Өлең, жыр, ақындар

Ұйымның кәсіпкерлік қызметі

Маңғыстау облысы
Жаңаөзен мұнай және газ колледжінің
Арнайы пән оқытушысы
Сандибаева Светлана Насыровна

 

Сабақтың мақсаты:

1. Білімділік: Ұйымның кәсіпкерлік қызметі, мәні және оның ерекшеліктері туралы жаңа түсініктер мен әрекеттердің амалдарын, оқушылардың экономикалық білім сапасын жетілдіру.

3. Дамытушылық: тақырыпқа байланысты әр түрлі сұрақтар бойынша сабақта оқушылардың ой-өрісін дамыту, оқушының тақырыпқа қызығушылығын ояту.

2. Тәрбиелік: студенттерді өмірден өз орнын таба білуге және өркениетті экономикалық салттарды меңгеру, кәсіпкерлік қызметке лайық дағдыларды және мәдениетті бойға сіңіру.

Көрнекілік құралдар:  интерактивті тақта, слайд, видео-ролик

Сабақтың әдісі: 

Миға шабуыл әдісі
Топтастыру әдісі
Синквейн әдісі
Инсерт әдісі
Кубизм стратегиясы
түсіндіру
Ауызша
Көрнекілік
Тәжірибелік

Сабақтың түрі: аралас

Пәнаралық байланыс: Экономикалық теория негіздері, Менеджмент, Маркетинг

Сабақ барысы:

I  Ұйымдастыру кезеңі

Оқушылардың сабаққа қатысымын тексеру

II  Үй тапсырмасын тексеру (сұрақ-жауап)

1.  Ұйымның негізгі сипаттамалары және міндеттері
2.  Ұйымның ішкі ортасының элементтері
3.  Ұйымның сыртқы ортамен байланысы

III   Үй тапсырмасын қорытындылау

IV  Жаңа сабақ

1. Жаңа тақырып бойынша студенттердің білімін тексеру (Білемін. Білдім. Білгім келеді? Кестені толтыру)

Білемін

Білдім

Білгім келеді?

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Жоспар:

1.  Кәсіпкерлік қызметтің мәні және шығу тарихы
2.  Кәсіпкерліктің негізгі белгілері және түрлері
3.  Кәсіпкерлік қызметке мемлекеттік ықпал етудің механизмі

1. «Кәсіпкер» ұғымы 1723 жылы Париж қаласында жарық көрген. «Жалпы сауда ұғымдары» сөздігінде алғаш рет келтіріліп, «нақты бір объектіні салу немесе өндіру міндеттемесін өз мойнына алған тұлға» мағынасында қолданылды.

XVIII ғасырдың бас кезінде атақты ағылшын экономисі Ричард Кантильон осы мәселемен белсенді айналысып, кәсіпкерліктің алғашқы тұжырымдамасын (1725-1730ж.ж.) жасады. Ғалым экономистің пікірінше, кәсіпкер қабылдаған шешімдеріне толық жауап беретін және келешекті болжап, тәуекелге бара алатын ерекше қабілетке ие тұлға дегенді білдірді.

Одан кейін көрнекті ғалым Адам Смит кәсіпкерлік саласына өндіріс тұрғысынан қызығушылық білдіріп, 1776 жылы жазған «Халық байлығының жаратылысы мен себебін зерттеу туралы» кітабында жер, еңбек және капитал секілді өндіріс факторларын қарастырып, кәсіпкерге «кәсіпорын иесі» деген анықтама берді.

1797 жылы француз ғалымы Карно Бодо, 1803 жылы Ж.Батист Сэй, 1890ж. Альфред Маршал, 1910 ж. Йозеф Шумпетер үлкен үлес қосты.

Сонымен қатар,  Д.Берч (1980жылдар), Б.Кирхгоф (1990 жылдар), Й.Шумпетер, А.Тюнен, Ф.Найт (1921ж.) К.Макклелланд, ресей экономистері В.Савченко, А. Агеев және т.б. өз тұжырымдамаларын берді.

Ұйымның кәсіпкерлік қызметінің мақсаты-қоғамдық тұтынушылықты қанағаттандыру және пайда  табу. Кеңес одағы кезінде, кәсіпорындардың негізгі мақсаты - қоғамдық тұтынушылықты қанағаттандыру болатын. Қазіргі нарықтық экономикаға өту кезінде, осы мақсатты алып тастап, пайда табуды ғана мақсат етіп қоюға бола ма?

Біздің, ойымызша жоқ.

Шындығында, кәсіпкерліктің негізгі мақсаты - пайда табу, бірақ жетілген нарықтық қатынастар жоғарыда айтылған екі мақсаттың үйлесімді болуын талап етеді. Әрине, кәсіпкерлік қызмет-кәсіпкерлердің экономикалық ісі, олардың үлкен көлемде пайда түсіру өнері мен мүмкіндігі, тиімділіктің жоғары болуын  қамтамасыз етуі деген мағынаны білдіреді. Сонымен қатар, нарықты экономика жағдайындағы кәсіпкерлік қызметтің дамуы тұтыну нарығының тауар мен қызмет түрлері және оның толығуына әсер етеді, экономиканың құрылымдық дамуын жандандырады, ғылыми- техникалық жетістіктердің енгізілуіне себепші болумен бірге, өндірістің тиімділігінің жан-жақты жоғарылауына ықпал жасайды.

Нарықтық экономиканың қозғаушы күші – кәсіпкерлік қызмет. Бұл өнім өндіру, белгілі бір жұмыстарды, қызметтерді орындауға байланысты ерекше әрекеті.

Нарықтық экономика жағдайында өндірістік немесе басқа да іспен айналысатын кез келген кәсіпорынды, жеке тұлғаны кәсіпкер немесе кәсіпкерлік субьектісі деп айта аламыз.

Кәсіпкерлерлік қызмет бұл кәсіпкердің айналысатын ісін айтамыз немесе кәсіпкерліктің обьектісі.

Кәсіпкерліктің субъектілері: мемлекет, жеке тұлғалар, заңды тұлғалар, серіктестіктер, арендалық ұжымдар, акционерлік қоғамдар, шаруашылық ассоциациялары, әртүрлі бірлестіктер.

Кәсіпкерліктің объектілері: шаруашылық қызметтің кез-келген түрлері, коммерциялық делдалдық, инновациялық, кеңес беру іс-әрекеттері, құнды қағаздармен операциялар.

Еңбекке деген қабілетін адамдар екі түрлі жолмен пайдалана алады:

- кәсіпкер, бизнесмен ретінде;

- кәсіпкерге жалдамалы жұмыскер ретінде.

Яғни, кәсіпкерлер және орындаушылар.

Орындаушылар-әдетте мамандығы бар, жауапкершілігі жоғары, ынталы, бірақ ұйымдастырушылық және кәсіпкерлік қасиеттері төмен адамдар.

Кәсіпкерлер - үстемдік қабілеті мол адамдар.

2. Кәсіпкерге тән ерекше белгілер:

•    Еңбексүйгіштік, аса үлкен рухани күш, ынталылық, жаңашылдық, шығармашылық
•    Іскерлік қабілет, тәуекелшілдік және өз бизнесін ұлғайтуға ұдайы ұмтылушылық
•    Адамдармен араласа білу қасиеті
•    Жауапкершілік, адалдық, заң мен салт-дәстүрді сыйлауға, басқа адамдарға ақпейіл қарым-қатынасы («Кімде-кім жымиа алмаса, дүкен ашпауы керек»).

Кәсіпкердің негізгі атқаратын қызметтері:

1.  Новаторлық қызметі. Әрбір кәсіпкер өзінің мақсатына жету үшін кәсіпкерлікті ұйымдастырудың жаңа формаларын, жаңа технологияларды қолдануға мүдделі болады. Бұл қызмет өнімнің бәсекеге қабілеттілігін және сапасы туралы мәселелерді шешеді.
2.  Ұйымдастыру қызметі. Әрбір кәсіпкер минималды шығын жұмсау және максималды пайда табу мақсатымен ең тиімді өндірісті таңдайды. Өндірісті ұйымдастыру кезінде кәсіпкер жер, еңбек, капитал ресурстарын бір процеске біріктіреді.
3.  Басқару қызметі. Әрбір кәсіпкер шаруашылықты жүргізуде негізгі шешімдерді қабылдау инициативасын өз жауапкершілігіне алады: кадр мәселесі, өнімді сатып өткізу, банк жүйесімен байланысты мәселелерді шешеді.
4.  Тәуекелге бару қызметі. Әрбір кәсіпкер тәуекелге бару үшін істелетін істің айқындылығын талдап, қорытындысына не болатынын білген жөн. Кәсіпкер тек қана өз уақыты, еңбегін, іс қабілеттілігін тәуекелге салмайды, сонымен бірге өндіріске кеткен өзінің серіктестіктерінің немесе акционерлерінің қаржыларын тәуекелге салады.

Кәсіпкерлік  қызметтің объектілері  шаруашылық қауымдастықтың әртүрлі формасында көрінс алады.

 Кәсіпкерлік қызмет түріне байланысты өндірістік, коммерциялық, қаржылық, кеңес беру кәсіпкерлік жатады.

•    Өндірістік кәсіпкерлік – бұл тауар өндіру мен қызмет көрсетумен байланысты кәсіпкерлік.
•    Коммерциялық кәсіпкерлік – бұл өнім өндірумен байланыссыз тауарлар мен қызметтерді қайта сату бойынша операцияларды жүргізумен ерекшеленетін кәсіпкерлік. Коммерциялық кәсіпкерліктің іс өрісі тауар биржалары мен сауда мекемелері.
•    Қаржылық кәсіпкерлік –бұл сату, сатып алу объектісі ақша, валюта, құнды қағаздар болып табылатын коммерциялық кәсіпкерліктің түрі. Қаржылық кәсіпкерлікке коммерциялық банктер және қор биржалары жатады.
•    Кеңес беру кәсіпкерлігі – бұл нарыққа бағытталу туралы қаржылық шаруашылық талдауды жасауға, басқару мәселелері жөнінде көмектер көрсетумен айналысатын кәсіпкерлік.

3. Кәсіпкерлік істі мемлекеттік реттеудің керектігін негіздей отырып, Ф.Котлер осы заңдардың пайда болуын үш негізгі себептің әсер етуімен түсіндіреді:

1. Фирмаларды бір-бірінен қорғаудың керектігі. «Кәсіпкерлердің барлығы бәсекелестікті бір кісідей жақтайды, бірақ өз мүддесі туралы сөз болғанда оларды барлығы да бәсекелестікті бейтарап қалдыруға тырысады» (Ф.Котлер, 168-бет). Сондықтан бәсекелестік арасындағы заңсыздыққа жол бермеу заңдары қабылданады.

2. Тұтынушыларды арам ниетті іскерлік практикадан қорғаудың қажеттілігі. Сондықтан бақылаусыз қалған фирмалардың нашар тауарларды шығаруына, жарнамаларда жалған ақпарат беруіне, әдемі қораптаумен және баға деңгейімен шатастыруына қарсы заң шығарылды.

3. Қоғам мүддесін кәсіпкердің жеке мүддесінен жоғары ұстау. Ф.Котлер бұл жағдайда «кәсіпкерлік іс кейбір жағдайларда өмір деңгейінің жоғарылауын қамтамасыз ете алмайды», - деп өте жұмсақтап атап кетті.

Негізінен кәсіпкерлікті төмендегі келесі бағыттар бойынша қолдау қажеттігі туындайды:
•     Кәсіпкерлікті қаржы-несиелік және инвестициялық қолдау.
Кәсіпкерлікті қаржылай қолдау саясаты орташа және ұзақ мерзімді несиелеуді, аймақтық деңгейде кепілдік қорлар мен несие серіктестіктерін құруға бағытталуы қажет.
•     Салық салу және кеден саясаты.
Кәсіпкерлікті қолдаудың басты бағыттарының бірі - кеден баждарын төлеу кезінде жеңілдіктер беру. Қазақстанда өндірілмейтін шикізаттарды импорттаған кезде қосымша құн салығын салуды кейінге қалдыру қажет.
•    Кәсіпкерлікті қолдаудың инфрақұрылымдарын дамыту.
Бизнестің тиімді қызмет етуін қамтамасыз ететін нарықтық инфрақұрылымға мынадай элементтер жатады: аудиторлық, консалтингтік, бухгалтерлік және басқа да қызмет түрлері, қаржы-несие институттары, сақтандыру компаниялары, әр түрлі оқу орындары жатады. Сонымен қатар бұл нарық инфрақұрылым субъектілерінің өзіндік проблемаларын шешу қажет.
•    Ақпараттық қамтамасыз ету.
Бұл орайда бағдарлама бойынша кәсіпкерлікті ақпараттық қамтамасыз етудің ұлттық жүйесін жасау жоспарланған. Осы жүйе шеңберінде заңдық-нормативтік актілер, оқу орталықтары, заңгерлік фирмалар, адвокаттық кеңселер, инфрақұрылымның басқа да объектілері бойынша деректердің ақпараттық базасы құрылады.

V Сергіту сәті: Ел басы Н.Ә.Назарбаевтің Халыққа жолдауын тыңдау (2015 жылғы, үзінді бейне-ролик  3 минут)

1) Білемін. Білдім. Білгім келеді? Сұрақтарына жауап беру.

VІ Шығармашылық тапсырмалар:

1. 5 жолды өлең (Синквейн әдісі)

Синквейн жазу ережесі:

    1) Бірінші қатарға бір сөзбен тақырып жазылады (зат есім түрінде).
    2) Екінші қатарға тақырыпты екі сөзбен келтіруі (екі сын есім түрінде).
    3) Үшінші қатарға үш сөзбен осы тақырып бойынша іс - әрекет жазылады (етістік, көсемше).
    4) Төртінші қатарға төрт сөзден тұратын осы тақырыпқа қатысты сөйлем немесе сөз тіркесі.
    5) Соңғы қатарға тақырып мәнін сипаттайтын бір сөзден тұратын синоним (метафора) жазылады.
Мысалы:
1. Кәсіпкер
2. табысты, пайдалы
3. жарнамалайды, ұйымдастырады, өндіреді
4. Қажетті тауар мен қызметті шығарады
5. Бизнесмен

2. Кубизм стратегиясы арқылы жаңа сабақты пысықтау

1.  Салыстырыңыз « Кәсіпкер және кәсіпкерлік анықтама беріңіз?»
2.  Талқылаңыз «Кәсіпкерлік қызметпен айналысу барысында қандай жағдайлар ескерілу қажет/Сіздің басқа ұсынысыңыз».
3.  Қолданыңыз «Кәсіпкерге тән ерекше белгілер қандай?/Өзіңізден сол қасиеттерді байқайсыз ба?»
4.  Мысал келтіріңіз «Қазақстанда кәсіпкерлік қызметті дамытуда және қолдауда заңдық-нормативтік актілер қарастырылған ба?
5.  Зерттеңіз «Кәсіпкер сөзі қашан қолданыла бастады?»
6.  Дәлелдеңіз «Кәсіпкерлік қызметті қолдауда және дамытуда Қазақстанда жағдай жасалған ба?»

VII Сабақты қорытындылау

VIII  Үйге тапсырма

ҚР-да кәсіпкерлікті  дамыту бойынша «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасына SWOT-талдау жасау

 

Мүмкіндіктер:

Қауіп-қатерлері:

Күшті жақтары:

1.

2.

    т.б

1.

2.

            т.б

Әлсіз жақтары

 

1.

2.

              т.б

1.

2.

            т.б

 

IХ  Бағалау Әрбір жауап беруші студент немесе топ жауап беруіне байланысты дәстүрлі бағамен бағаланады.

Х «Тілек ағашы» Студенттер бүгінгі сабақтан алған әсерлерін, өз ұсыныстарын стикер арқылы көрсетеді.


Пікірлер (2)

Айғазы Райымбек

Сəлеметсіздер ме?!
Мен мектеп бітіріп, оқуға түспекші талапкермін. Болашақта қандай маман иесі болуды ойластырудамын. Маған өз кəсібімді қалай жүргізу үшін білім алу керек. Сондықтан Мирас Университетіне менеджмент кафедрасына оқуға түстім. Алдын-ала ақпарат алу үшін интернеттен қарап, осындағы жазбаларды толық оқып шықтым. Шынында, менеджер маманы болу келешек жоспарыңда, өсіп-өнуіңде, табыс тауып, бизнесмен, кəсіпкерлікте үлкен рөл атқарады екен. Осы саланың маманы болуға ынта-ниетім зор ! Жəне басқа да өз кəсібін жүргіземін деушілерге менеджерлікті оқуға шақырамын !
Назарларыңызға рахмет!

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз