай итере салады. Кей жағдай да көбіне ата-аналар қазіргі заманды өз кезеңдерімен салыстырып мән бермейді.Баланы өсіп,қалыптасуын ағымдағы жағдаймен салыстырып отыруы,бақылауы керек сияқты. Оны болашақ  үлкен азамат ретінде бағалап,өмір кезеңдерінде бағыт беріп отыруы қажет. Оның білімді болуы ата-анасына тікелей байланысты. Білімділіктен зиян шеккен адам баласы жоқ.

«Үйрен де жирен» деген халық мақалы бар емес пе? Абай атамыз  «Тегінде адам баласы адам баласына ақыл, ғылым, ар-намыс, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі ақымақшылық» деген екен.

Ата-анасы үйінде балалар кітапханасын жасаса, ол да балаға өз бетінше кітап оқуға көп әсерін тигізеді. Көркем әдебиет оқымаған баланың сөз саптауы, сөйлеу мәнері, ой-өрісінің қалыпты жағдайда өсуі тежеліп ,тұралап қалады. Ата-ана баласымен бірге әдебиетті, аңызды, өлеңдерді, дастанды, айтыс-жырларды бала кезінен қосылып оқуға дағдылануға бағыт жасап отыруы керек. Осындай сатыдан өткеннен кейін барып балалардың нәтижелі білімімен тәрбие жетістігінің бағдарын көруге болады. Балаларымыз көздерін ашық, көкірегі ояу, талапты, тәрбиелі болуға  ата-анас баламен ой бөлісуі, әңгімелесуі, сөйлеу бағыттарын байыппен бағдар жасауы керек. Үлкенмен қалай болса,солай сөйлесе салуға болмайтынын түсіндіруге де уақыт бөлуіде қажеттілік етеді.

«Нені ексең, соны орасың» деген ата-баба нақылы ата-ана мен баласының арасындағы алтын көпірді нығайта отырып, бала бойына жақсы қасиетті ұялата ,ізгілік иелеріне жол ашу керектігін естен шығармауды көздейді. Ата-ана бірінші өзіне  талап қоя отырып, баласынан үміт күту керек. Ата-ана болудан, баланы өсіруде адам баласының бағбаны іспеттес болуға өзін-өзі жетелеу парыз.

Ойымызды түйіндесек, «халық айтса қалт айтпайды» демекші тәрбие басын тал бесіктен бастағанның өзі де еліміздің ертеңін ойлаған, яғни, атадан балаға жалғасып келе жатқан әдет-ғұрыптарымызды, салт-дәстүрімізді, тілімізді, дінімізді қадірлеу, балаға сәби кезінен қалыптастырған жөн.

Бүгінгі жас жеткіншектердің бойына халқымыздың ғасырлар бойы қастер тұтып келе жатқан ар-намыс, ождан, атамекені мен ана тіліне деген сүйіспеншілік, әдет-иба, қайырымдылық, үлкенді, ата-ананы құрметтеу қасиеттерін дамыту балабақшаның негізгі міндеті боп отыр. Сондықтан ұрпақ тәрбиесі жайындағы озық ұлттық мұраны бүгінгі тәлім-тәрбие жұмысына енгізуді аса маңызды міндет деп қарастыру қажет.

Ауыз әдебиеті арқылы балалардың бойына адамгершілік, үлкендерді сыйлау, ата–ананы ардақтау, ер–жүрек батырлық сезімдерін оятамыз. Кішкентай бүлдіршіндердің барлық іс-әрекетіне, мінез–құлқына әсер етпей қоймайды. Қазақ ертегілерін құлағымен естіп өскен мектепке дейінгі балалардың ішкі дүниесі, айналасын қоршаған табиғатқа көзқарасы болашаққа, халқына, отанына, ата–анасына қамқор да қайырымды, мейірімді де жомартты болары сөзсіз.

Ұрпақ тәрбиелеуде қай халықтың болмасын еңбек тәрбиесін сырт қалдырмайтын белгілі. Өйткені адам үшін еңбексіз өмір жоқ, еңбек-тіршілік көзі, адамзат ғұмырының мәні.

Қазақ халқы «баланы жеті жасқа дейін патшадай күт»десе-дағы еңбек тәрбиесін ерте жасынан баулуды қолға алған. Оған халқымыздың ауыз әдебиетіндегі ертегілер,аңыз әңгімелер мен батырлар жырлары,халық өлеңдері, санамақтар мен мақал-мәтелдер, тыйым сөздер мен бата-тілектер дәлел. Дәлірек айтқанда халқымыз бесік жырынан бастап, үлкен-үлкен жыр-дастандарына дейін еңбек тәрбиесін тәрбиелік-ізгілік мұрат санап насихаттап отырған. Мысалы:

«Менің бөпем қайда екен
...Алма теріп жүр екен.
Алмасынан қанекей,
Жаңа теріп жүр екен?»,-деген бесік жыры бәрімізге таныс.

Ұрпағының қызығын көріп,жемісін жеуді армандаған осы жәйітті терең түйген әрбір ата-ана баланы еңбекке тәрбиелеуді отбасынан бастаған.

Халқымыздың өмірі техника мен ғылымға тәуелсіз замандарда ата-бабамыз өз балаларын қасына ертіп жүріп,күнделікті өмірдің қажеттілігіне үйреткен. Ер бала қыз бала тәрбиесін өзара бөліп қараған. Ұлды ер адамдар мал бағуға, отын шабуға, аң аулауға, мылтық ұстайтын мергендікке, қолөнер шеберлігіне,мал тауып,отбасын асырауға баулыса;қыздарды үй тазалау ,төсек жинау, шай құйып, ас пісіру, кесте тігіп, ою ойып, тон пішу, өрмек тоқу т.б. отбасының әйелдерге тән жұмыстарына аналары мен әжелері баулыған. Мұны ешкім теріске шығара алмайды. Заманның ілгері дамуына,қоғамның өзгерісіне байланысты еңбектің түрі де, күнделікті тіршілігіміз көп өзгерді. Бұрын әке-шеше баласының көз алдында еңбек етіп,қайрат-күшімен отбасын асырайтын болса, қазіргі ата-ананың үйдегі күнделікті ұсақ тірлігі болмаса басқа еңбегінен бала бейхабар.Сондықтан да арнайы бала тәрбиесімен айналысатын бізге үлкен жауапкершілік жүктелген деп айтуға болады. Осыған байланысты балабақшада еңбек тәрбиесіне барлық сабақта, тіпті ойын кезінде де баулуға тиіспіз.

Халықтың ауыз әдебиеті-тәрбиенің бастауы. «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Қамбар батыр» жырларында халықтың қамын ойлаған батырлар өзінің күш-қайратын елінің игілігіне жұмсағанын көреміз.Халық ертегілерінің ішінен «Аязби», «Керқұла атты Кендібай», «Толағай», балабақшаларына арналған хрестоматиялық кітапшаларында кездестіруге болады. «Үш жалқау», «Торғай мен тышқан», «Торғай мен түлкі», «Жалқау мысық», «Тышқан,ит және мысық», «Қарлығаш пен шөже» атты ертегілер еңбекқордың табысқа жетіп,жалқаудың қор болатындығын уағыздыйды.

Қазақ халқының еңбек тәрбиесіне қатысты мақал-мәтелдер өз алдына бір төбе. Оны сөз арасында да,еңбек барысында да, әр уақыт ұтымды пайдаланған жөн.

Халықтың тыйым сөздері үйдің ырыс-несібесіне нұсқан келтірмейтіндей, мал-мүлкінің түгел болуына, еңбегінің жемісін өзіне бұйыртуға адамның әрекет етуіне бағдар беретіндігін, ырым ететіндігін көреміз.

Ертегілер мен әңгімелерді, өлеңдерді оқу барысында балалар жалығып кетпес үшін әртүрлі көрнекі және техникалық құралдарды қолдану керек. Себебі, қазіргі балалардың естігенін есте сақтаудан гөрі көргенін ұмытпайтындығын ескеруге тура келеді. Тағы бір ескеретін нәрсе оқылған материалдарды балалардың өздеріне рөлге бөліп ойнатса, мәңгі есінде қалары сөзсіз.

Көркем әдебиет шығармалары-тұнып тұрған тәрбие көзі, ретін тауып ұтымды пайдаланған жан еш ұтылмайды.


Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы
№23 «Айзере» балабақшасының тәрбиешісі
Каримова Карилгаш Хайдаровна


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар