Өлең, жыр, ақындар

Сергіту сәтіне арналған ойындар

Бастауыш сынып оқушыларының «Сергіту сәтіне» арналған ойындар:

​ ​ ​ 1.​ «Бұл кім?» ойыны.
​ ​ ​ ​ ​ Балалар орындарынан тұрып, артқа қарап,​ көздерін жұмған күйі​ қолдарын көтеріп-түсіріп жаттығу жасап тұрады.​ Мұғалім өзге оқушыларға сездірмей, ақырын ғана бір оқушыны тақтаға алып шығады. Тақтаға шыққан оқушы,​ даусын өзгертіп (жіңішкертіп, жуандатып, шіңкілдеп, қомпылдап) өзі ұнататын тақпағын айтады. Өзге оқушылар тоқтамай жаттығу жасап тұрып,​ тақпақ айтқан оқушыны даусынан таниды. Осылай екі-үш мәрте қайталауға болады. Әсіресе,​ үйге берілген жаттауды осылай сұрау, сабақтың қызықты әрі көңілді өтуіне ықпал етеді.

2.​ «Ия»,​ «жоқ» ойыны:
​ ​ ​ ​ Балалар қос қолдарын бүйірлеріне ұстап,​ белдерін айналдырып жаттығу жасап тұрады.​ Осы кезде мұғалім жылдамдатып жаңылдыратын сұрақтар қоя бастайды.
​ ​ ​ ​ Мұғалім:
— «А» - дауыссыз дыбыс.​ Балалар бастарын шайқап «жоқ»​ деген белгі береді.
— «Б» - дауыссыз дыбыс. Балалар бастарын изеп «иә» деген белгі береді.
— «С» - дауысты дыбыс.
— «Ң» әрпінен басталатын сөздер көп.
— «Қ» әрпі жіңішке дыбысталады.
— «Футбол» сөзі «п» әрпінен басталады.
— «Щётка» сөзі «ш» әрпінен басталады. Ойын осылай жалғаса береді.​ Ойын барысында қимылдарды түрлендіріп,​ сұрақтарды өзгертуге болады. Бір мезетте әрі жаттығу жасап,​ әрі логикалық сұрақтарға жауап беру,​ баланың нейрондық жүйесінің жұмысын жақсартады.

3. «Күлдірмек» ойыны.
​ ​ ​ ​ Мұғалім күлкілі сөздерден тұратын өтірік өлең айтады.​ Балалар күлмей тыңдайды.​ Кім бірінші шумаққа күлсе,​ бірінші болып сабақ айтады. Екінші шумаққа күлгені екінші. Солай жалғаса береді.​
Мысалы:
Мен бүгін күн шыққанша ұйықтап қаппын,
Жүз оятқыш қойсам да оянбаппын.
Бір құмырсқа «оян» деп шыңғырғанда,
Қорыққаннан төсегімнен құлап қаппын.

​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ *​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ *​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ *

Мені көріп қоңыздар жандары ашып,
Бір такси тауып келді жанталасып.
Таксидің үлкендігі тәпішкедей,
Рөлде шыбын отыр есік ашып.

​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ *​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ *​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ *

Қасына отырдым да,​ көзді жұмдым,
Көзді ашсам алдарыңда отыр екем.
Жаңағы мені әкелген сол таксиді,
Біреулер бәлкім мұнда көрді ме екен?!
​ ​ ​ ​ ​ Мұндай өтірік өлеңдер балаларды еркін,​ кең ауқымда ойлануға,​ сабақ барысында эмоцияларын қадағалауға, қиялдарын дамытуға,​ шексіз армандауға дағдыландырады. Әрі көңілдері көтеріліп,​ сабаққа ынталана кіріседі.

4. «Сергіту сәтіне» арналған тақпақ-жаттығулар:
Оң қолым сол құлағымда,
Сол қолым оң құлағымда.
Қарашығым шыр айналуда,
Мойным құр айналуда.
Енді шапалақтаймыз,
Секіріп қосаяқтаймыз.
Аузымызды бұртитамыз,
Бетімізді томпитамыз.
Еңкейеміз,​ шалқаямыз,
Мантаямыз,​ жантаямыз. (екі бүйірге кезек қисаю)
​ ​ Мұғалім бір рет өзі көрсетіп тұрып тақпақ-жаттығуды орындайды.​ Келесі рет балалар өздері қайталайды.
​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ *​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ *​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ *
Добым кетті домалап,
Досым кетті қуалап.
Ұстап алып қашқынды,
Лақтырды торға туралап.
​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ «Добым» - дегенде екі қолды шеңбер жасап жоғары көтереді.​ «Домалап» - дегенде екі шынтаққа жіп орағандай айналдырады. «Қуалап» - дегенде бір орында тұрып жүгіреді. «Ұстап алып»-дегенде доп ұстағандай ауаны қармап, «лақтырды» - дегенде баскетбол торына лақтырғандай қимыл жасайды.

5. «Шатаспа» ойыны. (Кім бірінші сабақ айтады?- дегеннен гөрі, шатасқан баладан бірінші сабақ сұраймыз десе, балалар қуана ойнайды.)
​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ Ортаға мұғалім шығады да:
​ ​ ​а) ​ ​ ​ «Жазу жазып шаршап кетті қолдарым» - деп, басын ұстайды. Балалар қолдарын алға созып, саусақтарын ашып-жұмулары тиіс.​ Егер олар да басын ұстаса,​ шатасқан болады.
​ ​ ​ ​ ​ ​ «Оқи беріп талып кетті көздерім»-деп,​ құлағын ұстайды. Балалар көздерін ашып-жұмады.
​ ​ ​ ​ ​ ​ «Сөйлей беріп шаршап кетті ауызым»-деп, мұрнын ұстайды. Балалар ауыздарын бұртитады.
​ ​ ​ ​ ​ ​ «Қатты шудан шыңылдады құлағым»-деп, шашын ұстайды.​ Балалар құлағын ұстайды. Шатасқан балалар сабақ айтады.
ә) Ойынның екінші нұсқасына түрлі аңдар мен құстардың,​ заттардың суретін көрсетіп,​ атауларын шатастырып айтуға болады.​ «Мынау — бақа» - деп балықты көрсетеміз. Кім бірінші дұрыс жауабын айтады,​ ​ сол бірінші дәптерін тексертеді. Я болмаса жаттауын айтады.

6. «Тіл дамыту - сергіту» ойындары:
1)​ Мұғалім «Қошақаным қайда екен?» әнінің қайырмасына жеңіл қимылдар жасап, жылдам билей ыңылдап:
Ра-ра, ри-ру,​ ра-ри-ри,
Ңа-ңа,​ ңи-ңу,​ ңа-ңи-ңи.
Ша-са,​ ши-си,​ ша-си-ши,
Ща-ша, жа-ши,​ ля-си-жи,​ - деп әндетеді. Балалар қосылып қайталайды.​ Әріптерді дұрыс дыбыстап,​ шатаспай айтуын қадағалаймыз.

2)​ ​ Мұғалім әр әріпті атағанда,​ оқушы жылдам, ойланбастан сол әріптен келетін дене мүшесіне қолын қояды. Мысалы:
«А» —​ аяқтарын,
«Б» — бастарын,
«Ш» — шаштарын,​
«Қ»​ — қолдарын,
«С»​ — саусақтарын,
«М» — мұрындарын,
«И» — иықтарын ұстайды. Мұндай ойын да балалардың зейінін шоғырландырып,​ оқушы назарын жүйелеуге дағдыландырады.

7. Мұғалім сыныптағы заттарды жылдам,​ тоқтамай айтады.​ Оқушылар сол заттарға бірден қарайды.
«Төбе,​ еден,​ тақта, парта,​ кітап,​ есік,​ терезе,​ шкаф,​ перде, киім,​ гүл, стол,​ қол жуғыш,​ орындық,​ туфли,​ бор». Бұл ойын балалардың көзін жаттықтырып,​ зейінін шоғырландырады.

Гүлмекен Тікебаева
«АйСаф» жеке қыздар мектебінің «Тіл дамыту» үйірме жетекшісі.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер