Бастауыш сынып оқушыларының «Сергіту сәтіне» арналған ойындар:
1. «Бұл кім?» ойыны.
Балалар орындарынан тұрып, артқа қарап, көздерін жұмған күйі қолдарын көтеріп-түсіріп жаттығу жасап тұрады. Мұғалім өзге оқушыларға сездірмей, ақырын ғана бір оқушыны тақтаға алып шығады. Тақтаға шыққан оқушы, даусын өзгертіп (жіңішкертіп, жуандатып, шіңкілдеп, қомпылдап) өзі ұнататын тақпағын айтады. Өзге оқушылар тоқтамай жаттығу жасап тұрып, тақпақ айтқан оқушыны даусынан таниды. Осылай екі-үш мәрте қайталауға болады. Әсіресе, үйге берілген жаттауды осылай сұрау, сабақтың қызықты әрі көңілді өтуіне ықпал етеді.
2. «Ия», «жоқ» ойыны:
Балалар қос қолдарын бүйірлеріне ұстап, белдерін айналдырып жаттығу жасап тұрады. Осы кезде мұғалім жылдамдатып жаңылдыратын сұрақтар қоя бастайды.
Мұғалім:
— «А» - дауыссыз дыбыс. Балалар бастарын шайқап «жоқ» деген белгі береді.
— «Б» - дауыссыз дыбыс. Балалар бастарын изеп «иә» деген белгі береді.
— «С» - дауысты дыбыс.
— «Ң» әрпінен басталатын сөздер көп.
— «Қ» әрпі жіңішке дыбысталады.
— «Футбол» сөзі «п» әрпінен басталады.
— «Щётка» сөзі «ш» әрпінен басталады. Ойын осылай жалғаса береді. Ойын барысында қимылдарды түрлендіріп, сұрақтарды өзгертуге болады. Бір мезетте әрі жаттығу жасап, әрі логикалық сұрақтарға жауап беру, баланың нейрондық жүйесінің жұмысын жақсартады.
3. «Күлдірмек» ойыны.
Мұғалім күлкілі сөздерден тұратын өтірік өлең айтады. Балалар күлмей тыңдайды. Кім бірінші шумаққа күлсе, бірінші болып сабақ айтады. Екінші шумаққа күлгені екінші. Солай жалғаса береді.
Мысалы:
Мен бүгін күн шыққанша ұйықтап қаппын,
Жүз оятқыш қойсам да оянбаппын.
Бір құмырсқа «оян» деп шыңғырғанда,
Қорыққаннан төсегімнен құлап қаппын.
* * *
Мені көріп қоңыздар жандары ашып,
Бір такси тауып келді жанталасып.
Таксидің үлкендігі тәпішкедей,
Рөлде шыбын отыр есік ашып.
* * *
Қасына отырдым да, көзді жұмдым,
Көзді ашсам алдарыңда отыр екем.
Жаңағы мені әкелген сол таксиді,
Біреулер бәлкім мұнда көрді ме екен?!
Мұндай өтірік өлеңдер балаларды еркін, кең ауқымда ойлануға, сабақ барысында эмоцияларын қадағалауға, қиялдарын дамытуға, шексіз армандауға дағдыландырады. Әрі көңілдері көтеріліп, сабаққа ынталана кіріседі.
4. «Сергіту сәтіне» арналған тақпақ-жаттығулар:
Оң қолым сол құлағымда,
Сол қолым оң құлағымда.
Қарашығым шыр айналуда,
Мойным құр айналуда.
Енді шапалақтаймыз,
Секіріп қосаяқтаймыз.
Аузымызды бұртитамыз,
Бетімізді томпитамыз.
Еңкейеміз, шалқаямыз,
Мантаямыз, жантаямыз. (екі бүйірге кезек қисаю)
Мұғалім бір рет өзі көрсетіп тұрып тақпақ-жаттығуды орындайды. Келесі рет балалар өздері қайталайды.
* * *
Добым кетті домалап,
Досым кетті қуалап.
Ұстап алып қашқынды,
Лақтырды торға туралап.
«Добым» - дегенде екі қолды шеңбер жасап жоғары көтереді. «Домалап» - дегенде екі шынтаққа жіп орағандай айналдырады. «Қуалап» - дегенде бір орында тұрып жүгіреді. «Ұстап алып»-дегенде доп ұстағандай ауаны қармап, «лақтырды» - дегенде баскетбол торына лақтырғандай қимыл жасайды.
5. «Шатаспа» ойыны. (Кім бірінші сабақ айтады?- дегеннен гөрі, шатасқан баладан бірінші сабақ сұраймыз десе, балалар қуана ойнайды.)
Ортаға мұғалім шығады да:
а) «Жазу жазып шаршап кетті қолдарым» - деп, басын ұстайды. Балалар қолдарын алға созып, саусақтарын ашып-жұмулары тиіс. Егер олар да басын ұстаса, шатасқан болады.
«Оқи беріп талып кетті көздерім»-деп, құлағын ұстайды. Балалар көздерін ашып-жұмады.
«Сөйлей беріп шаршап кетті ауызым»-деп, мұрнын ұстайды. Балалар ауыздарын бұртитады.
«Қатты шудан шыңылдады құлағым»-деп, шашын ұстайды. Балалар құлағын ұстайды. Шатасқан балалар сабақ айтады.
ә) Ойынның екінші нұсқасына түрлі аңдар мен құстардың, заттардың суретін көрсетіп, атауларын шатастырып айтуға болады. «Мынау — бақа» - деп балықты көрсетеміз. Кім бірінші дұрыс жауабын айтады, сол бірінші дәптерін тексертеді. Я болмаса жаттауын айтады.
6. «Тіл дамыту - сергіту» ойындары:
1) Мұғалім «Қошақаным қайда екен?» әнінің қайырмасына жеңіл қимылдар жасап, жылдам билей ыңылдап:
Ра-ра, ри-ру, ра-ри-ри,
Ңа-ңа, ңи-ңу, ңа-ңи-ңи.
Ша-са, ши-си, ша-си-ши,
Ща-ша, жа-ши, ля-си-жи, - деп әндетеді. Балалар қосылып қайталайды. Әріптерді дұрыс дыбыстап, шатаспай айтуын қадағалаймыз.
2) Мұғалім әр әріпті атағанда, оқушы жылдам, ойланбастан сол әріптен келетін дене мүшесіне қолын қояды. Мысалы:
«А» — аяқтарын,
«Б» — бастарын,
«Ш» — шаштарын,
«Қ» — қолдарын,
«С» — саусақтарын,
«М» — мұрындарын,
«И» — иықтарын ұстайды. Мұндай ойын да балалардың зейінін шоғырландырып, оқушы назарын жүйелеуге дағдыландырады.
7. Мұғалім сыныптағы заттарды жылдам, тоқтамай айтады. Оқушылар сол заттарға бірден қарайды.
«Төбе, еден, тақта, парта, кітап, есік, терезе, шкаф, перде, киім, гүл, стол, қол жуғыш, орындық, туфли, бор». Бұл ойын балалардың көзін жаттықтырып, зейінін шоғырландырады.
Гүлмекен Тікебаева
«АйСаф» жеке қыздар мектебінің «Тіл дамыту» үйірме жетекшісі.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі