Тақырыбы: Ұлт көсемі – Әлихан Бөкейханов
Дайындаған: тарих пәні мұғалімі Қабиев Қасен Ербулатұлы
Сыныбы: 9-сынып
Сабақтың тақырыбы: Ұлт көсемі – Әлихан Бөкейханов
Сабақтың мақсаты:
— Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың өмір жолы мен қазақ халқы үшін сіңірген еңбегін оқушыларға таныстыру;
— Оқушылардың тарихи қайраткерлерге байланысты өз пікірлерін, көзқарастарын айта білу дағдыларын қалыптастыру. Ізденушілік қабілетін дамыту, ғылыми ізденіске дағдыландыру.
— Оқушыларды еліне қорған, халқына қалқан болған тарих тұлғаларынан үлгі-өнеге алуға тәрбиелеу.
Күтілетін нәтиже:
— Әлихан Бөкейханов туралы мәлімет алады;
— Тарихи қайраткерлерге байланысты көзқарастарын айта алады;
— Топтық жұмыстар негізінде ынтымақтастыққа үйреніп, шығармашылықпен жұмыс жасайды;
— Тарихи оқиғаларға сипаттама беріп, талдау жасай алады.
Сабақтың типі: Ізденіс, зерттеу сабағы
Әдіс-тәсілдер: Миға шабуыл стратегиясы, топтық жұмыс, сәйкестендіру кестесі, «үш шындық бір өтірік» стратегиясы, ойтолғаныс, «синквейн», тест тапсырмалары
Көрнекілігі: Карта, кітап көрмесі, Ә. Бөкейханов портреті, Алаш арыстарына арналған буклет, деректі фильм, слайд
Сабақтың жүру барысы:
Ұйымдастыру:
Амандасу, оқушылардың сабаққа қатысын тексеру, ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыру «Жүректен жүрекке», суреттер арқылы топқа бөлу, бағалау парағын тарату.
Үй тапсырмасын тексеру:
І. «Сұрақ бізден, жауап сізден»
1. Алаш қозғалысы дегенді қалай түсінесіздер?
2. Алаш партиясы қашан құрылды және оның мақсаты, басшылары мен өкілдерін атаңыз.
3. Алашорда автономиясын құру туралы қай съезде айтылды?
4. Алаш партиясының бағдарламалық жобасы неше бөлімнен тұрды? Онда қандай мәселелер қарастырылды?
5. Алаш партиясы бағдарламасының тарихи маңызы неде?
ІІ. Венн диаграммасы
Алаш автономиясы мен қазіргі тәуелсіз Қазақстанның даму бағытындағы ұқсастықтары мен айырмашылықтарын салыстыру.
Миға шабуыл: сөзжұмбақты шешіп, жаңа сабақтың тақырыбын айқындайды.
1. Алашорда үкіметінің төрағасы болып сайланған тұлға? (Ә. Бөкейханов)
2. 1917 жылы 21-26 шілдеде Орынбор қаласында өткен Бірінші бүкілодақтық съездің шешіміне байланысты құрылған партия: (Алаш)
3. Алаш зиялылары қандай жазалаудың құрбаны болды? (Репрессия)
4. Ә. Бөкейханов қандай белгілі тұлғаның ұрпағы? (Шыңғысхан)
5. Алаш партиясының баспа органы: (Қазақ)
6. Алаш партиясы бағдарламасының төртінші тарауы: (Дін ісі)
Жаңа сабақ
«Алаштың Әлиханы» деректі фильмінен үзінді.
(Ә. Бөкейханов жайлы мәлімет алады)
Әрі қарай біз Әлихан Бөкейхановтың шығармашылық жолына, зерттеу жұмыстарына, қазақ халқы үшін атқарған маңызды істеріне тоқталамыз. Тақырыпқа байланысты әр топ өздерінің дайындап келген жобаларын қорғап, мәліметтерімен бөліседі.
І-топ: «Әлихан – тарихшы, ғалым» Тарих ғылымына қосқан үлесіне тоқталады.
ІІ-топ: «Әлихан –географ» География саласындағы зерттеулеріне шолу жасайды.
ІІІ-топ: «Әлихан – қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби журналист»
Ә. Бөкейхановтың басшылығымен жарық көрген газет-журналдар, ондағы жарияланған мақаларына талдау жасайды.
IV-топ: «Әлихан – әдебиетші» Қазақ әдебиетіне қосқан үлесі жайлы сөз қозғайды.
І-топ: «Әлихан – тарихшы, ғалым»
Ә. Бөкейханов тарих саласында да біраз деректер қалдырған. Атап айтар болсақ: сол кезеңдегі «Алаш» партиясы, Алашорда үкіметі, Мемлекеттік Дума, съездер туралы мәліметтер жазып қалдырған. Щербина экспедициясына қатысып Семей облысына қарасты уездердің жер-су атауларын жазып, алуан түрлі деректер жинастырған. Сонымен қатар қазақ өлкесінің тас дәуірінен бергі тарихы көрініс тапқан «Историческое судьбы Киргизского края и культурные его успехи», қазақ даласының соңғы ғасырлардағы өмір-тарихын сипаттаған «Киргизы», қазақ тарихы үшін құнды «Из переписки киргизских ханов, султанов», «Из переписки хана Средней киргизской орды Букея и его потомков», «Из бумаг султана Большой орды Сюка Аблайханова» атты жарияланымдары, «Материалы к истории султана Кенесары Касымова» атты кітапшасы (1903 ж., Ташкент) жарық көрген.
ІІ-топ: «Әлихан – географ»
Ә. Бөкейханов «Дүниенің құрылысы» атты орыстың академик жазушысы Д.Грабенің еңбегін қазақшаға аударып қана қоймай оған өзінің пікірлерін қосқан. Аты аталған бұл еңбек - дүниенің құрылысы, жер мен ғаламшарлардың орналасуы жайында, ғарыштық кеңістік туралы білімдердің жиынтығы. Оқулық мынадай 14 бөлімнен тұрады: 1. Бет ашар. 2. Дүниенің құрылысы. 3. Пыланеттер. 4. Дүниенің тартатын күші. 5. Жер – пыланет. 6. Жылдың қыс, жаз, жазғытұр, күз уақыттары. 7. Календарь. 8. Күн. 9. Ай. 10. Көлеңкелену. 11. Кометелер. 12. Жұлдыз жауын. 13. Көшпейтін жұлдыздар. 14. Дүниеде тоқталмай іс қылып тұрған күштер. Сол кезеңдегі қазақ оқырмандарының аялық білімін ескере отырып, ол ғылыми ой-жосықтарды қазақ дүниетанымына жақын ұғым, түсініктермен беруге тырысқан. Сол үшін күнделікті өмірден, айнала қоршаған ортадан мысалдар алып түсінікті етіп сипаттаған.
ІІІ-топ: «Әлихан – әдебиетші»
Ә. Бөкейханов әдебиет саласындада біраз дүниелер қалдырған. Мәселен, «Қалқаман-Мамыр» поэмасын жазып алып, оған әдеби сын жазған мұнда сонымен қатар поэма авторы Ш. Құдайбердіұлы туралы мәліметтер қалдырған, «Қара қыпшақ Қобыланды» жырының бірнеше нұсқасына, «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» жырынада талдау жасаған. Сонымен қатар әдебиет саласында қалдырған мұрасы аудармалар болып табылады. Аудармаларының ішінде орыстың классик жазушылары Л.Н. Толстой, А.П. Чехов, В.Г. Короленко, сондай-ақ, үнді, түрік тектес қырым халықтарының әдеби шығармаларының және Антика дәуірінің әдеби туындылары кездеседі. А.Н. Толстойдың «Кавказ тұқыны», «Жеті қарақшы», «Жұмыртқадай бидай» В.Г. Короленканың «От», А. П. Чеховтың «Хамеолон», И. С. Тургеневтің «Торғай» шығармаларына аударма жасаған. Абай өмірі туралы мәліметтерді және мұрасын халық арасына таратуда зор еңбек сіңірген.
IV-топ: «Әлихан – қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби журналист»
Қазақтың саяси да рухани көсемі танылған Ә. Бөкейхановтың қалдырған бай да мол мұрасының бір үлкен саласы – қазақ және орыс тілдеріндегі ғылыми-публицистикалық туындылары болып табылады. Өзінің ғұмырында ол төңкеріске дейін 4 газет, оның үшеуі орыс тілінде: «Иртышъ», «Омичъ» және «Голосъ степи» газеттеріне өзі редактор болса, қазақ тілінде тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін ұйымдастырды. Төңкерістен кейін қазақ тіліндегі «Темірқазық» және «Шолпан» журналын шығарып, 1925 жылдан бастаған «Жаңа мектеп», «Әйел теңдігі» және «Сәуле» журналдарын ашуға мұрындық болды. Әлиханның мыңға жуық мақала мен очерктен және тағы басқа туындыдан тұратын ғылыми-публицистикасы 1917 жылғы Ақпан төңкерісіне дейін және 1927 жылға дейін 50-ден астам қазақ және орыс газет-журналдарында жарық көрді. Әлиханның бүркеншек есімдерінің осы күнге дейін анықталғаны 30-дан асып жығылады. Нақты айтар болсақ - «Қыр баласы»-«Сын степей» және «V», «Ә.Н.» «Ғали хан» «Арыс ұлы», «Түрік баласы», «Қалмақбай», «Дала баласы», «Мусульманинъ», «Киргизъ», «Степнякъ» есімдерін атап көрсетуге болады. Газет-журнал беттерінде сол кездегі қазақтардың жағдайы, жер мәселесі, оқу-ағарту, надандық, сол кезеңдегі жиын, съездтер туралы өз пікірін жариялап отырған. Жәнеде Еуропа мемлекеттерінде болып жатырған оқиғалар жайлы да өз көзқарастарын баспасөз беттерінде жариялаған.
Сәйкестендіру кестесі: сол жақ бағандағы жылдарды оң жақ бағандағы оқиғамен сәйкестендіру
1. 1879-1886 жылдар |
1.Ә. Бөкейханов дүниеге келген жыл |
2. 1896-1903 жылдар |
2.«Дон егіншілік банкі» бөлімшесінде жұмыс істеді |
3. 1905 жылы қараша |
3. КСРО жоғарғы сотының қаулысы бойынша әрекетінде қылмыс құрамы жоқ болғандықтан ақталды |
4. 1866 жылы 5-наурыз |
4. КСРО жоғарғы соты әскери коллегиясының негізгі үкіміне сәйкес ату жазасына кесілді |
5. 1909-1917 жылдар |
5. Қарқаралыдағы қазақ балаларына арналған мектепте оқиды |
6. 1937 жылы 27-қыркүйек |
6. Уақытша үкіметтің Торғай облысы комиссары қызметіне тағайындалды |
7. 1917 жылы 20-наурыз |
7. Мәскеуде өткен Земство және қала қайраткерлерінің съезіне қатысады |
8. 1989 жылы 14 мамыр |
8. Щербина экспедициясы жұмысына қатысады |
Жауаптары: 1-5, 2-8, 3-7, 4-1, 5-2, 6-4, 7-6, 8-4
«Үш шындық бір өтірік» стратегиясы
Берілген тапсырмалар арасынан қате оқиғаларды ажырату
І-топ:
1. 1886-1890 жж. Омбыдағы техникалық училищеде оқып, оны «техник» мамандығы бойынша бітірген. (Ия)
2. Орта жүз ханы Сәмекенің ұрпағы (Жоқ, Бөкейдің ұрпағы)
3. І Мемлекеттік Думаға Семей қазақтары атынан депутат болып сайланды. (Ия)
4. 1908 жылы Петербургте жарық көрген «Товарищ», «Речь», «Слово» газеттерінде редакторлық қызмет атқарды. (Ия)
ІІ-топ:
1. Әлихан Бөкейханов Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысында дүниеге келген (Ия)
2. 1890-1894 жж. Санкт-Петербургтегі Орман иснтитутының экономика факультетінде оқыды. (Ия)
3. «Жаяусал» атты бүркеншік есіммен «Қазақ» газетінде мақалаларын жариялап тұрған. (Жоқ, «Қыр баласы» есімімен)
4. 1896 жылы Орыс географиялық қоғамы Батыс-Сібір бөлімшесінің толық мүшесі болып сайланды.
ІІІ-топ:
1. 1906 жылы Самараға жер аударылды (Жоқ, 1908 жылы)
2. 1914 жылы маусымда Бүкілресейлік мұсылман съезіне қатысып, мұсылман фракциясы бюросының тұрақты мүшесі болды. (Ия)
3. 1917 жылы 5-13-желтоқсанда Орынборда жалпықазақ съезі өтті. Съезде Алашорда үкіметі құрылып, төрағалыққа Ә. Бөкейханов тағайындалды. (Ия)
4. 1927 жылдың 1-ші қазанынан бастап Мәскеуде, ОГПУ орындарының бақылауы астында тұруға тиіс болды. (Ия)
IV-топ:
1. 1926-1927 жылдары Ресей ҒА –ның ғылыми қызметкері болды. (Ия)
2. 1938 жылы 27 қыркүйекте КСРО жоғарғы соты әскери коллегиясының негізгі үкімі бойынша ату жазасына кесілген. (Жоқ, 1937 жылы)
3. 1912-1917 жылдары кадеттер партиясы ОК-нің мүшесі болды. (Ия)
4. Омбыдағы Орман шаруашылығы училищесінде математика пәні мұғалімі болып қызмет атқарады. (Ия)
Шығармашылық тапсырмалар
І-топ: Ойтолғаныс: «Алашорда үкіметі күшпен таратылмағанда, қандай өзгерістер орын алар еді?»
ІІ-топ: Ә. Бөкейхановтың шежіресін құрастыру
ІІІ-топ: «Синквейн» әдісі, бес жолды өлеңмен Әлихан тұлғасын сипаттау
IV-топ: Ойтолғаныс: «Ә. Бөкейханов репрессия құрбаны болмағанда...»
Бекіту кезеңі: Тест тапсырмалары
1. Әлихан Бөкейханов дүниеге келген жылды көрсетіңіз:
А) 1873 жылы 5 наурыз
В) 1866 жылы 5 наурыз
С) 1876 жылы 5 наурыз
Д) 1885 жылы 5 наурыз
Е) 1886 жылы 5 наруыз
2. Әлихан Бөкейханов Қарқаралыдағы қазақ балаларына арналған мектепте білім алды:
А) 1879-1886 жж.
В) 1880-1887 жж.
С) 1881-1888 жж.
Д) 1882-1889 жж.
Е) 1883-1890 жж.
3. Санкт-Петербургтегі Орман технологиялық институтының экономика факультетінде оқыған жылдар:
А) 1889-1893 жж.
В) 1890-1894 жж.
С) 1891-1895 жж.
Д) 1892-1896 жж.
Е) 1893-1897 жж.
4. Омбыдағы Орман шаруашылығы училищесінде атқарған қызметі:
А) Математика пәні мұғалімі
В) Аудармашы
С) Тарих пәні мұғалімі
Д) Іс-қағаздарын жүргізуші
Е) Есепші
5. Қай газеттің 1906 жылғы 5 маусымдағы санында: «Ол Орман институтының студенті болып жүрген кезінде барлық студенттік қозғалыстарға белсенді түрде араласып, әсіресе, солшылдарға ілесетін. Марксизм туралы қызу пікірталастарда экономикалық материализм қағидаларын дес бермей қорғайтын» делінген?
А) «Степной край»
В) «Иртыш»
С) «Қазақ»
Д) «Голос Степи»
Е) «Семипалатинский листок»
6. Әлихан үшін қандай экспедицияның жұмысына қатысу сол тарихи кезеңде қазақ халқы үшін ең зәру мәселеге айналған – жер қатынастарын тереңінен түсініп, белгілі бір тұжырымдарға келуге жағдай жасады?
А) Кириллов бастаған Орынбор экспедициясы
В) Щербина экспедициясы
С) Карелиннің басшылығымен жүргізілген экспедиция
Д) Паллас бастаған экспедиция
Е) Рычков экспедициясы
7. Азамат соғысы жылдары Ә. Бөкейханов бастаған Алашорда өкіметі күресті:
А) Кеңес билігіне қарсы
В) Ақтарға қарсы
С) Бейтараптық саясат ұстанды
Д) Англияға қарсы
Е) Дұрыс жауабы жоқ
8. 1929 жылы тұтқынға алынып, КСРО Халық комиссарлар кеңесі жанындағы ОГПУ “үштігінің” оған таққан айыбы:
А) «1921 жылы Орынборда контрреволюциялық ұйым құрды, ортаазиялық пантүрікшіл ұйымның басшысы Валидовпен байланыста болды»
В) «Қазақтар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізгені үшін»
С) «Халықты 1916 ж. ұлт-азаттық көтеріліске шақырғаны үшін»
Д) «Саяси белсенділігі үшін»
Е) «Ақпан төңкерісіне қатысқаны үшін»
9. Әлиханның жақын досы болған Абайдың ұлдарының бірі:
А) Әбдірахман
В) Мағауия
С) Тұрағұл
Д) Ақылбай
Е) Әкімбай
10. КСРО жоғарғы сотының қаулысы бойынша әрекетінде қылмыс құрамы жоқ болғандықтан ақталды:
А) 1987 ж. 12 мамыр
В) 1988 ж. 5 мамыр
С) 1989 ж. 14 мамыр
Д) 1990 ж. 23 мамыр
Е) 1991 ж. 19 мамыр
Үйге тапсырма: «Рухы биік Алаштың ардақтысы» тақырыбында эссе жазу.
Бағалау: Бағалау парағындағы ұпайларға сәйкес
Кері байланыс: «Плюс, минус, қызықты»
Сабақ барысында пайдаланылған әдебиеттер
1. Алаш. Алашорда. Энциклопедия / Құраст.: Ғ. Әнес, С. Смағұлова. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. – 544 бет
2. Бөкейхан Әлихан Нұрмұхамедұлы. Шығармаларының 9 томдық толық жинағы. (1915-17 жж.) Мақалалар, жазбалар, баяндамалар, үндеулер, ғылыми зерттеулер, жеделхаттар. / Құраст.: Жүсіп Сұлтан Хан Ақанұлы. – Астана: «Сарыарқа», 2013. Т6. – 520 бет
3. Бөкейхан Әлихан Нұрмұхамедұлы. Шығармаларының 9 томдық толық жинағы. (1917-24 жж.) Жарияланымдар, ғылыми ізденістер, ауыз әдебиетінің үлгілері, әдеби аудармалар. / Құраст.: Жүсіп Сұлтан Хан Ақанұлы. – Астана: «Сарыарқа», 2013. Т7. – 520 бет
4. Бөкейхан Әлихан Нұрмұхамедұлы. Шығармаларының 9 томдық толық жинағы. (1924 ж.) Көркем аудармалар, хаттар, (телеграмдар). / Құраст.: Жүсіп Сұлтан Хан Ақанұлы. – Астана: «Сарыарқа», 2013. Т8. – 528 бет
5. Бөкейхан Әлихан Нұрмұхамедұлы. Шығармаларының 9 томдық толық жинағы. (1925-27 жж.) Ғылыми зерттеулер, жазбалар, хаттар. / Құраст.: Жүсіп Сұлтан Хан Ақанұлы. – Астан: «Сарыарқа», 2013. Т9. – 520 бет
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі