Сабақтың тақырыбы: Орфография мен орфоэпия
Сабақтың мақсаты: Ойлаудың жеті түрлі негізін дамыту.
Білімділік: Орфоэпия мен орфография туралы түсінік беру; ауызша және жазбаша жұмыс жүргізе отырып, білімдерін бекіту, іздендіре отырып, нәтижеге өз беттерінше жетуге үйрету.
Дамытушылық: ойлау, есте сақтау, сөйлеу қабілеттерінің дамуына ықпал жасаыу, құзырлы тұлғаға қажетті біліктілікті қалыптастыру.
Тәрбиелік: оқушының шығармашылық мүмкіндігін ашу, қонақжайлыққа, сыйластыққа тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: Ауызша сабақ 1.
Биоақпараттандыру және синергетика технологиясы.
Сабақ оқудың макроқұрылымы. 1- кезең. Ұйымдастыру кезеңі.
Құрал-жабдығы: 1. Бағыттаушы парақтар.
2. Қатысушылардың нөмірі жазылған жетондар.
3. Үстелдерді белгілеуге арналған сілтемелер.
4. Жалпы бағалау парағы.
Сыныпты басқару. Үстелдерді орналастыру. ООМ – орынға отырғызу матрицасы.
Психологиялық дайындық.
Әрбір тілде сөйлеп, адамды таң қалдырып, Ана тілін білмеу қандай заңдылық?! Өсер балаң, байтақ далаң тұрғанда қазақ тілі жасау керек мәңгілік!- деп ақындарымыз жырлаған, сиқырлы әріптермен өріліп, кестелі сөздермен өрнектелген қазақ тілі сабағын бастаймыз. – Балалар, бүгін сабағымызға қонақтар келіп отыр. Қазақ қандай халық болған? – Қонақжай. Дұрыс. Оларды риза етуге тырысып, барлық жағдай жасаған. Біз де бүгін ата-баба салты бойынша келген сыйлы қонақтарға арнап үй тігеміз. Ол үшін берілген тапсырмаларды дұрыс орындауымыз қажет.
Ауызша сабақ – 1 түрінде өтеді. Міндеті: технологиялық картаның міндетін орындау. Жауап бар болса – ұпай бар, жауап жоқ болса- ұпай жоқ. Бұл- технология заңы. Сабақ соңында әр ұяшықта 4-5 белгі болу керек. Әр оқушы өз білімінің дәрежесін көреді.
Сабақтың мақсаты: қазақ халқының баспанасы – киіз үй туралы түсінік-ұғымын молайту, фонетика саласы бойынша буын және дыбыс үндестігі, сөздердің дұрыс айтылу мен жазылу нормалары туралы білімдеріңді жетілдіру.
2 – кезең. Cубъектті іс-тәжірибесін өзектендіру. Үй тапсырмасын тексеру.
- Балалар, үйге қандай тапсырма берілді? «Дүниеде не ауыр?» мәтініндегі бала бидің даналық сөздерің баяндап беру. Дыбыс үндестігі мен буын үндестігі туралы айту.
Сарамандық тапсырма. «Талдау – табыс кілті». Екі оқушы тақтаға шығып «адамның» сөзіне фонологиялық, «жақсыларымен» сөзіне математикалық тәсілмен талдау жасайды.
Сұрақтар:
1. Үндестік заңы дегеніміз не?
2. Үндестік заңы нешеге бөлінеді?
3. Буын үндестігі дегеніміз не?
4. Жуан, жіңішке дыбыстар қандай жолдармен араласып келеді?
5. Буын үндестігіне бағынбайтын қосымшалар.
6. Дыбыс үндестігі дегеніміз не?
7. Дыбыс үндестігі нешеге бөлінеді?
8. Ілгерінді ықпал деген не?
9. Егер сөздің соңғы дыбысы қатаң болса, оған жалғанатын қосымша неден басталады?
10. Сөздің соңғы дыбысы ұяң болса, қосымша неден басталады?
11. Кейінді ықпал дегеніміз не?
12. Жүсіпбек сөзі қандай ықпалға жатады? /ілгерінді/
13. Сөз қатаң қ,к,п дауыссыздан аяқталса, қандай өзгеріске ұшырайды?
14. Біріккен, тіркескен сөз зж дыбысынан аяқталса, айтылуда не естіледі?
15. Тоғыспалы ықпал дегеніміз не?
3-кезең. Қабылдауды ұйымдастыру. Тірек сөздермен жұмыс. /7 сөзге 30 сек. уақыт беріледі/
Асадал
Адалбақан
Асадал
Туырлық
Үзік
Түндік
Кебеже
Жүкаяқ
Түсініксіз сөздер түсіндіріледі:
Асадал – тамақ пен ыдыс-аяқ сақтауға арналған үй жиһазы.
Адалбақан – киім және тағы басқа үй мүлігін ілуге арналған жиһаз.
Туырлық, үзік, түндік – киіз үйді жабатын киімдер.
Үзік – киіз үйдің жоғары жағын, туырлық – киіз үйдің түндігі мен үзігінің арасатын қосатын киіз, түндік – киіз үйдің шаңырағын жабатын киіз.
Кебеже – ас, тағам салатын ағаштан жасалған үлкен сандық.
Жүкаяқ – жүк астына қоятын төрт аяқты бұйым.
Бірдей бір шапалақ. /Оқушылар жазады/.
«Қолдағы қаламсап – бұл қателік» бұйрығы.
4 – кезең. Жаңа сабақ. Ойлауды ұйымдастыру. Киіз үйдің ерекшелігі неде? /Оқушылардың жауаптары/. Мәтінмен жұмыс. «Киіз үй» мәтіні. /слайд/
Киіз үй – қазақ халқының баспанасы, тұрмыстық мәдениетінің көрінісі. Мұнда ата-бабаларымыздың түсінігі, ұғымы, өмір тәжірибесінің тұтас үлгісі жатыр.
Киіз үйді тігу оңай емес. Алдымен керегені жаяды. Содан кейін шаңырақты көтереді. Оған уықтарды шаншыған. Қазақтың өмірінде шаңырақтың маңызы зор. Шаңырақ – үй, әулет мағынасында да пайдаланылады. Әулет дәстүрі бойынша ұлдар әке шаңырағының иесі, мұрагері болып саналады. Шаңырақтан кейін ерекше қастерленетін бөлшегі – босаға. Ол табалдырық пен маңдайшадан тұрады. Есікті туырлық, үзік, түндік деп аталатын киізден жасалған бөлшектен жабады.
Киіз үйдің қонақ отыратын жері – төр. Дәстүр бойынша үйдің сол жағы әйелдерге арналады. Есікке таяу асадал мен адалбақан қойылып, олардың тұсына қоржын, кебеже, жүкаяқ ілінеді. Ер адам жағында босағаға қарай қару-жарақ, ат әбзелдері ілінеді.
Киіз үй бүгінгі күнге дейін өз маңызын жоғалтпай келеді.
Асты сызылған сөздерді зерттейміз.
Мәтіннің ішінен асты сызылған сөздің дұрыс жазылуын бір бағанға, сөзерді бір-бірімен үндесіп, дыбысталуын екінші бағанға жазады.
-Балалар, тақтаға қараңыздар. Бірінші бағандағы сөздің бірізді дұрыс жазылуын орфография, 2-ші бағандағы сөздің бірізді дыбысталуын, ауызша дұрыс айтылуын орфоэпия дейміз. Бүгінгі сабақтың тақырыбын зерттеп, өздеріңіз аштыңыздар. «Орфография мен орфоэпия» деп аталады.
- Дәптерлеріне жазып алыңдар. /Слайд. Тірек сызбамен жұмыс/.
5 –кезең. Алғашқы түсінікті тексеру. МПМ бойынша барлық оқушыдан сұралады. «Бірдей екі шапалақ» бұйрығы. Қарама-қарсы сұрақтар:
1. Орфография дегеніміз не?
2. Киіз үйді жабатын киіз түрлерін ата.
3. Дыбыс үндестігі дегеніміз не?
4. Ілгерінді ықпал деген не?
5. Асадал қандай үй жиһазы?
6. Кейінді ықпал деген не?
7. Қатар тұрған екі дыбыс бір-біріне қалай әсер етеді?
8. Адалбақан неге арналған жиһаз?
9. Жазылуы «көзілдірік» болса, айтылуы қалай?
10. Сәтбай сөзі қандай ықпал?
11. Орфоэпия дегеніміз не?
12. Жүкаяқ қандай бұйым?
13. Сөздің соңғы дыбысы дауысты немесе үнді дауыссы болса, қосымша неден басталады?
14. Сөз қатаң қ,к,п дыбыстан аяқталып, оған дауысты дыбыстан басталатын қосымша жалғанса, қандай дыбысқа айналады? Қандай ықпал? /кейінді/.
15. Тоғыспалы ықпал дегеніміз не?
16. Бозжан, жүз жыл сөздері қандай ықпал? /кейінді/.
6 –кезең. Бекітуді алғашқы ұйымдастыру. «Бірдей үш шапалақ» бұйрығы. МПМ-мен жұмыс. «Иә, жоқ». Сын тұрғысынан сұрақтар:
1. Орфоэпия – сөздің бірізді дыбысталуы. +
2. Қатар тұрған екі дыбыстың бір-біріне әсер етуін кейінді ықпал дейміз. –
3. Дыбыс үндестігі екіге бөлінеді . –
4. Орфография – сөздің бірізді дұрыс жазылу заңдылығы. +
5. Бір буынды сөз тасымалданбайды. +
6. Киіз үйді тігерде алдымен шаңырақты орналастырады. -
7. «Қара ала» сөзі ілгерінді ықпал. –
8. Адалбақан киім ілуге арналған жиһаз. +
9. Жақтың кең ашылуы арқылы жасалған дауысты дыбыстарды ашық дауыстылар дейміз. +
10. «Сақ адам» сөзі кейінді ықпал +
11. Кебеже - жүк астына қоятын бұйым. -
12. Көмектес септігі буын үндестігіне бағынады. –
13. Көрші дыбыстардың алғашқысы соңғысын өзіне ұқсата әсер етуін ілгерінді ықпал дейміз. +
14. Қатар тұрған екі дыбыстың бір-біріне әсер етуін кейінді ықпал дейміз. –
15. Туырлық – киіз үйдің шаңырағын жабатын киіз. -
16. «Ала көз» сөзі ілгерінді ықпал. +
7-кезең. Тақырыптық сөздік қор. Тақырыпты қорыту. 5 мин.
Өтілген тақырып бойынша кім қанша сөз немесе шағын эссе жазады. «Қолдағы қаламсап – бұл қателік» бұйрығы.
/Көршілер бір-бірінің жұмысын тексереді/. 40-50 сөз жазған оқушы ұтады.
Үй жұмысы. – «Қазақ – қонақжай халық» тақырыбына шағын шығарма жазу. Үйге келген қонаққа қандай қонақ асы беріледі екенін келесі сабақта білеміз. 10 сөзді орфоэпиялық норма бойынша жазыңыз.
Бағалау. МПМ бойынша бағалау.
- Балалар, технология нормасын сақтап, өз бағаларыңды алдыңыздар. Сабаққа белсенді қатысып, жақсы білімдеріңізді көрсеттіңдер. Барлық тапсырманы орындап, қонақтарға әдемі киіз үйін тіктік. Сабақ аяқталды.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі