Орал қаласы, Орал гуманитарлық колледжі
Қаржы және экономикалық пәндер оқытушысы
Төлепов Әділ Ерболатұлы
Сабақтың тақырыбы: Ақша және банктік жүйе.
Сабақта қарастырылатын мәселелер:
1. Ақша ұғымы, ақшаның шығу және даму тарихы
2. Ақшаның түрлері және атқаратын қызметтері
3. Банктік жүйе мәні және банктердің атқаратын қызметтері
4. Қазақстан Республикасының банктік жүйесі
Сабақтың мақсаты
Білімділік: Білім алушыларға ақшаның шығу және даму тарихы, ақшаның мәні және мазмұны, атқаратын қызметтері мен түрлері, банктер мен қаржылық мекемелердің негізгі түсініктерімен таныстыру.
Дамытушылық: Білім алушыларға ақшаның негізгі түсініктерімен таныстыру арқылы олардың нарықтық экономикадағы ақшаны қолдану, оның ішінде дұрыс арналымдарға жұмсау, жинау және орнымен пайдалана отырып, ел экономикасындағы ақша және банктік жүйенің маңыздылығын ұғындыру.
Тәрбиелік: Нарықтық экономика жағдайында әлемдік ақша жүйесінің және ұлттық валютаның тұрақтылығын сақтай отырып, білім алушылардың өз елінің валютасын, ақшасын және жалпы экономикасын құрметтей білетін патриот етіп тәрбиелеу.
Пәнаралық байланыс: Нарықтық экономика негіздері, ақша, қаржы және несие.
Сабақтың түрі: Дәріс.
Сабақтың типі: Жаңа тақырыпты меңгерту сабағы.
Сабақтың өткізілу әдісі: Баяндау, сатылай талдау, сұрақ-жауап әдісін қолдану.
Сабақтың көрнекіліктері мен құралдары: Презентация, плакаттар, бейнеролик, таблицалар, суреттер.
Ұйымдастыру кезеңі: Білім алушылармен амандасып, оқушылардың сабаққа қатысуын түгендеу, үй тапсырмасын тексеру.
Мұғалімнің кіріспе сөзі: Әр экономика сабағын өткізерде сіздерге үнемі Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың "Ең алдымен - экономика, содан кейін - саясат!" деген сөзінен бастаушы едік. Соның ішінде біздің Қазақстанның нарықтық экономика жағдайындағы барлық қоғамдық, экономикалық-әлеуметтік қатынастарды әр азамат дұрыс түсініп, тұжырымдай білгені дұрыс. Ал нарықтық экономика дегеніміз - еркін өнім өндірісі мен тауар айналысына негізделген экономика. Соған сәйкес өткен сабағымызда біз тауар және оның қасиеттері туралы қарастырған болатынбыз. Өткен тақырып бойынша қайталап өтейік.
Үй тапсырмасын тексеруге арналған сұрақтар:
1. Тауар дегеніміз не?
2. Натуралды шаруашылықтың тауарлы өндірістен айырмашылығы қандай?
3. Нарық типтеріне байланысты тауар өндірісінің ерекше үлгілерін атаңыз?
4. Карл Маркстың теориясы бойынша тауар дегеніміз не?
5. Тауардың материалдық және материалдық емес сипаттарын қалай түсінесіз?
6. Пайдалану мерзімі бойынша тауарлар қалай жіктеледі?
7. Түпкі тұтынылуына байланысты тауарлар қалай жіктеледі?
8 Тұтыну тауарлары дегеніміз не және оның қандай түрлері бар?
9. Берілген суреттердегі тауарлардың типін ажыратыңыз (суреттер көрсетіледі)
Ситуациялық сұрақ (жаңа тақырыпқа кіріспе ретінде):
Сіздің жеке жинағыңызда 1 000 000 теңге ақша бар деп есептейік. Осы ақшаны қалай пайдаланар едіңіз?
1. Ақша ұғымы, ақшаның шығу және даму тарихы. Ақша (ағыл.: money; cash; нем.: Geldn, Geldmittelpi) - айырбас құралы ретінде барлық адамдармен қабылданатын және басқа тауарларды (қызметтерді) бағалауға қызмет ететін жалпыға бірдей эквивалент ретіндегі ерекше тауар. Әр уақыттарда және дүниенің түрлі бөліктерінде адамдар ақша ретінде әр түрлі тауарларды – астық, мал, қымбат тастар және металдарды пайдаланды. Ұзақ уақыттар бойы ақша есебінде алтын және күміс жүрді. Қымбат металдардың физикалық қасиеттері (біртектілігі, мықтылығы, құндылығы) ақша атқаруға тиісті талаптарды толық ақтады. Сондай-ақ металл ақшалардың маңызды қасиеттерінің бірі – оларды бөлуге болытын еді. Қымбат металдар, көлемі қандай болса да, өзінің пайдалы қасиеттері мен құндылығын жоғалтпайды. Құнды металдың белгілі бір көлемінің сақталуына мемлекеттік кепілдік ететін алтын және күміс теңгелер пайда болды. Соңғы ғасырларда алтын және күміс теңгелердің орнына қағаз ақшалар жүре бастады. Қағаз ақшаның құны алтынмен кепілденді және олар алтынға еркін айырбасталды.Ал барлық тауар өндірушілер, сатушылар, тұтынушылар арасындағы экономикалық байланысты қаматамасыз етеді. Ақша тауар өндірісі мен тауар айырбасының тарихи дамуы нәтижесінде пайда болды. Алғашқы кезде бір еңбек өнімі екінші еңбек өніміне тікелей айырбасталды. Кейінірек айырбас сауда дамуының барысында құнның жай формасының орнына құнның толық және жайылыңқы формасы келді. Одан әрі өндіріс пен айырбастың дамуы нәтижесінде тауарлар арасынан бір тауар бөлініп шығып, басқа тауарлар осы тауарға айырбасталды. Сөйтіп, құнның толық және жайылыңқы формасы құнның жалпылық формасына орын берді. Құнның ең жоғарғы ақша формасындағы жалпыға бірдей балама рөлі бір тауардың еншісіне тиді, яғни ерекше тауар түрі – ақша пайда болды. Осы кезде әр түрлі тайпалар мен халықтар арасында ақша ретінде ішкі және сыртқы сауда-саттықтың басты заттары болып табылатын тауарлар бөлініп шықты. Ақша рөлін кейбір халықтарда (гректер, римдіктер, славяндар, моңғолдар, т.б.) мал, ертедегі Русьте, Скандинавияда – аң терісі, Қытайда – шай, Абиссинияда – тұз атқарды. Қазақстанда ішкі сауда-саттық жүргізу үшін жалпыға бірдей балама ретінде тоқты немесе саулық қой пайдаланылды. Бертін келе тауар өндірісі мен тауар айырбасының дамуы және халықтар арасындағы қарым-қатынастың ұлғаюы нәтижесінде ақша рөлі түрлі металдарға ауыса бастады. Өйткені, металл (әсіресе алтын, күміс) өзінің табиғи қасиетінің арқасында ақша рөлін атқаруға өте қолайлы болды. Алтын мен күмістің жалпыға бірдей балама рөлін атқаруына байланысты құнның жалпылық формасы ақша формасымен айырбасталды. Ол кез келген тауарға айырбасталды. (Ақшаның пайда болу және шығу тарихы туралы бейнеролик көрсетіледі).
2. Ақшаның түрлері және атқаратын қызметтері. Ақша өзінің дамуы барысында екі түрге бөлінеді:
1) Толық құнды ақшалар (нағыз ақшалар);
2) Толық құнсыз ақшалар (құндық белгілері).
Толық құнды ақшалар (нағыз ақшалар) — номиналдық құны оны дайындауға кеткен нақты құнымен сәйкес келетін ақшалар. Металл ақшаларға: мыстан, күмістен және алтыннан жасалғандары жатады. Металл ақшалар әр түрлі нысанда болған. Монета түріндегі нысаны — бұл олардың соңғы нысаны. Монетаның бет жағы — аверс, артқы жағы — реверс және жаны — гурт деп аталады.
Толыққұнсыз ақшалар (құнның белгілері) — номиналдық құны нақты құнынан, яғни олардың өндірісіне кеткен қоғамдық еңбектен жоғары болып келетін ақшалар. Оларға мыналар жатады:
- құнның металдық белгілері—арзан бағалы металдардан жасалған ұсақ монеталар, мысалға жез, алюминий т.б. монеталар;
- құнның қағаздан жасалған белгілері (қағаз ақшалар және несиелік ақшалар.
Қазіргі қолданыстағы ақшалардың түрлері мынадай:
- металл ақшалар (металл ақшалар жүйесі монометаллизм және биметаллизм болып бөлінеді);
- қағаз ақшалар;
- электронды ақшалар;
- несиелік ақшалар.
Ақшаның қазіргі экономикадағы атқаратын қызметтеріне мыналар жатады:
1. құн өлшемі;
2. айналыс (айырбас) құралы;
3. төлем құралы;
4. қорлану немесе қор жинау құралы;
5. дүниежүзілік ақша.
Ақша айналысы — шаруашылықтағы тауарларды өткізуге, сондай-ақ тауарлы емес төлемдерді және есеп айырысуларды жүзеге асыру кезіндегі ақша қозғалысы.
Ақша айналысы екі түрде жүзеге асады: қолма-қол ақша айналысы және қолма-қолсыз ақшалар айналысы жүйесі.
3. Банктік жүйе мәні және банктердің атқаратын қызметтер. Банк (италянша bankо — үстел) — ақша қаржылары мен қорларын жинақтау, беру, мемлекеттер, кәсіпорындар (фирмалар), мекемелер және жеке адамдар арасындағы өзара төлемдер мен ақшалай есеп айырысуда делдалдықты жүзеге асыру, ақшаның белгілі бір түрін айналымға қосу, ақша мен құнды қағаздар шығару, алтынмен, шетелдік валютамен түрлі операциялар жасау және басқа да қызметтер атқаратын қаржы мекемесі. Тарихшылардың пікірінше, б.э.д. 2300 жыл бұрын холдейлердің сауда компаниялары пайда болып, олар өздерінің тікелей қызметтерімен қатар, ссудалар берген. Олар б.э.д. VI ғасырда Ежелгі Вавилонда салым операциялары: салымдарды қабылдау және оларға пайыз төлеу операцияларының жасалғағадығын еске сала кетеді. Мұндай операциялар б.э.д. IV ғасырда Ежелгі Грекияда да жасалған. Бір айта кететіні, ежелгі гректер салым қабылдай отырып, белгілі бір ақы төлеу арқылы ақшалар айырбасын жүргізіп отырған көрінеді. Алғашқы банктік операцияларды орындаған кімдер? Тарихшылардың пайымдауынша, олар жекелеген тұлғалар және қолында шоғырланған ақшалай қаражаттары бар шіркеу мекемелері екен.
4. Қазақстан Республикасының банктік жүйесі. Қазақстанға банк капиталының енуі және оның территориясында кредит желісінің жасалуы 19-ғасырдың соңында басталды
Қазақстандағы банктер жүйесі екі деңгейге бөлінеді:
1. Бірінші деңгейлі банк
(ҚР Ұлттық банкі)
2. Екінші деңгейлі банктер
(Барлық коммерциялық банктер мен несиелік-қаржылық мекемелері)
Ұлттық банктің негізгі қызметтері:
1. Ақшаны эмиссиялау, яғни айналысқа қажетті мөлшерде банкноттар мен монеталарды шығару;
2. Мемлекеттің ақша-несие саясатын әзірлеу және жүргізу;
3. Валюталық реттеу және валюталық бақылауды жүзеге асыру;
4. Төлем балансын құрастыру.
Коммерциялық банктердің негізгі қызметтері
• Ақша қаражатын шоғырландыру және тарту;
• Несие беру;
• Шаруашылықтармен есеп жэне төлем жүмыстарын жүргізу;
• Төлем күралдарын шығару;
• Бағалы қағаздарды шығаруды жэне орналастыруды үйымдастыру;
• Сенімхат бойынша клиенттердің мүлкін басқару (яғни траст операциясын жүргізу);
• Клиенттерге кеңес беру.
Валюта дегеніміз - әр елдің ақшасының бірлігі. Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы - теңге. Ол 1993 жылы 15-қарашада ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бұйрығымен енгізілді.
Жаңа материалды бекітуге арналған сұрақтар мен тапсырмалар:
1. Алғашқы металл және қағаз ақшалар қай ғасырда және қандай мемлекеттерде пайда болды?
2. Ақша дегеніміз не және ол қандай қызметтер атқарады?
3. Қазіргі қолданыстағы ақшалардың қандай түрлері бар?
4. Банк дегеніміз не және Қазақстан Республикасындағы банктер жүйесі неше деңгейге ажыратылады?
5. Қазақстан Республикасындағы қазіргі таңдағы қызмет ететін қандай коммерциялық банктерді білесіз?
Тапсырма: Берілген сөйлемдерді оқып, оның ақшаның қандай қызметін атқарып тұрғанын табыңыз?
1. Тойота Прадо автокөлігінің қазіргі бағасы 16 миллион теңгені құрайды.
2. 1 кг еттің бағасы 1500 теңге.
3. В. Иванов мырза Халық банкіне 100 000 теңге депозит салымын салды.
4. Ресей Федерациясы Қазақстан Республикасының экспорттаған мұнай өнімі үшін 50 миллион рубль қарызын өтеді.
5. Қызметкерлерге істелген жұмысы үшін еңбекақы төленді.
6. Кір сабынның құны 65 теңге.
7. Қытай елінен көтерме бағамен аяқ киім сатып алынып Қазақстанда бөлшек сауда бағасымен кері сатылды.
8. Сейфте 80 000 доллар ақша, алтын және бриллиант бұйымдары сақталған.
9. Зейнеткерлерге зейнетақы төленді.
10. Салымшылардың депозитіндегі ақша есебінен кредит төленеді.
Үй тапсырмасы: "Әр түрлі елдердің ұлттық валюталары" тақырыбына реферат дайындау.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі