Өлең, жыр, ақындар

Атқа міну мәдениеті

Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласы
№ 45 бейімделген орта мектебі
география пәні мұғалімі Кисанова Жанна Толепбергеновна

Сабақтың тақырыбы: Атқа міну мәдениеті

Сабақтың түрі: семинар

Сабаққа негізделген оқу мақсаты: Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы бойынша «Атқа міну мәденитін» жан-жақты талдай отырып, жылқы жануарының қазақ ұлтының өміріндегі рөлін анықтау.

Бағалау критерийлері:      

•  Жылқы малын алғаш қолға үйреткендер көшпелілер екенін біледі;

•  Жылқы малының түрлері мен пайдалану мақсаттарын анықтайды;

•  Жылқы малын пайдалана отырып өткізілетін ұлттық ойындарды сипаттайды;

•  Жылқы малына қатысты білімдерін  пайдалана алады.

•  Атқа міну және жылқы шаруашылығы туралы өз ой пікірлерін қорытындылайды.

Ойлау деңгейі: Білу, түсіну, қолдану, жинақтау

Тілдік мақсаттар:

Оқылым: мәтінмен жұмыс

Тыңдалым: мұғалімнің берген тапсырмасын тыңдау,бейне жазба

Жазылым: сабақ барысында тапсырмаларды орындау, зерттеу жоспарын құру негізгі сөздер мен тіркестер. (пәнге арналған сөздік және терминология)

Айтылым: пікір алысу, ойларымен бөлісу.

Терминология: ат әбзелдері, арғымақ, жабы, пырақ, қымызмұрындық

Құндылықтарды дарыту: «Мәңгілік елдің» идеясының алтыншы құндылығы бойынша құрмет, ынтымақтастық, ашықтық, қазақстандық патриотизм және азаматтық жауапкершілікке, ұлттық мәдениетімізді дәріптей отырып, ұлттық құндылықтарымызды сақтауға, ұлттық тарихи сана-сезімге тәрбиелеу.

Пәнаралық байланыстар: Қазақ әдебиеті, тарих, география, музыка.

АКТ қолдану дағдылары: Презентация, бейнематериал

Алдыңғы білім: Төрт түлік жануарлары туралы біледі.

Сабақтың жоспары

Сабақтың басы

2-мин

Ұйымдaстыру кeзeңі: Сәлeмдeсу. Оқушылaрды түгeлдeу

«Ат туралы аңыз» атты бейнематериал көрсету арқылы сабақтың тақырыбын ашу.

Ой шақыру. Тақырыпқа шығу.

– Атам қазақ «мал – жан аман ба?» - деп алдымен төрт түлік малының жай – күйін түгендеген. «Құдайға шүкір, жақсы» деген жауап алса иесінің де жағдайының жаман еместігі деп қабылдайтын болған. Халық ұғымында қазақ, дала, жылқы деген сөздер бір – біріне етене жақын. Жалпы көшпелі тұрмыс кешкен халықтардың көне заманнан бері ең көп өсірген малы және төрт түліктің ішіндегі қастерлеп пір тұтатыны да жылқы. Сонда балалар біздің бүгінгі сабағымыз не туралы екен?

(оқушылардың болжамды жауабын тыңдаймын, сабақтың тақырыбы мен мақсатын түсіндіріп өтемін ) Әрине жылқы жануарымен байланысты екен.

Сыныпты топқа бөлу.

Жылқы суреттерімен топқа бөлінеді.

1-топ. Сәйгүлік

2-топ. Тұлпар

3-топ Арғымақ

4-топ. Пырақ      

Сабақтың ортасы

Мұғалім: Тұңғыш елбасымыз Н.Назарбаев 2018 жылдың 21 қарашасы күні өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» деп аталатын кезекті мақаласын жариялағаны бәрімізге белгілі. Мақалада: "Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі" дейді Елбасы. Осылайша, өткенді зерделеп, бүгінгіні бағалап, келешекке сеніммен қадам жасау үшін тарихи сананы жаңғырту қажеттігін нақты мысалдармен түйіндейді. Соның бірі 1. Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы Ұлы Даладан тарағаны тарихтан белгілі.

Мұның тарихы қандай екенін тыңдайық 

Оқушы: Қазба қалдықтары жылқының б.з.б. 7000 ж. бұрын-ақ Азия менЕуропада қолға үйретілгендігін дәлелдейді. Жылқы тұқымдасыесек, құлан, зебр, жабайы жылқы болып 4 туысқа бөлінеді. Үй жылқысы жабайы жылқыға жатады, одан басқа оған керқұлан(немесе Пржевальский жылқысы) және қазір жойылып кеткенТарпаң жатады. Соңғысы 19 ғ. дейін Батыс Қазақстан, Батыс Сібір,Ресейдің еуропалық бөлігінің оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарын және кейбір Еуропа елдерін мекен еткен. Керқұлан үйірлері қазір Моңғолияда ғана кездеседі. Көптеген ғалымдардың зерттеулері бойынша үй жылқысының ең жақын тегі осы керқұлан. Жабайы жылқының сүйегі Францияның солтүстігінен көп табылған.Америкада жабайы жылқы болмаған, қолға үйретілген жықылар кейін тағыланып (мустанг деп аталады) кеткен.

Мұғалім: Ал Қазақстанда ол қалай тараған?

Оқушы: Ежелгі дәуірлерде-ақ қазіргі Қазақстан аумағы жылқының қолға үйретілген мекені болғандығын археологиялық қазбалар дәлелдейді. Солтүстік Қазақстандағы Ботай мәдениеті энеолитдәуірінде (б.з.б. 4-3-мыңжылдық), Арқайым ескерткіштері орта қола дәуірінде (б.з.б. 2-мыңжылдық), Қазақстанның барлық аймақтарынан кездесетін арий, сақ, ғұн кезеңдерінің ескерткіштері (б.з.б. 1-мыңжылдық – б.з. 2 ғ.) ежелгі Қазақстанда жылқының қолға үйретіліп қана қоймай, бұл малдың ерекше қастерленіп, әдет-ғұрыптық рәсімдердің ажырамас бір бөлігіне айналғанын көрсетеді.

Топтық жұмыс

1-топқа тапсырма: ат әбзелдерін атап, олардың пайдалану тәсілдерін түсіндіріп беру.

2-топқа тапсырма: жылқы малының түрлері мен қасиеттері

3-топқа тапсырма: жылқы жануарымен қатысы бар ұлттық ойындарға сипаттама беру

4-топқа тапсырма: жылқының қазақ елінің тұрмыс тіршілігіндегі пайдасы

Топтар жұмыс жасап отырғанда музыка қосылып тұрады.

Топтар өз тақырыптары туралы әңгімелейді, презентацияны пайдалана отырып.

Оқушылардың болжамды жауаптары

1-топ. Ат әбзелдері мен оларды пайдалану

Ат-әбзелдері – атқа міну және жегу үшін пайдаланатын ер-тұрмандары мен жабдықтары.

Ер-тұрман – салт мінетін ат тұрманының жалпы атауы. Оған ер, тоқым, жүген, ноқта, айыл, өмілдірік, құйысқан, қамшы, тұсамыс, шідер жатады.

Ер – әбзелдің негізгі ағаш тұғыры (бөлігі). Ол екі қастан (алдыңғы және артқы), екі қапталдан, белағаштан тұрады. Қазақы ер, құранды ер, шошақ бас ер, үйрек бас (құсбас) ер, қазық бас ер, қозықұйрық ер сияқты түрлері болады. Рулық белгісіне қарай алтай ер, найман ер, үйсін ер, керей ер, адай ер, қызай ер деп те бөлінеді. Сапасына қарай алтын ер, күміс ер, сондай-ақ еркек және әйел ері де болады. Ағаштан жасалып, тұтас ойылған ерді ойма ер деп атайды.

Өмілдірік – ер кейін кетпес үшін аттың омырауына шеттік арқылы тағылатын, әсемделген, шекетулеген өте сәнді әбзел.

Құйысқан – ер ат мойнына кетпес үшін ат құйрығы астынан екі жамбас үстімен ер шеттігіне жалғасатын күмістелген әбзел.

Тоқым – ер астынан келетін, былғарымен қапталып, киізден жасалған әбзел.

Тебінгі – атқа үзеңгі тимес үшін және киім ат терімен бүлінбес үшін тоқымға жалғасатын әбзел.

Үзеңгі – жезден, темірден жасалған атқа міну үшін қолданылатын тұрман.

Жүген – ат басына кигізілетін негізгі әбзелдің бірі. Ол екі жақтаудан, желкеліктен, кекілдіктен, кеңсіріктен, сулықтан, ауыздықтан, сағалдырықтан, шығыршықтан және тізгіннен тұрады.

Ноқта – жүген астынан түсетін әбзел.

Шылбыр – жылқы ноқтасына тағылатын берік еспе бау.

2-топқа тапсырма: жылқы малының түрлері мен қасиеттері

1 оқушы

Адам баласы жылқыны біздің жыл санауымызға дейінгі 3 - 4 мың жыл бұрын қолға үйреткен.

- Жылқы екі тектен тарайды. 1) Тарпаң. 2) Керқұлан.

Керқұланды Пржевальский жылқысы деп те атайды. Ол осы жылқыны алғаш кездестіріп, әрі сипаттап жазған әйгілі саяхатшының есімі.

2 оқушы

Қазақ халқы жылқы малын 3 топқа бөлген. Қазақтар бәйгеге қосатын жүйрік жылқыларды тұлпар, арғымақ, сәйгүлік деп әлпештеп, ерекше күтімге алған. Ал ауыр жүк артуға, алыс жолға төзімді жылқыны қазанат деп атап, оны да ерекше бағалаған. Ал еті мен сүті үшін өсіретін қалған жылқылар жабы деп аталған.

3 оқушы

- Қазақстанның арнайы жылқы өсіретін зауыттары мен шаруашылықтарында жылқының 17 тұқымы өсіріледі.

- 1. Қазақы жылқы. 2. Мұғаджар жылқысы. 3. Адай жылқысы 4. Көшім жылқысы және т. б

4 оқушы

- Жылқының жасына қарай атаулары да бар. Жылқының жаңа туған төлін құлын дейді. 6 айдан 1 жасқа дейінгісі жабағы, 1 жастан асқаннын тай, 2 жастан асқанын құнан, 3 жастан асқанын дөнен, 5 жасарын бесті ары қарай жасын қосып айта береді.

5 оқушы

- Жылқы малы 33 жасқа дейін жасайды. Орта жасы 15 - 16 жыл. Әр мезгілде малдың жүнін алудың да атау түрлері бар. Мысалы, қойды қырқады, түйені жүндейді, ал жылқыны күзейді. Төрт түлік малдың төлдеу мерзімі де әр түрлі. Түйе 12 ай, сиыр 9 ай, ешкі 5 ай, ал жылқы 10 ай.

3-топқа тапсырма: жылқы жануарымен қатысы бар ұлттық ойындарға сипаттама беріңдер.

Көкпар. Көкпарда негізінен ешкі тартылады. Өйткені оның терісі мықты. Көкпарға берілетін ешкіні бауыздап, басын, төрт сирағын кесіп алып тастайды. Сонан соң суға салып салқындатады. Сонда терісі оңай жыртылмайтын болады. Көкпардың шарты бойынша ортаға тасталған ешкіге аттылар бір уақытта ұмтылады. Кімнің, ептілігі артық болса, сол ешкіні көтеріп алып топтан бөлектеніп шығады. Ол енді көкпарды ешкімге берместен, төрешілердің алдына әкеліп тастатуы керек. Мәреге жеткенше көкпар бірнеше қолдан өтеді.

Аударыспақ, теңге алу, қыз қуу, бәйге туралы да айтылады, суреттері көрсетіледі.

4-топқа тапсырма:  жылқы малының адам тұрмыс тіршілігіндегі пайдасы

1 оқушы

Қазақ халқының дүниетанымында, ділі мен тілінде жылқыға қатысты өзгеше философиялық және мәдени жүйе қалыптасқан.  Адамның азамат қатарына қосылуының өзін “ат жалын тартып мінді” деп бейнелейді қазақ халқы. Жас баланың алғаш атқа отырғанын атап өту рәсімі – тоқым қағар тойынан бастап, адамның бұл өмірден өткенінің белгісі ат тұлдауға дейінгі бүкіл пәнилік тіршілікті жылқымен байланыстырған

2 оқушы

Сыйлы қонаққа ат мінгізу, күйеу жігіттің қалыңдық алуына алғаш барғанда ат байлауы, ұрыс кезінде жау қоршауында қалған қолбасшыға ат сүйек беріп құтқару, т.б. дәстүрлер жылқының қазақ халқының шаруашылығында ғана емес, әлеуметтік өмірінде де үлкен мәнге ие болғанын білдіреді.\

3 оқушы

Қазақ халқы жылқыны, ең алдымен, ел қорғаны ердің жан серігі деп дәріптеген. Ұлттық мифологиядағы иесі қысылғанда тіл бітіп, ақыл айтатын тұлпарлар (мысалы, “Ер Төстік”, “Алтын сақа”, т.б. ертегілерде), батырлық жырлардағы Қобыландының Тайбурылы,Алпамыстың Байшұбары, Қамбардың Қарақасқа аты, бергі заман батырлары Исатайдың Ақтабаны, Амангелдінің Шалқасқасы иелерімен бірге жыр-аңызға айналып, ел құрметіне бөленген. Қазақ даласында өсірілген жылқылар 1-ші, және 2-ші дүниежүзілік соғыс майдандарына көп алынған.

4 оқушы

Екіншіден, қазақ халқы жылқыны спорттық ойын-сауықтарда (Аламан бәйге, Бәйге, Құнан бәйге, Жорға жарыс, Көкпар,Аударыспақ, Ат омырауластыру, Ат үстінен тартыс, Қыз қуу, Салма ілу, Күміс ілу, т.б.)  сәнділіктің шырайын келтіретін текті жануар деп есептеген.. Қазақ халқының алыс қашықтыққа шабатын аламан бәйгелер ұйымдастыратыны туралы орыс саяхатшылары тамсана жазады..Ташкент пен Орынбор арасына қосарға бір ат алып, 18 күнде барып қайтқан. Қазіргі күні де бұл дәстүр жалғасын тапқан таяуда Зайсан ауданында 130 шақырымдық аламан бәйге соғпн дәлел. Мұндай ұзақ қашықтыққа өткен бәйге Гиннесс рекордтар кітабы енуі  мүмкін деген пікір бар.

5 оқушы

Қазақ қоғамында байлық мөлшері тек жылқымен ғана өлшенген. Жылқысының саны 5000-нан асатындар ғана бай санатына жатқызылған. Халықтың жылқы малына қатысты ерекше ықыласы, кең байтақ жайылымдардың болуы, жылқының қыста тебініп өзі жайыла алатындығы, т.б. факторлар қазақ даласында бұл түліктің көп өсірілуіне себеп болған.

6 оқушы

Ұлттық тағамдардың асылы жылқының еті, қазысы, жал –жаясы, қымызы сыйлы дастарханның көркін келтіретіндігі сөзсіз( слайдтан қарап сөйлеу)     

Сергіту сәті       

«Мақал – мәтелді аяқта» ойыны

Жылқыда өт жоқ, құста сүт жоқ

Сұлу аттың көркі – жал

Тұлпардың ізі бітпейді, тұяғы кетпейді

Жылқының сүті - шекер, еті – бал

Ат шаппайды, бақ шабады   

Сабақты бекіту

Мұғалім: Жылқы малы туралы толық мағлұмат алдық деймін. Ал еңді өзіміздің сыныптағы Алмас пен Жан ипподромға барып жылқы малын баптау және мінумен айналысып жүр. Өздері түсірген бейнесюжетке назар аударайық

Бейнесюжет көрсетіледі.

Осы балаларды ортаға шақырыайық.

Осы оқушыларға қойылатын сұрақтар:

– Осы спорт түрімен қашаннан бері айналысасындар?

– Қандай мақсатпен қатысасындар?

– Өздеріңе ұнайтын жылқылар бар ма?

Сабақтың соңы

Рефлексия

Ақын –жазушы Тайыржан Оразханның Жылқы туралы өлеңің қыздар мәңерлеп оқып берсин тыңдай отырып ой түйіп отырыңдар

Біздің ел ертеден-ақ жылқы баққан,
Қолға алғаш үйретіп, ноқта таққан.
Жүйріктерін ішінде таңдап мініп,
Сын сағатта ерлері жауға шапқан.
Биені еппен сауып, күбі піскен,
Қымыз ішіп дерт көрмей, батыр өскен.
Саумал ішкен сырқаттың көзі ашылып,
Бала-шаға қуанып ойнап кеткен.
Бейбіт күнде ел-жұрттың дәулеті екен,
Жауға шапса айбыны, қайраты екен.
Ұзақ жорық, сын күнде азаматтың,
Адал серік, талмайтын қанаты екен.
Қысы-жазы тебіндеп өрісте екен,
Құлын-тайы тебіскен келісті екен.
Жылқышы болмай қалса қарауылда,
Айғырлары ұйырдың сақшысы екен.
Бұл жылқы жиын-тойдың көркі екен,
Бәйге, көкпар доданың төресі екен.
Қазы-қарта, жал-жәя, қымыз, саумал,
Астың таңсық, пайдалы, дамдысы екен.
Қазақтың дәулеттісі жылқы өсірген,
Мың-мыңдап өрістерге айдап жүрген.
Ұры-қары, ит-құсқа жем қылма деп,
Жалбарынып құдайға дөңбекшіген.
Бырақ кейде қатал да, ұзақ қыстан,
Жылқы малы ашығып, көп қырылған.
Ұйыр-ұйыр мыңдаған жылқылардан,
Көктемде санар тұяқ, жұғы қалған.
Сонда да атам қазақ үмітпенен,
Қолда барын көбейтіп,жылқы өсірген.
Ұры-қары, ит-құстан қақса құдай,
Құлын ертіп өздері-ақ тез көбейген.
Халқымыз жылқы малын қадырлеген,
Жыр қылған мінез, көркін өлеңменен.
Батыры мен серісін еркелетіп,
Жылқы мінез, бір жүйрік, текті деген.
Сол жылқы бүгінгі күн азайғандай,
Пысқырып, кісінеу жоқ бұрынғыдай.
Жоқ ит-құс пен ұрыдан сескене ме,
Шұрқырау аз, далада баяғыдай?..
Иесі пұл болсын деп күтіп, баптар,
Алыпсатар арзан ап, қымбат сатар.
Тек ауқатты, не ұры-барымташы,
Дәмін татып, қызығын көріп қалар.
Пайдасына дәнігіп, құныққандар,
Көбейді етін жеуге оның құмар.
Бүйте берсе бұл әшкөз, қасапшылар,
Жұмыр тұяқ біткеніңді қырып тынар.
Сонда қайсы түлікке сүйсінеміз,
Соңыздың иысы келсе күрсінерміз.
Бәйге шабыс, қыз қуу, көкпар тартыс,
Көзден бұлбұл ұшқанда бүк түсерміз.

Мұғалім: Балалар осы өлең жолдары қандай ой салады. Сабақтан алған білімдерін ортаға салып, өз ойларыңды айтуды сұраймын.

Оқушылар өз ойларын айтып рефлексия жасайды.

Ортаға сыныбымыздың әжесін шақырып бата бердіреміз

Мұғалім: Құрметті оқушылар, ата –аналар, мұғалімдер сіздерді келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтай отырып, ақ мол болсын, ұлыс оң болсын демекпін. Деніміз сау болып, оқудағы, жұмыстағы жетістіктеріміз көп болсын!

Алтын уақыттарын бөліп, бізге аса құрметті қонақтарымызға қазақтың салты бойынша бір –бір тұлпар міндірейік деп тұрмыз. Атқа міну салты мәңгілік болсын демекпіз!


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер