Өлең, жыр, ақындар

Құс ұясын бұзбайық!

Ақтөбе қаласы
"Облыстық туберкулез-санаториясы мектеп- интернаты" КММ-сінің
тəрбиешісі: Сактаганова Жамила Алтынбековна

Тәрбие сағатының тақырыбы:  Құс ұясын бұзбайық!

Тәрбие сағатының мақсаты:

Құстардың адам өміріндегі пайдасы туралы мағлұмат беру. Құстар туралы мақал – мәтелдер мен жұмбақ шешкізу арқылы оқушылардың тіл байлығын арттыру. Табиғатты, құстарды қорғауға, құстың ұясын бұзбауға тәрбиелеу.

Көрнекілігі: Слайд, қолдан жасалған құс ұясы(картоннан, бұтақтардан, ағаштан) стикерлер, тыйым сөздер т.б.

Шаттық шеңбері:    Құстай болып ұшамыз,

                                 Құс ұясын бұзбаймыз.

                                 Табиғатты аялап,

                                 Біз бақытты боламыз!

Тәрбиеші:  Құстар- қанаты, қауырсыны, тұмсығы бар, омыртқалы жануар. Құстарды Жер шарының барлық түкпірінен кездестіруге болады. Бүгінгі таңда құстардың  9000-дай түрі бар. Құстар уақытының басым көбін азық іздеумен өткізеді. Құстар ұшқан кезде, көп қуат жұмсайды, сондықтан ұшуға дәрменді болу үшін жемді көп жеулері керек. Құстарды мекен ететін орындарына қарай орман, дала, балшық, су құстары деп бөледі. Құстар ұяны жыртқыштар мен ауа райының қолайсыздығынан қорғану үшін салады. Жыртқыштарға жем болмау үшін ұяларын қол жетпейтін, жасырын жерге салып, бетін бүркеп қояды. Ұя, сонымен қатар жұмыртқалар мен балапандарынға жылу береді. Жалпы алғанда, торғайлар  ұясын  бес-алты күнде салып алады. Ірі құстардың ұя салулары  бірнеше аптаға созылуы мүмкін. Ұялардың пішіні де, түрі де әртүрлі болады: ін ұя, шұңқыр ұя, тесік ұя, құрқылтайдың тоқыма ұясы, ойма ұя, шыбықтан өрген ұя, шөп-шаламнан жасаған ұя, тостаған ұя. Бүркіттердің үлкен-үлкен бұталардан қиыстырып салған ұясының салмағы бір тоннадан да асып кетіп жатады.  Ең үлкен ұя салатын құс- тазқара. Ұясының ені-2,5 метр, тереңдігі- 6 метр. Құстардың 9000 –ға жуық түрінің 1000 шақтысының жоғалып кету қаупі төніп тұр. Оларға негізгі қауіп адам баласынан келіп отыр. Орман, өзен-көлдер  шаруашылық мақсатта аяусыз игерілуде.

(слайд арқылы құстардың ұя салу кезеңін тамашалау)

Тақпақтар:

Наргиз: «Шөже»

 Күшіктен, мысықтан да,

Тұрған жоқ кауіп төніп,

Сейілге  қызыққанда,

Шығады тауыққа еріп.

Тапқандай бар асылын,

Гүл ішін аралайды.

Кешкісін анасының,

Қанатын паналайды.

Темірлан: «Сауысқан»

Селк етіп сырт дауыстан,

Шықылықтайды сауысқан.

Атамның жиған сымдарын,

Терекке тасып тауысқан.

Жасаған өзі бастама,

Бұл ісі    үлгі басқаға.

Үзік те жұлып сол сымнан,

Алыпты салып баспана.

Теректің басын мекендеп,

Ұясын қойған бекемдеп.

Мәз болды атам: « Бұл құс та,

Шебердің өзі екен!» деп.

Бейбарыс: «Көкек»

Талмай шырқап өз атын,

Әуелетіп созатын,

Ұшатын биік қияда,

Жұмыртқасын салатын

Мүлде бөтен ұяға

Кім білмейді көкекті,

Құсым... өте епті.

Тәрбиеші: Оқушыларды топқа бөлу.( себетте тұрған қағаздарды алып «гүл» және « ағаш» болып екі топқа бөлінеміз)

Тырна сұрақтары:

  1. Мемлекетіміздің қай рәмізінде құс бейнесі бар және қандай?
  2. Бақыт құсы қай құс?
  3. Қай құсты халқымыз киелі санайды?
  4. Сендер қай құстың жұмыртқасын жейсіндер?

Бұрап қойған сағаттай

Айқайлайды таң атпай

 

Көктемде ұшып келеді,

Жаздай ән салады.

 

Тәрбиеші: (екі топқа бөлу: «гүл» және «тал» топтары) Берілген суреттер арқылы топтардың постер қорғауы.

Оқушылар енді сергіту сәтіне кезек берсек. (қарлыгаш әніне қосыла билейміз)

Көрініс: «Жаралы балапан»

Екі бала құс ұясын таспен атқылайды.Таспен атқылып ұясын бұзады. Ұясы бұзылып, бір құс жарадар болады да екіншісі ұшып кетеді. Қанаты жарадар болған құс орманға қарай бет алады.

 Автор: Ұясында екі құс өзара әңгімелесіп отыр. Екі бала өтіп бара жатып.

Құс: «Қой мына орманға қарай барайын, мына адамдар менің ұямды бұзып тастады мүмкін ағаштар маған жаны ашып, бұтақтарына қондырар.»

Автор: Құс жаралы қанатын сүйреп, әрі қарай бет алады. Алып емен ағашын көріп, оған жалына бастайды.

Құс:  Батыр емен, мені көктемге дейін қалың бұтақтарына паналауға жіберші!

Емен: Сол ғана қалған еді. Егер бәрін қыстауға  кіргізе берсем, маған бірде-бір жаңғақ қалдырмайсындар. Жо-жоқ кіргізе алмаймын, өз жолыңмен жүр.

Автор: Кішкентай құс жараланған қанатын аяп, әрі қарай  орманды аралап кетеді. Өзенге қарай жақындап келсе, жағаның бойында өзеннің суына дейін бұтақтарын жайған  үйеңкі тұр екен.

Құс: Мейрімді үйеңкі, сенің бұтақтарың сондай қалың, жайлы екен. Көктемнің жылы күндеріне дейін  саяңда мекендеуге рұқсат етші!

Үйеңкі: -Бар жоғал, мен өзенмен ғана сөйлесемін, қайдағы дала кезген кезбелермен сөйлесу маған жараспас.

Автор: Бейшара құс түңіліп кетеді, қалай түңілмесін! Ол  байғұсты ешкім кіргізбеді. Бәрі де мұрындарын шүйіре сөйлеседі. Қатты шаршап, ашыққан құс жарланған қанатын ауыртып алмас үшін ақырын аяңдап орманның түкпіріне кетеді.

Бейшара құсты  жасыл шырша көріп қалады.

Шырша: -Байғұсым-ау қайда бара жатырсын?

Құс: Қайда баратынымды өзім де білмеймін.

Шырша: - Білмейтінің қалай?

Сен неге құрбыларыңмен бірге ұшып кетпедің?

Құс: -Қанатым жаралы, ұша алмаймын.

Шырша: -Онда менің саямда тұра ғой. Мінеки, мына қалың бұтақшаға қона ғой.

Автор:  Шыршаның жанында қалың қарағай тұрған еді.

Қарағай: Менің бұтақтарым соншалықты қалың емес, бірақ сені суық теріскей желдерден қорғаштап тұрайын.

Автор: Құс шыршаның бұтақтарының қалың жеріне барып жайғасады, ал қарағай оны суық желдерден қорғаштайды. Бір күні қатты жел соғады.

Ол ағаш бұтақтарымен алысып, қатты соққаны соншалық жапырақтар жаңбырша төгіледі. Бұл желге ұнай түседі. Бірақ мұны жасамас алдын  Орман патшасынан рұқсат сұрайды.

Жел: Ағаштардың барлық  жапырақтарын түсірейік бе?

Орман патшасы: Еменнің, үйеңкінің – барлық жапырақтарын шешіп алыңдар! Ал кішкентай құсты қамқорлығына алған шырша мен қарағайға тиіспеңдер!Олар мәңгі жасыл қалпында қалсын!

Автор: Желдер орман патшасының айтқанын орындайды. Емен мен үйеңкенің барлық жапырақтарын шешіп тастайды.Мейрімді шырша мен қарағайдың арқасында құс аман -есен көктемнің шуақты күндеріне жетеді.

Тәрбиеші: Оқушылар көрініс арқылы біз не түсіндік?

(оқушылар жауабы тыңдалды)

Тәрбиеші: Өте тамаша балалар, біз құстарға қамқор болуымыз керек олардың ұясын бұзбауымыз керек екен.

Шыр, шыр еткен торғайды.

Қорғамасаң болмайды,

Құс өкпелеп кетеді,

Бақшамызға қонбайды.

Сонымен бүгінгі «Құс ұясын бұзбайық» атты тәрбие сағатымызды аяқтаймыз.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз